Халықты жұмыспен қамту туралы заңдар:
1. Қазақстан Республикасының жұмыспен қамту туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Жұмыспен қамту туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
3. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады және халықаралық шарттар, оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн реттердi қоспағанда, тiкелей қолданылады.
Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері және бағыттары:
1. Мемлекет азаматтардың жұмыспен нәтижелi әрi еркiн таңдау арқылы қамтылуына жәрдемдесетін саясат жүргiзілуiн қамтамасыз етедi.
2. Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясат:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қызмет пен кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға бiрдей мүмкiндiктердi, әдiл де қолайлы еңбек жағдайларын, жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етуге;
2) нәтижелi жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жұмыссыздықты азайтуға, жұмыс орындарын ашуға;
3) бiлiм беру жүйесiн еңбек рыногының қажеттерiне және инвестициялық саясатты ескере отырып, оның даму перспективасына сай кадрлар даярлау iсiне бағдарлауға;
4) азаматтардың заңдарға сәйкес жүзеге асыратын еңбек және кәсiпкерлiк бастамаларын қолдауға, олардың өнiмдi және шығармашылық еңбекке қабiлетiн дамытуға жәрдемдесуге;
5) бар жұмыс орындарын сақтаған және жаңа жұмыс орындарын, оның iшiнде нысаналы топтарға арналған жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушiлердi ынталандыруға;
6) уәкiлеттi орган және жеке жұмыспен қамту агенттiгi арқылы еңбек делдалдығын ұйымдастыруға;
7) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шетелге жұмыс күшiн шығаруға байланысты қызметтi лицензиялауға;
8) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлеу жолымен iшкi еңбек рыногын қорғауға;
9) жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық iс-шараларды жергiлiктi атқарушы органдар қолданатын шаралармен ұштастыруға;
10) халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтi экономикалық және әлеуметтiк саясаттың басқа да бағыттарымен үйлестiруге;
11) еңбек рыногының бiрыңғай ақпараттық базасын қалыптастыруға;
12) мемлекеттiк органдардың халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететiн шараларды әзiрлеу мен iске асыру жөнiндегi қызметiн үйлестiрiп, реттеп отыруға және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
13) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдегi және шетелдiктердiң Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек қызметiне байланысты мәселелердi шешудi қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту проблемаларын шешуде халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыруға;
14) жұмыс берушілер, қызметкерлер және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын әзірлеу мен іске асыруға қатысуын қамтамасыз етуге;
15) жұмыспен қамту саясатымен үйлестірілген, қосымша жұмыс орындарын ашу ісiн ынталандыруды қолдайтын қаржы, салық және инвестиция саясатын жүргізуге бағытталған.
Достарыңызбен бөлісу: |