Даму және мәдениет
Қазақстандық жастардың басым бөлігі баспана, су және санитария, тамақтану және базалық медициналық көмек, базалық білімге қол жеткізу, ақпарат пен коммуникацияларға қол жеткізу сияқты базалық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жеке құқықтар, инклюзивтілік, денсаулық пен әл-ауқат және жеке қауіпсіздік сияқты пост-материалистік құндылықтар мен қажеттіліктер толық қамтамасыз етілмеген.
Қазақстандық жастардың құндылық бағдарлары бірқалыпты түрде өзгеруде. Дәстүрлі құндылықтардың басым болуы қоғамдық дамудың негізгі тренді болып қала береді. Жас қазақстандықтардың өмірлік стратегиялары мен мақсаттарының қалыптасуына, дүниетанымы мен қоршаған әлемге деген сенімінің қалыптасуына отбасы әсер етеді. Пост материализм мен индивидуализмге ұрпақаралық ауысу Қазақстанда болжанғаннан баяу жүруде. Жас қазақстандықтар қоғамдық ұйымдарға және көлденең бастамаларға сирек қатысады. Азаматтық белсенділіктің төмен деңгейі әлеуметтік оқшауланудың және баяу кәсіби әлеуметтену мен еңбек нарығына бейімделудің факторларының бірі болуы мүмкін.
Р. Инглхарттың (2017 ж.) мәдени құндылықтар картасымен өлшеулер қорытындысы бойынша Қазақстанның ұстанымы тұтастай алғанда бейтарапқа жақын, зайырлы құндылықтарға қарағанда дәстүрлі құндылықтарға сәл бейімділікпен және өзін-өзі көрсету құндылықтарымен салыстырғанда күнкөріс құндылықтарына айтарлықтай бейімділікпен сипатталды.
«Қазақстан жастары» зерттеуінің деректері бойынша жас респонденттердің құндылық қатарында бірінші орындарда тұрақты түрде отбасы (83,3 % респонденттердің жауаптарына сәйкес), денсаулық (64,2 %), достық (40,7 %), материалдық қамтамасыз етілген өмір (39,3 %), махаббат (22,8 %), қызықты жұмыс, мамандық (19,6 %) және білім, білім алу (19,5 %). Отбасы мен денсаулық құндылықтарының білімнен үстемдігі жастардың күнкөріс құндылықтарының басым екендігін көрсетеді.
Отбасының құндылықтар шәкіліне ғана емес, сонымен қатар практикалық мінез-құлыққа әсерін World Value Survey (2018ж.)7-ші толқынының зерттеу нәтижелері растайды. Қазақстандағы жастардың 92 %-ы үшін ата-ананың өздеріне деген мақтаныш сезімін
ояту – өмірдегі ең маңызды мақсаттардың бірі болып табылады.
Алайда, жаһандық трендтер қазіргі қазақстандық жастардың құндылықтарының өзгеруіне сөзсіз әсер етеді. Адамзат басынан өткеріп жатқан BANI дәуірі (акроним, ағылш. нәзік, мазасыз, сызықты емес, түсініксіз) жас қазақстандықтар бейімделуі қажет жаңа болжауға келмейтін шындыққа айналды. Вок-мәдениеттің пайда болуы (ағылш.
«woke» – оянған), әлеуметтік, этникалық және гендерлік теңдік мәселелеріне көбірек көңіл бөлу, гомогенизацияны тудыратын жаһандану, ковид-19 пандемиясы және экологиялық күн тәртібі мүлдем жаңа құндылық негізін құрайды.
Білім беру
Қалалық және ауылдық білім беру ұйымдарында білім алушылар көрсететін нәтижелерде айтарлықтай айырмашылықтар байқалады. Білім сапасының айырмашылығы өңірлер арасында да байқалады.
ЮНЕСКО деректері бойынша Қазақстанда ТжКБ бағдарламаларымен қамтылған 15-24 жас аралығындағы жастардың үлесі 14,66 %-ды құрайды. ЭЫДҰ бойынша орта есеппен бұл көрсеткіш 18 % құрайды. Қазақстанда оқу құны жылына 250 мыңнан бірнеше ондаған миллион теңгеге дейін өзгереді. Оқытудың жоғары құны мектеп түлектері мен студенттердің шетелге кетуіне ықпал етуі мүмкін.
«Қазақстан жастары» зерттеуінің нәтижелері жастардың алған біліміне қанағаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда (2021 жыл – 79,5 %) бұрынғы
деңгейде – 79,3 % қалғанын көрсетті. Заманауи еңбек нарығындағы байқалатын трансформация жұмыс берушілердің дипломның болуына неғұрлым адал қатынасын және жұмыс іздеушілерді жұмысқа қабылдау кезінде белгілі бір дағдылар жиынтығына – skill set қажеттіліктің артып келе жатқанын көрсетеді. Жұмыспен қамту нарығындағы трендтер біліктілікті арттыруға және lifelong learning-ке бағдарлануға неғұрлым саналы көзқарасқа әкеледі: жас қазақстандықтардың 23,5 %-ы үздіксіз білім алуға тартылған.
Денсаулық
Жастардың дамуының қазіргі жағдайлары, соның ішінде covid-19 жаһандық салдары жас ұрпақтың денсаулығына жаңа қауіптер мен сын-қатерлерді анықтады. Елімізде менталдық және репродуктивті денсаулық, буллинг, лудомания, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі мәселелері өзекті болды. Нәтижесінде жастар денсаулығына әсер ететін жаңа проблемаларға тап болады. Қазақстан 15-29 жас аралығындағы жастардың өлімінің негізгі себептерінің бірі болып табылатын және жол-көлік оқиғаларынан, туберкулезден және тұлғааралық зорлық-зомбылықтан кейін төртінші орында тұрған суицид жағдайларының саны бойынша әлемде көшбасшы орындардың бірін алады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының зерттеуіне сәйкес, әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады. Сапалы және қолжетімді психологиялық көмек алу мүмкіндігінің болмауы мәселесі өзекті болып қала береді.
«Қазақстан жастары – 2022» Ұлттық баяндамасының деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда жастар арасында жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға қатысты жағдай өте қолайсыз болып қалуда, өйткені олармен сырқаттанушылық деңгейі дамыған елдердегіден он есе жоғары. Сондай-ақ, Қазақстан АИТВ-инфекциясы жағдайларының тіркелуінің өсуі байқалатын әлемдегі санаулы елдердің бірі. Мәселен, 2016–2021 жылдары 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында АИТВ-инфекциясының таралуы 39-дан 53-ке дейін артып келеді. Денсаулық сақтау жүйесінде жасөспірімдер мен жастар Қазақстан Республикасы халқының репродуктивті мінез-құлқының ұлттық зерттеулері 15-19 жасқа дейінгі сексуалдық белсенді қыздардың қазіргі заманғы контрацепциямен төмен қамтылуын көрсететініне қарамастан, контрацепцияның заманауи құралдарымен тегін қамтамасыз ету үшін тәуекел топтарына енгізілмеген.
Жас ұрпақтың репродуктивті денсаулығының жай-күйін талдау жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау бойынша денсаулық сақтау ақпараты мен қызметтеріне қолжетімділігінің төмен деңгейін көрсетеді.
Жастар – өмірдегі кез келген өзгерістерге тез жауап беретін қоғамның ең белсенді бөлігі. Бұл тұрғыда жастар кәсіпкерлігі жастарды әлеуметтендірудің маңызды тетігі және әлеуметтік лифт ретінде әрекет етеді. «Қазақстан жастары» зерттеуі сауалнамаға қатысқан жастардың басым бөлігінің кәсіпкерлік қызмет тәжірибесі жоқ екенін көрсетті (79,2 %). Қалған 20 % арасында: 5,6 % сәтті де, сәтсіз де тәжірибеге ие; 4,9 % сәтті тәжірибеге ие;
4,4 % қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысады; 4,1 % сәтсіз тәжірибеге ие. Қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысатындардың ішінде: 7,3 % респонденттер 24-28 жаста,
4,7 % – 19-23 жаста және 1,2 % – 14-18 жаста. Ауыл жастары кәсіпкерлік қызмет тәжірибесінің бар екендігін жиі атап өтті (қала жастарының 17,7 %-ға қарсы 20,9%).
Достарыңызбен бөлісу: |