Біріншіден, Қазақстанның аса бай табиғи ресурстарын мүмкіндігінше көбірек, қамти пайдаланып қалу;
Екіншіден, қоршаған ортаны ластайтын, суды, шикізатты, қуатты көп қажет ететін лас өндіріс орындарын осында қалдыру;
Үшіншіден, бай аумақты тәуелділіктен шығармау үшін онда жөні дұрыс бұйым, машина, прибор, станок, электроника, электротехника тауарларын көпшілік қолданатын бұйымдарды шығармау мақсат етіп қойылды. Нәтижеде Қазақстан “бәрі бар болса да, түгі жоқ”, бай болса да тәуелді мемлекетке айналды. Бұл Қазақстанды Ресейден ешқашан ажырап кете алмайтын етіп, байлап-матап тастауды көздеген құйтырқы саясаттың нәтижесі болатын.
2. Екінші дүниежүзілік соғыста аса маңызды жеңіске жеткен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) бейбіт құрылысқа көшті. Соғыстан бұрын-ақ жеке билік орнатып алуға қол жеткізген коммунистік әкімшілік қолында күші бар ведомстволарды пайдалана отырып, билік басында бұрынғыдан да мығым отыруға мүмкіндік алды. Соғыс ауыртпалығын өз көздерімен көріп, жан дүниелерімен сезінген Кеңес адамдары күшті жаумен болған аса ауыр соғыста “Жеңісті асқан кемеңгерлікпен ұйымдастыра білген” компартияға шын сеніммен қарады. Большевиктер билікке келгеннен бергі уақытта болып жатқандардың бәрі бұлтартпас ақиқаттай, өте орынды болып көрінді. Бұқараға шаруашылықтағы, әлеуметтік-мәдени өмірдегі қиындықтар өтпелі әрі уақытша сияқты болып, келешекке сеніммен қарады. Сондықтан құлшына еңбек етті. Бүкіл Кеңес адамдары сияқты қазақстандықтар да Сталиннің жеке басына табынып, жергілікті билік иелеріне құлдық ұра бағынды. Қол жеткен жетістіктің қандайы болмасын “көсемнің көрегендік қабілетіне” байланысты дәріптеліп, кемшілік атаулының “империалистердің құйыршықтары” мен “халық жауларының” қолымен жасалып жатқандығын күн құрғатпай қақсау сол кез адамдарының дүниеге көзқарасын, психологиясын айқындаушы факторға айналды. Нәтижеде партия нұсқаған әр іске даурыға, ұранмен кірісу, кез келген бөгде пікір иесіне өшіге қарап, оның ізіне түсу үйреншікті жәй болып қала берді. Осындай алдамшы әлеуметтік-психологиялық ахуалдың қалыптасуы салдарынан әміршіл-әкімшіліктің демократияға қарсы адамгершіліктен аулақ, жүгенсіз өктемдік әрекеттері жалғаса берді. Шынында әміршіл-әкімшілік жүйенің басқару әдісіне адам құқықтарын аяққа басу, азаматтардың бостандықтарын шектеу, оларды саясаттан, мемлекеттік басқарудан шеттету, өндіріс құралдары мен жерден ажыратып тастау сияқты құбылыстар толығымен тән еді. Қазақстан КСРО-ның құрамына еріктілік ұстанымында енген одақтас республика болып есептелгенімен, іс жүзінде ешқандай егемендік құқығы болмады. Орталыққа толық бағынған, оның бөлінбес аймағы болып қала берді. Коммунистік партия бұл кезде өзінің саяси ұйым ретіндегі функциясын кейін ысырып қойып, мемлекеттік басқару жүйесімен бірігіп, жоғарыдан төмен қарай, бұйрықпен басқарылатын, иерархиялық-пирамидалық құрылымға айналған болатын. Қоғам дамуының барлық мәселелері компартияның съездері мен пленумдарында қаралды. Партия өзінің жұмысын қолында күші бар ведомстволарға – Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне (МҚК), Ішкі істер министрлігіне (ІІМ) сүйеніп жүргізді. Қажетіне қарай әскер күшін пайдаланудан да тайынбайды. Орталық пен өзге одақтас республикалардағыдай, Қазақстан компартиясы да республикадағы барлық билікті иемденді. Республика партия ұйымының басшылары Орталықтың қатаң нұсқауы бойынша жұмыс істеді. Өзінше басқаруға тырысқандар биліктен дер кезінде шеттетіліп отырды. Көркемөнер мен білім салалары мейлінше идеологияландырылды. 1949 жылы Қазақстан Коммунистік большевиктер партиясының IV-съезі болып өтті. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Ж.Шаяхметов сайланды. Ол республика партия ұйымын 1954 жылға дейін басқарып тұрды. 1950 жылы республикада коммунистердің саны 58920 адам болса, 1960 жылы 345115-ке жетті.
Республиканың Жоғары Мемлекеттік билік органы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Жоғары Кеңесі деп есептелді. Облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық, поселкелік өкімет билігі еңбекшілер депутаттарының жергілікті кеңестер атқару комитеттерінің қолында болды. Бұлардың бәрі жоғарыдан төмен қарай партия белгілеп берген қатаң нұсқаумен жұмыс істеді. 40-жылдың аяғында Қазақстан кәсіпшілер одақтары 1 млн. астам еңбекшілерді біріктірді. Компартия басшылығымен жұмыс істеген кәсіподақтар еңбекшілер арасында тәрбие жұмысын жүргізу, социалистік жарыстар ұйымдастыру, бұқараның тұрмыс жағдайына қарап, мүмкіндігіне қарай көмек көрсету істерімен шұғылданды, кәсіпорындармен, шаруашылықтармен ұжымдық шарттар жасасып, еңбек тәртібінің сақталуын қадағалады, еңбектің озық әдістерін таратумен айналысты.
Комсомол партияның мемлекеттік, шаруашылық және мәдени құрылыс істерінің барлық салаларындағы көмекшісі болды және кадр резервін дайындау қызметін атқарды. Қазақстан комсомолы екпінді құрылыстарға, ірі кәсіпорындардың салынуына, тың игеруге үлес қосты. Ол жылдары комсомол жастар арасында беделді болды. Қазақстан комсомолы бірқатар отаншыл бастамалардың ынтагері ретінде көрінді, Өскемен су электр станциясы, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, Қазақстан магниткасы және т.б. объектілердің салынуын қамқорлыққа алды. Комсомол ұйымы жастар тәрбиесі мен балалардың коммунистік құрылымы – пионер ұйымының жұмысына бақылау жасады. 1951 жылдан 1960 жылға дейінгі аралықта республикадағы комсомол мүшелерінің саны екі есе артып, 760 мың жасты біріктірді.
Конституцияларда жазылғандар түгелдей қағаз жүзінде қалды. Өзге одақтас республикалар сияқты Қазақстан да мемлекеттік құрылым ретінде еш құқығы жоқ, Ресейдің бөлінбес бір аймағы болып қала берді. Әміршіл-әкімшілік 50-жылдардың ортасында ғана одақтас республикалардың құқықтарын кеңейту мәселелерін қарауға оралды.КСРО Министрлер Кеңесінің 1955 жылғы мамырдағы қаулысы бойынша одақтас республикалардың халық шаруашылығын жоспарлау мен қаржы бөлу тәртібі өзгертілді. Республикалардың бюджетті бөлу құқықтары кеңейтілді, табыстың кейбір түрлері бойынша сынға алынды.
50-жылдардың кезінде Одақта “космополитизмге” батыс мәдениетін дәріптеушілікке қарсы күрес дегенді бетке ұстап, баспасөз интеллигенцияның жекелеген өкілдерінің шығармашылығына орынсыз баға беру ұлттық мәдениеттің өркендеуіне салқынын тигізді. Ал Қазақстанда бұған өткендегі тарихты әрлеп көрсету деген айыптау қосылды.
Мысалы, 1950жылдың желтоқсанында “Правда” газетінде жарияланған “Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын” деген мақаланы талқылау барысында тарихи оқиғаларды дәлірек айтқанда, ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған азаттық қозғалысын бағалауда жіберілген “елеулі қателіктер” атап көрсетілді.
Сынаушылар Бекмахановтың еңбектерінде орысқа қарсы ұлттық көтерілістер дәріптелген деп айыптады.Мақаланың жариялануы Е.Бекмахановты ресми түрде саяси айыптаудың басы болды. Авторға Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты ақтау тұрғысынан көрсеткен буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеді деген кінә тағылды. 1951 жылғы сәуірде Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті осы мақалаға байланысты қаулы қабылдап, оны дұрыс деп бағалап, автордың “буржуазияшыл ұлтшылдық көзқарастарын” айыптады. Тарихшы Е.Бекмахановтың Кенесары Қасымұлы туралы материалы мен 1946 жылы КСРО Ғылым Академиясында қорғаған докторлық диссертациясы негізінде жазылған “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” деген атпен жарияланған монографиясы жайында даңғазалық, айқай-шу етек алды.
Осындай олқылықтарды түзету жөнінде шаралар қолданбады, кадрларды жерлестік қағида бойынша іріктеді, мемлекеттік қаржыны жұмсауда жіберілген елеулі кемшіліктерге Ғылым Академиясының төралқасы немқұрайды қараған деп орынсыз жазғырып, Қ.И.Сәтбаевты орнынан алды. 1952 жылы сәуірде Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып Д.А.Қонаев сайланды.
Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е.Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас еркіндігінен айрылып, алыс лагерьлердің біріне айдалды. Бір кезде өзімен істес болған кейбір ірі ғалымдардың араласуымен Бекмаханов 1954 жылы ақталып шықты. Е.Бекмахановпен қатар, 1952 жылы Қазақстанның геологиялық ғылымын дамытуға орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым М.П.Русаков, академиядан шығарылған А.Қ.Жұбанов, Қ.Ж.Жұмашев, тарихшы Б.Сүлейменов, филолог-ғалымдар Е.Исмайылов пен Қ.Мұхаметқанов, соңғысы Абайдың әдеби мектебін зерттеу мәселелерінде жіберген ұлтшылдық қателері үшін қамауға алынып, ұзақ мерзімге сотталған. Сондай-ақ, Ә.Марғұлан, Ә.Әбішев, С.Бегалин сынды ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталды. Ғылым Академиясының Президенті Қ.И.Сәтбаев «Едіге батырға» алғысөз жазғаны үшін «ұлтшыл» атанса, М.Әуезов 1945 жылы жарық көрген «Абай өмірінің және творчествосының биографиялық очеркі» еңбегінде Абайды «феодалдық ақындар Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев ортасында суреттегені» үшін қудаланады. Сол кездегі ахуалдың төзгісіз болғаны соншалық Қ.И.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбанов және басқа көрнекті ғалым, мәдениет қайраткерлері республикадан кетіп қалды.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін қуғын-сүргін науқаны біраз баяулады. Сталиннің өз кезінде жоспарланған Қазақ КСР Ғылым Академиясының тарих, археология, этнография институтын, тіл және мәдениет институтын, Кеңестік жазушылар Одағын «ұлтшылдардан» тазалау саясаты тоқтатылды. Кезінде ОГПУ, НКВД-ні басқарып, әкімшіл-әміршіл жүйенің адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарын заңдастырған Берия ату жазасына кесілді. «Үштіктер», «Бестіктер», «Ерекше кеңес» жойылып, ГУЛАГ МҚК-не берілді. Бірақ бұл әкімшіл-әміршіл жүйенің күйреуі емес болатын. Сотталған адамдар бұрынғыша лагерьлерде отырды, ал адам құқығының аяққа басылуына Сталиннің өзі сияқты қатысты болған көптеген саяси қайраткерлер жоғарғы өкімет билігінде отыра берді.
3. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда КСРО-даэкологиялықжағдай күрделі проблемалардың біріне айналды. Бұл проблемадан Қазақстан да тыс қалған жоқ. Әлем тарихында «қырғи қабақ соғыс» деп аталған империалистік мемлекеттер мен социалистік мемлекеттер арасындағы жанталаса қарулану бәсекесі XX ғасырдың 2-ші жартасында дүниені шарпыды. Бұл бәсекеде басты орында АҚШ пен КСРО тұрды. Ең алдымен бұл екі мемлекет ядролық қарудың ошағына айналды. Қазақстанда КСРО қорғаныс кешенінің ең ірі ядролық полигоны орналасты. КСРО-да ең ірі ядролық сынақ алаңы Семей полигоны болды. Семей, Павлодар, Қарағанды облыстары түйіскен жерде орналасқан бұл полигон 8372 км2 жерді қамтыды.Қазақстанда ядролық қаруларды сынаудың аса ауыр зардабы болды. КСРО Министрлер Советінің қаулысы бойынша 1948 ж. үш облыстың: Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының түйіскен жеріне орналасқан ядролық полигон салынды.
Ядролық зарядты тұңғыш сынау 1949 ж. 29 тамызда өткізілді. КСРО Қорғаныс Министірлігінің өз мәліметі бойынша 1949 жылдан 1963 жылға дейін полигонда қуаты бірнеше тоннадан 100 килотоннаға дейін 113 жарылыс ауада жасалған, тек 1964 жылдан бастап қана сынақ жер астында жасалды. 1989 ж. қыркүйектің 19-на дейін қуаты бірнеше тоннадан 150 килотоннаға дейінгі 343 сынақ жасалған. КСРО Денсаулық сақтау министрлігі бұл өңірде дәрігерлік тексеру жүргізуге тиым салды, ал әскери дәрігерлер алған нәтиже – мәліметтер қатаң құпияда сақталып, ядролық полигонның қызметі келтірген зиянның бәрін жасырып келді. Адамдардың жағдайына мұндай көзқарас полигонға жақын тұратын халықтың арасында түрлі аурулар өрши бастауына алып келді. Сәуле ауруының көріністері Семей облысы Абай ауданының, Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданының тұрғындары арасында жиі байқалды.
Ол кезде полигонның халыққа, қоршаған ортаға деген зияны туралы еш нәрсе айтылмады. Полигонда өткізілген әрбір сынақтың адам өміріне келтіретін зияны өте көп болды. Адамдар арасында түрлі аурулар көбейді. Өмірге келетін сәбилердің кемтар болып тууы жиіледі. Жер қыртыстары жарамсыз болып қалды.1969–1970 жылдары Маңғыстау жеріндежер астында ядролық қару үш рет сыналды. Бұл сынақ халықтан жасырын түрде өткізілді. 70-жылдардан бастап Қазақстандағы тағы бірэкологиялық апатты аймақ Арал теңізіболды. Ең алдымен өндіргіш күштерді орналастыруда жіберілген стратегиялық қателік басты себептердің бірі болды. Сырдария, Амудария өзеңдері суларын мақта, күріш дақылдарын өсіруге қисапсыз пайдалануы Арал теңізінің тартылуын тездетті. Қазіргі уақытта Балқаш көлінің де экологиялық жағдайы проблемаға айналып отыр.
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-ші – 80-ші жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше шиеленісе түсті. Сол кездегі күшпен ұстап тұрған кеңестік тоталитарлық жүйенің құлдырауы жағдайында басқаша болуы мүмкін де емес еді.
4. Соғыс басталған соң “КСРО Ғылым академиясының Орал, Батыс Сібір және Қазақстан байлықтарын қорғаныс мұқтажына жұмылдыру жөніндегі комиссиясы” құрылды. Құрамында В.Л.Комаров, А.А.Байков, И.П.Бардин, А.А.Скочинский, В.К.Обручев, Л.Д.Шевяков, В.Н.Образцов сияқты кеңестің ірі ғалымдары енген комиссияның ғылыми ұсыныстары Қазақстанның әскери экономикасын дамытуды негізге алды. Соғыс жылдарында республикада ірі ғылыми күштер шоғырланды. Бурабайда академиктер В.М.Алексеев, А.Н.Бах, Л.С.Берг, С.Н.Бернштейн, В.Н.Вернадский, Н.Ф.Гамалей, Н.Д.Зелинский, Л.И.Мандельштам, А.С.Орлов және басқалар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Республика астанасында 20-дан астам ғылыми-зерттеу институты, соның ішінде КСРО Ғылым академиясының философия, география, физиология институттары, УКСР Ғылым академиясының физика-механика институты, КСРО Сәулет академиясы орналасты. Көшіріліп әкелінген жоғары оқу орындарында ғалымдардың үлкен тобы еңбек етті.КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында астрономиялық обсерватория, тіл, әдебиет және тарих, химия-металлургия, топырақтану бөлімдері ұйымдастырылды. 1945 жылы қазан айында КСРО үкіметі Қазақ КСР Ғылым академиясын құру туралы шешім қабылдады. Қ.И.Сәтбаев бастаған Қазақстан ғалымдары қара, түсті және сирек кездесетін металлдарды, жанатын пайдалы қазбаларды, су және энергетика қорын майдан қажеттеріне жұмылдыру бағытында жұмыс жүргізді. Қ.И.Сәтбаевқа Жезқазған мыс кен орындарына сіңірген көпжылдық еңбегі үшін 1942 жылы Мемлекеттік сыйлық берілді. Көшіріліп әкелінген Мәскеу авиация институты, Мәскеу түсті металдар мен алтын институты, Киев және Харьков біріккен мемлекеттік университеті білікті кадрлар даярлап шығара бастады. Соғыс кезінде Алматыда Мемлекеттік шет тілдер педагогика институты, Шымкент технология институты, Қазақ Мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика институты ( 2008 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті), Дене шынықтыру институты құрылды. Әдебиет пен өнер халықтың қуатты идеялық қаруы болды. Қазақстаннан 100-ге жуық жазушы мен ақындар соғыс майдандарында шайқасты. М.Әуезовтің көптомдық “Абай” эпопеясының бірінші кітабы, С.Мұқановтың өмірбаяндық “Өмір мектебі” повесі, Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, Ғ.Мұстафиннің “Шығанақ”, Ә.Әбішевтің “Жас түлектер” повестері бүкілодақтық оқырмандарға қазақ кеңестік прозасының идеялық және көркемдік жағынан кемеліне келгенін көрсетті. Қазақ әдебиеті С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин сияқты жаңа есімдермен толықты. Майдангер-офицер Б.Бұлқышевтың публицистикалық мақалалары елеулі құбылыс болды. Ж.Саин, Қ.Аманжолов майданда жүріп жалынды жырлар жазды. Жамбылдың “Ленинградтық өренім” өлеңінің маңызы бүкілодақтық дәрежеге көтерілді.
Соғыс жылдары Қазақстанға көрнекті жазушылар Ф.Панферов, О.Форш, С.Маршак, К.Паустовский, М.Зощенко келіп еңбек етті. А.Толстой “Иван Грозный” трилогиясын Қазақстанда жазды. С.Я.Маршак, С.В.Михалков “СОТА терезесі” үгіт плакаттарын жасау жұмысына белсене қатысты. Қазақстанға Мәскеудің, Ленинградтың, Киевтің, Харьковтың және басқа қалалардың 23 көркемөнер ұжымы көшіріліп әкелінді. Аса көрнекті сахна қайраткерлері В.П.Марецкая, К.А.Мордвинов, Г.С.Уланова, Ю.А.Завадский, сазгерлер С.С.Прокофьев, С.Туликов,суретшілер Кукрыниксы, С.Куприянов, П.Крылов, Н.Соколов өз мамандықтары аясында өнімді еңбек етті.
1941 жылы қарашада көшіріліп әкелінген “Мосфильм”, “Ленфильм” киностудиялары мен Алматы киностудиясы негізінде көркем фильмдердің біріккен орталық киностудиясы ұйымдастырылды. Онда Кеңес киносының С.Эйзенштейн, Л.Трауберг, С.Юткевич, Ф.Эрмлер, Н.Черкасов, М.Жаров, Л.Орлова сияқты үздік шеберлері жұмыс істеді. Төртжылдық қазақ киноактерлер мектебі ұйымдастырылды. Сол кезде Қазақ КСР астанасында жұмыс істеген Бүкілодақтық мемлекеттік киноматография институтында ұлттық кадрлар даярланды. М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Тәжібаевтың қатысуымен орталық киностудиялар шеберлерімен бірлесіп отырып “8-гвардиялық”, “Абай әндері”, “Жауынгер ұлы”, “Қазақ киноконцерті - майданға”, “Саған, майдан” картиналары түсірілді. Қазақстанның өнер қызметкерлерінен құрылған ІІ концерт бригадасы Калинин, Солтүстік Батыс, Сталинград, Оңтүстік Батыс, Белорусь майдандарының, Ерекше Қиыр Шығыс Әскери бөлімдерінде көптеген концерт қойып, жауынгерлердің рухын көтеріп, жеңіске жігерлендірді. 1941 жылғы қыркүйектің ауыр күндерінде қазақтың халық ақыны Жамбыл ленинградтықтарға “Ленинградтық өренім” деген жырын арнап, онда көп ұлтты еліміздің бүкіл еңбекшілерінің ой-пікірін, сезімі мен алаңдаушылығын білдірді. 1942-1944 жылдарда Қазақстанға майданнан 22 делегация барып қайтты. Осының бәрі майдан мен тыл бірлігінің нығаюына жәрдемдесіп, кеңес адамдарының жеңіске деген сенімін күшейтті.Соғыс кезіндегі орасан зор қиыншылықтарға қарамастан халыққа білім беру ісіне зор қамқорлық жасалынды. 1941 жылғы студенттер саны 10,4 мыңнан 1945 жылы 15 мыңға дейін көбейді. Республикада білікті кадрлар даярлауда эвакуацияланған оқу орындары (20-дан астам жоғары оқу орындары мен 16 техникум еді, олардың 11-і Алматыда болатын) едәуір жұмыс атқарды. 1941 жылы қарашада Абай атындағы опера және балет театры үйі құрылысының аяқталуы республиканың мәдени өміріндегі айтулы оқиға болды. Соғыстың аяқ шенінде Алматыда жасөспірімдер театрының әртістері көптеген патриоттық спектакльдер қойды. 1942 жылы кеңес халқының фашистік басқыншыларға қарсы қаһармандық күресі тақырыбында С.Мұқановтың либреттосы бойынша Е.Брусиловский жасаған тұңғыш опера - “Ұлан, алға!” опера театрының сахнасына шығарылды. Қазақ академиялық драма театрының ұжымы 1943 жылы В.Шекспирдің М.Әуезов аударған “Асауға тұсау” пьесасын қазақ тілінде қойды. Музыка мәдениеті ілгері қарай елеулі қадам жасады. Е.Брусиловскийдің “Сарыарқа” симфония-сюгетасы, Л.Хамидидің “Қазақстан” сюитасы, М.Төлебаевтың “Тос мені тос” және “Жорық” шығармалары таңдаулы туындылар қатарына жатты. Майдангер сазгер Рамазан Елубаевтың Төлеген Тоқтаровқа арналған, Ғабиден Мұстафиннің өлеңіне жазылған лирикалық “Жас қазақ” әні жан тебірентерлік әсерге толы. Соғыс кезіндегі көптеген қиыншылықтарға қарамастан (мекемелер саны қысқарды, материалдық база едәуір нашарлады) жалпы кітап қоры 10 млн. томнан асатын 10,5 мың кітапхана, 17 музей, 3845 клуб мекемесі, 2257 оқу үйі, көркемөнерпаздардың 3500 үйірмесі жұмыс істеді. Соғыс жылдары қазақ және орыс тілдерінде 7 журнал, 4 республикалық, 33 облыстық, 196 аудандық газет шығып тұрды. Дарынды тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов 1943 жылы Алматыда жарық көрген “Қазақ КСР тарихы” атты көлемді еңбектің негізгі авторларының бірі еді.
Достарыңызбен бөлісу: |