«Мәңгілік Ел» идеясы және патриоттық тәрбие ұғымдарының мәні мен сипаты
Дәрістің жоспары
1. «Мәңгілік Ел» идеясы және патриоттық тәрбие ұғымдарының мәні мен сипаты
2. МӘҢГІЛІК ЕЛ” идеясы негізінде бастауыш сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеу бағыттары
Дәрістің қысқаша мазмұны:
«Мәңгілік Ел» – Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру стратегиялық мақсатын жүзеге асыруға бағытталған қуатты жұмылдырушы бастама. «Мәңгілік Ел» пәнінің идеясын халық дәстүрі мен отандық мүдде туралы толық түсінікті қалыптастыратын, әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі қазақ болмысының мән-мағынасын ашып беретін, атамекенде еркін де бірдей өмір сүретін адамдардың ішкі рухани және қоғамдық өмірін айқындайтын ұстанымдар құрайды. Бұл нысан қазақ елін тұлғалық, ұлттық, мeмлeкeттік, қоғамдық құндылықтармен толықтыруды медет тұтады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың пікірінше, «Қазақстан - 2050» Жолдауында тілге тиек болған «Мәңгілік ел» ұғымының философиялық-саяси негізі сақ, ғұн, көне түркілер дәуірінен бастау алады. Қазақстан мемлекетіне (оның жерінде бұрынғы уақытта сақтар, ғұндар, түркілер, Шыңғыс хан, Алтын Орда қуатты империялары билік құрған) «Мәңгілік ел» идеясы ата-бабаларымыздан мұра болып жетті. «Осы идея жолындағы қызмет біздің жерімізді қай заманда да басқыншылардан қорғап келді және уақыт пен тарихтағы осы сабақтастық үзілмеуі тиіс. Себебі «қаһарман бабаларымыздың істері, замандастарымыздың жетістіктері мен келешек ұрпақтың жарқын болашағы арасындағы жалғастық сақталғанда ғана біз «Мәңгілік елге» айнала аламыз, - деген тұжырым жасаған.
Ж.Ж.Молдабеков: «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі өлшемдері – гуманизм мен әділеттілік, әлеуметтік-адамгершілік прогресс, – деп түйіндейді.
Қазақстанның тұңғыш президенті «Мәңгілік ел» ретіндегі болашағы туралы сөз қозғағанда, ол ұлттың тарихи санасына қатысты мәселелерді күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде қарастырады. Әлеуметтік-мәдени категория ретінде сипатталатын тарихи жады мейлінше терең болған сайын, сондай-ақ тарихи сана неғұрлым тереңнен тамыр тартқан сайын, адам және тұтас қоғам соғұрлым рухани байи түседі.
Бүгінгі күн түсініп, келешекті болжау үшін өткенді білу қажет. Адам алдыңғы буынның жинақтаған әлеуметтік-мәдени тәжірибесіне терең бойлағанда, оның өмірлік және азаматтық ұстанымдары айқындала түседі.
Жаһандану үстіндегі әлемдегі қатаң бәсекеге қабілеттілік жағдайында Қазақстанның «Мәңгілік елді» қалыптастыруға ұмтылысы саяси, әлеуметтік-экономикалық егемендікпен қоса, рухани тәуелсіздікке де қол жеткізуді қажетсінеді.
Осыған орай ұлт сынды күрделі жүйенің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін осы қоғамға тән тарихи сананы қалыптастыру керек (төл тарих пен мәдениеттің өзіндік болмысын сипаттайтын ұлттық дүниетанымды, рухани қайнар-көздерді, жаңғырту арқылы).
«Мәңгілік ел» идеясы қай заманда да даңқты тарихы бар ұлы көшпенділер империясын әлемдік өркениетпен байланыстырған көпір болып келді. Ол Ұлы Жібек жолында, ізгілік, кеңпейілділік пен мейірбандық, береке-бірлік сынды жалпыадамдық қасиеттерге ие көшпенді өркениеттің даму жолында жүзеге асты.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ... «Мәңгілік ел» идеясы біздің көне түркілік дүниетанымымызды – болмысымызды, көшпенділер өркениетінің негіздерін заманға лайық қайта жаңғыртудың, еліміздің алдыңғы қатарлы қуатты мемлекет ретінде өркендеуінің кепілі болып табылады. Тәуелсіздіктің келуімен еліміз тарихи тұрғыда осы идеяны жүзеге асыруда оқушыларға патриоттық тәрбие берудің рөлі жоғары демекпіз.
Ортақ мақсат – «Мәңгілік Елді» нығайту, Отанымыздың – Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту! Ортақ мүддеміз – біздің баршамызға ортақ құндылықтарымыз, еркін және өркендеуші елде өмір сүруге деген құштарлығымыз! Ортақ болашағымыз – «Мәңгілік Елдің» - біздің ортақ үйіміздің – Қазақстан Республикасының гүлденуі.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы атап өткендей: 1) Қазақстан халқы алдында тұрған стратегиялық міндеттердің орындалуы Қазақстанда жасақталған бірегей модель – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік моделі негізінде ғана жүзеге асуы мүмкін; 2) тұрақты түрде өркендеуші Қазақстанды құру, қасиетті жерімізде берекелі қоғам құру сынды озық міндеттерді орындау үшін ұйымдасып, бірігу қажет.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мәнін жоғарыда айтылған қағидалар аясында зерделеу нәтижесінде келесідей қорытынды жасаймыз: «Мәңгілік Ел» - Қазақстан Республикасының мемлекет құрушы ұлты болып табылатын қазақ халқының – Қазақ елінің тарихы. Сонымен қоса бұл – әлемді мойындатуға және дүниежүзілік қауымдастықта өзіне лайық орнын алуға ұмтылған көпұлтты мемлекет ретіндегі Қазақстан Республикасының қалыптасу тарихы бола тұра, тағы да Қазақ елінің тарихы.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мәнін тереңірек түсіну үшін оның маңызды құрамдас бөліктерін анықтап зерделеген жөн.
«Ұлттық идея», «ұлттық мұрат», «ұлттық көшбасшы», «ұлттық элита», «ұлттық рух» ұғымдары арқылы «Мәңгілік Ел» идеясының мәнін ашамыз. «Ұлттық идея» ұғымының мәні мәселелері бойынша көптеген зерттеулерде төмендегі жайттар атап өтіледі:
- ұлттық идея қандай да бір халықтың, этностың немесе ұлттың өмір сүру мәнін айқындайды. Өз болашағын құрайтын кез - келген мемлекет немесе қоғам осы жағынан өз ұлттық идеясына сүйенуі қажет. Өз ұлттық идеясын мансұқ еткен қоғам құриды, міндетті түрде өз жолынан таяды. Сол себепті ол дұрыс бағыт алса, онда ұлт үшін шешуші, тарихи және жасампаз фактор болады;
- нағыз ұлттық идея – бұл жетілу, әсіресе халықтың бүкіл рухани жетілу идеясы. Бұл идея – ерекше әмбебап идея. Осы тұрғыда ұлттық идея ұғымын халық өмірін орнықтыру қағидасы ретінде қарастыруға болады. Бұл халық ақылына, парасаты жанына сәйкес келетін өмірді орнықтыру қағидасы. Бұл қазіргі күні жеткіліксіз өнімді іске асып жатқан өмірді орнықтыру қағидасы. Бұл қазіргі буынның болашақ туралы сындарлы да айқын арманы және бұл ой-арман алдыңғы ұрпақ өкілдерінің болашақ туралы армандарымен астасып жатыр. Бұл халықтың өмір сүруін қамтамасыз ету принципі ретінде туған Жер, байлығын ұқыпты пайдаланумен байланысты;
- ұлттық идея халықты ұйыстыруға бағытталған дүниетанымдық сипаттағы бағыттардың, құндылықтар мен мұраттардың кешені, қоғамның тұрақты әлеуметтік - экономикалық дамуы, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайту болып табылады. Ұлттық идеяны жай ғана ойдан жасауға болмайды. Оның бөліктері ұлттың болмыс келбетін білдіретін ұлттық сана-сезімнің терең қатпарында жатыр, оның мағынасы философияда, тарихта, ғылымда, поэзияда, әдебиетте, музыкада, бейнелеу өнерінде, биде, халық тілінде;
- тарих ұлттық идеясы мен идеологиясы бар мемлекеттің идеологияландырылмаған мемлекеттен анағұрлым күшті екендігін растайды. Идея жетістік стратегиясы ретінде әсер етеді;
Осының бәрі айқын көрсеткендей, ұлттық идея ұлттық сана-сезімнің ерекше түрі бола отырып, қоғамның рухани өмірінің бөлігі ретінде мағына құрушы, этноқалыптастырушы, құнды бағыт беруші және қоғамдық ұйыстырушы қызметтерін атқарады. Оның негізінде ұлттың руханилығы, өз халқының тарихи келбеті мен шығармашылық актісіне сүйіспеншілік, оның рухани қуатына сенім, оның рухани қабілеттілігі, халықтың өзіндік ерекше мәдениеті мен рухани міндетін, қоғамдық даму тереңдігі мен болашағын ұғынуы, тарихи жады мен болашақ бейнесінің бірлігі жатыр.
2. МӘҢГІЛІК ЕЛ” идеясы негізінде бастауыш сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеудегі бағыттары
МӘҢГІЛІК ЕЛ” идеясы негізінде бастауыш сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеу мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
- «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде туған жердің байлығы, тауы мен тасы, Отаны, онда тұратын халықтарға қатысты тарихи-мәдени және этнографиялық білімдерді игеруге бағытталған белсенді танымдық бағдар;
- «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде туған халқының мұрасына, оның әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне оң көзқарас, ана тілін құрметтеуге, мәдениетін меңгертуге баулу.
Б.Момышұлы: «Патриотизм – Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығының қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, ал мемлекеттік нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды, жеке адаммен, яғни өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді» - деп патриотизм ұғымына анықтама берген болатын. Б.Момышұлының ұлттық патриотизм ұғымына берген анықтамаларына сүйене отырып, ұлттық патриотизм ұғымының өлшемдерін анықтадық. Олар: адамның ұлттық ерекшеліктерін сақтауға бейімділігі, өз халқына сүйіспеншілігі, тарихи дәстүрі, мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі, ана тілі, тұрып жатқан территориясы, шыққан тегін сезіну, өз халқымен қан жағынан байланысын сезіну.
Б.Момышұлы «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әжесінің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ» - деп өсиет қалдырған еді. Бұдан әрбір адамның өз халқына, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі өзінің шыққан тегін сезіну мен өз халқына қан жағынан байланысын жүрегімен сезіну тұрғысынан түсіну қажет деп санаған, – деген қорытынды жасауымызға негіз болды.
Патриотизмнің маңызды өлшемдерінің бірі – тіл. Қазақ зиялылары тілдің жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлін жақсы көрсеткен. А.Байтұрсынов бұл жөнінде: «Тіл – адамның, ұлттың ерекше белгісі, қоғамдық өмірдегі қарым-қатынаста қолданатын ұтымды қаруының бірі», - деген. Бұдан қазақ демократтары мен зиялыларының тіл саясатын дұрыс құру үшін күрескенін көреміз. Әр халық алдымен өзінің туған тілін сыйлап, оны мақтан тұта білуі керек. Өйткені, халықтың даналығы, даралығы, тарихы мен мен шежіресі сол халықтың тілінде жазылып, сол тілде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалады. Ең бастысы туған тіл арқылы ұлттық өзіндік сана ұлттық бейне қалыптасады. Тіл – ұлттың тарихын, өткен өмірін және барлық болмысын танытатын құрал ретінде өз топырағында дамып, өркендейді. Тілдің адам өміріндегі мәні айрықша, өйткені ол – бабалар аманаты, өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем, көркем ойдың көрігі және ұлттың жан дүниесі. Тілдің құдіретінің ерекшелігі де осында. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол ана сүтімен бірге бойға сіңіп, қалыптасатын, атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра, елдің ұлттық мақтанышы.
М.Р. Загазежев: «Отанға деген сүйіспеншілік ұлтжандылық тәрбиесі жүйесін құрайтын туған үй, отбасы, ең жақын туыстар – атамекен, руластар мен жақын адамдар ортасы – туған ел, өз халқың, Отаның тізбегіндегі негізгі буын болып табылады», - деп атап көрсетеді. Автор патриоттық тәрбиенің негізі саналатын отбасы, отбасылық туыстық қатынас және Отаны, туған жерімен байланыстыра қарастырған. Туған елді өркендету мәселелерін шешу үшін ең алдымен білім беру саласына басымдық беру қажеттігін көреміз. ынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс.
“МӘҢГІЛІК ЕЛ” идеясы негізінде бастауыш сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеуде мынадай бес бағытта ұсынамыз: болашақ азаматтың бойында патриоттық сана-сезім орнықтыру үшін ең алдымен, өз тарихымызды-Қазақстан халықтарының тарихын білуіміз керек, екінші, өз тілімізді-туған халқымыздың тілін білмек шарт.
Үшіншіден, атадан-балаға, баладан немереге, немереден ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды білген жөн. Ол да-тарих, зерделей білсек, ол да бізді патриотизмге баулиды.
Төртіншіден, өткен тарихымыздың жақсылықтары мен игі тағлымдарын сақтау, ерлік дәстүрлерін үлгі тұту.
Бесіншіден, атамыз айтқандай, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру, оқушылардың ұлттық мақтаныш сезімін ояту.
Патриоттық тәрбие мәселесі «Қазақстан-2050» Жолдауында жаңа мазмұнға ие болды. Осы жолдауда тұңғыш Президент мықты да қуатты Қазақстан мемлекетін құру кезінде қарулануға алуға тиіс алты негізгі бағытты атап өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |