ISSN 2710-3994 «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2 (30) 2022 https://edu.e-history.kz
250
Автор Ресей мен қытайлық Цин империясы кезіндегі екі елдің әлеуметтік даму деңгейіндегі
айырмашылық мәселесіне талдау жасайды. «Ол кезде патшалық Ресейде капиталистік өндірістің
дами бастауына байланысты, оларға шикізат көздері және одан өндірілген өнімдері саудалайтын
нарық қажет болды. Сондықтан олар экспанциялық бағытта – Қазақстан, Орталық Азия, одан әрі
Үнді мұхитына бет алды. Бұл мақсатын іске асыру үшін орыс үкіметі әскериленген қоғамдық
күшті, яғни баукеспе казактарды алға салып пайдалану саясатын қолданды», - дейді.
Ал Цин империясы ертеректе Жоңғар хандығының бақылауында болған қазақ жерлеріне
саяси бақылау орнатуды көздеді. Сондықтан олар қазақтардың шығыстағы атажұртына қайта
көшіп баруын шектеу саясатын қолданды. Алайда екі ел арасында саяси және экономикалық сауда
байланыстарының өрістеуіне байланысты қазақтар шығысқа қарай жылжып көшіп отырды. Тіпті
Цин империясының шекара қарауылдарынан өтіп барып қоныстанды. Сонымен Ресей отарындағы
қазақтар және Цин империясына тәуелді қазақтар құбылысы қалыптасты. Қытай мен Ресей
өздерінің қазақ даласындағы мемлекеттік шекарасын анықтап алу керек болды.
1864 жылдың 7 қазан күні Қытай мен Ресей өкілдері Шәуешек қаласында «Қытай-Ресей
батыс-солтүстік шекараны делимитациялау келісіміне» қол койды. Аталмыш Құжат бойынша
қазақ жерінің Қытайға тиген бөлігіндегі
қазақтар жерімен бірге Қытайға, ал Ресейге тән болған
өңірдегі қазақтар тұрған жерімен бірге Ресейдің құрамына енді.
Содан кейін қытайлық ресми құжаттарда жаңа түсініктер қолданысқа енді: «Ресей
қазақтары», «Ресейге қараған қазақтар» және «Қытай қазақтары», «Қытайға қараған қазақтар»
деген жаңа қоғамдық құбылыс (феномен) қалыптасты. Цин империясы провинцияларды әскери-
әкімшілік жүйемен басқарған. Іле және Тарбағатай өңірлерінің қазақтары Іле генерал-
губернаторының басқаруына қарады, ал Алтай өңірі қазақтарды Улиастай генерал-
губернаторының Қобдадағы уәзіріне басқартады. Алайда қазақтардың дәстүрлі қоғамдық басқару
формасы сақталды. «Ақалақшы (Болыс), Мыңбасы, Үкіртай, Гун,
Тайжи деген сияқты көптеген
тең дәрежелі мансап титулдарын тағайындап, солар арқылы қазақтарға үстемдік жүргізді» (36 б.).
«Шет елдегі қазақтардың өмір сүрген қоғамдық ортасы» деп аталған екінші тарауында,
қазақтардың Қытай Республикасы (1912–1949 жж.) кезіндегі қоғамдық жағдайы мен тіршілік
тәсілдерін ашып көрсетеді. Содан кейін 1949 жылдан бергі Қытай Халық Республикасындағы
қоғамдық өзгерістерді және олардың соңғы 70 жыл ішінде қазақ қауымдарының тағдыр-талайы,
мәдениетіндегі дамуы мен тоқырауы тарихи тұрғыдан пайымдалады.
Қытайдағы қазақтардың жан санының өсуіне Қазақстаннан барған босқындардың үлкен
ықпалы болғаны да пайымдалады: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қатысушылары және
олардың отбасы мүшелері; Кеңес үкіметіндегі 1920–30 жылдардағы саяси жағдай,
аштық пен
саяси қуғын-сүргіннен бойтасалағандар қосылды. Бұл босқындардың келуімен Қытайдағы қазақ
қауымының саны артып қана қоймай, олардың сапасы да өзгерді, - дейді. Соның нәтижесінде
Қытайда тұрып жатқан қазақтар екі түрлі топтан құралады: басым көп бөлігі – кезінде шекара
делимитациялаудан бұрын атажұртында барып орныққандар, яғни өздерін байырғы атажұртында
отырмыз
деп санайтындар; екінші топты құрайтындар - Кеңес Одағы кезінде түрлі себептермен
ауып барғандар.
Автор архив құжаттарына сүйене отырып, Қытайдағы қазақтардың өмір сүрген қоғамдық
ортасын тұжырымдап сипаттайды. Сондай-ақ Моңғолия жеріндегі қазақтар - ХІХ ғасырдың соңғы
жартысында Қытайдың Алтай аймағынан көшіп барған Абақ-керей тайпалары және ХХ ғасырдың
басында Шығыс Қазақстанның Марқакөл мен Зайсан аудандарынан босып барған Наймандардан
қауымдасқан. Олардың Моңғол мемлекет құрамына қабылдану барысы ұзаққа созылғанын
пайымдайды. Екінші тараудың екі параграфы Моңғолиядағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі,
қоғамдық ортасы және әлеуметтік дамуына арналған
(40 б.). Оларды қазақтардан шыққан бір гун
мен 15 үкірдай басқарды. Моңғолиядағы қазақтардың жайылымдық жерлерінің кеңдігі мен
өміршең рухы олардың моңғол далаларында сақталып қалуы мен дамуына негіз болды. Ал
Моңғол мемлекетінің дербестігі ондағы қазақтардың азаматтық алуына
және әлеуметтік саяси
істерге қатысуына алғышарт әзірледі деп тұжырымдайды автор.
Н. Мұқаметханұлы Қытайдағы қазақ босқындарының күрделі мәселелеріне ерекше мән
беріп, оларға «Қазақтардың алыс шетелдерге босып кетуі» деген жеке параграф арнайды.