1. ОҚытушы туралы мәліметтер



бет40/66
Дата07.06.2022
өлшемі2.07 Mb.
#459049
түріСеминар
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   66
oak kaz tar 2021-2022 - kopiya

Бақылау сұрақтары:
1. Кеңес үкіметі кезіндегі саяси қуғын-сүргін науқаны қай жылдары басталды?
2. Сталиннің тұсында неше миллион адам қаза болды?
3. Қуғын-сүргін шараларын ашудағы негізгі дерек көздері қандай құжаттар болып табылады?
4. Қазақстандағы лагерлер жүйесі қалай деп аталды?
5.«Үлкен террордың» мәнін түсіндіріңіз.


Дәріс 4. Қазақстан ҰОС жылдарында

1.ҰОС басталуы. Гитлерлік басшылықтың жоспары.


2. Қазақстандықтардың майдан даласындағы ерліктері және партизандық қозғалысқа қатысуы.
3.Қазақстандықтардың майданға көмегі.
4. Түркістан легионының тарихы.
5. ІІ дүние жүзілік соғыстың қорытындысы мен тағылымы.


Мақсаты:Студенттерге1939-1945 жылдардағы екінші дүние жүзілік соғыс жағдайына, Кеңес Одағындағы Ұлы Отан соғысына, халықаралық аренадағы күштер арақатынасының өзгеруіне сипаттама беру.
Түйін сөздер – соғыс, майдан, ерлік, партизандық қозғалыс, тыл, жауынгер, тұтқындар, легион, капитуляция.


1. Адамзат тарихында ірілі-ұсақты он бес мыңға жуық соғыстар өткен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, құрбандықтары мен алапаттығы жөнінен жан түршігерлігі екінші дүниежүзілік соғыс және оның құрамдас бөлігі Ұлы Отан соғысы болды. Бүкіл Батыс Еуропаны дерлік жаулап алған фашистік Германия антикеңестік одақ құру жөніндегі белсенді дипломатиялық әрекетті өрістетті. 1940 жылы қыркүйекте Берлинде Германия, Жапония және Италия арасында үш жақты шартқа қол қойылды, жылдың аяғында оған Венгрия, Румыния және Финляндия қосылды. Жаулап алған елдердің өнеркәсібі түгелдей Германияның әскери-экономикалық қуатына қосылды. Вермахтың әскери экономикасы бұрын болмаған деңгейге жетті, әсіресе танктер, ұшақтар мен соғыс кемелерін шығару қисапсыз өсті. Гитлер осыларды пайдаланып және тұтқиылдан шабуыл жасау арқылы КСРО-ның негізгі қарулы күштерін аса қысқа мерзімде күйретеміз, сөйтіп соғысты 1941 жылдың күзіне қарай аяқтаймыз деп есеп құрды. КСРО-ға қарсы агрессияның “Барбаросса” деп аталған жоспары соғыс басталмастан бұрын дайындалды. Фашистік Германия басшыларының алдына қойған басты міндеттерінің бірі Кеңес мемлекетін өздерінің басқаруына ыңғайлы болу үшін бөлшектеу еді. Бұл жоспарды жасаған кезде фашистік Германияның билеушілері КСРО-ны “көп ұлтты жасанды тұрақсыз бірлестігі, ішкі бірліктен жұрдай, этностық конгломерат” деп есептеді.
Фашистер басып алынатын Кеңес аумағында Остланд (Белорусь пен Балтық жағалауы) Украина, Московия (Ресей) және Кавказ, елдің шығыс шет аймақтарында Түркістан және Еділ-Орал рейхкомиссариатын құруды жоспарлады. “Ғылыми зерттеу институты” деп аталған “Арбайтегемайншафт Түркістан” атты жоғары барлау мектебі құрылып, болашақтағы “Үлкен Түркістан” картасын әзірледі. Оған Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Шыңжаң, Ауғанстанның бір бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекет құру идеясы экономикалық және саяси мақсат көздеуден туындады.Осыдан соң олар Баренцев теңізінен Қара теңізге дейінгі кеңістікте бір мезгілде шабуылға шықты. Кеңес Одағының құрамында 2,9 млн адамы бар 170 дивизия оларға қарсы тұрды.
Қызыл Армияның жауынгер техникасының жартысынан көбі, әсіресе танк, мотоатқыштар мен ұшқыштар құрамалары қайтадан немесе енді ғана құрылып жатқан болатын. Оны 1941 жылдың соңы мен 1942 жылы аяқтау жоспарланған еді. Танкілер, ұшақтардың жаңа түрлері енді ғана игеріле басталды. Сондықтан да Сталин әр түрлі саяси және дипломатиялық амалмен соғыстың басталуын кешеуілдетуге әрекет жасады. 1937-1938 жылдары Сталиндік жаппай жазалаудан Қызыл Армия көп зардап шекті, ол ең таңдаулы білікті командирлерінен айырылды. 1939 жылы әскери жоғары білімі бар офицерлердің ара салмағы не бары 8 пайыз болды. 1939-1940 жылғы қыста болған Кеңес-фин соғысы Қызыл Армияның қазіргі кезде кең көлемде соғысуға даяр емес екенін көрсетті.
Фашистік Германияның 3700 танк, 50 ұшақ, 47260 зеңбірек және минометтермен қаруланған 5,5 млн әскері бар 190 дивизиядан құрылған жойқын күші 1941 жылы 22 маусым күні таңғы 4-те Кеңес Одағымен шабуыл жасау туралы он жылға жасалған шартты опасыздықпен бұзып, тұтқиылдан ұрыс қимылдарын жүргізді. Жау адам саны мен техникасы жағынан анағұрлым басым еді.
Ұлы Отан соғысына Қазақстан біртұтас елдің бір бөлігі ретінде қатысты. Соғыс қарсаңында оның стратегиялық маңызы бар мол адам және табиғи ресурстары болды. Үшінші бесжылдық деп аталатын кезеңде Қазақ КСР-і түсті металдар (мыс, мырыш, қорғасын) өндіру жөніндегі ірі базаға, көмір, мұнай өндіретін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы (етті мал шаруашылығы, дәнді және техникалық дақылдар) дамыған ауданға айналуға тиіс еді.1938-1941 жылдары Қарсақбай мыс балқыту зауытын қайта құру мен кеңейту, Жезқазған мыс балқыту зауытын салу, Алтайда түсті металлургияны дамыту, Ембіде геологиялық жұмыстар мен барлау-бұрғылау ісін жеделдету шаралары жүргізілді. Өнеркәсіп мүмкіншілігін еселей түсуде еңбек кітапшаларын енгізудің, еңбек тәртібін ретке келтірудің, мемлекеттік сақтандыру тәжірибесін жақсартудың, сегіз сағаттық жұмыс күніне, алты күндік жұмыс аптасына көшудің зор маңызы болды. 1940 жылдың аяғында мемлекеттік еңбек резервтері жүйесі пайда болды. Әйелдердің еңбектегі және саяси белсенділігі артты. Бұл кезде әйелдердің жаппай ерлер мамандығын меңгеру қозғалысы басталды. Әйелдер арасында алғашқылардың бірі болып Қарағанды көмір бассейінінде М.Д.Рогозина – ұңғылау машинисі, Б.Досбаева – электровоз машинисі мамандығын меңгерді. Соғыс қарсаңында халық шаруашылығында істейтін инженер мен техник кадрларының саны артты.
2. Отансоғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қатарында мыңдаған қазақстандықтар шайқасқан Кеңес жауынгерлері барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы кескілескен ұрыс жүргізді. Брест қамалын қорғаушылар арасында қазақстандықтар А.Наганов, қатардағы жауынгер А.Мүсірепов, саяси жетекші В.Лобанов, кіші сержант Қ.Иманқұлов, зеңбірекші-пулеметші К.Жұматов, В.Фурсов, Т.Тұрдыев, Ш.Шолтыров және басқалар болды. Майдан даласында ұрыс салған мыңдаған қазақстандықтар отаншылдық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Мәскеу түбінде генерал-майор И.В.Панфилов қолбасшылық еткен 316-атқыштар дивизиясы ерлікпен шайқасты. 1941 жылғы қарашада Дубосеково разъезі түбінде ұрыс салған 1075-атқыштар полкінің танк жоюшылар тобының ерлігі елге мәлім болды. Осы топта болған ротаның саяси жетекшісі В.Г.Клочковтың: “Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу” – деген жалынды сөзі бүкіл майданды шарлаған ұранға айналып кетті. Мәскеу үшін шайқаста И.В.Карпов қолбасшылық еткен атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальонның жауынгерлері ерекше табандылық пен қаһармандық көрсетті. Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін 316-атқыштар дивизиясы 8-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Жауынгерлердің өтінші бойынша дивизия И.В.Панфилов есімімен аталатын болды. Ротаның саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы жау танкілерін жойып, өз бөлімшелерін қоршаудан алып шықты. М.Ғабдуллинге жауынгерлік ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бородино селосында неміс бөлімінің штабына басып кіріп, 5 неміс офицерінің көзін жойған Төлеген Тоқтаровқа асқан батылдығы мен ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мәскеу үшін болған шайқастарды еске ала келіп, Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған қаһарманы Кеңес Одағының Батыры, белгілі жазушы Б.Момышұлы былай деп жазды: “Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ біздің кең отанымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік”. Қатаң идеологиялық тәртіп кезінде атақты жауынгердің қаһармандық ерлігі өз дәрежесінде бағаланбады. Тек 1990 жылы қайтыс болғаннан кейін жұртшылықтың көп жылғы талабы орындалып Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
А.Масловтың экипажында жерлесіміз Бақтыораз Бейсекбаев бар еді. А.Маслов экипаж мүшелеріне Ресейдің батыры атағы берілді. Тек 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен Б.Бейсекбаевқа “Халық Қаһарманы” атағы берілді. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі Ленинград түбінде соғысты. Балтық флотында бір ғана “Киров” қызыл тулы крейсерінде 156 қазақстандықтар жауынгерлік сапта тұрды. Ленинград үшін шайқастың ауыр күндерінде Сұлтан Баймағанбетов жаудың арнайы салынған қорғаныс ұясының оқ жаудырып тұрған аузын денесімен жауып, қаза тапты. Сол үшін оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ориенбаум алғы шебінде 48-атқыштар дивизиясының атақты мергені Дүйсенбай Шыныбеков шайқасты. 1942 жылдың күзінде Сталинград түбінде кескілескен ұрыстар жүріп жатты. 1942 жылдың күзінде Каспий өңірінде соғыс жағдайы енгізілді. Қазақстандықтардың Волгадағы қаһарман қаланы қорғаушыларға жолдаған үндеуінде “Сталинград – Шығыстың кілті”, - деп көрсетілді. Полковник Ғани Сафиуллин басқарған 73-гвардиялық дивизияның өзі ғана жаудың 120 танкісі мен 800 автомашинасын жойды. Сталинград майданында шайқасқан 29 және Алматының 38-атқыштар дивизияларының даңқы шықты. Олардың екеуі де кейін 72 және 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды.
Кенді Қарағандының өкілі, ұшқыш Нұркен Әбдіров 1942 жылғы желтоқсанның 19-ында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында өз ұшағын жау танкілерінің шоғырына құлатып, серіктерімен бірге ерлікпен қаза тапты. Атақты “Павлов үйі” үшін соғысқан батырлардың интернационалдық тобының бір мүшесі Оңтүстік Қазақстаннан барған жауынгер Толыбай Мырзаев еді. Волга бойында қаһарман қала түбінде минометші Қарсыбай Сыпатаев өшпес ерлік жасады. Қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақстандықтар 387-атқыштар дивизиясының жауынгерлері 28 желтоқсанда мұз үстімен және сау қалған көпірлер арқылы Дон өзенінен өтіп, қарсы беттегі дұшпанды өкшелей қуады да, 1943 жылғы 2 қаңтарда 2-гвардиялық механикаландырылған корпуспен бірлесе отырып жауға ойсырата соққы берді. Әскери стратегиялық маңызы зор Тормосин қаласы алынды.
Қазақстандық партизандардың жалпы саны 3,5 мың адамнан асып түсті. Олардың қатарындағы Қ.Қайсенов (кейін Халық Қаһарманы), Ж.Ағаділова, Е.Воробьева, П.Семенова, Д.Ә.Әбдрайымов, Ә.Шәріпов, У.Оразбаев, Ж.Саин, Ж.Нәметов, Т.Жұмабаев және т.б. қаһармандық ерліктерімен тарихта қалды. 1945 жылы сәуірдің 16-сында кеңес артиллериясының қуатты үні екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ірі операциялардың бірі – Берлин операциясының басталғанын паш етті. Мамырдың 2-сінде Кеңес Армиясы Германияның астанасы – Берлинді басып алды. Берлин операциясына қатысқан Кеңес жауынгерлерімен бірге қазақстандықтар да ержүректілік, ерлік және жоғары шеберлік көрсетті. Берлинді алуға қатысқан Кеңес жауынгерлерінің ерлігі екінші дүниежүзілік соғыс тарихының шежіресінде қалды. 30 сәуірде Рейхстагты алу үшін жанталаса шайқас басталды. Офицерлер С.А.Неустроев, В.И.Давыдов, К.К.Самсонов басқарған батальондар шабуыл жасады. Неустроев батальонынан Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып қазақстандық И.Я.Сьянов басқарған атқыштар ротасы кірді. Дәл осы күні лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың взводы да келіп жеткен еді.Ол алқызыл жалауды Рейхстаг бағанасына басқалардан бұрын тікті. Сержанттар М.Егорьев пен Кантария Рейхстаг шатырына Жеңіс туын келесі күні қадады. 1999 жылы Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету кезінде көрсеткен ерлігі үшін 150-ге жуық қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін шайқасқа өз жауынгерлерін бастап кірді (кейіннен оған Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағы берілді). И.Я.Сьянов, Х.Қайдауов (кейін Халық Қаһарманы), З.Тұрарбеков, Х.Көбеков, Т.Бигельдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және басқа да көптеген атақты жерлестерімізБерлин үшін шайқасқа қатысты. Әрқайсысы 200-ден астам жауынгерлік ұшу сапарын жасап, әуе мен жерде оннан астам ұшақтарды, көптеген танкілерді, ұрыс техникасының басқа да түрлерін қолданып, жүздеген фашистерді жоқ қылған шабуылшы ұшқыштар Талғат Бигелдиновке, Леонид Бедаға, Иван Павловқа және жеке өзі 37 ұшақты және топтасып жүргізілген ұрыстарда жаудың тағы да 6 ұшағын атып түсірген Сергей Луганскийге екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин Орденімен және Алтын Жұлдыз медалімен марапатталған қазақ қыздары: 100-қазақ ұлттық атқыштар бригадасының пулеметшісі Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының мергені Әлия Молдағұлова болды. Олардың екеуі де жүзден астам жауды жойып, шайқас үстінде қаза тапты. Қатарында қазақстандықтар болған кеңестік жауынгерлер Ұлы Отан соғысының тарихына бірталай қаһармандық беттерді қосты. 498 солдаттар мен сержанттар, офицерлер Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Мемлекет Қызыл Әскерді танкімен және авиациямен жарақтандыруға ерекше көңіл бөлді.Мәскеу түбінде ауыр шайқастар жүріп жатқан кездің өзінде-ақ Шымкент темір жол торабының комсомолдары “Қазақстан комсомолы” танк колоннасына қаржы жинап берді. 1942 жылдың қыркүйек айында-ақ “Қазақстан комсомолы” деген жазуы бар 45 жауынгерлік машина Сталинград майданының жауынгерлеріне табыс етілді. Республикада танк колонналары мен авиация эскадрильялары үшін 480 млн. сом жинады. Олар өздері тапқан 4 млн. сомнан астам ақшасын “Қазақстан пионері” қорына аударды. “Қазақстан комсомолы” жойғыш эскадрильясын жасақтау үшін республика жастарынан үш миллион сом қаржы түсті.
Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауды қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.
3. Республика экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп қайта құру жүзеге асырылды. Жаңа кәсіпорындардың, Қарағанды шахталарының, Жезді, Қоңырат, Мырғалымсай, Найзатас кеніштерінің, бірқатар байыту фабрикаларының, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының, Текелі және Өскемен қорғасын-мырыш комбинаттарының құрылысы жедел қарқынмен жүргізілді. Майданға жақын өңірлерден өнеркәсіп орындарын елдің шығыс аудандарына көшіру жүзеге асырылды. Оның ішінде 220 зауыт пен фабрика, цехтар мен артельдер Қазақстанға орналастырылды. Республикаға тамақ өнеркәсібінің 54, жеңіл және тоқыма өнеркәсібінің 53 кәсіпорны көшіріліп, қалпына келтірілді. Бірқатар кәсіпорындардың жабдықтары салынып жатқан өнеркәсіп кешендерін аяқтау үшін пайдаланылды. Машина жасайтын, металдар өңдейтін, шағын қозғалтқыштар (двигательдер), оқшаулағыш материалдар, радио аспаптарын, таразы және тігін машиналарын шығаратын 20 шақты зауыттың технологиясын майдан қажетіне лайықтап қайта құру қажет болды. Авиация жарақтарын, қопарғыш машиналар, траншеялық огнеметтер, электр торпедаларын, теңіз машиналарын, танк новигациялық өнеркәсібіне арналған трестер және қарудың басқа да мейлінше маңызды түрлерін шығару игерілді. Көшіріліп әкелінген зауыттар мен фабрикалар негізінен Алматы, Орал, Шымкент, Семей, Қарағанды, Ақтөбе қалаларына орналастырылды. Оларды орналастырған кезде соғыс уақытының талабы – қалпына келтіру жұмыстарының мейлінше асығыс болуы, майдан үшін өте қажетті өнімді мүмкіндігінше тезірек беру жағы ескерілді. Соғыс жылдары қорғаныс өнеркәсібі үшін Қазақстан металлургтері күні-түні еңбек етті. Өндірілген 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Шығыс Қоңырат руднигі өндірді. Қазақстан соғыс жылдары Одақ бойынша өндірілген барлық қорғасынның 85 пайызы, полиметалдың – 70 пайызы, висмуттің – 50 пайызы, вольфрамның – 20 пайызын өндірді. Осындай халықтың жанқиярлық ерлігінің нәтижесінде кеңестік экономиканың өсу қарқыны соғыс алдындағы бесжылдықтар көрсеткіштерінен жоғары болды. Нәтижесінде тек 1942 жылдың өзінде КСРО Германиямен салыстырғанда танкті 3,9 есе, ұшақты 2 есе, артиллериялық қару-жарақты 3 есе артық өндірді. Ал 1944 жылы кеңестік индустрия тәулігіне бір танк бригадасы мен полкін, 3 авиация полкін жабдықтауға жарайтын әскери техника шығарды. Оған Қазақстан экономикасы да өз үлесін қосып, соғыс өнімдерінің басым бөлігін өндіріп, уақытымен майданға жеткізіп тұрды.
Ауыл шаруашылығын қайта құру міндеті де оңай жұмыс болған жоқ. Майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор болды. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22% болды. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті. Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік қана емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды.
1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілді. Сондықтан да соғыс жылдары егін салу жұмысының 50%-ін ірі қара атқарды. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн. пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пұтқа артық еді. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы 5.00-тен кешкі 22.00-ға дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын балабақшаға тапсырып, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды. Мысалы, Алматы облысының 9 ауданының 277 колхозында соғысқа дейін 64369 адам еңбек етсе, соғыс жылдары олардың саны әйелдер, қариялар және балалар есебінен 68598 адамға дейін өскен. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент ауданының Куйбышев атындағы колхозында 74 жастағы қарт ана Анар Садықова жұмыс істесе, Семей облысы, Абай ауданының “Шолақ еспе” артелінде 70 жасар қария Кенебаев еңбектеніп, жоспарды асыра орындады. 1941 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының “Құрман” колхозының егіншісі Шығанақ Берсиев 1 гектардан 155,8 ц. тары алып, әлемдік рекорд жасаса, ал 1945 жылы 1 га-дан 202 ц. тары алып, өзінің алғашқы көрсеткішін бірнеше рет өсірді. Шиелі ауданы “Авангард” колхозының даңқын шығарған күріш егуші Ким Ман Сам 1 га-дан 154,9 ц. күріш өндірді.
Күріш өсіруші Ыбырай Жақаев 1943 жылы 1 га-дан 172 ц. күріш өнімін алып әлемдік рекорд жасады. Астық өнімі үшін алған 106000 сомды Ы.Жақаев қорғаныс майданына жіберді. Республикада Ш.Берсиев, Ким Ман Сам, Ы.Жақаевтың жолын қуушылар аз болмады. “Ойыл” ауданы “Кемерші” совхозының Зауре Баймулдинабасқарған, Шелек ауданы “Төңкеріс” колхозынан Малжегерова басқарған звенолары 1 га-дан 95-100 ц. тары мен күріш алды. Соғыс жылдарындағы әйелдер ерлігі ерекше. Мыңдаған арулар тіпті тракторға, машина рульдеріне отырды. Мысалы, Ақтөбе облысы, Мартук ауданының Дзержинский атындағы қолхозында Агафья Швалькова соғысқа кеткен күйеуінің комбайынын жүргізіп, 2 күнде 87 гектардан астық жинады. 1942 жылы 450 мың гектар тың және тыңайған жер жыртылып, егін салатын жер ауданы 17%-ке өсті. Осы жылы Қазақстанда 6809 колхоз болды, оларда еңбек етуге жарамды 4 912001 ерлер, 593407 әйелдер еңбектенді. Нәтижесінде 1942 жылы Қазақстанда егін жақсы шығып, республика бойынша 84,3 млн пұт астық жиналды. Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Семей облыстары астық жинау жоспарын 102,2-тен 114,9-ке асыра орындады. 1943 жылдан бастап республикада егістік көлемі қысқара бастады. 1940 жылы егістік 6808,6 мың га болса, 1945 жылы 6039,9 гектарға кеміді. Себебі 1943 жылдан бастап жаудан азат етілген жерлерге егін салу жандана бастады. Керісінше, картоп, бау-бақша өнімдерін егетін жер көлемі жылдан-жылға өсті. Бұл өнімдер 1940 жылы 214,2 мың гектар егістікке егілді. Сондықтан 1944 жылы колхоздар мен совхоздар мемлекетке 1943 жылмен салыстырғанда 18,2 млн пұт қант қызылшасын,150 000 ц. мақта артық өткізді. Бұл жылдары республиканың барлық колхоздары мен совхоздары жоспарларын орындаумен шектелмей, асыра орындауға бар күштерін салды. Мысалы, Қарағанды облысының Осакаровка ауданы 1943 жылы 1944 жылмен салыстырғанда мемлекетке 2 млн пұт астық артық тапсырды.
4. Фашистік билік 1942 жылы Түркістан ұлттық бірлігі комитетін құрды. Фашистер Кеңестер Одағының түркі тілдес мұсылман халықтарын жаулап алып, «Үлкен Түркістан» мемлекетін құруды жоспарлады. Оның құрамына Түркмения, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз жерлері кіру керек еді. Сонымен бірге Башқұртстан, Татарстан, Чуваш, Мари, Мордова, Удмурд және т.б. аудандар кіретін «Еділ-Орал» бірлестігін құру көзделді. Олардың жоспары бойынша Қазақ өлкесінің оңтүстік және Жетісу аймағы «Үлкен Түркістанға», басқа аймақтары «Еділ-Орал» бірлестігінің құрамына енетін болды. Фашистер кеңестік соғыс тұтқындарының түркі-мұсылман халықтарынан тұратын өкілдерінен «Шығыс легионын» жасақтады. Соғыстың алғашқы күнінен бастап Кеңес өкіметі әскери тұтқындар туралы «Кеңес Одағында әскери тұтқындар жоқ, тек сатқындар ғана бар» деген мәлімдеме жасаған болатын. Кейбір деректерге қарағанда «Шығыс легионында» 250 мың адам болған, оның 181402-сі Түркістан өлкесінен екен. 1942 жылы мамыр айында «Шығыс легионы» фашистік армияның 162 жаяу әскери дивизиясына бағындырылды. Ондағы әскери бөлімдер ұлттарына қарай құрылды. Мысалы, Түркістан батальоны құрамына 1-ші қырғыз жаяу ротасы, 2-ші өзбек ротасы (тәжіктермен бірге), 3-ші қазақ ротасы, 4-ші түрікмен ротасы (шығыс татарларын қосқанда) кірген. Аралас пулеметшілер ротасы қырғыз, өзбек, қазақ взводтарынан құралды. «Шығыс легионының» офицерлері мен кіші офицерлерін дайындайтын Варшава түбінде арнайы мектеп ашылған. Бірақ легионерлер фашистерге қарсы көтеріліске шығып, Кеңес Армиясы жағына өтіп кетіп отырған. «Еділ-Орал» легионында Мұса Жәлел фашистерге қарсы жасырын күресті.Оған кейіннен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Фашистерге қарсы күрескені үшін Г.Қүрмашев, А.Андашев сынды т.б. қазақтар атылып кетті. Фашистік Германия М.Шоқайдың беделін «Түркістан легионын» құру үшін пайдалануды көздеді.
«Түркістан легионы» 1942 жылы сәуірде құрылды. Көрнекті қоғам қайраткері, заңгер Мұстафа Шоқай (1886-1941) Түркістан халықтары арасында тұңғыш рет Еуропада түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы болды. Ол 1941 жылы тамыз-қараша аралығында Германиядағы бірқатар тұтқындар лагерін аралап, ондағы мыңдаған түркістандықтармен кездеседі. Оларды өлім тұзағынан құтқарып қалуды өзінің бірден-бір борышы деп санаған. Лагерьдегі адамдардың жағдайын көріп, жаны күйзелген М.Шоқай Германияның билік орнына жолдаған хатында: «Сіздер, немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ», -деп жазған болатын. Осы хатты тапсырған немісофицері: «Пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» - дегенде М.Шоқай «Егер сіздер осыған байланысты маған ату не асу жазасын берсеңіздер - қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық», - деп жауап берген. М.Шоқай 1941 жылы Берлиндегі «Виктория» ауруханасында құпия жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылман бейітінде жерленген. Кеңестік идеология тұсында «Түркістан легионының» қызметі М.Шоқайдың атымен байланыстырылып баяндалатын еді. Бұл пікір бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді. Алайда біз бұл легионның 1942 жылы сәуірде қүрылғанын және М. Шоқайдың жоғарыда фашистер туралы айтқан пікірін ескеретін болсақ, онда оның тарихи шындыққа сәйкес келмейтініне көз жеткіземіз.
5. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында 60 млн-ға таяу адам қаза болып, оның ішінде 27 млн-ға таяуы Кеңестер Одағының азаматтары және 6 млн адам Польша мемлекетінен еді. Ондаған миллион адамдар жараланды және мүгедек болды. I дүниежүзілік соғыспен салыстырғанда II дүниежүзілік соғыстағы адам шығыны 6 есеге, ал материалдық шығын 12 есеге көп болды. Германия мемлекетіне қолға түскен 4,5 млн кеңестік әскери қызметкерлердің тек 1,8 млн ғана үйіне оралған болатын. Арнайы құрылған неміс лагерьлерінде 11 млн-нан астам адамдар өлтірілді, оның ішінде 6 млн еврей халқы бар.Соғыстың аяқталу шағында Құрама Штаттары ең қауіпті жаппай қырып жоятын қару — атом бомбасын пайдаланды. 1945 жылдың жазында Жапонияға тасталған екі америкалық атом бомбасы толығымен Хиросима және Нагасаки қалаларын, оның ішінде бейбіт өмір сүріп жатқан халқымен қоса жойды.Барлық мұхиттар мен құрылықтарды (Антарктикадан басқа), жер шарының 4/5 бөлігін қамтыған екінші дүниежүзілік соғыс адамзат баласының тарихындағы өте өзгерісті кезеңнің бірі. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең маңызды қорытындысы — фашизмді жеңу болды. Фашистік және соғысқұмар басқыншы-мемлекеттер -Германия, Италия, Жапония және олардың одақтастары толығымен талкандалды.Соғыстың ең бір маңызды қорытындыларының бірі — тұтастай бірқатар елдердің капиталистік емес даму жолына түсуі. Соғыс нәтижесінде Жапонияның тізе бүгуі және 1945-49 жж. азамат соғысының жеңісінен кейін Қытайда билік басына коммунистік жаңа жүйе келді. 1949 жылдың 1 қазан күні Қытай Халық Республикасы құрылды. Әлемде халықтық-демократиялық және социалистік елдер қауымдастығы пайда болды.Екінші дүниежүзілік соғыстың тағы бір маңызды нәтижесі — отарлық жүйенің жойылуының басталуы болды. Азаматтық мақсаттар және соғыстың антифашистік сипаты, фашистік баскыншылардың талқандалуы ұлт-азаттық козғалыстардың өрлеуіне мүмкіндік жасады. Жапонияның басып алған Азия және Тынық мұхит елдері (Үндікытай, Индонезия, Малайзия, Бирма, Филиппин) метрополия елінің карамағынан, бакылауынан шыкты. Жапонияның тізе бүгуінен кейін бұл елдер өз тәуелсіздігін жариялады. Ал баска отар елдерде, әсіресе Үндістан, Сирия, Ливан, Трансиордания, Палестинада соғыс халық бұкарасының саяси белсенділігін оятты, олар белсенді түрде тәуелсіздікті талап ете бастады. Отаршылар билігі шайқалды және отарлык жүйенің кайтымсыз күйреуі басталды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   66




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет