А. С. Шарипханова



бет6/12
Дата13.06.2016
өлшемі2.17 Mb.
#133090
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

10 – Сурет. Діңі бірбүйірлі шырша (желдің басымды бағытына сай)


11 – Сурет. Балтық теңізі жағалауындағы шыршаның жалау пішіні

Жел физиологиялық үрдістерге әсер ететіні белгілі. Сонымен қатар, жел өсімдіктің құрғап кетуіне де әсер етеді. Арнайы зерттеулер нәтижесінде жел өсімдік түрлеріне қарай әр өсімдікке біркелкі әсер етпейді: кейбіреуінде тіпті баяу желдің өзі судың қатты булануына әкелсе, енді біреулерінде өте күшті желдің өзі судың мөлшеріне мүлдем әсер етпейді. Атап өтсек, желде лептесіктерінің реттеуші рөлі күшейеді, ал желсіз ауа райында ол тек қатты құрғаған лептесіктерінде ғана көрініс береді.

Жапырақсыз өсімдіктер тек ақырын соққан желде ғана құрғап кетуге ұшырайды. Шөлейт афилльді ксерофиттерде (сексеуіл, шеркез) күшті жел кездерінде жылдық өркендерінің өсуі 2-3 есеге кемиді.

Жиі соққан және қатты желдің әсерінен көптеген өсімдіктерде фотосинтез үрдісі төмендейді. Онымен бірге тыныс алу жиілейді. Бұл тыныс алудың жиілеуі, яғни органикалық заттардың жұмсалуы - желді аудандардағы өсімдіктердің аз өнімділікті деп есептейді.

Жел өсімдік тіршілігінде жағымды рөлдерді де атқарады. Желсіз анемофильді өсімдіктердің тозаңдануы жүрмес еді. Олардың қатарына шөптесін өсімдіктер, барлық астық дақылдар, қияқтар т.б. жатады. Анемофильдердің тозаңы жеңіл, құрғақ, кейбіреуінде өте көп көлемде. Мысалы, жүгерінің аталық себетінде 50 млн.-ға дейін. Анемефильдердің тозаң дәндерінің экзинасы қатпарлы түзіліссіз жұқа. Тозаңдары он немесе жүздеген километрлерге дейін таралады.

Егер ауада тозаң көп болса, оның желмен таралуы күшейеді. Бұл үшін популяциядағы барлық өсімдіктер бір уақытта тозаңдарын шашу қерек, бұған көбіне астық дақылдары жатады, оның күндіз, түнде, таңертең гүлдейтін дақыл түрлері бар.

Жел анемохорлы өсімдіктердің тұқымдары мен ұрықтарын таратады. Осылай тасымалдануға олардың өте кішкене мөлшерлі болғандары мүмкіндік береді (мысалы: орхидеялар, шырмауықтар, верескалар). Ал ірілеулерінде «аэродинамикалық» қасиет бар, яғни олардың ұшуға және желектенуге қабілеттілігі (тал, терек, кипрея) жоғары болып табылады. Оған түктері, қанат өсінділері, ауаға толған қабықтары мүмкіндік береді.

Өсімдіктер тіршілігіне жел тек тікелей ғана емес, сонымен қатар басқа экологиялық факторлар ырғақтарын өзгерту арқылы жанама да әсер етеді. Орман өсімдіктері үшін жел - жарық ырғағының нақ факторы (діңдердің шайқалуы-көлеңкенің азаюы); далалы және шөлейт аудандарда жел - ауаның ыстық және құрғақ массасын тасымалдаушылар (құрғақтар, «ұстап қалу» мен «түсіру» дәнді дақылдардың); өндірісті мекендерде жел - ауаны ластаушы. Сонымен бұл өсімдіктер тіршілігінің жалпы экологиялық жағдайын анықтайтын тікелей және жанама әсер ететін фактордың бірі.
6.2 АУАНЫҢ ГАЗДЫ ҚҰРАМЫ ЖӘНЕ ОТТЕГІНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ
Атмосфера - жердің ауа қабығы, жер қабықтарының ішіндегі ең сыртқысы. Ол біздің планетамыздың басқа қабықтарымен үздіксіз өзара әрекеттесіп тұрады және оған үнемі Космостың әсері, бәрінен де бұрын Күннің де әсері тиіп тұратыны белгілі. Грекше atmos – бу, sphaira – шар дегенді білдіреді. Атмосфераның бүкіл массасының 50% жуығы оның төменгі 5 километрлік қабатында, 75% - 10 километрлік қабатында, ал 90% 16 километрлік қабатында шоғырланған. 3000 км-ден жоғарыда атмосфераның тығыздығы планета аралық кеңістік тығыздығынан аз-ақ айырма жасайды, дегенмен оның өзі 10 000 км-ден артық биіктікте де байқалған.

Теңіз деңгейіндегі таза және құрғақ ауа бірнеше газдардың қосындысынан тұрады. Олардың ішіндегі негізгілері азот – 78,09%, оттегі – 20,95%, аргон – 0,93%, көмірқышқыл газы – 0,03%. Басқа газдар: неон, гелий, метан, криптон, ксенон, сутегі, озон, йодтың болмысы өте аз (0,1%-тен кем). Атмосфераның басты құрамдас бөліктері – азот пен оттегінің арасалмағы тұрақты болады.

100-200 км биіктікке дейін ауа түгелдей сапырылысып жататындықтан атмосфераның құрамы біртектес болып келеді. Бұл қабат гомосфера, ал оның үстіңгі қабаты гетеросфера деп аталады. Гетеросферада атмосфераның құрамы биіктік бойынша өзгереді: 200-250 км биіктікке дейін азот пен оттегі, 200-250 км-ден 500-700 км-ге дейін атомдық оттегі, одан жоғарыда гелий мен сутегі басым, соның өзінде олардың басым болатын қабатының төменгі шекарасы күн әрекеті күшіне сәйкес ауытқып отырады.

Су буы, озон мен көмірқышқыл газы сияқты атмосфераның маңызды құрамдас бөліктерінің мөлшері мерзім бойынша да, кеңістікте де кең көлемде өзгеріп тұрады. Әсіресе, ауаның темперетурасына байланысты су буы құрамының өзгерісі көзге түседі. Полярлық аудандарда жер бетіне іргелес ауа бар болғаны 0,2%, ал экваторлық аудандарда 3% ылғал ұстайды. Ауада неғұрлым су буы көп болса, соғұрлым басқа газдар аз болады, бірақ олардың өзара қатынасы өзгермейді. Биіктік артқан сайын су буы мөлшері азая береді: 2 км шамасындағы биіктікте 2 есе, 8 км биіктікте 100 есе азаяды, ал 10-15 км-ден жоғарыда ауада су буы өте аз болады.

Ауада құрамында оттегі тұрақты болғандықтан өсімдіктер ауамен әрқашанда қамтулы. Оттегінің жетіспеушілігі тек тамыр жүйелерінде болуы мүмкін. Ауаның газ тәрізді азоты, ауадағы инертті газдар өсімдіктер үшін қажетті фактор.

Жасыл фотосинтездеуші өсімдіктер үшін ең негізгі экологиялық факторлардың бірі ауаның құрамындағы көмірқышқыл газы. Оның табиғи көзі бірнешеу, олардың ішіндегі ең маңыздылары су және құрлық ағзаларының тынысы, органикалық қалдықтардың шіруі, ашуы т.б., сондай-ақ «топырақтың тынысы» кезінде топырақ микроағзалары мен саңырауқұлақтардың тіршілігі барысында бөлінетін СО2.

Атмосфералық ауадағы СО2 0,03 % (немесе шамамен 300 ррm- миллионнан бір бөлігі). Салыстырмалы тұрақтылық барлық биогеохимиялық көміртек айналымның теңдігімен Дүниежүзілік мұхит бетінің буферлі рөлінің әсерінен сақталып тұрады.

Өсімдіктерді қоршап тұрған СО2 нің ауадағы концентрациясы әртүрлі биіктікте біркелкі емес. СО2 тік (вертикальді) градиенті қалың өсімдікті жамылғыда, әсіресе орманды бірлестіктерде жақсы байқалады. Ол топырақтың интенсивті тыныс алуының арқасында және де ыдыраған топырақ үстіндегі ауа қабаттары көмірқышқыл газымен қамтамасыз етілген, ал тығыз өсімдік жамылғысы бөлінген көмірқышқыл газының жылдам диффузиялануын бәсеңдетеді.

Тәулік бойында ауа құрамындағы СО2 көлемінің өзгеруі біріншіден оның күндіз фотосинтез үрдісіне жұмсалуынан, сондықтан да күндізгі СО2 көлемінің азаюы өсімдік бірлестіктерінде нақты байқалады және таңғы құрамы шамамен 25-30% құрауы мүмкін.

Атмосфераның Жер бетінен 70 км-ге дейінгі аралықтағы қабатында кәдімгі оттегі молекулаларының ыдырауынан және оның атомдарының қайтадан түзілуінен пайда блолатын үш атомды оттегі - озон қатынасады. Атмосфераның төменгі қабаттарында озон кездейсоқ себептердің (найзағай ойнауы, кейбір органикалық заттардың тотығуынан) әсерінен пайда болады, неғұрлым биік қабаттарда күннің ультра күлгін сәулелерінің әсерімен түзіледі де, оны сіңіріп алады. Озонның ең көп концентрациясы 22 мен 25 км аралығындағы биіктік. Мұнда жануарлар мен өсімдіктерді құртып жіберетін толқын ұзындығы 0,29 микронға дейін баратын ультра күлгін радиацияны жұтып алатын озон «экраны» орналасады. Бұл радиациянаң озон «экранынан» өтетін мардымсыз бөлігі көптеген микроағзаларды өлтіріп, адам ағзасына пайдасын тигізеді. Атмосферадағы озонның жалпы мөлшері онша көп емес: 0 градус температурада және жер бетіндегі дағдылы қысымда ол түгелдей 3 мм қабатқа сиып кетеді. Ауадағы озон мөлшері маусымға байланысты өзгереді: көктемде көбейеді, ал күз бен қыста азаяды. Ол жоғары ендіктерде қалыптасқан ауа массаларында төмен ендіктегі ауа массаларына қарағанда көп болады.


6.3 АУАНЫҢ ТҰРАҚСЫЗ КОМПОНЕНТТЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ
Газ тәріздес құрамдас бөліктерден басқа әрқашан атмосферада пайда болуы жағынан мөлшері, формасы, химиялық құрамы және физикалық қасиеттері алуан түрлі қалықтап жүретін майда бөлшектер (түтін, шаң – тозаң, су буның конденсациялануынан бөлінген заттар) – аэрозолдық қоспалар болады. Жайылма беттен атмосферадағы топырақ бөлшектері, тау жанастарынаң үінділері, вулкандық тозаңы, теңіз тұзы, түтін, органикалық бөлшектер (микроорганизмдер, өсімдік тозаңдары) түседі. Атомдық жарылыс кезінде радиоактивтік заттары бар аэрозолдық бөлшектер пайда болады. Планета аралық кеңістіктен жер атмосферасына космостық шаң-тозаң да түседі. Атмосфераның 100 км биіктікке дейінгі қабатында жер бетіне баяу қонып жататын 28 млн. т. Астам космостық шаң-тозаң бар. Аэрозолдардың жалпы салмағы 10 т кем соқпайды, бірақ олардың саны өте тұрақсыз. Аэрозолдық бөлшектер бірқатар атмосфералық процестердің өрбуіне қатынасады. Ең майда конденсация ядросы – тұман мен бұлттардың түзілуі үшін қажетті. Зарядталған аэрозолдармен атмосферадағы электр құбылыстары тығыз байланысты болып келеді.

Атмосфераның электр өткізгіштігі иондардың концентрациясы мен қозғалғыштығына байланысты. Биіктеген сайын иондардың концентрациясы күшейе түсетіндіктен электр өткізгіштік те арта береді де, 100 – 250 км биіктікте максималдық жағдайына жетеді.

Атмосферадағы зарядтар мен жер бетіндегі зарядтардың бірге әрекет жасауының нәтижесінде атмосфераның электр өрісі пайда болады. Жер бетімен салыстырғанда атмосфера оң зарядталған. Атмосфера мен жер бетінің арасында оң иондар мен теріс иондардың тоқтары пайда болады. Атмосфераның төменгі қабаттарындағы электр өрісі өте тұрақсаз болады. Электр құрамына қарай атмосферада нейтраль құрамды қабат – нейтросфера және иондалған қабат – ионосфера ажыратылады.

Температураның өзгеруіне қарай атмосфераны – тропосфера, стратосфера, мезосфера, термосфера, экзосфераға бөледі. Сфералар бір-бірімен өтпелі қабаттар - паузалармен; тропо-, мезо-, страто-, термопаузалармен бөлінген.


Бақылау сұрақтары:

1. Атмосфералық ауа және оның өсімдіктер тіршілігіндегі маңызын оқып білу.

2. Ауаның, газдың құрамымен танысып, талдау жасау.

3. Оттегі, көмірқышқыл газ, азот т.б. атмосфераның тұрақсыз компоненттерімен танысу.

4. Жел, оның экологиялық маңызы

5. Жел әсерінен туындайтын эрозия

6. Анемофилия.

7. Анемохория.

7 ТАРАУ ТОПЫРАҚ ФАКТОРЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨСІМДІК ТІРШІЛІГІНДЕГІ МАҢЫЗЫ

Топырақтың өсімдік тіршілігіндегі алатын маңызды орны біріншіден, көптеген жер бетіндегі және су өсімдіктерінің бекіну субстраты болып табылуы, екіншіден, фотосинтез қорлары мен қатар топырақтан өсімдіктер әртүрлі минерал заттары мен суды өз денесінің құрылымын жасауда қолдануға алады.

Өсімдік өзінің дамуы кезінде қоректік заттар, су, ауа және жылуды қажет етеді. Мәдени өсімдіктің осы мұқтаждарын қанағаттандыруға қабілеті бар топырақ кұнарлы топырақ болады.
7.1 ТОПЫРАҚТЫҢ НЕГІЗГІ ЖӘНЕ ХИМИЯЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ
Құнарлылық - топырақтың ең басты, негізгі қасиеті. Ал ол топырақтың бірқатар басқа қасиеттеріне байланысты болады.

Топырақтың қасиеті де әртүрлі: сулы, ауалық, жылулық және тұздық.



Топырақтың жұту қабілеті. Өсімдік қоректі өзінің тамырлары арқылы топырақ ерітіндісінен алады. Бірақ ол өзіне қажетті заттарды ала алу үшін ерітінді сұйық, былайша айтқанда көп суға тұздың өте аз мөлшерінің (1 литр суға 2-3 г қоректік тұз шамасы) ерітілген болуы керек. Рас, ерітіндіде тұз өте аз болса өсімдік ашығады, бірақ ол ерітінді өте күшті болса да өсімдік өліп қалады. Мұндай концентрациялы сулы ерітіндіден өсімдік тамырлары тұздарды сорып ала алмайды, сондықтан өсімдік аштықтан өлген сияқты, мұндай жағдайда да өліп қалады.

Топырақтағы су мөлшерінің үздіксіз өзгеріп тұратындығы белгілі. Жаңбырдан кейін ол көп те, құрғақшылықта - аз болады. Демек, топырақ ертіндісінің күштілігі мезгіл-мезгіл құбылып тұрады, ал бұл құбылу өсімдікке өте қолайсыз болып табылады. Осы орайда, өсімдікке оны қоректендіретін топырақтың кейбір қасиеттері, оның сазды бөлшектері мен қарашірік «көмекке» келеді. Топырақтың саз бөлшектері мен қарашірік бөлігі белгілі шамада ерітіндінің күштілігін реттеп тұрады. Ерітіндінің концентрациясы жоғарлаған кезде, еріген заттардың бір бөлегін топырақ бойына сіңіріп алады. Бұл түрлі себептерге байланысты. Топырақтың қатты бөлігі кейбір заттарды күшті сіңіріп, олармен бірге жаңа, қиын еритін қосылыстар және тұздар құрайды. Темір, фосфор қышқылы, көмір қышқылы осылайша берігірек сіңіріледі. Басқа заттар, мысалы кальций, калий, натрий, магний ерітіндіден топырақ бөлшектерінің бетіне жақындап, судың бұл бөлшектерге ең жақын қабаттарында (диффузиялық қабатында) жиналады да, одан басқа элементтерді ығыстырып шығарады. Мысалы, ерітіндіден кальций сіңіреді де, ерітіндіге магний немесе натрий ығыстырылып шығарылады. Ал, кейде керісінше болуы да мүмкін. Әдетте, топырақ ерітіндісіндегі көп элементтер сіңіріледі. Ақырында, үшінші бір заттар топырақ ерітіндісінің концентрациясы өте күшейген кезде кристалға айналып бөлініп шығуы мүмкін, мысалы қаратопырақтарда ізбес, қызыл - қоңыр топырақтарда ізбес пен гипс және басқалар.

Көпшілік жағдайларда өсімдікке керекті заттар, мәселен, калий, кальций, фосфор қышқылы, ізбес сіңіріледі. Дегенмен, топырақ олармен қатар, өзінің барлық қасиеттерін шұғыл нашарлататын натрийді де сіңіреді. Топырақтың, оның қатты бөлшектерінің кейбір заттар мен тұздарды сулы ерітіндіден бойына сіңіріп алу қабілеті топырақтың сіңіру - жұту қабілеті деп аталатыны белгілі.

Топырақтың сіңіру қабілеті ең алдымен ондағы өте уақ (коллоидтық) - минералды, органикалық және органикалық-минералдық бөлшектерге байланысты. Топырақтың бұл бөлімі оның сіңіру кешені деп аталады. Мұндай бөлшектер неғұрлым көп болса, топырақтың сіңіру қабілеті солғұрлым жақсы болады. Демек, құмдақ, құм топырақтар мен қарашірігі аз топырақтарға қарағанда сазды және саздақты, әсіресе қарашірікке бай топырақтардың сіңіру қабілеті әрдайым жақсы (көп) болады. Мысалы, сазды қаратопырақта сіңірілген кальций мен магнийдің мөлшері топырақ салмағының бір пайыз шамасында не одан да көбірек болады, ал құмды күлгіндеу топырақтарда бұл заттар сіңірілген түрінде пайыздың жүзден бірнеше бөліктері шамасында ғана кездеседі. Топырақ сіңірілген заттарды мәңгілік ұстап қалмайды, су көбейген, не өзінің тамырлары арқылы өсімдік «талап еткен» уақытқа дейін ғана «сақталады». Топырақтың ылғалдығы жоғарылаған уақытта бұл заттардың белгілі бір бөлімі тоқтаусыз қайтадан топырақ ерітіндісіне өтеді.

Топырақ кейбір газдарды да, мысалы, жылқы қораларында күшті исі білініп тұратын аммиакты сіңіре алады. Топырақ бойына сіңірген аммиак бактериялардың көмегімен селитраға айналады.

Бірақ, топырақ барлық заттарды бірдей жақсы сіңіре бермейді. Мысалы, өсімдіктер үшін аса бағалы селитраны өте нашар сіңіреді, сондықтан ол басқа заттарға қарағанда топырақтан оңай жуылып кетеді. Сонымен қатар, барлық топырақтардың сіңіру қабілеті бірдей болмайды. Сазды бөлшектер мен қарашірікке бай топырақтар түрлі заттарды жақсы сіңіре алады. Мұндай топырақтарда қоректік заттар берік ұсталады, сондықтан олар суға оңай жуыла қоймайды. Мұндай топырақтарда, егер оны сор баспаған болса, сулы ерітіндінің күштілігі бір қалыпта болады, ал бұл өсімдіктердің қоректенуі үшін өте маңызды.

Сазды, қарашірікке бай топырақтарды өсімдіктерге кажетті мөлшерде қоректік заттармен (мысалы, суперфосфатпен) батыл тыңайтуға болады, өйткені егер олар артық болса, топыраққа сіңіп өсімдіктерге зиянын тигізбейді және сумен жуылып та кетпейді. Бірақ сазды топырақтарда да нашар сіңетін болғандықтан селитраны көп жұмсауға болмайтынын ескеру қажет. Сол себептен де, практикада оны әдетте топырақтың беткі қабатына екі бөліп, бірінші рет - тұқым себу кезінде, екінші рет - өсімдіктердің нағыз жақсы дамып, толықсыған кезінде қосу керек.

Құмды топырақтардың қасиеті мүлде өзгеше болады. Оларда саз бөлшектер мен қарашірік аз. Олардың сіңіру қабілеті болмашы ғана. Олардағы қоректік заттар суға оңай жуылып, өсімдіктер үшін ізсіз жойылып кетеді.

Құрғақшылық болып, топырақ ерітіндісінің концентрациясының күші артқан кезде, құмды топырақ артық тұздарды сіңіре алмайды. Сондықтан егер топырақ суда ерігіш заттармен тыңайтылған болса, өсімдіктердің өліп қалуы мүмкін: олар күйіп кетеді. Сондықтан топырақ ерітіндісінің күштілігі ерекше артық болып, қоректік заттарды пайдасыз жоғалтып алмау үшін құмды топырақтарды аздап, бірнеше рет тыңайтады.

Топырақтың сіңіру қабілетінде сазды бөлшектер және қарашірікпен қатар онда өмір сүретін микроағзалардың да маңызы үлкен. Топырақта көбейе отырып, олар өзінің денесін құрау үшін топырақ ерітіндісінен азот, фосфор, калий, кальций және басқалар сияқты түрлі қоректік заттарды сіңіреді. Өлгеннен кейін микроағзалардың денелері шіриді, ал оның сіңірген заттары топыраққа, топырақ ертіндісіне қайтып оралады да, оны өсімдіктер пайдалана алады.

Топырақтың реакциясы. Егер топырақта қышқылдар (мысалы, глее - күлгін топырақтардағы сияқты фульвоқышкылдары) немесе сілтілер (мысалы, сортаң топырақтағы сода) өте көп болса, мәдени өсімдіктер нашар өседі, немесе мүлде өліп қалады. Мәдени өсімдіктердің көпшілігінің жақсы өсуі үшін топырақ ертіндісі қышқыл, немесе сілтілі де болмауы керек. Ол орташа, бейтарап болуы керек.

Топырақтың реакциясы (қышқылдығы, сілтілігі) оның қандай заттарды (элементтерді) сіңіргендігіне де өте тығыз байланысты. Егер топырақ (оның қатты бөлшектері) сутегін немесе алюминийді сіңірсе, ол қышқыл болады; ерітіндіден натрийді сіңірген топырақ сілтілі, ал кальцийге қаныққан топырақтың реакциясы бейтарап, былайша айтқанда, орташа болады.

Табиғатта түрлі топырақтардың реакциясы түрліше болады. Мысалы батпақ, күлгін және қызыл топырақтар - қышқыл, сортаңдар - сілтілі, ал каратопырақ - орташа реакциялы болады.

Топырақтың кеуектілігі. Егер топырақта қоректік заттар жеткілікті болғанмен су немесе ауа жеткіліксіз болса, өсімдік өліп қалады. Сондықтан топырақта қоректік заттармен бірге топырақтың кеуектерінде (скважиналарында) орналаса алатын ауа мен судың болып тұруы өте маңызды болып табылады. Топырақтың бос кеуектері (тесіктер не скважиналар) көп орын алады, олардың көлемі топырақтың барлық көлемінің жартысына жуық болады. Кеуектердің көлемі мен пішіні түрлі топырақтарда ғана емес, тіпті бір түрлі топырақтың өзінде түрліше болады. Уақ кеуектердің тесігі милли-метрдің жүзден, мыңнан бір бөліміндей, не онан да тар болады. Ірі қуыстардың, мысалы топырақ жарықшақтарының тесігі бірнеше сантиметр болуы мүмкін. Сортаңдардың бағаналы горизонтындағы (бағанашалардың ішінде) сияқты өте ұсақ, жіңішке, сондай-ақ өте ірі кеуектер (жарықшақтар) өсімдіктер үшін тіпті қолайсыз жағдай тұғызады. Мысалы, өсімдік тамырларының талшықтары көлденең 0,01 миллиметрден, ал бактериялар - 0,003 миллиметрден кеңірек кеуектер арқылы ғана өте алады. Мәдени өсімдіктер үшін топырақта оны өңдеу және құрылысын (структурасын) жақсарту арқылы орташа мөлшерлі, тесігінің диаметрі бірнеше 0,1 миллиметрден 0,01 миллиметр шамасындағы кеуектер жасау керек, сонымен бірге мұңдай кеуектер топырақтың барлық қабаттарында бірдей болу керек.

Топырақтың су өткізгіштігі. Жауын-шашын түрінде топырақтың үстіне түскен су өзінің салмақ күшінің әсерінен ірі кеуектер арқылы топыраққа етіп, жіңішке қуыстарға не қылтүтіктерге сіңіп жайылады және топырақ бөлшектерін жұқа қабат болып қоршап алады. Топырақтың бөлшектері неғұрлым ірі болса, мысалы құмдарда, олардың аралықтары солғұрлым кең болады да, мұндай топырақ арқылы су соғұрлым оңай өтеді. Өте уақ бөлшектерге бай топырақтарда, керісінше, олардың, аралықтары өте жіңішке болады. Мұндай топырақтарға сазды топырақтар жатады. Құмды топырақтарға қарағанда мұндай топырақтар арқылы су жуздеген есе баяу өтеді. Мұндай жағдайларда су негізінде жарықшақтар, құрттардың ізі және ескі, шіріп кеткен тамырлардың орны арқылы өтеді.

Алайда сазды топырақтарда кездесетін жоғарыда көрсетілген жағдайлар құрылыссыз (структурасыз) саз топырақтарда ғана болатындығын еске алу керек. Егер сазды топырақта қарашірік пен ізбес көп болса, оның жеке бөлшектері топталып, біріне-бірі жабысып, желімдесіп түйіршіктер мен құрткесектер құрайды, ал олар гумус, ізбес қатысқан кезде өте берік болады да судың бұзғыштық әрекетіне өте төзімді келеді. Топырақта олардың аралықтарында құмдардағы сияқты орташа мөлшерлі, не одан ірірек қуыстар пайда болады. Мұндай құрылысты (структуралы) саз топырақтың су өткізгіштігі, оның өте ұсақ бөлшектерден құралғандығына қарамай, аса жақсы болады.

Дегенмен, қаратопырақ сияқты ең жақсы топырақтарда, мәдени топырақтардың жыртылатын қабаттарында және құрткесекшелердің өздерінің ішінде тіпті ылғал, қылтүтіктері суға мейлінше қаныққан уақыттың өзінде де, ауа сиып тұра алатын қылтүтік емес ойықшалар, өзекшелер болады. Бұл қуыстар жәндіктер әрекетінің, тамырлардың шіруінің, жерді өңдеудің және т.б. нәтижесінде пайда болады. Мұндай құрткесекшелер өте бағалы. Олардың ішінде су да, ауа да болады. Олар бактериялар мен саңырауқұлақтардың, өсімдік тамырларының таралуына қолайлы. Олар топырақ құнарлылығын арттырады.

Топырақтың ылғал сиымдылығы. Топыраққа келген су оны ылғалдап, оның ұсақ бөлшектерін бірнеше қабат болып қоршап алады. Су топыраққа жабысып қалады, оны топырақ беткейлігімен берік ұстап тұрады. Судың қабаттары топырақ бөлшектеріне неғұрлым жақын болса, олардың өзара байланысы солғұрлым берік болады да, су топырақта солғұрлым берік ұсталады. Сонымен бірге, су топырақтың тар қуыстарында - қылтүтіктерінде де ұсталады.

Су өз салмағының әсерінен еркін төмен өте алатын жағдайда топырақтың су ұстап қалу қабілетін топырақтың су тұтқырлық қабілеті, ал соған сәйкес жағдайларда ұсталып қалған судың мөлшерін топырақтың ылғал сиымдылығы деп атайды. Түрлі топырақтардың ылғал сиымдылығы да түрліше болады.

Топырақтың су сиғызғыштығы. Егер топырақтың астында су өткізбейтін қабат болса, күшті жаңбыр не суару кезінде оның барлық қуыстары суға толады. Топырақтың қуысы неғұрлым көп болса, оған солғұрлым көп су орналасады. Судың бұл мөлшері топырақтың су сиғызғыштығына сәйкес келеді.

Топырақтың ылғал сиғызғыштығы көлемі жөнінен алып қарағанда өзінің кеуектілігіне тең екендігі анық. Су сиғызғыштықты топырақтың ылғал сиымдылығынан ажырата білу керек, ылғал сиымдылық дегеніміз - топырақ толық ылғалданып, артық су қуыстар арқылы төмен немесе ылдиға қарай жан-жағына еркін ағып кете алатын жағдайларда топырақ ұстап қалатын судың мөлшері.

Топырақтағы судың әр түрі. Топырақтағы судың сапасы бірдей емес. Топырақтағы судың бір-бірінен айырмашылығы үлкен, алты категорияларын ажыратып көрсетуге болады: 1) байланысқан, еріксіз, топырақ бөлшектері өте берік ұстап тұрған су, мұның көпшілік бөлімі өсімдіктерге пайдасыз; бұл гигроскопиялық, өте гигроскопиялық және жұқа қабат түзетін су; 2) топырақтағы орташа мөлшерлі кеуектерде орналасқан қылтүтік суы; 3) топырақтан төмен қарай, не ылдиды бойлап жан-жағына ағып кете алатын еркін, гравитациялық су; 4) топырақ ауасының ішінде болатын бу түріндегі су; 5) топырақ қатқанда пайда болатын қатты (мұз) су; 6) өлген, бірақ шіріп үлгірмеген өсімдіктердің жасушаларында болатын жасушалық (осмостық) су.

Топырақта су көп болса, топырақ оның белгілі бір бөлімін ғана өзінің бетінде ұстап қалады. Қалған су бос, оны өсімдіктер өзінің тамырлары арқылы оңай сорып ала алады; бұл гравитациялық және қылтүтік су. Қылтүтік суы ерекше бағалы, өйткені оны өсімдік оңай пайдалана алады және ол төмен қарай ағып кетпей, топырақтың тамырлар тараған қабаттарында ұсталып тұрады. Бұл судың тағы бір қасиеті топырақтың қылтүтіктері арқылы барлық бағытта: төменнен жоғары, жоғарыдан төмен, жан-жағына қарай қозғала алады. Өсімдік тамыры өзінің айналасындағы суды «ішіп» бітіргеннен кейін, бұл су көршілес, ылғал жерлерден ауысып өсімдікке келе алады. Қылтүтік суы барлық қуыстарды түгел толтырмай, ішінде ауа толған ірірек қуыстармен алмасып отырғаны дұрыс, өйткені ауа өсімдік тамырларының және топырақтағы басқа тірі ағзалардың тыныс алуы үшін керек.

Топырақ құрғай бастағанда ондағы су азая береді. Ол топырақ бөлшектерінің айналасында жұқа қабат түрінде ғана қалады және оны топырақ бөлшектері өте үлкен күшпен тартып, ұстап тұрады. Бұл байланысқан су болады. Жоғарыда айтылғандай, бұл су құрамы жөнінде де біртектес емес. Оның сыртқы жұқа қабаттары бостау келеді. Топырақ оларды бостау ұстайды. Байланысқан судың (бос байланысты, немесе жарғақ су) бұл бөлімін өсімдік өзінің тамырлары арқылы сорып ала алады, бірақ өте қиыншылықпен, баяу алады. Топырақтың ылғалдығы осындай болған жағдайларда өсімдік тамырларының сорып ала алған судан, оның жапырақтары мен сабақтары арқылы булануға кететін судың мөлшері артық болады. Осының нәтижесінде өсімдік өзінің серпімділігін (әдетте тургор деп атайды) жоғалтып, сола бастайды. Топырақтың өсімдіктер сола бастаған кездегі дымқылдығын өсімдіктердің солу дымқылдығы деп атайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет