1 орман орман ресурстарын экономикалық-географиялық тұрғыдан бағалаудың теориялық және әдістемелік мәселелері


Қазіргі экономикалық және әлеуметтік географиядағы табиғат ресурстарын пайдалануда төлемдер мәселесі



бет2/12
Дата17.06.2016
өлшемі0.93 Mb.
#142331
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1.2 Қазіргі экономикалық және әлеуметтік географиядағы табиғат ресурстарын пайдалануда төлемдер мәселесі
Баршамызға белгілі, бізді қоршаған табиғи орта, жер қыртысы (жер шарының қабығы) жекелеген құрылымдық элементтерден – табиғат кешендерінен құралады. Бұл табиғи кешендер геоморфологиялық, геологиялық, физикалық, биологиялық, географиялық және басқа да жаратылыстану ғылымы өкілдерінің жүргізген зерттеулері негізінде анықталады. Мұндай зерттеулердің нәтижесінде табиғи кешендер, бүкіл елдің аумағы физикалық-географиялық ерекшеліктерімен қалыптасады. Табиғат кешендері генетикалық біртұтастығымен, салыстырмалы біртектілігімен сипатталады.

Табиғи кешендердің жеке элементтері немесе олардың жиынтығы оларды шаруашылыққа пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан алғанда бірдей болмайды, яғни өзінің экономикалық маңызы бойынша әрбір сәтке сәйкес және уақыт ағымына орай ерекшеленеді. Өндіргіш күштердің даму деңгейі мен зерттеулеріне сәйкес материалдық әрекетке тікелей қатысу формасына қарай, адамның, адамзат қоғамының қажеттілігін өтеу мүмкіндігіне байланысты табиғат кешендерінің элементтері табиғи ресурс деп есептеледі. Мысалы, қазба байлықтарға – минералды ресурстарға жер қойнауының тек қоғамның белгілі бір қажеттілігін қанағаттандыру үшін ғана игерілетін бөлігі жатады. Мысалы бос тау жынысы өндіріс технологиясы мен техникасының жетілген шағында, оған қоғамдық қажеттілік пайда болған кезде ғана ресурсқа айналуы мүмкін. Құрамында орта есеппен 1,5 %-дан аз мыс кені өткен ғасырда өнеркәсіптік құндылығы жоқ, бос тау жынысы деп саналды, ал сондай қорғасын-мырыш кені өткен ғасырдың басында бос тау жынысы деп есептелді. Құрамында фосфоры бар, темір кені олардан болат пен шойын алу технологиясын ойлап тапқанша өндірісте пайдалануға жарамсыз деп есептелді. Белгілі бір уақытқа дейін Чили силитрасы, Хибин аппатиті мен нефелині, Қаратау фосфориті пайдаланылмай келді. Өнеркәсіптің атом, ракеталық, космостық, теледидарлық сияқты жаңа салаларының пайда болуы мен дамуына байланысты уран, берилий, цирконий, титан, ниобий, цезий, рубидий, германий, стронций алу үшін минералды шикізаттың жаңа түрлері игерілді [9].

Академик А.Е. Ферсманның айтуы бойынша “…табиғатта пайдалы және пайдасыз, керекті және керексіз минералдар жоқ – адам өзінің жасампаз еңбегімен табиғатты өзіне бағындырады және оны елдің өндіріс күшіне айналдырады”. Сонымен, табиғат ресурсы деп өндіргіш күштердің дамуы мен зерттелу деңгейіне сәйкес адамзат қоғамының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын табиғи денелерді немесе табиғи күштерді айтамыз [1]. Еңбек күшін жұмсау нәтижесінде қоғамның белгілі бір қажеттілігін қамтамасыз ету үшін табиғи ортадан алынған табиғат ресурстары қоғамның материалдық құндылығын құрайды. Олар табиғи зерзаттар емес, рұтыну өнімдері, еңбек құрал-жабдықтары.

Табиғат ресурстарының рөлі мен мәні қоғам өмірінде уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Өндірістің техЭикасы мен технжлогиясының жетілдірілуіне қарай адамзаттың табиғатқа тәуелділігі кемиді, бірақ табиғи ресурстарды барған сайын көп мөлшерде пайдаланады. Жоғарыда келтірілген анықтамаларға сәйкес табиғат ресурстары біріншіден, табиғи денелер немесе табиғи күштер, яғни табиғи ортаның, табиғи кешеннің бір бөлігі, екіншіден – табиғат ресурсы ретінде табиғи денелерді немесе күштерді мойындау қоғамның өндіргіш күші мен табиғаттың меңгерілгендігі белгілі бір деңгейде қалыптасады, үшіншіден, оларды пайдалану материалдық іс әрекетке тікелей қатыстыру формасында қоғамның белгілі бір қажеттілігін қанағаттандырады. Сонымен, “табиғат ресурсы” түсінігінің өзі өндіргіш күштердің даму деңгейімен, қоғамның қажеттілігіне қанағаттануымен және экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалануымен байланысты, сөйтіп, “табиғат ресурсы” түсінігінің өзі экономикадан, қажеттіліктен тыс болмайды [10].

Табиғи ресурстардың адам өміріндегі рөлі жайында (негізінен философтар мен экономистер) ұзақ уақыт бойы сөз таластырды. Идеалистер, мысалы, адамзат қоғамының дамуы үшін материалдық жағдайдың маңыздылығын теріске шығарып отырды, ал “географиялық бағыттың” өкілдері адамзат қоғамының дамуында табиғи факторлардың шешуші рөл атқаратындығын баса жазып отырды. Материализм ілімінің классиктері, табиғи ресурстар да еңбек сияқты зат түріндегі байлыққа негіз болатындығын, бірақ олар еңбекпен өңделгенде ғана тұтыну құндылығына ие бола алатынын көрсетті. Бұл жағдайда табиғат ресурстары белсенді элемент емес еңбек заты болады. Марксистер қоғамның дамуында шешуші рөлді қоғамдық өндіріс, әсіресе, өндіріс тәсілі атқарады деп ойлады.

Қазіргі кезде қоғам мен табиғаттың, қоғамның жекелеген топтарын бір-біріне қарсы қоюдан гөрі олардың диалектикалық бірлігі жайындағы ұғым қалыптаса бастады. Қоғамның экономикалық даму деңгейі ғылыми-техникалық жетістіктегі жаңа бағыттарды қолдану арқылы елдің табиғи ресурстарын тиімді пайдалану дәрежесімен анықталады.

Табиғи ресурстардың қоғамдық өндіріске тигізетін әсерін қазіргі заманғы ғылым үш жақты қарастырады. Біріншіден, табиғи ресурстар адамды қоршаған табиғи орта ретінде, адамзат қоғамының өмір суруі үшін қажетті, өмірлік кеңістігі, өндірістің табиғи базисы болып табылады. Екіншіден, барлық өндірістің мағынасы, сайып келгенде, қоғамның белгілі бір қажеттілігін қамтамасыз ету үшін табиғи ресурстарды адам қажетіне пайдалануға жарайтындай етіп өнімге айналдыру болып табылады. Жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан қазіргі заманғы өндіріс, табиғи ресурстардың алуан түрлерін игеруде барынша кең түрде пайдалануды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, табиғат ресурстарының (дәлірек айтқанда, өндірістің шикізатпен қамтамасыз етілуінің) халық шаруашылығын дамытудағы қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруда маңызы зор. Мысалы, қазіргі заманғы радиоэлектроника, термоядролық өнеркәсіп, авиажасау, электрэнергетикасы, ракета жасау, космостық техника түсті металлургияның, сирек металды өнеркәсіптің өнімін кең көлемде тұтынады. Бұл мағынада табиғат ресурстары негізгі өндіріс “кірпіші” – материалдық өндірістің субстраты болады. Үшіншіден, бәрімізге белгілі, табиғат ресурстарын пайдалану жағдайы, сапасы, қоғамдық өндірістің, еңбектің өнімділік деңгейін анықтайды. Сол себепті К.Маркс ауыл шаруашылығында, тау-кен өнеркәсібінде де мәселе тек қоғамдық өнімділікте ғана емес, сонымен бірге табиғат жағдайына тәуелді болатын еңбектің табиғи өнімділігіне де байланысты болады деп жазды. Табиғат ресурстары – табиғат күштері – еңбектің өнімділігін арттырады, қоғамдық өнімнің өсуін қамтамасыз етеді [11].

Табиғат пен еңбек – қоғамның материалдық игілігін құрушы алғашқы екі фактор. Сондықтан адам және адамзат қоғамы, жоғарыда айтқанымыздай, табиғатқа оны өндіріс пен өмір ортасы ретінде өндірістің, еңбектің нысаны ретінде әсер етеді және сонымен қатар оны аталған әсерлердің зиянды зардаптарынан қорғай отырып ықпал етеді. Аталған үш түрлі әсерлердің жиынтығы, жалпы сөзбен “табиғатты пайдалануды” білдіреді.

Жоғарыда атап өткендей, табиғат ресурстарын, әсіресе, жер, су, орман ресурстарын қазіргі күнгі масштабпен пайдалану табиғаттың тепе-теңдік күшін бұзуы мүмкін және соған орай осы тепе-теңдікті сақтау үшін едәуір шығынды қажет етеді. Сондықтан табиғат ресурстарының өндіріске тиімділігін – оның оң жақтарын ғана емес, сонымен бірге келеңсіз жақтарын да ескеру арқылы анықтауы керек. Қазіргі кезде табиғи ресурстардың алуан түрлерін пайдаланудың тиімділігін анықтағанда табиғи ортаны қорғауға қажет шығынның мөлшерін ескеру өте қажет. Сөйте тұра, табиғи ресурстардың өзі айналадағы қоршаған ортаның құрамы ретінде адам өмірі мен өндірістің жағдайын жақсартатын немесе нашарлататын фактор ретінде қарастырылуы керек. Бұл жағынан алғанда табиғи ортаны қорғау мәселесі өздігінен табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне айналды. Табиғат қорғау тұрғысынан алғанда, табиғи ортаны сол қалпында сақтау лазым, ал өндірістің даму ауқымына сәйкес адамның табиғи ортаға жан-жақты әсері артады. Қазіргі кезде шаруашылық әрекеттің табиғи ортамен санасуы тек жеке микро деңгейде ғана емес сонымен бірге әртүрлі масштабта табиғи-экологиялық жүйенің сақтауын талап етеді. Қоғамның мүддесі табиғат пайдалануда экологиялық сыйымдылықты ескеруді талап етеді. Экологиялық және табиғат заңдарының үйлесімділігі арқасында табиғи өндіргіш күштердің дамуы қамтамасыз етілетін экологиялық тепе-теңдік сақталуы қажет [12].

Табиғи ортаны тиімді пайдалану үшін әртүрлі ғылым жетістіктерін ескеру керек. Биосферадағы биогеоценоздың жеке бөлігіндегі, сол сияқы жиынтық түріндегі ландшафттағы антропогендік факторлардың өзгерісінен болатын биологиялық, экономикалық және әлеуметтік зардаптардың салыстырмалы бағасы, табиғи ортаның жағдайы жайында дәл мәліметтер керек. Жекелеген табиғи кешендер бойынша да, сол сияқты бүкіл “адам және табиғат жүйесі” жан-жақты байланысты модель құрмай тұрып табиғи ортаны тиімді пайдалану мәселелерін дұрыс шешу мүмкін емес. Өндіріс пен табиғи ресурстарды пайдалану көлемінің кеңейе түсуіне орай қазіргі кезде табиғи-техникалық геосистеманың дамуын талдау мен болжау бірінші кезектегі мәселеге айналады.

Табиғи ресурстарды пайдаланудың өндіріске, адам өміріне әсерін ғылымның әртүрлі салалары, әсіресе, жаратылыстану ғылымдары зерттейді. Ол сан қырлы, сондықтан ғылымдағы салыстырмалы түрде алғанда жаңа бағыттағы бұл сала экономикалық география ғылымының үлесі болып табылады. Материалдық өндірістің субстраты ретінде табиғат ресурстары көбінесе жаратылыстану және техникалық ғылымдардың өкілдерімен қарастырылады. Табиғат пайдаланудың еңбектің қоғамдық өнімділігі мен өндірістің тиімділігіне әсерін ең әуелі экономика ғылымының өкілдері қарастырады [11].

Табиғи ресурстарды ұлттық байлыққа жатқызуға бола ма деген сұрақ ұзақ жылдар бойы талқыланып келеді. Экономикамыздың нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты іс жүзінде бұл мәселе олардың еліміздің ұлттық байлығы болып танылуы біржақты шешілді. Бұл мәселенің анық-қанығына жүгінбей-ақ еңбекке бағытталатын табиғат ресурстарының сапасына қоғамдық еңбек өнімділігінің тәуелділігі анық екендігін айтсақ та жеткілікті. Қоғамның өндірістік ресурстарының шектеулі жағдайында, ең жоғарғы халықшаруашылықтық нәтижеге жету үшін табиғат ресурстарының сапасы қоғамдық еңбектің өнімділігін арттырушы фактор ретінде есептеу қажеттілігінен туындайды. Осыдан келіп елдің ұлттық байлығының құрамындағы қандай да бір түрде болмасын табиғат ресурстарын есептеудің қажеттілігі айқын. Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл жағынан академик Н.П. Федоренконың айтқанында негіз бар. Ол “Өндірістік ресурстардың негізгі түрі – табиғат байлықтарына экономикалық баға берілмеуі және басқару механизміне тән шаруашылықты тиімді жүргізу экономикалық жағынан ынталандырудан тыс қалып қойғанда, қалыптасқан жағдайды жарамды деп тануға болмайды” – деп жазды. Бірақта, біздіңше, табиғат ресурстары механикалық түрде еңбек және жинақталған материалдық ресурсқа теңгеріле алмайтындығын және олар тұтыну құнына арнайы бағытталған адам әрекетінің нәтижесінде ғана айналатындығын ескеру қажет. Табиғат ресурстарының осы ерекшелігі оларды қоғамның потенциалды байлығы деп қарауды туғызады. Осыған сәйкес отандық әдебиеттерде “табиғи өндірістік күштер” деген ұғым кездеседі.

Қоғамның өндірістік күшіне табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың әсері қазіргі кезде оның жекелеген түрлері бойынша қарастырылып, тиімділігі бағаланады. Халық шаруашылығының, тіпті кез келген аймақ шаруашылығының дамуы оның табиғи ресурс базасының жиынтығына тәуелді болып табылады. Осыдан келіп, табиғи ресурстардың жеке түрлерін ғана емес аймақтағы табиғи ресурстардың жиынтығын экономикалық бағалаудың қажеттілігі туындайды. Табиғи ресурстарды экономикалық-географиялық тұрғыдан бағалауға келетін болсақ, оның мәнісі тек ресурстың бір түрі ғана емес, табиғи ресурстардың территориялық үйлесімділігін өндірістік тұрғыдан пайдалану бойынша қалыптасқан “еңбектің табиғи өнімділігін” анықтау мен өлшеу болып табылады. Біздің ойымызша бұл мәселе де эконом-географтардың міндеті.

Қоғамның “табиғи өндірістік күші” мәселесі қоғамдық өндірістік күшпен салыстырғанда экономика ғылымында әлі де терең және кең зерттелмеген. Социализмнің саяси экономиясы еңбек ресурстары мен өндіріс тәсілін басты факторлар санайтын, сондықтан басты назар қоғамның өндірістік күштерін дамытуға аударылатын. Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі мен оның экономикасының нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты табиғи өндірістік күштерді зерттеу қазіргі кезде бірінші кезектегі мәселеге айналды.



Сонымен бірге, табиғат ресурстары табиғаттың сыйы және оған адам еңбегі жұмсалған жоқ, сондықтан оны тегін пайдалану керек деген маркстік-лениндік теория көп уақыт бойы теріске шығарылмай келді. Теориялық жағынан табиғатты төлемді пайдалануға көшудің қажеттілігі мен маңыздылығы ғылыми тұрғыдан да тәжірибе жүзінде де қалыптасып отыр. Осыдан келіп теориялық тұрғыдан, табиғатты төлемді пайдаланудың принциптері мен жалпы теорияалық-әдістемелік негізін жасау, қолданудың маңыздылығын ғылыми түрде дәлелдеудің қажеттілігі туындайды. Біздіңше мұны дәлелдеу қолданылып келген саяси экономияның шегінде мүмкін емес. Саяси экономия ғылыми пән ретінде өндірістің нәтижесін әділетті түрде бөлу тұрғысынан адамдардың өндірістік қарым-қатынасын зерттейді. Бұл жағынан келтірілген қағиданың әділеттілігі, біздіңше күмән келтірмейді. Табиғи ресурстар бүкіл адамзаттың жеке елдің, халықтың игілігі. Өндірістің нәтижесін бөлу кезінде олар табиғи өндірістік күштің негізі ретінде бөлшектенбеуі керек, кім болса да оның ішінде мемлекеттің еңбексіз табыс алуының көзіне айналмауы керек. Табиғи ресурстардың неғұрлым тиімді көздерін пайдаланумен қалыптасқан еңбектің табиғи өнімділігі қоғамдық еңбектің өнімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс. Еңбектің қоғамдық өнімділігінің артуы басқа жағдайлармен бірдей болғанда, бағаның жалпы деңгейінің, оның ішінде халық тұтынатын тауарлар бағасының төмендеуін қалыптастыруы тиіс. Сөйтіп, елдің табиғи ресурстарын дәлірек айтқанда табиғи өндіргіш күштерді пайдаланудың нәтижесі бүкіл қоғамға – өзінің шынайы қожасына – халыққа ешбір қайта бөлусіз, иемденусіз тиесілі. “Жалған әлеуметтік құндылықты” ескермегенде тауар бағаларының мұндай төмендеуі экономикадағы инфляциялық құбылыстардың негізгі себептерін жояды. Бірақ, әңгіме табиғатты төлемді пайдалану туралы болғанда, мәселе өндіріс нәтижелерін әділетті бөлуге байланысты адамдардың өндірістік қарым-қатынасы жөнінде емес, өндірістің шешуші факторларының бірі ретінде табиғат ресурстарын тиімді пайдалану туралы, елдің табиғат ресурстарын пайдалану кезінде ең жақсы әлеуметтік-экологиялық-экономикалық нәтижелерге жету үшін табиғатты пайдалану тиімділігі жайында болып отыр. Сондықтан табиғатты төлемді пайдалану принциптерін қолданудың маңыздылығы теориялық жағынан негіздеуге және оның жалпы теориясын қалыптастыруға, дәлірек айтқанда табиғат ресурстарын төлемді пайдалануды, маркстік-лениндік саяси экономияның ережелерімен, яғни К. Маркстің еңбек құны теориясымен емес, өндірістің үш факторы теориясымен, яғни пайдалылықтың шегі теориясымен, рента теориясымен, шығынды қайтару теориясымен және басқа да жаңа қазіргі заманғы өндірістік ресурстарды пайдаланудың тиімділік теориясымен дәлелденуі керек. Тек осы жалпы теориялардың негізгі ережелерімен ғана табиғатты төлемді пайдаланудың теориясын негіздеуге, оның тиімді параметрін айқындауға мүмкіндік болады. Мұнда табиғат ресурстарын пайдаланудың нәтижесін әділетті бөлу принципі өндірістің әлеуметтік-экономикалық тиімділігін арттырудың тек бір факторы ретінде ғана қаралады.

Қоғам мен табиғаттың бір-біріне әсерінің мәнісін дұрыс түсіну табиғи ресурстарды пайдалану үшін төлем төлеу проблемасын шешудің философиялық-теоретикалық фундаменті болып табылады [12].



Табиғат ресурстарын пайдаланудағы салық пен төлемдер және оларды қолданудың қазіргі жағдайы

“Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” салықтар кодексіне сәйкес: ауыл шаруашылығындағы, елді мекендердегі, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге мақсаттағы орман, су қорының жерлері салық салу нысаны болып табылады. Иелігінде немесе пайдалануында жер учаскесі бар заңды және жеке тұлғалар жер салығын төлеушілер болып табылады. Жер салығының мөлшері жер учаскесінің сапасына, орналасу өңіріне және сумен қамтамасыз етілуіне қарай анықталады және жер иесі мен жерді пайдаланушының шаруашылық және өзге әрекетінің нәтижесіне байланысты емес, яғни белгіленген түрде болады. Олар жер ауданының бір өлшеміне қойылып, жыл сайын берілген жер учаскесіне төленіп отырылады. Басқа мемлекет азаматтарына берілген жерден жер учаскесін пайдаланғаны үшін салық алу тәртібі мен ережелері Қазақстан Республикасының сол мемлекеттермен жасаған келіссөздері арқылы анықталады.

Азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілген бау-бақшалық және саяжай салудан басқа ауылшаруашылығына арналған жерлерге қойылған жер салығының базалық ставкасы 1 гектарға есептелген және балл бонитетпен өлшенетін топырақ сапасының өзгеруі бойынша сараланады. Балл бонитеттің 1-ден 100-ге дейін ауытқуы кезінде солтүстік қаратопырақты, күңгірт қоңыр және жазықтағы далалық, құрғақ далалық зоналарда, сонымен қатар тау етегінде қою сұртопырақты (сұр-қоңыр), каштанды (қоңыр) және тау бөктеріндегі қаратопырақты аумақтарға базалық ставка – 0,48 теңгеден 193 теңгеге дейін белгіленеді [13]. Балл бонитет 100-ден жоғары болған жағдайында 1 гектар жерден алынатын салық ставкасы 202,65 теңге болады.

Жергілікті өкілді органдар өз құзыры шегінде жер учаскесінің орналасу өңіріне, оның сумен қамтамасыз етілуіне, өндірістік және басқа да шаруашылық жүргізу жағдайына байланысты жер салығының базалық ставкасын азайтуға немесе көтеруге құқылы, тек ол 20 %-дан аспауы тиіс. Ауылшаруашылығы немесе құрылыстық мақсатта пайдаланылмайтын жерлерден, рекреациялық, орман және су қорларының жерлерінен салық алынбайды. Ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерге, ғимарат, құрылыс немесе басқа да өндірістік нысандар орналасқан жерлерге төмендегідей тәртіп бойынша салық салынады (кесте 1).

Орман қорының жеріне салынатын салық, орман пайдалану кезінде ағаш даярланып жатқан жерден басқа аудандарға, орман пайдалану үшін төленетін төлемнің құрамына кіретін түбіршегіне қойылған ағаштың кесімді құнының 5 %-дық мөлшерімен қойылады.

Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 104-бабында орман ресурстарын және ормандардың пайдалы қасиеттерін, ерекше қорғалатын орман аумақтарын ақылы түрде пайдалану қарастырылған [14]. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану төлемақысы орман пайдаланудың Қазақстан Республикасының салық Заңдарында көзделгендей жекелеген түрлері үшін алынады.

Орман ресурстарын пайдалану үшін түбірақы деп аталатын (өсіп тұрған ағашқа қойылған баға) нақты төлем ставкасы енгізілді. Төлемнің бұл түрі ағаштың сапасына (іске жарайтын, отындық), түріне (қылқан жапырақты, жұмсақ жапырақты, қатты жапырақты), ірілігіне (ірі, орташа, ұсақ), аумақтық таралуына, ағашты тасымалдау арақашықтығына қарай сараланып белгіленеді.

Түбірақы мынадай негізгі қызметтерді орындайды: орман ресурстарын жаңғырту, орман шаруашылық шығындарын қайтару, орманның кесім қорын неғұрлым тиімді пайдалануды ынталандыру. Түбірақының орташа шамасы 1м3 ағашқа 3,80 ш.б. Бұл төлем ағаш дайындаудың өзіндік құнына кіреді. Орман кесуді тиімсіз пайдаланғаны үшін, оны шамадан тыс кескені үшін еселенген түрде қойылған айыптық төлемдер алынады.

Қазіргі кезде орман ресурстарын пайдалану Қазақстан Республикасының Орман кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жерде айта кету керек, Парламентте Орман кодексі қайта қаралып, 2003 жылы 8-шілдеде бекітілді. Аталған кодекске сәйкес орман пайдаланудың шекарасы мен түрі анықталды.

Орман ресурстарына белгіленетін төлемдер: орман ресурстарын қорғау және жаңғырту; орман ресурстарын пайдаланғаны үшін; орман ресурстарын шектен артық пайдаланғаны үшін; орман ресурстарын ұқыпсыз, тиімсіз пайдаланғаны үшін айып төлемдер [14].

Орман ресурстарын қорғау мен жаңғырту төлемінің құрамына: кесуге берілген ағашқа; қосалқы орман өнімдеріне; орманды жанама пайдалану төлемдері кіреді. Төлемнің бұл түрінің нормативтері (ставкалары) ресурстарды пайдаланудың көлеміне қатысты, орманның әрбір түрі бойынша, оларды қалпына келтіруге, өсіруге, қорғауға кеткен шығынның шамасымен анықталады. Төлемді анықтағанда орманның қоғамдық-пайдалылығы, табиғат қорғау қызметі ескеріледі

Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман қорының ормандарынан көрсетілген шекті ставкалары барлық ормандарда ағаш даярлаушыларға негізгі кесімдерге және басқа кесімдерге белгіленеді.

Отындық ағашқа төлем ставкасы 50 %-дан төмен белгіленеді. Ағашты тұтынушыларға жіберетін пункттен ағаш кесетін жердің қашықтығына қарай ставкаларға қосымша үстеме.Орман ресурстарын пайдаланғандағы төлемдер аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қаржыландыру мақсатында алынады. Төлемнің ставкаларын облыс әкімшілігі орманның таралуына, қалпына келу мүмкіншілігіне, пайдалану қолайлылығына сәйкес саралайды.
2 ОРМАН РЕСУРСТАРЫН ЭКОНОМИКАЛЫҚ- ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН БАҒАЛАУДЫҢ ЖӘНЕ ТӨЛЕМДЕР ҚОЛДАНУДЫҢ ӘДІСІ
2.1 Орман ресурстарын экономикалық-геграфиялық тұрғыдан бағалаудың әдісі

Орман ресурсы – биологиялық ресустарға жататыны белгілі, сондықтан олар табиғи ортаға әсері жағынан болсын, табиғи пайда болу жағынан да көбіне ұқсас келеді. Орман ресурсы пайдалану тұрғысынан көп салалы болып келеді, әсіресе, өндірісте қолдану аясы жағынан ағаш шикізат есебінде қолданылады. Одан басқа ағашты өндірісте пайдаланғанда одан түсетін қалдықтардың өзі неше түрлі, ауыл шаруашылығында, өндірісте және шаруашылықтарда таптырмайтын шикізат көзі болып есептеледі.

Минералды ресурстарға қарағанда орман сарқылмайтын және қайта қалпына келетін ресурстарға жатады. Сондықтан бұл ресурсты қайта қалпына келтіріп ғана қоймай, одан әрі өсіріп, дамытып, жетілдіруге болады. Бұл, әсіресе, республикамыздағы ұлан ғайыр аумақты орманмен қамтамасыз етуге мүмкіншілік бар екендігін көрсетеді.

Басқа табиғат русурстарына қарағанда орман ресурстарының ең бір басты айырмашылығы көп жағдайда далалы және шөлейт аймақтарда өсіруге болады. Бірақ мұндай табиғи қолайсыз жерлерде ағаш өсіру қымбатқа түсетіні белгілі. Ағаш, қоры жағынан әр аумақта биологиялық тұрғыдан әртүрлі болады, сол сияқты өсу динамикасы (қайта қалпына келу, сапасының өзгеруі, жылдық өсімі және т.б.) да әртүрлі болады.

Орманның даму мүмкіншілігі ауыл шаруашылығының дамуымен биологиялық тұрғыдан ұқсас болғанымен, экономикалық тұрғыдан ерекшелігі бар. Өндіріске жарамды ағаш орташа есеппен 80-100 жыл өсетінін, ал химиялық өңдеуге келетін ағаштың жылдам өсетін түрінің өзі 30-50 жылды қажет етеді. Ал бұл орташа өндірістік циклдардан әлдеқайда ұзақ. Міне сондықтан да орман ресурстарын іске жарамды ағаш ретінде пайдалану үшін оның ондаған жылғы қорын әрқашан сақтап отыру қажет. Бұл жағынан алып қарағанда, ағаш ресурстарын экономикалық тұрғыдан бағалау мен минералды ресурстарды бағалауда көп ұқсастық бар, әсіресе, қолдағы қордың қаншалықты құнды екенін айыру тұрғысынан
R=Z - S, (1)
мұндағы Z – жылдық дайын ағаш қорының құндылығы, нарықтық бағасымен, мың тг; S – ағаш қорын дайындауға кеткен шығын мөлшері, мың тг.

Ауыл шаруашылығында, жер ресурсын бағалаудың ерекшелігі жердің құнарлылығына, одан алынатын өнім мен баға мөлшерінің әрдайым өзгеріп отыратынына байланысты екенін ескеріп, жыл сайын бағалап отыру қажет.

Орман алқаптары көбіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру үшін пайдаланылатынын ескерсек, орман ресурстарын бағалағанда егісті, шабындық, жайылым жерлерді де қоса бағалау қажеттілігі туындайды [16].

Ал су ресурсын алатын болсақ, басқа табиғат ресурстарына ұқсамайтын өзіндік экономикалық тұрғыдан бағалау ерекшелігі бар. Бұл ресурсты бағалағанда әр ауданда, аймақтарда су ресурстары үшін қолданылатын шектеулі шығын мөлшерін ескеру қажет. Өйткені су ресурстары тасымалданбайтын, орналасқан жерінде пайдаланылатын көп салалы ресурсқа жатады.

Жоғарыда келтірілген табиғат ресурстарын бағалағанда жалпы ұқсастығы олардың орналасу ерекшеліктерін, яғни географиялық тұрғыдан табиғи қалыптасу орны мен экономикалық тұрғыдан пайдалану деңгейі ескеріледі. Әсіресе, экономикалық тұрғыдан табиғат ресурстары орналасқан жері қаншалықты электр қуатымен, транспортпен, сумен, жұмыс күштерімен, жол қатынасымен қамтамасыз етілуімен тығыз байланысты. Ал орман ресурстарын ағаш қоры есебінде пайдаланғанда бұлардан басқа жазықты жерде немесе биік таулы-қыратты жерлерде орналасуына байланысты бағаланады. Бұл арада ағаш дайындау шығынының әртүрлілігі ескеріледі.

Орман ресурстарының басты ерекшелігі, яғни көп салалылығы мынаған келіп саяды: а) ағаш қоры; б) ылғал сақтайды; в) топырақ жамылғысын сақтайды; г) микроклимат жағдайын қалыптастырады; д) демалыс орындары; е) жеміс-жидек қоры қалыптасады (саңырауқұлақ, бүлдірген, жаңғақ, емдік шөптер, аңшылық т.б.). Бұл тұрғыдан алып қарағанда орман ресурсының экономикалық тұрғыдан бағалау мүмкіндігі қиындай түседі. Өйткені ылғал сақтау, таза ауа қалыптастыру сияқты әрекеттерін тек жанамалай ғана бағалауға болады, әлеуметтік құндылығын айырумен шектеледі.

Орман ресурстарын бағалағанда мына көрсеткіштерді ескерген жөн:


  1. Орман ресурсы алып жатқан ауданның мөлшерін және ағаш қорының көлемін.

  2. табиғи ерекшелігін (ағаштың түрлері, жасы, тауарлық топтары т.б.).

  3. табиғи және экономикалық тұрғыдан игеру мүмкіндігін.

Бұл әрине орман ресустарын өндірістік тұрғыдан пайдаланғанда, іске жарамды ағаш дайындағанда қажетті көрсеткіштер және орман ресурсын оның табиғи қалпында бағалаумен бірдей емес, мақсаттары да басқа.

Егер табиғат ресустарын сапасын анықтайтын нақтылы көрсеткіштер арқылы және құндылығын анықтайтын экономикалық көрсеткіштер арқылы бағаланылатынын ескерсек, онда орман ресурстарын бағалаудың қиындығы алып жатқан жердің, ондағы жеміс-жидектің ылғал сақтау, қоршаған ортаны таза ауамен қамтамасыз ету сияқты қасиеттерін бағалау ерекшеленеді. Ағаштарға инвентаризация жүргізгенде оның алып жатқан орнын, сапасына қарай түрлерін, болашақта орман ресурстарының қорын қалпына келтіру үшін және дамыту үшін олардың жерсінуін т.б. қасиеттерін зерттейді. Орман қорын дамыту үшін алдымен аэро және жерде зерттеу арқылы картографиялық жұмыс барысында саны және сапасы жағынан анықталып оны ұйымдастырудың және орман шаруашылығын жүргізудің кешенді жоспарлары жасалады [17].

Жалпы орман ресурстарын экономикалық тұрғыдан бағалау теориялық жағынан басқа табиғи ресурстарға, әсіресе, минерал және жер ресурстарына қарағанда баспа беттерінде айтарлықтай көп орын алмаған. Бұл бір жағынан әрбір тұтынушы өз ауданындағы орманды пайдаланумен байланысты болса, екінші жағынан пайдалану шығынын табудың қиындығымен байланысты. Темір жолға және тұтынушыларға жақын орналасқан ағаш қоры алдымен игерілетіні содан.

Егер ертеректегі жұмыстарға көз жүгіртсек орман шаруашылығындағы экономика мәселесін түбегейлі зерттеген ғалым П.В. Васильев [ ] орман ресурстарын бағалағанда халық шаруашылығы тұрғысынан тиімділігіне үлкен мән берген. Әр ауданнан, ағаштың әрбір түрінен алынатын орман таксасы (түбірақы) ең алдымен нақты кеткен шығынмен байланысты және оның рентамен байланысы жоқ деп есептейді. Біздің ойымызша бұл қағида алғашқы кезден дұрыс қалыптаспаған, өйткені табиғат ресурстарын шығындық концепциямен бағалауға болмайтындығын біз алғашқы тарауда дәлелдеп өткенбіз және К. Маркс айтқандай “рентаның пайда болуына қоғамдық формацияның ешқандай қатысы жоқ, ол ресурстардың табиғи ерекшелігінен қалыптасады’’.

Орман ресурстарына баға қою дискуссиясында оны шығын арқылы емес табиғи ерекшелігін, оларды пайдаланғанда түсетін әртүрлі деңгейдегі тиімділікті ескере отырып, рентаны ескеретін бірден бір көрсеткіш түбір ақы екенін В.К. Шкатов [18] ең алғашқы ғалымдардың бірі болып дәлелдеп шықты. Ал ағаш дайындау мен ағаш өсіру шығынында да айырмашылық болатынын ескертеді. Бұл пікір таласта В.К. Шкатов та Н.П. Анучин [19], Т.Л. Басюк [ ] және басқалары сияқты ағаштың құны сатқанда ғана оның құндылығына, яғни түбірақыға келіп саятынын ескерген. Түбірақы ағаш дайындауға кеткен шығыннан басқа қосымша дифференциалды пайда келтіретінін, автор ашық айтып, нақты мысалдармен дәлелдейді. Ал бұл тұрғыдан келсек кадастрлық бағалудың қажеттілігі туындайды, яғни барлық орман ресурстарының табиғи ерекшеліктерін ескеретін, олардың сапасын нақтылайтын ортақ жиынтық көрсеткіштер шоғыры.

Сонымен, орман ресурстарын экономикалық тұрғыдан бағалау, В.К. Шкатовтың көзқарасы бойынша оларды пайдаланғанда түсетін әртүрлі тиімділікті ескеру қажеттілігі және дифференциалдық рентаның ең басты көрсеткіш екендігі. Бұл тұрғыдан біздің де көзқарасымыз осыған келіп саяды.

Орман ресурстарын бағалауда екі ірі бағыт бар: біріншісі – орман орналасқан жерді бағалау; екіншісі – орман қорын бағалау. Бұдан туындайтын мәселе орман ресурстарын бағалау жер кадастрының бөлігі екендігі, яғни әр жердің құнарлылығы мен ағаштың саны мен сапасы арасында байланыс барлығы. Бұл идея Л.И. Ильевтің [20] орман шаруашылығында жер ресурсын экономикалық тұрғыдан бағалау әдістемесінде келтірілген. Ол бойынша жердің қаншалықты құнарлылығына байланысты, ағаштың қандай түрлерін және сапасын аз шығынмен алуға болады. Бұл, әрине, шығындық концепциядан аспай тұр.

Қазақстандық ғалымдар табиғат ресустарын экономикалық тұрғыдан бағалауда З.Қ. Қарғажанов, С.Б. Байзақов [21], Е.М. Үпішев [22], М.С. Тонкопий [23], С.М. Мұқаев [24] т.б. бұл салада белгілі үлестерін қосқаны анық. С.Б. Байзақов орман ресурстарын бағалаумен айналысса, З.Қ. Қарғажанов және Е.М. Үпішев табиғат ресурстарының үйлесімін, яғни белгілі бір территорияда шоғырланған табиғат ресурстарының бір-бірімен байланыста қарастырған. Бұл идеяны Одақтағы География қоғамының мүшесі А.А. Минц [1] бірінші рет ұсынғанмен, әрі қарай жалғасын таппай қалған. Міне енді осы мәселені біздің ғалымдар әрі қарай дамытуда.

Орман қоры өздігінен қалпына келетін табиғат ресурсы болса да, оны пайдалану қарқыны артып отыруына байланысты орманды өсіруге, қорғауға көп еңбек жұмсауға тура келеді. Сондықтан орман шаруашылығына жұмсалатын барлық шығындар, тиімділігі есептелуге тиіс. Орман қорын тиімді пайдалану оны өсіру құнын, қорғау шығындарының тиімділігін анықтауды талап етеді. Орман шаруашылығы өндірістің жеке саласы ретінде өзін-өзі қаржыландыра алады және экономикалық тұрғыдан бағалауды қажет етеді.

Соңғы уақыттарға дейін орман қорын экономикалық бағалауға мән берілмей келді. Бұған себеп, бір жағынан орман рентасын мойындамау, екінші жағынан табиғатта өздігінен өскен ағашқа еңбек жұмсалмағанда оның құны жоқ деп есептеліп келді. Соның нәтижесінде өсіп тұрған ағаштың, орманның бағасы жоқ, бірақ жеке ағаш кесуге берілгенде бағасы (таксасы) болды.

Орманды экономикалық бағалау, оған такса белгілеу басқа табиғат байлықтарын бағалаудан, бұрын басталды. Орманды экономикалық тұрғыдан бағалағанда әрқашан орман жері, ондағы ағаш қоры бөлек бағаланады. Кез-келген бағалау, оның ішінде экономикалық бағалау шығындар мен нәтижелерді салыстыру арқылы жүргізіледі [25].

Орман қорын экономикалық тұрғыдан бағалағанда оның бірнеше ерекшеліктерін ескеру керек.

Орманның негізгі ресурсы ағаштарды өсіруге, қорғауға шығындар жұмсалатын мезгіл мен оның нәтижесін алатын уақыт бір-бірінен алшақ, яғни шығын бірден қайтарылмайды, бірнеше жылдан кейін ағаш өсіп жетілгенде қайтады. Ауыл шаруашылығында өнімді жылда алуға болады, ал орман шаруашылығында жеке ағаштың өсіп жетілуін көп жыл тосуға тура келеді.

Орман жер бетінде бір қалыпты орналаспаған. Орманды жердің өзінде ағаш өнімділігі әртүрлі, оған қоса ағаштың тұтынуға қажетті сапасы да әр түрлі болады. Орман алқаптары тұтынушылардан, негізгі жол магистралдарынан әртүрлі қашықтықта орналасқан. Сондықтан ағаш дайындау шығындары да біркелкі емес және ол орман орналасқан жер жағдайына байланысты едәуір өзгеріп отырады.

Орман қорын экономикалық бағалау оның потенциалды өнімділігіне сүйенуі тиіс. Сонымен қатар, орман өсіру кезінде аралық кесімдерден алынатын тиімдер ескерілуі тиіс. Кейде мұндай кесімдер ағаш қорының 30 %-на жетеді. Орманның потенциалды өнімділігін нақты орман шаруашылық аудандары бойынша ондағы ағаш түрінің өсіп жетілу жасына сәйкес анықтайды. Есептелетін уақыт ұзақтығы орманның ұдайы өсуіне қажетті жыл болып табылады және ағаштың кадастрлық жасына сәйкес келмеуі мүмкін.

Кадастрлық жас ағаш түріне, ағаш өсетін аймақтың жағдайына байланысты болады. Ағаштың бір түрі әртүрлі аймақта әртүрлі мерзімде өсіп жетіледі. Сондықтан орман қорын орман шаруашылық аймақтары бойынша бағалаған дәлірек болады.

Орман қорын тек қана шикізаттық табиғат ресурсы – ағаш қоры ретінде бағалу жеткіліксіз, оның табиғат қорғау қызметі бір-бірімен тығыз байланысты. Орманда ағаш қоры көп болса, оның экологиялық мүмкіншілігі де мол болады. Сондықтан орманның осы екі қасиеті біртұтас әдістемелік негізде бағалануы тиіс. Бірақ мұның бір қиыншылығы ағаш қорына байланысты орманның экономикалық тиімін нақты есептеуге болатын болса, оның экологиялық құндылығы дәл өлшеуге келмейді.

Аталған ерекшеліктер орман қорын ренталық қағиданың негізінде экономикалық бағалаудың мүмкін екендігін көрсетеді. Шығын мен нәтиженің уақыт алшақтығын оны ескеретін ерекше дисконттау тәсілімен есептейді.

Орман қорының экономикалық бағасы деп оны тиімді, кешенді пайдаланғандағы алынатын барлық потенциалды экономикалық, экологиялық, әлеуметтік тиімдерді яғни орманның халық шаруашылық құндылығының ақшалай өлшемі деп ұғамыз. Орман қоры ретінде ондаған ағаш қоры, орман жері, қосымша және жанама өнімдер, орманның экологиялық қызметтері бағаланады.

Орман қорын бағалауға қажетті шеткі шығын шамасын барлық аймаққа бірдей немесе ондай аймақтарды көп жіктеп әр облыс бойынша әрқайсысына әртүрлі шеткі шығын шамасын белгілеу де дұрыс болмайды. Өте көп (әр облыс бойынша) шеткі шығын белгілеу дәйексіз, дәлелсіз әртүрлі экономикалық бағалаулар тудырады және есептеулерді қиындатады. Керісінше барлық аймаққа бірдей шеткі шығын шамасын белгілеу орманның құндылығына әсер ететін табиғи факторларды ескермеуге әкеп соғады.

Сонымен қатар шеткі шығын шамасына кейбір авторлар ұсынғандай, ағаш дайындау шығындарын қосудың қажеті жоқ. Шеткі шығын өсіп тұрған ағаш қорын, орман қорын (кесілген ағашты емес) бағалауға қолданылады. Сондықтан онда тек қана орман өсіруге, күтіп-баптауға, қорғауға және соған байланысты шығындар ғана есептелуі тиіс.

Сонымен әр орманға аймақтарындағы шеткі шығын шамасы табиғи ерекшеліктерден туындайтын орман шаруашылық шығындар айырмашылығын ғана ескеруі тиіс. Мұндай айырмашылықтар, бір жағынан, әр аймақта орманға қоғамдық қажетті шығын шамасының шегін, екінші жағынан орманды алқаптарға қарағанда орман аз (ормансыз) алқаптарда орман өсіру қаншама қымбатқа түсетінін көрсетеді [26].

Шеткі шығын шамасы орман шаруашылық шараларының қалыптасқан, түбірімен өзгермейтін мерзімге белгіленеді. Күрделі өзгерістер болған жағдайда шеткі шығын шамасы өзгертіледі. Бір аймақтың өзінде орман ағашының түрі, өнімділігі, іске жарамдылығы әртүрлі болады. Сондықтан, олар таксациялық бөлімдер бойынша жеке-жеке бағаланады. Ормандағы ағаштардың жастары әртүрлі болғанымен, бағалануы бірдей, ал олардың жасына байланысты құндылығы басқаша, пісіп жетілгені ғана құнды, сондықтан бағалау уақыт факторын ескеріп жүргізіледі, дисконттау тәсілі қолданылады.

Ормандағы ағаш қорының экономикалық бағалануы:


, (2)
мұндағы, Ма – кесімге жарамды ағаш қоры; rà – 1м3 кесілген ағаштан алынатын жылдық рента; Т – ағаштың кесімге жарамды жасы; T – ағаш қорын бағалау жасы.

Негізгі кесімге дейін санитарлық тазарту, күтіп-баптау, сирету кесімдері жүргізіледі, осы мақсаттарда кесілген ағаштар да экономикалық бағалауға қосылады.

Орман жерін бағалағанда, оны тиімді пайдаланғанда үздіксіз өнім алуға болатыны ескеріледі. Сондықтан негізгі кесімдер бойынша орман жерінің экономикалық бағалануы:
, (3)
мұндағы, Мb – 1 га орман жеріндегі жылдық ағаш өсімі; rb – 1 га орман жерінен алынатын рента.

Егер бағаланатын орман алқабынан жылма-жыл бірдей ағаш дайындауға болады десек, ол жерді формуласымен бағалауға болар еді. Мұнда R – 1га алқаптан шексіз алынатын тұрақты жылдық рента. Бірақ орман жері рентаны бірнеше жылдан кейін ағаштары кесімге жарамды болғанда ғана бере бастайды. Сондықтан жоғарыдағы формула қолданылады. Оны қолдану шарттары:

- орман жері ағашы пісіп жетілгенше пайдаланылмайды;

- жылдық ренталар тең;

- уақыт факторын есептейтін дисконттау коэффициенті тұрақты.

Орман тек қана ағаш шикізатын беріп қоймайды. Оның табиғи ортаны сауықтыруда экологиялық қызметтері барған сайын маңызды болып келеді. Сондықтан орманды тиімді пайдаланудың ең маңызды шарттарының бірі – осы қызметтерін жетілдіру және мына жағдайды ескерген жөн: орманда ағаш дайындау шамасының артуы оның экологиялық қызметіне белгілі бір дәрежеде қайшы келеді. Ағаш кесу мөлшері орманның экологиялық қызметіне нұқсан келмейтін дәрежеден аспауы керек. Осыны ескере отырып орманнан ағаш дайындауды қысқарттық десек, бұл қажеттілікті басқа жақтан ағаш әкелу арқылы өтеуге болады, яғни қосымша шығын жұмсаймыз. Бұл шығынды орманды экологиялық қызметіне байланысты сақтау шеткі шығыны деп қарастыруымызға болады. Әрі қарай шеткі шығын мен дербес шығынды салыстырып рентаны анықтаймыз. Рента арқылы орман қорын бағалаймыз [27].

Жалпы орман қорын бағалағанда мәліметтер толық болмағандықтан экологиялық қызметін бағалау оған қосылмайды. Тек қана арнаулы экологиялық қызмет атқаратын ормандар осы қызметіне сәйкес бағаланады.

Орманның нақты көрсеткіштерімен сипаттауға келмейтін әлеуметтік құндылықтары да жеткілікті. Сонымен қатар, мұндай бағалаулар дәл өлшемдердің болмауынан біршама шартты бағалау екенін түсінуіміз керек.

Орманды қалпына келтіру (өсіру, жаңғырту) құнын анықтаудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол шығындық қағида негізінде есептеледі. Біріншіден, орман өнімінің ең бастысы ағаштың пайдалану жасына жеткен қоры немесе ағаш қорын оның пісіп жетілу жылдарына байланысты жылдық қорының артуының құны есептеледі. Екіншіден, бағалу зерзаты орман жері және оған қоса ондаған ағаш қоры болып табылады. Сондықтан 1 га орманды жерді қалпына келтіру құны (Эл).

Эл= Эз + Эд жердің құны мен ағаш қоры құнының қосындысы болады.

Ауыл шаруашылық жерлерін қалпына келтіру құнын анықтау формуласына сәйкес орман жерін қалпына келтіру құны:
, (4)
мұнда: Сн, Си – 1м3 тақтайдың халық шаруашылық (нормалы) және дербес өзіндік құны. Ормандағы ағаш дайындау мақсатында пайдаланғанда эквивалент тауар ретінде тақтай алынған. Басқа өнімдер арнайы коэффициенттермен тақтай өлшеміне келтіріледі; Пр – 1 га орманды ағаштың жылдық өсімі; Еа – тиімділік коэффициенті (қабылданған тұрақты шама) [27].
2.2 Орман ресурстарын пайдалану төлемдерін топтастыру және жүйелеу

Орман ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер қазіргі кезде бір мағынаға ие болған жоқ. Ал баршамызға белгілі, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелілігі, қарастырылып отырған мәселеге байланысты табиғат ресурстарын пайдалану төлемдерінің тиімді шамасын анықтау түбегейлі зерттеулерге байланысты болады. Осыған орай, қолданыстағы табиғат ресурстарын пайдалану төлемдерін терең ұғыну және жинақтау, олардың негізгі қызметі табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды ынталандыру екеніне ерекше мән беру керек. Бұл жерде табиғат ресурстарын тиімді пайдалану деп тек қана табиғат пайдаланудан ең жоғарғы ақшалай табыс алу емес, ресурстарды аз шығындай отырып ең жақсы әлеуметтік-экономикалық нәтижеге жетуді айтамыз. Табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдермен бюджеттің кірісін толықтыру олардың негізгі емес, қосалқы қызметі болып табылады. Ал салықтың төлемдерден ерекшелігі олардың негізгі қызметі бюджетке түсімді қамтамасыз ету және мөлшері де осы шартқа байланысты анықталады.

Қазақстан Республикасында табиғат пайдалану төлемдері табиғат пайдаланушыларды өздеріне берілген ресурстарды тиімді пайдалануға, табиғи ортаны қорғауға, сауықтыруға, табиғат заңдарын бұлжытпай орындауға материалдық тұрғыдан ынталандыратын экономикалық тетіктер жүйесі болып табылады.

Олар негізінен табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, табиғи ортаны қорғау мақсатында, сондай-ақ жанама қызметі ретінде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және бюджеттердің кірісін толықтыру мақсатында қолданылады. Төлемдер аударма немесе бір мезгілді төлем, жәрдемақы, сыйлық түрінде болуы мүмкін және кәсіпорын пайдасының мөлшерімен анықталады.

Табиғат ресурстарының түріне байланысты төлемдер әмбебап және арнайы мақсатта пайдаланылатын ресурстарға төлем болып бөлінеді. Әмбебап мақсаттағы ресурстар үшін төленетін төлемдерге жер, су, орман ресурстары мен ауа бассейнін пайдаланғаны үшін, яғни көп мақсатта пайдаланылатын табиғат ресурстары кіреді. Минералдық шикізат ресурстары үшін төлемдер арнайы мақсаттағы төлемдерге жатады [9].

Жақын уақыттарға дейін әмбебап мақсаттағы табиғат ресурстарын пайдалану олардың сарқылмайтындығы мен табиғи түрде қайта қалпына келетіндігіне байланысты және жеке меншікте болмағандықтан олардың төлемді болуы мүмкін емес деп есептеліп келді. Бірақ қазіргі уақытта өнеркәсіптік өндірістің ауқымы біршама өсуіне байланысты енді табиғи түрде жаңғырып, қалпына келуі, сонымен бірге сарқылмайтындығы, шексіздігі туралы айтуға болмайды. Сондықтан қазір табиғат қорғау шараларына, яғни әмбебап табиғат ресурстарының өзін үнемдеуге және қалпына келтіруге көп мөлшерде қаражат жұмсау қажет. Мұндай қаражат пен жұмсалатын шығындар тұтынушылардан, яғни аталған табиғат ресурстарын пайдаланушылардан қайтарылуы тиіс, басқаша айтқанда, оларды тиімді пайдалану мақсатында арнайы пайдаланылатын табиғат ресурстарымен бірге әмбебап ресурстарға да ғылыми негізделген төлем мөлшері белгіленуі қажет.

Төлем түрлерін, олардың атқаратын өндірістік қызметіне, мақсатына қарай төмендегідей етіп сұрыптауға болады:


  1. Табиғат ресурстарын пайдалану құқы үшін төлем.

  2. Табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем.

  3. Табиғат ресурстарын қорғау және қалпына келтіру төлемі.

  4. Табиғат ресурстарын пайдалануды шектеу үшін төлем.

  5. Табиғи ортаны ластағаны үшін төлем.

  6. Табиғат қорғау заңдарын сақтамағаны үшін төлем.

Табиғат ресурстарын пайдалану құқы үшін төлемнің негізінде осы ресурс иесінің құқын экономикалық тұрғыдан жүзеге асыру жатады. Иелік құқын экономикалық тұрғыдан жүзеге асыру нәтижесінде табиғат ресурсының меншік иесі ақшалай ақы алады, табиғат пайдаланушы, жалға алушы немесе иемденуші табиғат ресурсын пайдалану мүмкіндігін алады. Бірақ бұл сату немесе арендалық төлем емес [28].

Пайдалану құқы үшін төлем, негізінен келісімді, еркін сипатта болады, олардың мөлшері табиғат ресурстарын пайдаланғанда алынатын тиімге немесе шығынға байланысты емес, меншік иесі мен табиғат пайдаланушының белгілі бір іскерлік шешімдерімен анықталады. Сондықтан пайдалану құқы үшін төлем мөлшері тәртібі дүниежүзілік тәжірибеде, сайып келгенде, мүдделі болып отырған екі жақтың келісім-шарты негізінде конкурстық немесе конкурссыз негізде анықталады. Сонымен бірге, ұқсас табиғи ресурстарға пайдалану құқы үшін төленетін төлем мөлшері, сол сияқты келісім жасағанда қалыптасқан шама сауда жүргізу кезінде және одан кейін келісім-шарт жасасқанда негізге алынады.

Табиғат ресурстарын пайдалану құқы үшін төлемдер өнім өндірумен байланысты ең алғашқы шығын болады және ресурстарды пайдалану шығындарының құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан олар табиғат пайдаланушы өнімінің бағасына қосылады (есептеледі). Бұл жағынан табиғи ресурстарды пайдалану құқы үшін төлемдер, шындығына келгенде, табиғат ресурстарын тиімді пайдалануға халықтың төлейтін алым-салығы болып табылады.

Пайдалану құқы үшін төлемнің атқаратын бірден-бір қызметі табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды экономикалық тұрғыдан ынталандыру болып табылады. Экономикалық тұрғыдан табиғат пайдаланушы пайдалану құқы үшін төлем төлеп алған табиғат ресурстарын тиімді және үнемдеп пайдалануға мүдделі екендігі айқын.

Пайдалану құқы үшін төлемдердің мәніне сәйкес олардың шамасы қарастырылып отырған ресурсты соған ұқсас өнім алуды қамтамасыз ететін басқа да балама ресурсқа кететін шығынмен, сонымен қатар монополиялық рента, капиталға өсім мөлшерімен анықталуы мүмкін. Қазақстан орман ресурстарына, әсіресе кәсіптік ағаш ресурстарына тапшы екенін ескеріп, бұл олқылықты орманға бай көрші Ресейден сатып алу арқылы шешуге болады. Пайдалану құқы құқы үшін төлемнің мөлшерін З.Қ. Қарғажанов [9] ұсынған әдістемемен табуға болады:

Табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер негізінен екі түрден тұрады. Табиғат ресурстарын пайдаланудың экономикалық тиімділігі олардың табиғи құндылығына, өнімділігіне, ресурс көздерінің экономикалық-географиялық тұрғыдан орналасу, қалыптасу жағдайларына байланысты екендігі белгілі. Бұл жағдай "еңбектің табиғи өнімділігін" көрсетеді және соған орай дифференциалдық жер және оның түрлері тау-кен, орман, су ренталарының шамасымен анықталады. Табиғат ресурстарының иесі беріліп отырған табиғи ресурстың потенциалды тиімділігіне тәуелді, оларды пайдалануы үшін төленетін төлем мөлшерін саралап алады, яғни табиғат пайдаланушыдан ренталық төлемдер алады. Сонымен бірге табиғат ресурстарының иесі табиғат ресурстарын үнемдеп ұқыпты пайдалануға мүдделі. Бұл тұрғыда меншік иесінің құқы нормадан артық пайдаланғаны, ысырап еткені және қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдері арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жоғарыда аталған төлемдермен экономикалық ынталандырылатындығын ескере отырып, табиғат ресурстарын нормадан артақ, ысырапты пайдаланғаны үшін төлемдерді қолдану қажеттілігі туындайды. Табиғат ресурстарын тиімсіз пайдалану табиғат пайдаланушының экономикалық жағдайына толық әсерін тигізеді. Нормадан артық және табиғат ресурстарын толық пайдаланбаудың теріс салдары табиғат пайдаланушының күнделікті шаруашылық-есеп жұмысынан әрдайым көрініс тауып жатады.

Табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдердің басты элементі ренталық төлемдер болып табылады және олар орман, су ресурстарын және минералдық ресурстарды тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады.

Мәселен, біріншіден, ренталық төлемдердің мөлшері табиғат ресурстары көздерінің әрқайсысының табиғи орналасу жағдайы мен шикізаттың сапасына сәйкес болады. Мысалы, шикізат неғұрлым құнды болса, соғұрлым оларға төлем де жоғары болады. Сөйтіп табиғат ресурстарын, яғни өндіруге аз шығын жұмсалатын, сапасы жақсы, ресурстарды тиімді пайдалану ынталандырылады. Ренталық төлемдерді алу арқылы жекелеген кәсіпорындар мен салалар қызметінің қаржы-экономикалық жағдайлары теңестіріледі және табиғат ресурстарының жекелеген көздерін пайдаланатын өндірістерге бірдей бәсекелестік жағдай туғызылады.

Екіншіден, ренталық төлем пайдаланылуға берілген табиғат ресурстарының бар өлшеміне белгіленеді, тау-кен өндіріс саласындағы жағдайда игерілетін барлық қорға белгіленеді. Сондықтан берілген табиғат ресурсын толық пайдаланбау табиғат пайдаланушының түсер пайда мөлшеріне теріс әсер етеді. Өндірілген кеннің бір өлшеміне белгіленген төлем ставкасы толығымен игерілетін қордың ысырабымен, өсімімен пропорционалды түрде өсетіндіктен пайдалы қазбалардың ысырабын азайтып, жалпы алғанда табиғат ресурстарын толығырақ пайдалануды ынталандырады.

Үшіншіден, ренталық төлемдер республикалық бюджетке бағытталып оның қаражаттық жағдайының жақсаруына өз әсерін тигізеді. Ренталық төлемдер өнімнің өзіндік құнына кірмейді және қосымша пайда есебінен төленеді. Олай болмаған жағдайда олар өнімнің өзіндік құнына, бағаға қосылып табиғат пайдаланушының экономикалық көрсеткіштеріне әсер етпей, тұтынушының есебінен алынған болар еді.

Сөйтіп, ренталық төлемдер табиғат пайдаланушылардың, оның ішінде орман ресурстарын пайдаланушылардың қаражат-экономикалық (бәсекелестік) жағдайын теңестіруді жүзеге асырады және орманның табиғи қорын, пайдалы компоненттерін өндірудің барлық сатыларында неғұрлым толық пайдалануды ынталандырады. Ренталық төлем алудың негізгі көзі табиғат ресурстарын пайдаланудан түскен үстеме пайда. Ренталық төлемдер ренталық факторлардың іс жүзінде өнімге әсер еткен өндіріс кезеңінде алынады.

Табиғат ресурстарын қорғау және қалпына келтіру төлемінің негізінде орман шикізат ресурстарын өндіріске дайындауға, жалпы табиғат ресурстарын қалпына келтіруге жұмсалған шығынның орнын толықтыру принципі жатыр. Шығынның орнын толықтыру принципі бойынша табиғи ресурстарға төлем белгілеуді жақтаушылар пайдалануға дайындалған табиғат ресурстары табиғаттың тегін сыйы емес, олар табиғаттану, техникалық бағыттағы жұмыскерлердің өнімді еңбегінің нәтижесі деп дұрыс айтады. Сол себепті пайдалы қазбаларды іздеу, барлау сияқты табиғат ресурстарын қалпына келтіру шараларының қоғамдық қажетті еңбек шығынына пара-пар келетін құны болуы керек.

Бірақ төлемнің мұндай, мысалы, түрі барланған, өндіріске дайындалған минералдық шикізат ресурстары бағасының негізі болып табиғи ресурстарды жаңғырту мен қорғау үшін, оның ішінде геологиялық барлау жұмыстарына төлем ставкасы осы жұмыстарға қажетті шығындардан туындайды. Сөйтіп табиғат ресурстарын жаңғырту мен қорғау үшін төлемдері өндіріс шығынының элементі болады. Экономикалық мазмұны мен орындайтын міндетіне байланысты олар орман қорын қалпына келтіру, толықтыру жұмыстарына кеткен шығынның орнын толтыру бабы бойынша қазіргі күнгі сияқты табиғат пайдаланушы кәсіпорын өнімдерінің өзіндік құнына кіргізілуі тиіс. Табиғат ресурстарын тиімді пайдалануда ынталандыруға бұл төлемдердің әсері табиғат ресурстарына шығын мөлшері көп болғанда соған сәйкес өндірілетін өнімнің өзіндік құнының өсуінен көрінеді, себебі төлемдер пайдалануға берілген ресурстың мөлшеріне белгіленеді.



Табиғат ресурстарын пайдалануды шектеу үшін төлем табиғат ресурсын тұрақты немесе уақтылы оған тән емес, қалыптаспаған мақсатта пайдаланғанда табиғат ресурсының иесіне келтірілген экономикалық зиянның орнын толықтырумен байланысты. Зиянның орнын толтыру мақсатында табиғат ресурсын пайдалануды шектеу үшін кінәлі жеке немесе заңды тұлғалардың есесінен жүзеге асырылады. Табиғат ресурсын пайдалануды шектеу мерзімі мен сипатына байланысты олар ағымдағы немесе бір жолғы төлемдер түрінде болады және табиғат ресурстарын пайдалануды шектеу төлемі табиғат пайдаланушының қаражатынан алынады және республика мен оның жекелеген аймақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қаражат құру үшін, республикалық және жергілікті бюджетке бағытталады.

Бұл төлем тобының құрылымы мен мөлшерін белгілеу әсіресе жер, су, орман сияқты көп мақсатта пайдаланылатын табиғат ресурстары үшін өте маңызды. Аталған ресурс түрлері бойынша өзіне тән емес, әдетке айналмаған пайдалану бағыттарынан өзіне тән дәстүрлі пайдалану бағыттарын ажырату арнайы қарастыруды талап етеді. Қазіргі кезде төлемнің бұл түрі біршама толық зерттелген және іс жүзінде жер ресурстарына қолданылады. Жер ресурстарына байланысты төлемнің бұл түрін қолдану принциптері мен механизмдерін зерттеу және бұл принциптер мен механизмдерді табиғат ресурстарының басқа да түрлеріне оларды пайдаланудың ерекшелігін ескере отырып қолдану және төлем құрылымы мен мөлшерін ғылыми тұрғыдан қалыптастырудың негізі болуға тиіс.



Табиғи ортаны ластағаны үшін төлем да табиғат ресурстарын пайдаланушылар тарапынан қоршаған ортаға келтірілген экономикалық зиянның орнын толтырумен байланысты. Бұл төлемді төлеушілер қоршаған ортаны ластаушылар. Табиғаттағы тепе-теңдікті бұзуға мөлшерлі шамада немесе мөлшерден артық ластауына байланысты олар табиғат пайдаланушының шығынына жатқызылады немесе оның пайдасынан алынады. Бұл төлемдерді ерекшелігіне байланысты экологиялық төлем деп те атайды. Іс жүзінде Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау министрлігі реттеп отырады және төлемдердің көптеген түрлері қолданылады. Сондықтан төлемнің мұндай түрінің болуы еш күмән келтірмейді.

Табиғи ортаны ластағаны үшін төлемдері қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы Заңға сәйкес қолданылады. Олардың ең негізгісі табиғи ортаны ластағаны үшін төлемдер. Олар табиғат пайдаланушының республика халық шаруашылығына, оның халқының тұрмыс жағдайы мен табиғи ортаға келтірген зиянының орнын толтыру үшін, келтірілетін зиянды болдырмау, алдын-алу мақсатында жүзеге асырылады. Табиғи ортаны ластағаны үшін төлем, егер ластану белгіленген, қалыпты мөлшерден аспаса, орнын толтыру төлемі түрінде, егер ластану белгіленген мөлшерден асқан жағдайда – айып түрде алынады. Табиғат пайдаланушының, дәлірек айтқанда, жер және орман ресурстарын пайдаланушыдан орнын толықтыру және айып төлемдер аталған ресурстарды игерудің барлық кезеңдері мен одан дайын өнім алудың барлық кезеңдерінде "кім ластаса сол төлейді" деген принциппен алынады.



Табиғат қорғау заңдарын сақтамағаны үшін төлем белгіленген нормалар, нормативтер, Заңдар мен Заң актілерін сақтаумен байланысты. Ол басқа төлем топтарынан өзінің заңдылық бағытымен, айыптық, тиым салу сипатымен ерекшеленеді. Бірақ төлемнің бұл түрінің негізі табиғи ресурстарына иелік құқын экономикалық тұрғыдан жүзеге асыру, қабылданған нормалар, норматвитер, Заңдар, Заң актілерін сақтамаған жағдайда қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру болып табылады. Төлемнің бұл түрінің нормативті-әкімшілік сипаты мен алыну тәртібі табиғи ресурстарды тиімді пайдалануда ынталандырудағы рөлін төмендетпейді, сондықтан, қолданбалы төлем болып табылады.

Бұл төлемдер табиғи ортаны пайдалану мен қорғау ережелеріне сәйкес айып төлемдер түрінде белгіленеді және төлем әрбір табиғат пайдаланушыдан немесе бүкіл ұжымның таза пайдасынан келтірілген зиянына сәйкес саралап алынады.

Жоғарыда аталған негізгі төлем топтарының түрлерінен басқа жеке төлемдер де бар, мәселен, пайдалы қазбаларды өндірумен байланыссыз мақсаттағы, жер қойнауын пайдаланғаны үшін төлемдер, техногендік минералдық ресурстарды пайдаланғаны үшін төлемдер, тағы сол сияқтылар.

Табиғат ресурстарын пайдалану төлемдерінің түрлерін экономикалық мәні мен мақсатын зерттеу және олардың атқаратын қызметінің белгілері бойынша сұрыптау, оларды экономикалық бағыты мен мәні бойынша топтастыруға мүмкіндік береді [28].

Экономикалық бағыты бойынша біздің ойымызша ресурстарды пайдалану төлемдерін мынадай топтарын бөліп көрсетуге болады: орнын алмастыру, орнын толтыру, ренталық шығынды қайтару, айып, сыйлық (3-кесте).

Алғашқы төлем топтарының мәні жеткілікті түрде түсінікті де анық екендігіне көзіміз жете отырып, келесі үш төлем топтары бойынша кейбір мағлұмат бере кеткеніміз жөн стяқты.



Орнын толтыру төлемдері халық шаруашылығына келтірілген зиянды - қарастырылып отырған табиғат ресурсын игеруден толығымен алынбай қалған пайданы қоса, барлық зиян түрлерінің орнын толтыру болып табылады. Бұл топқа пайдалануды шектегені үшін төлемдерінің барлық түрлері, оның ішінде өндіріске берілген жер үшін, қоршаған ортаны мөлшерлі шамада ластағаны үшін төлемдер де бар.
2.3. Қазақстандағы орман ресурстарының жағдайы

Қазақстан ТМД елдері ішінде территориясы жағынан екінші орынды, халқы жағынан төртінші орын, ал орман қоры жағынан әрбір шаршы шақырымға шаққанда ең соңғы орындардың бірін алады.

Қазақстанда орман жердің 26,2 млн. га бөлігін алып жатыр, оның ішінде ағашты алқап – 12,4 млн. га. Орманнан жылына 2,0-2,4 млн. м3-ге дейін ағаш дайындалады. Ағаш халық шаруашылығының барлық саласында қолданылады деуге болады. Еліміз жылына 11 млн. га м3-ге жуық ағаш өнімдерін тұтынады. Орманнан ағаштан басқа да пайдалы өнімдер алынады. Қазақстан ормандары негізінен табиғат қорғау қызметін атқарады.

Қазақстан орман қорына бай болмағандықтан ағаш және ағаш өнімдерінің басым бөлігі шет елдерден (негізінен Ресейден) әкелінеді. Сондықтан елімізде орман қорын қорғау, молайту және тиімді пайдалану өте өзекті экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселе.

Еліміздің орман байлығын қорғау оны тиімді пайдалану мен қорын қайтадан қалпына келтіріп отыруға тікелей байланысты. Бұл алдымен орман және ауыл шаруашылығының және табиғатпен байланысты басқа да өндірістердің тікелей міндеті. Орманның өскен жерінде ауа райын өзгертіп, өзен-көл суларын толықтырып отыратындығын, оны қорғаудың қажеттілігін арттырудың маңызы зор. Бұған қарамастан ағашты пайдаланбай тағы да отыра алмаймыз. Себебі қоғамға қажетті өндірістің көпшілігінің ағашсыз күні жоқ.

Осыған байланысты адам баласының алдында орманның табиғатқа жасайтын жағымды ықпалын бұзбайтындай етіп пайдалану міндеті тұр.

Орман қорын қорғаудың және тиімді пайдаланудың басты мәселесі оны ұдайы, үдемелі жаңғыртып отыру, әсіресе құнды ағаштардың қорын молайту. Орман қоры ұзақ мерзімде қалпына келетін табиғат ресурсы болғандықтан оны өсіру, қорғау ұзақ мерзімдік бағдарламалармен, жоспармен жүзеге асырылады.

Орман алқаптарының тіршілікте алатын орны айрықша. Құнарлы топырақ қабаты мен сапалы су көздерін қорғауда қамтамасыз ететін де, қолайлы климаттың қалыптасуына игі ықпал жасайтын да, тыныс алатын таза ауаны оттегімен жабдықтайтын да, экологиялық апаттардың зардабын бәсеңдететін де қалың орман.

Қазір жалпы республика аумағының 4,6 %-ын орман алқаптары алып жатыр. Оларда 384 млн. м3 ағаш қоры шоғырланған. Орман шаруашылығын негізінен, сапасы төмен ағаштар мен ағаш қалдықтары, тағамдық жабайы жеміс-жидектер мен саңырауқұлақтарды жинау және ертеректе ағаш өнімдерін өндіру мақсатында жаппай ұйымдастырылған шағын цехтар құраған. Төлем қабілеті төмендеген кәсіпорындар көбейіп, көлікпен тасымалдау, электр қуаты және басқа да шығындарды өтей алмай тығырыққа тірелген шаруашылық жаңа ғана нарық талабына бейімделіп келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет