3 І тарау. Қосымшалардың түбірге кірігу әрекеті тілдің ішкі даму заңдылығы



бет2/27
Дата08.10.2024
өлшемі5.04 Mb.
#504437
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
Тәуелдік жалғау туралы түсінік (4)

Зерттеу нысаны. Қазіргі қазақ тіліндегі тәуелдік жалғаудың түбірге кірігу әрекеті, кіріккен тәуелдік жалғаудың түрлері, тәуелдік жалғауының сөзжасамдық қызметі.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ, түркі тіл біліміндегі сөз түбіріне кіріккен, көнерген тәуелдік жалғаудың өзіндік ерекшелікгерін салыстыра отырып, кіріккен тәуелдік жалғаудың әдеттегі тәуелдік жалғаудан айырмашылығын, тәуелдік жалғаудың түбірге кірігуі арқылы жасалған туынды сөздердің негізгі белгілері мен сөз таптарына қатысын айқындау және кіріккен тәуелдік жалғаудың түрлерін анықтау — жұмыстың мақсаты болмақ.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысына сөздіктерде біртұтас сөз ретінде берілген тәуелдік жалғауының түбірге кірігу әрекеті арқылы қалыптасқан сөздер және соларға байланысты қазақ көркемсөз шеберлерінің шығармаларынан мысал дерек болды.
Жұмыстың құрылымы. Курстық жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І тарау
ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ ТҮБІРГЕ КІРІГУ ӘРЕКЕТІ – ТІЛДІҢ ІШКІ ДАМУ ЗАҢДЫЛЫҒЫ

1.1. Қосымшалардың түбірге кірігуі - түркі тілдеріне ортақ заңдылық

Қазақ тілі де өзге тілдер тәрізді үнемі даму үстінде. Тарихи даму барысында тіліміздің грамматикалық құрылысы мен сөздік қоры түрлі өзгерістерге ұшырап отырады. Қосымшалардың түбірге кірігуі де — осы дамудың нәтижесі.


Қосымшалардың түбірге кірігуі тілдің ішкі жағдайында өтетін құбылыс болғандықтан, ол сөздің морфологиялық құрылысына тікелей әсер етеді. Тіліміздегі жалғаулардың сөз тудырушылық қабілетті иеленуі, қосымшалы сөздің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуы, сөздердің түбір мен қосымшага жіктелмеуі – бәрі – көнеру, кірігу әрекетінің негізгі белгілері болып табылады. Бұл өзгеріске қосымшалар тілдің тарихи дамуы барысында ғана ие болады.
Көнеру, кірігу әрекетінің нәтижесінде грамматикалық формалар өздерінің грамматикалық мағыналарынан айырылып, жаңа белгілерді қабылдайды. Форма жағынан көнеленген, мағына жағынан әуелгі төркіндерінен алшақтаған сөздер өздерінің бастапқы топтарынан (мысалы: зат есім, сын есім, сан есімдер мен етістіктердің қатарынан) бөлініп шығып, лексикалық мазмұны жағынан басқа сөз табы қатарына ауысады. Сонымен бірге форма жағынан не біржола септелмейтін, не бірен-саран септік жалғауларын қабылдап, жарым-жартылай ғана өзгеретін сөздерге айналады. Мұндай сөздер түбір мен қосымшаға жіктелмей, бір бүтін лексикалық бірлік ретінде қолданылады.
Тіліміздегі бір буынды түбірлер мен негіздер құрамында кездесетін қосымшалар да көнеру, кірігу мәселесімен тығыз байланыста болады. Себебі бір кездері тілімізде дербес қолданылған түбірлер қолданыстан шығып, кіріккен қосымшалы түбірлерде сақталған. Бүгінде сол қосымшалармен бірігіп барып, бір бүтін лексикалық бірлік ретінде танылады, сөздіктерде реестр сөз ретінде беріледі. Тек этимолоғиялық талдаудың негізінде ғана олардың аражігін ажырата аламыз.
Сөз түрлендіруші аффикстер кірігу, көнеру әрекеті арқылы жаңа сөз тудырушылық қызметке ие болады. Осының негізінде тілімізде жаңа лексикалық мағынаға ие сөздер пайда болады. А. Ысқақовтың пікірінше: "Туынды үстеулер құрамында сөз тудырушы аффикстер арқылы жасалмай, керісінше бастапқы мағыналарынан айрылып, септік жүйесінен алыстаған есім формаларының көнеруі мен кірігуінің нәтижесінде пайда болған сөздер тобы бар" [1, 173].
Тіліміздегі сөз түбіріне кіріккен, көнерген сөз түрлендіруші қосымшаларға: септік көптік тәуелдік жалғауларын және етістіктің кейбір формаларын кіргіземіз.
Айтылған тұжырымдарға көз жеткізу үшін әрқайсысына жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдік.
Тілдегі қосымшалардың түбірге кірігу әрекеті екі түрде көрініс тапқан.
1)Қазіргі кезеңде өлі түбір саналатын сөздерге қосымшалардың кірігуі;
2)Түбірі сақталған сөздерге қосымшалардың кірігуі.
1.Бүгінде қосымшалармен кіріккен күйінде ғана кездесетін "өлі түбірлер" ертеде жеке түбір ретінде саналған. Тілдің дамуы барысында олар қолданыстан шығып, өзіне жалғанған қосымшаларға кірігіп кеткен және қазіргі тілде түбір - қосымшаға бөлінбей бір бүтін бірлік ретінде қолданылып, басқа туынды сөздердің жасалуына негіз болады. Бұл түбірлер мен негіздерді терең талдаудың негізінде ғана морфемаларға бөлшектей аламыз. Көнеру, кірігу мәселесі де осы тұста сөз болады.
Белгілі ғалым Ә.Т.Қайдаров өз еңбегінде "өлі түбірлерге" былайша сипаттама береді: "..."өлі түбірлер", "өлі негіздер" түсініктері белгілі бір шарттылықтан айырылған жоқ, өйткені олар тілдегі "ізсіз жоғалу" немесе "олардың біржолата жоғалуы" түсініктерінен алыс емес. "Өлі түбір" деп аталатындардың көп бөлігі тілде тірілермен қатар өмір сүреді және сөзжасам процесіне қатысуын жалғастырып отыр" [2, 29]. Ойын дәлелдеу үшін ғалым тіліміздеғі құлақ сөзіне талдау жасаған. Бұл сөздің құрамындағы "құл-" бүгінде өлі түбір ретінде саналады [2, 29]. Осы тәріздес бір кездегі тәуелсіз бір буынды түбір-негіздердің көнеленуі (консервация) - түркі тілдерінің морфологиялық құрылысының дамуында өтетін ұзақ тарихи процестің нәтижесі [2, 106].
Әуелгі (первичные) түбірлер жайын зерттеуші ғалым Ж.Манкеева өз еңбегінде тілдің дамуы барысында бір буынды түбірлерге түрлі қосымшалар жалғанып, кейіннен сол түбір морфемаға сіңісіп кеткендігін дәлелдеп көрсетеді. Автор қазақ тіліндегі етістік түбірлердің жасалу жолының 35 моделін берген [3, 17]. Осы үлгілер ішінде өзінің көнелігімен көзге түсетін т - моделі бойынша көптеген екі буынды етістіктер жасалған. Басқа модельдерге қарағанда мұны көне деуге себеп — оның етістік жасауға негіз болған түбірлердің көпшілігі консервацияланған.
Тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан алғанда, бүлік бүлін дегендердің іштей морфемаларға мүшеленбей, бір бүтін түбір морфемалар ретінде ұғынылатынын ескеріп К.Аханов оларды "сіңіскен түбірлер" деп көрсетеді [4, 279-281]. Ал ғалым Қ.Жүбанов бұл тұста "өлі түбір" деген атауды қолданса [5, 167], А,Ысқақов оларды "көнеленген түбірлер" деп есептейді [6, 88].
Тірі түбірлердің өлі түбірлерге айналу процесін М.Томанов былайша сипаттайды: "Түбірдің фонетикалық сипатының өзгеруі тілдің даму барысында олардың көнеруіне себеп болады. Фонетикалық өзгеріске ұшырап, семантикалық жағынан көнерген түбірлер көбіне қосымшалармен біріккен түрде орнығып қалады" [7, 134].
Қазақ тіліндегі етістік түбірлерге талдау жасау барысында А.Қ. Хасенова (Қалыбаева): "Туынды етістік негіздердің белгілі бір тобы морфемаларға бөлшектенбейді, себебі бұл негіздердің бір бөлігі өз дербестіктерін жойған. Бұл топқа: оя-н, оя-т, уа-н, уа-т, үйре-н, үйре-т, жа-н, жа-қ, бүл-ін, бүл-дір т.б. етістіктер кіреді", — дейді [8, 53]. Ғалымның бұл ойы кейінгі еңбегінде де өз жалғасын тапқан [9].
Ғалымдар пікірлерінен қазіргі тілде морфемаларға бөлшектеуге келмейтін бір буынды түбірлер мен негіздер құрамындағы қосымшалардың түбірге кірігіп кеткендігін дәлелдей түсетін деректерді көре аламыз. Бұл — кірігу, көнеру әрекеті ертеден келе жатқан тілдік құбылыс екендігінің бір дәлелі. Түбірге кіріккен қосымшалар әуелгі түбірлерден жаңа лексикалық мағынаға ие сөз жасауға негіз болады.
Көптеген түркі тілдерінен ерте кездері заттық мән мен қозғалысты білдіру үшін бірдей түбірлерді яғни синкретизмдерді қолданғандығы байқалады. Синкретизмдер өлі түбірлерге қосымшалардың кірігуі арқылы пайда болған деп саналады. Тілдегі синкретизмдердің етіс аффикстері арқылы қалыптасқандарынан бөлек аз, аш, бос, қос, жаз, қыс, қыр, ой тәрізділері — осының дәлелі.
Сонымен, өлі түбірлерге қосымшалардың кірігуі арқылы тілде бір буынды түбірлер мен негіздер пайда болған. Ертеде дербес қолданылған тәуелсіз түбірлер қолданыстан шығып қалған. Қазіргі уақытта оларды тек түбірлер құрамының бір бөлшегі түрінде ғана кездестіреміз.
2. Түбірі сақталған сөздерге қосымшалардың кірігу жағдайында бастапқы түбір морфема мен қосымша морфеманың аражігі айқын көрініп тұрады. Бастапқы түбір өз мағынасын, дербестігін жоймайды, тек аффикстердің кірігуі арқылы басқа лексикалық мағынаға ие болады. Бұл өзгеріс тілдегі грамматикалық формалардың түбірге кірігу әрекетіне тән. Грамматикалық формалар өзі жалғанған түбірге кірігіп кетеді. Мысалы: тіліміздегі бірге, босқа, кешке, зорға, қайта, күні-түні, қысы-жазы, ертеңіне сияқты сөздердің бастапқы түбірлері (бір, бос, кеш, зор, қайт, күн-түн, қыс-жаз, ертең) — дербес мағыналы түбірлер, тек түрлі жалғаулардың кірігуі арқылы, олармен бірігіп келіп, басқа мағынаны білдіріп тұр.
Тіліміздегі сөз түбіріне кіріккен қосымшаларды өз ішінен екі үлкен топқа бөлеміз:
1) Жалғаулардың кірігу әрекеті;
2) Жұрнақтардың кірігу әрекеті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет