Абай ілімін білудің, ТҮсінудің ЖӘНЕ



Pdf көрінісі
бет44/58
Дата14.05.2024
өлшемі5.16 Mb.
#501068
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   58
Мақалалар-жинағы-3

Бибігүл ДАУТОВА
АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ХРОНОТОП 
Көркем шығарманың негізін уақыт пен кеңістік құрайды. 
Олар өзара бірін-бірі толықтырып, шығарманың мазмұны мен 
маңызын ашады. Көркем әдебиеттегі көркем уақыт пен кеңіс-
тік дегеніміздің өзі қаламгердің дүниетанымы мен эстетикалық 
ұстанымында берік орын алған айрықша бір суреттің, сәттің, 
құбылыстың уақыт шаңына көміліп қалмай, аз да болса кіді-
ріске ұшырауы. Яғни оқырманға эстетикалық ләззат сыйлауы. 
Қаламгердің эстетикалық ізденісін, туындының көркемдік әле-
мін сыйғызатын көркем уақыт пен көркем кеңістікті жан-жақты 
талдауға мүмкіндік беретін проблема – шығармадағы адам кон-
цепциясы. Оған деген қаламгердің қарым-қатынасы, авторлық 
позициясы. Мысалы, Абай Құнанбаев шығармашылығындағы 
нақты уақыт пен абстрактылы уақытқа, тарихи уақыт пен миф-
тік уақытқа, сондай-ақ нақты кеңістік пен абстрактылы кеңіс-
тікке көңіл бөле отырып, олардың тығыз байланысына, органи-
калық бірлігін кешенді түрде зерделеуді көздейміз. Абай шы-
ғармаларының мәтіні аясында мезгіл мен мекен категориялары, 
олардың көркемдік қызметі туралы өз ойларымызды ұсынуға 
талаптанамыз. 
Мәтіндегі уақыт нақты анықталған немесе өте бұлдыр
сипаттарға ие болуы мүмкін (оқиғалар, мысалы, ондаған жыл-
дар, бір жыл, бірнеше күн болуы мүмкін), олар шығармада көр-
сетілуі мүмкін немесе, керісінше, тарихи уақытқа немесе уақыт-
қа қатысты емес, оны автор шартты түрде орнатады.
Көркем шығармада уақыт көп өлшемді болуы мүмкін. Көр-
кем уақыттың бұл қасиеті, біріншіден, авторы бар және оқыр-
манның қатысуын, екіншіден, шекаралары: басталуы мен аяқ-
талуы болатын әдеби шығарманың табиғатымен байланысты. 
Осылайша, мәтінде екі уақыт осьтері пайда болады. Сондықтан 
да уақыт пен кеңістік бірге үйлесім таба отырып әрекет еткенде 
автордың нақты мақсаты айқындалады. Соны Абайдың өлеңде-
рімен мысал келтіре отырып талдасақ. Демек, Абай сөзiнiң ма-
гиясы күштi. Ол негiзiнен ақын жанының нәзiктiгi, басқа субъек- 


199
тiлердiң өмiрлiк уайым, қасiретiне ортақтастық көңiлiн бүкпеле-
мей, ащы да болса, шынайы жариялай бiлуiнде.
Уақыт пен кеңістік жеке автордың дүниетанымы мен көзқа-
расына қарай жазушы стилін қалыптастыруда үлкен рөл атқа-
рады, сол арқылы әлемнің жеке авторлық суретін құру ерекше-
лігін, көркем шығарманың ішкі заңдылықтарын айқындайды, 
шығарманың композициялық тірегі болып, көркем образдардың 
ашылуының ішкі ұйымдастырушысы болып, әлемнің көркем 
бейнесін қалыптастырады. 
Бұл туралы Қажым Жұмалиевтің: «Бағытым жаңа түзелді 
деп ұққан жас талант, ғылым, күшінің өз замандастарынан ар-
тық екенін бұл еліктеуінде де көрсетті. Өз дәуіріндегі Шығысқа 
еліктеушілердің бәрінен Абай асып түсіп, Шығыстың шыңымын 
деген ақындардың өзімен таласты. Бірақ Абай кемеліне келіп, 
ой-санасы марқайған кезінде Шығыс әдебиетінің ықпалында тү-
гелдей қалып қоймай, сын көзімен қарап, қазақтың байырғы өз 
әдебиетіне қайта оралды. 
Әрине, Абайға шейін қазақтың әдеби тілінің негізі бар да, 
өзінше мығым да еді. Мейлінше бай қазақтың ауыз әдебиеті
Бұхар, Дулат, Махамбет тәрізді әдебиет тарихының ірі тұлғала-
ры ұлттық шеңберде әдебиеттің биік шыңы болады десек, көр-
кем тілде де солай болады. «Не нәрсе адамның қасиеті болса, 
сол нәрсе – міні», − деп ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай өзі 
айтқандай, Абайға шейінгі әдебиетіміздің ұлттық тұлғасын бе-
рік ұстау міні де, қасиеті де еді. Бұл – тілімізде де тегеуріннің 
беріктігін аңғартты. Қазақтың мақал, мәтел, нақыл сөздерін, не 
Махамбет өлеңдерін басқа тілге аударғанда, бұрала біткен емен-
дей июге келмейтіндігі тіліміздің ұлттық тұлға, байырғы қал-
пын берік сақтауында еді» [1, 81], − деген сөзінде үлкен мән бар 
деп білуіміз керек. Абайдың тілі − ұлттық тіл байлығымыздың 
осындай қасиеттерін ашқан жаңа үлгідегі тіл. 
Кеңістікте ақынның ортасы, жағдайы, тұрмысы тарихи тұр-
ғыда көрініс табады. Кеңістік қозғалыстың әр сәтін қамтиды, 
уақыттан тыс кеңістік болмайды. Уақыт ағынында көрініс ал-
ған кез келген оқиға, іс-әрекет пен жағдаяттың болған орны осы 
кеңістіктің негізі болып табылады. Себебі ақын өткен уақытқа, 
өткен уақыт шегіндегі кеңістіккке орала алмайды. 


200
Ақын өлеңдеріндегі уақыт пен кеңістікті талдап, түсіндіру 
міндетін алға қоя отырып, Абай өлеңдерінің ғылыми талдаулар-
ға көп нысан болмаған «Ғабидоллаға (Жазғытұрым қылтиған 
бір жауқазын)» өлеңін таңдадық. Абай бұл өлеңді өз ауылында-
ғы Ғабидолла Ғабитханұлы деген жас жігітке арнау ретінде жаз-
ған. Сол жігіт бір уақыт сауда қылып, мал тапқанына масайып, 
білімді кісімсініп (кісіге ұқсап), қалай болса солай шалқып, сөз 
таластыра бергенде айтыпты.
Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын,
Қайдан білсін өмірдің көбін азын.
Бәйтеректі күндейді жетемін деп,
Жылы күнге мас болып, көрсе жазын.
Күз келген соң тамырын үсік шалып,
Бетегеге жете алмай болар жазым. 
Осы бір шумақта ақын уақытты объективті түрде, ал кеңіс-
тікті абстрактілі сипатта жасырын беріп отыр. Ал оны оқырман 
уақыт арқылы анықтай алады. Жалпы шығарманың басты мақ-
саты – түсінікті болу. Ал ақын шығармаларын тез әрі оңай түсі-
ну үшін ақын өмірінен, жай-күйінен, ортасынан, тіпті қазақтың 
лексикалық қорынан хабарың, білімің болу қажет. 
Бұл өлеңінде ең бірінші уақыт пен кеңістікті білдіріп тұрған 
тілдік бірліктермен таныс болсақ. Олар: жазғытұрым, қылтиған, 
жауқазын, өмір, көп, аз, бәйтерек, жылы күн, жазы, күз, жазым.
Өлімнің хақ екені рас. Оның өзі әр ұлт өмірінде түлі салт-
жоралғылар арқылы іске асып отырады. Бұны ақын уақыт пен 
кеңістік тұрғысынан оқырманына қалай жеткізіп тұрғанын тал-
дайық. 
Жас қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмiр қайта келмек.
Басқан iз, көрген қызық артта қалмақ,
Бiр құдайдан басқаның бәрi өзгермек. 
Абайдың бұл өлеңінде сан мен сапа ұғымының арасында-
ғы тартыс орын ала отырып философиялық түйіндеулермен 
қазақ өміріндегі қазаға қатысты салт-дәстүрлерді уақыт пен 
кеңістік тұрғысынан көз алдымызға әкеліп көрсетіп тұр. Абай 


201
бүкiл философиясының алтын қазығын мына өлең жолдары-
мен нақты береді.
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? 
Нақты, айқын таным. Сонымен бірге бүтін бір өмір, ұлт, ел, 
тағдыр, адам болмысының уақыт сапына кіре отырып қазақ де-
ген жер бетіндегі халықтың ұлттық құндылығы мен танымын 
көрсетеді. Бұл өлеңде айқындау мен алмастырудың көркемдiк-
эстетикалық бояуға бай. Осы тәсiлдiң ойындық табиғаты шы-
ғармадағы қайғылы атмосфераны өткiр динамизммен сурет-
телген. Суықтық, үнсiздiк, қараңғылық референттерi уақыт пен 
кеңiстiктiң адам санасы арқылы қабылданатын екi полюсi ара-
сындағы ымырасыз суреттер қоюлығымен психологизм мазмұ-
нын аша түседi. Қорқыныш, үрей, шарасыздық, тәуекел эмоция-
сы тiршiлiктiң шiдерсiздiгi жайлы модернистiк эстетикаға тән 
жатсыну философиясымен тамырластық табады [2, 82]. 
Ақын өлеңдері мен қара сөздеріндегі уақыт пен кеңістіктік-
тің көрініс табу жолдары мен олардың прагматикалық сипатын 
дұрыс түсінудің маңызы үлкен. Ақынның өлеңдері, поэмалары 
мен қара сөздерінде уақыт пен кеңістік орасан зор, әрі нәзік түр-
де үйлескен. Оны қарапайым оқырман байқамауы да мүмкін, 
оған тереңнен көре алу қабілеті қажет. Кез келген оқиға, іс-әре-
кет, нысан белгілі бір кеңістікте белгілі бір мезгіл, уақыт шегін-
де өтеді. Ақиқат шындық өмірдің көркем шығармаға түскенде 
басқаша өң алып, түрленетіні қаламгердің уақыт пен кеңістікті 
шебер үйлестіре алуында. 
Ақын жалпы адам санасы мен өміріне ортақ болып келетін 
кезеңдерді, оған тән оқиғалар мен амалдарды ашып көрсетіп, 
адам бойындағы жақсы және жаман мінездердің көрінуін де нақ-
ты кеңістік пен уақыт тұрғысынан шебер суреттейді. Сол арқы-
лы да ақын еңбектері адамзаттың жүрегінен орын алып, өлмес 
мұраға айналған. 
Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңі саят-
шылық туралы жазылған. 


202
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда... 
Алғашқы жауған қар кезінде саятшылар үшін аң аулауға 
қолайлы уақытты «Қансонар» деп атайды. Себебі, жаңа жауған 
қардан аңның ізі анық байқалады. Абай осы өлеңде саятшылық-
тың қызықты сәттерін табиғат көріністерімен сипаттайды. Саят-
шылық арқылы, қазақ халқы мекен еткен жердің қысы туралы,
аңшылықтың сыры туралы ақпарат береді. Өлеңде қансонарда 
бүркіттерін алып, аңға шыққан саятшылар түлкіге кезігіп, бүр-
кітті босатады. Түлкі мен бүркіттің арпалысы, екеуінің іс-әре-
кеттері нанымды бейнеленеді. 
Бұл өлеңде хронотопты айқындап тұрған элементтер: қансо-
нар, тау басында, көк (аспан), жер, аспан, ертең. Осы сөздер арқы-
лы оқырман саятшылықтың мезгілін, уақытын айқындай алады. 
Уақытты білдіретін негізгі тілдік бірліктер арқылы көрініс тапқан 
мекеншақ өлеңнің мазмұнын ашып қана қоймай, оқырманның 
ұлттық таным мен түсінігіне де әсер етеді. Сол себептен де өлең 
кеңінен тыныстап, оқырман жанынан ойып тұрып орын алады. 
Авторлық идеяның түп-төркінінде не жекелік, не жалпы 
дәуірдің, қоғамның мұраттары жататыны белгілі. Осы құбылыс-
ты мәтінмен байланыстырған Ю.М. Лотман: «... Мәтін өз бетін-
ше томаға-тұйық қалыпта болмайды, ол міндетті түрде қандай 
да болмасын контекстен (тарихи реалды немесе шартты) шыға-
ды» [3, 204], − дейді. Сондықтан да кез келген көркем шығарма-
ның өзегі − шындық. Ал оны объективті түрде кестелеудің құра-
лы – хронотоптық тілдік бірліктер. Сондықтан да мекеншақтық 
бірліктерді кеңінен талдау арқылы автордың идеялық шешімін, 
автор бейнесі мен тарихи шындықты да анықтауға болады. 
Болмыстың ақын шығармашылығындағы суретін болмыс-
тың өзі, шындық әлемнің нақты құбылысы ретінде қабылдауға 
дәйекті негіз жоқ. Екінші жағынан, сөз өнерінің туындысында 


203
өмір шындығының айнадағыдай дәл көрінуі мүмкін болмайты-
ны сияқты, оны дәл көрсетуге талпыну да міндетті емес. Өмір-
дің шындық болмысын болғандай қалпында көрсету − ғылым-
ның міндеті. Осы ретте Аристотель «Поэтика» атты еңбегінің 
ІХ тарауының басында негіздеген мына қағида еске түседі: 
«Ақынның міндеті болып өткен нәрсе туралы айту емес, болып 
өтуі ықтимал нәрсе туралы айту» [4, 655]. Аристотель ақын шы-
ғармашылығында суреттелген әлемді болмыста болып өткен 
оқиға ретінде емес, болып өтуі ықтимал оқиға ретінде қабыл-
дауды дұрыс деп біледі. Аристотельден қалған қағида ақындық 
өнер туындысының табиғатын дұрыс түсінудің, ақынның көр-
кемдік әлемінің ықтималдылығын дұрыс танудың негізі қызме-
тін атқарады. Осы тұрғыдан келгенде, ақынның көркемдік әле-
міндегі құбылыстар бір басқа да, өмірдің шындық болмысында-
ғы құбылыстар бір басқа. Ақынның көркемдік әлеміндегі құбы-
лыстар – ақынның көркемдік ойлау қызметінен туған ықтимал 
әлем құбылыстарының көрінісі.
Абайдың шығармашылық мұрасында көрініс тапқан құбы-
лыс, оқиға белгілі бір кеңістікте суреттеледі. Кез келген құбы-
лыс, оқиға белгілі бір кеңістікте белгілі бір мезгілде болатыны 
түсінікті. Сонымен қатар болған істің, оқиғаның иесі, мәнісі, 
орындалу амалы, құралы т.б. болады. Оларды әдебиеттану ғы-
лымының бүгінгі жетістіктері тұрғысынан талдап-таразылау-
дың, пайымдау мен бағалаудың өзіндік методологиялық мәселе-
лері бар. Олардың қатарында актанттық, нарративтік тұрғыдағы 
талдаулар, мезгіл мен мекен категориялары тұрғысынан зерттеу 
өзекті болып табылады. Абайдың өлеңдерін осы тұрғыдан қа-
растыру оның ілімін білу, түсіну және қолданудың ғылыми не-
гіздерін тануға септігін тигізеді. 
Поэзиялық шығармалардан адамның көңіл-күйін, сезім дү-
ниесін, жан күйзелісін, қоғамдық ортаның жай-жапсарын біліп, 
түсінуге болады. Әсіресе, өлеңнің мезгілдік және мекендік өл-
шемдерінің поэтикалық қызметіне үңіле отырып, халықтың аң-
саған арман-мұраттарын, өмір сүру деңгейін байқауға болады. 
Сол арқылы авторлық уақытты анықтап, әдебиеттанудағы жиі 
айтылып келе жатқан кеңістік пен уақытты көркемдік категория 
ретінде тани аламыз. 


204
ХХ ғасырдан бастап әлем әдебиеттануында «хронотоп» мә-
селесі кеңінен қарастырылып келеді. «Хронотоп» терминін әде-
биеттануда ғылыми айналымға М.Бахтин енгізген. М.М. Бах-
тиннің айтуынша, хронотоп термині Эйнштейннің ықтималдық 
теориясының негізінде математикалық жаратылыстануда қол-
данылған. М.М. Бахтин оған әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің 
келісімі жүйесіндегі категория ретінде мән берген және әдебиет-
тануға, шамамен, метафора секілді енгізген [5, 341]. 
Әдеби-көркем шығармашылықта хронотоп өзінше көрінеді 
және оның қызметі де өзгеше. Грек тілінде «хронос» – уақыт, 
ал «топос» мекен мағынасын білдіреді. Бұл терминнің мағынасы 
мен мазмұны туралы Бахтиннің еңбегінде кеңінен айтылған. 
Уақыт пен кеңістік автор шығармаларының әлеуметтік, та-
рихи және мәдени контексін қамтиды. Сонымен қатар, прозалық 
немесе поэзиялық туындылардың өзіндік ерекшелігін, оның 
бейнелік жүйесін, поэтикалық құрылымы мен идеялық-тақы-
рыптық ерекшелігін көрсетумен қатар автор суреттеп отырған 
дәуірдің өзі туралы да ақпараттар береді. Мәселен, қазақ хал-
қының басына түскен ауыр кезеңнің бірі – тәуелділік дәуірі.
ХVІІІ ғасырдың соңы ХІХ ғасырдың 60 жылдарында қазақ жері 
тұтастай патшалық Ресей империясының құрамына қосылды. 
Яғни патша әкімшілігі қазақ даласына еркін кіріп, жерді иге-
ру үшін отарлау саясатын жүргізді. Басқарудың аға сұлтандық, 
хандық тәртіппен келе жатқан ұлттық жүйесі бұзылып, ел өмірі-
не көптеген өзгерістер әкелді. Елде болыстық билік орнады. Қа-
зақ даласындағы болыстық билік суретін сол заманда өмір сүр-
ген ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларынан көре аламыз. 
Абай өз туындыларында ел өмірін көрсете отырып, қоғамдағы 
келеңсіз жағдайларды сынады. Оның әр өлеңінен кезең шынды-
ғын көре отырып, уақыт пен кеңістік болмысын көзге анық елес-
тете аламыз. 
ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын, ағартушы Абай Құнанбаев 
қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық мәселелеріне ерте арала-
сып, үстем тап билеген феодалдық қоғамға қарсы шықты. Өзінің 
шығармашылығында да, ел арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің 
барын сынай отырып, озық елдердің мәдениетіне ұмтылу қажет-
тілігін айтты. Батыс пен Шығыс мәдениетін жетік білген ақын 


205
өз халқын да білім мен ғылымға қол созып, жалпыадамзаттық 
құндылықтарды бойға дарыту керектігіне баса назар аударады. 
Абай шығармаларынан ХІХ ғасырдың екінші кезеңіндегі елдегі 
тарихи кезең оқиғаларының салдарында байқай аламыз. Қазақ 
халқының Ресей империясына бодан болуының салдарынан
елдің тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрлерінде өзгерістер орын 
алғаны рас. ХІХ ғасырдың екiншi жартысында туған демокра-
тиялық ағартушылық бағыттың ірі өкілі Абай Құнанбайұлы өз 
дәуірінің алуан түрлі мәселесін көтере отырып, өскелең ұрпақ-
тың ұлттық сана-сезімін дамытуға бағытталған шығармалар 
жазды. ХІХ ғасырдағы орыстың ұлы ағартушыларының озық 
ойлы идеясын өз еліне барынша түсіндіріп, олардың шығарма-
ларын қазақ ұғымына бейімдеп аударды. Аударып қана қоймай, 
қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып, жаңа бағыт әкелді. Ең 
бастысы әрбір шығармасынан елінің әлеуметтік жағдайын, тұр-
мыс-тіршілігінен хабар бере отырып, қиындықтан шығар жол 
іздеді. Уақыттың бағытын өзгертіп, болашаққа жол бастады. Ха-
лық санасын тар шеңберден шығарып, бәсекеге қабілетті болу 
үшін өнер мен білім, кәсіп үйренуге бағыттап, әлем кеңістігіне 
шығу жолды іздеді.
Шетелдік және отандық гуманитарлық ғылымдарда әдеби 
шығармадағы уақыт пен кеңістік категорияларын интерпретация-
лауға арналған зерттеу жұмысының өзіндік дәстүрі қалыптасқан. 
Осы категорияларды талдау арқылы әдеби туындыны, автордың 
идеясын, шығарманың сюжетін, мәні мен мазмұнын тереңірек 
және толық түсінуге мүмкіндік туады. Көркемдік кеңістік пен уа-
қытты зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздерін орыс 
әдебиеттану классиктері қалаған деп айтуға болады.
Әдеби шығармаларда (ең алдымен лирикада) уақыт пен ке-
ңістік көбінесе символдық сипат алатын мотивтер мен образдар 
түрінде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда кескін мен мотивтің 
құрылымының өзі кеңістік пен уақыт концепсиясын, олардың 
ішкі өзара байланысын қамтиды.
Абай өлеңдерінің мәтіні аясында мезгіл мен мекен өзара ты-
ғыз бірлікте, құбылыстың мекені аясында оның мезгілдік өлше-
мі де көрініс табады, көркем мәтіннің ерекшелігімен, автордың 
ниетімен байланысты олар белгілі бір мәнге ие болады. Автор 


206
белгілі бір мезгілдің өзіндік ерекше сипатын мекеннің белгілі 
бір кеңістігінің ерекшелігіне сай суреттейді, мекеннің кеңісті-
гіне тән сипаттарды мезгілдің ерекшеліктерімен сабақтас бей-
нелейді. Ақынның көркемдік әлемінде мезгіл мен мекен әрқай-
сысы жеке, дара суреттеу нысаны емес, олар өзара да, өзге құбы-
лыстармен де тығыз байланыста, бірлікте болып, суреттелініп 
отырған құбылыстың сыртқы сипатымен қатар ішкі мәнін де 
көрнекі ашып көрсетуге қызмет етеді. 
Ақынның поэтикалық әлемінде мынадай қарапайым сурет 
үлгісі бар: «Үзілмес үмітпенен бос қуардық» [1, 58] «Жапырағы 
қуарған ескі үмітпен» [1, 298]. Екі өлеңнің екі бөлек бір-бір тар-
мағы түрінде берілген осы үзінділерде мезгіл мен мекен жайын 
аңғартар нақты тілдік бірліктер бар деп айту қиын. Соған қара-
мастын одан ақынның ақындық ойлау кеңістігінде ғана белгілі 
болатын мезгіл мен мекен ұғымына қатысты ойлардың тұтасқан 
образды суретін көруге болады. Жапырағы қуарған тал, ағаш, 
қурай, өсімдік болатыны – табиғаттың өз шындығы. Өсімдік 
әлемінің жазғытұрым, жаз, күз, қыс мезгілдерінде қандай күйде, 
қандай көрікте болатыны Абай өлеңдерінде әр қырынан көріне-
ді. «Жапырағынан айрылған ағаш, қурай» [1, 95] – «Күз» өлеңін-
дегі көрініс. Ағаш, қурайдың жапырақтарынан айрылуының ал-
дындағы көрініс – ағаш, қурайдың жапырақтарының сарғайып, 
қурауы. Күзде сарғайып, қураған ағаш, қурайдың жапырақтары 
жел сыбдыр етсе, үзіліп жерге түседі. Бұлар – табиғаттың өзі-
не тән заңдылықтардың көрінісі. Осы шынайы көрініс ақындық 
ойлау кеңістігінде адамның өміріне тән ұғымдар мен құбылыс-
тарды бейнелеп, астарлап танытатын көркемдік бейнелеу құрал-
дарының қызметін атқарады. Осы тұрғыдан келгенде, ақынның 
«Үзілмес үмітпенен бос қуардық», «Жапырағы қуарған ескі үміт-
пен» деуінің астарынан адамның әлдеқандай бір жақсылықтың 
боларынан үміт етумен өмірінің жазын өткізіп, күзіне жеткендей 
күйі сезіледі. Мезгіл мен мекеннің ақын өлеңдеріндегі көркемдік 
қызметі туралы айтқанда, ақындық ойлаудың тереңінен туған 
осындай образды ойлардың поэтикалық қуатын ескеру ерекше 
маңызды деп білеміз. «Біреуі – көк балдырған, бірі – қурай / Бір 
жерге қосыла ма қыс пенен жаз?» [1, 252], – дегенде де осындай 
мән бар.


207
Абайдың ақындық әлемінде мезгіл мен мекен сурет, сипат 
қана емес, образ-символ ғана емес, Абайдың ақындық ойлау да-
ралығын танытатын айрықша поэтикалық тұтастық. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   58




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет