ҚАҚАҚстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет2/4
Дата13.06.2016
өлшемі350.5 Kb.
#133533
1   2   3   4

Б)Осы адамның қызметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын өлтіру (ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б» тармағы)

Адам өлтіруді ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б» тармағы бойынша саралаған кезде жәбірленушінің өз қызметтік міндетін жүзеге асыруға не өзінің кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауға байланысты қандай заңды әрекеті кінәлінің оны өлтіруіне немесе оның жақындарын өлтіруге итермелегенін анықтау керек, өйткені кінәлінің нақ осы мән – жайларға байланысты осы адамның өміріне қол сұғу ниеті осындай саралауға арналған міндетті шарт болып табылады.

Бұл ретте, өзінің қызметтік міндеттерінің шеңберіне кіретін, ал қоғамдық борышты орындау деп кез келген азаматтардың арнайы жүктелген қоғамдық міндеттерді, сондай-ақ қоғамның немесе жекелеген адамдардың мүдделері үшін (мысалы, құқық бұзушылыққа тосқауыл қою, дайындалып жатқан немесе жасалғалы жатқан қылмыс туралы хабарлау, куәгерлік айғақтар беру және т.б.), кез келген басқа да әрекеттерді жүзеге асыруын түсіну керек. Кәсіби борышты орындау деп тұлғаның белгілі бір кәсіпке байланысты (мысалы, суретшілердің эскиздері, портреттер, карикатуралар салуы) әрекеттер жасауын ұғыну қажет. Жәбірленушіні өлтіру жәбірленушінің заңсыз қызметтік міндеттеріне байланысты жасалған жағдайларда, ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б» тармағы бойынша саралау болмайды1.

Адам өлтіру жәбірленушінің қызметтік міндетін, өзінің кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауға байланысты жасалған деп саралау үшін адам өлтіру жәбірленушінің жоғарыда аталған әрекеттерді орындау кезінде немесе басқа уақытта жасалғанының маңызы жоқ.

ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б» тармағында көрсетілген «жақын» деген терминге ҚІЖК 7-бабының 24) тармағында көрсетілген жақын туыстары ғана емес, қызметтік міндетін не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындап жүрген адам қадір тұтатын басқа да адамдар кіреді. Олардың өзара жақын қатынасы туралы кінәлінің алдын ала хабардар болған – болмағанын анықтау қажет.

Әдебиеттерде жәбірленушінің жұмыста белсенділік танытуымен қоғамдық қызметінің өзі қызғаныш туғызып, кек алу мақсатымен өмірінен айырылады деген пікір айтылды1.

Жәбірленуші болып қызметтік міндетін орындаушы лауазымды тұлға ғана емес, кез-келген жұмысшы немесе күзетші және т.б. болуы мүмкін.

Сот тәжірбиесінде қаралған істердің бәрінде де жәбірленуші өз қызметтік борышын, міндетін таза ниетпен жүзеге асыруымен байланысты қаза тапқанын байқауға болады. Бұдан осы баппен тек өз қызметтік міндетін мінсіз атқарған жәбірленушіге қатысты сараланатыны, ал егер ол заңға қайшы әрекет етсе (қызмет бабын пайдаланып немесе өз құзіреті шегінен асып кетсе) қылмыс бұл баппен сараланбайтынын ескері қажет.

ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б» тармағында көзделген қылмыс деп тану үшін жәбірленушінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде ме немесе басқа уақытта жасалғанын анықтау қажет емес, бастысы ол өз қызмет міндетін орындауына байланысты болуы керек.

Сонымен қатар, сот тәжірбиесінде тұлғаның қызмет міндетін атқару мен осы міндетін атқаруымен байланысты оның қаза табу арасында кеткен уақыт маңызы бар ма деген сұрақ туындаған. КСРО Жоғары Сот Пленумында белгіленгендей қызмет міндетін атқару мен қылмыстың жасалу әрекеті арасындағы өткен уақыт санау қажет емес, бұл қылмыста маңыздысы жәбірленушіні қызмет міндеттерін атқаруына байланысты кек алу мақсатында өмірінен айырылу фактісі маңызды болып табылады.

Қылмысты ауырлататын жағдайларды анализдеуді қорытындыласақ:


  1. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б» тармағы өз қызмет міндетін немесе борышын атқаруына байланысты шын ниетпен қызмет атқарылуын тұлғалардың жұмысына кедергі келтіру немесе кек алу мақсатымен жүзеге асырғанда ғана сараланады.

  2. Кез келген адамның қызмет аясына жататын жұмысын қызметтік міндетті орындау, ал қоғамдық борышты орындау деп – арнайы жүктелген қоғамдық міндеттердің орындалуын айтады.

  3. ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «б» тармағында көрсетілген «жақын» деген терминге ҚІЖК 7-бабының 24) тармағында көрсетілген жақын туыстары ғана емес, қызметтік міндетін не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындап жүрген адам қадір тұтатын басқа да адамдар кіреді.



В) дәрменсіз жағдайда екендігі айыпкерге белгілі адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен немесе кепілге алумен ұштасқан адам өлтіру.( ҚК 96-бабы 2-бөлігінің «в»тармағы)

Жас шамасының өте кішілігіне немесе кәрілігіне, дене мүшелерінің кемістігіне, аурулығына, соның ішінде жүйке ауруына шалдығу, ақыл – есінен уақытша айырылу немесе ақыл-есінің әлсіреуімен байланысты болған, оның дене мүшелерінің немесе психикалық жай – күйінің салдарынан кінәліге қарсылық көрсете алмаған немесе оны өмірінен айыруға жасаған әрекетінің сипатын түсінбеу жағдайын жәбірленуші адамның дәрменсіздік жай-күйі деп түсіну керек. Мұнда жай – күй алкогольден, сол сияқты есірткіден мас болудың және жүйкеге қатты әсер ететін дәрілік препараттарды немесе улы заттарды қабылдаудан болуы мүмкін. Саралау үшін жәбірленушіні мұндай жағдайға кімнің душар еткендігінің, бұған қандай себеп болғандығының ешбір мәні жоқ.

Бұл қылмысқа сонымен қатар жәбірленушінің есінен тану, мас болу, ұйқы кезіндегі дәрменсіз жағдайы жатады. Заңда көрсетілгендей ҚК 96-бабы 2-бөлігінің «в»тармағы қолдану кезінде айыпкер міндетті түрде жәбірленушінің дәрменсіз жағдайда екенін пайдаланып,бұл қылмысқа баруы керек. ҚК 96-бабы 2-бөлігінің «в»тармағында көзделген қылмысты жасаудың ниеті әртүрлі болуы мүмкін , мұндай жағдайда кінәлі әрекеттері қылмыстық жиынтығы бойынша сәйкес тармақшалармен сараланады. 1

Жәбірленушіні дәрменсіз жағдайға алып келу және оны өлтіру ниетін жүзеге асыруды жеңілдету мақсатында (ұйықтататын дәрі, алкогольдік ішімдік немесе есірткі беру, байлау, ұрып-соғу, есінен тануға әкеп соққан дене жарақатын келтіру) жасалған кінәлінің әрекеті осы қылмыстың объективтік жағының бөлігі болып табылады. Мұндай жағдайда жәбірленушіге қаза келтіру ҚК 96-бабы 2-бөлігінің «в»тармағы бойынша саралануға тиіс емес.

Адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан адам өлтіру ұрлау не кепілге алу процесінде жәбірленушіні өмірінен айырған немесе аталған қылмысты жасыру мақсатында адам өлтіру болған кезде орын алады. Адамды ұрлау ҚК-тің 125-бабы, кепілдікке алу ҚК –тің 234-бабы. Адамды ұрлау не кепілге алумен ұштасқан адам өлтіру бір тармақшаға енгізу себебі ұрланған не кепілге алынған адам да дәрменсіз жағдаймен тең болады. Мұндай жағдайда жәбірленуші тек ұрланған немесе кепілге алынған адамдар ғана емес, сонымен қатар басқа тұлғалар болуы мүмкін, мысалы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері: тұтқынға алынған адамдарды босатумен байланысты шараларға қатысқан кезде қасақана өлтірілсе.

ҚК 96-бабы 2-бөлігінің «в»тармағы. Қорытындылай келе:



  1. анализ көрсеткендей, адам өлтіру ісі бойынша дәрменсіз жағдайда болу : а) жасымен (жасының кішілігімен немесе қарт болумен), аурумен, мүгедектікпен; мұнда ұзақ уақыт бойы дәрменсіз жағдайда болуы туралы баяндалады. б) ұйқымен, мас болу, есінен тану және т.б. яғни адам өлтіру кезінде болған дәрменсіз жағдаймен ұштасады. Жәбірленушінің дәрменсіз жағдайда болуы, осы бапты қолдануға негіз ретінде анықталуы тиіс.

  2. ҚК 96-бабы 2-бөлігінің «в» тармағын қолдану кезінде қылмыстың субъективтік жағын зерттеу кезінде айыпкер жәбірленушінің дәрменсіз жағдайда екенін білуін міндетті түрде айқындау керек.

  3. ҚК 96-бабы 2-бөлігінің «в»тармағымен саралау (дәрменсіз жағдайға байланысты) басқа осы баптың тармақшаларымен қосыла алады.

  4. ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан адам өлтіру, осы істеген қылмыстарды жасыру әдісі болса мұндай әрекеттер дербес қылмыс құрамын құрайтындықтан, кінәлінің әрекеттері қылмыстың жиынтығы бойынша сараланады.(ҚК–тің 125, 96-бабы2-бөлігінің «в»тармағын, 234, 96-бабы 2-тармағының «в»тармақшасы).


Г) жүкті екендігі кінәліге белгілі әйелді өлтіру (ҚК – тің 96 – бабы 2-бөлігінің «г» тармағы)
Адам өлтірудің бұл түрі жәбірленушінің айрықша жағдайына орай көтеріңкі қоғамдық қауіптілікпен сипатталады. Кінәлінің өзінің қылмыстық мақсатына әйел адамның жүктілік жағдайын біле тұра оны өлтіруі, оның қоғамға қауіптілігін және қатыгездігін, онда жағымсыз моральдық қасиеттердің бар екендігін куәландырады. Осы құрамның болуы үшін ең алдымен екі міндетті белгінің болуы шарт. Жәбірленуші кез-келген ұзақтықтағы жүктілік жағдайында болуы және ол туралы айыпкердің білуі керек. «белгілі» деген термин айыпкер жәбірленушінің жүкті екендігінен хабардар болғандығын білдіреді. Бұл жағдайда осы жайдың толық растығына оның күмәнінің болған – болмағандығы маңызды емес, ең бастысы ол жәбірленушінің жүкті екендігі туралы жәбірленушінің өзінен немесе бұл туралы басқалар арқылы хабардар болады. Бұл жерде оның жүктілік мерзімі, ұрықтың өміршең еместігі, әйелдің жүкті екендігі жөнінде тиісті емдеу мекемелерінде есепте тұрған – тұрмағандығының оған қатысы жоқ 1.

Мұндай істерді қарау кезінде, бұл қылмыстар көбінесе қызғаныштан жасалады, аса қатігездікпен ұштасады.

Сот тәжірбиесінде айыпкердің жәбірленушінің жүкті екендігінің қателесуіне байланысты әрекетін саралау жөнінде қиыншылықтар туындайды. Сотта азамат Л. айыптау ісінде, азамат Л. мен азаматша Ш. Жынытық байланыста болып, азаматша Ш. өзінің жүкті екендігін айтады. Азамат Л. бұл жағдай туралы әйелі біліп қоймас үшін азаматша Ш. ты алдап орманға апарып өлтіреді. Кейін анықталғандай азаматша Ш. жүкті емес екен. Сот бұл қылмыстық әрекетті ҚК – тің 96 – бабы 2-тармағының «г» тармақшасымен саралады. Бұл шешіммен толық келісуге болады.

Алайда, А.А.Пионтковскийдің пікірінше «қылмысты саралау жағдайлары бар қылмысты тұлғаның қателесуі бойынша жасалуы, жасалған қылмысқа қастандық жасау ретінде қарастыру керек.» 1 (ҚК – тің 96 – бабы 2-бөлігінің «г»тармағы және 24 -бап), бірақ бұл қате деп кейбір ғалымдар санайды, себебі жәбірленушіге қаза келтірілді, және ол аяқталған қылмыс болып табылады.

В.Ф.Кириченконың айтуынша мұндай қылмыстық әрекетті ауырлатылған жағдайсыз саралау керек2 дейді.

Егер айыпкер жүктілік жөнінде қателесіп, жүкті емес әйелді жүкті екен деп өлтірсе, онда оның әрекеті қылмыстық ниеттің бағытына қарай осы тұрғыдағы қылмысқа оқталғандық ретінде сараланады.( ҚК – тің 96 – бабы 2- бөлігінің «г»тармағы 24 –баптың 3-тармағы).

Бұл мәселелерді қорытындылай келе:


  1. Кінәлінің жәбірленуші жүкті екендігі туралы хабардар болуы керек

2. Фактілік қателікте, кінәлі жәбірленуші жүкті емес деп ойлап, ал кейін мәйітті қарау кезінде оның жүкті екендігін анықтаса, ҚК – тің 96 – бабы 2- бөлігінің «г»тармағы қолданылмайды.

3 Кінәлі жүкті әйелді өлтірдім деп ойлаған, бірақ жәбірленуші нақтылы жүкті болмаған жағдайда, қылмыскердің әрекеті басқа саралайтын белгілер болмаған кезде ҚК – тің 96 – бабы бірінші бөлігі бойынша сараланады.


Д) Аса қатігездікпен жасалған адам өлтіру. (ҚК – тің 96 – бабы 2-бөлігінің «д» тармағы)

Аса қатігездікпен, саддизммен, қорлаумен, жәбірленушіні қинап қылмыс жасау – кінәлінің және жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілігінің аса жоғары екендігін сипаттайтын бұл жағдайлар көбіне жеке адамға қарсы жасалатын қылмыстарда кездеседі. Адам өлтірудің өзі қатігездік әрекет. Қаза келтіру тәсіліне қатысты мән – жайларды бағалаған кезде кінәлінің аса қатігездік көрсеткенде жәбірленушіге аса тән немесе жан күйзелісі мен қасіретін келтіретін әрекеттерді қасақана жасайтыны ескеру керек. Осы тармақ бойынша әрекетті саралау үшін айрықша қатігездік талап етіледі. Бұл жөнінде, ең алдымен адам өлтіру әдісі айғақтама болады. Адамды өмірінен айыру жәбірленушіні айрықша қорлау мен қинауға байланысты әдіспен жасалады: көптеген жарақат салу, тірідей өртеу, алдын ала, біртіндеп дене мүшелерін кесу, азапты әсер ететін уды қолдану, ұзақ уақыт судан, жылудан айыру және басқалар. Саддизм – қатігездіктің шектен шыққан көрінісі, бұл жағдайда жәбірленушінің немесе басқа адамдардың азап шегуінен қылмыскер ләззат, қанағат алады.

Аса қатігездікпен өлтіргенде айыпкер өзінің іс - әрекетінде аса қатігездік сипат бар екендігін түсінуге, соны қалауға немесе оған жол беруге тиіс. Аса қатігездік тек объективтік әрекеттермен ғана емес, сонымен қатар айыпкердің психикалық қатынасымен сипатталады. «Аса қатігездік» түсінігі медициналық емес, құқықтық түсінік. Адам өлтірудің бұл саралаушы нышанының бар – жоғын қоғамда қалыптасқан моральдық, тұрмыстық көзқарастарға сүйене отырып тергеу және сот органдары анықтайды.

Айрықша қатігездікпен адам өлтіруге, сондай-ақ жәбірленушіні оған жақын адамдардың: балаларының, ата-аналарының, қалыңдығының және т.б. көзінше, кінәлінің өз әрекеті арқылы оларды ерекше күйзеліс пен қайғы – қасіретке әкелетінін біле отырып, өлтіруі де жатқызылады.

Жәбірленушіге туыс адамдар ғана емес, қалыптасқан өзара қарым-қатынастағы сыйлас адамдар да (заңды некеде жоқ ерлі-зайыптылар, жігіт пен қалыңдық, қамқоршылар мен бағып – қағуға алғандар, солардың қолындағылар, т.б.) оның жақындары деп танылуы мүмкін 1.

Аса қатігездік, сондай-ақ адам өлтіру жәбірленушінің жақын адамдарының көз алдында жасалғанда болуы мүмкін. Жақындары деп- ҚІЖК 7-бабы 24 тармағында көрсетілген туыстық қатынаста тұратын адамдар ғана емес, сонымен қатар жәбірленушімен қалыптасқан өзара қатынасқа байланысты жәбірленушіге қадірлі адамдар. (ерлі-зайыптылар, нақтылы неке қатынасында тұратын адамдар, күйеу мен қалыңдық, қорғаншы, қамқоршы және т.с.с.) танылуы мүмкін. Адам өлтіруді жәбірленушіге жақын адамдардың көз алдында аса қатігездікпен жасау белгісі бойынша саралағанда, ол адам өлтірген кезде аталған адамдардың болу фактісін ғана емес, кінәлінің қылмысты олардың көз алдында жасайтынын білгенін және оларға рухани жан азабы мен күйзелісін тартқызу ниеті болғанын анықтау қажет.

Заң аса қатігездікті айқындау критерийлерін көрсетпейді. Кейбір судьялар мен тергеушілер оны сот – медициналық сараптама қорытындысы деп біледі. Бірақ бұл қате ой, себебі сот – медициналық сараптамасы өлудің себебі мен дене жарақаттарының сипатымен айналысады. Ал «аса қатігездік» - медициналық емес, заңи түсінік екенін естен шығармау керек.

Бұл тармақпен саралаған кезде кінәлінің ниеті міндетті түрде адамды аса қатігездікпен бағытталған адам өлтіру болуы керек. Яғни бұл қатігездікті қылмыстың субъективтік жағын анализдеу кезінде анықтау керек. Сот тәжірбиесінде мұндай істерді қарау кезінде, олар қатігездікті ауырлатататын жағдай ретінде емес, адам өлтірудің әдеттегі әдісі деп қарауда жиі қателеседі.

Көптеген заң әдебиеттерінде аса қатігездік белгісін анықтау, оның қатігездікпен адам өлтіруге байланыста ниетін анықтаумен байланысты болады делінген1.

Сот шешім шығарғанда аса қатігездікпен көрініс тапқан істерде қателесуі мүмкін. Осылай, азаматша С. Қылмыстық әрекетін ҚК – тің 96 – бабы 2-бөлігінің «д»тармағымен саралап, соттады. Бірақ істі Жоғары Сот Кеңесі қайта қараған кезде, олар азаматша С. ҚК 96-баптың 1- бөлігімен соттады, себебі, азаматша С. Жәбірленушіні қатыгездікпен өлтіру мақсатымен емес, өзін және өзінің анасын қорғау мақсатында балтамен бірнеше рет соққы берді. Өйткені азамат В. күні бұрын аз.С. мен анасын өлтіруге уәде берген еді.

КСРО-ның Жоғарғы Сот Кеңесінің Пленумында адам өлтіру кезінде көптеген жарақат салу фактісі, осы баппен саралауға жалғыз негіз болып табылмау керек делінген 2. Аса қатігездікпен адам өлтірудің тәжірбиеде жиі кездесетін түрі, отбасылық ұрыс – керіс нәтижесінде балалардың көзінше болатын адам өлтіру. Бұл балаға аса қиыншылық әкеліп, психикасына қатты әсер етуі мүмкін.

Кейбір әдебиеттерде3 адамның дене мүшелерін кесу аса қатігездіктің белгісі деген пікір айтылады. Сот тәжірбиесін зерделей келе барлық жағдайда мұндай пікір дұрыс бола бермейді. Себебі, адамның дене мүшелерін кесу, көбінесе қылмыстың іздерін жасыру, мәйітті жою мақсатымен жүзеге асырылады. Мұндай қылмыстарды, егер де кінәлінің әрекетінде басқа да адамның тірі кезінде немесе өлтіру барысында аса қатігездік белгілері анықталмаса, олардың әрекетін ҚК 96-бабы, 1- бөлігімен немесе 275бап. саралау керек.

Бәрін зерттей келе келесідей қорытындылар жасауға болады:


  1. Кез – келген адам өлтіру – қатігездік әрекет, сондықтан да бұл қылмысты осы түрде жасалған ауырлатылған жағдайға жатқызу үшін аса қатігездік таныту қажет.

  2. жәбірленушіні аса қинау арқылы жасалатын қылмыстар аса қатігездікпен жасалатын қылмыс түріне жатқызу керек.

  3. Аса қатігездікпен жасалған қылмыс деп танылуы мүмкін: а) кінәлінің әрекетінің түріне қарай айрықша қорлау, көптеген жарақат салу, тірідей өртеу және т.б.; б) басқа да өзінің өмірінен айырылып жатқанын түсінетін, бірақ қарсылық көрсете алмайтын дәрменсіз жағдайдағы адамдар, балаларды ата-аналарының көзінше немесе ата-аналарды балаларының көзінше өлтіру, т.б

  4. ҚК-тің 96-бабы 2- бөлігі «д»тармақшасын қолдану үшін кінәлінің аса қатігездікпен адам өлтіруді тілегенін, білгенін, оған саналы түрде жол бергенін міндетті түрде анықтау керек.

  5. мәйіттің дене мүшелерін кесу немесе басқа да жою арқылы қылмысты жасыру ҚК – тің 96 – бабы 2-бөлігінің «д»тармағында көзделген қылмыс құрамына кірмейді. Мәйітті ұсқынсыздандыруы немесе оны қорлауы ҚК –тің 275-бабымен дербес саралануға жатады..


Е) Көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған адам өлтіру (ҚК – тің 96-бабы 2-бөлігінің «е»тармағы)

Адам өлтірудің осы түрін жасаған кезде кінәлі бір адамның ғана емес, көпшіліктің өміріне қауіп тудыратын тәсілді қолданады.Мұндай тәсілдерге адамдар көп болатын жерлерде жарылыс, өрт қою, су қаптату т.б. жатады. Кей жағдайларда көптеген адамдардың өміріне қауіп келтіру атылатын қаруды, улы заттарды, жарылғыш заттарды қолдану арқылы да жүзеге асырылады.

Көп адамдардың өміріне қауіпті тәсілге кінәлінің белгілі бір адамды өлтіру мақсатымен ол тұрған топқа қарай мылтық атуы, немесе айдап келе жатқан автокөлігін топ ішінде тұрған сол адамға қарай зор жылдамдықпен бұрып, басып өтпекші болу әрекеттері жатады. Мұндай ретте кінәлінің әрекетін дұрыс саралауға кісі өлтіру үшін таңдап алынған қылмысты істеу тәсілі мен қару қолданудың орнын дұрыс анықтаудың маңызы айрықша. ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е»тармағымен жауапқа тарту үшін кінәлінің ниеті нақты бір адамды өлтіруге бағытталғанын, оны өлтіру үшін көп адамдардың өміріне қауіпті тәсіл қолданылып отырылғанын, нәтижесінде басқа адамның өмірі мен денсаулығына нақты зиян келтірілетінін сезетінін анықтау қажет. Осындай істелген іс-әрекетті көп адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған деп тану үшін, нақты кісіні өлтіру кезінде қауіпті жағдайда қалған басқа адамдарға зиян келгеніне немесе келмегеніне қарамастан жүзеге асырылады. Егер осындай жалпыға қауіпті тәсілді қолдану нәтижесінде адам өлімінен басқа адамға қасақана дене жарақаты ,келтірілсе, онда кінәлінің әрекеті нақты жағдайларға байланысты қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады. Заңда бұған орай қауіпті тәсіл қандай қарулар мен заттар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін екендігі жазылған. ҚК 54-бабы 1-тармағының «к» тармақшасында: қару, оқ-дәрі, жарылғыш немесе оларды бейнелеуші құрылғылар, арнайы дайындалған техникалық құралдар, тез тұтанантын және жаңғыш сұйықтар, улы және радиоактивті заттар, дәрілік және өзге де химиялық – фармокологиялық дәрі – дәрімекттер пайдаланып, сондай – ақ күш көрсетіп немесе психикалық мәжбүрлеу не жалпы қуіпті әдіс қолданып қылмыс жасау.

Мұндай сипаттағы қылмыста көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсіл айқын көрінсе осы баппен саралауға болады. Мысалы, азамат М. өзінің әйелін өлтіру мақсатымен оның автобуста болған кезде сумкасына жарылғыш зат салып қояды. Нәтижесінде автобус жарылып, 3 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алды. Әрине, мұндай жағдайда қоғамға қауіпті тәсіл айқын көрініп, ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е»тармағымен саралау еш күмән туғызбайды. Алайда дәл осындай әрекет адамдар тобы жоқ жерде орын алған жағдайда, осы баппен саралауға жол берілмейді. Сондықтан адамдар өміріне қауіпті тәсіл абстрактілі түрде бағаланбай, қылмысты жүзеге асыру нақты жағдайға байланысты қарау керек.

Сонымен қатар Н.-ның әрекетін саралау кезінде аудандық соттың шешімі бойынша ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «е» тармағымен сараланды. Н. мас күйінде белгісіз себептермен мылтықтан адамдар тобы тұрған жерге қарай бірнеше рет атты, екі оқ У.-ға тиген соң М. және К. одан мылтықты алып алды. Облыстық сотта істі қайта қарауда олар сот-медициналық сарапшының қорытындысына сәйкес оған тиген оқ аңшы мылтығы болғандықтан басқа адамдарға мұндай қашықтықта зиян келтірмейтіндігін анықтады. Ал У.-ң денесіне ол 6м жерден атылғандықтан оның оң жақ бүйіріне зақым келгенін және сүйектін ішіне 5мм кіріп кішкене талқандағаны анықталды. Бұл қылмысты ауырлататын жағдайсыз ҚК 96-бабы бірінші бөлігімен саралады.1

Қоғамға қауіпті тәсілді жалпы қалай түсінуге болатынына және адамдардың қандай санына қауіпті тәсілмен жасалған қылмыс, ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е»тармағымен сараланады. Бұл сот тәжірбиесінде жиі кездесетін сұрақ. Көптеген адамдар өміріне қауіпті тәсіл деп қасақана адам өлтіруге бағытталған, жәбірленушіден басқа ең болмағанда бір адамның өміріне қауіп төндіретін тәсіл деп түсінуі керек деп Ресей Федерациясының Жоғарғы Сот Пленумының №9 қаулысында баяндалған. Қылмысты саралауда субъективті жағының белгілерін зерттеуде көп көңіл аудару керек, себебі тәжірбиеде ауырлатылған жағының жоқтығы туралы шешімге келген кезде, қылмыстық әрекеттің зардабына негізделеді, бұл қылмыстың субъективті жағын толық сипаттайды. Мысалы, Сот медициналық сарапшының қорытындысы бойынша азамат С.-ға атылған оқ оған 20см қашықтықтан тиді, яғни барлық заряд мәйіттің денесінде қалды, сондықтан мұндай қылмыс қоғамға қауіпті тәсілмен жасалған жоқ, бірақ бұл қылмыс адамдар саны көп шоғырланған жерде орын алды. Басқа адамдарға қаіпті тәсілмен жасалмағандықтан сот кінәлінің әрекетін ҚК-тің 96-бабтың 1-бөлігімен саралады. Сонымен қатар, ешкімге зиян келтіруге мақсаты жоқ, жанама ниетпен көптеген адамдар тобына қауіпті тәсілмен адам өлтіріп қойған жағдайда оның әрекетін қалай саралауға болатыны туралы сұрақ туындайды. Осылай азамат Ф. Ауылда өзінің бау-бақшасын ұрлықшылардан қорғау мақсатында бақшасын сыммен қоршап, 220 вольттық электр желісіне қосып қояды. Ауыл тұрғындары сымды шешуді сұрағанымен азамат Ф. Бас тартып, сымды шешпейді. Күндіз, бұл бақшадан алма ұрламақшы болып жасырын түрде 3бала кіреді, нәтижесінде 7 жасар бала З. Сымды ұстап тоққа түсіп қайтыс болады. Сот отырысында азамат Ф. Бұл қоршамды белгілі бір адамды қоғамға қауіпті тәсілмен өлтіру үшін емес екендігін ескеріп, сот ҚК-тің 96-баптың 1-тармағымен соттады.

М.Д.Шаргородскийдің айтуы бойынша ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е»тармағымен саралаған кезде егер адам өлімінен басқа, басқа адамдарға дене жарақаты салынса, ол қосымша саралауды қажет етеді1.

Еге де кінәлі көптеген адамдар өміріне қауіпті тәсілмен бірнеше адамды өмірінен айырса, оның әрекеті ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е» және «а» тармақтарымен сараланады. Сұрақтарды қарай келе, мынадай шешімдерге келуге болады:



  1. көптеген адам өміріне қауіпті тәсіл арқылы адам өлтіру тек жәбірленушінің ғана емес басқа адамның өміріне қауіп төндіруі қажет.

  2. ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е»тармағымен саралау туралы сұрақтарды шешуде қылмыстық әрекеттің субъективтік жағын толығымен анализдеу керек.

  3. ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е»тармағын қолдану үшін кінәлінің басқа адамдардың өміріне қауіп төніп тұрғанын алдын ала білгенін, оған жол бергенін, тілегенін білу қажет

  4. қауіпті тәсілмен бірнеше адамды өлтіру, қылмыстар жиынтығы бойынша ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е» және «а» тармақтары.

  5. ҚК – тің 96-бабы, 2-бөлігінің «е»тармағын қолдану үшін қауіпті тәсілмен адам өлтіру нәтижесінде басқа адамдарға қандай да нәтиже болды ма, соны анықтау қажет емес.

  6. бір адамға қаза келтіріп, екінші адамның денсаулығына зиян келтірген жағдайда әрекет қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «е» тармағы бойынша және денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін жауапкершілікті көздейтін ҚК тиісті баптарымен сараланады.


Ж) Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жүзеге асырған адам өлтіру.(ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағы)

Бұл жағдайда ауырлататын жағдайлар қатарына жатқызылуы заңды болып табылады, өйткені кез келген топтық қылмыстың қоғамға қаіптілігі барлық уақытта жоғары сипатты иемденеді. Егер адам өлтіру алдын ала сөз байласпастан әрекет ететін екі немесе одан да көп қылмыс жасаушылардың бірлескен әрекетімен іске асырылса, оны адамдар тобы болып жасаған қылмыс деп тану керек.

Егер адамдар бірігіп қылмыс жасау туралы алдын ала келісіп алса, ал кейіннен олардың әрқайсысы оны жүзеге асыруға қатысса, олардың барлығы да қоса орындаушылар болғанына немесе олардың кейбіреуінің қылмысқа қатысу нысаны өзгеше болуына (ұйымдастырушылар, айдап салушылар, көмектесушілер) қарамастан алдын-ала сөз байласып адамдар тобымен жасалған қылмыс деп танылуы керек. ҚК 28-бабының екінші бөлігіне сәйкес, бір ниетпен әрекет еткен, осыған орай қылмыс жасау процесіне тікелей өздері қатысқан не жасына, ақыл-есі дұрыс еместігіне немесе ҚК көзделген басқа да жағдайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатпайтын басқа да адамдарды пайдалану арқылы қылмыс жасаған, сондай-ақ тетіктер мен жануарлардың көмегімен қылмыс жасаған адамдарды қылмыстың орындаушылары деп тану керек. Адам өлтіру қылмысының субъектісі болып табылмайтын адамдардың қолымен қылмыс жасалып, қалған қатысушылар ұйымдастырушы, айдап салушы тәрізді рольдерді атқарғанымен, олардың әрекеттері топ адамдар жасаған қылмысы деп бағалануы керек. Себебі мұндай жағдайда, қылмыстың субъектісі болып саналмайтын адам, қылмыстың құралы ретінде пайдаланылады. Роль бөліп қылмысқа қатысуда бір адам қылмыстың субъектісі бола алмайтын екінші адамды қылмыс істеуге айдап салса, мұндай жағдайда қылмысқа қатысу жоқ деп танылады. Яғни сол айдап салушы адамның өзі сол қылмыстың орындаушысы болып табылады. Дәлірек айтқанда қылмысы біреу арқылы орындайды. Ал есі дұрыс емес нмесе жауаптылық жасына жетпеген бір адамды қылмыс жасауға бірнеше адамдар айдап салса қылмыстың орындаушысы бір ғана адам емес, сол бір тектес айдап салушылық әрекеттер жасаған адамдардың барлығы да орын,даушылар болып табылады, яғни мұндай жағдайларда топ адамдардың қылмыс жасауы болып есептеледі.

Екі және одан да көп орындаушымен жасалған, сондай-ақ орындаушы мен өзге де қылмысқа қатысушылар алдын ала сөз байласуы бойынша не ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушыларымен жасалған адам өлтіру ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағы бойынша саралануға жатады.

Бір немесе бірнеше қылмыстарды жасау үшін алдын ала біріккен тұрақты адамдар тобы жасаған адам өлтіруді ұйымдасқан топ жасаған қылмыс ретінде тану керек. Бұл ретте, қылмыстық топтың ұйымдастырушысы және басшысы ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оны басқарғаны үшін ҚК 235-бабының тиісті бөліктері бойынша және жасалуына тікелей өзі қатысқан не қылмыстық топтардың басқа қатысушыларымен жасалуы оның ниетімен қамтылған ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағы бойынша қасақана адам өлтіргені үшін жауаптылыққа тартылады1. Ең бастысы, барлық қылмысқа қатысушылардың ашықтан-ашық, өзара күш біріктірумен қасақана адам өлтіруге бағытталған әрекет жасағандығынын айқындау қажет.

Заң адам өлтіруді бөледі: 1. адамдар тобымен; 2. алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен; 3. ұйымдасқан топпен жасалған.

Осыған байланысты дәл осы қылмысты қылмыстық сыбайластық жасаса ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағымен сараланады ма деген сұрақ туындайды.

Бұл адам өлтірудің қауіптілігі, алдын ала соз байласуда емес, адамдар тобы болғандықтан жәбірленушіге қарсылық көрсетуге күшінің жетпеуі, қарсылы көрсете алмауы.

Тәжірбиеге сәйкес адам өлтірудің көбінесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалады. Адамды өлтіру кезінде процеске басқа адамның қосылуы да ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағымен сараланады.

Бұл баппен сотталғандар алдын ала сөз байласқандарын немесе ұйымдасқан топ құрғандарын мойындамайды. Мұндай жағдайлар сотпен мынадай жағдайлар арқылы айқындалады: қылмысты жасауды алдын ала жоспарлау, өлтіру объектісін таңдай, қиыншылықты жоюға бағытталған шараларды ұйымдастыру, топ қатысушылары арасында рольдерді бөлісу, қылмыстың қаруларын дайындау, қылмысты аяқтағаннан кейін әр қатысушының іс-қимыл тактикасын айқындау.

Қатысушылар арасындағы екі жақты байланыстың алдын – ала келісім болмайтын қылмысқа қатысушылықта болатынын мынадай мысалмен негіздеуге болады. Х. және Ф. түн уақытында көшеде отырып арақ ішеді. Бұлар таныс емес, көшеде кетіп бара жатқан П.-ны тоқтатып, «темекі» сұрап тиіседі. П. «темекі жоқ» дегенде Х. қолындағы бөтелкемен оның басынан ұрады. Жерге құлаған П.-ны Х. қосылып Ф.-та тепкілейді. Екеуі мұнан кейін жәбірленушінің киімін шешіп алып, оны көшенің арығына сүйреп әкеліп тастайды. П. сот-медициналық сараптамасы актісінің көрсетуі бойынша аса ауыр дене жарақатынан қайтыс болады.

Тергеу органдары Х. және Ф. қылмысты әрекеттерін ҚК 96 бабы екінші бөлігінің «и», «ж» тармақтарымен бағалаған1.

Қылмыс жасаған адамдар тобы туралы туындаған сұрақ, кімді қатысушы деп тану керек туралы сұрақпен тығыз байланысты.

КСРО Жоғарғы Соты қатысушыларды анықтаған кезде кеткен қателіктерге назар аударды:



  • жәбірленушіні өмірден айыру ниеті болмаған ұрып – соққан адамдар тобының қатысушылары орындаушы деп сотталады.

  • Жәбірленушіге басқаларға қарағанда ең аз жарақат келтірген тұлғаны жауапкершілікке тартпайды.

Алдын ала сөз байласу арқылы құрылған топ ретінде: алдын ала сөз байласып алып бір адамға қылмыс жасауды тапсыру қылмысын жатқызу үлкен қателік. Ал егер де адам өлтіруді екі немесе одан көп адамдар жүзеге асырса, онда ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағын қолдану күмән туғызбайды.

Соңғы жылдары адам өлтіру ұйымдасқан топтың жүзеге асыру тенденциясы айқындалды, олар бір немесе бірнеше адам өлтіру қылмысын жасау үшін құрылады. Көбінесе мұндай топтар пайда табу мақсатымен, адамдар мен ұйымдардың меншігіндегі үйлерді, көліктерді, ақша және басқа бағалы заттарды алып алу мақсатымен жүзеге асырады.

Ресей Федерациясының көптеген қалаларында Сібір, Орал, Санкт-Петербург, Мәскеу адам өлтіру ақша табудың жалғыз көзі болған ұйымдасқан топтар ұсталды. Топтардың қатысушылары болып Ауғанстан, Чечня, Карабах соғыстарына қатысқан әскери қызметшілер, бұрыңғы спортсмендер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және басқалар болды.2

Қылмыс жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық құрған не оларға басшылық еткен адам ұйымдастырушы деп танылады.

Басқа адамды азғыру, сатып алу, қорқыту жолымен немесе өзге жолмен қылмыс жасауға көндірген адам айдап салушы деп танылады.

Кеңестерімен, нұсқауларымен, ақпарат, қылмысты жасайтын қару немесе құралдар берумен не қылмысты жасауға кедергілерді жоюымен қылмыстың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ қылмыскерді, қаруды немесе қылмыс жасаудың өзге құралдарын, қылмыстың ізін не қылмыстық жолмен табылған заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам, сол сияқты осындай заттарды сатып алуға немесе өткізуге күні бұрын уәде берген адам көмектесуші деп танылады.

Қылмыс жасағанда айрықша белсенді рөл атқару – қатысушылықпен немесе қатысып орындаушылықпен жасалған қылмыстарда қылмысқа әрбір қатысушы тұлғаның рольдері ашылып анықталуы тиіс. Қылмыс жасағанда аса белсенділік танытқан тұлға қылмыстың басқа қатысушыларына қарағанда қауіптілігімен ерекшеленеді. Кінәлінің аса белсенді ролі ауырлататын жағдай ретінде оның белсенділігін сипаттайтын нақты әрекеттерді көрсете отырып соттың үкімінде негізделуі тиіс.

Адам өлтіру қылмысында орындаушылар мен бірге ұйымдастырушы, айдап салушы, немесе көмектесуші яғни қатысушылар болған жағдайда олардың әрекеттерін ҚК 29-бабының тиісті тармақтарымен және ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағымен саралау қажет.

Бородин С.Б. пікірінше ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағында қылмыстық сыбайластық туралы ештеңе жазылмаған1, ол дұрыс. Себебі, қылмыстық сыбайластықтың адам өлтіруі ұйымдасқан топ сияқты мүмкін емес. Қылмыстық істерден қылмыстық сыбайластық адам өлтіру туралы шешім қабылдаса, олар оны өз мүшелерінің біреуіне немесе басқа адамға тапсыратынын көруге болады. Адам өлтіру туралы сөз байласқан қылмыстық сыбайластықтың мүшелері бұл қылмыс жасалған жағдайда ұйымдасқан топ мүшелері қандай жауаптылыққа тартылса, дәл сол негіздер бойынша жауапқа тартылу керек. Мұнда қылмыстық сыбайластықтың басшысы туралы айтылады. Басшылық еткен адам оларды ұйымдастырғаны және басшылық еткені, сондай-ақ қылмыстар оның қаскүнемдік ниетімен қамтылса (ҚК 31 – бабы 5бөлігі) бойынша, және айдап салушы, ұйымдастырушы немесе көмектесуші жауапқа тартылуы тиіс. Олардың әрекетін ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағымен саралайды. Адам өлтіруді ұйымдастырғанда қатыспаған, айдап салмаған, және оған көмектеспеген, және ол туралы хабардар болмаған қылмыстық сыбайластықтың мүшелері жауапқа тартылмайды.

Соңғы жылдары ҚР-ның құқық қорғау органдары өте жақсы қаруланған, бес аспап қылмыстық құрамалармен күресуде, олардың кейбіреулерінің билікті орындарда отырған өз адамдары бар. Ондай бандаға Алматыны неше жыл жайлаған, үш адам өлтірген Можаев тобын жатқызуға болады.

Төмендегідей қорытындылар жасауға болады:


  1. алдын ала сөз байласпаған адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен ұйымдасқан топтарды айқындау кезінде ҚК 31 бабының, Жоғарғы Сот Пленумының 2007 жылғы 11 мамыр №1 қаулысының нормаларын басшылыққа алу керек.

  2. Аяқ астынан, жиі болатындай ұрыс – керіс үстінде алдын ала сөз байласпай жүзеге асырған адам өлтіруде қатысушылардың әрекеттерін ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағымен саралайды.

  3. Алдын ала сөз байласу арқылы жасалған адам өлтіру сараланады: а) тек қатысушыларының болуына байланысты ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағымен; б) қатысушыларымен бірге ұйымдастырушылардың, айдап салушылардың, немесе көмектесушілердің болуына байланысты ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағымен және ҚК 29-бабының тиісті бөлігімен.

  4. Ұйымдасқан топтың мүшелерінің әрекеттерін саралау кезінде ҚК 96-бабы екінші бөлігінің «ж» тармағымен, сілтемесізқолданылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет