№ 1
дәріс
|
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
Тақырып 1. «Бастауыш мектеп педагогикасы мен ғылымының өзекті мәселелері»
«Бастауыш мектеп педагогикасы мен ғылымының өзекті мәселелері»
пәнінің объектісі, пәні, мақсат, міндеттері.
Ғылым философиялық зерттеудің объектісі ретінде. Ғылыми білім әрекет ретінде. Ғылыми білім формаларының негізгі ерекшеліктері мен көпқырлылығы. Ғылымды ұйымдастырудың формалары. Ғылыми қауымдастық.
Дәрістің қысқаша мазмұны:
«Бастауыш мектеп педагогикасы мен ғылымының өзекті мәселелері»
оқу пәні «7М013 – Пәндік мамандандырылмаған педагогтарды даярлау» мамандығы үшін болашақ педагогика ғылымдарының магистрларының теориялық дайындығының негізін құрайтын базалық бейінді пән болып табылады.
Қазіргі дүниенің күрделі және динамикалық дамуы жағдайында ғылыми білімдер деңгейінің мәселелері жаңа мән-мағынаға ие болып отыр, өйткені өзгерген және өзгермелі қоғам алдында жаңа міндеттер туындауда. Осыған орай болып жатқан өзгерістерді және ондағы адамның орны мен рөлін, ең негізгісі ХХІ ғасыр басындағы адамның өзінің ерекшеліктерін (оның құндылықтарын, мақсаттарын, мүмкіндіктерін, мұқтаждықтарын, өзін-өзі анықтау дәрежесін және т.б.) түсінудің маңызы мен қажеттілігі сезілуде. Сондықтан бүгінгі күні адамның танымымен байланысты ғылымдар, оның ішінде қоғам мен адамның нақты жағдайына ерекше бейімділігімен ерекшеленетін педагогика ғылымы алдыңғы қатарға шығады. Осыған байланысты жоғары білімнен кейінгі білім беру жүйесінде «Бастауыш мектеп педагогикасы мен ғылымының өзекті мәселелері» оқу пәні» курсы айрықша орын алады.
Бұл оқу пәнінің негізгі мақсаты: заманауи бастауыш мектеп педагогикасы ғылымының өзекті мәселелерін және гуманитарлық білімнің қазіргі заманғы жетістіктерін ескере отырып, шешілуге тиісті жаңа теориялық және практикалық міндеттерді оқып-үйрену болып табылады.
Пәннің міндеттері:
- бастауыш білім саласының қазіргі жағдайы, даму бағыттары жайлы білімдер жинақтауға көмектесу;
- докторанттарда бастауыш білім бойынша іргелі және қолданбалы педагогикалық зерттеулердің әлеуметтік-мәдени құбылыстары мен үдерістерін ғылыми негіздеу дағдыларын қалыптастыру.
Пәннің пререквизиттері мен постреквизиттері: бұл курсты оқыту білім алушылардың психологиялық-педагогикалық пәндер блогын, ғылым тарихы мен философиясын оқып-игеру барысында алған білімдеріне сүйену арқылы жүзеге асырылады. Курс «Қазақстандағы және әлемдік білім беру кеңістігіндегі білім беру мен педагогикалық ой-пікірлердің тарихы», «Бастауыш білім берудің теориялық-әдіснамалық мәселелері», «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі» сияқты пәндерді оқып-игерумен байланысты.
Пәнді оқып-игеру нәтижесінде докторанттарда мынадай құзыреттіліктер қалыптастырылады:
ғылыми білімнің мәдениет феномені ретінде қалыптасуы мен дамуының заңдылықтарын түсінуге қабілетті;
білім берудің заманауи парадигмаларына сәйкес педагогикалық білімнің жаңа тұжырымдамалық идеялары мен бағыттарын түсінуге қабілетті;
педагогикалық білімнің заманауи мәселелерін талдау мүмкіндігін беретін ғылымтанудың негізгі категорияларын түсінуге қабілетті;
ғылыми зерттеудің әдіснамасын игереді;
бастауыш білім беру педагогикасы саласында ғылыми-зерттеу үдерісінде жалпы, жеке және арнайы аспектерді белгілеуге қабілетті;
педагогика бойынша ғылыми зерттеуде әдіснамалық, теориялық және қолданбалы деңгейлердің өзара байланыстарын түсінуге қабілетті;
бастауыш білім беру педагогикасының негізгі ғылыми тұжырымдарын ғылым мен қоғам дамуының жалпы мәселелерімен салыстыра біледі.
|