Көптік жалғауы. Көптік жалғауының сөзжасамда қолданылуы оның лексикалануымен, яғни түбірге кірігу әрекетімен тығыз байланысты. Бұл тұста көптік жалғауы өзінің бастапқы қызметінен айырылып, жаңа сөз тудырушылық қызметке көшеді.
Көптік жалғауының түбірге кірігу әрекеті екі түрде көрініс береді.
1) Грамматикалық қызметті (сөз түрлендіруші) атқаруымен
қатар, лексикалық (сөз тудырушы) қызметке де ие аффикстік
морфемалар. Оларға -лар, -лер ... көрсеткіштері кіреді;
2) Қазіргі тілде қолданылмайтын көне көптік мағына
көрсеткіштері: -з; -ан//-ән; -к//-к.
1. -лар, -лер ... сынды көптік мағына көрсеткіштерінің лексикалануы жөнінде түркітану ғылымында алғаш пікір айтқан ғалым — Н.А.Баскаков. Ол жекелеген грамматикалық формант – аффикстердің атауыш негіздерден бөлек жеке тұрып лексикалануындағы ерекше жағдайға назар аударта отырып, осыған дәлел ретінде, лебедин говорларындағы -лар көптік мағына көрсеткіштерінің жекеленіп, III жақ жіктеу есімдігінің мәнін білдіріп, атауыш сөз мағынасында қолданылатындығын атап көрсетеді [11, 31-32].
Ғалым Б.О.Орузбаева "Қырғыз тіліндегі сөзжасам" атты еңбегінде" ...көптік жалғауы сөзжасам жүйесімен бастапқы грамматикалық мағынасын жойып, лексикаланған жағдайында ғана байланысады" — дейді [12, 30].
Грамматикалық формалардың лексикалануы туралы бірден-бір ғылыми жұмыс жазған Т.Г.Агаева да бұл мәселені тыс қалдырмайды [13].
Ғалымдар еңбектерінен байқағанымыз, жалпы түркі тілдерінде көптік жалғауларының кірігу әрекеті арқылы төмендегіше лексикалық бірліктер жасалған.
Басқа түркі тілдеріне қарағанда қазақ тілінде сөз түбіріне кіріккен көптік жалғаулары сирек кездеседі. Қазақ тілін өзге түркі тілдерінің деректерімен (жоғарыда көрсетілген) салыстыра қарау барысында тілімізден осы әрекет арқылы пайда болған төмендегіше сөздерді таптық:
1. Географиялық атаулар құрамынан түбірге кіріккен көптік
жалғауларын кездестіре аламыз. Мысалы: Дастар - Жезқазған
облысындағы тау аты. Бұл атаудың бірінші сыңары дас тәж., парсы,
әзірб., қаз., арм., түркм. тілдерінде даш, тас, таш, дашы, дешті
тұлғаларында келіп, "тастақ, тас жер" деген мағынаны білдіреді.
Екінші сыңарындағы -тар көптік жалғауы [14,83]. Бұдан өзге
тіліміздегі Достар (дос+тар) - елді мекен, Жезқ. обл., Тақырлар
(<тақыр+лар) - жер, Жезқ. обл., Ташлар (таш(тас)+лар) - құдық,
Жезқ. обл. т.б. жер-су атаулары да осы топқа жатады.
Көрсетілген сөздердің құрамындағы көптік жалғаулары түбірге кірігуі арқылы жалпы есімдерден жалқы есімдер жасап, сөз тудырушылық қызметке ие болып отырғандығы белгілі.
2. Ақтар, қызылдар тәрізді сөздер Қазан төңкерісі жылдары
тілде өнімді түрде қолданылған болатын. Қазірде бұл сөздер
қолданыстан шығып қалса да, сол кезең туралы жазылған көркем
шығармалар тілінен осы күйінде еш өзгеріссіз жиі кездесіп
отырады. Мысалы: Ақтар осы маңайда гана қашып жүр. Үйінде
тиыш отырган қатын-қалаш, бала-шаганы өлтіріп кететін ақтар Ботагөзге рақымшылық істейді деймісің! Осы кезде шапқынмен Алатай келді: — Ауылға Қызылдар келіп қалды! Қызылдардың бірінші күні бетін қайтарған ақтар, шабуылға ойланып еді, Қызылдар ең алгаш жиырма шақырымдай шегінгенмен, тез қарсы шабуылға кірісті. Ақтар аттана, ауылды өрт қаптады... Діңгекке жеткен Қызылдар, ту ұстаган Ботагөз екенін көрген соң, қайықтан түсе, діңгекке өрлей жүгірді,.. (С. Мұқанов) деген сөйлемдердегі "қызылдар" сөзі Қызыл Армия жауынгерлері деген ұғымды бір-ақ сөзбен берсе, "ақтар" сөзі оған қарсы жақ дегенді білдіреді. Көрсетілген сөздердің құрамындағы көптік жалғаулары түбірге кірігіп кеткендіктен, екеуі бірігіп келіп, бір бүтін лексикалық мағынаны білдіреді. Біздіңше, бұл тұстағы көптік жалғаулары сөзжасамдық дәрежеге жеткен. Себебі "қызылдар, ақтар" сөздері дербес лексикалық туынды мағынаға ие және бұл сөздердің орыс тіліндегі баламалары ("белые", "красные") да — дербес лексикалық бірліктер. Сөз түбіріндегі көптік жалғаулары көнеріп, кірігіп кеткен соң, оған екінші қайтара, үстемелене түрлі жалғаулар мен жұрнақтар жалғана береді.
3. Тіліміздегі олар, бұлар, солар тәрізді есімдіктер құрамынан түбірге кіріккен көптік жалғауларын кездестіре аламыз. Бұл тұста біз шор тілін зерттеуші ғалым Н.П.Дыренконаның пікірін негіз етіп алдық. Ол бұл сөздердің жасалу жолын былайша көрсетеді: " һылар-һлар (<по+лар), лар- ылар(<ол+лар) "[15,84].
Қазақ тіліндегі олар, бұлар, солар есімдіктерінің жасалу жолы былайша: ол+лар, бұл+лар, сол+лар. Көптік жалғауының ол, бұл, сол түбірлеріне жалғануы кезінде ықшамдалу заңдылығына сай қатар келген қос дауыссыздың бірі түсіп қалған.
2. Түбірге кіріккен көптік жалғауларының қатарынан көне көптік формаларын да кездестіре аламыз.
а) -з аффиксі. Бұл аффикс көз, ауыз, егіз, тізе тәрізді адам денесінің жұп мүшелерін білдіретін сөздердің құрамына кірігіп, сіңісіп кеткен. Сондай-ақ, -з қосымшасын жіктеу есімдіктерінің көпше түрлерінен де (біз, сіз) кездестіре аламыз.
-з формасы жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі пікірлер бар.
Ыз, сіз есімдіктеріндегі -з морфемасы жұптық мағынаны (двойственное число) білдіретін көрсеткіш болған деген пікір. Бұл пікірді қолдаушылар Н.Котвич, АМ.Щербак, А.Н.Кононов болды.
Ә.Ибатовтың пікірінше, -з көрсеткіші жұптық-көпшені (двойственно-множественное) білдіреді [16]. Ал ғалым Ғ.Айдаров бұл аффикстің көне түркі жазбалар тілінен көптік мағынаның көрсеткіші ретінде кездесетінін айтады [17, 70].
Біз ғалым Ә.Ибатовтың пікірін негізге ала отырып, -з морфемасы жұптық-көпше мағынаны білдіреді дейміз. Себебі бұл аффикстің кірігуі арқылы пайда болған сөздердің бір бөлігі (көз, ауыз, егіз, тізе, мүйіз) дененің жұп мүшелерін білдірсе, сегіз, тоғыз, жүз сөздеріндеғі -з көрсеткіші көптік мағынаны білдіреді деген пікір бар.
Тілімізде -з көрсеткіші мына сөздердің құрамынан кездеседі: көз, ауыз, тізе, егіз, мүйіз, сегіз, тоғыз, жүз, біз, сіз.
Сонымен, бұл көне көптік формалары бүгінде өз мағыналары мен қызметтерінен айырылған қосымшалар болып есептеледі. Тілімізде көрсетілген түбірлердің құрамына кіріккен түрде ғана кездеседі. Бұл қосымшаларсыз ол сөздер де өз мағыналарын жояды, яғни әуелгі түбірлер өліге айналып кеткен. Демек көне көптік формалары тілдің тарихи дамуының өте ерте кезеңдерінде кірігу әрекетіне ұшыраған.
Достарыңызбен бөлісу: |