2. Хз. Иса а. Інжілдердегі Хз. Иса
Хз. Исаның өміріне байланысты мәліметтер христиандар қабыл еткен төрт Інжілде әрқилы баяндалады. Бұл мәліметтерге кейінірек тоқталамыз.
Аллаһ тағала Жәбірейіл періштені Галилеяның Назарет қаласындағы Дәуіттің ұрпағы Жүсіптің жұбайы Мәриямға жібереді. Періште Мәриямға Құдай тағаланың алдында игілікке бөленетіндігі, бір баланы дүниеге әкелетінін, бұл бала «Құдайдың ұлы» деп аталатынын, есімі Иса деп қойылатынын Дәуіттің тағы оған берілетінін жеткізді. Одан басқа бұл оқиға Киелі Рух арқылы жүзеге асатынын айтады (142). Осы уақыттарда Яхуда қаласында Зәкәрияның әйелі Элизабет бір баланы дүниеге әкеледі. Аллаһтың бұйырғанындай баланың аты Яхия деп қойылады (143). Король Августии тарапынан санақ жүргізілуі тапсырылады. Әр адам тіркелу үшін өз қалаларына барады. Юсуф та тіркелу үшін айттырылған қызы Мәрияммен Назареттегі Бетлехемге келіп, онда ұлын босанады. Сол маңда жүрген шопандарға Құдайдың періштесі бір құтқарушының туылғанын хабарлайды. Ол құтқарушы – Тәңір Мәсіх еді. Шопандар құтқарушыны көру үшін Бетлехемге барып, ондағы Мариям мен кішкене нәрестені тауып алады. Шопандар нәрестенің құтқарушы екендігіне сеніп, Құдайға шүкіршілік етіп, кері қайтады. Нәресте сегізінші күні сүндетке отырғызылды, есімі Иса деп қойылды (144).
Иса қырқынан шыққаннан кейін Мариям мен Жүсіп оны Тәңірге арнау мақсатымен Иерусалимге апарады. Киелі Рух Иерусалимде иудейлерді құтқаратын тұлғаны күткен Шимон атты бір адамға келіп, оған Мәсіхті көрмей өлмейтінін аян еткен еді. Рухтың жетелеуімен Шимон ғибадатханаға келеді. Исаны құшағына алып, құтқарушыны көргеніне Құдайға шүкіршілік айтады. Әкесі мен шешесі Исаны алып, Назаретке қайта оралады (145).
Патша Хиродес уақытында жұлдыз болжаушылары иудейлердің патшасы Мәсіхтің туылғандығынан хабар беретін жұлдыздарды көреді. Мәсіхті көруге келеді. Хиродес жұлдыз болжаушылардан туылған бала жайында мәлімет алып, оны табуларын бұйырады. Болжаушылар Мәриям мен Исаны тапса да Хиродеске хабар бермейді (146). Болжаушылардан кейін періште Юсуфқа түсінде көрініп патша Хиродестің Исаны өлтіргісі келетінін, сондықтан оны және анасын Мысырға апаруын айтты. Юсуф солай жасады. Патша Хиродес жұлдыз болжаушылары тарапынан алданғанын біліп екі жасқа дейінгі балаларды өлтірілуге бұйрық берді. Хиродес өлген соң Раббысының періштесі Юсуфқа көрініп хабар береді. Бұдан хабардар болған Юсуф бала мен анасын алып келіп Назаретке қоныстанады (147).
Иса он екі жасқа келгенде Пасха мейрамына орай дәстүр бойынша Иерусалимге апарылады. Әке-шешесі үйлеріне қайтар кезде кішкентай Исаны ұмытып Иерусалимде қалдырып кетеді. Олар мұны байқамай қалады. Біраздан кейін әке-шешесі Исаның сол жерде қалып кеткенін аңғарып, оны іздей бастайды. Қараса, ғибадатхананың ішінде ұстаздармен діни мәселелер төңірегінде тартысып жатыр екен. Исаның қойған сауалдары, берген жауаптары ғибадатханада отырғандарды таң қалдырады. Әке-шешесі оны Назаретке алып қайтады (148).
Иса жігіт болған шағында шомылдыру рәсімінен өткізуші Яхия иудейлерді шомылдырып, тәубеге шақырып жатқан болатын. Яхия өзінің сумен, ал өзінен кейінгілердің Киелі Рухпен шомылдырылатынын айтады. Яхиямен бірге иудейлер де Мәсіхтің келуін зор үмітпен күте бастайды (149). Осы кезде Иса шомылдыру рәсімінен өту үшін Иорданияға келген болатын. Яхия оны шомылдырған кезде Киелі Рух көгершін бейнесінде келіп Исаның басына қонғанын және көктен «Міне менің сүйікті ұлым – осы. Мен оған ризамын» деген дауысты естиді (150).
Яхия зынданға тасталған соң Иса Галилеяға барады. Уақыттың келгендігін, Тәңір патшалығының жақында орнайтындығын, тәубе етулерін және Інжілге иман келтіру керектігін айтады (151). Үш күннен кейін Кана деген жерге тойға барады. Суды шарап қылып алғашқы мұғжизасын көрсетеді. Бір күннен кейін балық мұғжизасы жалғасын тапты (152). Иман келтіргендер көбейді. Ол да иман келтіргендердің арасынан бір күні «хауари» деген ат беріп он екі кісіні таңдайды. Хауарилер мыналар: Шимон (Петр), бауыры Андреа, Жақып, бауыры Юханна, Филип, Бартолемей, Матта, Томас, Алфеустің ұлы Жақып, жігерлі деген Шимон, Жақыптың ұлы Яхуда, Исаға қиянат жасаған Яхуда Ишкариот (153).
Бірде халық қаладан ағылып келіп Исаның маңайына жиналады. Иса оларға уағыз айтады. Айтқан оқиғаларын әр түрлі мысалдармен түсіндіріп береді (154). Аспан патшалығы адамзат ие болатын баға жетпес байлық екенін айтады. Құдай патшалығына кіре алу үшін жан-тәнімен беріліп, бүкіл болмысын арнауға дайын тұру керектігін насихаттайды (155). Иса артынан ілескен шәкірттеріне қалай дұға ету керектігін де үйретеді. Яғни дұға тілеген уақытта әуелгі сөзді «Әке» деп бастауды және тілекті «Көктегі Әкеден» тілеуді айтады (156).
Иса жаман рухтарға қарсы өзінің құдіретін көрсетеді. Шайтан мен жындарға үкімін жүргізіп оларды аластайды (157). Иса сал болған аурудың күнәларын кешіріп, оны науқасынан айықтырады (158). Бір ақсақты емдейді (159). Иса бір өлген қызға «талитакум» (Қызым саған тұр деймін) деп оны тірілтеді (160). Бір күні қайықта кетіп бара жатқанда көлде үлкен бір дауыл пайда болады. Қайық бата бастағанда шәкірттерінің жанайқайы шықты, Иса дауыл мен көлге әмір еткен кезде, айнала тынышталады. Осылайша көлдегі дауылды тоқтатады (161). Иса бес мың кісіні бес нан мен екі балықпен тойдырады. Бес нан мен екі балықты қасиетті етіп шәкірттеріне береді, олар халыққа таратады. Осылайша барлығы да жеп тояды. Иса Петрды су үстінде жүргізеді. Қайықтағылар Исаға «Шын мәнінде сен Аллаһтың ұлысың» деп оның аяғына бас ұрады (162).
Иса шәкірттерінің арасында жүріп, олардан өзінің кім екендігін сұрайды. Петір оған : «Сен Мәсіх, Құдайдың ұлысың» деп жауап береді. Иса Шимон Петірді қоштап, бұл жағдайды құпия ұстау керектігін ескертеді. Петірді өзінің ізбасары етіп таңдады (163).
Иса жас балаларды қасиетті қылады (164). Сұхбатын тыңдап отырғандарға Тәңірді және көршісін жақсы көруді дәріптеді. Мына жалған дүниенің әйтеуір бір заманда ақыры таянатынын, «Ақырет соты» құрылатынын ескертті. Иса шәкірттеріне Иерусалимге баратынын, ол жерде пайғамбарлардың «Адам баласы» туралы бүкіл жазған дүниелерінің жүзеге асатынын, пұтқа табынушылардың қолына түсіп, өзінің мазаққа айналатынын, бетіне түкіріп, қамшы ұрылып, одан кейін өлтірілетінін, бірақ үш күннен кейін қайта тірілетінін айтады (165).
Иса «Аллаһтың ғибадатханасындағы» сатушыларды сыртқа шығарады, ол жердің өз үйі, дұға үйі екендігін айтады (166). Пасха мейрамы келгенде Әкеге баратын уақыттың жақындағанынан хабар береді. Тамақтан тұрып шәкірттерінің аяғын жуып бір сүлгімен сүртеді, шәкірттеріне де бір-біріне осылай жасауларын айтады. Ғибадатхана қызметкерлері мен жазушылар болса Исаны қалай өлтірудің жолын іздестіреді. Он екі хауарилердің (апостолдың) бірі яхуда Ишкариот оларға Исаның қолға түсуі үшін көмек береді. Иса он екі хауаримен дастарханға отырғанда, нанды алып шүкір етіп болған соң оларға былай дейді: «Бұл сіздерге берілген менің тәнім, мұны мені еске алу үшін жасаңыздар». Тамақтан кейін стаканды алып «Бұл стакан сіздер үшін төгілген менің қаным мен жаңа өсиет» деп стаканды оларға береді. Өзін сатып беретін адамның қолының өз қолымен бірге дастарханға созылғанын айтады (167).
Иса Гетсимани деген жерге барады, өлімді ойлап, уайымдайды. Иса оларға «Түрегеліңдер, кеттік. Міне маған қиянат жасайтын адам жақындап келеді» дейді. Иса сөйлеп тұрған кезде он екі шәкірттерінің бірі болған Яхуда мен олардың қасында ғибадатхананың бас діни қызметкерлері және қылыш-семсер асынып алған бір топ адам келе жатады. Яхуда «мен кімді сүйсем – соны ұстап алыңдар» деп әлгілермен алдын-ала келісіп алғандықтан, Исаға жақындап келіп, оны сүйеді. Иса дереу тұтқындалады. Шәкірттерінің барлығы оны жалғыз тастап, тым-тырақай қаша жөнеледі.
Иса тұтқындалған соң мәжілістің алдына апарғанға дейін балағаттап барады. «Егер Мәсіх болсаң, бізге айта бер» дейді. Сонда Иса «Егер сендерге айтар болсам, бәрібір сенбейсіңдер. Егер сендерден сұрасам, жауап бермейсіңдер де, мені босатпайсыңдар да. Бірақ осыдан кейін адам баласының ішіндегі әрбір күш-қайраты жеткендер Құдайдың оң жағында отыратын болады» деп жауап береді. Барлығы «Олай болса, сен Құдайдың ұлысың ба?» деп сұрағанда, Иса оларға: «Иә, мен соның өзімін» дейді. – Ендігі куәгерлерге қандай қажеттілік бар? Өйткені өз аузынан есіттік қой»,- дейді әлгілер. Таң атқанда бүкіл ғибадатхана қызметкерлері мен қауым ақсақалдары жиналып, Исаны айыпты деп тауып, өлім жазасына кесілгендігі туралы шешім шығарады (168).
Исаны бас қызметкер Каяфаның үйіне апарды. Бұл уақытта Петр оларды ұзақтан көріп тұрған еді. Бір күң оны танып оның Исамен бірге екенін айтты. Петр, «Әй әйел! Мен оны танымаймын»,-деп мойындамайды. Бұл үш рет қайталанады. Осы уақытта қораз үш рет шақырады. Иса Петрге қарайды. Петр Исаның «Қораз шақырғанға дейін менен үш рет бас тартасың» дегені есіне түсіп өкініп, жылайды. Исаны сатып берген Яхуда Исаның өлім жазасына кесілгенін естіп, сатып бергені үшін берілген отыз күмісті ғибадатханаға қарай лақтырып жіберіп, өзі асылып қалады (169).
Иса одан кейін Римнің әкімі Пилат тарапынан сұраққа тартылу үшін сотқа жөнелтіледі. Пилат сыртқа шығып, сол жерге жиналған халықтан: «Бұл адамға қарсы қандай арыз-шағымдарыңыз бар?» деп сұрайды. Олар: «Егер бұл адам жамандық жасамағанда оны сізге әкелмес те едік» деп жауап қайырады. Пилат: «Оны өздеріңіз алып, өз шариғат заңдарыңызбен шешім шығарыңыздар» дегенде яхудилер: «Ешкімді өлтіруге ақымыз жоқ»,-деді. Содан Пилат ішке кірді де, Исаны шақыртып, оған: «яхудилердің патшасы сенсің бе?» деп сұрады. Иса: «Мұны айтып жатқан өзің бе, әлде мен жайымда саған біреулер бірнәрсе айтты ма?» дегенде Пилат: «Сен яхудисің бе?» Сен не істедің? Сені өз халқың мен ғибадатхана басшыларың әкеліп тапсырды? деп өзіне сұрақ қойды. Иса өзінің нағыз отаны бұл дүние емес, келесі дүние екендігін айтты. Осы кезде Пилат: «Онда сен патшасың ба?» деп сұрағанда, Иса оларға: «Иә, патшамын» дейді (170).
Содан Исаны айқышқа керуді бұйырады. Пилат оның тура, әділ адам екенін білетін, сондықтан оның қанын төккенді жөн көрмеді. Бірақ жиналған жұрт Исаның айқышқа керілуін талап етіп тұрып алады. Пилат Бараббасты өз елінің әдеті бойынша бостандыққа шығарады (Әкімнің мейрамдарда қылмыскерлерден бірін кешіру әдеті болатын. Ол иудейлерге: «Бостандыққа Исаны шығарайын ба әлде Бараббасты ма» деп сұрады). Ақыры Исаны қамшымен сабалап, айқышқа әкетіп бара жатады. Әкімнің әскері Исаның киімдерін шешіп, үстіне күңгірт қызыл шинель, басына тікеннен өрілген тәжді кигізіп, оң қолына қамыс ұстатады. Содан кейін тізерлетіп, оны «Сәлем, саған ей иудейлердің патшасы» деп келеке етіп, үстіне түкіріп, қамыспен басын ұрады. Содан кейін киімін кигізіп, айқышқа керетін алаңға апарады (171).
Исаны апарған жер Галгота (Бас сүйегі) деп аталады. Сағат 6 дан 9 ға дейін барлық дүниені қараңғылық басады. Киренелік Шимон айқышты апаруға мәжбүрленеді. Сағат 9 ға жақын Иса: «Тәңірім, Тәңірім мені неге жалғыз қалдырдың?»,-деп айқайлайды. Ол жердегілер: «Илияны шақырып жатыр»,-дейді. Біреуі сірке суына батырылған губканы таяққа байлап, «Көрейік Илия оны құтқару үшін келе ме?»,-деп ішуі үшін оған береді. Бірақ Иса қатты айқайлап жанын тәсілім етеді. Ғибадатхананың пердесі жоғарыдан төменге дейін екіге бөлінеді. Қарсы алдында тұрған жүзбасы оның қалай жан тапсырғанын көргенде: «Бұл адам шындығында Аллаһтың ұлы еді»,-деді. Мұны Мағдалалық Мәриям, кішкентай Жақып пен Жүсіптің анасы Мәриям және Саломе тағы бірнеше әйел ұзақтан көріп тұрған еді (172).
Олар Исаның аяқтарын сындырмақ болады. Бірақ ол өліп қалғандықтан бұндай әрекеттен бас тартады. Әскерлердің бірі оның бүйрін найзамен түйреп еді, бірден қан мен су ытқып шықты (173). Исаның денесін қабірге жерлеу үшін Пилаттан рұқсат сұрайды. Иудейлердің салт-дәстүрі бойынша оны хош иісті шөптермен кебінге орап мазарға қояды (174).
Сенбі күні Мағдалалық Мариям мен өзге бір Мариям Исаның қабірін көруге келген болатын. Бірақ қабірдің бос тұрғанын байқайды. Бір періште оларға Исаның өліктер арасынан тұрып, Галилея аймағына кеткенін, сол жерден оны тауып алуларына болатынын айтады. Олар қуаныштары қойнына сыймай шәкірттеріне хабар беруге асығады. Жолда кенеттен Исаға кез болады. Иса оларға бауырларының Галилеяға барулары керектігін айтуды және өзін сол жерде көре алатындақтарын айтады. Содан Иса шәкірттерінің қасына келеді. Оларға: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! – деді. – Әкемнің Өзімді осы дүниеге жібергені сияқты, Мен де сендерді адамдарға жіберемін. Осылай дегеннен кейін шәкірттерінің бетіне дем үрлеп: «Киелі Рухты қабыл алыңдар! Кімнің күнәларын кешсеңдер, солар кешіріледі, ал кімнің күнәларын кешпесеңдер, солар кешірілмейді», – дейді (175). Осылайша Иса өз шәкірттеріне күнәларды кешіру құқығын берді. Иса Петрды Шіркеудің басшысы етіп және өз өкілі етіп таңдайды. Одан қанды жақсы көріп, көрмейтіндігін сұрайды. Петрдың оңды жауабына Иса оған «Қойларымды қара» деді. Бұл сұрақ-жауап араларында бірнеше рет қайталанады (176).
Он бір хауари Галилеяға Иса айтқан тауға барады. Ол жерде Исаны көрген кезде оған сәжде етеді. Алайда кейбіреулері күмәнданады. Иса олардың бәріне былай дейді: «Көкте де жерде де барлық билік маған берілді. Енді сіздер барып барлық ұлтты шәкірт етіңдер. Оларды Әке, Ұл және Киелі Рух атымен баптизм (шоқындыру) жасаңдар. Сіздерге бұйырған нәрселерді ұстанулары үшін оларға үйретіңдер. Мен сіздермен дүниенің соңына дейін біргемін» (177).
Інжілдерде жазылғанындай, өлгеннен кейін үш күн өткен соң қайта тіріліп, қырық күн бойы шәкірттерінің арасында болған Иса Құдай патшалығы жайлы уағыз айтты, оларға шынайы сеніп, шоқындыру рәсімінен өткендердің құтылатынын, ал сенбегендердің тозаққа түсетінін ескертті. Исаға сенгендердің жындарды қуып шығаратыны, қолдарына жылан ұстай алатындарын, у ішкен жағдайда өлмейтіндіктерін және ауруларды айықтыратын секілді мұғжизаларға ие болатындықтарынан хабар береді. Осыларды айтқаннан кейін Иса көкке көтеріліп, Әкенің оң жағына жайғасты. Оларға Киелі Рухты жібереді. Барлығы Киелі Рухпен толады. Киелі Рухтың оларға берген уәде бойынша басқа тілдерде сөйлей бастайды. Халық бұл жағдайларды көріп таңырқайды. Петр оларға насихат жасап, тәубе етулерін, Иса Мәсіхтің атына баптизм жасауларын айтады. Осылайша алғашқы христиандар, хауарилердің үйреткеніндей бір жамағат болып өмір сүре бастады (178).
Жоғарыда Інжілдер бойынша Хз. Исаның өміріне тоқталдық. Інжілдерде Хз. Иса үшін әрі «Аллаһтың ұлы», әрі «адам баласы» деген тіркестер қолданылған. Бұдан басқа ол «Раб», «Патша», «Яхудилердің патшасы», «Мәсіх», «Аллаһтың қозысы», «Юсуфтың ұлы», «Дәуіттің ұлы», «Адам ұлы» түрінде Інжілдерде бейнеленеді. Сондай-ақ ол «пайғамбар», «құдіретті пайғамбар» ретінде де танымал. Бұл секілді сөз тіркестері Хз. Исаның тұлғасы жайында үлкен шиеленісті тудырып отыр. Ендігі бір жағы Інжілдерде Хз. Исаның Мәриямға Киелі Рухпен жүкті болатындығын білдірумен қатар, Мәриям мен Юсуф айттырылған және бірге өмір сүрген жерлерін көрсетуде.
Матта Інжілінде «Мені қабыл еткен, мен жібергенді де қабыл етеді. Бір пайғамбарды пайғамбар болғандығы үшін қабыл еткен, пайғамбарлыққа қол жеткізеді» (Матай, 40-41) делінеді. Мұнымен қатар «Мен және Әке бірміз», «Әкенің менде және менің Әкеде болғаным» (179) сияқты сөздер де кездеседі. Хз. Исаның жеке тұлғасы келесі тақырыпта тоқталатынымыз сияқты, Құран Кәрімде де нақты әрі негізіне сай орын алады.
Хз. Исаның туылған уақыты миләди күнтізбесінің басталуы саналған және бұл уақыт нол (0) ретінде алынған. Алайда кейінгі есептеулерге қарағанда оның бұл уақыттан 4, 6 немесе 10 жыл бұрын дүниеге келгендігі анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |