Бекіту сұрақтары:
1).18ғ.20-30ж.ж.шаруашылық дағдарыстың болуына не себеп болды?
2). 18 ғ. 50-60 ж.ж. жер дағдарысы неге әкеп соқтырды?
3).17ғ. 60-70 ж.ж. қазақ шаруашылығының кеңейтілген өндіріс жолына түсуі.
№20-21 лекция ғ. 19 ғ. 2-жарт: - 20 ғ. басы Қазақстанның шаруашылығындағы өзгерістер.
Негізгі ұғымдар:1860-1890 ж.ж. реформалары, самодержавиенің переселендік саясаты, көшушілерге жеңілдіктер, жатақтың, өндірісттік жұмысшылар, столыпиндік реформалар.
Жоспар:
1.Самодержавиенің аграрлық саясаты.
Жер өңдеулік отарлауы
2.Капиталистік қатынастардың тууы:
-
өндіріс,
-
банк – ақша қатынастары,- сауда
3.Столыпиндік реформалардың салдары.
Мақсаты: Ғасырлар тоғысындағы Қазақстанның дәстүрлі шаруашылығы мен экономикалық дамуының өзгеріске ұшырауының алғышарттары мен саяси себептерін ашып көрсету.
Бекіту сұрақтары:
1.Самодержавиенің аграрлық саясатытың мәнін айтыңыз?
Жер өңдеулік отарлауы қалай жүрді?
2.Капиталистік қатынастардың тууы неге байланысты болды?
-
Қандай өдірістер пайда болды?
-
банк – ақша қатынастары қалай жүрді?
2.Столыпиндік реформалардың салдары неге әкеп соқтырды?
№22-23 лекция ХХ ғ. 20-40 ж.ж. экономикалық жаңартулар.
Негізгі ұғымдар: Әскер коммунизм саясаты ”, ЖЭС, индустриализация.
Жоспар:
1.Кеңестік “ Әскер коммунизм саясаты ”
2.ЖЭС-экономикалық бағыты либерализациялау Қорытындылар, Қазақстандағы индустриализацияның
3.20-шы жылдардағы республика ауыл шаруашылығындағы жағдай
4.Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жане оның зардаптары. 1932-1933 жылдардағы аштық.
Мақсаты: Кеңестік “ Әскер коммунизм саясаты ”мен ЖЭС-экономикалық бағыты либерализациялау, индустриализация саясатының қорытындыларын деректер негізінде ашып көрсету.
Лекция
1.20-шы жылдардағы республика ауыл шаруашылығындағы жағдай.1921-1922 жылдарда патша өкіметінің жер мәселесіндегі отарлау саясатының зардапты мұраларын жойған Қазакстан Түркістандағы аграрлық реформалардың жергілікті ұлт еңбекшілері, сондай-ақ қоныс аударған еңбекші шаруалар үшін елеулі маңызы болды. Ол көшпелі және жартылай көшпелі ауылдардағы кедейлердің салықтан босатылып, жеңілдіктер алуына жол ашты. Сонымен бірге оларда ұжымдандыру алғашқы қарапайым түрлері: сауда-саттық жасау, жабдықтау, несиені пайдалану, кейде мәдени ағарту жұмысстарының басын біріктіретін қарапайым кооперативтендіруді дамытуға жол салды.
Мемлекеттік кооперативтік сауда жүйесін құрумен бірге даласында сауда құрылысының жаңа мазмұнымен байытылған ескі түрлері: жәрмеңкелер, сауда керуендері болды. Міне, осының нәтижесінде 1923 жылы баяуырақ болса да, ауыл шаруашылығы өндіргіш күштерінің өрлеуі басталды. Ауыл шаруашылығын машиналар және құралдармен, тұқымдық астықпен жабдықтау жақсарды. Мал саны да өсті. Ауыл шаруашылығын қалпына келтіруде кооперацияның рөлі артты.
1924 жылы сәуірде РКФСР үкіметі Қазақ АКСР- інің көшпелі және отырықшылыққа көшкен халықтарын жерге орналастыру туралы жарлық шығарды. Жерге орналастыруға байланысты барлық шығынды мемлекет өз мойнына алды. Отырықшыланған шаруашылықтарға салық жөнінен жеңілдіктер берілді. Ауыл кедейлері мен шаруаларына қаржылай көмек беру ұйымдастырылып, оның көлемі 1,5 млн. сомға өсті. Осы жылдың қазан айында ұжымдастырылған шаруашылықтардың жалпы саны 794-ке жетіп, оның 96-сы Коммуна, 456-сы ауылшаруашылық артелі, 242-і жай серіктестіктер болды. Ал 20-жылдар аяғында Қазақстанда 1250 мындай жеке шаруа қожалықтары колхоздарға ұйымдасты. Мемлекет техника және қаражат беріп, еңбекші шаруаларға жеңілдіктер жасап, колхоздарға көмек көрсетуге пейіл қылды. Бірақ көп жерлерде бұл шаралар тиісті нәтиже берген жоқ. Бұл кезде республикада совхоздар мен МТС-тар құрыла бастады. Бұлар шаруалардың ұжымдандыру мәселесін шешуге көмектесуге тиіс еді.
Аграрлық саясатты іске асыру барысында ірі байлардың, "жартылай феодалдардың" ең әуелі малын, сосын еңбек құралын, одан кейін олардың тұратын үйлерін тартып алып, жер аударып жіберу бағыты алынды. 1927 ж. желтоқсанында Республика өкіметінің жоғарғы буындарында ірі-ірі байлар шаруашылығын тәркіге салу жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды. Оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Ғ. Тоқжанов, О. Жандосов т. б. кірді. 1928 ж. 27 тамызында Орталық Атқару Комитеті мен Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде тәркілеу жөніндегі Заң жобасы қабылданып, жарлық қаулы түріндегі құжатқа айналды. Республика округтерінде тәркілеуді өткізу жөніндегі өкілдер тағайындалды. Ауыл-ауылға тікелей мыңнан астам өкіл жіберілді, демеу комиссияларында 4700 адам жұмыс істеді.
Қаулыға сәйкес Қазақстан бойынша көшпелі аудандарда 400-ден аса малы бар ірі қараға шаққанда 700 шаруашылықты, жартылай көшпелі аудандарда 300 және отрықшы аудандарда 150 шарушылықты төркіге салу белгіленді. Бұл науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды. Науқанның қорытындысы бойынша іс жүзінде 696 шаруашылық тәркіге салынды, олардың 619-ы тұрған округінен тыс жерлерге айдалды. Тәркіленгендерден ірі қараға шаққанда 145 мындай мал және ауыл шаруашылық саймандары тартып алынды.
Қазақ байларын тәркілеу барысында заңға қайшы көптеген бұрмалаушылықтар орын алды. Кейбір жерлерде 300-400 қаралы қойы бар, орта қолды дәулетті шаруалар шаруашылықтары орынсыз тәркіге ұшырады. Ал қайсыбір жерлерде туысқан жанұяларының малдары қосылып жазылып, оларда төркіге жатты.
20-шы жылдардың аяғында көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды отырықшыландыруға бағытталған Шаралар іске асырылды. Мұның өзі бастапқыда кейбір жеңілдіктер беру (құрал-сайман, күш-көлік, қарыз қаржы беру, екі жылға астық, ет тапсырудан құтқару) арқылы бірте-бірте жүргізілетін болып белгіленгенмен, шынтуайтқа келгенде, күштеп отырықшыландыру әдісі белең алды. Көптеген жерлерде көшпелі шаруашылықтар бір жерге иіріліп, киіз үйлерден көшесі бар қалашықтар құрылды. 10-15 күннен кейін ондағы адамдар жан-жаққа ешкімді тындамай қашуға, көшуге мәжбүр болды. 1930-31 жылдарда осындай зорлап отырықшыландыру зобалаңына ұшыраған мал шаруашылығымен айналысатын 25 ауданнан 35 мыңнан астам шаруашылықтар республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Маңғыстау ауданы (Батыс Қазақстан) халқының 50 пайызы Қарақалпаққа, Түркіменияға, Ресейге көшіп кетіп оралмады. Ондағы малдың саны 65 пайызға азайды. Тек Батыс Қазақстан облысы бойынша - 82,2, республика бойынша - 51,8 пайызға қысқарды. Жалпы Қазақстан бойынша 1931 жылдың тамыз айына дейін 281 мыңнан астам шаруа қожалықтары республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Ал бұл көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтар жаңа экономикалық саясатты іске асыру барысында өздерінің малдарының санын көбейтіп, қалаларға ет, жүн, т.б. шығарып сатып, жағдайларын біраз түзеп алған болатын.
Сонымен 20-жылдардың аяғына қарай қазақ даласындағы ірі өзгерістерге: халық шаруашылығын қалпына келтіруге, өнеркәсіп орындарын салып, кәсіпорындардың, жолдың кең жүйесін дамытуға себепші болған жаңа экономикалық саясаттың әрекетін тежеп, әміршіл-әкімшіл басқару әдісіне көшуге біржола бетбұрыс жасалды. НЭП жылдарында Орташаланып калған ауқатты шаруалар, қаладағы жағдайын біраз түзеп алған қолөнершілер мен қызметкерлер енді жат таптың өкілі есебінде қудалауға алына бастады. Саясаттағы солақайлық етек ала берді. Халықты ызғарымен ықтырып, тұманымен тұншықтырып, отына күйдіріп Сталин бастаған әміршіл-әкімшіл басқару жүйесінің қызыл шоқтай тарғылданған күні туып келе жатты.
2.Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жане оның зардаптары. 1932-1933 жылдардағы аштық. 20-шы жылдардың басында қабылданған жаңа экономикалық саясат бойынша шаруаларды ұжымдастыру, халықтың материалдық әл-ауқаты мен мәдени дәрежесін көтеру сияқты күрделі мәселелер шешіледі деп есептелінді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік қысым күшімен емес, экономикалық тиімділік шарттарын сөзсіз орындау арқылы жүзеге асатын шаралар ретінде қаралды. Жаңа экономикалық саясаттың алғашқы жылдардағы тәжірибесі оның мүмкін екенін дәйектеп берді.
Алайда, 20-шы жылдардың екінші жартысында жаңа экономикалық саясат негізінде қалыптасқан шынайы бағыт түбірінен өзгерді. Басты міндет - ең зәру көкейкесті мақсат индустрияландыруды қызу қарқынмен жүргізу деп жар салынды. Индустрияландыру қам-қарекетін қамтамасыз ететін қорды жинауды шаруалар қауымын тікелей және жанамалап экспроприяциялау есебінен жүргізу көзделді. Атап айтқанда, бұл мақсат мемлекеттендірілген колхоз жүйесін жасау, яғни шаруаларды ұжымдастыруды жаппай өткізу арқылы іске асырылды. Сөйтіп, 20-шы жылдардың аяқ шенінде бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда да колхоздастыру науқаны басталды. Бұл шараның іске асырылуына шаруалардың тілегі мен ықыласы себеп болған жоқ, ол жоғарыдан берілген әмір, нұсқаулар негізінде жүргізілді. Қазақстанда колхоздастыруды 1932 жылдың көктеміне қарай аяқтау белгіленді.
Шаруаларды күштеп ұжымдастырудың арқасында республикада колхоздар саны қауырт өсіп 1927 жылы 1072 болса, 1928 жылы - 2354, ал 1929 жылы - 4876-ға жетті. Бұлар колхоздастыру саясатын жүргізудегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін құрылған жасанды шаруашылықтар еді. Оларды құру барысында небір сұмдык зорлыққа, күштеуге жол берілді. Ол тұста қабылданған бірнеше қаулы-қарарлардың заңдылығын тексеру барысында Қазақстан Республикасы Жоғары Кенесінің Төралқа комиссиясының 1992 жылғы желтоқсанындағы қорытындылары жарияланды. Онда келтірілген деректер мен мағлұматтар колхоздастырудың қандай әдістермен жүргізілгені жөнінде толық түсінік береді.
Колхоздастырудың 1929 жылдың орта шенінен басталғаны белгілі. Оның құлаш жаюы Сталиннің сол жылғы 7 қарашадағы "Правда" газетінде "Ұлы бетбұрыс" деп аталатын мақаласының шығуымен тұспа-тұс келді. Мұның алдында кулактарға шабуыл жөніндегі нұсқаулар негізінде Қазақстанда байлардың шаруашылықтарын тәркілеу аяқ-талған болатын. Енді жана экономикалық саясат негізінде жүргізілген шаруаларды кооперациялау ісі мемлекет бағыттап отырған күшпен ұжымдастыру шарасына орын берді. Ал, бұл шара шаруа қауымының игілігін ойлаудан тумады, тек индустрияландыру процесін қамтамасыз ету мақсатын қана көздеді. Сөйтіп, 20-30 жж. жаңа экономикалык саясатын дамыту бағыты тұйықталып тасталды. Ондаған жылдар бойына экономика мен қоғамдық саяси өмірде тек "күштеу" шарасының рухы үстемдік етті.
Бұл жағдай ауыл шаруашылығына қасіретті зардабын тигізді. Селодағы саясаттың ең басты шарты - әміршіл-әкімшіл террорға сүйенген экономикалық емес жарлықтар, шаруалар қауымын кооперациялау идеясын жаманатты қылып қоймай, оның пайдалы жақтарын да құртып жіберді. «Ұлы бетбұрыс» селолық құрылымдарды қатігез қаталдықпен аяусыз қиратып, қоғамның болашақта туатын проблемаларын біртіндеп әзірлей бастады.
Колхоздастыру барысында жүргізілген ауыл шаруашылығы өнімдері оның ішінде астықты күштеп дайындау шаруалардың күн көрісіне, көңіл-күйіне мейілінше кері әсер еткен, оларды кеңес өкіметін жек керуге итермелеген екінші бір үлкен шара болды. Ауылдарда мал саны өсіріліп көрсетіліп, алынатын еттің, жүннің көлемі белгілі есептен асып түсті. Салғыртты орындау үшін шаруалар қыс ішінде қой қырқуға мәжбүр болды. Мұның өзі қойлардың жаппай қырылуына соқтырды. Егіспен айналыспайтын шаруашылықтардан астық талап етілді. Салғыртты орындамаған қожалықтар сотқа тартылды. 1928-1929 жылдары осындай айыпқа ұшыраған 34 мың ауыл-село адамдары сотталды. Мұның өзі ауыл адамдарын қорқыту үшін де істелінді.
Колхоздастыру осындай ауыр жағдайда басталды да, оны басқару әкімшілік, зорлық, күштеу әдістерімен жүргізілді. Егер 1928 жылы Қазақстанда колхозға барлық шаруашылықтардың екі пайызы ғана кірсе, 1931 жылдың күзінде шаруаларды 70-тен 100 пайызға дейін колхоздастырған аудандардың саны 78-ге жетті. Бұл тұста өлкеде 122 аудан болатын. Шаруаларды ұжымдастыру кезінде ауыл-селоларда бай-кулактарды тап ретінде жою шаралары іске асырылды. Жергілікті орындарға жеткізілген нұскау бойынша жойы-луға тиісті бай-кулак шаңырактары барлық шаруашылықтың жалпы санының 3-5 пайызынан аспауы керек деп ескертілді. Бірақ, осыған қарамастан әміршіл-әкімшіл жүйенің асыра сілтеу әрекетімен тәркіге салынғандар саны кез келген жерде ең жоғарғы көрсеткішке жеткізілді. Нәтижесінде тек 1930-1931 жж. республикадан тыс жерге бай-кулак деп "жер аударылып" жіберілген шаруалар саны 6765 адамға жетті. Ондаған мың шаруалар тұрған округтерінен республика ішінде басқа жерлерге көшірілді.
Ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жүргізу үшін Қазақстан өлкелік партия комитеті жергілікті белсенділермен бірге кәсіпорындардан сегіз мың жұмысшыны тартты. Мұның үстіне республикаға Мәскеуден, Иваново-Вознесенскіден, Харьковтан, Ленинградтан партияның шақыруымен 1204 «жиырма бесмыңыншы» келді. Бірақ бұлардың өздері қазақ жерінде отырықшыланудың мәні мен механизмін жете түсінбеді. Көптеген әкімшілер үшін бұл шартараптан жүздеген шаруашылықты бір жерге жинау болды. Мұндай топтаудың салдарынан шаруалар мал өрісінен, су мен шөп іздеп, жайылым ауыстырып отыру мүмкіндігінен айырылды.
Әміршіл-әкімшіл жүйенің нұсқауымен Қазақстанның барлық аймақтарында ұжымдастыру егіншілік шаруашылықтарында да қандай қарқынмен жүргізілсе, мал өсіретін шаруашылыктарда да ол сондай қарқынмен жүргізілсін деп талап етілді. Ойластырылмай алынған шешімнің зиянды қайтарымы өзін көп күттірген жоқ.
Қолдағы малды қоғамдастыру нәтижесінде колхоз фермалары құрылды. Кейбір жерлерде алып коммуналар ұйымдастырылып, олар өте көп шарушылықты біріктірді. Соның нәтижесінде фермаларға жиналған қисапсыз мал күтімнің кемдігінен, шөптің, жайылымның жетпеуінен қырылды. Колхозға кірмеген жеке шаруашылықтарда мал ұстауға ықылас болған жоқ. Сөйтіп, 1928-32 жылдар аралығында республикада ірі қара 6 млн. 509 мыңнан 965 мыңға, қой 18 млн. 566 мыңнан 1 млн. 386 мыңға, жылқы 3 млн. 516 мыңнан 316 мыңға, түйе 1 млн. 42 мыңнан 63 мыңға азайып кетті. Қазақстанның осы жылдары одақ бойынша тауарлы астық өндіруден үлес салмағы 9 пайыздан 3 пайызға кеміді. Халықтың тұрмысы нашарлап, қайыршылануы күшейді. Мұның өзі шаруалар бұқарасының наразылығын туғызбай қойған жоқ. 1929-1931 жылдарда шаруалардың 372 көтерілісі болып, оған 80 мындай адам қатысты. Созақ, Шемонаиха, Бұқтырма, Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Самар, Абыралы, Биен-Ақсу, Шыңғыстау, Бөрібаев, Қастек, Балқаш, Шұбартау, Маңғыстау т.б. жерлердегі шаруалар көтерілісі аяусыз басылып, оған қатысқандардан 5551 адам сотталды, олардың 883-і атылды. Жалпы алғанда күштеп ұжымдастыру кезінде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазаланды.
Көшпелі қазақ мал шаруашылықтарын күштеп отрықшыландыру және ұжымдастыру Қазақстан экономикасын құлдыратып төмен түсіріп жіберді. Республика экономикасының құлдырап төмендеуі 1932-1933 жылдардағы қуаңшылықпен тұстас келді. Осындай елді арылмас сорға душар еткен қолдан жасалған қастандық пен табиғаттың рақымсыздығынан осы екі жылда республикада аштықтан өте көп адам қырылып, қазақ елі орны толмас қайғы мен қазаға ұшырады: 2 млн. 200 мың адамынан, яғни қазақ ұлтының 49 пайызынан айырылды. Республикада тұратын басқа халықтар да сан жағынан кеміді.
Қазақстанға Ф. И. Голощекиннің елкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келуі қазақ халқына адам айтқысыз бақытсыздық әкелді. Голощекин әміршіл-әкімшіл басқару жүйесіне арқа сүйеп, небір сұмдық амал-айла, зымияндық әдіс қолдану арқылы қазақ зиялыларын бір-біріне айдап салды, "халық жауы" деп жала жауып, мындаған қазақ азаматтарының қанын төкті. Голощекиннің тікелей басшылығымен 1929 жылы - 31, 1930 жылы - 82, 1931 жылы - 80 жалған "контрреволюциялық ұйымдар" ашылып, бұл ұйымдардың мүшесі болды деген жаламен он мыңға тарта қазақтың бетке шығар азаматтары қамауға алынды.
Сөйтіп, тарихшы ғалымдардың соңғы жылдардағы зерттеулері көрсеткендей, қазақ халқы аса ауыр шығынға ұшырады. Ашаршылықтан және онымен байланысты туған эпидемиялардың салдарынан, сондай-ақ өлім-жітімнің көп болуы, халықтың басқа республикаларға, Қытайға, Иранға, Монғолияға т.б. елдерге ауа көшуі нәтижесінде Қазақстан бірнеше миллиондаған адамдарынан айырылды. Қазақстанда жіберілген орны толмас қателіктер мен бұрмалаушылықтарды Мәскеудегі орталық аппарат жергілікті басқару органдары айыпты деп, барлық бәлені соларға жапты. 1933 жылдың басында Ф. И. Голощекин орнынан алынып, Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Л. И. Мирзоян сайланды. Осы жылдың көктемінен бастап енді жіберілген кателіктерді және республикада қалыптасқан ауыр жағдайды түзету басталды. Әсіресе, күштеп ұжымдастыру мен қазақ көшпелі шаруашылықтарын еріксіз отырықшыландыру мәселелеріне айырықша назар аударылды. Іске асырылған шаралардың нәтижесінде тек 1934 жылы мал саны 16,4 пайызға өсті. Бірақ, мұндай алғашқы қол жеткен табыстар орасан бүліншілікке ұшыраған республика өмірінің қоғамдық және экономикалық негіздерін қалпына келтіре алмады. Ұлы Отан соғысына дейін Қазақстаннан тыс ауа көшкен жүз мыңдаған қазақтар қайтып оралмады, өлкеде қырылған малдың орны толмады. 1941 жылдың басында олардың барлық саны 16 млн. басқа ғана жетті. Ал қазақ этносының бұрынғы санын калпына келтіру тек Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары болған күшті демографиялык өсудін арқасында, яғни 40 жылдан кейін ғана іске асты.
Бекіту сұрақтары:
1“ Әскер коммунизм саясаты ”– бұл қанадай саясат?
2.ЖЭС-экономикалық бағыты либерализациялау Қорытындылар, Қазақстандағы индустриализацияның маңызы неде?.
3.Ауылдарда әлеуметтік – экономикалық жаңартулар қалай жүрді?
4.Қазақстан экономикасының лагерлік секторы дегенді қалай түсіндіресің?
№24-25 лекция Қазақстан экономикасы соғыс жылдарында және соғыстан кейінгі кезең
Негізгі ұғымдар:Майдан,тыл,
Жоспар:
1.Тылдағылардың ерен еңбегі.
2.Қазақстанға соғыс жылдары көшіріп әкелінген өндіріс орындары.
3 Қостанайлықтардың майданға көмегі
Лекция
1.Биыл миллиондаған адамдар өз өмірлерін құрбан еткен Ұлы Жеңіске 65жыл толғалы отыр. Соғыс жылдарында Қазақстан экономикасы өте маңызды экономикалық және саяси маңызға ие болды оның себебі. КСРО-ның батыс аймақтарын гитлерлік армияның оккупациялауына байланысты Сібір мен Қазақстанның сол кездегі еліміздің маңыздылығын күрт көтеріп жіберген болатын.
Соғыс жылдарында армия мен халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде Қазақстанның ауыл шаруашылығы аса маңызды роль атқарды. 1941-1942 жылдары жаудың қоластында қалған аудандардан 1.2 млн. бас ірі-қара мал айдап әкелініп республикамыздың жер-жеріне орналастырылды, 1943 жылдан бастап осы малдар жаудан босатылған аудандарға кері қайтарыла бастаған. 1943-1944 жылдары 500 мың бас малды әкелген жерлеріне қайта жеткізіп берген.
Соғыстың алғашқы айларында Қазақстанға өндірістік маңызы бар мекемелер көшірілу ұйымдастырылды. Қазақстан территориясына қысқа мерзім ішінде 142 мекеме еліміздің батыс аймағынан 532.506 адам көшіріліп әкелінді.
Республикаға көшіріліп әкелінген кәсіпорындардың 107-ші қысқа мерзімде жұмысқа кірісті. Көшіріліп әкелінген басқа да кәсіпорындардың, әсіресе жеңіл және тамақ өнеркәсібі мекемелерінің жабдықтары жаңадан құрылып жатқан немесе Республиканың әр жерлерінде жұмыс істеп жатқан мекемелерге берілді. КСРОның жау қолында қалған аудандарының көшішіріліп әкелінген кәсіпорындарды орналастырумен қатар Қазақстан өзінің машина жасау кәсіпорындарын құрып, ауыр өнеркәсібін одан әрі дамыту міндеттерін де шеше бастады.
Бір ғана мысал: Мемлекеттік маңызы бар мекемелердің бірі. Біздің Қостанай аймағында да болды, ол Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға, соның ішінде біздің облысымызға көптеген кәсіпорындар көшірілгені баршамызға мәлім. Сол көшірілген кәсіпорындардың қатарына, жасырын түрде, майданды арнайы қорғаныс бұйымдарымен жабдықтаған №507 және №222 зауыттары да кірді. Эвакуация жөніндегі кеңес пен Қорғаныс комитетінің 1941 жылдың 29 қазанында қабылдаған шешіміне сәйкес, Клин және Каменск қалаларынан көшірілген жасанды талшықтар зауыттарының негізінде Қостанай қаласында №507 зауыты қалпына келтіріле бастады.
Барлық келген адамдар құрал – саймандарды жөнге келтіру, түгелдеу және жинақтау жұмыстарына тартылған.
Соғыс жағдайына байланысты зауыт өте қысқа мерзімде, дәлірек айтқанда, 1942 жылдың бірінші жарты жылдығында пайдалануға берілуі тиіс болған. Осы себептен көшірілген зауытты қолданылып жүрген ғимаратта орналастыру ұйғарылады. Бұндай орын ретінде НКВД мен мұғалімдер пединститутның ғимараттары таңдап алынады.
№507 зауыты майданды әртүрлі оқ – дәрілермен, жасанды жібекпен қамтамасыз етіп, вискоза дәнінен минометке арналған оқ – дәрі жасау мақсатын алға қойады.
1941 жылдың 15 қарашасынан бастап көшіріле бастаған Егорьевск қаласының « Комсомолец » станок жинау зауыты мен Ухтомский атындағы ауыл шаруашылығы машиналарының Люберецкий зауытының бір цехы №222 зауытының негізін қалады. Бұл зауыт Қостанай облысының Қарабалық ауданында, Тоғызақ темір жол станциясынан 12 км қашықтықта орналасқан астық совхозында орналастырылып, 1942 жылдың мамырында іске қосылады
КСРО Танк өнеркәсібінің жүйесіне қарасты №222 зауыты соғыс машиналарына арнап №41, №50, №10 бұйымдарын шығарумен айналысқан. Арнайы бұйымдарды жасау оңай жұмыс болмағандықтан, зауытпен бірге білікті мамандар да келді. Алайда көп кешікпей бұл мамандардың біреулері Қызыл әскер қатарына шақырылса, енді біреулері бұрынғы жұмыс орындарына оралды. Бұл жағдайды ескере отырып, зауыт жас жұмыскерлерді өндіріске оқыту жұмысына кіріседі. 1942 жылдың өзінде зауытта өндірістік жұмысқа оқытылған жастар саны 273 жетті. Зауытта ерлермен қатар әйелдер де тапжылмай еңбек етті. Ұлы Отан соғысы жылдары зауыт ұжымына қосылған әйелдер 30% құрады. Ұзақ уақыт бойы бір ғана әріппен аталып, көпшіліктен жасырын болған бұл зауыттар Ұлы Отан соғысының қиында, қаһарлы жылдары майдан тапсырысын орындау үшін жұмысшылардың бар күш – жігерін жұмылдырып, солардың қажырлы еңбегімен қатыгез ата жауымызды жеңіп, бейбіт өмір орнатуға ат салысты. Ұлы Отан соғысы жылдарында экономиканы соғыс талабына сай лайықтап қайта құру қажет болды. Экономиканы қайта құруды майдандағы қолайсыз жағдай қиындата түсті.
Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Гурьев мұнай өңдеу заводын, Каспий-Орск мұнай құбырын салу үшін. Мұнай өнеркәсібі Халық комиссариатының қуатты құрылыс ұйымын жіберді.
Мақат – Қосшағыл темір жолы салынды, Петровский атындағы машина жасау заводының екінші кезегі, Пешной көлі – Ширина труба құбыры, Гурьев мұнай өңдеу заводы, “ Комсомольский ” кәсіпшілігі іске қосылды. Ембі мұнайшыларына жұмысшы тобының еңбегінің символы мемлекеттік қорғаныс комитетінің туы бір жыл ішінде 12 рет тапсырылды.
Сол кездегі Гурьев облысының жайылым участкелерінің аудан орталықтарынан жүздеген километр қашық екенін ескере отырып, шаруашылық және бұқаралық – саяси жұмысты жақсы ұйымдастыру үшін колхозаралық тірек пункттерін құрды. Бұл пункттерде мектептер, қызыл отаулар медициналық және мал дәрігерлік учаскілер, моншалар сельпо бөлімшелері жұмыс істеді.
Республика мал шаруашылығын дамытудың мемлекеттік жоспарын орындап шықты.атырау облысының малшылары Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің туын алтыншы рет жеңіп алды. Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің шешімімен ту атыраулықтардың мәңгі сақтауына қалдырылды.
Құлсары кәсіпшілігімен сол кездегі Гурьев машина жасаушыларының ұжымы 1943ж. июньде ВЦСПС пен мұнай өнеркәсібі халық комиссариатының ауыспалы Қызыл туларын жеңіп алды. Атырау облысының еңбекшілері соғыс жылдарында өндірістің қай саласында болмасын күш жігерін майданға көмек көрсетуге жұмсады. Атыраулықтарда Отан қорғаушыларды жауды жеңу үшін не қажеттінің бәрімен қамтамасыз етуге ұмтылды.
Атыраулықтар майданға қажет өнімдерді үздік жіберіп отырды. 1942-1943 жылдары Мақат – Орск және Ақмола – Магнитогорск темір жолдары құрылыстары жүйесі жалғастырылып аяқталады. Соғыстың алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанда танкі самолет жасауға ақша жинау қозғалысы басталды.
Қазақстандықтар бұл қозғалысқа атсалысты. Қостанай жерінен де соғысқа өз қаражатына әскери истребитель ұшағын жібергендердің бірі академик М. Қозыбаевтың әкесі Қабаш Қозыбаев. Ұлы Отан соғысы басталғанда Қазақстандық алғашқылардың бірі болып өз қаражатына әскери истребитель – ұшағын жіберген.
Әріптесіміз Қостанай Мемлекеттік Педагогикалық Институтының тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Бекмағамбетова Раиса Бекмағамбетқызының атасы Бекмағамбет Сұлтанғазыұлы деген ақсақал 1899 жылы туған 4 кластық білімі болған азамат.
Көп жылдар колхоз басқармасы болып қызмет атқарған. Әріптесіміз Раиса Бекмағамбетқызының айтуынша атасы 1943 жылы бір миллион сом жеке қаражатынан самолетке ақша жіберген. Бар жиған-тергенін сатып қаржы жинақтаған екен. Зайыбы Балшекер апай екеуі сол кезде 7 бала тәрбиелеп, өсіріп отырған отбасы екен. Апай енді жеті баланы қалай асыраймыз деп реніш білдіргенде Бекмағамбет Сұлтанғазыұлы Балшекер апайға алдымен соғыста жеңіске жетейік, сонан соң қалғанын көрерміз, алла пендесін ырыздықсыз қалдырмас деп жауап берген екен. Кейіннен самолетке жіберген қаржысы үшін Сталиннің атынан қолы қойылған Жамбыл облысының Сарысу ауданының Жайылма ауылына Бекмағамбет Сұлтанғазыұлының атына алғыс хат келген екен. Ауыл болып қуаныпты дейді. Кейін Бекмағамбет Сұлтанғазыұлы 1945 жылы посылкамен Қаратаудың фосфоритін Бүркітті жерінен алып Алматыға жіберген. Кейін бұл жерге Жаңатас қаласы салынған.
Геолог Машкара келіп экспедициямен растаған. Осындай елгезек елдің қамын жеген абзал азамат Бекең 1950 жылы дүниеден озған. Қазақ жерінен соғыс кезіндегі жасаған жомарттық пен елдік мысалдарын көптеп келтіруге болады.
Соғыстың доноры іспеттес болған қазақ даласының экономикасымен жомарт жанды кеңпейіл қазақстандық халықтардың ерен еңбегі мен жеңіске жету үшін қолдан келгендерінен аяндаған қарапайым қазақ халқының ізгілікті істерінің бір-екі мысалдарына ғана қамтыдық, осының өзі көп жайдан хабар берері сөзсіз.
Қорытындылай келе айтпағымыз: Кеңестік дәуірде он бес одақтас республиканың бірі болып, Орталық басшылық нұсқауларын Мәскеуден алып жүзеге асырып отырған Қазақстанды Мәскеуді қорғауда қаһарман жауынгерлер қан төксе, тылдағы қазақстандықтар неміс фашизімін талқандауға елеулі еңбектегі үлестерін қосу арқылы екінші дүниежүзілік соғыстың жоспарының жүзеге асуына тосқауыл болды.
“Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан” деп халқымыз айтпақшы, бүгінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер Ұлы Отан соғысының 65 жылдығын тойлағалы отыр. Бүгінде сол кездегі одақтас елдердің көпшілігі дербес тәуелсіз республикалар. Соның бірі – Қазақстан. Қазақстандықтардың бүгінгі экономикасы шүкір, нығайып келеді. Шетелдер компаниялары мен инвестициялары тартылып жатыр. Мұның бәрі де қазақтардың жақсы пиғылы, ниетіне берген табиғат сыйы деп ойлаймыз. Тәңір жарылқап, Қазақстан халқының ынтымақ бірлігі нығайып, болашағы баянды болып, экономикасы арта берсін.
Достарыңызбен бөлісу: |