Адамзат баласы дүниеге келген күннен бастап қай жерде болмасын өзіне жәрдем беретін, барлық нәрсені құдіретіне бағындырған бір күшті іздеуде



бет50/126
Дата31.08.2022
өлшемі480.31 Kb.
#460106
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   126
Діндер тарихы

ә. Құран Кәрімдегі Хз. Иса


Құран Кәрімде аты аталған төрт таңдалған отбасы бар. Хз. Исаның анасы Мәриям бұлардан «Али-Имран» жанұясына қатысты.
Исрайыл ұлдарынан Имранның әйелі (Ислам әдебиеттерінде Ханна, христиан әдебиеттерінде Анна) жүкті болып, құрсағындағысын Аллаһқа атайды. Қыз дүниеге келіп, атын Мәриям деп қояды. Оны және нәсілін қорғау үшін Аллаһқа дұға етеді. Хз. Зәкәрия Мәриямды өз қамқорлығына алады. Атағаны бойынша Мәриям ғибадатханаға беріліп, сол жерде өмірін құлшылықпен өткізеді. Оған Аллаһ тарапынан ризық беріледі. Хз. Зәкәрия сол жерге келген сайын Мәриямның жейтін асының дайын тұрғанын көреді. Зәкәрия (а.с.) оған бұл кімнен келді дегенде ол «Аллаһ тарапынан» деп жауап беретін.
Мәриям абыройлы, пәк, таза, адамгершілігі мол, инабатты қыз болып бойжетеді. Анасының дұға-тілегі қабыл болып, Мәриям бойын күнә, жамандық атаулыдан аулақ ұстаған өте пәк қыз болады. Бір күні періште келіп, оған үн қатады: «Ей Мәриям! Шәксіз, Аллаһ сені таңдады, тазартты және әлемдегі әйелдерден ардақты қылды» деді. Ей Мәриям! Раббыңа бой ұсын, сәжде ет және рукуғ қылушылармен бірге рукуғ қыл» (180).
Ұлы Аллаһ Мәриямды өте маңызды жағдайға дайындап жатқан болатын. Бұл жағдай Өзінің құдіретінің дәлелі болмақ; Хз. Адамның әке-шешесіз жаратылуындағы тылсым керемет тағы да жүзеге аспақ (181). Әке-шешеден дүниеге келген, мұндағы құдайы құдіретті көре білмеген парықсыздарға өзінің шексіз құдіреттілігін көрсету еді. Осылайша Ұлы Аллаһ жаратудың әр түрлі жолдарын білетіндігін (182) және өзі орнатқан жаратылыс заңдылықтарының тысына шығып кете алатындығын паш ету еді.
Сонымен Аллаһтың періштесі Жәбірейіл келіп, Мәриямға адам бейнесінде көрінді. Осы сәтте Мариям бір түрлі селк ете түсіп, Аллаһ тағалаға сиына бастады. Жәбірейіл періште оған: Аллаһ тағала саған бір ұл сыйлайды. Мені саған осыны сүйіншілеу үшін жіберді, – дейді. Сонда Мариям өзінің ибалы, намысты қыз екенін, өзі ешкімге жуымаса да қалайша бұл жағдай жүзеге асатындығын сұрады. Сонда Жәбірейл мұның Аллаһ үшін өте оңай екенін айтты. Барлық жаратылыстағы мұғжиза-керемет осы жерде өзін тағы бір рет паш етті. Мариямға ешкім де тимеген. Дегенмен Аллаһ қалағанын жарата алады. Ол «бол!» десе, сөзсіз болады (183). Солай да болмақ (184).
Періштелер Мәриямға Исаны былай сүйіншілейді: «Сол уақытта періштелер «Әй Мәриям! Расында Аллаһ сені өз тарапынан бір сөзбен қуантады, оның аты Мәсих Ғиса Мәриям ұлы, дүние ақиретте беделді сондай-ақ Аллаһқа жақындардан болады» деді. Бесікте және ержеткенде адамдарға сөйлейді. Әрине игілерден болады.... Аллаһ (Т) оған кітапты, хикметті және Таурат, Інжілді үйретеді. Сондай-ақ оны Израил ұрпақтарына елші қылады...» (Али-Имран 45-49).
Мариям жүкті болғаннан кейін көзден жырақтау бір жерде күнін өткізеді. Ол бір құрма талының астында босанудың машақатымен арпалысып, жаны қиналып жатқанда оған бір дауыс былай үн қатады: «Қайғырма! Раббың ішіңдегіні шарапатты етті». Мәриям босанған соң баланы елге алып келеді. Адамдар оны тілдеп, кінәлайды. Осындай қысылтаяң жағдайға тап болған Мәриям бесіктегі баланы көрсетеді. Олар «бесіктегі бала қалайша сөйлеуі мүмкін» деседі. Сол уақытта нәресте өзінің Аллаһтың құлы әрі елшісі екенін, Аллаһ өзіне кітап беретінін, адамдарға пайдалы болу үшін жіберілгенін, намаз оқу, зекет беру және анасына құрмет көрсетуге бұйырылғанын айтады (185).
Құранда «Аллаһтың кәлимасы», «Құдайдың игілігіне бөленген», «салихтардың арасынан» деп сипатталған Иса есейіп ер жеткенде, мойнына пайғамбарлық міндет жүктеледі. Ол Исрайл ұлдарына Аллаһтың әмірлерін жариялайды. Оларға алапесті жазу, соқырлардың көзін ашу өлілерді тірілту, суреттен құс жасап ұшыру сияқты мұғжизалар көрсетеді, бірақ исрайыл ұлдары оған сенбейді (186).
Хз. Исаның қасында ілесіп жүрген шәкірттері «Біз Аллаһ дінінің жәрдемшісіміз. Аллаһқа сендік. Сен біздің мұсылман болғанымызға куә бол» дейді. Шәкірттері Исаға бағынды, Інжілге шын жүрегімен сенді. Олар пайғамбарларды таныған, Аллаһтың бірлігін мойындаған адамдар. Бірде шәкірттері Исадан бір мұғжиза-керемет ретінде көктен Аллаһтың құдіретімен бір дастархан түсіруін сұрайды. Мұны негізінде жүректеріндегі сенім нық орнығуы үшін сұрап еді. Хз. Иса «... бізге ризығыңды бере гөр. Сен ризық берушілердің ең қайырлысысың» деп дұға етеді. Көктен бір дастархан түседі, олар қалағанынша ішіп-жейді. Осылайша шәкірттерінің оның хақ пайғамбарлығына деген сенімдері одан әрі беки түседі (187).
Исрайл ұлдары Хз. Иса мен шәкірттерінің Аллаһ жолындағы қызметтерін тоқтату үшін Исаны өлтірмекке бекінеді. Дегенмен Аллаһ тағала олардың ойластырған жоспарларын текке зая кетіреді (188). Жендеттер Исаға ұқсаған біреуді Иса деп ойлап, оны ұстап алып айқышқа шегелеп асып қояды. Олар «Мәриям ұлы Исаны өлтірдік» десті. Алайда олар Исаны емес, соған ұқсайтын басқа біреуді өлтірген болатын. Ол кезде Иса Аллаһ тағаланың құзырына көтерілген болатын (189).
Хз. Иса көкке көтерілгеннен кейін оған сенушілер көбейе түседі. Бірақ христиандар да Исрайыл ұлдары секілді тура жолдан тайқып, ақиқаттан алыстап кетеді. Өйткені олардың бірқатары Хз. Исаны Құдай десе, бір бөлігі Құдайдың ұлы деді, енді бір бөлігі үштің бірі деп кәпірлікке ұрынды (190). Олардың бұл шектен шығуларына Аллаһ былай дейді: «Әй Кітап Иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер. Аллаһқа байланысты шындықты айтыңдар. Шынайы түрде Мәриям ұлы Мәсих Ғиса, Аллаһтың елшісі, әрі Мәриямға жалғастырған сөзі және Аллаһ тарапынан бір рух. Ендеше Аллаһқа және елшілеріне сеніңдер. Әрі (Аллаһты) үшеу демеңдер, (одан) тыйылыңдар. Сендер үшін жақсы. Шынайы түрде Аллаһ бір-ақ Тәңір» (191).
Құран Аллаһтан басқаны тәңір қылған христиандарға ескерту ретінде Ұлы Аллаһтың Хз. Исаға мына сұрақты сұрайтындығын және алатын жауабының да былай болатындығын баяндайды: «(Сол уақытта) Аллаһ: «Әй Мәриям ұлы Ғиса! Адамдарға Аллаһты қойып, мені әрі анамды екі тәңір етіп алыңдар деп сен айттың ба?»,-дейді. (Ғиса Ғ.С): «Әй Аллаһ! Сені пәктеймін. Тиісті болмаған нәрсені айту маған жараспайды. Егер деген болсам, сонда Сен, оны анық білесің...» (192).
Құран Хз. Исаның шынайы жеке тұлғасын оның Исрайыл ұлдарына мына сөзімен түсіндіреді: «Сол уақытта Мәриям ұлы Ғиса (Ғ.С) «Әй Израил ұрпақтары! Шын мәнінде мен, сендерге Аллаһтың Елшісімін, алдымдағы Тәуратты растаушы және менен кейін келетін «Ахмед» атты пайғамбармен сүйіншілеймін» деген еді» (193).



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   126




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет