Орта ғасырдағы ғылым
Орта ғасырларда ғылымның дамуына Шығыс, араб елдері Орта Азия ғалымдары (әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Ибн Рушд, Бируни, Махмұт Қашқари, Жүйнеки, т.б.) елеулі үлес қосты. Олар Ежелгі Грекияда қалыптасқан ғылыми таным жетістіктерін сақтап қана қойған жоқ, оны көптеген салаларда толықтырып, дамытты. Шығыста әл-Фарабиді Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп таныды. Орта ғасырларда араб елдері мен ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия, т.б. ғылым салалары қауырт дамып, бұл құбылыс кейін Ислам Ренессансы деп аталды. Мысалы, Омейя әулеті халифатында ғылым үйі болды, онда ғалымдар ежелгі грек ғылымының барлық жетістіктерін араб тіліне аударды, ғылымның ерекше формасы, «фәлсафа» қалыптасты. Еуропада бұл дәстүрді кейін схоластар дамытты. Ғылымның қалыптасуына негіз болған тағы бір тірек алхимия мен астрологияның дамуы болды. Алхимия табиғи заттар мен қоспаларды тәжірибе жасау арқылы зерттеп, химияның қалыптасуының алғышартын жасады. Астрология аспан денелерін зерттеу арқылы астрономияның дамуына ықпал етті.
Ренессанс ғылымы
Ренессанс дәуірінде діннің басымдылығы әлсіреді, ғылым рухани өмірдің дербес факторы болып, дүниетанымның (Леонардо да Винчи, Николай Коперник) негізгі тірегіне айналды. Сондай-ақ ғылым табиғат құбылыстарын жан-жақты зерттеп, адамзат танымының көкжиегін кеңейте түсті. 16 – 17 ғасырларда ғылымда болған терең өзгерістер алғашқы ғылыми революцияға (Галилео Галилей, Иоганн Кеплер, Уильям Гарвей, Рене Декарт, Христиан Гюйгенс, Исаак Ньютон және т.б.) алып келді. Ғылымның қарқынды дамуы, дүниенің жаңа бейнесін қалыптастырудағы рөлінің артуы, жаңа дәуірде ғылымды жоғары мәдени құндылық ретінде тануға, көптеген философиялық мектептер мен бағыттардың ғылымға қарап бой түзуіне ықпал етті. Механикадағы жетістіктер 17 ғасырдың аяғында жүйеленіп, толығып, әлемнің механикалық бейнесі туралы түсінік қалыптастыруда шешуші рөл атқарып, кейін әмбебап дүниетанымдық (Леонард Эйлер, Жан Даламбер, Пьер Лаплас, т.б.) маңызға ие болды. Осы бағыттың шеңберінде физика, химия салаларымен бірге биологиялық құбылыстар да зерттелді, соның ішінде адам тұтас организм (Жюльен Ламетридің «адам – машина» тұжырымдамасы) ретінде қарастырылып түсіндірілді. Энергияның сақталуы мен айналуы заңының ашылуы (Роберт Майер, Джеймс Джоуль, Герман Гельмгольц) физика мен химияның барлық тарауын ортақ негізге қоюға мүмкіндік берді. Клетка теориясын тұжырымдау (Теодор Шванн, Маттиас Шлейден) барлық тірі организмдердің біртекті құрылымын көрсетті. Биологиядағы эволюциялық ілім (Чарльз Дарвин) жаратылыстануға даму идеясын енгізді. Элементтердің периодтық жүйесі (Дмитрий Менделеев) заттың барлық белгілі түрлерінің ішкі бірлігінің барлығын көрсетті. 19 ғасырдың ортасында әлеуметтік дамудың ғылыми теориясын жасау үшін әлеуметтік-экономикалық, философиялық және жалпы ғылыми жағдай қалыптасты; физика саласында бірқатар ғылыми жаңалықтардың (электрон, радиоактивтілік, т.б.) ашылуына қол жеткізді. Ғылымдағы дағдарыс физикада басталған жаңа ғылыми революциямен (Макс Планк, Альберт Эйнштейн, Нильс Бор) шешілді және қазіргі заманғы ғылымның барлық негізгі салаларын қамтыды. 20 ғасырдың басында жаратылыстану ғылымында алдыңғы қатарға биология шықты, онда ДНҚ-ның молекулалық құрылымы белгіленіп, генетикалық кодтары айқындалды. 20 ғасырда ғылымның даму қарқыны оның түрлі салаларының ұштасып, қазіргі кезеңнің кешенді, ірі мәселелерін жаңа бағдарда шешуге бағытталған мәселелерде (материалдар мен энергияның жаңа көздерін қалыптастыру, адам мен табиғат қатынастарын тиімділендіру, үлкен жүйелерді басқару, ғарыштық зерттеулер, т.б.) ерекше байқалды. 3-мыңжылдықтағы ғылым дамуының басым бағыты біздің бүкіл әлемді, оның ішінде, адамның ішкі әлемін жан-жақты, тұтас қарастыру болмақ.
№ 28 емтихан билеті
Достарыңызбен бөлісу: |