Септік жалғауларының кірігуі.
Қазіргі қазақ тіліндегі үстеу сөздердің бір бөлігін септік жалғаулары арқылы жасалған сөздер тобы құрайды. Есім сөздер құрамындағы септік көрсеткіштерінің көнеріп, түбірге кірігу әрекеті негізінде жаңа лексикалық мағынаға ие сөздер пайда болады. Мысалы: бірге, баяғыда, қапыда, демде, әуелден, ежелден, бастан, ертемен т.б. сөздер құрамындағы септік жалғауларының көнеруі нәтижесінде үстеуге ауысқан. Ғалым Н.Оралбай оларды "туынды көнерген түбірлер деп атаған дұрыс" [18] деп есептейді. Расында да, бұл тұста түбір мен қосымша жігі айқын көрініп тұр (бір-ге, баяғы-да, қапы-да, дем-де, әуел-ден т.б.). Бастапқы түбір сөзді табу да қиын емес, оның мағынасын да анықтай аламыз. Бір өзгешелігі, бұл тұста септік жалғаулары көнеленіп, мағынаның өзгеруіне себепші болып, сөзжасамдық қызмет атқарады. Ғалым өз еңбегінде септіктердің көнеріп, үстеуге айналуын сөзжасамның бір тәсілі ретінде көрсетеді. Үстеулердің бұл тобы септік жалғауларының түбірге кірігіп, көмескіленуінің нәтижесінде басқа сөз таптарынан морфолоғиялық жолмен жасалады.
Бұл тұжырым қазақ ғалымы А,Ысқақов еңбегінен де жалғасын тапқан. Ғалым қазақ тіліндегі үстеулердің жасалу жолына кеңінен тоқтала келіп, "...зат есімнің кейбір септік формалары көнерген немесе көнеру әрекетіне жақын және соған сәйкес олар үстеуге айналуда немесе айналып кеткен", - деп түйіндейді [19, 34].
Септік жалғауларының түбірге кірігу әрекеті тірі септік көрсеткіштері мен олардың зат есім жүйесіндегі қызметінің өлсіреуінен көрінеді. Лексикаланған септік формалары түбірге кірігіп, жаңа лексикалық бірліктер жасайды, синтаксистік қызметінен айырылады.
Тілімізде септік жалғауларының түбірге кірігуінің екі жолы бар:
Түбірге кіріккен көне септік жалғаулары;
Тірі септік жалғаулары.
1. Фонетикалық жағынан өзгеріске ұшырау арқылы түбірге кіріккен көне септік формалары. Бұл аффикстер белгілі бір сөздер құрамына кірігіп, ажырамастай болып сіңісіп кеткен, бүгінде тілімізде қосымша ретінде қолданылмайды. Бұл топқа септік жалғауларының екі түрлі көрсеткіші кіреді:
а) -ын//-ін түріндегі көне көмектес септігінің көрсеткіштері.
Көне түркі тілдерінде көмектес септігінің -ын, -ін (-ен, өн, -он) түріндегі көрсеткіштері қолданылған. Қазіргі түркі тілдерінде бұл формалар көнерген жалғаулар болып есептеледі. Олар қысын, жазын, күзін тәрізді үстеулердің құрамында кездеседі. Бүгінде тілімізде қолданылмайтын бұл септік жалғаулары ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ.
-ын, -ін аффиксінің даму тарихы туралы пікірді, біз А.М.Щербактың еңбегінен көре аламыз: "ХІ-ХІІІ ғ. көмектес септік көрсеткіштері сөз түрлендірушілік қызметін жойып, үстеулердің бір тобын тудырушы ерекше сөзжасамдық қабілетті иемденеді" [20, 89]. Ал ҮІІІ-ХІ ғ. көне түркі жазба ескерткіштері тілін зерттеуші Н. Г. Кондратьев жазбалар тілінен -(ы)н, -и(н), -ун/-ян тұлғалы құралдық септік (инстр. пад.) көрсеткіштері кездесетіндігін айтады [21, 40]. Демек -ын, -ін түріндегі септік жалғаулары XI ғасырдан кейін-ақ өз мәнін жоғалта бастаған. Бұл тұжырымға XI ғ. туындысы "Диуани Хикмет" тіліндегі септік жалғауларын зерттеуші Г.Х.Абдрахманованың диссертадиялық жұмысы да дәлел бола алады [22].
Келесі ғалымдар қатары да (Т.Г.Агаева, Б.О.Орузбаева, Ә. Н. Севортян, Ф .А. Ганиев, 3.3. Абсалямов) өз еңбектерінде үстеулердің құрамынан -ын... көне септік көрсеткіші кездесетіндігін айтып өтеді.
А.Ысқақов бұл тұлғаның септік жүйесінен шығып қалып, бүгінде санаулы сөздер (қысын, жазын) құрамында ғана келетіндігін атап көрсетсе [1, 48], Ә.Төлеуов те өз талдауында осы тұжырымға келген [23].
Ә.О.Ыбырайым "Үстеулердің грамматикалық ерекшеліктері" атты диссертадиясында [24] бұл аффикске қысқаша талдау жасаса, Е.Саурықовтың жұмысында бұл форма көмектес, құралдық септік мағынасында қолданылған деп көрсетілген [25].
Сонымен, қазақ тілінде -ын, -ін тұлғалы сөздер санаулы ғана (қысын, жазын, күзін) әрі тілімізде сирек қолданылады. Бұл сөздердің құрамындағы көне септік көрсеткіштері түбірге кірігіп, зат есімдерден мезгіл мәнді үстеулер жасаған. Бүгінде оларды түбір-жалғауға ажыратпай, бүтін бір лексикалық бірлік ретінде қарастырамыз.
ә) -ғары, -гері, -қары, -кері түріндегі көне барыс септігінің көрсеткіштері.
Бұл аффикстер жоғары, ішкері, тысқары, сыртқары, ілгері, шеткері тәрізді санаулы сөздерден ғана кездеседі және тілімізде қолданылмайтындықтан, өнімсіз, өлі қосымшалар тобына кіреді. Тілдің тарихи дамуы барысында көрсетілген сөздерге кірігіп кеткендіктен, бүгінде түбір құрамында қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |