Аймбетова улбосын утегеновна


Еуразиялық кеңістіктегі ұлтаралық қатынастар динамикасы және оның мәдени-әлеуметтік детерминанттары



бет4/9
Дата25.02.2016
өлшемі1.09 Mb.
#23418
1   2   3   4   5   6   7   8   9

1.3 Еуразиялық кеңістіктегі ұлтаралық қатынастар динамикасы және оның мәдени-әлеуметтік детерминанттары
Қазақстан Еуразиялық кеңістікте орналасқан, әрі әлемдік ірі мемлекеттер арасында территориясы бойынша тоғызыншы орын алатын ел болғандықтан, оның өзіндік әлеуметтік сипаттамасын беру қажеттілігі туындайды. Батыс пен Шығыстық мәдени үлгілерді салыстыру және жақындату арқылы көптеген мінез-құлық пен таптаурындар жүйесін анықтауға болады. Ол өз кезегінде ұлтаралық қатынастар векторын бағамдауға мүмкіндіктер береді. Жалпы халықтардың даму тарихи процесіндегі бәсекелестікте соңғы төрт ғасырда Батысты (Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка) Шығыспен (оның өзін бірнеше елдердің топтамасына бөлуге болады: Қиыр Шығысқа Жапония, Корея, Кытай мәдениеттері аясындағы мемлекеттер кіреді, мұсылмандық Шығыс пен Үндістандық Шығыс өзіндік ерекше аймақтарға жатады) салыстырғанда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда алғашқысы біршама суырылып алға шыға бастайды. Бұл жағдай, яғни Батыстық әлеуметтік болмыстың, прогрестің сипаты «ғылыми-техникалық революцияның, зерделік, рационалистік негіздердің, құқықты нығайтуға сүйенудің арқасында жүзеге асты» деуге болады. Адамзат тарихында өзінің өркениеттік басымдығын танытып келе жатқан Еуропаорталықтық әлемге қатынас, саяси биліктің осындай доминантасы өзінің тарихи бастауын Қайта Өрлеу кезеңінен алады. Қазіргі Еуропаның, Солтүстік Американың, басқаша айтқанда, Батыстың құндылықтар жүйесінің әлемдік деңгейде абсолюттенуі шын мәнінде ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде қол жеткізілген экономикалық басымдылықтардың арқасы болатын. Осылай экономикалық саланың күрт өркендеуі әртүрлі өзге салаларда, соның ішінде саяси процестерде де, табыстарға қол жеткізуге негіз болғанын жоққа шығаруға болмайды. Ал Шығыс мәдениеті болса, оның ішінде еуразиялық рухани әлем, менталитет өзіндік ерекше әлеуметтік және рухани заңдылықтарға, өзгеше этномәдени үрдістерге бағынып келді.

Дегенмен, қазіргі заманда Батыстың мәдени болмысы мен Шығыстың өмір сүру тәсілінде ақпараттық, экономикалық, технологиялық ықпалдасудың арқасында ортақ нәрселер көбеюде. Әрине, этникалық айырмашылық әлемде өзінің ерекшеліктерін әзірге сақтап тұрғаны да белгілі. Осы тұрғыдан алғанда бұрынғы Кеңестер Одағының территориясын толықтай көмкерген Еуразия кеңістігі ерекше дүние деп есептеледі. Оның сипаттамасын берген ойшылдар өткен ХХ ғасырда көптеп саналады. Ал оның осы тұрғыдан алғанда тарихи және заманауилық құндылықтық әлемінің сипаттамасын берген М.С.Орынбеков өзіндік сараптамалық ерекшеліктерді атап өтеді: «Еуразиялық руханилық Батыстың дарашылдық пен танымды культ жасаған монорационалдылығына қарсы тұрады. Басқа жағынан алғанда, ол толықтай әмбебаптылыққа, қауымдастыққа, мемлекеттің дегеніне бойлап кеткен адамды шығыстық мағынадағы түсінуге де қайшы келеді. Бұл жердегі айырмашылық еуразияшылдық мәселенің мәнісін «сезімдік түсінулерге», «аңдаулық сәттерге» қарай бұруға тырысу болып тұр, сөйтіп, руханилық қауымдастық немесе универсум іспетті «барлығын өзінің бойына сіңіруші құдіретке» айналмайды, ол адамның, тұлғаның, микрокосмның тіршілік ету тәсіліне айналады. Еуразиялық руханилық зерденің гносеологиялық қызметінен емес, ол адамгершілікте, дінде, сенім мен махаббатта көрініс беретін дербес имманенттік мазмұннан, адамдардың рухани төлтумалығынан бастау алады» [73]. Автор өзінің шығармашылық зерделеу барысында еуразиялық әлемде тарихи даму үрдісінде ерекше адам болмысына тән дүниеге деген көзқарас орнағанын алға тартады, соның арқасында бұл кеңістіктегі этносаралық қатынастар әдетте социумдық, ұжымдық ауқымдағы басымдылықтардан гөрі антропологиялық, тұлғалық негіздерге көбірек сүйенетінін, содан бастау алатынын баса көрсетеді. Қазақ менталитеті осы мағынада еуразиялық руханияттың, ділдің негіздерімен, негізгі құндылықтық бағдарларымен үйлесімді қатынаста өрбиді.

Жалпы Еуразиялық менталитет Батыстық пен Шығыстық ділдердің аралығында пайда болған әлемді бейнелеудің ерекше сипаты екенін атап өтуге болады. Қазақтың этникалық болмысы соңғы ғасырларда осы Еуразиялық сипаттардың, құндылықтық бағдарлардың барлық қырларын бойына жинақтаған халықтардың қатарына жатады. Оның тарихи, мәдени және географиялық себептері де бар. Бірақ Ресей сияқты Қазақстанды да «таза» еуразиялық мемлекет деп айтуға да асығуға болмайды. Себебі біздің діни көзқарастарымыз бен ежелгі түркілік діліміз өзіндік ерекшеліктерімізді танытатынын ескеруіміз қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Еуразиялық кеңістіктің тарихи-мәдени негіздерінің табиғи-объективті қырларына, оны сараптаушылардың пікірлеріне тоқталып өтеміз [74].

«Еуразиялық мемлекет, – деп жазды орыс ойшылы П.Савицкий өткен ғасырда, – үнемі өзін «ұлттардың жиынтығы» және «сенімдердің жиынтығы» ретінде түсінді, яғни оның бастауы «көшпенді державалар тарихында ертерек қалыптасқан сабырлылықтың өзіндік формуласы бойынша тілдер мен сенімдердің алуан түрлілігінсіз мемлекет нашар» болып табылады дегенде жатыр [75]. Еуразияшылдықтар ұлттық (тілдік) мәселеде де, діни мәселеде де еркіндік принципін насихаттайды, өйткені еуразиялық мемлекеттіктің өмір сүруінің бір ғана мүмкін формасы – кең ұлттық және діни сабырлылық болып табылады деген түсініктер басымдық танытып келді [75, 31-32 б.]. Сонда ғана Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттілік Шыңғысхан мемлекетінің тарихи бастауынан қайнар алған сипатында берік діни – тұрмыстық негізіндегі саяси-әлеуметтік субъект болып есептеледі және Еуразияны көп қырлы ұлт – тұлға есебінде тануға болатыны баяндалады. Бұл көзқарасты қолдаушылар да, оған қарсы шығушылар да табылады. Дегенмен, жоғарыдағы ойлар қауымдастықтың сипаттамасын жасаудағы өзіндік орны бар тұжырым екенін мойындауға болады.

Еуразия шын мәнінде тек таза географиялық мағынадағы ұғым емес, ол халықтардың мәдени-өркениеттік, этнопсихологиялық, ділдік бірегейлікке, жақындыққа деген ұмтылысын да білдіреді. Еуразиялық кеңістікті баяғыдан осы жердің табиғи ландшафтына бейімделіп, шаруашылықтарын жүргізген халықтар – түркілер, моңғолдар, финугорлар және славяндар мекендеді. Соған сәйкес бұл жерде басқа өркениеттік құрылымдардан өзгеше еуразиялық өркениет пен еуразиялық мәдениет, еуразиялық бірегейлік пен еуразиялық философия қалыптасты. Бұл мәдени-тарихи сабақтастық тарих ырғағының бойында қалыптасқан құдіретті империялардың құрылуынан аңғарылады. Қола дәуірінде бұл кеңістікті біртұтас «андрон мәдениетінің» (Қазақстанда «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деген атпен белгілі) өкілдері деген шартты атаумен белгілі тайпалар мекендегенін біздің елдің тарихшы-археологтары дәлелдеп берген болатын. Дәл осы кезден бастап, яғни біздің заманымызға дейінгі бір мыңжылдықтан бастап, бұл территория көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына негізделген еуразиялық номадизмнің эпицентрі болды.

Қозғалысы белгілі динамизммен сипатталып, үш мың жыл бойы тұрақтылығын сақтаған бұл әлеуметтік-тарихи бірлестікті «дала өркениеті» деп сипаттауға болар еді. Бұл уақыт ішінде атақты сақтар мен ғұн тайпалары, түркілер мен қарлұқтар, қыпшақтар мен оғыздар, моңғолдар мен татарлар тарихқа өз қолтаңбаларын қалдырды. Олардың құрған «ғұн империясы, Түркі қағанаты, Оғыз қағанаты, Қыпшақ қағанаты, Алтын Орда» сияқты мемлекеттері әлемдік тарихтың дамуына орасан зор ықпал етті. Кейінірек оларды Ресей империясы мен социалистік, яғни ұжымшыл принциптерге негізделген Кеңес Одағы алмастырды және ол ұзақ жылдар бойы әлеуметтік ортада ерекше қатынастар жүйесін орнықтырды. Тарихтағы болған оқиғалар тізбегіне жаман немесе жақсы деген сыңаржақты баға беруден гөрі олардан туындайтын үдерістерді айғақтау әлеуметтік-этникалық детерминанттарды анықтауға мүмкіндіктер береді.

Бүгінгі күні басқаларымен салыстырғанда, еуразиялық этностарды біріктіру үшін ресейлік мәдениеттің салмақты әлеуеті, нақты мүмкіндіктері бар екені даусыз, бірақ, әдетте, саяси біріктірушілік астар берілетін өркениеттік парадигмадағыдай, Еуразия Ресейдің синонимі емес. Оларды механикалық түрде сәйкестендіруге, бірегейлеуге болмайды. Классикалық еуразияшылдықта да бұл мәдени типтің өзегіне христиандық православие қойылады да, тұрандық элемент кейінге ығыстырылады. Бұл ұлы идеяға кеңістіктік үш өлшем тарлық етеді, оған орман ландшафттары мен Ұлы даланы мекендеген халықтардың ғасырлар бойғы рухани тарихын бойына жасырған уақыт өлшемін де қосу керек. Осы тұрғыдан алғанда ол тарихтың ырғағында қиюласқан әртүрлі халықтар мен төлтума мәдениеттердің біртұтас ошағы, түйіскен жері болып табылады.

Еуразияның тұтастығы, оның мәдени-тарихи бірлігі туралы айтқанда, бұл мәдени-өркениеттік типтің көшпенділік тамыры туралы міндетті түрде сөз қозғалуы керек. Оның үстіне Л.Н.Гумилев өзінің «Еуразия ырғақтары» деген еңбегінде «Ұлы даланың көшпенділері адамзаттың тарихы мен мәдениетінде еуропалықтар мен қытайлардан, мысырлықтардан, ацтектер мен инктерден бір де кем емес рөл атқарды. Тек олардың бұл рөлі, басқа да әрбір этностың немесе суперэтностың рөлі сияқты, ерекше, төлтума болды және ұзақ уақыт бойы оның құпиясы танылмай келді», – деп атап көрсетті [76]. Еуразиялық тұтастықтың тарихи негіздерін қалыптастыруда, осы біртұтас коммуникативті кеңістікті ұстап тұруда көшпелі өркениет орасан зор мәнге ие болды деген тұжырымды білдіруге болады.

Еуразияшылдардың әлеуметтік саясатының арқауы ретінде роман халықтары құрған «абсолютті меншіктің» немесе герман және славян халықтарына тән шектелген немесе «функционалдық меншікке» ауысуының негізіндегі әлеуметтік қарым-қатынастарының өзгеру өзегінің динамикасы сай келеді. Олардың ойынша, жеке меншікті ыдыратудан әлеуметтік қарым-қатынастардың мәні өзгермейді, өйткені ол тек субъектіге қатысты болуымен қатар, жеке меншіктің орнын бюрократия ұсынған мемлекет иеленетіндігіне байланысты болып отыр. Субъектілердің меншік объектілеріне деген қарым-қатынасын өзгертудің маңыздылығын меншік иелеріне қойылған әлеуметтік талаптарды мемлекеттік реттеудің көмегімен өзгерту анағұрлым тиімді деп танылды. Сондықтан, кез-келген мемлекетті қоғамдағы басты меншік иесі етіп жасаған әлеуметтендіруді еуразияшылдар қаламай, керісінше, жеке меншікті абсолюттемейтін тұрғыдағы материалдық игіліктерді мемлекеттік меншікке айналдыруды жақтайды, яғни мемлекеттің реттеуші қызметтерін күшейтуді білдіретіндігін көреміз. Еңбек өнімінің меншігі туралы сұрақты шешуде, олар сонымен бірге капиталистік меншікті иемдену және әлеуметтік мемлекеттің ұшқырлығынан алыстауға мүмкіндік беретін жинақтаушы шешімді іздеді. Осындай шешімді мемлекеттің алып отырған табыс үлесін шектеуден, жұмысшылардың өндірісті басқаруға қатысуынан және де табылған табыстың бір бөлік пайдасын акционерлік қағидамен жасалынатын бөліністен көрді. Жалпы алғанда, еуразияшылдар ұсынған жеке меншіктік қарым-қатынастың өзгеруін олар «диалектикалық этатизм» деп анықтады, яғни адамзат рухының барлық қырлары елдің экономикалық дамуы үшін жұмысқа жұмылуы қажет [77].

Ұзақ уақыт бойы еуразияшылдар мұрасының жалғыз жалғастырушысы Л.Н.Гумилев болды. Ол еуразияшылдық концепциясында өзіне жақын тұжырымдарды бөліп алып, оған өзіндік мағына береді. Оның түсінігінде, Н.С.Трубецкойдың «келбет» («лик») сөзі «этнос» түсінігімен ауыстырылып, ал «көп халықты тұлға» («многонародная личность») орнына «суперэтнос» түсінігін қолдану қажеттілігі айтылады [76, 34 б.]. Н.С.Трубецкойдың моңғол езгісіне қатысты көзқарасының мәнін баяндай отырып, ол өзінің ізденістерімен толықтырды. Екінші кезектегі баяндауларында, «русофилдермен» (орысты мейлінше жақтаушылармен) текетіресі, қақпайласуы жатыр [76, 53 б.]. Л.Н.Гумилев «соңғы еуразияшылмын» деп өзін атағанымен оның қазасынан кейін еуразияшылдық үшін күрестің ұранын қазіргі неоеуразияшылдар, яғни жаңа еуразияшылдар іліп әкетті. Олардың дискурсынан реакцияшыл мен жасампаздық аралығындағы әрқилы сипаттағы тұжырымдарды кездестіруге болады.

Неоеуразияшылдықтың көрнекті өкілі А.С.Панарин болып табылады. Еуразияшылдық құбылысы ол үшін ХХ ғасырдағы үлкен державаға қажетті мессиандық идеяны қалыптастыруға байланысты ұмтылыстарына сәйкес өзекті. А.С.Панарин американизмге ең біріншіден оның идеологиялық мәні тұрғыдағы тұжырымдарына қарсы сынын бағыттайды. Қазіргі қоғам тұтынушы қоғам идеологиясына және оған байланысты батыс елдердегі басымдық танытатын тұжырымдарға қарсыласуы қажет. Заманауи еуразияшылдықтың позитивті идеясы – тұтынушылық пен материалдық өндірістен маңыздырақ болатын рухани жетілудің, адами қалыптасудың үстемдігін бекіту болып келеді. Неоеуразияшылдық идеологиясының басқа бір қырын танытатын идеясы – этатизм (мемлекеттің қоғамдағы негізгі субъект ретіндегі мәртебесін көтеру) болып табылады. Ал енді ұлттың әлеуметтік ортадағы қызығушылығын, мүддесін сақтайтын тәсіл ретінде мемлекеттік рухты бекіту қажеттілігі алға тартылады, А.С.Панариннің тұжырымдауы бойынша, индивидуализмнің, яғни дарашылдықтың үстемдігіне осындай түсініктер тосқауыл бола алады [78].

Қазіргі еуразияшылдық идеясының негізгі өлшемі, жаңаеуразияшыл И.Б.Орлованың пайымдауынша, келесідей өзіндік схемада көрініс береді: континентальді, яғни құрлықтық (еуразиялық) тұтастықтықты, оған кіретін өзіндік этно-психологиялық қауымның ерекшеліктерін мойындай отырып, Н.С.Трубецкой айтқанындай, бөлектенген, яғни жекеленген ұлттың ұлтшылдығынан гөрі жалпы еуразияшыл ұлтшылдықтың үстемдігі; Ресей – Еуразияның тарихи дамуының өзіндік логикасы болып табылады, ол өз кезегінде, көп ұлтты құрылымның дәстүріне сәйкес келетін және де табиғи-климаттық, географиялық бірліктің рухына айналады; басқа өркениет пен мәдениетке деген төзімділікке; ғылым мен техниканың жемістерімен өзара алмасуына жол ашуға да болады, бірақ өзінің идеологиясын (П.Савицкий) және өзінің (еуразияшылдық) тарихи-мәдени мағынасын қатаң сақтай отырып, басқа сөзбен айтқанда, рухани тазалығы мен әділдікті жоғалтып алмай, өркениет жетістіктерін іштей електен өткізіп, вестернизациясыз модернизациялану, яғни жаңару, жаңғыру қажет [79]. Жоғарыдағы тұжырымдардың негізгі бағыт-бағдарында қазіргі замандағы Батыстың мәдениетінің ықпалына тәуелді болмауға тырысушылық болғанымен, дегенмен, Ресейді Еуразиялық жүйедегі басты орталыққа, жүйені қалыптастырушы күшке балау да басымдау болып отыр.

Қазақстандық философ К.Котошева өзінің ұлт мәселесі бойынша ізденістерінде атап көрсеткендей, Еуразиялық феноменінің ерекшелігі төмендегі қасиеттерден байқалады: Шығыс пен Батыстың дүниетанымы көшпенділер мәдениеті арқылы синтезге, өзара диалогқа түсу мүмкіндігін алады [80]. Көшпенділердің осындай катализатордың рөлін атқаратын ерекше міндетіне ат үсті қараушылық өкінішке орай кейбір дүниетанымдық ұстанымдарда тарихи орын алып келген болатын. Ол Орталық Азияны, қазақ жерін Ресей державасының құрамына енгізу дәуірінде айқын көрініс берді. Осы менталитеттік, әлеуметтік психологиялық бағдар, тіпті Кеңестік кезеңнің өзінде сабақтастықпен жалғасын тапты. Өткен ғасырлардағы зорлықпен жүргізілген ұжымдастыру (коллективизация) науқаны да соның көрінісі іспетті. Ал оның зұлматы мен адами құрбандығының салдары әлі күнге дейін ұлтаралық қатынастар әлемінде байқалады. Ұзақ жылдар бойы өзінің тарихи мекенінде демографиялық азшылық, саяси дисбаланс шамаға түсіп кеткен қазақ халқы біршама этнопсихологиялық қыспақ пен күйзеліс күйлерін кешті. Қазіргі тәуелсіздік қана осы этнопсихологиялық кешендердің, дүниетанымдық қалтарыстардың күмәнді салдарларын жеңуге мүмкіндіктер ашуда және біртіндеп жүзеге асырылуда.

Еуразияшылдыққа қатысты қазақстандық және ресейлік көзқарастардың арасында өзіндік ерекшеліктер бар екенін байқаймыз. Көптеген ресейлік зерттеушілер еуразияшылдық идеясымен қаруланып, Ресейдің ерекше өркениеттік миссиясын және оның дербестігін, яғни салыстырмалы автономдылығын алға тартады. Отандық зерттеушілер болса, Еуразияны түсінуде бірегей әлеуметтік-мәдени әлем құрылымына және Азия халықтарының тарихи рөліне сүйеніп, Л.Н.Гумилевтің идеясына жақындай түссе де, еуропалық және басқа да өркениетке қарсы бағыттан гөрі, олардың жетістіктерін игеріп, өзара сұхбаттасу позициясын таңдайды. Жоғарыдағы мәселелерді ғылыми негізде қарастыруға ат салысып жүрген А.Б.Кошкари өзінің зерттеулерінде еуразияшылдар орыстың мәдени даму бағытын анықтауда басынан-ақ Шығысқа бағытталғанын, сонымен қатар ол еуразияшылдық орталықшылдық саясатты ұстанушы Ресей болса, ұлттық дәстүрінің екі жаққа да ортақтасуын қалайтынын атап көрсетеді [81].

Ресейлік зерттеулер демотия концепциясын (басқарудың мемлекеттік формасы) анықтауда еуропалық демократиялық құрылыстың сынына сүйенеді. А.Б.Кошкари өзінің ғылыми түсініктеріне сай келетін Я.Д.Садовскийдің: билік «өзінің бұқарасын білу» қажет, «халық бұқарасымен ашық көңілмен бірге болып, күнделікті ұшырасып, олардың қажеттіліктерін кең және жүйелі түрде қарсы алып, халықтың моральдік қолдауына ие болу керек және оған тірек арту» керек деген тұжырымымен келіседі [81, 69 б.]. Бұл көзқарастардан еуразияшылдар неліктен жергілікті басқару формасы ретінде Кеңестер институтын толықтай жоққа шығармай, тіпті біршама деңгейде қолдағанын түсінеміз.

Еуразияшылдардың саяси идеясы сөзсіз тарихи деректі көрсетті: ресейлік саяси-құқықтық жағдайда батыстық саяси құрылымдар формальді мағынасыз институттарға трансформациялануы ғажап емес, өйткені даму осындай жағдайда жеке өз дамуының жемісі бола алмағандығында болып тұр. Айта кету керек, осындай Ресейдің саяси институттарын – соттық, әкімшілік жүйені, кезінде, яғни ХІХ ғасыр барысында, қазақ жеріне, орыс емес халықтардың дәстүрлерін және мүдделерін, қызығушылықтарын, жергілікті этномәдени дәстүрді ескермей, зорлап апарып тағайындауы түбінде нәтижесіз аяқталған-ды. Дәстүрлі қоғамның ғасырлар бойы қалыптасқан этномәдени құндылықтарын бір сәтте өзгертуге, оны реконструкция жасауға болмайтындығын тарих дәлелдеп берді.

Бірақ ол «жаңа нәрселердің қазақ даласына біртіндеп енбеуі» деген сөз емес. Қазақ ағартушылары орыс мәдениетінің игілікті тұстарын қабылдап отыруға шақырды және халықты жақсы нәрсені үйренуге үгіттеп отырды. Жалпы Қазақстандағы еуразияшылдықтың салыстырмалы тарихи бастауларын қазақтың белгілі ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев және тағы басқа қазақ зиялыларының ұлттық және еуропалық мәдениеттерді талдауға, олардан үйренуге шақыратын идеяларынан табуға болады. Әрине, қазақ ағартушылығы ешқашанда ұлттың өзіндік іргелі ұстындарынан айрылып қалмау қажеттігін ескертіп отырған және басқалардан үйренгенде еліктегіш этникалық қауымдастыққа айналмай, «өнерді үйрен де жирен» деген нұсқаны ұстанғанын байқаймыз. Қазақ зиялылары қоғамдағы жер мен тіл мәселесінің қазақ сияқты өзінің саяси тәуелсіздігін толық бекітпеген халықтар үшін өте маңызды екенін ескертіп отырғаны белгілі. Міне, қазақтың басқа ұлттармен мәдени ықпалдасуының осындай маңызды қыры болғанын ескерген жөн.

С.Ж.Бралина өз зерттеулерінде еуразияшылдардың ұлт мәдениеті мен шығыстық ерекшелік туралы пайымдауларын өз ойымен толықтыра алды, оның туындауы кездейсоқ емес, олар негізінен әлеуметтік және мәдени-тарихи мағыналардың объективті себептеріне байланысты екеніне сайды және капитализмнің дамуымен ортақ әлемдік әдебиеттің қалыптасу қажеттілігімен, халықтардың фольклорлық және әдеби өзара байланысының мәселелерін шешумен байланыстырды [82]. Ол мәселені зерделей келе, еуразияшылдықтың кездейсоқ құбылыс емес екенін дәлелдей отыра, оның шығыстық теориясының бастауын анықтады. Сонымен «Шығыстық теория» Ресейде В.В.Стасовтың еңбектерінің арқасында қалыптасып, А.Н.Веселовский, В.Ф.Миллер, Г.В.Потаниндердің одан әрі дамытуымен жалғасын табады, ал сонан соң «әрі қарай эстафетаны еуразияшылдар алып кетті» деген ойды өрбітеді [82, 32 б.]

Сонымен орыс ойының саяси тарихында мәдениеттің еуразияшылдық теориясы ерекше орынға ие болады. Оны жасауда лингвист, филолог, мәдениеттанушы Н.С.Трубецкойдан басқа атақты еуразияшылдар П.Н.Савицкий, Л.П.Карсавин, П.П.Сувчинский, Г.В.Флоровскийлер қатысты. Олар үшін философия тарихы және мәдениеті Ресей – Еуразия мәдени әлемінің өзгешелігін тану болатын. Еуразияшылдық ілімінде «симфониялық тұлға» мәдениет идеясының тірегі ретінде, белгілі бір құндылықтық бағдары ретінде маңызды рөл атқарды. Олар мәдениеттің айналымдық идеясын қарастырып, адамзат мәдениетінің спиралды даму идеясын әрі қарай өрбітті. Зерттеушілер мәдениеттің кеңістік пен уақыт бірлігінде процесс ретінде дамуын қаламады және олар мәдениет эволюциясы мен прогресін толық мағынада мойындай қоймады, тек оның кейбір қырларына төзімділікпен қарады.

Орыс ойшылы Н.С.Трубецкойдың «Европа и человечество», «Об истинном и ложном национализме», «Верхи и низы русской культуры (Этническая основа русской культуры)», «Мы и другие», «О туранском элементе в русской культуре», «Общеевразийский национализм», «Наследие Чингисхана», «Взгляд на русскую историю не с Запада, а с Востока», атты шығармалары мәдениеттің еуразияшылдық теориясының дамуын анықтады. Жоғарыдағы теориялық тұжырымдама бойынша, орыс мәдениеті – бұл дербес, бірегей еуразияшылдық мәдениет, оның тұла бойында Батыс пен Шығыстың тәжірибелері жинақталған деп түсінілді. Көп негізді мәдениет туралы тұжырымның мағынасына мән беру арқылы орыс (еуразияшылдық) этномәдениетінің бірегейлігі мен ерекшелігі туралы ілімін тұжырымдауға болады. Еуразияшылдардың нигилизмі батыс елдеріндегі «тұлғаның жаны айырбас құралы ретінде мемлекет, саясат, партия үшін құрбандыққа шалуға болатын нәрсе» деген түсініктерден үрейі ұшып сескенумен байланысып жатады. Еуразияшылдар үшін басты идеялардың ішінде ұлттық-мәдени өзгешелік идеясының орны бір бөлек және олар батысшылдардың құндылықтарын сынға алып отырғанын атап өтуге болады.

Бүгінгі күні саяси аренада Еуразиялық идеяның үлкен саяси және мәдени кеңістіктегі үйлесімді ұлтаралық қатынастарды нығайту үшін тиімділігі мен маңыздылығын қолдаушылардың қатарына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевты жатқызуға болады. Ол өзінің еңбектерінде, көптеген халық алдында сөйлеген сөздерінде еуразияшылдық идеясына қазіргі заманның талаптарына, қажеттіліктеріне, рухани сұраныстарына сәйкес келетін, ешкімге өзіндік саяси, немесе мәдени артықшылық бермейтін, есесіне оның құрамына енетін халықтардың барлығына да болашаққа деген жарқын сенім тұрғысынан алғанда тиімді болатын жаңаша мағынада, жаңаша түсініктерде оралуға шақырады [83]. Яғни Елбасының барлық тұжырымдары осы кеңістіктегі демократиялық ұстанымдарды барынша үйлесімді мағынада орнықтыра түсу және ұлтаралық, адамаралық қатынастарда гуманистік, толеранттық принциптерді негіздеу екендігіне көршілес елдер де, еліміздегі теориялық сана мен бұқаралық көзқарастар да біртіндеп сене бастаған іспетті.

Әрине, Л.Н.Гумилев рухани мұрасының отандық еуразияшылдықтардың көзқарастарының беки түсуіне ықпалы мен рөлі орасан зор және оның қазақ халқының генезисі мен болашағы жөніндегі ойлары қазіргі кезеңде маңызды бола түсетіні сөзсіз [84]. Өйткені, тәуелсіздікке қол жеткізген заманнан бері әрбір ұлт пен ұлыс өзінің тарихи қайнар бастауларын, ұлттық генезисін анықтауға ұмтылуда. Бұл заңды қадамдар екені белгілі. Дегенмен құрғақ теориямен шектелмей, әлеуметтік практикада халықтарды жақындата түсетін әрекеттер жасалуы керек. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен еуразияшылдықтың кейбір теориялық ойларын отанымызда практика жүзінде орнықтыру үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің негізі қаланды. Жалпы Қазақстанда еуразияшылдық құбылысы көбінесе Л.Н.Гумилев негіздеген теориялық-методологиялық базаға тірек артады, ол қоғамымыздағы ұлтаралық қатынастар мәдениетін үйлесімді орнықтыруға, дамытуға біршама септігін тигізетін күші бар теориялық және құндылықтық бағдар екенін әлеуметтік практика кезекті рет дәлелдеп отыр.

Л.Н.Гумилев этномәдени аудандар мен маргиналды зоналардағы химералық тұтастықты сипаттаған еуразияшылдық концепциясын бүкіл әлемдік тарихи үрдістерді зерделеуде пайдаланды. Екі немесе одан көп суперэтнос түйіскен жерде шығармашылық үдерістердің логикасы бұзылып, әлеуметтік апаттар орын алады деген түсініктерді ұсынады. Өзгеше мәдениетке қарсыласудың орнына еліктеу құбылысы пайда болады. Осылайша «өзіңді таны» немесе «өзіңмен өзің бол» принциптерінің ауқымы шағын этникалық қауымдастықтар үшін кеңейіп, құндылықтық шекаралардың межесі бұзылады [76, 24 б.]. Дегенмен, жоғарыдағы айтылған тұжырымдарды абсолюттеуге де болмайды. «Есік пен терезесін жауып алып» жабық қоғам жағдайында өмір сүрудің қалай болатынын көрсетіп жатқан кейбір елдер де бар. Мәселен, Солтүстік Корея өзінің халықаралық деңгейдегі саясатын көптеген жылдар бойы сақтап келе жатыр. Әлеуметтік еліктеу мен ықпалдасудан толықтай қашып, оқшаулануды дәріптегеннің нәтижесі теріс болуы да мүмкін. Сондықтан аралық меже, не нәрсенің де орталық бейнесі, формасы үйлесімді қозғалыстар үшін тиімдірек деген ойды білдіруге болады. Ақиқатты іздеу барысында философиялық зерттеулерде әлеуметтік практиканың маңыздылығы алға шығарылады, ал ол негізінен әлеуметтік қатынастар жүйесінен құрылатын дүние. Сондықтан қоғамдағы ұлтаралық қатынастар мәдениеті түп негізінде адамның Ақиқатты іздеуіндегі бір маңызды кезең, кемелдендіруге ұмтылдыратын деңгей десе де болады.

Керісінше, өзінің мекен-территориясында тұрып жатқан халықтар, өз этникалық дәстүрін жалғастырып, дамытып отырған этностар «көршілерімен бөлектенген қашықтықта сыйысып, өзара түсінісіп, татулықта өмір сүреді» деген ой тұжырымдалады [76, 25 б.]. Әрине, ұлтаралық қатынастарда өзара ұлтаралық сыйысушылық маңызды рөл атқарады. Бірақ бейбіт қатар өмір сүру идеясы әлеуметтік субъектілер арасындағы бөлектену, ара қашықтықты ұлғайтуға дейін жетпеуі тиіс, онда жатсынудың да ауылы алыс емес екенін еске түсіруге болады. Мәселен, Қазақстанның Өзбекстанмен қарым-қатынасы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері біршама қиындықтармен астасуда, өзара түсіністіктен гөрі этносаяси қатынастарда салқын қанды қашықтықта болу ұстанымы жоғары шығып отыр. Көрші жатқан Қырғыз еліндегі өткен жылдардағы «түрлі-түсті» революциялар этносаралық қатынастардың тұтынушылық деңгейіндегі (Мәселен, көрші елдегі Ыстық көл жағалауында демалу мәселесі басқа елдердің азаматтары үшін криминалдық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты мүмкін болмай қалды. Бұл жағдайдан Қырғызстан экономикасы орасан зор зиян шегіп отыр, өйткені мемлекет бюджетінің төрттен бірін туризм құрайтынын ескерсек, онда ұлтаралық қатынастар мәдениетіне көңіл аудару экономикалық жағынан да тиімді екені аңғарылады.) кейбір әлеуметтік қыспақтарға әкеліп соқты. Бұлардың барлығы Еуразия кеңістігі ауқымындағы шешімін табуға тиісті ішкі проблемалар болып табылады және олардың барлығы біртұтастана келе ұлт мәселесіне тікелей қатысты екені де байқалады.

Л.Н.Гумилевтың қалыптастырған тарих философиясының ерекшелігін қазақстандық философ Д.Н.Нұрманбетова негізінен қолдайды [89]. Адам тарихын көпорталықты ұстанымға бағындыра отырып, халық, этнос тарихы ретінде қарастырады, оған Еуразия түсінігін «әрбір этнос – орталық, бірақ олар оң комплиментарлық бастаудағы өзара байланыста суперэтностың» өздігінен қалыптасуына мүмкіндік береді деген ойды гуманитарлық сала мамандарының ортасына алға тартады [89, 61 б.]. Әрине, өзара ықпалдасуда конструктивті оң мағынадағы қатынастардың берері көп, маңызы терең. Дегенмен, ондай әлеуметтік қатынастардың барлығы бірдей суперэтностарды туындата бермейді деген пікірдеміз. Суперэтнос болу деген сөз «орталық және шағын деңгейдегі этностардың маңыздылығы тарихи процесте төмен болуы» деген ойды туындатпауы тиіс. Жалпы адамзат тарихы үшін әрбір халықтың, әрбір адамның маңыздылығы мен құндылықтық мәртебесі деңгейлес болуы шарт. Онсыз нәсілшілдік пен теріс ұлтшылдықтың қақпанына түсу де оңай.

Этнос мәселесі қоғамда әруақытта этникалық сана және этникалық сезім мәселелерін туындатады. Еуразия тарихындағы этникалық факторлардың маңызын қарастыра отырып, оның проблемаларын айқындауда, орнықты шешімін іздеуде Л.Н.Гумилев ойларының үлесі зор. Ұлттың мәдени ерекшеліктері мен ментальдық қасиеттері түпнегізінде этникалық сана-сезімнің дамуымен тығыз байланысында қалыптасады және өрбиді. Ұлттық мәдени құндылықтарды әрдайым құрып кетуден сақтау үшін әрбір қауымдастық өзіне әлеуметтік-психологиялық «тосқауыл», «қорған» қоюға мәжбүр болады. Белгілі бір этноорталықтық доминанталар осы себептерден туындайды деп ойлаймыз. Сөйтіп, этникалық сананы қалыптастырушы факторларға – ұлттық мүддені, ұлттық қажеттіліктерді қанағаттандыруды, ұлттың мәдени келбетін, этникалық-психологиялық бейнесін және ұлттық намысын қайраудың тетіктерін жатқызамыз. Этникалық сана, бір жағынан, табиғи инстинктердің көмегімен әлеуметтік қауымдасуда бейсаналық деңгейде қалыптасса, екінші жағынан, ол саналы, жігерлі, ұйымдасқан формадағы әрекеттерден бастау алады. Сондықтан адамзат тарихындағы этностардың топтасуы мен эволюциясы сан қырлы көріністерде өзіндік сипатын танытып отырғанына таңқалуға болмайды.

Дүниетанымның еуразияшылдық моделін нақтылау барысында, оның құрылымында славяндар мен түріктердің мифологиялық танымының үлгілері жатқанын айтуға болады, ежелгі түріктердің түрлі мәтіндік ескерткіштері, фольклоры мен батырлықты дәріптеген жырлары халықтардың өзара қатынастары ежелден дихотомиялық (екі жақты қарсыластық) түрде өрбігенін танытады. Бірақ екі жақты шендесудің аржағында өзіндік бәсекелестік, мәдени өзара әрекеттестік бар екенін жасыруға болмайды. Осындай өзіндік мәдени ықпалдасудың нәтижесі аралық мәдени үлгілердің қалыптасуына түрткі болады. Ол өнер туындыларынан, тұрмыстық салттардан, тілдегі диалектілерден байқалады. Жалпы түрік, славян, ежелгі үнді мифологиялық сюжеттерін, символдарын, нақыштарын өзара салыстыра отырып, олардағы жалпы ортақ метаобраздарды, ділдік жақындықтарды таба білудің маңыздылығы қауымдастықтар арасындағы ұлтаралық қатынастардың түпкі архитектоникасын, үндестігін анықтауға көмектеседі [86, 54 б.].

Жалпы Еуразияның жетекші халықтарының бірі – орыс халқының ұлттық психологиясында ерекше қайшылықты сипаттағы қасиеттер болғандығы белгілі. Ол туралы әртүрлі тұжырымдар мен позициялар ежелден қоғамдық процестерді зерттеуші мамандардың назарында болып келгенін атап өтуге болады. Еуразиялық ділдің, этникалық менталитеттің өзегін орыс халқының этномәдени, әлеуметтік психологиялық келбеті құрайтынын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан орыс халқының қайшылықты ерекше рухани және этникалық келбеті туралы тұжырымдардың кейбіріне тоқталып кетелік. Мәселен, орыстың белгілі ойшылы Н.Бердяев орыс табиғатының бойындағы іштей бір-біріне сәйкес келе бермейтін кейбір болашақ үшін маңызы зор қайшылықтарын анықтай келе былай дейді: «Орыс жанының тінінің негізінде екі бір-біріне қарама-қарсы бастаулар жатыр: табиғи, тілдік дионистік қыр мен аскеттік-монахтік православие. Орыс халқындағы қарама-қарсы қасиеттерді ашуға болады: деспотизм, мемлекеттің гипертрофиясы және анархизм, еріктілік, қатыгездік, зорлыққа бейімділік және ақкөңілдік, адамгершілік, жұмсақтық; салттарға сену және шындықты іздеу; дарашылдық, тұлғаның ерекше санасы және дараланбаған ұжымшылдық; ұлтшылдық, өзін-өзі дәріптеу және әмбебаптылық, барша адамзаттық; эсхатологиялық-мессиандық діншілдік және сыртқы сыпайыгершілік; Құдайды іздеу және соғыскер құдайсыздық; мойынсұну және дөрекілік; құлдық және көтеріліс» [87, 78-79 б.].

Міне, сөйтіп, тарихи ішкі қайшылықты сипаттағы орыстың ұлттық психологиясы, олардың ойшылдарының пайымдауында, біршама утопиялық, идеалистенген кейіпте көрініс береді және әдеттегі этностың табиғаты туралы үйреншікті қисынмен, траферетті түсініктермен сәйкес келе бермейтін кездері де аз емес. Орыстар угрофиндер мен жайық түріктері арасындағы бөлекше мәдени зонаны құрайды, ал олар славяндық және тұрандық Шығыспен байланыста болып келген қауымдастық екені тарихтан белгілі. Жалпы «тылсым орыс жаны» деген түсініктің әуелден Еуропалық гетеротаптаурындар (басқа этникалық қауымдастықтар туралы) мен автотаптаурындарда (өз қауымдастығың туралы) қалыптасқаны да белгілі. Мәселен, ол жағдай туралы төмендегі сипаттамалардан айқын байқауға болады. «Орыс ойшылы әрқашан тек әлемді түсінуге тырыспайды, ол ғаламның адамгершілік ұстанымдарын игеруге ұмтылады, және оны игеруге ғана емес, сонымен қатар оған сәйкес өзінің күнделікті болмысын өзгертуге тырысады. Ол шындық пен әділеттілік билік құрған әлемді, яғни «тікенсіз өсетін райхан гүліндей» қалыптастырғысы келді,... әлемді философиялық игеру әрқашан адами кемелденудің тәсілі ретінде қарастырылды» [88, 14 б.]. Орыс халқының әлемді философиялық сипатта бағамдауға, зерделеуге жақындығы әдетте зерттеушілер арасында айтылып жүреді, бірақ олардың осы сипаттамаға қайшы келетін тұстары да аз емес. Сондықтан орыс халқының ұлттық «Менін» анықтауға ат салысқан орыс философтарының пікірлеріне жүгініп көрелік және пікірді түпнұсқалық түрде келтіреміз.

«Орыс философиясы мен тұтастай орыс ойлауы үшін тән нәрсе көрнекті өкілдері адамның рухани өмірін қарапайым құбылыстар әлемінің ерекше саласы, субъективтілік өрісі немесе сыртқы әлемнің жапсырмасы, эпифеномені ретінде ғана қарастырмайды. Керісінше, олар әрқашанда одан кейбір ерекше әлемді, ғарышпен және құдайлық болмыспен өзінің тұңғиығында байланысқан өзіндік шындықты көре білді», – дейді Франк [89, 157 б.]. Христиан дінінің Православие тармағы орыс руханиятының іргетасын құрайтыны белгілі, бірақ Інжілде айтылған «смирение – мойынсұну, покаяние – тәубаға келу» сияқты діни ұғымдар ұлтаралық қатынастар саласында белгілі бір қиындықтар туғанда, әлеуметтік тартыстар мен кикілжіңдер уақытысында ұмытылып кететін кездері де аз емес. Міне, орыс халқының осындай әлсіз қасиеттерін байқаған Н.С.Трубецкой: «Дені сау адам әр уақытта діншіл... дін жеке адамның ғана ісі емес, сонымен қатар халықтың негізгі іс-әрекеті болып қала бермек. Еуразия халқы әр уақытта діншіл» [90] деген пікірін ортаға салады. Еуразия халқы шынымен нағыз діншіл болса, онда ұлттар арасындағы кейбір қайшылықты мәселелер тезірек шешіліп отырылар еді. Бірақ олар солқылдақ діншілдік ретінде өзінің әртүрлі қырларымен этноәлеуметтік ортада көрініс беріп отырады. Сондықтан, орыс халқының ойшылымен пікірталастыра отырып, «бұрын да, қазіргі Еуразия кеңістігі де әзірге шынайы діншілдіктің биігіне шыға қойған жоқ» деген ойдамыз. Себебі нағыз шынайы діншілдіктің ауқымында өзімшілдік пен агрессиялық, маскүнемдік пен бұзақылық сияқты қасиеттер толық жойылуға тиіс болатын. Ал олар болса, калың бұқарада орын алып келе жатқан құбылысқа, өзіндік үдеріске жатады.

Еуразия діни бірлігінің негізі, еуразияшылдардың пікірі бойынша, ортақ дүниетанымдық, «тұрмыстық табынушылық» және еуразияшылдық халықтардың діни сенімінің ерекше күшеюіне тәуелді болып келеді. «Тұрмыстық табынушылық» діни дүниетанымның, материалдық мәдениеттің және тұрмыс құбылысының өзіндік идеологиясы: «Сенім тұрмысқа, тұрмыс сенімге енді, екеуі де тұтас жүйеге тоғысты» деп жазады ойшыл [90, 324 б.]. Азаматтардың әрбіреуі қоғамдағы өзінің әлеуметтік орнына қарамастан бір мәдениетке, бір діни сенімге, бір дүниетанымға, бір тұрмысқа қатысты болды. Бұл, еуразияшылдардың пайымдауынша, шығыстық танымның маңызды ерекшелігі. Ол Петр біріншіге дейінгі Русьтің мәдениетіне де тән құбылыс болатын. Сол кезеңдегі адам діннің ырқына қарап, православиенің парыздарын тұрмыстың негізгі өмірлік ұстанымдары ретінде ұстанды. Ресей – Еуразияның мәдени, рухани бірлік идеологиясын шіркеуден іздеді, өйткені олар үшін шіркеу «жиылыс» (соборность) пен ерікті органикалық бірліктің жүзеге асырылуының негізі ретінде танылды. Олар Еуразия халықтарының рухани бірлікте екендігі туралы қорытындыны толық айтуға болатынын алға тартты [90, 134 б.]. Әрине, талас туғызатын мәселе – рухани бірліктің негізін діни дүниетаным құрайтынын атайтын болсақ, онда еуразиялық кеңістікте православиеден басқа да діни догматтардың орнығып үлгергенін ескерген жөн, яғни христиандарға мұсылман дінімен қатар өмір сүруге болатыны белгілі. Бірақ діни догмалық деңгейдегі шегіністердің орын алуы екіталай.

Еуразияшылдық мәдениет бойында пұтқа табыну нанымдары, мұсылмандық пен буддалық мәдениеттер синтетикалық арақатынаста топтасқан. Көшпенділердің шаманизмге табынған терең ішкі діншілдігінің сипатын бағалай отырып: олар «дүниені әлемдік тәртіп ретінде, онда әр қайсысы анықтаулы құдай сыйлаған өз орнын, парыз немесе міндетіне сәйкес қабылдайды» [90, 301 б.] деп атап көрсетілген тұжырымдардан да, жалпы сенім бейнесінің белгілі бір анықталған деңгейін байқауымызға болады. Осы пікірлерден әрбір діни сенімнің өзіндік орны бар екенін бағалап, оны мойындауға шақыруды байқаймыз. Бірақ еуразияшылдардың бүйрегі негізінен православие діні мен орыс халқының мәдениетіне көбірек ауғанын да аңдай аламыз. Осындай жағдай осы үлкен кеңістікте ұлтаралық қатынастар мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге кейбір кедергілер жасауы да мүмкін. Себебі басқа дүниежүзілік діндердің, оның ішінде исламның Еуразиялық кеңістікте маңыздылығы жоғары, оған сенушілердің қатары күннен күнге көбеюде, сондықтан осы факторды ескермеуге болмайды деген ойдамыз.

Ал, енді көрші Ресейде соңғы уақытта этносаралық қатынастар мәселесі бойынша жүргізілген социологиялық зерттеулерде қоғамдық пікірдің мазмұны негізінде, орыс халқының мемлекет қалыптастырушы рөлін әрі қарай күшейту жөніндегі қорытындылар жасалуда. Бұрыннан жоғарғы мәртебеде тұрған орыс тілі мен мәдениетінің шаңырағы шайқалмағанын қалайды орыс зиялылары да, қарапайым тұрғындар да. Мәселен, Ханты-Мансы автономды округы – Югра өңіріндегі социологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша, респонденттердің көбісі аймақтағы этносаралық қатынастардың шиеленісуінің негізгі себебін «либералды реформалар» мен Ресейдегі негізгі мемлекет қалыптастырушы орыс халқының мүдделеріне нұқсан келуіне алып келген ұлт саясатымен, мемлекеттің босаңсуымен байланыстырады [91, 531 б.].

Қазақстандағы қазақ халқының мемлекет қалыптастырушы мәртебесі туралы пікірлер алуандығы еліміздегі демографиялық жағдайдың өзгеруімен сәйкес өзіндік динамикаға, өзгерістерге ұшырауда. Кезінде (1959 жылы) республиканың демографиялық құрылымындағы үлес салмағы 29 пайызға дейін түсіп кеткен қазақ халқы Қазақстанның мемлекет тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында 40 пайыздан сәл асса, қазіргі кезеңде 67 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл Қазақстан халқының үштен екісі деген сөз, яғни кез-келген саяси және әкімшілік шешімді қабылдауға мүмкіндік беретін кворумдық шама, саяси, әлеуметтік мөлшер болып табылады. Бірақ, этносаралық қатынастар деңгейіндегі мәселелердің шешімін іздегенде құрғақ статистикалық дерек жағынан гөрі, мазмұндық жағына көбірек назар аударып, әрбір этникалық қауымдастықтың мүддесіне нұқсан келтірмеуді мақсат еткен маңызды екені белгілі. Әрине, «арба да сынбасын, өгіз де өлмесін», немесе «қасқыр да тоқ болсын, қой да желінбесін» деген ұстанымдар сырт көзге тиімді, гуманистік түрге ұқсайды, адам құқығын қорғау кестесіне сәйкес келеді. Бірақ әлеуметтік ортадағы ұлт саясатында және этностардың мәдени даму динамикасында қордаланған қайшылықтар кейде кейбір «мәдени құрбандықтар» жасауға итермелейді.

Әсіресе, кеңестік дәуірде осындай этникалық саладағы амалдың жоғынан орын алған «құрбандықтар» көптеген аз санды халықтар үшін тән болып келді. Оның ішінде қазақ халқы да тоталитарлық режимнен біршама рухани және мәдени қыспақтарды көргенін атап өтуге болады. Бірнеше рет әліпбиі ауысқан ұлттық тілдің өзі құрып кету алдында болуы да соның көрінісі. Ал енді тәуелсіз ел болған заманда қазақ тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесін алды. Ол Ата Заң – Конституция деңгейінде бекігеніне де 20 жыл болды. Еліміздегі қазақ зиялыларының бір тобы мемлекеттік тілдің қолдану ауқымының онша кеңеймей отырғанына қынжылады. Мәселен, мемлекеттік тілдің қолдануын үнемі бақылауда ұстау қажеттігін айтатын қозғалыстар мен белсенді азаматтар қоғамда көбею үстінде. Дегенмен, Еуразия ауқымындағы ұлтаралық қатынастар саласындағы мәселелер тек тілдің қызметін өркендетумен шектелмейді, ол көп қырлы, терең мазмұнды. Ол адамдар арасындағы қарапайым тұрмыстық деңгейдегі қатынастардан мемлекеттік деңгейдегі халықаралық қатынастардың үйлесімді өрбуіне дейінгі аралықты қамтиды, мәдени интеграцияның пәрменділігіне тікелей тәуелді.

Жалпы мәдениеттің еуразиялық концепциясының елімізде мойындалуы – халықтар арасында табиғи-геокеңістіктің тұтастығы ғана емес, өзіндік тарихи тағдырластық пен этнопсихологиялық жақындық барлығын нақтылай түседі және сонымен қатар олардың жеке ерекшеліктерінің де мойындалуы тиіс екенін танытады. «Ресейді жетекші, немесе басымдық танытатын ел» деген түсініктің біршама ескіргенін айта кету керек. Супердержавалық менталитет, суперэтностық өзіндік сана паритеттік (теңқұқықтық) қатынастарды дамытуға кедергісін келтірмегені абзал. Жалпы Еуразия халықтарының шын мәніндегі «симфониялық» мәдениетін мойындау қажеттілігіне мән беретін уақыт келді. Симфониялық тұлға – тұтас адам, өмірге қатысты эстетикалық және діни-салтты, рационалды және сезімділіктің бірлігі болып табылады. Әлеуметтік қырдан алғанда органикалық симфониялық тұлға этикалық-діни категориядағы, деңгейдегі халық. Еуразия халқы егер ұлтаралық қатынастар мәдениетін тиісті деңгейге дейін көтере алатын болса, онда нақты симфониялық тұлға дамуының этнологиялық субстраттар қатарында тұра алады.

Еуразияшылдардың саяси идеясы еуразиялық мемлекеттіліктің бейнесін түсінуге бағытталған. Мәдениеттің үстемдігі, жекелік және ұлттық деңгейде тұлғалардың өзін-өзі тануы – ұлтты дамытудың принциптері мен талаптары болып есептелген және еуразиялық өркениеттің идеалдарына сәйкес келеді. Еуразиялық бірлік – еуразияшылдар үшін тарихи, мәдени, тілдік және саяси бірлік үшін қажетті үлгі болды. Міне, сондықтан «бірлік бар жерде тірлік бар» деген қазақтың мақалының орынды қолданылуының Еуразиялық кеңістігі үшін маңыздылығы артып отыр. Көптеген Ресей зерттеушілері еуразияшылдықты Ресейдің автономиялығы мен ерекше өркениеттік миссиясы туралы идеясымен жақындастырады, сөйтіп оның қызметін әспеттей, дәріптей түседі. Ал, енді біздің отандық зерттеушілердің пайымдауынша, Еуразияны өркендету бірегей әлеуметтік-мәдени, этникалық құрылымдарды нығайтумен астасуы қажет екендігімен байланыстырылады және Орталық Азия халқының атқарған тарихи рөліне мән беріп, оның лайықты орнын тарихи санада бағалаудың маңыздылығын күн тәртібіне қояды. Біздің ойымызша, соңғы тұжырымдардың болашағы бар және ол барлық халықтардың мүдделерін ескеретін өркениетті негіздегі көзқарас.

Тарихтағы көрнекті тұлғалар оңашаланған, қарым-қатынас жағынан алғанда шектеулі кеңістікте, қауымдастық ауқымында дүниеге келмейді. Олар көбінесе ұлт өкілінің басқа әлеммен етене байланысқа түскен кезінде пәрменді даму жолына өткенін байқаймыз. Мәселен, қазақстандық философ Г.К.Шалабаева былай дейді: «Шығыстың ұлы ғұламасы, ғаламшар ауқымындағы тұлға Әбу Насыр әл-Фараби кемеңгерлер, шешендер және барлық шайырлар бірге өмір сүретін «ұжымдық қала» туралы жазған кезде көп ұлтты және алуан түрлі мәдени адамзат қоғамдастықтарының басымдығын көре білген. Өзі де бейбіт өмір сүйгіш адам бола отырып, барлық халықтардың бірігу қажеттілігіне, бұл ретте басты шарт ішкі, рухани етенелік, дүниеге ортақ көзқарас, «адами» қасиет болуға тиіс екеніне кәміл сенімді болды. Сондықтан еуразияшылдық ұғымы Батыс пен Шығыстың кереғарлығын еңсеру, оған қоса, олардың үздік өнегелерін қабыстыруға тиіс қабілетіне негізделген қатынастардың тұрпаты ретінде түсінілуге тиіс» [92]. Автордың орынды пайымдауынша, Батысқа да, Шығысқа да өзіндік артықшылық беруге болмайды, яғни «өмірді кейінге қарай тартатын кереғарлық үрдістер екі жақтың да кеңістігінде де кездесуі мүмкін» деген ойды тұжырымдайды. Әрине, алға тартатын күштер болатынын атап өткен жөн. Өйтпесе, қоғамдық өмірде әлеуметтік, саяси күйзелістер белең алып, басымдық танытып кетері де белгілі.

Шынымен де әмбебап үлгі боларлық тұрғыдан алғанда бізге Шығыстық діл мен әлеуметтік-психологиялық құндылықтар, рухани үрдістер жақын. Бірақ Батыстың өзі әлемге талай көрнекті тұлғаларды, керемет ғылыми жаңалықтарды сыйлағанын да жоққа шығаруға болмайды. Шығыс пен Батыстың қиылысында, тоқайласқан жерінде орналасқан халықтар үшін, ұлттардың тағдыры үшін екі жақтың да ықпалы біршама пәрменді болып келгенін айта кетуге болады. Әсіресе, орыс пен қазақ халықтары осы тұрғыдан алғанда ұқсас үрдістерді, мәдени әсерлерді сезініп келгенін мойындау керек. Осы орайда, төмендегі тұжырымдардың өзіндік дәйекті орны бар: «Еуразияшылдық ұғымы рухани ортаның феномені ретінде қазақ және орыс халықтарының тұла бойына, менталитетіне сіңген. Дархандық, кең пейілдік, табиғатпен етенелік, дүниемен жарасымдылық – осы қасиеттердің барлығы еуразиялық идеяға жақын» [92, 52 б.].

Еуразияшылдықтың мемлекеттілік туралы идеясы ұлттық және рухани төзімділікке негізделіп, еуразияшылдар ұлтшылдық және діни табынушылық сұрақтарында еркіндік принципін дәріптейді. Еуразияшылдық концепцияның қалыптасуының басы халықтардың өзін-өзі тануға, өзінің тарихи тағдыры және бірегейлігіне қарай бағытталған қадамдарымен астасып жатады. Еуразияшылдар Ресей – Еуразия «симфониялық» мәдениетін мойындаудан алыстамады. Тарихи тағдырдың ортақтығы негізіндегі Еуразияның бірлігі еуразияшылдар үшін мәдени, тілдік, тарихи және саяси бірліктің үлгісі болып қала берді. Отандық зерттеушілер Еуразияны бірегей әлеуметтік-мәдени тұтастық ретінде қарастырады және Азия халықтарының атқарған тарихи рөліне мән беріп, Л.Н.Гумилевтің идеясын жаңа деңгейде дамыта отырып, еуропалық және басқа өркениетті өзіне қарама-қарсы қоймайды. Сондықтан еуразияшылдық құбылысына назар аудару, оның біршама тұстарын қабылдау шынтуайтына келгенде ешқашанда «өзіміздің ұлттық келбетімізді ұмыту» деген түсініктерді туындатпайды.

Жалпы дүниені ұғынудың, оны философиялық зерделеудің ұлттық типі болатындығы жөнінде көптеген терең тұжырымдар айтылуда. Өзінің терең мағынасы бойынша жалпыадамзаттық құбылыстар болып келетін философия мен ғылымдар, өнер мен діни сенімдер кейде ұлттық болмыстың өзіндік сүзгісінен, елегінен өтеді. Оған таң қалуға болмайды. Осыған орай, кейбір халықтардағы осы мағынадағы ұқсастықтар оларды бір-біріне өзара жақындататыны сөзсіз, ал енді өзіндік сапалы айырмашылықтар кейде ұлтаралық қатынастарды белгілі бір күйзелістер мен қайшылықтарға алып келуі де ғажап емес. Дегенмен, әрбір халықтың өзіндік бірегейлігін сақтау да жалпыадамзаттық мәдениеттің тарихи алуандық, көптүрлілік негіздерін қалыптастыруда, дамытуда маңызды болып келеді.

Сондықтан қазақ халқының әлемдік үлкен кеңістіктегі басқа халықтар сияқты өзіндік мәдени келбеті мен философиялық ойлау жүйесі тарихи маңызды құбылыс екенін атап өту керек. Ол руханияттың маңызды қыры ретінде қалыптасқанын және оның қайталанбас өзіндік ерекшеліктері бар екендігін ескеру қажет. Мәселен, еліміздегі кейбір қоғамтанушы ізденушілердің: «…біз өзімізге этникалық тегіміз жағынан келсек, мың жылдан аса мәдениетіміз, тарихымыз, философиямыз бар халықпыз» [93], – деген тұжырымдарынан қазақ халқының басқа түркі және славян халықтары іспетті әлем туралы образдары мен түсініктерін жүйелі түрде қалыптастырғанын байқаймыз. Мәселе осы рухани байлықты халқымыздың қазіргі замандағы және болашақтағы игілігіне жаратуда болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Еуразиялық ділдің ортақ құндылықтары мамандардың біріге зерттеуінің нысанына айналғаны абзал. Сонда Еуразиялық кеңістіктегі ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастырудың бір маңызды тетігі өз қызметін атқара бастайды. Бұқара халық рухани элитаның, зиялы қауымның зерделі іс-әрекетіне үнемі назар қойып отырады, олардың ықпалы көзге көрінбейтін, менталдық, этнопсихологиялық тінде болып келеді.

Өзінің ұлттық ерекшелігін әрбір этноқауымдастық мәдениеттердің өзара пәрменді әрекеттесу заманында сақтап қалуға тырысуы заңды құбылыс. Онсыз ұлттық келбет жоғалып кетуі де ғажап емес. «Ұлттық өзіндік ерекшелік басқа ұлттармен салыстырғанда ғана түсінікті болады, оны басқаша айқындау мүмкін емес. Ұлтаралық қарым-қатынас болмаса, ұлттық өзіндік ерекшелік өз мәнін жоғалтады. Өзінің ұлтынан айрылған жеке адам ұзақ уақыт бойы өзінің ұлттық қасиетін сақтап қалады. Егер ол сіңісіп кететін болса, бұл процесс кемінде бір ұрпаққа жалғасады» [92, 68 б.]. Бұл жерде айтылып отырылған тұжырымдар қазіргі заманда өзектілігімен көрініс беріп отырған диаспоралық өзіндік сананың ілкі қасиеттері болып отыр. Жалпы әлемде басқа этноәлеуметтік ортаға сіңісіп кеткен этникалық топтар әр түрлі кейіпте өзінің сипатын көрсетіп жүргенін де байқауға болады. Тіптен, әр түрлі елдердегі қазақ диаспорасының өзі жергілікті басымдық танытатын этникалық қауымдастықтармен қатынастарға бара отырып, өзінің этникалық келбетін әртүрлі деңгейде сақтай алғанын атап өтуге болады [94]. Бұл мәселе Еуразиялық кеңістікте өзіндік ғылыми сипаттамаларға ие екендігін және оны қазақстандық мамандар біршама зерттегенін байқаймыз.

Үлкен Еуразиялық кеңістіктің ішіндегі қазақстандық қоғамның, басқа қауымдастықтардағыдай, өзіндік ерекшеліктері мен дәстүрлері бар. Сол ерекше әлеуметтік ортаға ғасырлар бойы үйренісіп кеткен адамға есейген шақта жаңа ортаға үйренісу оңай емес. Әсіресе, жас мөлшері елуден асқан адамдар жаңа тәртіптерді бойына сіңіріп кетуі қиындық келтіреді. Біздің елге көшіп келген қандастарымызға Қазақстан жерінде үйренісу, бейімделу, басқаша айтқанда этникалық адаптациядан өту оңай болмаған сияқты. Елімізден тоқсаныншы жылдары қоныс аударған орыстар мен украиндар, немістер мен гректер үшін тарихи отанына сапар шегу драмалық оқиғаларға толы болды. Қанша дегенмен жастық шағы өткен, барлық өмірдің ыстық, суығын сезіндірген қазақ жері қимас ортаға айналғаны көрініп тұрды. Мәселен, Германия жеріне қоныс аударған неміс халқының көп болмаса да кейбір өкілдерінің қазақ жеріне қайта оралғанына да куә болудамыз. Өкінішке орай, Отанымызға оралған қазақ оралмандарының, яғни репатрианттардың арасында кейбір қандастарымыз Моңғолия мен кейбір басқа елдерге қайтып көшіп кету деректері де некен-саяқ болса да кездесіп тұрады. Осылардың барлығы әлеуметтік болмыстағы кездейсоқ құбылыстар емес. Өйткені, адамның белгілі бір әлеуметтік жаңа ортаға, табиғатқа, дәстүрлер ережесіне, саяси тәртіпке ерекше бейімделіп кетуінің оңай емес екендігін білдіреді.

Еуразиялық кеңістіктің ішкі этникалық бірлігін қалыптастырып тұрған процестердің қатарына саясаткерлер халықтар достығы, орнықты ұлт саясаты екендігіне сендіріп келгені белгілі. Ондай саясат кезінде социализм ұстанымдарына сәйкес мағынада жүргізілгені де түсінікті Бірақ Кеңес одағының ыдырауы бұл саясаттың біршама осал жақтарын да көрсетіп берді. «Шөлмектен шыққан жындай» болып бұрынғы кеңестік мемлекеттер территориясында ұлтаралық қатынастар саласында қазіргі таңда көптеген теріс мағынадағы әрекеттердің көрініс беріп жатқанын да байқаймыз. Өткен ғасырдың аяғында бұл үрдіс біршама елдерді шарпып өтті. 1986 жылдың желтоқсан оқиғалары осы кеңестік ұлт саясатының теріс мағынадағы көрінісі еді. Бұл процестер кезінде ұлттар арасында шендесу, текетірестік, полярлы арақашықтықты орнатуға әкелетін үрдістер болып табылды және ол этносаралық сиысушылықты шиеленістіретін, асқындыратын үрдіс екенін де атап өтуге болады. Сондықтан Еуразиялық кеңістік өзінің мәдени және рухани мағынадағы тарих алдындағы міндетін жоғары деңгейде атқаруы үшін, сол үлкен территориядағы адамдардың өміріне барынша қолайлы болуы керек. Демек, ол әрбір азаматқа нағыз бақытты өмір сүрудің мекеніне айналуы үшін ұлтаралық диалогтың барлық қырларын, тетіктерін іске қосуы тиіс екендігін, көпэтносты ортадағы ұлтаралық сыйысушылықтың құндылығын дәріптеудің барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек екенін айта кеткен жөн. Міне, осындай бір қарағанда қарапайым мағынадағы адамаралық қатынастардың шынайы байыбына барған ел ғана өз болашағын қазіргі тарихи кезеңде оңды, үйлесімді қалыптастыра бастайды және ол өзін әлемге қарама-қайшы қоюдан сақтап, керісінше, көп қауымдастықтар арасында конструктивті өзара диалогтың қажеттілігін тани алады.

Еуразиялық кеңістіктегі ұлтаралық қатынастардың өзіндік сипаттамасын беру барысында орыс халқының, оның мәдениетінің орны ерекше екенін атап өтуге болады. Сондықтан орыстардың тарихта атқаратын рөлі туралы ойлардың ішінен Н.Бердяевтың ХХ ғасырдың басында айтып кеткен тұжырымдарына тоқталатын болсақ, онда ол белгілі бір деңгейдегі позицияларды байқататынын аңғаруға болады. Н.Бердяевтің пайымдауынша, «орыс идеясы» дін мен мәдениеттердің өзара бірлігі мен түсіністігіне қызмет етіп, орыстар болса өзара байланыстырушы және топтастырушы функцияны атқаруы тиіс. «Шығыс пен Батыстың арасындағы дәнекерші орынды алған Ресей адамзатты бірлікке алып келуде ұлы рөлді атқаруы тиіс. ...Мессиандық сана ұлтшылдық сана емес. ... Бұл әмбебап сана» [95],- деп атап көрсетеді орыс ойшылы. Әрине, адамзаттың біртұтас организмдей бірігуі жылдам жүзеге аса қоятын оңай дүние емес. Адамзатты топтастырушы бағыттағы осындай күрделі де маңызды қызметті атқарудың мүмкіндіктерін негізінен орыс халқының бойынан табуға тырысуы Н.Бердяевтің өз халқын өте жақсы көруінен деген тұжырымды айтып кетуге болады. Жалпы мәдениеттердің Еуразиялық кеңістіктегі ықпалдасуында орыс мәдениетінің, орыс тілінің ерекше рөл атқарғаны және атқаратыны анық. Дегенмен, бұл процесте бір халықты ортаға қойғаннан гөрі әрбір халықтың өзіндік тарихи миссиясы, орны, мәдени тұғыры бар екенін мойындаған жөндірек іспетті, яғни «көптүрліліктің бірлігі» ұстанымын қолдау орынды деп ойлауға болады.

ХХI ғасырдың басындағы Ресейдегі орыс зерттеушілері орыс халқының Еуразиялық кеңістіктегі әмбебап және мессиандық рөлінен гөрі теңқұқықты сұхбатқа дайындығы туралы мәселелерді қозғайды. Мәселен, А.Давыдов халықтарды өзара түсіністікке шақыратын төмендегідей тұжырымдарын ортаға салады: «Ұлтаралық қарым-қатынастар туралы, әсіресе әртүрлі мәдениеттердің сұхбаты жайлы айтатын болсақ, онда айтушы әртүрлі мәселелер бойынша өзінің позициясын зерделеу барысында мәселені оппонет тұрғысынан бағалауға тырысады және содан соң өзінің пікірін анықтайды. Осындай ойлаудағы қарама-қайшылықтардың өзара сұхбаттағы абсолютті теңдік презумпциясын білдіреді. Теңдік презумпциясы ең басты нәрсені – екі жақтың сұхбаттылығын туындатады және өнімді синтездің қалыптасуына мүмкіндіктер жасайды. Біз орыстар қазақтармен, грузиндермен, әзірбайжандармен және басқа біздің көршілерімізбен қандай тілмен сөйлейтіндігіміз және мүмкін деген мәдениеттер сұхбатындағы еуразиялық қарым-қатынастың логикасы мен тілі қандай болуы тиіс екенін конгресте түсініп алуымыз өте-мөте маңызды» [96].

Жоғарыдағы тұжырымдардан ғалымның нағыз өркениеттілік деңгейдегі қарым-қатынастың үлгісін отандастарына ұсынғанын байқаймыз. Осындай көзқарасқа келудің өзі нағыз зиялылықтың үлгісі. Диалогқа қатысушы субъектілердің біреуі жетілген, әмбебап, жоғарғы деңгейдегі мәдениеттің өкілі, ал екіншісі кенжелеу мәдениеттің өкілі, «ол басқадан үйренуге тиісті» деген таптаурындық түсініктер басымдық танытатын болса, онда ешқандай теңдігі, өзара сыйластығы сақталған үйлесімді қатынастардың өрбуі мүмкін емес. Бір мәдениеттің екіншісінен кейбір артықшылығы бар екендігі үнемі алға тартылып тұрады. Артықшылықтың әртүрлі өлшемі болады. Сондықтан әрбір мәдениет тасымалдаушыларының осы бір дүниетанымдық іргетастағы қайшылықтарды тұлғалық деңгейде жеңбейінше шынайы диалог орнамайды, адамдар арасында үстірт жіктелу жалғаса береді.

Алайда ресейлік зерттеушілер ішінде асыра сілтеуші түсініктер де кездеседі. Мәселен, А.Дугиннің «Основы геополитики» еңбегінде төмендегідей тұжырымдар пайымдалған: «Орыс халқының жүйелі тарихи қауымын империяны құрушы, континентті жинаушы ретінде қабылдау керек. Орыстар тек жаңа империяның шеңберінде қалады. Бұл империя геосаяси логикада осы ретте алда өткен империялардан стратегиялық және кеңістіктігі жағынан асып түсуі қажет. Осыдан туындайтыны, Жаңа империя еуразиялық, ұлыконтинентальді, ал болашақта - Әлемдік деңгейде бола түседі» [97]. Өзінің ойында сонымен қатар дүниетанымның ерекше «орыстық» типі, яғни автор: «Дүниежүзі тарихында соңғы сөзді өз жағына тартып, эсхатологияға бағытталған», – деген ойды жеткізеді [97, 191 б.]. Дегенмен, Еуразиялық кеңістіктегі «еуразиялық идея» бір халықтың ғана мүддесінің шеңберінде топтаспауы керек, бір ғана халықтың мүддесін үстем етпеуі тиіс, ол заманауи талаптарға сәйкес барлық халықтардың дамуына бірдей мүмкіндік тудыруымен жасампаз сипатта болуы шарт. Сонда ғана «еуразиялық идеясы» үлкен аймақтағы ұлттар арасындағы өзара қарым-қатынасарды үйлесімдендіре алатын рухани күшке айналады.

Қазақстандық философ Амангелді Айталының пайымдауынша: «...Еуразия идеясымен әртүрлі ниет-пиғылдар байланыстырылады. Мысалы, орыс философы А.Дугиннің еуразияшылдығы қатерлі. Ол орыс интеллектуалдарының арасында үлкен беделге ие. Қазақстанға да келіп жүрген белсенді ғалым. Фашизм теориясын зерттеуші неміс философы А.Умланд оны фашизмнің орыс филиалының жетекшісіне теңейді. Ресейдің болашақ жаңаруын А.Дугин, оның теориясын кеңейтіп Кеңес Одағынан да зор Еуразиялық супердержаваға айналуымен байланыстырады. Ол үшін бүгін ТМД елдерін орыс тілі, экономикасы, ақпаратының ықпалында ұстау, Ресейде көршілерден көбірек мамандар дайындап, оларды бірте-бірте біртұтас еуразиялық мемлекетке бейімдеу саясаты жүзеге асырылуда. А.Дугин гитлеризмді фашизмнің қолайсыз түрі деп сынап, жалпы фашизмді қолдайтынын жасырмайды (“Вопросы философии”, 2006 ж. №2, 13-бет, №12,75-81-беттер). Супердержаваға бірінші болып енетін орыс тілді Қазақстан деп есептейтіндер аз емес» [98].

Жоғарыдағы сыни талдаулардан қоғамдық санадағы біршама қайшылықты үрдістерді байқаймыз. Олардың тек көрші Ресей жерінде ғана емес, сонымен қатар Қазақстан аумағында да байқаларына күмән келтіруге болмайды. Ол ашық түрде болмаса да, латентті кейіпте, жасырын түрінде деструктивті идеяларға жақындық таныту қадамдары бар екенін болжамдап келтіруге болады. Жалпы Еуразиялық идеяның ең негізгі гуманистік жетекші принципін басымдылықта ұстау міндеті әрбір мәдени субъект үшін алда тұрғаны белгілі. Сонымен қатар бұл мәселе әрбір ұлттың рухани жетілу мәселесімен астасып жатады. Оны жоққа шығару өз кезегінде нигилистік ұстанымдарға жетелейді, фашизмді қолдауға дейін алып баруы ықтимал. Ол мәдениеттердің тең құқылы әрекеттесіп, сұхбаттасып кетуіне мүмкіндік жасайды, кейбір маргиналдық жағдайға түсіп кетпеуге негіз болады.

Жалпы рухани кемелденудің жолына түспей ұлттың өзіндік этностық төлтумалығы, тарих сахнасындағы өзіндік келбеті қалыптаспайды. Мемлекеттің өркениетті даму жолын таңдауы да осындай құндылықтар жүйесін сараптаудан өткізумен байланысты. Жалпы рухани мәдениеттің өзіндік іргетасы қоғамдық болмыста пәрменді түрде қаланғаны абзал. Мәдениеттер арасындағы өзара ықпалдасу мен кірігу әрбір этникалық мәдениеттің өзіндік рухани иммунитетін күшейту мәселесімен де астасады. Сондықтан қазіргі жаһандану заманында этносаралық қарым-қатынастардағы төзімділік, яғни олардың өзара мәмілеге келуі өзектеніп жатқанын жасыруға болмайды. Төзімділіктің оң мағынасындағы биік деңгейі халықтарды бір-біріне жақындатуға, мәдениеттерді ықпалдастыруға қызмет ететіні белгілі. Осындай конструктивті сипаты бар әрекет қана Еуразиялық кеңістікте өрбігені шын мәнінде барлық тарихи субъектілер үшін тиімді болары анық.

Еуразиялық елдердің ынтымақтастығы негізінен экономикалық және экологиялық салаларда өз даму жолын үдету мақсатында қажетті. Ол ортақ мәселелерді біріге шешімін табу бағдарында өз жемісін береді және серіктестік саясатын дамыта алады деп үміттенуге болады. Біріктіруші экономикалық қызығушылықтар Еуропа мен Азия елдерінің энерго - ресурстарын тасымалдауда туындай алады. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың Еуразия елдерінің ортақ экономикалық кеңістік шеңберіндегі ынтымақтастығы туралы берілген идеясы практикалық саясатта өз орнын иемдене бастады. Экологиялық жобалардың жүзеге асуы және оларды практика саласына енгізу Еуразия елдерінің біріккен жігерін талап етеді. Еуразияның геосаяси қызығушылықтарын қамтамасыз ете алатын ұжымдық қауіпсіздіктің заманауи жүйесін жасау - қазіргі заман күн тәртібіне қойылып отырылған көкейкесті мәселелердің қатарына жатады.

Осы жоғарыда айтылған жайттар ұлт мәселесі тұрғысынан алғанда өзіндік маңыздылыққа ие болады. Аймақтық және еларалық мүдделермен қатар әрбір ұлттың өзіндік қауымдастық деңгейіндегі мүдделері бар екенін ескерген жөн екенін біршама мамандар атап өтеді. Мәселен, еуразияшылдық идеясының төмендегідей сипатталуына тоқтала кетелік. «Еуразияшылдық идеясы ұлттық мәдениеттер дамуының маңыздылығын, әрбір халық пен ұлттың бірегейлігін және қайталанбастығын атап өтеді және біртұтас өркениет ауқымына көптеген ұлттар мәдениетінің тоғысқаны көптүрліліктің бірлігін қамтамасыз етеді. Еуразияшылдық халықтың өміріндегі дербес жоғарғы ұлттық идеяның рөлін және өзіндік ұқсамайтын дамуды қолдап отырады» [99]. Сөйтіп, көрші елдегі қырғызстандық маман Э.А.Таджибаев еуразияшылдықтан барынша оң мағынаны іздеуге шақырады және ұлттар арасындағы қатынаста барлығымыз да рухани бірлікке ұмтылып, бірте-бірте рухани өзара баюға кенелетінімізге сенім білдіреді. Әрине, автордың ғылыми концепциясы еліміздегі еуразиялық идеясы туралы ой-тұжырымдарға біршама сәйкес келеді.

Дегенмен, еуразиялық жобалардың абстракциялық деңгейде қалмауы үшін, осы үлкен кеңістікте орын алған нақты мемлекеттер құқықтық деңгейде басқа мәдениет өкілдерінің мүдделерін қорғауға ұмтылуы тиіс. Әйтпесе, Мәскеуге баруға басқа елдер жастары бозбала басбұзарлар – скиндхеттерден қауіптенсе, Ыстық көл маңында демалуға қырғыз жастарының криминалды әрекеттері кедергі келтіретін болса, онда еуразияшылдық идеясы тек саяси деңгейдегі қарым-қатынастар шамасын қамтиды, ал адамаралық қатынастар деңгейіндегі мәдени интеграция өрбімейтіні анық. Әрбір идеологиялық қадам міндетті түрде құқықтық деңгейде өзінің бекітпесін алғаны тиімді. Сонда ұлттар арасындағы қатынастар біршама үйлесімдене түседі.

Қазіргі тарихи кезеңде жаһанданудың талабына сәйкес заманауи өзгерістер болып жатқаны белгілі. Қазақстандық бірегейлену мәселесі әлеуметтік кеңістікте өзекті екені де анық. Жалпы жаһандану процестерінің қазіргі заманда пәрменді жүруіне ақпараттар ағынының барынша кең қанат жая бастауы өзіндік ерекше орын алады. Ақпараттар әртүрлі БАҚ арқылы дүниежүзінің кез-келген бұрышына жылдам жетіп баратынына қазіргі заманның өкілі барынша әдеттенген, үйренген, жаңалықты қабылдау мен тарату оған үйреншікті дүние болып отыр. Сондықтан заманауилықтың өзіндік келбетін білдіретін, жаһанданудың ішкі құрылымын топтастырып, қалыптастырушы фактор, оның әлеуметтік болмыстағы қызметтерін жүзеге асырушы осы ақпараттар құбылысы.

Қазіргі заманда кез-келген этноақпараттық кеңістік ғаламдық, яғни жаһандық үрдістердің заңдылығына, оның барынша пәрменді екпініне бағынуына мәжбүр болады. Әрбір этникалық мәдениет өзінің дәстүрлі құндылықтары мен мүдделерін барынша қорғауға, сақтауға тырысқанмен, бірақ оның өзі объективті процестермен санасуға мәжбүр. Онсыз ол жалпы ғаламдық мәдениеттердің, өркениеттердің өзара байланыстар жүйесінен, кірігу, ықпалдасу процестерінен алшақтап кетеді. Ал енді саналы түрде әлемдік ақпараттар жүйесінен оқшаулану геосаяси процестердің барынша бұқаралық мәдениет сипатына ауысуына, немесе авторитарлануына, экономиканың әлемдік үрдістердің динамикасына тәуелді болуына алып келетіні де анық. Міне, сондықтан осындай жағдайлар мен құбылыстар, яғни ғаламдық деңгейдегі соны ақпараттарға, жасампаз ұлттық идеяларға деген зәрулік біздің елдің ақпараттар кеңістігінде де көрініс береді.

Дегенмен, біздің елдің бірнеше ғасырлар бойы Еуразиялық кеңістіктегі ақпараттар ағынының ауқымында болуы бұл деректі біршама жұмсарта түседі. Демек, халқымыздың менталитеті мен құндылықтар жүйесі еуразиялық ұстындарға бейімделіп, тарихи қалыптасқан деуге болады. Дәстүрлі Еуразиялық доктринада мәдениетаралық қатынастардың өрбуі және мәдениеттер арасындағы шекара мәселелері қойылды. Осы қатынастарды да, шекараларды да анықтайтын ақпараттардың мазмұны, ал кез-келген ақпараттың бейтарап күйде болатын сипатына идеологиялық ұстанымдар көптеген түзетпелер жасайды. Сондықтан еуразиялық кеңістіктегі ақпарат, не осы еуразиялық бірегейлікті орнықтыра түседі, не оның барынша ыдырап, орнына басқа бірегейліктің типтерінің күшеюіне түрткі болады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еуразиялық бірегейленудің біршама щаңырағы шайқалғаны да белгілі. Дегенмен, этноәлеуметтік кеңістікте бірте-бірте зерделі пайымдаулардың нәтижесінде еуразиялық бірегейлікке деген сұраныс қайта жанданды. Бірақ оның кейпі бұрынғы нұсқалармен салыстырғанда біршама өзгерген болатын. Енді бұрынғы иерархиялық, субординациялық, тең емес қатынастардың орнына тең құқықтылықты дәріптейтін, демократиялық құқықтарды қорғайтын, этносаралық қатынастарда өзара паритеттік, теңқұқықты қатынастарды бекітетін жаңа заманға сәйкес келетін жаңашыл, өркениетті сипаттағы бірегейленудің қажеттігі түсініле бастады.

Жалпы Еуразияшылдық идеясы – үлкен еуразиялық құрлықтың саяси-мәдени кеңістігінде нақты бірлесіп, серіктесіп жұмыс жасау мен қызметтесуді іздеу мен жүзеге асыру аясында өнімді нәтижелер береді. Қалғанының бәрі құрғақ сөз болып қалуы мүмкін. Адами және әлеуметтік – мәдени әлемнің алуан түрлілігі – бұл құндылық, олардың өзара ұғынысуы қоғам ішінде өтеді және олардың тұрмысын өзгертіп, толықтырып және өмірлік кеңістіктерін кеңейте отырып, қоғамның өмірге беріктігін анықтаймыз. Еуразия – гетерогенді географиялық және әлеуметтік кеңістік, онда олардың автономды мәдени субъектілері үзілмейтін коммуникация процесінде тек қана өз қалауымен емес, сонымен бірге табиғат пен тарихтың ырқымен болады. «Адамзат – ол организм, оның тіршілігі мен даму бағыты үшін ондағы тұлғалардың өзіндік әрқилы дара бірегейлігінің дамуы мен тірлігі қажет. Бірақ адамзаттың ауыз бірлігі үшін, ол шіркеуге жақын тірлік етуі үшін, сол тұлғалардың өз-өзін бекіткен және өзін ұсына білуге негізделген үздіксіз өзара іс-әрекеті қажет», – деген орыстың гуманист ойшылы Л.П.Карсавин кезінде қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың маңыздылығын атап көрсетіп кеткен болатын [100]. Әрине, әлеуметтік қатынастардың бел ортасында ұлтаралық қатынастар орналасады. Сондықтан кез-келген өзара іс-әрекеттер туралы сөз қозғағанда басқа ұлттың өкілімен арадағы қатынастарды айналып өтуге болмайды және оны екінші қатарлы мәселе деп ысырып қою да қателік болар еді.

Осындай әрдайым көрініс беріп отыратын әлеуметтік ортадағы өзара іс-әрекеттестік қарым-қатынастардың шын мәнінде сұхбаттық теңдік пен өзара түсіністікке арқа сүйегені маңызды. Онсыз адамаралық қатынастардағы әлеуметтік және саяси теңсіздіктермен ауытқулардың орнауы, кейбір келеңсіз жағдайлардың туындауы да ғажап емес. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейінгі оның азаматтарының этникалық бірегейленуі бойынша кейбір мамандар проблемалық мәселелер қойып, төмендегідей өздерінің пайымдауларын білдіреді: «...неге кешегі КСРО қирағаннан кейін интернационализм ұстанымдары мен жалпыадамзаттық отансүйгіштікте тәрбиеленген кеңес азаматтарының бірталайы бір сәтте реликті этноұлтшыл-дыққа қарай бұрылып кетті» ,– дейді О.М.Кондратова [101].

Осы жоғарыда қойылған дүниетанымдық және заманауи проблемалық сауалға зерттеуші А.И.Вдовиннің дәйектемелеріне көңіл қоя отырып, оның жауаптарына назар аударуға болады. «Бұндай динамиканы төмендегідей қисындармен түсіндіруге болады: Кеңес Одағы азаматының топтық бірегейлену құрылымы о бастан екі қырлы болып келген. Ол қатарынан екі қауымдастыққа енген – өз халқына (ұлтына) және азаматтық қоғамға (адамдардың ұлттық мемлекеттік қауымдастығына)» [102] – деген қорытындыға келеді. Міне, сондықтан тәуелсіз республикалардың саяси сахнада анықтала бастауымен бірге этникалық бірегейленудің маңызы артып, бұрынғы бір үлкен қауымдастықтағы халық өзінің жеке этноәлеуметтік дүниесінің мүддесін өзектендіре бастайды. Жаңа дәуір жаңа құндылықтарды алға тартты. Бұл кездейсоқ әлеуметтік және саяси құбылыс емес болатын, оны халықтар ежелден аңсады және соған ұмтылды. Әрине, ұлт мәселесінің шешімін іздеймін деп сыңаржақ ұлтшылдыққа қарай бағытталу жөнді үрдіске жатпайды, ол да қоғамдағы кейбір дағдарысты жағдайды білдіретін дерек.

Қазақстанның бірқатар аймақтарында Кеңес Үкіметі дәуірінде қалыптасқан орыс тілді мәдениеттің, орыс тілді ақпараттар жүйесінің үстемдігі әлі күнге дейін айқын байқалады және тұрғындардың көпшілігі оны психологиялық, ақпараттық деңгейде мойындайды, оған ділдік сипатта көндігіп те кеткен, оны қолайлы фактор деп қарастырады. Демек, ондаған жылдар бойы жүргізілген сыңаржақты ұлт саясатының салқыны әлі күнге дейін байқалады, санаға әбден сіңіп кеткені сезіледі. Себебі, этникалық болмыстағы ақпараттар жүйесі алдымен біркелкі ұлттық тілде, ділде қорытылып, өзгертулерден, түзетпелерден өтуі тиіс, ол бірақ толықтай өтпейді, көбіне орыс тілді нұсқа басымдық танытады. Дегенмен, көп этностың өкілдері тұратын Еуразиялық елде, шынтуайтына келгенде, барлық мүдделер ескерілетін ерекше тұрғыдағы әмбебап ұстанымдар анықталуы керек болды [103]. Онсыз Еуразиялық елдің кеңістігі ішкі қайшылықтарға тап болады, оны шешудің жолы әлдеқайда қиынырақ болуы мүмкін.

Жалпы, Еуразиялық кеңістіктің өзіндік құрылымы мен құндылықтық бағдарлары біршама тарихи терең астарлардан, кіші жаһандық процестерді аңғартқан тарихи негіздерден бастау алады. Міне, осы іргелі тарихты игеру қазіргі жас ұрпақтың еншісінде деген ойдамыз [104]. Оның орыс тілінде жүргізілуі де тарихи шындық және ол үшін осы жетекші рөл атқарған этностың бойынан бірыңғай кемшіліктерді іздеумен айналысу өнімді нәтижелер бермейтіндігі де белгілі. Оның орнына әрбір халықтың тарихи қалыптасқан этнолингвистикасына жете мән беру, оны дамыту халықтың қадірін арттырады, басқа мәдениеттермен лайықты деңгейде өзара интеграцияға бойлауға мүмкіндіктер ашады [105].

Ұлтаралық қатынастарда, өзара байланыстарда кейбір қатып қалған қасаңдыққа жетелейтін таптаурындық ұйғарымдар этникалық қауымдастықтардың құндылықтық әлемін бағалауда әрқашанда сыңаржақты сипаттамалармен шектелетінін атап өтуге болады. Осыған орай, тарихтың күрделі сынағынан кез-келген этникалық қауымдастықтың сүрінбей өтуі үшін, алдымен құндылықтар жүйесін заманауи талаптарға сәйкес жаңаша жүйелеп, әлеуметтік субъектіге тән нақты ақпараттар кеңістігінде, өркениеттік пәрменділік заманында ұтымды, нәтижелі өмір сүруге тырысуы қажет болады. Дәстүрлі қатынастардың өзі белгілі бір жаңғыруға ұшырайды, міне осы фактор қоғам дамыған сайын әрдайым маңызды бола түседі, дәстүрдің жаңаруы заман талабына айналады.

Сонымен, ұлтаралық қатынастар ауқымы әруақытта күрделі қатынастар өрісіне жатады. Оған бір жақты бағалау беруге болмайды және ол көптеген терең мағыналы қырларды қамтитын, нәзік пернелерден тұратын құбылыс болып табылады. Бұл тарауда барлық елдерде ұлтаралық қатынастар мәдениетінің маңыздылығы мойындалады және оны қазақстандық қоғам шындығында айғақтай түсу үшін диссертациялық зерттеуде теориялық мағынадағы тұжырымдар талданды және осы қатынастар кеңістігінде негізгі тарихи субъектілік рөлді атқаратын халықтың мәдени-философиялық сипатамасын берген орынды деп саналынды.

Зерттеу жұмысының екінші бөлімінде негізінен осы күрделі мәселенің төңірегінде қалыптасқан және осы қатынастардан туындап отырған өзекті практикалық проблемалардың жиынтығы, одан өрбитін еліміздегі ұлт саясатының бағыты мен үдерісі құндылықтық сараптаудан, мәдени-философиялық тұрғыда талдаудан өткізіледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет