КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы Тілді зерттеу ұзақ жылдар бойы тілдің жеке бірліктері – дыбыс, сөз, сөз тіркестері және сөйлеммен шектелгені белгілі. Қазіргі тіл білімінде сөйлемнен үлкен тілдік бірліктер - күрделі синтаксистік тұтастық, абзац және тұтас мәтінді зерттеу қолға алынды. Кейінгі жылдардағы зерттеулер нәтижесінде мәтін лингвистикасы саласы біршама қарқынды дамып, мәтін ұғымына қатысты зерттеулер нәтижесінде мәтіннің ерекше құрылымға ие екендігі анықталды. Мәтіннің өзіндік белгілері, сондай-ақ мәтінаралық байланыстар түрлері мен мәтіннің байласымдық, тұтастық, аяқталғандық сияқты қасиеттері ашылды. Сондай ақ мәтін құрылымындағы байланыстар тек шылаулар мен шылау мәндес сөздермен ғана жүзеге аспайтындығы, мәтін бөліктерін байланыстырушы басқа да тәсілдер бар екендігі белгілі болды. Мәтін лингвистикасы саласының кейінгі уақытта қарқынды дамып келеді, соған қарамастан, мәтінге қатысты әлі де анықталмаған, бірізге түсірілмеген мәселелер де жеткілікті.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Мәтіннің өзіне тән болмыс-қасиетін зерттеу сан ғасырлардан бері зерттеушілер назарынан түспей келе жатса да, мәтіннің бүгінгі күн талабынан зерттеуді қажет етіп жатқан тұстары әлі де көп. Бұл бағытта қазақ мәтіні лингвистикасында соңғы он жылдың ішінде біршама мәселелер анықталып, құнды зерттеулер жарық көрді. Мәтін лингвистикасының өзекті мәселелері бойынша бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Бұл зерттеулер қазақ мәтін лингвистикасының дамуына, мәтіннің басқа да қырларының зерттелуіне негіз болғаны анық.
Мәтін лингвистикасында зерттеуді аса қажет ететін маңызды мәселелердің бірі – мәтінтүзуші тілдік бірліктерді анықтау. Көркем мәтіндегі фоносемантикалық доминант, дыбыстық қайталамалар мен дыбыстық символика, мәтіндегі тірек сөздер, сөздердің тақырыптық топтары мен және ассоциативтік қатарларының, фразеологизмдер мен сөз-символдар, сондай-ақ синтаксистік құрылымдар белгілі бір дәрежеде мәтінтүзімдік сипатқа ие. Қазақ тіліндегі мәтінтүзімнің фоносемантикалық, лексика-семантикалық, морфологиялық және синтаксистік факторлары және олардың мәтінтүзудегі қызмет ерекшеліктері кең көлемде тереңірек зерттеуді, жүйелеуді қажет етеді. Себебі, тіл білімінде бұрыннан бар дәстүрлі құрылымдық зерттеулерде аңғарыла бермейтін кейбір тілдік құбылыстардың қызметі мен ерекшеліктері тілдің мәтінтүзушілік қызметін зерттеуде айқындала түседі.
Осы орайда зерттеу жұмысының қажеттілігі және өзектілігі көрінеді. Зерттеу тақырыбы сонымен қатар, мәтінтүзімнің прагматикалық және коммуникативтік аспектілерін, көркем мәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуы, көркем мәтіндегі субьект категориясы мәтінтүзуші фактор ретінде, мәтін астарының имплицитті-коммуникативтік сипаты мен көркем мәтіннің прагматикалық ерекшеліктерін қарастыруымен өзекті болып табылады. Аталған мәселелер қазақ мәтін лингвистикасының толыға түсуіне үлес қосады.
Достарыңызбен бөлісу: |