31. Кесене сыртындағы жазулардың қазақша мағынасы
Ғимараттың орта бөлігіне үлкен көлемдегі өрнектелген жазулар түсірілген, жоғары жағына — эпиграфтық фриз, төменгі жағына (ірге бөлігіне) биіктігі — 1,85 м тас кенере жүргізілген. Ӏрге бөлігі қашалған тас тақталармен дәнекерленген. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құраннан алынған сөздер жазылған. Эпиграфтық фриздің жазулары терракоталық фонда құйма кірпіштермен өрнектелген. Фриздің биіктігі — 2,37 м. Жазулар көгілдір қышпен өрнектеліп, қара көк түсті кірпіш¬термен көлеңке түсірілген. Жазулардың арасынан "Алла", "Мұхаммед", "О, жарылқаушы", "Билік Аллада", "Алла менің әміршім" деген секілді, т.б. сөздерді оқуға болады. Кесененің солтүстік-шығыс бетінде Ӏлияс хан ойығының үстіндегі фриз соңында "Шираздық Қожа Хасан" деген сөз және "һиджраның 800 жылы" деп жазылған. Сондай-ақ, көрхананың қатпарлы күмбезінің жоғары жақтауы мен алты бұрышты тақтайшада куфалық стильмен шираздық мозаикашы Шемс Әбд әл-Уақабтың есімі жазылған. Ол күмбездің қатпарлы қабырғаларына өрнектер жасаған шебер болған. Бас порталдың екі жағы биік мұнарамен жиектелген зәулім аркасы бар. Оның ені — 50 метрге, ішінің ұзындығы — 18,2 метрге, биіктігі — 37,5 метрге тең. Порталдың салынып бітпей қалған қос қанаты үстінен арка үш бұрыш тәрізденіп көрінеді. Әмір Темірдің кезінде бас порталдың тек нұсқасығана бар-ды, оныңқұрылысын 1583-98 ж. Бұхарды билеген Абдолла хан аяқтады. Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталған. XIX ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр корғану орындары салынып, қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған..
32. Шығыс моншасы туралы айтыңыз
Шығыс моншасы — Түркістан қаласындағы архитектура ескерткіш. Жартылай жер астына салынған көп күмбезді құрылыс, күйдірілген шаршы кірпіштен қаланған. Қасбеттерінің сәндік әшекейлері жоқ, қабырғалары кірпіштен қаланған. Көлемі жағынан әр қилы 9 бөлмеден тұрады, олардың атқаратын өзіндік қызметі мен салыну уақыты жағынан ерекшелігі бар. Үйдің ішкі бөлігі құрамында: «балқы» күмбезімен жабылған моншаға кіре беріс бөлме, басты жуынатын зал – ортасында 8 қырлы тапшаны бар 8 қырлы зал, ыстық және салқын суағарлары бар залдар, т.б. орналасқан. Ыстық залда сылауға (массажға) арналған кең тапшан бар. Су суағарлар арқылы келеді. Моншаның іш жағы сыланған. Тапшандар мен едендері 1,5×0,8 м көлемдегі мәрмәр қалақтастан жасалған. Құрылымы дәстүрлі Oрта Aзиялық тәсілдегі қақпа үстіндегі күмбездерін, «балқы» күмбездерін, қорапты жабындыларды бейнелейді. Түтін жүретін көмейі мен жылытатын құрылым еден астына орналасқан. Оттықтан шығатын жылу басты залдың 8 қырлы тапшаны астына орналасқан күмбезді дөңгелек көмейге ағылып келеді де, осы жерден шеңбер секілді арналар жүйесі арқылы басқа бөлмелерге тарайды. Арналарда жылудың таралуын тез қамтамасыз ететін құдықтар бар. Кір су едендердің еңкіш төсемелеріне жиналып, сыртқа ағып кетеді. 1979 жылы ескерткіш қалпына келтірілді.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |