1. ОҚытушы туралы мәліметтер



бет43/66
Дата07.06.2022
өлшемі2.07 Mb.
#459049
түріСеминар
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   66
oak kaz tar 2021-2022 - kopiya

Қорытынды.Соғыстан кейінгі онжылдықтарда әміршіл-әкімшілік жүйенің дара билігі орнап, өктемдігі күшейе түсті. Компартия мемлекеттік билікті және басқару органдарын түгел уысында ұстады. Кеңестер өз жұмысын партияның нұсқауымен жүргізді.Қазақстан өнеркәсібі бір жақты – шикізаттық және өндірушілік бағытта дамыды. Өнеркәсіптің салалық түрленуіне, тауар номенклатурасының күрделенуіне жол берілмеді. Отын-энергетика, металлургия салалары тәуір дамығанымен, өңдеуші өнеркәсіп орындары аз болды. Бұл бағыт Қазақстанды Ресейдің бөлінбес аймағына айналдыруды көздеген әміршіл-әкімшілікті толық қанағаттандырды.
Бақылау сұрақтары:
1. Қазақстанда соғыстан кейінгі халық ағарту саласының қызметі қандай болды?
2. Космополитизм саясатының Қазақстандағы көрнісі қандай болды?
3. Қазақстан территориясындағы ядролық сынақ және оның салдары қандай болды?


Дәріс 6.1954-1985 жж. саяси және экономикалық реформалардың қайшылықтары менсалдары

1.Сталиннің жеке басына табынушылықты сынау.


2. Хрущевтың реформалары.
3. Тың және тыңайған жерлерді игеру және оның салдары.
4. 60 ж. ортасы мен 80 жж. ортасына дейінгі экономикалық және әлеуметтік-саяси қайшылықтың тереңдеуі.


Мақсаты:1954-1985 жж. саяси және экономикалық реформалардың қайшылықтары менсалдары жан-жақты қарастыру.
Түйін сөзер –партия, съезд,реформа, тың, тыңайған жерлерді игеру, шаруашылық есеп, ведомастволық басқару.


1.КОКП-ның ХХ съезі (1956 жылғы 14-25 ақпан) Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптап және әшкерелеп, өкіметтік билікті пайдалануда жіберілген қателіктер мен асыра сілтеушіліктерді жоюдың шараларын белгіледі. Осы съезден кейін Қазақстанның бірқатар мемлекеттік қайраткерлері С.Асфендияров, О.Жандосов, О.Исаев, Л.И.Мирзоян, С.Меңдешов, М.Масанчи, Н.Нұрмақов, А.Розыбакиев, С.Сейфуллин есімдері қайта қалпына келтірілді.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде социалистік қоғамның қайшылықтары, олардың мәні, тарихтағы жеке адам мен халық бұқарасының орны, теория мен практиканың арақатынасы сияқты іргелі мәселелерді талқылауға жол ашылып, баспасөзде пікірталас орын алды. Миллиондаған адамның құқығын аяққа басып, жазықсыз жандарды қан қақсатуға қатысқан саяси қайраткерлердің көпшілігі әлі билік басында қала берді. Саяси қуғынның құрбаны болғандарды ақтау тиянақты жүргізілмеді. Билік иелері басталған демократиялық үрдістерді аяғына дейін жеткізбей, үзіп тастап отырды. Бірқатар адамдар лагерьлерден босатылып, ақталғанымен, әлі де жүздеген мың адамдар абақтының тар қапастарында қала берді.Өткен жылдардың ауыр қасіреттері – Қазан революциясының мәні, азамат соғысының себептері мен салдары, ұжымдастыру кезіндегі жаппай қырғын сияқты тарихи құбылыстарға сыңаржақ баға беру мен шындықты көпе-көрнеу бұрмалау жалғаса берді.Сталиннен кейін билікке келгендер өз жерінен жазықсыз қуылған шешен, ингуш, қалмақ, балқарларды отанына қайтарғанымен, корейлердің, немістердің, қырым татарларының, түрік месхеттерінің құқықтарын қалпына келтіруден бас тартты.
Тарихта «жылымық» деп аталып жүрген 1954-1964 жылдары біршама басшылықтың ұжымдық принциптері енгізіліп, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесі біршама босаңси бастады. Қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар біршама ой еркіндігін туғызды. Нәтижесінде мыңдаған кінәсіз адамдар лагерьлерден босатылып, партияның кейбір көрнекті қайраткерлері ақталды. 1930-1950 жылдары істі болған зиялылардың істері қайта қаралып, 1953-1956 жылдары партия қатарынан шығарылған 5456 адам, Ұлы Отан соғысы жылдары жау басып алған территорияларда қалғандары үшін жазаланған 243 коммунист ақталды. Сондай-ақ, 1954 жылы Е.Бекмаханов, Қ.И.Сәтбаев, М.Әуезов елге оралды. 1955 жылы Д.А.Қонаев Министрлер Кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Қ.И.Сәтбаевты қайтадан республика Ғылым Академиясының президенттігіне ұсынды.
1953- 1955 жылдарда Н.С.Хрущевтің бастамасымен ГУЛАГ жойылды. Бүл кеңес қоғамын сталинизмнен қутқарудағы адамгершілік акт, маңызды қадам еді. Лагерьлерге жазықсыз отырғызылған мыңдаған адамдарды босатып, белгілі партия қайраткерлері Я.Рудзудакты, А.Рыковты, В.Губарьды актағаннан кейін мемлекеттік аппарат реформаны жалғастыруды тағыда аяқсыз қалдырды. Әлі де болса, өз қызметтерінің әділетті бағасын алмады. Кәрістердің, немістердің, қырым татарларының, месхіт түріктерінің қүқықтары қалпына келтірілмеді. Мемлекеттік дәрежедегі көптеген маселелер тек қана бірінші адамның колында болды. Одақтас республикалардың құқығын кеңейтуге бағытталған реформа толық жүзеге асырылмады. Республикалардың құзырында ештеңе болмады. Саяси көзқарасы үшін қудалау орын алып, халық жауы немесе ұлтшыл айыптарының орнына өзгеше ойлайтындар айыбы тағылды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы бір мектебінің мұғалімі М.Елікбаев Н.С.Хрущевке ашық хат жазады. Хатта Қазақстанның тәуелсіздігі жоқ екенін, қазақ мектептері, қазақ тіліндегі оқу құралдары мен баспасөздің тым аз екені туралы айтылған. Осыдан кейін М.Елікбаев МҚК тарапынан қуғынға ұшырап, азап тартады. 1957 жылы М.Елікбаев партия қатырынан шығарылып, жындыханаға тығылды. Н.С.Хрущев басқарған кезде де бюрократиялық жүйе өзгермеді. 1959 жылы болған КОКП–ның XXI съезінде Н.Хрущев социализмның толық жеңгені, енді коммунизмге аяқ басқаны туралы өз баяндамасында айтты. Елде осындай қияли болжамға сүйенген утопиялық социализм сақталды, ал 1961 жылы өткен КОКП XXII съезде коммунизм 20 жылдық мерзімде орнайтындығы туралы тұжырым жасалды.
Әйтсе де, Н.С.Хрущев пен олардың төңірегіндегілердің Сталиндік тәртіпті сынға алуы үлкен ерлік болғанымен, олар әбден орныққан әкімшіл- әміршіл жүйені толық жойған жоқ. Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатын ақтау мақсатында Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталып, қазақтардан бірыңғай коммунистік ұлт шығаруға бағыт алынды. Тарихи шындық ақтаңдақ қалпында қалып, кеңестер жүргізген қанды қырғын біржақты көрсетілді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов және т.б. алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілген жоқ. Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылып, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау және тағы басқа көптеген мәселелер орталықтағы шағын топтың қолында қала берді.
2. 50-жылдар мен 60-жылдардың ортасы Қеңес елінің өміріндегі маңызды кезең болды.КСРО ОК-нің Бас секретары, КСРО министрлер Кеңесінің төрағасы И.В.Сталин 1953 жылы 5 наурызда қайтыс болды. Сталиннің өлімімен тұтас бір дәуір аяқталды. Сталин қайтыс болысымен-ақ елде болуы мүмкін өзгерістердің мәні туралы үш бағыт айқын көрінді: бірінші бағыт өкімет басына Берияның келуімен байланысты болса, екінші бағыт Молотов немесе Булганин, үшінші бағыт Хрущевтің өкімет басына келумен байланысты еді. Жағдай Хрущевтің пайдасына шешілді.1953 жылы қыркүйекте Н.С.Хрущев КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына (1953-1964 жж.) сайланды. «Жылымық жылдары» аталған 50-жылдардың екінші жартысынан бастап елде игі істер атқарылды. 1953 жылғы шілдеде КОКП ОК-нің пленумында бұрынғы КСРО-ның Ішкі істер халық комиссариатының халық комиссары, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, қуғын-сұргінді ұйымдастырушы, саяси авантюрист Л.Берия (1899-1953 жж.) ісі қаралып, барлық лауазымды қызметтерінен босатылып, атылды. Осылай Кеңестер Одағында ширек ғасырға созылған тоталитарлық дәуір аяқталды.Бюрократ көсемдер биліктен кеткенімен, олардан мұраға қалған әміршіл-әкімшіл жүйе жойылмады.
1956 жылғы ақпанда болған КОКП XX съезінде КОКП ОК-нің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев «Жеке адамға табыну және оның зардаптары туралы» баяндама жасады. Баяндамада жеке адамның басына табынудың жай – жапсарды туралы айтылды. Баяндамашы И.В.Сталин, Л.Берия, Н.Ежовты қатты сынай отырып, саяси қуғын – сүргінді жүргізудегі өз жауапкершілігі туралы ештеңе айтпады. Молотов, Каганович, Ворошиловты қорғады. Съезде «Жеке адамға табыну және осының салдары туралы» қаулы қабылдап, ол 1956 жылы маусымда жарияланды, ал Съездін басқа құжаттары, талқыланған мәселелері көп уақытқа (33 жыл) дейін құпия түрде сақталды.
1959 жылы болған КОКП–ның XXI съезінде Н.Хрущев социализмның толық жеңгені, енді коммунизмге аяқ басқаны туралы өз баяндамасында айтты. Елде осындай қияли болжамға сүйенген утопиялық социализм сақталды, ал 1961 жылы өткен КОКП XXII съезде коммунизм 20 жылдық мерзімде орнайтындығы туралы тұжырым жасалды.Соғыстан кейін қалпына келтірілген өнеркәсіп 50-жылдардан кейін жаңа өзгерістерді қажет етті.
Бесінші бесжылдық (1951-1955 жж.) ішінде 200-ге жуық жаңа кәсіпорын салынды экономиканың даму қарқыны өсіп, 1954-1958 жылдары 730 өнеркәсіп орындары мен цехтар іске қосылды. 1957 жылы тұңғыш тепловоздар Қарағанды темір жолының Ерейментау депосында пайда болды. Осы жылдары салынған өнеркәсіптер: Ақтөбе хром заводы, Шымкент гидролиззаводы, Семей цемент заводы, Жезказған кен байыту фабрикасы, Соколов – Сарыбай комбинатының алғашқы кезектері, Өскемен таукен жабдықтарын шығаратын машина жасау заводының 1-кезегі т.б.
1958 жылы жалпы өнім өндіруден Қазақстан КСРО-да 3-орынға шықты. 1956-1958 жылдар аралығында елімізде көлік және коммуникация жүйелерін дамытуға 146,4 млн. сом жұмсалды. Республикада темір жол құрылысына ерекше көңіл бөлінді.
1960 жылы қазақ КСР теміржолынаң ұзындағы 11,42 км. болды. 1958 жылы Қазақ КСР-де Қазақ теміржол басқармасы құрылып, республикадағы барлық теміржол осы басқармаға бағындырылды. 1951-1955 жылдар аралығында Одақта салынған теміржолдың 30%-ы Қазақстан аумағында салынды. 1960 жылға қарай Одақта өндірілген темір кенінің 5,4%-ы Қазақстанға тиесілі болды. Қазақстан «магниткасы» аталған Қарағанды металлургия заводы Қазақстан мен Орта Азияны, Сібір мен Оралды темір өнімдерімен қамтамасыз етті. Республикада электр энергиясы өндірісі де біршама жақсы дамыды. 1960 жылы Қазақстанда 10,5 млн. кВт/сағат энергия өндірілді. Дегенмен индустрияның дамуы болмаса, сапа жағы өзгеріссіз қалды.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1957 жылғы мамыр айындағы сессиясы Н.С.Хрущевтің баяндамасы бойынша «Өнеркәсіп пен құрылысты басқару ісін ұйымдастыруды одан әрі жетілдіру туралы заң қабылдады, осыған орай экономиканы басқаруда реформа жүргізілді. Бұрынғы салалық министрліктер мен ведомстволардың көпшілігі таратылды». Өнеркәсіп пен құрылысты басқару ісінің негізіне территориялық принцип алынды. Экономикалық әкімшілік аудандарда халық шаруашылығы кеңестері (совнархоздар) құрылды, өнеркәсіп пен құрылысқа тікелей осылар (совнархоздар) басшылық етті. Сөйтіп, реформа негізінде 1) экономикалық әкімшілік аудандар ұйымдастырылды, 2) бұрынғы салалық министрліктері мен ведомстволардың орнына халық шаруашылығы кеңестері ұйымдастырылды. Сонымен баскарудың екі түрін көруге болады.
1. Орталықтандырылған басқару Территиориялық басқару
2. Салалық халық шаруашылық министрлік Кеңестері
1957 жылғы реформаның кемшіліктері:
1957 жылдан бастап аумақтық принциптер негізінде экономикаға басшылық ету ісін қайта құру ойдағыдай нәтижелер бермеді. Керісінше, 1) экономиканың жекелеген салаларына тұтастай басшылық жасауға мүмкіндік болмады, 2) жекелеген салаларды техникалық жағынан қайта жабдықтау ісіне нұқсан келтірді, 3) өндіруші мен тұтынушы арасында бұрыннан орын алған қатынастар өзгеріссіз қалды, 4) бұрын кәсіпорындар министрліктер тарарапынан бақылауда болса, енді оларды халық шаруашылық кеңестері жүргізетін болды, 5) экономикалық тетіктер дұрыс жұмыс істемеді. Қазақстан коммунистік партиясының съездері мен пленумдарында кәсіпорын жетекшілері жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалардың тиімсіздігін ашық айтып жүрді.
Сәтсіздіктер күйгеліктік туғызды, экономиканы басқаруда ғылымға негізделмеген ойластырмай жасалған субъективтік шешімдерге жол берілді. Мұндай шешімдер көп жағдайда Н.С.Хрущевтің жеке басымен байланысты болды. 1962 жылы Қазақстанда халық шаруашылығын ірілендіру мақсатында реформа жасалды: партия орындары өндірістік белгі бойынша қайта құрылды. Олар өнеркәсіптік және ауылшаруашылық партия үйымдары болып бөлінді.
Сөйтіп, жасалған реформалар басқару аппаратындағы абдыраушылықты, бесжылдық жоспардың орындалуындағы іркілістерді туғызды. 1956-1960 жылдарға арналған (6-шы) бесжылдық жоспар 1959-1965 жылдарға арналған жетіжылдық жоспармен ауыстырылды. Жан басына шаққанда өнім өндіруден дамыған капиталистік елдерді ең қысқа мерзімде қуып жетіп, басып озу міндеті қойылды.1954 жылы қантарда болып өткен Қазақстан Компартиясының VII съезінде Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов (1948-1954 жж.) қызметінен босатылды. Бірінші хатшылыққа– П.Пономаренко (1954-1956 жж.), екінші хатшылыққа – Л.И. Брежнев (1955-1956 жж.) сайланды.
3.Соғыстан кейінгі жылдар ауыл шаруашылығы үшін ауыр болды. Түрлі себептерге байланысты Қазақстанда ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері жөнді пайдаланылмай келді. Тіпті ауа-райының қолайлы болған жылдарының өзінде ол не бары 100-150млн пұт (шамамен 1,6-2,4 млн т) қана тауарлы астық өндіретін. 1953 жылдың аяғында тың игеруге қатысты мәселелер Одақ деңгейінде қызу талқыланып жатты. Жарамды жерлері көп Орал, Сібірмен бірге Қазақстанның да аты аталып жүрді. Жерді жаппай жыртып тастау дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға зиян келтіреді деп санаған республика партия ұйымының басшылары орнынан алынды. Орталықтың нұсқауы бойынша Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып П.К.Пономаренко сайланды, ал оның орынбасарлығына, біраз уақыттан кейін бірінші хатшының өзі болып сайланған Л.И.Брежнев отырғызылды.
Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешім 1954 жылдың көктемінде қабылданды. Онда 1954-1955 жылдары тың жерлерді игеру есебінен дәнді дақылдар егісі аумағын 13 млн гектарға арттыру, ол жерлерден 1100-1200 пұт астық, соның ішінде 800-900 млн тауарлы астық алу көзделді. Тың игеру жөніндегі бұл шешімді қазақстандықтар мақұлдап, қуаттайтындықтарын білдірді. Тың игеруге шет жерлерден ғана емес, республиканың өз ішінен де адамдар тартылды. Тың игерудің алғашқы екі жылында республикаға барлығы 640 мың адам келді. Бірақ олардың 150 мыңы ғана ауылшаруашылық механизаторлары еді. Тың игеру науқанына келгендер барар жеріне дейін тегін көшірілді. Әр отбасына 500-1000 сомнан, оның әр мүшесіне 150-200 сомнан бір мезеттік көмек көрсетілді. Үй салу (оның 35 пайызын мемлекет өз мойнына алып), мал сатып алу үшін несие берілді. 1954 жылдан бастап егіске жарамды жерлерді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ол жұмыстарға Мәскеудің, Ленинградтың, Украинаның топырақ зерттеуші ғалымдары, ботаниктері, гидрогеологтары қатысты. Тың игеру Қазақстанды тауарлы астық өндіруде Одақ бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Соның нәтижесінде республика әрбір тұрғынға шаққанда 2 мың кило астық өндіретін дәрежеге жетті. Өнеркәсіп орындары көптеп салынды. Жаңа темір жол, тас жол желілері тартылды. Тың игеру республиканың экономикалық күш-қуатын бұрын соңды болып көрмеген дәрежеге ілгерілетті.Алайда өмірлік тәжірибе көрсеткендей, орасан зор көп жерді жыртып тастаудың зиянды салдары ескерілмеді және сол кездің науқаншыл басшыларын келешек туралы ғылыми болжамдарға иландыру оңай емес еді. Тың игеру республиканың Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Торғай облыстарында жүргізілді. 1954 жылдың көктемінен 1955 жылдың көктеміне дейін бір жыл ішінде тың өлкесінде 337 астық кеңшары құрылды. Оларда 10 млн гектардан астам егіске жарамды жер болды. 1954 жылдың өзінде-ақ тың көтеру жөніндегі жоспар артығымен орындалды. Қазақстанда 6,5 млн гектар жер жыртылды. Астықтың жалпы түсімінің мөлшері 7650 мың тоннаға жетті, тың және тыңайған жерді игеру науқаны айтарлықтай көрсеткішке 1956 жылы ғана жетті. Бұл жылы республика 16 млн тонна астық жинады. Мұны даңғазалықпен 1 млрд пұт деп ауыз толтыра айтыпжүрді. Тың игерушілерде көтеріңкі рух, еңбекке деген құлшыныс жоғары болды. Алайда Қазақстан тыңын игеруге адал еңбекті сүйетін, білікті мамандық иелері мен жалынды жастар ғана емес, солармен бірге жеңіл пайда табуды, оңай атақ алуды көздеген арамтамақтар мен қылмыскерлер де ағылып келді. Тың игерудің алғашқы жылдарында тәртіп бұзушылық, мемлекет қаржысын талауға салу, ұрлық сияқты құбылыстар аз болған жоқ. Астық өндіру экстенсивті әдістермен жүргізіле берді. Жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін орасан зор аумақтар жыртылып, экологиялық тепе-теңдік бұзылды. Топырақ эрозиясы күшейіп, жердің құнарлы қарашірік (гумус) қабаты желге ұшты. Миллиондаған гектар жерді жырту, елді мекендер салу мал жайылымдарын және жем-шөп дайындайтын алқаптардың ауқымын тарылтты. Инфрақұрылым жүйесіне де мыңдаған гектар жарамды жер бөлінді. Осылайша дәстүрлі мал шаруашылығы орны толмас шығынға ұшырады.
Мал шаруашылығының жайына келсек, 50-жылдары мал шаруашылығының жағдайы ауыр болды. Оның басты себебі әкімшіл-әміршіл жүйенің ауыл шаруашылығын жүргізудегі сауатсыз әрекеттері еді. Мал шаруашылығының материалдық-техникалық жабдықталуы өте төмен деңгейде қала берді. Соғыс жылдарындағы қиындық, тың игеруге байланысты жайылым мен шабындықтың тарылуы бұл саланың дамуына тежеу болды.Тың игеру мал шаруашылығына үлкен зиянын келтірді. Мал жайылымы, шабындық жерлер азайып, малдың саны кеміді.Әсіресе түйе, жылқы орны толмайтын шығынға ұшырады. Тың эпопеясы экологиялық мәселеде өзінің теріс жағын көрсетті. Жер жырту салдарынан 1957-1958 жж. Павлодар облысының жеңіл топырақты аймағы ғана емес, ауыр топырақты жерлері де қамтылды. 1960 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда 9 млн гектардан астам жер жел эрозиясына ұшырады. Бұл сол кездегі Франция сияқты елдің бүкіл ауыл шаруашылық жер көлеміне тең еді. Рас, мұнан кейін егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі жерді қайырымсыз түрімен жырту тәсілін жасады.
Тың игеру науқанында республиканың ұлттық демографиялық ерекшеліктері ескерілмеді. Сол кездегі идеология жағдайында оны ескеру мүмкін емес еді. Тың игеру деген желеумен 60-жылдардың басына дейін Қазақстанға 2 млн-ға жуық адам қоныс аударды. Олардың көпшілігі славян тектілер еді. Шеттен келгендер Қазақстанның солтүстік өңірлеріне жаппай қоныстанды. 1959 жылғы халық санағы бойынша республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2787 мың, яғни Қазақстанды мекендеген барлық тұрғындардың небәрі 29 пайызын ғана құрап, өз жерлерінде азшылық жағдайға тап болды. Демографиялық ахуалдың орыс тілді тұрғындардың пайдасына өзгеруі қазақ тілі мәдениетін ауыр жағдайға түсірді.50-жылдардың ортасынан бастап Қытай Халық Республикасында тұратын қазақ диаспорасының бір бөлігі тарихи отанына оралуға мүкіндік алды. Олар негізінен сергелдең жылдары қашып барған, төлқұжаттары бар кеңес азаматтары еді. 60-жылдардың басына дейін Қытайда тұратын қазақтардың 200 мыңы Қазақстанға оралды. Дегенмен қазақ диаспорасының өз атамекеніне кетуіне қарсы емес екендігін біле тұра, кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе оларды түгел көшіріп алуға құлықты болмады.Демографиялық ахуалдың орыс тілді тұрғындардың пайдасына қарай өзгеруі қазақ тілі мен мәдениетінің келешегі көмескіленуіне әкеп соқтырды.Тың және тыңайған жерлерді игерудің сонымен бірге үлкен зардаптары мен көлеңкелі жақтары да болды. Атап айтқанда, басқа республикалардан келгендердің саны шамадан тыс көбейіп кетті. Жергілікті жерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары ірілендірілген мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Жер-су аттары орыс тіліне көшірілді. Мұндай орыстану үдерісінен халықты республиканың тәуелсіздігі ғана құтқарды. Бірақ та кеңестік саясат соның өзінде де қазақ халқының, оның зиялыларының елеулі бөлігін өз ұлтының тілін білмейтін шала күйінде қалдырды.
КСРО басшысыН.С.Хрущев Тың игеру жылдары Қазақстанның солтүстік облыстарын ресейге қосып, астық өлкесін құруға бет бұрады. Сол кездегі Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасыЖұмабек Ташеновтің табандылығының арқасында солтүстік олыстар Қазақ КСР-інің құрамында қалды. Сонымен қатар, Ж.Ташенов Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс беріп, оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. Жалпы Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді.
1964 жылы КОКП Орталық Комитетінің қазан Пленумында партиябасшылығы ауысты. Пленум Н.С.Хрущевті партияның ОК-нің бірінші хатшылығынан босатты. Оның орнына Л.И.Брежнев, үкімет басына А.И.Косыгин тағайындалды. 60-жылдардың ортасында шаруашылық реформалары жүргізілді. 1965 жылы қыркүйек айында партияның ОК-і Пленум өткізді. Онда экономиканы басқарудың әкімшілік әдісі сыналып, кәсіпорындардың өз еркімен дамуына, шаруашылық есепті дамытуға, экономиканы дамыту үшін материалдық жағынан ынталандыруға көңіл бөлінді. Бұның бәрі сегізінші бесжылдық (1966-1970) кезінде халық шаруашылық кешеніне жоспарлы экономиканы енгізген уақыттан бері жоғары керсеткіштерге қол жеткізуге алып келген еді. Бұл бесжылдық тіпті «алтын бесжылдық» деген атқа ие болды.
60-жылдары Қазақстанда өнеркәсіп құрылысы кең көлемде жүргізілді, бірақ республиканың экономикасы шикізаттық бағытта болғандықтан, негізінен өндіруші салалар ғана дамыды. 1961-1970 жылдар арасында Қазақстанда 1709 жаңа кәсіпорын, сондай-ақ көпшілігі қайта жөндеуден өткізілген және жаңа техникамен жабдықталған нысандар іске қосылды. Қара металлургия өндірісі Соколов-Сарыбай және Қарағанды комбинаттарында, Ермак темір балқыту зауытында, ал түсті металлургия Лениногор, Жезқазған, Павлодар, Өскемен комбинаттарында қарқынды дамыды. Бұл кезеңде Маңғыстау мұнай кені де маңызды мұнай аймағына айналды. Ең ірі химия өнімін дайындайтын Қаратау тау-кен химия комбинаты болды. Қазақстан сары фосфордың бүкілодақтық өнімінің 90%-ын, жемдік фосфаттың 40%-ын, мыс, мырыш, қорғасынның 70%-ын берді. Республика хром ендіруден КСРО бойынша бірінші орын, ал көмір, шойын және марганец өндіруден үшінші орынды иемденді.1965 жылы Компартияның ОК-нің наурыз Пленумы болып, онда тиімдіаграрлық саясат жасау мәселелері талқыланды. Ауыл шаруашылықөнімдерінің бағасын өсіріп, жоспардан тыс сатылуы үшін қосымша қаржытөленді, колхоздар мен совхоздардың материалдық базасы нығайтылды, салық саясаты өзгертілді. Аграрлық салаға шаруашылық есепті енгізу шаралары белгіленді. Бұл шаралар жартылай сипатта жүргізілгенімен, біршама алға жылжулар да көрініс берді.
4.Шартты түрде тоқырау жылдары деп аталып жүрген кезең 60-жылдардың ортасынан бастап 80-жылдардың ортасына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде социалистік бағдардағы мемлекеттер арасында жетекші рөл атқарып келген Кеңес Одағының ықпалы бұрынғыға қарағанда әлсіреді. Жыл өткен сайын КОКП-ның халықаралық аренадағы беделі түсіп, дүниежүзілік арандатушы фактор кейпінде көріне бастады. Югославия, КХДР, ҚХР, сол кезде социалистік бағдары бейім болған Египет тектес мемлекеттер КСРО-дан іргесін аулақтатып әкетті. Қоғамдық-әлеуметтік даму барысында тоқырау белгілері айқынырақ біліне бастағандықтан КСРО-ға ең жақын деген мемлекеттер де социализмнің кеңестік жолынан бас тарту пиғылдарын білдіре бастады. Дамудың жаңа бағытына ойысуға деген құлшыныс 1968 жылы Чехославакияда болған оқиғалардан айқын көрініс берді. Бұл елдегі оқиғалар партияны жаңартуға, қатып-семіп бара жатқан қоғамдық жүйені өзгертуге, нарықтық қатынастар жолымен экономикалық реформалар жүргізуге бағытталған шаралар үлгісін көрсетті. 70-жылдардың екінші жартысында социализмнің кеңестік нұсқасынан бас тарту шын мәніндегі демократиялық қоғам орнату жолындағы Польшада болған ірі саяси оқиғалар бүкіл қоғамда революциялық қайта құрулар жүргізуге ұласты. Сол жылдардың өзінде батыл саяси қадамдар жасаған “Ынтымақ” қоғамдық ұйымы бұл елдің 80-жылдардағы дамуына айтарлықтай ықпал етті. 70-жылдардың аяғында Қытай Халық Республикасының экономикасында түбегейлі өзгерістер басталды. Ал КСРО-дағы жағдай бұрынғысынша қала берді. Ішкі істер министрлігінің, МКК-нің және әскердің күшіне сүйенген Компартия кез келген бөгде пікірге жол бермеуді қатты қадағалап отырды. Новочеркасскідегі, Грузиядағы, Балтық республикаларындағы оқиғаларға қатысқандар қатал жазаланды және көпшілік назарынан тыс ұсталды. Қалыптасқан режимге наразылықтың бір түрі – шет елдерге қашу етек ала бастады. 60-жылдардың екінші жартысында КСРО-да коммунизм құрудың негізгі үш мақсаты орындалмайтыны белгілі болды. Билік иелері халықтың көңілін енді басқа жаққа аударуға – қазірдің өзінде қол жеткенді асыра насихаттаумен алдандыруға тырысты. Л.С.Брежневтің 1967 жылы Қазан революциясының 50 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте: “Кеңес халқының өткен тарихи даму жолының басты қорытындысы кемелденген социалистік қоғам орнату болып табылады” деп жариялауы партия теорияшыларына коммунистік болашақты белгісіз мерзімге сырғыта салу мүмкіндігін ашып берді.
1965 жылғы реформалар 70-жылдардың басында-ақ өзінің позицияларынан айрыла бастады.Қол жеткен деңгейден одан әрі өрлеу барған сайын қиындады, әрі күрделене түсті. Оған өндірілетін өнімді қымбаттату есебінен ғана жету мүмкін еді.Сөйтіп оның әр түрлі амалы іздестірілді. Атышулы жалпы өнім шығару әлеуметтік-экономикалық қызметтің барлық өрісін жайлап алды.Жағдай осылай мүмкін бола тұрса да Н.С.Хрущевтің кезіндегідей, енді Л.И.Брежневті дәріптеу барған сайын кең өріс алды. Қызметі мақталған сайын наградалар да қардай борады, олардың саны жағынан ол бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген деңгейге жетті. Сол кездегі Одақтың тарихында Брежнев тұңғыш рет бейбіт уақытта маршал атанды.Төрт Кеңес Одағы Батырының, Еңбек Ерінің алтын жұлдыздарын омырауына қадады.
Саяси бюро мүшелері, ОК хатшылары өздерінің экономиканы басқарудағы дым білместіктерін бүркемелемек болып үсті-үстіне жаңа ақша шығарумен айналысты.Ал мұның өзі ақша айналымы заңының бұзылуына әкеліп соқты. Жарамсыз өлшемдер мен шикілікті еңбекақыны жоспарлауды қолдану ұлттық байлықты барған сайын ысырап етуге жол ашты. Тоғызыншы бесжылдық (1971-1975) жоспарда республика халық шаруашылығының барлық саласын дамытудың жедел қарқыны көзделді. 1975 жылы қыркүйектің аяғында Одақтың шығысындағы ең ірі Ермак жылу электр станциясында соңғы турбина өнеркәсіптік қуат беруді мерзімінен үш ай бұрын бастап, толық қатарға қосылды. Ермак ЖЭС-і 2400 мың квт жобалық қуатына жетті. Электр энергиясын тұтыну мөлшері 53 млрд квт сағаттан асып түсті. Мұның өзі соғыстың алдындағы 1940 жылы КСРО-ның бүкіл халық шаруашылығы тұтынғанынан 1,3 есе көп еді. 1975 ж. 18 қарашада Қарағанды көмір өндірістік бірлестігі тоғызыншы бесжылдық жоспарды толық орындады.Ал Соколов-Сарыбай комбинаты Руда басқармасының ұжымы бесжылдық тапсырмасын сол жылдың мамырында-ақ орындап шыққан болатын.
Кеңес қоғамының даму үрдісіндегі бітпес қарама-қайшылықтардың табиғаты КСРО-ның 1977 жылы қабылданған Конституциясынан көрініс тапты. Жаңа Конституция 1961 жылы КОКП-ның ХХІІ съезінде қабылданған іс жүзінде орындалмайтын, коммунизм құрудың үш міндетін алға тартты. Кемелденген социализм идеясы да бұл құжаттан қағыс қалмай, коммунизмге өтер жолдағы заңды белес деп танылды. Конституцияда кемелденген социалистік қоғамға қуатты өндіргіш күштер, алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет, шынайы демократия, жетілген қоғамдық қатынастар тән деп көрсетілгенмен, “Кеңес қоғамының басты және бағыт беруші күші оның саяси жүйесінің ұйытқысы КОКП” екендігі арнайы бапта аталып өтілді. Осылай Компартияның бүкіл елдегі билігі конституциялық күшке ие болды. Бүкіл Кеңес Одағындай Қазақстанда да Компартия толық үстемдік жүргізді. Республикадағы ең жоғарғы заңды билік органы – Жоғарғы Кеңесте толық партиялық бақылауда жұмыс істеді. Қазақстан КП Орталық Комитетінің 1960 жылы қаңтарда болған пленумында республика партия ұйымының бірінші хатшысы болып Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сайланды. 1962 жылдан бастап екі жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарған ол 1964 жылдан бастап қайтадан Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы жұмысына келіп, 1986 жылдың желтоқсанына дейін сол қызметін абыройлы атқарды.
Тоқырау кезеңі дейтін 1971-1985 жылдарда Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен дамыды. Аталған кезеңде өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд сом жұмсалған. Бұл бүкіл халық шаруашылығына бөлінген қаржының 32% болатын. 1970 жылдың басында 170-тен астам өнеркәсіп кәсіпорын цехы, оның ішінде Лисаков кен байыту комбинаты, Шерубай Нұра шахтасы, Талдықорған аккумулятор зауыты, тамақ өнеркәсіптері бой көтерді. Минералды тыңайтқыштар өндіру 1,8 есе сары фосфор өндіру 2,5 есе өсті. Республика фосфор өнеркәсібі КСРО бойынша алдыңғы қатарға шыға бастады. Қарастырып отырған кезеңде өндірістік қорлар 3,1 есе артты. Әсіресе, республика өнеркәсібінде химия және мұнай химиясы 6,5 есе артты. Машина жасау 4 есе, отын өнеркәсібі 3,8 есе артты. Электр қуатын өндіру орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық өнеркәсіпорындары дерлік энергиямен жабдықталды.
1980 жылға дейін республика 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтер іске қосылып өндірістің жаңа салалары пайда болды. Бірақ бұл жылдары Қазақстан КСРО-ның бірыңғай жүйесі бойынша жұмыс істегендігімен экономикасы қарқынды дами алмады.Қазақстан өнеркәсібінің 50%-ы одақтық министрліктердің қарауында болды. Одақтық министрліктер республиканың мүддесін көздемеді, әлеуметтік салада, ұлттық кадрларды дайындауда, қоршаған ортаны қорғауда (Семей полигоны мен Аралдың экологиялық апатқа ушырауы) қиыншылықтар туындады.Одақтық министрліктерге қарайтын Қазақстанның кәсіпорындары жылына 15 млрд. сом табыс тауып отырса, республиканың бюджетіне не бәрі 31 млн сом қаржы түсті. Бұл барлық түскен пайданың 1%-ақ болатын. Осы себептерге байланысты өнеркәсіп өнімдерінің кейбір түрлерін өндіру жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарланған тапсырмалар орындалмады. Өндірістің тиіміділігін мен өнім сапасын арттыру, ғылыми техниканың дамуы іске аспады. Осыған қарамастан жоғары мінбелерден елдегі ірі өнеркәсіп орнының, шахта, мұнай кәсіпшілігінің, комбинаттар мен зауыттардың қатарға қосылғаны, экономиканың шарықтап өсіп бара жатқаны туралы жоғары рухта есеп беріп отырды.
Экономиканың қуаты өнеркәсіп потенциалы бойынша Қазақстан одақ бойынша 3-ші орынды иеленді. Халықаралық даму деңгейі өнеркәсіп өнімдерінің орташа жылдық өнімі 9-шы бесжылдықта 8,4%, 11-ші бесжылдықта 3,8 төмендеді. Ұлттық табыс 4,4-тен 1,4-ке төмендеді. Экономиканы әкімшіл-әміршіл басқару әдісі материалдық ынталандыруды жоққа шығарып, экстенсивті даму, мемлекеттік меншіктің үстемдігі, жұмысшыларды өнеркәсіп құралдарынан алшақтату, орталықтың билеп-төстеу жағдайына алып келді. Қазақстан экономикасы 1980 жылдары дағдарысқа тірелді. Республикада егістік көлемі өте үлкен болды, тек астықтың өзі 25 млн. га жерге себілді. Солай бола тұрса да, өнім жинаудың төмендеуі тұрақты құбылысқа айналды. Мал шаруашылығының құс асыраудан басқа салалары кіріссіз шаруашылықтарға айналды. Егер 1970 жылы өзін-өзі ақтай алмаған колхоздар мен совхоздардың үлес салмағы 15% болса, 1985 жылы бұл көрсеткіш 51%-ға жетті. Мысалы, қойдың саны 1971-1981 жылдары 3,4 млн. басқа өссе, 1981-1985 жылдары өсу тоқтаған. Қой етін өндіру 1970-1985 жылдары 19%-ға қысқарды, оның құндылығы да төмендеді.
Осы жылдарда ұйымдық өзгерістер болды – колхоздардың есебінен совхоздың саны көбейтілді. 1969 жылы республикада 879 совхоз, 1 355 колхоз болса, 1985 жылы совхоздар саны 2140-қа өсіп, республикада 388 колхоз қалды. 70-80-жылдары мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшірілу басталды. Ет, сүт өндіретін кешендер, мал семіртетін алаңдар салынды. Жалпы қуаты 23 мың ірі қара малды жедел өсіріп семіртетін 4 кешен жұмыс істеді. Осы жылдары жетістіктермен қатар келеңсіз жағдайлар да орын алды. Олай дейтініміз туберкулез, бруцеллезбен ауырған мал, кей облыстарда 95 пайызға жеткен.
ХХ ғ. 70-80 ж.ж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді.Ұлт республикаларында тұратын халықтар мен ұлттардың дамуында орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау процесі жүрді. Интернационализмді дұрыс түсінбеу Қазақстанда тіл саясатында тек ұлтаралық қатынас тілін ғана қолданып, ал ұлт тілі туралы үндемей қалуға әкеп соқтырды. Орыс тілін республика қазақтарының 60 пайызы меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1 пайызынан азы ғана меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық және әскери өмірде сол сияқты жоғары мектептерде қолданылмады. Республикада шыққан кітаптардың 95 пайызы орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70 пайызы эфирге орыс тілінде берілді.Осы жылдары республика бойынша мектептерде ана тілін оқытуды жақсарту жөнінде бірде-бір шешім не қаулы қабылданбады. Жүздеген қазақ мектептері жабылды. Ұлт саясатындағы бұрмалаушылық пен қазақ тілінің тұрмыстық қызметтен, басқа салаларынан шеттетіле бастауы көптеген адамдардың, әсіресе, зиялы қауымдар арасында наразылық туғызды. 1974-1977 жылдары Хасен Қожахметов қазақ жастарының арасында «Жас қазақ» ұйымын құруға әрекеттенді. Бұндай әрекеті үшін Х.Қожахметов саяси сенімсіз адам ретінде қуғынға ұшырады. О.Сүлейменовтың «АзиЯ» деген кітабы ұлтшылдық, пантүркістік және орыс халқына қарсы бағытталған шығарма ретінде бағаланып сатудан алып тасталды.
Халықтар мен ұлттардың шығу тегі, олардың азаттық жолындағы күресі мен өткен замандардағы мәдениеті мен өнерінің зерттелуі қатаң партиялық бақылауда болды. Мысалы, 1976 жылы авторлар ұжымы дайындаған «Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы» деген кітабын басып шығаруға тиым салынды. Белгілі антрополог-ғалым О.Ысмағұловтың «Қазақстанның этностық генегеографиясы» деген еңбегі ру-тайпалық факторларды бүгінгі заманмен байланыстырып баяндаған деген айыппен кітапқа идеялық тұрғыдан зиянды деген баға берілді.
1979 жылғы Целиноград оқиғасы ұлттық қатынастардың шиеленісуінің және қазақ халқының мүддесімен санаспаған орталықтың өктемдік саясатының көрінісі болды. СОКП ОК Саяси бюросы 1979 жылы көктемде Қазақстанда, орталығы Ерейментауда болатын, неміс автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады. Оған Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының немістер тығыз қоныстанған бірқатар аудандарын беру көзделді. Орталықтың бұл әділетсіз шешіміне қазақ жастары бірден жауап берді. Партия шешіміне қарсы Целиноградта, Атбасарда, Ерейментау және Көкшетауда бейбіт шерулер мен демонстрациялар болды. Міне, қазақ халқының осындай саяси белсенділігінен қаймыққан Компартияның ОК қабылдаған шешімін өзгертуге мәжбүр болды.КСРО сыртқы саясатта халықаралық беделін нығайту және Ауғанстанда саяси үстемдік орнату мақсатында 1979 жылы 27 желтоқсанда Ауғанстанға Кеңес әскерін кіргізді. Бүл саясатқа жауап ретінде АҚШ Кеңес Одағына астық сатуға тыйым салып, Мәскеуде өтетін жазғы олимпиадалық ойындарға қатысудан бас тартты.БҰҰ-да 104 мемлекет Кеңес Одағының Ауғанстанға қарулы күштерін енгізуге қарсы шығып, бұл қадамын айыптады. Кеңес әскерлерінің «шектелген контингенті», яғни 80 мың әскер Ауғанстанда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Ресми деректер бойынша, Ауған соғысында Кеңес Одағынан барлығы 13 мың адам қаза болды, 37 мың солдат пен офицер әр түрлі жарақат алып, мүгедек болып қалды, ал жүздеген жауынгер елге қайтып оралмады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   66




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет