Жалғаулардың кірігу, көнеру әрекеті. Тіліміздегі көнеру, кірігу әрекетіне ұшыраған жалғауларға - көптік септік және тәуелдік жалғауларын жатқыза аламыз. Бұлар түбірге кірігу арқылы жаңа лексикалық бірліктер жасайды. Түбірге кіріккен (лексикаланған) жалғаулар екі қызметті қатар атқарады; олар грамматикалық мағынаны білдіруімен қатар, кейбір түбірлерге кірігіп, сіңісіп кету арқылы сөз тудырушылық қызметті де иемденеді. Соңғы жағдайда бұлар сөзжасам аумағына еніп, жаңа сөздер жасауға қатысады. Бұл жөнінде Ә.Төлеуов: "Жұрнаққа қарағанда, жалғау өзгеріске бейім категория. Өйткені көнеленген кейбір жалғаулар жұмсалу ыңғайына қарай жалғау, жұрнақ қызметіне ауысып отырады", - деген ой айтады [10, 110].
Тілдегі сөз түбіріне кіріккен жалғауларды төмендегі белгілер арқылы ажыратуға болады:
Сөз түбіріне кіріккен жалғаулар жаңа лексикалық бірліктер жасайды, ал әдеттегі жалғаулар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып тұрады;
Сөз түбіріне кіріккен жалғаулар сөзжасамда түбірмен бір бүтін лексикалық бірлік ретінде жұмсалса, әдеттегі жалғаулар түбірден жеке морфема болып ажыратылады;
Сөз түбіріне кіріккен жалғаулар арқылы пайда болған сөздер синхрондық талдауда морфемаларға бөлінбей, сол бүтін күйінде қабылданады;
Сөз түбіріне кіріккен жалғаулар арқылы жасалған сөздер сөздікте реестр сөз ретінде беріледі;
Жалғаулардың түбірге кірігуі арқылы пайда болған сөздер
басқа сөз таптарына жиі ауысып отырады.
Түбірге кіріккен жалғаулар жалғану ретіне қарай үш түрге бөлінеді:
Дара түрде кіріккен жалғаулар. Бұл топқа түбірге дара
күйінде кіріккен жалғаулар жатады, яғни түбірге кіріккен жалғау
біреу болады. Мысалы: ал +ға, өз+ге, бас +қа, дем +де, күн +деу
көп+тен, бір+ден т.б.
Екі түрлі жалғаудың түбірге кірігуі.
Бұл топқа түбірге қатарынан екі жалғаудың кірігіп кетуі арқылы жасалған сөздер жатады. Мәселен, оларға тәуелдік жалғауы мен септік жалғауының қатар кірігуінен пайда болған мынадай сөздерді атай аламыз: күн+і (тәуелдік ж.)+мен (көмектес с.), түн+і (тәуелдік ж.) +мен (көмектес с.), етпет+і (тәуелдік ж.) +нен (шығыс с.), ертең+і (тәуелдік ж.)+не (барыс с.) т.б.
Кірігу, көнеру әрекетіне ұшыраған әр жалғауға жеке-жеке сипаттама береміз.
Достарыңызбен бөлісу: |