19.Тұлға дамуының негізгі заңдылықтары мен қозғаушы күшін баяндаңыз.
Жеке тұлғаның дамуы объективті шындықтың күрделі процесі. Жеке тұлға дамуының қозғаушы күші қарама-қайшылық. Қарама-қайшылық ішкі, сыртқы, жалпы және жеке болып бөлінеді.
Ішкі қарама - қайшылық адамның өз-өзімен келіспеуі барысында туындайды. Мысалы, адамның өзі организмінің дамуы мен жеке өзіндік потенциалына қанағаттанбауы барысында туындайтын қарама-қайшылықтар.
Сыртқы қарама - қайшылық адамның басқа адамдармен, қоғаммен, табиғатпен қарым-қатынасы барысында туындайды. Мысалы, оқу орнының талабы мен оқушылардың арасында қарама - қайшылық туындауы мүмкін.
Жалпы қарама - қайшылық барлық адамдардың даму барысында туындайды. Мысалы, материалдық, рухани қажеттіліктер мен шынайы мүмкіндіктер арасындағы қарама - қайшылықтар.
Жеке қарама - қайшылық жеке бір адам үшін туындаған қарама-қайшылық. Қарама - қайшылықты шешу жоғары деңгейде іс-әрекет жасау барысында нәтиже береді. Қажеттілік қанағаттандырылған кезде қарама-қайшылық та жойылады. Қарама - қайшылықты шешу барысында адам дамиды, ал даму барысында жаңа қарама - қайшылықтар туындайды.
Адам дамуын зерттей отырып, ғалымдар бірқатар заңдылықтарды анықтады. Олар мыналар:
адамның дамуында ішкі және сыртқы жағдайларды есепке алу;
жеке тұлғаның іс-әрекеттегі өзін өзі жетілдіруге байланысты белсендігін ескеру;
өзі қатысатын іс-әрекет мазмұны мен мотивке байланыстылығы;
адам дамуының атқаратын іс-әрекет түріне байланыстығы;
адамның дамуы көптеген факторлардың әсер етулерінен болады: тұқымқуалаушылық, орта (әлеуметтік, биогендік, абиогендік), тәрбиелеу, өзінің іс-әрекеті.
Жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін факторлар
Жеке тұлғаның қалыптасуына үш фактор әсер етеді: биологиялық (тұқымқуалаушылық), орта және тәрбие.
Биологиялық фактордың мәні өте зор. Ол балаға ата-анасынан немесе ата-бабаларынан белгілі бір сапалық қасиеттері мен ерекшеліктерінің берілуі. Атап айтқанда:
анатомиялық - физиологиялық құрылымдар: ойлау, сөйлеу, еңбек ету қабілеті;
физикалық ерекшеліктері: сыртқы нәсілдік белгілері, дене бітім ерекшеліктері, көздің, шаштың, терінің түр-түсі;
физиологиялық ерекшеліктері: зат алмасу, қан қысымы, қан тобы, резус фактор,организмнің пісіп-жетілуі;
организм дамуындағы ауытқулар;
кейбір аурулардың берілуі: қант диабеті, гемофилия (қан ауруы), қояншық.
Тұлғаның дамуына әсер ететін тағы бір фактор – орта. Орта – адам дамитын шынайы болмыс. Қоршаған орта әсеріне географиялық, әлеуметтік, отбасындағы жағдайлар, мектеп, достары, микроаудандар жатады. Әлбетте, қоршаған орта қолайлы жағдайлар туғызса,адам өзінің дамуында жоғары деңгейге жетеді.
Адамның дамуына әсер ететін маңызды фактордың бірі–тәрбиелеу. Тәрбие − белгілі бір мақсатқа негізделе отырып, жеке тұлғаны қалыптастыру процесі. Тәрбиенің жүзеге асып, баланың бойына дарытудағы басты фактор–оқыту мен білім беру.
Достарыңызбен бөлісу: |