Аймбетова улбосын утегеновна


Тәуелсіз Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар мәдениеті дамуының кезеңдері, қозғаушы күштері өзіндік ерекшеліктері



бет6/9
Дата25.02.2016
өлшемі1.09 Mb.
#23418
1   2   3   4   5   6   7   8   9

2.2 Тәуелсіз Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар мәдениеті дамуының кезеңдері, қозғаушы күштері өзіндік ерекшеліктері
Қазіргі Қазақстан жағдайында этносаралық қатынастарды үйлесімді мағынада өрбіту қажеттілігі бар екені даусыз. Тек оны басқа этникалық мәдениет үлгілерінен Қазақстанның негізгі бірегей ұлты – қазақтардың этникалық құндылықтар әлемін жасанды оқшаулауға болмайды. Тек қана еліміздегі басқа этнос қауымдастықтарды этномәдени кеңістігіне барынша жақындату арқылы ұлт саясатын жүргізу керек екенін ескертуге болады. Сонымен қатар қазақ тілді мәдени кеңістікке басқа халықтардың мәдени жетістіктері мен ерекшеліктері туралы да толыққанды мағлұматтар қажет. Қазақстандық СТВ каналы «Ұлт және ұрпақ» рубрикалы хабары арқылы елімізде өмір сүретін әр қилы этникалық топтар жайлы ақпарат таратумен айналысады, бұл хабарда негізінен өнер саласы жайлы мәліметтер болғанымен, жалпы әр түрлі этнос өкілдерінің өмір салты, қарапайым тіршілігі туралы дүниетанымдық ақпарлар айтылады.

Біздің пайымдауымызша, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары осылай мәдениеттер арасындағы жақын болудың өзіндік үлгілерін насихаттаумен айналысуы тиіс. Жалпы кез-келген әлемдегі ұлттық мәдениетте жалпыадамзаттық құндылықтардың тасымалдаушысы, хабаршысы болатындай қасиеттер табылады, себебі әрбір қауымдастықта өзіндік төлтумалық ерекшеліктермен бірге басқалармен өзара біріктіруші нағыз мәдени антропологиялық ортақ сипаттамалар да кездеседі, олар имманентті түрде көптеген этникалық мағыналарда түзілген.

Қазақ халқы өзінің тарихи қордалаған мәдени құндылықтарын түсініп игеру арқылы жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесіне барынша қомақты үлес қосады. Осындай әрекеттер өзара түсіністікке негіз болатын әрекеттерді туындатады. Өзара дүниетанымдық бағдарлар мен құндылықтар әлемі сәйкес келген жағдайда ғана жалпы еліміздің мәдени кеңістігінде этносаралық мәдени синтезге, өзара сиысушылыққа, өзара ықпалдасуға негіздер қаланатыны кейбір ғылыми зерттеулерде атап өтіледі [117].

Сонымен қатар, Қазақстан халқының дініне, діліне, тіліне қарамай іштей біртұтас қоғамдық құрылым болуға қарай топтасуы (консолидация) үрдісінің табысты болуы, оның болашағы – дүниетанымындағы құндылықтар векторының және оның бағдарының ұтымды нұсқада таңдалуына байланысты екені айтылады.

Елімізде этносаралық қатынастардың өзіндік нұсқасы қалыптасып келе жатқаны туралы идеялар біршама зерттеулерде айтылуда. Әрине, әрбір елдің өзіндік ерекшеліктері болады. Соның бір дәлелі ретінде ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институты мен гуманитарлық зерттеулер Орталығы 2007 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қазақстанның төрт өңірі мен Астана және Алматы қалаларында өткізген социологиялық зерттеулері келтіріледі. Бұл зерттеуге әртүрлі ұлт өкілдерінің ішінен 1150 респондент таңдалып, еліміздің этнодемографиялық құрылымына сәйкес таңдау бойынша сауалнама жүргізілген. «Сіз тұратын елді-мекендегі этникалық топтар арасындағы қатынастарды қалай бағалайсыз?» деген сауалға қазақтардың ішінен 53,3 пайызы «негізінен қолайлы» деп жауап берсе, орыстардың арасында осылай жауап бергендер 56,5 пайызды құрайды, ал енді басқа этникалық топтар, тіптен 60,9 пайызды көрсеткен. Ал енді «қолайлы» деген жауапты қазақтар – 32,8, орыстар – 28,8, басқалар – 27,3 пайызды көрсетіп, «қолайсыз» деп шешімді жауап бергендердің саны төмен көрсеткішті байқатады, ол қазақтарда – 1,9 пайыз, орыстарда – 5,8, басқаларда – 3,1 пайызды құрайды. Осылардан қалғандары жауап беру барысында жауап таба алмай қиналғандарды құрайды екен [118].

Жоғарыдағы социологиялық зерттеулердің нәтижелеріне сүйенетін болсақ, онда еліміздегі барлық этникалық топтар арасындағы өзара қарым-қатынастар біршама толерантты, үйлесімді деңгейде, тек қана қазақтар ғана емес, сонымен қатар басқа ұлт өкілдері де ұлтаралық қатынас саласында қолайлы жағдайлар түзелгенін және соларды сақтай білу қажеттілігіне өздерінің жауаптарымен шақырады. Әрине, осындай жағдайға қол жеткізудегі субъективті фактор ретінде Үкіметіміздің ұлт саясаты саласындағы бағытының дұрыстығын атауға болады. Сонымен қатар қазақ халқының дәстүрлі кеңпейілділігі, ашықтығы, төзімділігі, әлеуметтік психологиясындағы мәмілеге келуге үйірсектігі де маңызды болу керек деген ойдамыз. Тек осы қасиеттерінің девальвацияға ұшырамауын қадағалау керек. Өйткені, кезінде Кеңес үкіметіне қарсы отызыншы жылдары бірнеше ұлт-азаттық қозғалыстарға барған халықтың түпкі санасында еркіндікке деген ұмтылыс бар екенін де жоққа шығармау керек.

Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы жолын этноәлеуметтік кезеңдеудің бірнеше нұсқасын гуманитарлық салада кездестіруге болады. Солардың ішінде қазақстандық зерттеуші Ә.Н.Нысанбаевтың позициясына тоқтала кетелік. Ол өзінің кейбір үзінділері «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына енген «Қазақстанның тәуелсіздігіне 15 жыл: жаңа қоғамдық сананың қалыптасуы деген еңбегінде төмендегідей жәйттер жөнінде ойлар қозғайды. Автор: «Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік жолдары кездесетін еуразиялық держава ретіндегі Қазақстанның ерекшелігін өркениеттік кеңістікте қалай сақтауға болады?» деген проблемалық мәселені алға тарта отырып, осындай күрделі сұрақтарға жауаптар этникалық мәселелерді шешу тәсілдерімен анықталып, астасып жататындығына тоқталады.

Қоғамдық ғылымдарда мәселенің шешімін табудың бірнеше варианттары мен сценарийлері болғаны және олардың барлығы қоғамдық сана деңгейінде ұсынылғаны тұжырымдалады. «Бірінші жауап қазақтың ұлттық санасының жоғары биіктеуімен байланыстырылды. Халықтың тарихи жадын құртуға немесе жоюға болмайтындығын растайтығын туған елдің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылық күшейе түсті. Бірақ бұл тарихи жағынан алғанда заңды және ақтауға тұрарлық көңіл-күй бірақтан этнократиялық бағыттағы үрдістерді өрбітті. 1993 жылдың Конституциясы өзінің алғашқы позицияларында этнократизм идеологиясын бекіткен еді. Оған жауап ретінде орыс тілді тұрғындардың жаппай миграциясы басталды. Этникалық орыстар – Ресейге, этникалық немістер – Германияға көше бастады. Қазақстаннан кеткен адамдар негізінен жоғары білімдері бар білікті мамандар болатын. Осының нәтижесінде Республика тұрғындары бір миллионға қысқарып, экономика еңбекке жарамды кадрлардан айрылды» [119] деген ойды ғалым пайымдайды.

Жоғарыдағы айтылған пікірдің бірінші бөлігімен толық келісуге болады. Өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізген қауымдастықтардың барлығы өз тарихы мен мәдениетіне түбегейлі бетбұрыс жасап, барынша шынайы сипаттағы шындықты, мәселенің ақиқатын табуға талаптануы заңды құбылыс болатын. Ал, енді екінші бөлігін құрайтын «Қазақстан білікті мамандардан, кадрлардан айрылды» деген тұжырымға келетін болсақ, онымен біршама пікірталастыруға болады. Себебі, «кадрлар басқа жаққа кеткендіктен», қоныс аударғандықтан (тұрғындардың Қазақстаннан қоныс аударуына саяси немесе идеологиялық қыспақтар әсер еткен жоқ, басқаша айтқанда зорлық-зомбылық сияқты жасанды әрекеттер себепкер болмағанын айта кету керек) ел экономикасы орасан зор тоқырауға ұшыраған жоқ, оның шынайы дағдарысы негізінен кеңестік социалистік экономикалық ұстанымдардың жаңа жағдайда жұмыс істей алмауында және нарықтық қатынастардың әлеуметтік кеңістікте бірден күш алып кете алмай біршама тығырыққа тірелуінде болатын.

Жалпы білікті кадрларды дайындау қысқа мерзімде шешілетін, күрделі болса да шешілетін мәселелер қатарына жатқызылады. Жалпы көші-қон мәселесі және басқа жақтан өздеріне қолайлы өмірдің негіздерін іздеушілердің көңіл-күйі еліміздегі аграрлық бағыттағы және шикізаттық негіздегі экономикамыздың ұстынын, іргетасын шайқалта алмайтыны анық болатын. Сондықтан жоғарыдағы түсіндірмелердің осал жері - жергілікті халық үнемі өркениеттік жағынан алғанда кенжелеу қалған және еліміздегі еуропалық тектес мамандардың арқасында ғана мемлекет экономикасының дамуы жоғары деңгейде қамтамасыз етіліп келген деген тұжырымға жетелейді. Әрине, қазақстанға көптеген мамандар келгені шындық, дегенмен, еліміздің білім беру саласындағы сапалы өзгерістер, пәрменді қадамдар бұл кеңістікті толықтыруға мүмкіндіктер беретін еді.

Ары қарай автор этникалық мәселелердің шешімдерін табудың екінші кезеңі 1995 жылғы жаңа редакциядағы еліміздің Конституциясының бекуінен басталатындығына тоқталады. Жалпы оның бірінші статьясында шешімді түрде этнократизм идеологиясы жоққа шығарылатыны айтылады. Мемлекеттіліктің субъектісі ретінде енді “жалпы тарихи тағдырмен біріккен Қазақстан халқы” деп мойындалады. Қазақтың ежелгі жерінде тек сол халық өзінің мемлекеттілігін қалыптастырады.

Бұл дегеніңіз еліміздің Конституциясы бұрынғымен салыстырғанда жаңа тұғырнамалық бағдарға сүйенеді деген түсінікті білдіреді: демек, казақ ұлты мемлекетті құраушы қауымдастық ретінде өзінің төл тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайды, сонымен қатар басқа этнос өкілдерінің барлығын «Қазақстан халқы» деген біріккен біртұтастыққа топтастырып, оларды өз тағдырымен етене байланыстырады. Осы позиция ондаған жылдар бойы орныға түсетін сыңайы бар. Ал енді әлеуметте келісім мен өзара түсінісу императивтері зерделенгеннен кейін ғана Қазақстанның көптүрлі этностарынан қалыптасқан тұрғандарын біртұтас әлемге біріктіруге және ынтымақтастыруға мүмкіндік беретін сезімдер, ойлар мен түсініктердің күрделі жүйесін құрайтын жалпы ұлттық Қазақстандық идеяны іздеу басталады. Ондаған жылдар өткеннен кейін Президент Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері мен бастамасының арқасында әлемдік кең бұқараның қолдауын тапқан этносаралық келісімнің қазақстандық моделі қалыптасады және жүзеге асатыны [119, 67 б.] тұжырымдалады. Бұл жерде айтыла кететін нәрсе «Жалпы қазақстандық идея» деген сөздің мағыналық астары, біздің пайымдауымызша, мемлекеттік идея деген түсінік болып табылады. Жалпы әлемдік практикада көбінесе осы мағынада қолданылады.

Әрине, этносаралық келісім кез-келген қоғамдық ортада толеранттық принципіне сүйенсе ғана, өзінің орнықты және үйлесімді кейпін танытатыны белгілі. Дегенмен, кез-келген әлеуметтік модель белгілі бір орнықты дәстүрге ғана сүйенбейді, үнемі модернизациялану, яғни жаңғыру жолын таңдау керек, ал ол өзгерістер қоғамда әлеуметтік ортаны, қауымдастықтарды прогреске қарай бағыттағанда ғана терең конструктивті мағынаға ие болады [120].

Автор жоғарыда бұрын басымдық танытқан «этнократизм идеясы жоққа шығарылатыны» жөнінде айта келіп, қазақ халқының ұлт ретінде өзін-өзі анықтауға, этникалық болмысын еркін рухани игеруге байланысты қадамдарын өте сыншылдықпен бағалағанын байқаймыз. Ол қадамдардың барлығы ел тарихына байланысты жасалынған кейбір қажетті түзетпелер болып табылады, жетпіс жылдық социалистік ұлттық саясаттан кейінгі ақиқатты орнына келтірулер болатын және оларды «тарихта өшкенді қайта жандырулар, ұлттық қайта жаңғырулар» деп түсінген орынды іспетті. Ал, енді елімізде «Қазақстан халқы» деп аталатын ұғымды орнықты пайдаланып, оның оң мағынада сақталып отыруын қамтамасыз ету үшін қазақ халқының еліміздегі қызметін баянды түрде бекіте түсу керек. Ел болашағы үшін негізгі жауапкершілікті, міндетті қасиетті осы ұлт борыш ретінде мойынға алуға тиісті екеніне күмән жоқ. Енді осы міндетті батыл жүзеге асыратын, оны ешқандай саяси сөзбұйдалыққа салмайтын тарихи кезең туғанын айтып жүрген пікірлерді қолдауға болады.

Шын мәнінде жетекші ұлт қызметін атқару, бір жағынан, абырой және екінші жағынан алғанда үлкен тарихи парыз, тарихи міндет пен әлеуметтік жауапкершілік. Әрине, жетекші этнос басты әлеуметтік субъект ретінде еліміздің қазіргі тарихында өзінің қамқорлығын басқаларға тигізуі тиіс, этникалық қауымдастық ретінде топтастырушы қызметті атқаратын үлгі боларлықтай тұтастықта өмір сүре алуы да керек. Міне, сондықтан қазақ халқының этникалық өзекті мүдделерінің әртүрлі қырлары бойынша мәселелерді уақытылы, оңтайлы шеше отырып қана, жалпы қоғамның тұтастығын сақтай алатынымызды баса айтуға болады. Сырт көзге бұл қадамдар ұлтшылдық, бір ұлтқа артықшылық беру сипатында көрініс беруі мүмкін. Дегенмен, мәселені шешудің ең тиімді жолы ашықтық пен демократиялық ұстанымдарға арқа сүйеу болары анық. Сондықтан бұл жерде басқалардың (басқа этнос өкілдерінің) мүдделеріне соншама нұқсан келтірілмейтін нұсқалар ұсынылады, сонда ғана әлеуметтік орнықты модель қоғамда өңіршең, жасампаз сипатқа ие болады.

Содан соң елдегі ұлтаралық қатынастар тенденциясын талқылау барысын автор өз еңбегінде: «Мемлекеттің ұлт саясатының бағытын өзгерткен Жаңа Конституция орыс тілді тұрғындардың миграциясын, яғни көші-қонын тоқтатты. Республикаға басқа елдерден өздеріне бақыт таппағандар кайтып орала бастады және Қазақстанды өздерінің негізгі Отаны екендігін мойындауға көшті. Өздерінің тарихи Отанына орала бастаған қазақ оралмандарына мемлекеттік бағдарлама бойынша қабылдау мен орналастыру шаралары атқарыла бастады. Біртіндеп тұрғылықты халықтың пайыз саны өсе түсті, тіптен, бірнеше жылдардан кейін жалпы республика халқының олар 60% құрай бастады» деп жалғастырады. [119, 67 б.] Әрине, жоғарыда көрсетілгендей Қазақстандық бірегейлену мәселесі күн тәртібіне көтерілгенде осындай сипаттағы көші-қон көріністерінің байқалғаны рас, осы саяси, және мәдени үрдістер жалғасуда. Дегенмен, орыс тілді тұрғындардың негізгі бөлігі өзінің орнықты позициясын сақтап қалған еліміздің тұрақты азаматтары екенін де ескеруіміз керек. Сондықтан орыс тілінің маңызы қоғамымыз үшін зор. Әрине, халықаралық деңгейде табысты қадамдар мақсатында үшін ағылшын тіліне де жақын бола түсуіміз қажет екені айтылуда. Әсіресе, бұл үдерістер шын мәнінде қазіргі жаңғыру үрдістерінің қисынымен жетілуді, өзгеруді қалайтын жастар үшін өзекті мәселе екенін атап өтуге болады.

Осы арада толеранттылық принципіне тоқтала кеткені жөн көрдік. Толеранттылықты қазақ тіліне «төзімділік» деп аудару, біздіңше, жеткіліксіз. Дұрысы сол «толеранттылық» терминін сол қалпында сақтау керек, өйткені төзімділік толеранттылықтың маңызды болса да бір сәті ғана болып табылады. Қазіргі философиялық әдебиетте бұлар бір-біріне байланысты екі бөлек ұғым деп қарастырылуда. Батыс елдеріндегі «мультикультурализмнің» дағдарысы төзімділіктің де шегі бар екенін, мәдени толеранттылық не болса соған, қалай болса солай төзе беруге келіп саймайтынын көрсетуде. Мысалы, Ресейлік философ О.Хома өзінің «философиялық мәдениеттер: төзімділік, толеранттылық және мойындау» атты мақаласында осы жайтты айта келіп: «мығым,, толеранттылық қарапайым «төзімге, емес, алайда тек жан-жақты мойындауға ғана негіздеме алады» [121]. Осындай ойды украин философы Е.К.Быстрицкий де өзінше білдіреді. Ол толеранттылық дискурсының маңыздылығын айта келіп, оны тым қарапайымдыландыра түсінудің дұрыс еместігін, оның ар жағында күш қолдану қаупінің жасырынын жатуы мүмкін екенін көрсетеді [122]. Толеранттылық қандай да болса әлденеге (көзқарасқа, наным сенімге) субъективтік төзімділік емес, мұнда белгілі бір өлшем (мера) болуы тиіс [122, 76 б.]. Толеранттылық кез келген нәрсеге, мысалы мәдени құбылыстарға, сыртқы ықпалдарға шексіз төзе беру дегенді білдірмейді. Өлшеусіз төзімділік шексіз шетсіз төзімділік өзіңдік бірегейлікті жоғалту мен барабар. Егер бұл түсінікті Қазақстан жағдайына орай бұратын болсақ, ондай мәдени толеранттылық, соның ішінде діни толеранттылықты, біздің еліміздің қалыптасқан өз мәдени (діни) жүйесі бар екенін ескеру керек дегенге бастайды осы өзіндік жүйені өзіңдік мәдени болмысты бұзбау қайта оны қолдау, заманауи қажеттерге сай дамыту, гармониялық тұрғыда байыту міне толеранттылықтың көкжиегі осымен анықталуы тиіс.

«Общенациональная идея Казахстана» деген көп авторлар біріккен еңбектегі «Әрбір қазақстандықтың игілігі үшін біз біріге отырып қайнар бастауларды ұмытпай күшті, гүлденген, демократиялық Қазақстанды құрамыз» [123] деген кейбір мамандардың тұжырымына ескертпе ретінде М.Сәбит қазақ халқының негізгі мемлекет қалыптастырушы халық екенін ұмытпай, оның мәдениеті мен рухани әлемін дамыту арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатындығын атап өтеді [124]. «Қазақылық» мәселесінің түп тамырында этникалық болмысқа өкілділік қана жатпайды және оның шеңберімен шектелмейді, ол мемлекеттік деңгейде этносаясат үшін елімізде заңды түрде танылған, мойындалған іс-әрекет принципі болуы тиіс. Сонда ғана ұлтаралық қатынастардың қазақстандық моделі еліміздің әлеуметтік кеңістігінде белгілі бір жоғары деңгейін сақтап, өзінің күрделі қызметін өнімді атқара алады.

Қазақстандық зерттеуші маман Н.Г.Аюпов өзінің ұлт мәселесі бойынша жүргізген ізденістерінде еліміздегі жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудің басты факторы ретінде жас қазақстандық буынды толеранттылық пен өзара келісім принциптеріне сүйене отырып тәрбиелеу мен оларға сапалы білім беруді атап өтеді, сонымен қатар біртұтас рухани-мәдени құндылықтары мен қазақстандық қоғамның дәстүрлерін өрбітудің бағыты барлық этностардың мәдени төлтумалығын сақтауға негізделгені абзал деген ойын түйіндеген еді және ол кезегінде ұлтаралық ықпалдасуға оң әсер етіп, еліміздегі жалпыұлттық өзара бірліктегі топтасуға себепкер болатындығын тұжырымдады [124, 102 б.].

Қазақ оралмандарының елімізге квота бойынша келе бастауы да үлкен мәселені шешудің бір қыры болатын. Бұл кезінде қазақ халқына тоталитарлық режимдер тарапынан жасалынған қиянаттардың орнын толтыру және жөндеу әрекеті екенін атап өтуге болады. Дегенмен, қазақ репатрианттарының елге сіңісуі мен жаңа жағдайларға бейімделуі де біршама күрделі кезеңдерден өткені белгілі, сонымен қатар бұл мәселе әлі де оңтайлы шешімін табуға тиісті өзектілігін, маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Ол тек әлеуметтік-психологиялық, немесе лингвистикалық қырымен танылатын мәселе емес, сонымен қатар құқықтық, этномәдени тұрғыда барынша терең зерделеуді қажет ететін дүние.

«...Бұл жаңа әлеуметтік-мәдени ауқымда қоғамдық санадағы этникалық белгі бойынша бөліну бірте-бірте азая түсті. Этникалық қайшылықтарды шешуге бағытталған тұрақты әрі оңды үрдіс байқала бастайды, сонымен қатар біріккен құндылықтар жүйесімен топтасқан Қазақстан халқы деген тарихи қауымдастықтың қалыптасу белгілері көрініс береді. Кейбір саясаттанушылар “Қазақстан халқы” деген терминді естігенде өзін теориялық жағынан банкротқа ұшыраған “кеңес халқы” деген ұғымды еске алады. Айта кететін нәрсе: “Қазақстан халқы” тіптен басқа теориялық концептіге сүйенеді. Егер “кеңес халқы” жалпының жеке-дараны басып, жаншуымен, ассимиляциялауымен қалыптасса, онда “Қазақстан халқы”, керісінше, жеке-дара мәдениеттердің, яғни ұлттық әлем бейнелерінің дамуы мен көркеюінің негізіндегі біртұтастық пен бірлік деп қабылданады...» [123, 67 б.] деген маманның сөздерінен еліміздегі қазіргі кезеңдегі әлеуметтік шындығында елдік бірліктің, ұлтаралық ынтымақтастықтың маңызды екені туралы ойды аңғаруға болады.

Елімізде тарихи тұрғыдан өзін дәйектеген бір ғана ұлт – қазақ ұлты бар екенін баса айту керек. Ал қалғандары (аз санды болсын, көп санды болсын) этникалық топтар болып табылады, басқаша тілмен айтқанда этникалық диаспоралар. Ал олардың унитарлық мемлекетте толыққанды тарихи субъект болуға мүмкіндіктері шектеулі және тарихи қисынға арқа сүйейтін болсақ, онда оларда негізінен этникалық болмыс этникалық өзіндік сананың мәселелерімен, этномәдени жәдігерлердің жүйесімен айналысуға қауқарлы болып келеді. Сондықтан қазақтардың қоғамдағы үдерістерді басқаруға, яғни билікке, ұмтылысы және этникалық келбетін нығайтуға талпынысы соншама белсенді болып келуінің сыры осында жатыр деуге болады.

Қазақстандық гуманитарлық саланың зерттеушісі В.Д.Курганская өзінің жүргізген нақты социологиялық зерттеулеріне сүйене отырып, Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарды жетілдірудің жолы еліміздегі қазақ халқының өкілдерінен басқа да әртүрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік билікте көбірек тартылуымен байланыстырады. Елімізде көші-қон мәселесіне, әсіресе орыс тілді азаматтардың өздерінің тарихи Отандарына оралуларына қазақтардың билік құрылымдарында басымдық танытуы және қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өзінің функциясын кеңейтуі тікелей әсер ететінін тұжырымдайды [125].

Бұл жерде айта кететін жәйт: орыс тілді азаматтардың құқықтары елімізде ешқандай шектелмейтіндігіне көптеген дәйектемелер келтіруге болар еді. Бұқаралық ақпарат құралдары бойынша, барлық деңгейдегі оқу орындары мен қызмет көрсету салаларында орыс тілінде тұлғалық паш етілуге ешқандай шектеулер қойылмаған, керісінше, барынша қолайлы жағдайлар жасалынғаны белгілі. Өкінішке орай, жиырма жылдық тәуелсіздік тарихымызда мемлекеттік тілді игеруге деген ұмтылыстың төмен деңгейде болуы орыс тілді азаматтар арасында сирек айтылады. Сөйтіп, мүдделердің түйіскен жерінде ұлтаралық қатынастардың барлық проблемалық өткір қырлары айқындалуда және оны даму барысында айналып өту мүмкін емес, көптеген мәселелерді есесіне төзімділікпен, өзара сыйластықпен шешімін іздеу керек екені айқындала түсуде. Халықтардың өркениеттілік деңгейі, мәдени әлеуеті мен қауқары қайшылықтарды келісіммен, сұхбаттық биікте шеше білуінде деп бағамдауға болады және осы әмбебап тетікті жетілдіру қажеттілігі маңызды екені аңғарылады.

Тәуелсіздік орныққан тарихи кезең көптеген халықтардың жасырын жатқан әлеуетін аша түсті. Қазіргі замандағы өркениеттер, мәдениеттер, діни және халықтар арасындағы диалог идеясын Қазақстан қоғамы қолдамауы мүмкін емес еді. Өйткені, ол әлеуметтік өмірдің өзінің тікелей логикасынан туындайтын қадамдар болуға тиіс. Әрбір өркениет, дін және халықтар өздерінің миссиясын адамзат тарихында әр қилы деңгейде орындайды. Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша өркениеттілікке және халықтар арасындағы диалогқа қарама-қайшы емес, керісінше, осындай жетілулердің арқасында қоғам өзінің бойына зор қуат алады, келбетін жаңа сипатта анықтай түседі.

Қазақ халқының ұлттық келбеті кезінде Абайдың «Қара сөздерінде» айтылған сипаттамалармен салыстырғанда, «қазіргі жаһандану заманында біршама өзгерістерге түсе алды ма, әлде өткен дәстүрлі мәдениеттегі шамасынан аспай отыр ма?» деген сауал да туындайды. Әрине, ұлттық мінездің түбегейлі өзгерістерге ұшырауы қиын. Сондықтан қазіргі заманның пәрменді инновациялық, жаңғыру, жаңару үрдістеріне қарамастан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мінез, ұлттық келбеттің іргелі тұстары сақталып отырғаны байқалады. Неміс халқының бойындағы ұқыптылық пен тәртіпке бейімділік, Шығыс халықтары – корей, қытай, жапон және т.б. халықтарға тән еңбекқорлық қазаққа жетіңкіремей жатады. Дегенмен, қазақ жастарының білімқұмарлығы, басқа тілдерді игеруге бейімділігі, әртүрлі пәндер бойынша байқауларда жүлдегерлер арасында болуы, алыс шетелдерде оқушы студенттеріміз бен докторанттарымыздың көбейіп келе жатқандығы қуантады. Қазіргі заманда «Мен жастарға сенемін» деген Шәкәрім мен Мағжандардың арманы орындалғандай заман туды, тек осы мүмкіндіктерді шындыққа айналдыруда тұтынушылық психологиясының құрбанына айналып жатқан жастардың дүниетанымына гуманистік рухани құндылықтар жүйесін орнықтырудың міндеті зиялылар алдында тұр.

Мәдениеттер диалогы адами және әлеуметтік тұрмыстың талаптарына негізделген. В.С.Библер әрбір мәдениет өзіне де өзге де қарайтынын атап өтеді [126]. Шын мәнінде екітүрліліктің ауқымынан шығып кететін кездері де болады. Дегенмен, әрбір мәдениет өзінің төлтумалығын сақтай отырып қана басқалардың құндылықтарын қабылдағаны абзал. Онсыз еліктеудің арты механикалық көшірмелер жасауға, өзіндік келбетті жоғалтуға алып келуі де мүмкін. Философия тілімен айтқанда, этникалық өзіндік жатсыну осыдан туындайды. Кейбір азаматтардың Қазақстан жағдайында өкінішке орай өзінің туған тіліне, діліне, яғни менталитетіне, салт-дәстүріне немқұрайлы қарай бастауы да осындай нигилистік үрдістің белең ала бастағанын білдіреді. Бұл үрдістің тамыры кеңестік кезеңнен бастау алады және онымен қоса этникалық санамыздың солқылдақтығының бір белгісі деуге болады.

Жалпы қазақтың тілінің әлеуметтік және мәдени әлеуетінің ұлтаралық қатынастарды үйлесімдендіру үшін зор екендігін көптеген зиялылар қазіргі уақытта да, өткен ғасырларда да айтып кеткені белгілі. Қазақ тілінің өзіндік ерекше қасиеттері бар екендігін қазақ ақыны М.Жұмабаев ХХ ғасырдың басында төмендегідей кейіпте жеткізеді: «...Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші. Қазақ тілін қолданбақшы. Осы күнде-ақ айналып келе жатыр. Татардың әдебиет тілі жыл-жыл сайын қазақ тіліне жақындап келеді. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік елінің келешек тарихында қазақ ұлты төрден орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік» [127].

Қазіргі заманда Қазақстанда және жалпы Еуразиялық кеңістікте саяси процестер сипаты біршама өзгергені белгілі. Әрбір кеңестік республикалар өзінің егеменді мемлекеттілігін құрып үлгерді. Тәуелсіздікке қол жеткізген түркі халықтары қазақ тілінің басымдық танытқанына көне қоймайды. Жалпы түркітанудан кейбір халықаралық жиындар өткізілгенімен: «Түркі халықтарының өзара мәдени және рухани кірігуі мен байланыстары пәрменді жүріп жатыр» деп, кесімді пікір айтудың өзі қиын. Ал енді, әлеуметтік және экономикалық байланыстардың тереңдігі жеткілікті биік деңгейде деп айта алмаймыз. Одан гөрі белгілі бір қашықтықта болу және өзара бәсекелестік үрдістері белең алған. Ал «тілдердің өзара байланысы үйлесімді түрде жүзеге асып жатыр» деп айтудың өзі де қиындау.

Бүгінгі заманда тілдің ішкі көркемдігі мен әсемдігі, нәзіктігі мен үйлесімділігі күңгірттену үстінде, тіл өзінің бойынан жаңа қырларын танытып, жаһандану процестерінің лингвистикалық жалшысына, этникалық сұрықсызданудың насихатшысына айналуда. Сондықтан ол тарих үрдісінің өзіндік еркіндігі жоқ қызметшісіне айналуға бейімделуде деген ойлар зерттеушілер арасында қылаң беруде [128]. Жаһандану болса әрқашанда тілдік ерекшеліктердің даралана түсуіне немқұрайды қарайды, оның негізі мақсаты басқада. Ол сан алуан мәдени даралықтардың ғаламдық синтезделу мен тоталдық бірігу, топтасу процестеріне бағынышты болғанын қалайды. Мартин Хайдеггер адам өзінің шынайы болмысына тіл арқылы жете алатынын, тілсіз дүниенің философиялық мағынасы ашылмай қалатындығын айтады. «Мұндай оралу мүмкіндігі болмыстың мәдениет аясы тілде өмір сүруімен байланысты: Тіл – болмыстың үйі» деген тұжырымды жасайды [129]. Шыныменде тіл адам болмысында ерекше рөл атқарады, онсыз ешқандай ой бейнеленбеген болар еді, адамзат дамымай, табиғи инстинкттер әлемде қалып қояр еді.

Жаһандану заманында тілді әлемді танудағы, оны рухани игерудегі әмбебап құрал ретінде қарастырудан оның қоғамдағы әлеуметтік және саяси реттеуші деңгейіне дейін түсіну орын алады. Қазіргі кезеңде тіл негізінен экономиканы, ғылымды, техниканы дамытуға қызмет ете бастады және ақпарат алмасу құралына айналуда. Әрине, ол ұлтаралық қатынастар әлемінде маңызды рөл атқаратыны да белгілі. Қазақ тілінің тағдырына байланысты бірнеше бағыттағы басымдық танытатын концептуалды-стратегиялық мәселелер бар. Біріншісі, қазақстандық қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттілікті орнату барлық салада тереңдей түсу керек, бұрынғы кеңестік дәуірдегі дәстүрлер мен қалыптар өзгерілуі тиіс. Екіншісі, еліміздегі әрбір қазақ тілін үйренем деген азаматтарға барлық деңгейде мүмкіндіктерді аша түсу керек, мекемелерде лингвистикалық келісімге келудің барлық мүмкіндіктерін қолданған абзал. Үшіншісі, әрбір қазақ бір-бірімен өзара қарым-қатынасында қазақ тілін қолданғаны жалпы тілдің қадірін бағалауда маңызды. Осы соңғы мәселе жөнінде Елбасы төмендегідей тұжырымдарды келтіреді: «Өзіміз ана тілін де сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтындығын түсінуге тиіспіз. Өз баласын қазақша сөйлетпеген қазақтың «қазақ тілі» деп сарнауының ешбір реті жоқ. Әлі-ақ қазақ тілі тіршілігіміздің барлық саласында кеңінен қолданылатын болады. Оған ешқандай күмәнданудың керегі жоқ» [130].

Міне, сөйтіп қазақ тілінің шынайы мәртебесі, оның қоғамдағы топтастырушы функциясы, ұлтаралық қатынасқа әсері жалпы қазақ азаматтарының саналылығына және өзінің ұлттық бірегейлігін танытатын белгілердің бір бөлігіне жататын тілге деген құрметтен басталатыны анық. «Қазақстандағы мультимәдени қоғамның ұйытқысы не болады?» деген философиялық және саясаттанулық дүниетанымдық сауалға « ... ең алдымен мемлекет құрушы этнос – қазақтың мәдениеті, ділі, мәдениеті мен тілі дегенге келеміз. Қазақ халқының қанында бар басқа ұлтқа – адамзат баласына деген жанашырлық, толеранттық қатынас. Міне, бұл да Қазақстандағы мультимәдени қоғамның бір ерекшелігі» [131], деген мамандар тарапынан берілген жауаптарға толық қосылуға болады. Тіл мәселесі дүниетанымның құндылықтық бағдарының сипатына өзгерістер әкелетіні анық. Адамаралық қатынастар негізгі адамгершілік ұстанымдардан алыстап кетпеуі шарт. Міне, осы орайда тіл мәселесін шешудегі байыптылық қоғамдық сананың даму деңгейін білдіртеді.

Ақиқатты іздеумен, оны пайымдаумен философия да, әртүрлі ғылымдар да, әр қилы діндер де айналысады. Әрине, дәйектемесіз және практикадағы дәлелдерсіз дүниеде шындықты табу мүмкін емес, гуманитарлық тұрғыдағы зерделеулерсіз ғылыми процесс те жанданбайды. Мәселе, осы зерделеудің сыңаржақты емес, барынша шынайы объективті сипатта өрнектелуінде. Егер ғылым негізінен білімге, дәлелдеуге арқа сүйенсе, дін болса сенім арқылы догмалық тұжырымдарын өз жақтастарының санасына ұялатады, насихаттайды. Осы жерде әріптестеріміз атап көрсетіп жүргендей, діннің ішіндегі өкілі тұрғысындағы көзқарас пен сырттайғы бейтарап зерттеуші тарапындағы ғылыми-зерттеу негізіндегі пайымдаулардың біршама айырмасы бар екенін айта кету керек [132]. Осы айырмашылықты анықтап, олардың сәйкес келіп түйісетін жерін көрсету қазіргі зерттеушілерге өзіндік парыз деуге болады. Себебі, адамзаттың болашағында, түбінде дін, ғылым және мәдениет өзара ықпалдасып, ортақ адами мүддеге қызмет ете бастауы тиіс. Сонда көптеген қоғамдағы, мемлекеттегі дүниетанымдық және гуманитарлық қайшылықтар мен мәселелер ұтымды шешіле бастары анық. Мемлекет үшін дін сонда нағыз гуманистік тұрғыны орнатушы тірекке айналары сөзсіз.

Қазақтардың тарихының арғы түркілік кезеңінде әртүрлі діни наным- сенімдердің орын алғанын жасырмауға тиістіміз, өйткені ол біздің нақты тарихымыз болғаны дәлелденген дүниелер. Сонау Шамандық (бақсылық) пен Тәңірге сену кезеңінен басқа Зороастризм, Будда, Христиан діндері қазақтың кең даласында өзінің кейбір көріністерін танытып отырған дәуірлер болғанын айта кету керек [133].

Ал аруаққа сену, қасиетті жерлер мен аңдарды қадірлеу дәстүріміз өзінше бір төбе, оларды жоққа шығаруға тырысу, «тазартылған исламды» енгіземіз деген әрекеттер де жоқ емес. Бірақ бұл ұлттың тарихи және мәдени құндылықтарын сақтау мәселесін өзектендіре түседі, ұлттық менталитеттің өрнектері алға шыға бастайды. Дегенмен, нағыз іргелі және жүйелі діни құбылыс ретінде қазақ болмысында, арғытарихында орныққан рухани құрылымға ислам дінін толықтай жатқыза аламыз, тіпті ол қараханидтер дәуірінде түркілік тайпалар арасында «мемлекеттік дін» ретіндегі сипатын танытқанын атап кетуге болады. Діни сана мен этникалық сананың өзара байланысы өзіндік философиялық байыптауды қажет ететін тақырып.

Қазақ менталитетінде, этникалық болмысында ғасырлар қойнауынан қалыптасқан дәстүр бойынша жалпы адамды, тұлғаны құрметтеу және адамдар арасындағы өзара сыйластықты қадірлеу немесе оны бағалау үгіттеледі. Олар рухани алғышарттар және толеранттық қағидалар ретінде қазақы дүниенің мәнін түсінуге көмектесетінін аңғарамыз. Қазақ мәдениеті адамды қоршаған табиғи ортаның күшімен санасуға үйретсе, оның ежелден қалыптасқан діни санасы барлық қызметтерді үйлесімділікке, үндестікке үйретеді. Президент Н.А.Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» атты философиялық мағынадағы кітабында төмендегідей тұжырымдар жазылған екен: «Дінде адамдардың бір-біріне қатысты қарама-қайшылығынан гөрі, оларды біріктіретін бастауды іздеу қажет. Өйткені барлық діндер ортақ, әлемнің бүкіл адамына түсінікті, қарапайым принциптерде негізделеді. Дінді зорлық пен күштеудің құралына айналдыру құдай жолы емес, ол саясаткерлердің ісі» [134].

Тәуелсіз Қазақстан тарихи субъект ретінде өзінің саяси және рухани кеңістігін нығайта түсу мақсатында, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты тереңдете түсу бағытында ХХI ғасырдың басындағы он жылдың ауқымында біршама қомақты іс-шаралар атқарғанын атап өтуге болады. Солардың қатарына елімізде 2003 жылдан бастап әрбір үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің өткізілуі мен 2004 жылдан басталған Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының жүзеге асырыла бастауын жатқызуға болады. Бұл екі іс-шарамен қоғамның интеллектуалдық мұқтаждығы мен рухани сұраныстары толығымен қанағаттана қоймасы анық, дегенмен, оның тарихи маңыздылығын ешқашан төмендетуге де болмайды, әрдайым ескеріп отырған тиімді.

Бірақ қоғамдағы мәдени диалогтық қатынастарға дайындық пен ұмтылыс, сонымен қатар жасампаз пәрменді қадамдар осындай іс-әрекеттерден басталары да сөзсіз. Өйткені, қоғам қазіргі жаһандану заманында дүниетанымдық, іс-әрекеттік оқшауланумен өмір сүре алмайды, ол өзара ықпалдасу мен әр қилы байланыстар ауқымында өзін лайықты деңгейде паш ете алады. Ал жаһандық процестерді, интеграциялық үрдістерді селқос, немқұрайлы түрде қабылдау көпшілікті дүниетанымдық нигилизмге, немқұрайлы бейтараптыққа алып келері анық. Сондықтан жоғарыдағыдай белсенді әрекеттердің, қадамдардың қоғамдағы ұлтаралық қатынастарды да көп мәселелерді қайта қарау арқылы үйлесімдендіретін өзіндік қисыны мен маңызы бар екеніне күмән келтіруге болмайды.

Жер бетіндегі діни көзқарас пен дүниетаным ежелгі заманнан бері келе жатқаны белгілі. Діндер өздерінде қалыптасқан, мойындалатын құндылықтар дүниесі – негізінен рухани құндылықтар деп аталады. «Діннен басқа жерде рухани құндылықтар болуы мүмкін емес» деген ерекше пікірлер кейде айтылады, яғни әлеуметтік болмыстың басқа салаларында да рухани өмірдің бар екеніне толық шектеу қойылады. Ол әлемнің әмбебаптылығына, өзара байланысты құбылыстарына үстірт қараушылық болары анық. Дегенменде бұл мәселенің тереңдеп, осындай қырдан, түрден көрініс беруі кездейсоқ емес. Осындай пікірге негіз болатын тарихи деректер де аз емес еді. Мәселен, атеистік бағытты басшылыққа алған қоғамның ұстанған бағыты мен бағдары шынайы руханилықты қоғамдағы утопиялық түрдегі әлеуметтік теңдікке тырысушылықпен ауыстырып келгеніне де куә болдық.

Қоғамның іштей жіктелуінің түпкі негізінде әрбір адамның рухани жетілмеуі, басқаларға деген қатынасындағы қорқыныш пен күмәннің тарихи процесте ХХI ғасырға дейін басымдық танытып келгенін білдіреді. Міне, осындай күрделі процестердің қазіргі заманда теріс бағытқа бұрылып кетпеуі үшін әрбір саналы азамат әлемдік өзара диалогқа өзінің сүбелі үлесін қосуы тиіс. Сонда ғана болашаққа белгілі бір оптимизммен, сеніммен қарауға болады. Қазақстан Республикасында әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайын өткізу идеясы гуманистік бастама болатын. Осындай сұхбаттың ұйымдастырылуы жаһандық деңгейдегі үлкен елеулі оқиға екені анық. Ол Елбасының қазіргі әлемді гуманизациялауға, ғаламда тарихи қалыптасқан әртүрлі көзқарастарды диалогқа шақыру арқылы шешуге ұмтылған сындарлы қадамы деп бағалануда, халқымыздың дүниежүзілік әлеуметтік дүниені руханиландыруға, ізгіліктендіруге қосқан қомақты үлесі болары сөзсіз.

Адамзат Жер бетіндегі жасампаз тіршілік үшін күресе отырып өзара диалогтың негізінде бірігуі, бір-бірін құрметтеуі, сыйлауы және бір-біріне жанашыр болуға тиіс екенін мойындайтын уақыт та келді. Оған тарихта басқаша балама жоқ десе де болады. Халықтар арасындағы жіктелулер мен текетірестіктер, шендесу мен оқшауланулар түпнегізінде адамдарды бір-біріне жау етіп, әлеуметке қанша тіршіліктік қиналулар мен қасіреттер әкелгені тарихтан бәрімізге белгілі. Сондықтан әлеуметтік кеңістікте жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы басымдық танытып, олар конфессиялық жіктелулеріміздің шылауында кетіп, көлеңкесінде қалмауы қажет-ақ. Ол діни құндылықтардың сыңаржақты идеологияға айналып кетпеуіне тәуелді құбылыс болып табылады.

Жер бетіндегі діни конфессиялардың көптігі, олардың көбінесе бір-біріне түбегейлі қайшы келуі қазіргі кезеңде планетамыздың бірсыпыра елдерінде адамдар дүниетанымында діни бейтараптықты, нигилистікті, тіпті атеистік көзқарастарды туындатты. Дегенменде әртүрлі халықтардың мәдениетіне, дүниетанымына, рухани құндылықтарының қалыптасуына конфессиялық ерекшеліктер үлкен әсер етті. Әсіресе, қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды реттеуде, шыдамдылыққа, бірлікке шақыруда діни принциптердің атқарған қызметі тарихта маңызды болып келді. Ешқандай конфессияның артықшылығын немесе басқалардан кемдігін айтып жатудың қажеттілігі шамалы. Өйткені, олардың көптүрлілігі және олардың өзара қатынасы жалпы рухани дамудың түпкі мәніне сәйкес келеді.

Ал, әрбір діни идеологиядан, конфессиялық догматтардан әмбебап құндылықтардың элементтерін табуға болады. Бірақ жекелеген діни бағыт ешқашанда басқа діннің ережесіне мойынсұнып, өзінің түсініктері мен ережелеріне түзетпелер енгізбейді. Демек негізінен дінбасылар қарапайым дін өкілдерінің бір-біріне деген сыйластықпен, төзімділікпен қарауы деңгейінде диалогтың өрбуі мүмкін. Дегенмен, оған біршама жоғары мәдени деңгейдің қажеттілігі бар. Сонымен қатар, оған философияның, ғылымның, өнердің, құқықтың және т.б. көптеген адам әлеміндегі сан қилы құбылыстардың қатысуынсыз толыққанды, тұтастықтағы құндылықтар жүйесін құрай қоюы қиынға соғады. Сондықтан рухани құндылықтардың әмбебап көріністерін ғұламалардың ілімдерінен, трактаттарынан да іздегеніміз дұрыс және ол бекер емес. Қазіргі замандағы әрбір діни бағыттың көшбасшылары белгілі бір деңгейде сол рухани саланың даналығын, рухани тәжірибесі мен байлығын қордалайтыны белгілі. Әрбір елдің, халықтың, ұлттың өзіндік даналығын кейде оның ұлы тұлғаларымен, олардың шығармашылығымен танысу арқылы бағамдауға болады.

Осындай бастаманы негізге алған алғашқы съезд 2003 жылдың қыркүйек айында өтті. Оның алдында Қазақстанның Елбасы Рим папасы II Иоанн Павелмен, Ресей православие дінінің патриархы II Алексеймен (екеуі де бүгінгі таңда марқұм болған) кездескен болатын. Сөйтіп, Қазақстан христиан дінінің екі үлкен ағымы католиктер мен православие өкілдеріне оңды көзқарасын білдірді, христиан мен исламның диалогын қалыптастыруға болатындығын танытты. Әрине, басқа діндер де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, бұл құрылтайға дейін Бүкіләлемдік Ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдолла бен Абдель Мухсин Ат-Түркимен, Израиль бас раввині Йоно Мецгермен кездесті. Демек құрылтайдың ұйымдасуы, Қазақстанда өтуі кездейсоқ жағдай болып табылмайды. Әлемдік ірі діни бағыттардың, конфессиялардың жетекшілері өздерінің Қазақстанның діни құрылымдарды диалогқа шақырған бұл қадамымен келісетінін алдын ала білдіргенін байқаймыз.

Қазақстанда өткізілген бірінші құрылтай «Конфессиялар арасындағы диалог орнату» деп аталды. Осы құндылықтық және дүниетанымдық бағдар кейінгі құрылтайларға да негізгі ұстаным болғанын байқауға болады. Алғашқы жиынға Еуропа, Азия, Америка сияқты ірі құрлықтардан 17 делегацияның дінбасылары келді. 2006 жылы өткен Екінші құрылтайға қырықтан астам делегация қатысты. Олардың арасында тек дінбасылары ғана емес, сонымен қатар ғалымдар мен көрнекті қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, журналистер бар болатын. Ал 2009 жылдың шілде айында өткізілген Үшінші құрылтайға 35 елден 77 делегация келген болатын. Бұл жиынға Қазақстан жағынан да көптеген мамандар қатысты. Көптеген Халықаралық ұйымдар өздерінің назарларын жіті аударып, құрылтайдың мәжілістері бірнеше күн бойы өтті. Тіпті, съезде баяндамамен шығып сөйлеушілердің саны көп болғандықтан жиында модераторлық атқарған Қазақстан мұсылмандарының көшбасшысы Әбсаттар қажы Дербісалы олардың уақытын шектеуге дейін баруға тура келді. Шығып сөйлеген шешендердің көбісі дінаралық диалогтың қазіргі заманның келбеті үшін маңызы күннен күнге артып келе жатқанын айтып өтті. Израиль президенті Шимон Перестің, сонымен қатар ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО сияқты беделді халықаралық ұйымдардың өкілдерінің бұл құрылтайға қатысуының өзі осы жиынның маңыздылығын, саяси мәртебесін білдіреді.

Ал, енді осы Үшінші құрылтайда қазіргі жаһандану заманы үшін өте өзекті мәселелер төңірегінде пікірталастар өрбіді. Мәселен: «Толеранттылық, өзара сыйластыққа және әріптестікке құрылған әлемді қалыптастырудағы дінбасылардың рөлі», «Моральдік және рухани құндылықтар», «Диалог пен әріптестік», «Дағдарыс кезіндегі ынтымақтастық» деген терең діни философиялық, саяси аксиологиялық проблемалардың күн тәртібіне қойылуы қазіргі заманның руханият әлеміндегі негізгі шешімін табуын тиісті мәселелердің қандай екенін танытады. Жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде әлемнің әртүрлі елдеріндегі философиялық, саясаттанулық халықаралық конгресстер мен ғылыми конференциялар пікіралысулар жасап келеді. Дегенмен, әлемдік дінбасыларының бас қосуының маңыздылығы қандай болатын? Ол алдымен діндер арасындағы сұхбатты тұлғаралық қатынастар деңгейінде, ұлттар арасында өзіндік көпірді орнату деңгейінде қарастыруға мүмкіндіктер ашты десе де болады. Бұрынғы кездесулерде діни көшбасшылар тек алыстан ғана жеке адамдар ретінде бір-бірімен сырттай ғана таныс болса, енді тікелей қарым-қатынаста басқа діннің өкілі өзіне ұқсас құндылықтар әлемін мойындайтынын байқайды. Әрине, діни қауымдастықтардың қасиетті кітаптары мен діни салттары әртүрлі екенін ескере отырып, адамзаттың тағдырының біртұтастығын мойындауға деген қадамдар осындай кездесулерден басталатынын да айтқан жөн.

Адамзаттың игілігі үшін, болашақ ұрпақтың тағдыры үшін бір сүйем болса да оңды істер жасалынса, адамдар арасында түсінісудің кілттерін табуға тырыссақ деген ниеттің өзі үлкен құндылығы бар қадам болып табылады. Әрбір мемлекет есік-терезені жауып алып, «тек өз дінімнен, өз тілімнен, өз ділімнен артық әлем қажет емес» деп оқшаулана өмір сүруді бағдар етсе, бұл ғаламда адамзаттың басы бірікпей, бір-бірімен қатынаста негізінен шендесумен болады. Онда тек басқаның жетістігін көре алмай, кемшілігін терумен айналысуды әдетке айналдырамыз. Сондықтан адамдар діни сананың күрделі құрылымын, тарихи шығу тегі мен дәстүрін құрметтеуге үйренсе, онда әркімнің жеке тұлғасына, оның еркіндігіне деген сыйластығын арттырады. Бұл мәселе қазіргі заманда ең өзекті ахуал болып отыр. Өйткені, жаһандану процестерімен ілесе келген нигилизм, өзімшілдік, оқшаулануға деген бейімділік көптеген тарихи, ұлттық рухани құндылықтарды бедерсіздендіру үстінде. Діндердің келісімін күйттеген құрылтай болашақта адам еркіндігінің үйлесімді дамуына негіз болатын нәрселерді өзектендірсе, онда ол өзінің болашаққа өнімді қызмет ететінін көрсетеді деген ойдамыз.

Өкінішке орай, кейбір отандастарымыз осындай Діни құрылтайлардың елімізде өткізілуіне қарсы болып, теріс қорытындылар жасауға асығады. Олардың пайымдауынша, «онсыз да елімізде көптеген конфессиялар орнығып алған және бұл процесс әрі қарай тереңдей түссе рухани тұтастығымыздан, діни бірлігімізден айрыламыз» деген қауіпті алға ұсынады. Соңғы деректер бойынша, Қазақстан халқының көпшілігі мұсылман дінінің өкілдері болса, біршамасы өздерін православие дініне жатқызады екен. Бар болғаны үш пайызы ғана басқадай дін өкілдерін құрайды екен. Демек, барлық мәселе елімізде исламның сүнниттік және христиан дінінің православие конфессиясы аралығындағы өзара диалогқа байланысты болып отыр. Осы қатынасты жетілдірген, тереңдеткен сайын еліміздің рухани қауіпсіздігін нығайта түсеріміз анық.

Қазақстандағы христиан дінінің атынан Құрылтайдың алдында өткізген жиында өз пікірін білдірген Александр Иевлевтің пікірі бүгінгі еліміздегі діншілдердің көңіл-күйін, құндылықтық бағалауларын білдіргендей. «Қазақстанда тұрғаннан кейін, айналаңдағы адамдармен тығыз байланыста боласың. Олардың ұстанған дініне де ой жүгіртесің кейде. Менің таныстарымның біразы – мұсылмандар. Қазақстандағы ислам үлкен басымдыққа ие. Мен айтар едім: Ислам – адамгершілік діні. Ислам – мәміле діні. Мұсылмандармен түсінісу оңай. Олардан тек жақсылықты ғана күтуге болады. Ислам бәріне бірдей қарайды. Ешкімді бөліп жармайды. Бұл діннің өміршең болатыны да сондықтан деп ойлаймын», – деп ол өзінің орнықты пікірін басқа дінге, яғни мәдениет үлгісіне білдіреді [135].

Бұл жерде исламды бағалау арқылы жоғарыдағы тұжырымдардың авторы қазақ халқына деген құрметпен қараушылығын да білдіреді деген ойдамыз.

Басқа дінге деген қатынас кейде басқа халықтарға, өзге мәдениеттерге деген оңды төзімділік қатынасты білдіреді. Көпконфессиялық құрылымды құрайтын әлемдердің ең негізгі проблемасы кейбір діндерге берілетін артықшылық пен кейбір діндердің ресми үстемдігі болып табылады. Сондықтан осы саладағы жағдайларды нақты-социологиялық зерттеулермен сараптауларға назар аудара отырып, қоғамдағы өзекті үдерістерді, кейбір проблемалық ұстанымдарды анықтауға болады. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпараттар және болжау институтының 2008 жылғы жүргізген сауалнамаларының мәліметтері бойынша, сұрау салынғандардың 20 пайызы мешітке немесе әртүрлі діни орындарға барады, оның ішінде мұсылмандардың 26 пайызы және православтардың 13 пайызы діни салттарды тұрақты түрде орындайды екен. Аталған зерттеулер бойынша қазақтардың 9,5 пайызы өздерін көп конфессионалды қоғамда өмір сүргенін қолайлы санайды. Дегенмен, жалпы респонденттердің ішінде қазақтардың 48 пайызы, орыстардың 64 пайызы Қазақстанның зайырлы қоғам болғанын қалайды. Қазақстанның мәдениеті мен саясатында діннің орнын кеңейту керектігін қазақтардың 33 пайызы, орыстарың 17 пайызы қолдайтындығын білдірген [136].

Жоғарыдағы социологиялық зерттеу нәтижелерінен Қазақстан халқының біршама бөлігінің діни санасы барынша тереңдеп келе жатқанын байқауға болады. Бірақ, айта кететін жағдай сауалнамаға жауап берген қазақтардың 11 пайызы (орыстар арасында 4 пайызды құрайды) еліміздің діни мемлекет болғанын қалайтындығы болып отыр. Әрине, өркениетті елдердің қатарына қосылып алдыңғы қатарлы елу елдің ішіне енудің бір шарты - елдегі ұждан бостандығын барынша қадағалау болатындығы анық. Ал діни мемлекет болу деген сөз ол бір дінге, оның ішінде бір конфессиялық ағымға артықшылық беру, соның ұстанымдарын иерархияның биігіне шығару болып табылады, онда дін мемлекеттің ісіне тікелей араласады, дін әркімнің жеке басының ісі болудан қалады. Ол өз кезегінде жаңа қайшылықтар топтамасын туындатары хақ.

Осыған орай, Қазақстан жағдайында еліміздің этноәлеуметтік кеңістігінде мемлекеттік дінді қалыптастыру мәселесі өзінің күрделілігі бойынша орнықты дамуға кері әсер ететін фактор деп бағалауға болатын құбылыс. Қазақта «артық қыламыз деп тыртық қылмайық» деген тәлімдік сөз бар. Бар нәрсенің қадірін біліп, оны үйлесімді түрде дамыту да үлкен жасампаз және көреген іс болып табылады.

Көпдіншілдік жағдай өзекті мәселе ретінде қазіргі заманда жалғыз Қазақстан ғана емес өркениеттіліктің біршама биігіне көтерілген АҚШ, Германия, Франция және Англия сияқты Еуропа елдерінің өзінде көпдіншілдік пен көпэтностық мәселесі күннен күнге өзінің маңыздылығын арттыруда. Сондықтан қоғамдағы азаматтардың «діни сенімдеріне, діни дүниетанымдарына деген мемлекеттің көзқарасы, ұстанымы қандай болуы керек?» деген сауал көптеген өркениетті елдер үшін ХХI ғасырда анықталуы тиіс. Кейбір елдер өздеріндегі дәстүрлі емес діндердің кейбір көріністеріне заңдық шектеулер қоюда. Осындай жағдай Қазақстан жерінде жүзеге асырылса таңқалуға болмайды. Себебі, басқару органдары мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін, қоғамдағы тыныштықты, адамдардың еркін өмір сүруге деген құқығын қорғау үшін діндерді лайықты деңгейде бағалауға мәжбүр болады. Яғни, әртүрлі діндердің бір-бірінен теологиялық, догматтық артықшылығы туралы таласты ешкім толықтай шешіп бере алмайтыны белгілі.

Ал енді ортақ мәмілеге келудің жолы бар ма? Жалпы өзара қатар бір-бірімен сыйластықпен өмір сүру екенін зерделеген елдер қазіргі заманда көптеп саналады. Дегенмен, бір ғана діннің өкілдері бола тұрып, шындығында саяси лаңкестік әрекеттерге барып жатқан елдер де жеткілікті. Бұл дін мен саяси көзқарастардың тікелей араласып кетуінен туындаған құбылыстарға жатады немесе рухани кемелденбеудің нәтижесі. Сөйтіп, лаңкестік деген жолды таңдаушылар тек діни сенімнің келбетіне кір келтірушілер. Мәселені тек күштің көмегімен емес, оны рухтың беріктігімен, төзімділіктің тереңдігімен, саяси келісімдердің жолымен шешуге тырысса ғана азаматтар арасында шынайы сұхбат орнығады, ұлттар өзара түсінісе бастайды, қоғам орнықты даму жолында болатыны анық.

Діни Құрылтайлардың орталығы болған Қазақ еліндегі діни сананың өркендеуі ерекше сипатта деуге болады [137].

Қазақтың этникалық болмысы дәстүрлі құндылықтар мен оның ұлттық мәдениетінің өзіндік архетиптерінен бастау алғанын мойындаймыз. Ол сонымен қатар қазіргі заманғы әртүрлі қоғамдық санадағы әлеуметтік және діни түсініктермен тікелей астасып жатады. Бірнеше ғасырдай қазақ жерінде, этникалық санасында ислам рухани бағдар, ілім ретінде жетекші рөлде орныққаны белгілі. Оны исламдық сүнниттік бағыттың төрт мазһабының бірі ханафиттік мазҺабы деп атап жүрміз.

Ислам діні қазіргі таңда көптеген конфессиялық ағымдарға бөлініп кеткені белгілі. «ӘҺли-сунна уәл жамаға» деп аталатын сүнниттік исламның өзі үлкен төрт топқа бөлінетіні мамандарға тарихтан белгілі. Бұл төрт мазҺаб исламның басты негіздерінде өзіндік ауызбіршілікте, діни ұстанымдық жақындықта болғанымен, кейбір жекелеген мәселелер бойынша өзінше дербес және дараланған пікірді, салт-дәстүрлерді ұстанады. «Бұл мазҺабтар мыналар: Ханафи мазҺабы – негізін салушы Имам Ағзам Әбу ханифа, Шафи мазҺабы – негізін салушы Имам Шафи, Ханбали мазҺабы – негізін қалаған Ахмед бин Ханбал, Малики мазҺабы – негізін салушы Малик бин Әнас» деп атап көрсетіледі қазақстандық дінтанушы мамандардың зерттеулерінде [138].

Әрине, әрбір азаматтың діни сенімді, діни бағытты, діни дүниетанымды таңдау құқығы жеке өзінде болуын Ата Заңымыз да, «Діни бірлестіктер мен діни қызметке» арналған заң да қорғайды. Дегенмен, қазіргі кезеңде зиялы қауым еліміздегі саяси және әлеуметтік тұтастықтың негізі ыдырап, діни бағыттар бойынша бөлініп кетуден сақтанғанымызды қалайды және ол ұлтаралық қатынастар деңгейінде өзінің кейбір әсерін тигізуі де мүмкін.

Қазіргі Қазақстан Республикасында ханафиттік мазхабтың негізгі канондары демократиялық көзқарастарымен ерекшеленетіндігі және ол қазақ халқының дүниетанымына және құндылықтар жүйесіне игілікті әсер етіп, біршама жақын келетіндігі тұжырымдалуда [139].

Қазақтың жерінде көптеген ғасырлар бойы басқа қайшылықты негіздегі соғыстар мен қақтығыстар болса да, қаншама ұлт-азаттық қозғалыстар, көтерілістер орын алса да діни негіздегі тартыстардың, текетірестердің болмағаны белгілі. Бірақ, қазақтардың арасында қазіргі кезеңде тарап, орын ала бастаған әртүрлі исламдық секталардың ілімдері біршама ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп жатқаны көпшілікті алаңдатады. Қазақстанның бірнеше қалаларында орын алған терактілер мен кейбір содырлардың әрекеттері діни астарлармен байланысып жатқаны анықталды.

Айта кететін жәйт: қазіргі заманның рухани және әлеуметтік, тұлғалық және қауымдастық дағдарысының көрінісі ретінде дінаралық, конфессияаралық түсінбестіктердің, кикілжіңдердің тереңдеп бара жатқандығы. Міне, осыған орай лаңкестік (экстремизм) және содырлық (терроризм) сияқты теріс сипаттағы құбылыстар көрініс беруінің түптамырында қоғамдағы дүниетанымдық конфронтациялар, шендесулер, текетіресулер жатқаны байқалады. Лаңкестікті де, содырлықты да ерекше құбылыстар ретінде ұлттарға таңуға болмайды, ол этностың сипатын таңдамайды, ол кез-келген жерде пайда болуы мүмкін, сонымен қатар ол қоғам қайшылығының көрінісі болып табылады, шын мәнінде, бұл құбылыстар әлеуметтік ортадағы субъектілерге тән рухани жетілмеушіліктің, рухани дағдарыстың айғағы екенін байқатады.

Қазіргі тарихи кезеңде Қазақстан Республикасы аумағындағы діни қатынастардың шиеленіспеуі, күрделенбеуі мәселесі өте маңызды. Өйткені ол ұлтаралық қатынастардың жоғары деңгейде болуына, оның мәдениетінің өрбуінде біршама маңызды қызмет ететін алғышарттардың қатарына жатады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі толып кеткен әртүрлі діни бағыттардың рухани кеңістігімізде орныға бастауы, тіптен, діни қауымдастықтардың заңды түрде тіркелуі олардың іс-қимылдарына сырт қарағанда легитимдік сипат берді. Сондықтан жақында, яғни 2011 жылдың қазан айында, діни қауымдастықтардың еліміздің территориясындағы қызметтерін, тіркелуін реттейтін жаңа заң қабылданды.

Елімізде енді барлық діни бірлестіктер 2012 жылдың соңына дейін қайта тіркеуден өтуі тиіс. Бұл еліміздегі дін мәселесіне байланысты көптеген қайшылықты түйткілдерді құқық арқылы реттеуге мүмкіндік береді. Ал тіркелуге бармаған діни ұйымдар жасырынды әрекеттерін жасауы мүмкін бе деген сауал да туындайды. Дегенмен, қалайда діндер арасындағы келісімді тек қана заңның күшімен ғана емес, дүниетанымдық, әлеуметтік-психологиялық тетіктермен де реттеп отырған орынды. Осыған орай қазіргі заманғы түркілік ойшыл Фетхуллах Гүлен (оның шығармашылығына әр қилы пікірдегі бағалаулар бар екені белгілі) өзінің «Дінаралық диалогтың қажеттілігі» деген мақаласында айтып кеткен пікірлеріне назар аударып көрелік. «Түрлі дін өкілдерінің арасындағы диалогтың мақсаты – рухани бірлік пен келісімді жүзеге асырып, сонымен қатар діннің жан-жақты бесаспаптық қасиетін қолдау болып табылады. Дін барлық сенім түрлерін қамтиды, әрі оларды табыстыра отырып, үлкен талпыныспен алға жылжиды. Олар өз пайғамбарлары арқылы сүйіспеншілік, кешірімділік, мейірімділік, адам құқығы, бейбітшілік, бауырмашылдық және еркіндікті ұлықтайды» [140] деген гуманистік ойды ортаға ұсынады.

Ойшыл өзінің «Ислам мен демократияға салыстырмалы көзқарас» деген мақаласында дін мен демократияның өзара айырмашылығын жіктеп, олардың қоғамдық ортадағы, адам өміріндегі мәндік негіздерін ашып береді. Бұл екі құбылысты зерттеу барысында механикалық түрде салыстыруға болмайтындығын айта келіп, олардың дүниетанымдық ерекшеліктері тұрақтылылық пен өзгермеліліктің қатынасындай екендігін ескертеді. Сөйтіп, ол мәселені ауқымды анықтап, құбылыстар арасындағы, орнықтылық пен өзгермеліліктің арасындағы диалектикалық байланыс бұрынғы, қазіргі және болашақ өмірдің өзегін, ырғағы мен үдерісін құрайтындығына меңзейді.

Әдетте, тарих көрсеткендей, атеистік сипаттағы қоғамдардағы адамдарға, руханилыққа, мәдениетке деген қатынастардың түрі-түсі және болу мүмкіндігі жөнінде Кеңес Одағының «социалистік» деп аталған әлеуметтік ортаның қоғамдық және тарихи тәжірибесі біршама мағлұмат бере алады. Бір қарағанда қоғамшыл, адам үшін игілікті болып көрінген мұраттарға, құндылықтарға ақиқатқа жақын шынайы рухани негіздерсіз жетудің мүмкін еместігін әлеуметтік дүние мен тарих беттері байқатты. Дүниеге деген осындай сыңаржақты қатынастарды негізге алған әлеуметтік қауымдастықтар ұлтаралық қатынастардың деңгейін жоғарыда ұстап тұруы оңай болмады. Қазақстан Республикасының ұлт саясаты, саяси бағдары осы мәселені уақытылы және тиімді шеше білгендігі оның дұрыс бағытты ұстанғандығының дәлелі болып табылады.

Жалпы әлеуметте дінге деген қатынастың қандай үстірт және теріс болатындығы тарихта байқалды және керітартпалық дүниетанымның қоғамда үстемдік ете алатындығын да аңғардық. Ондай қоғам өмірінің қысқа болуының себептерінің негізгісі де осындай рухани әлемге деген қатынаста жатыр. Әлде де әлемде дінді «тек апиын, жалған дүниетаным, кертартпалық, ғылыми түсініктерден алыс болғандық» деп жүргендер көптеп саналады. Әрине, әркімнің бұл дүниедегі қандай қатынастарды жетекші етуіне өз еркіндігі бар екені белгілі. Дінге шынайы сенуші мен оған онша сенбейтін, үстірт қарайтын пенденің өмірінің, тұлғалық дүниетанымының сапалық айырмашылығы осында деген ойдамыз.

Өткен ғасырдан бері, әсіресе, заманауи халықаралық жағдайлардың ең негізгі саяси қатынасы ислам мен христиандық сияқты екі діннің арасындағы өзара түсіністікке көп байланысты. Біздің елімізде де исламның сүнниттік бағыты мен христиандықтың православиесі арасындағы қатынас аса маңызды. Бұл түркітілдес халықтардың өкілдері мен славяндардың арасындағы қатынастардың түпкі астары деуге болатын нәрсе. Сондықтан қазіргі таңда барлық елдерде дүниетанымдық толеранттық, немесе діни төзімділік, мәселесі күн тәртібіне қойылып, көптеген жиындарда оның әртүрлі қырлары пәрменді талқылаудан өтуде. Осы ескерілетін жағдай, бұл – төзімділік деген құбылыстың тек қана бір сипаты ғана.

Жалпы ислам философиясының осы кезге дейін елімізде әлі де кеңінен іргелі мағынада зерттелмей келгенін ескерсек, онда осындай сипаттағы еңбектерге қоғамда, жалпы гуманитарлық білім саласында өзіндік біршама сұраныстың бар екенін білдіреді. Ислам философиясының тарихына арналған бірнеше том елімізде жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламаcы бойынша жарық көрді [141].

Әрине, Қазақстандағы діндер қазіргі заманда ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелу үстінде және олардың ерекшеліктері мен сипаттамалары жөнінде кейбір оқулықтар мен біршама сапалы ақпараттық-сараптамалық дүниелердің де жарық көре бастағанын айта кету керек. Мәселен, өткен, 2011 жылы елімізде «Религии в Казахстане: Хрестоматия» [142] деп аталатын екі кітаптан тұратын орыс тілінде және «Қазақстандағы діндер» деген қазақ тіліндегі хрестоматия жарық көрді [143].

Әрине, жоғарыдағы еңбектер еліміздегі діни сананың дамуын, қордаланған діни әдебиеттер топтамасын толық кейпінде бере алмайды және ол үшін көп томдық шығармалар жинағы жарық көруі тиіс.

Бұл хрестоматияларға бірқатар діндердің мәтіндері ғана емес, сонымен қатар олардың қазіргі заманғы негізге алынатын бірқатар құжаттары енгізілген. Жалпы осындай ұжымдық шығармалар еліміздегі әртүрлі конфессия өкілдерінің бір-бірлеріне шынайы ізетті қатынастарын орнатуға, біріншісі екіншісін жау көрмейтін деңгейге көтерілетін қатынастардың қалыптасуына ықпал етеді деген ойдамыз. Адамдардың бір-бірімен бейбіт қатар өмір сүруі, рухани ұстанымдардың бекітілуі және өзара көмек үлгілерін таратуы сияқты принциптер еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың негізі екеніне Қазақстан Үкіметі баса назар аударады. Сондықтан діни сенімге қатысты елімізде кемсітулер болмағанмен, мемлекет тарапынан діни негіздегі әдебиеттер мен діни ағымдардың қызметіне тыйым салулар соңғы жылдары көрініс бере бастады. Тіпті, елімізде бас бостандығынан айрылған діни қызметкерлер мен діни қайраткерлер де табылады.

Бұл мәселеде тек байыптылық пен байсалдылық керек, құқықтық тұрғыдан орнықты шешімдердің орын алғаны орынды. «Шаш ал десе, бас алатын» заман өтіп кеткені қашан, енді өркендеуіміз үшін демократиялық құндылықтарды орнықтыра түсуіміз шарт. Адам капиталын, адам мүддесін қорғау, елімізде интеллектуалды, яғни зияткерлік ұлтты қалыптастыру, дәстүрлі мәдени мұрамызды барынша қорғап, оны өрбіту арқылы ғана барынша кемелденген өркениетті елге айналарымыз анық.

Әрине, діни сананың өзіндік ерекшеліктері мен сипаттары бар, оларға құрметпен қарауды үлгі еткен қауымдастықтың болашағы зор және ондай қоғамда көптеген қайшылықтардың алдын алу әрекеттері жүзеге асады. Мемлекет пен діни конфессияның арасындағы қатынас барынша үйлесімді реттелген жағдайда зайырлы мемлекеттің өзінде діни ағымның қызметіне нұқсан келмейді, ол шексіз дәріптелмейді, немесе ретсіз кемсітілмейді, өзінің бірқалыпты іс-әрекеттерін атқара алады. Қазіргі тарихи кезеңде елімізде діни конфессия мен мемлекеттің арасындағы бірлесе жұмыс атқаруға болатын салаларға төмендегілерді жатқызуға болады:

а) халықаралық, этносаралық және азаматтық деңгейлердегі бітімгершілік, адамдар, халықтар және мемлекеттер арасында өзара түсіністікке және ынтымақтастыққа оң ықпал ету;

ә) қоғамда адамгершілік ұстанымдарын сақтауға атсалысу;

б) рухани, мәдени, адамгершілік және патриоттық тәрбие және білім беру;

в) ізгілік және қайырымдылық шараларын іске асыру, бірлескен әлеуметтік бағдарламаларды орындау;

г) тарихи және мәдени мұраларды сақтау, қалпына келтіру және дамыту, сондай-ақ тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау;

ғ) мемлекеттік билік органдарының кез-келген тармақтары және деңгейлерін діни ұйым және қоғам үшін маңызды мәселелер ішінде тиісті заңдар, заңға сыйымды актілер мен өкімдер, шешімдер әзірлеу мәселелері бойынша сұхбаттасу;

д) жауынгерлерге және құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне қамқорлық, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесі;

е) құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға қамқорлық;

ж) гуманитарлық зерттеулерді қоса алғандағы ғылым;

з) денсаулық сақтау;

и) мәдениет және шығармашылық қызмет;

к) діни ұйым және бұқаралық ақпараттың зайырлы құралдарының қызметі;

қ) қоршаған ортаны сақтау жөніндегі қызмет;

л) діни ұйым, мемлекет және қоғам пайдасы үшін экономикалық қызмет;

м) отбасы, ана мен бала институтын қолдау;

н) адамдар мен қоғам үшін қауіп төндіретін жалған діни құрылымдар қызметіне қарсы әрекет» [143, 62 б.].

Дегенмен, діни ұйымдар мемлекет тарапынан жүргізілетін жұмыстардың барлығына бірдей үн қатып, қолдау көрсете бере алмайды, ал енді бірлесе жұмыс істей алмайтын салаларға төмендегілер жатады:

а) саяси күрес, сайлауалды үгіт-насихат, бір немесе басқа партияларды, қоғамдық және саяси көшбасшыларды қолдау науқандары;

ә) азаматтық соғыс немесе сырттай басқыншылық соғыс жүргізу;

б) тікелей барлау және мемлекеттік заңдарға сәйкес, тіпті діни ұйымның қызметшісі алдында ағынан жарылып күнәсін мойындау және діни ұйымның басшылығына баяндама жасау кезінде де құпиялылық сақтауды талап ететін кез-келген басқа қызметке қатысу» [143, 62 б.].

Міне, әсіресе, бірлесе жұмыс атқаратын салалар бойынша қызмет нәтижелері қоғамдағы ұлтаралық қатынастарды үйлесімдендіруде, этностар арасындағы қашықтықтарды жақындатуға ықпал ететін оңды факторға айналуы әбден мүмкін. Сондықтан қоғамдағы діни ұйымдардың қызметінің сан қырлы көрінісін байқауға болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметі мемлекет тарапынан исламның Құрбан айты мен Православиенің Рождествосын ресми мейрамдауға жол ашып берді, осы қадамның арқасында елімізде этникалық топтар арасында біршама өзара түсіністік және сұхбаттастық қатынастарға жол салынды деуге болады. Тәуелсіз Қазақстан тарихи субъект ретінде өзінің саяси және рухани кеңістігін нығайта түсу мақсатында, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты тереңдете түсу бағытында ХХI ғасырдың басындағы он жылдың ауқымында біршама қомақты іс-шаралар атқарғанын атап өтуге болады. Солардың қатарына елімізде 2003 жылдан бастап әрбір үш жыл сайын өткізіліп тұрған әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің өткізілуі мен 2004 жылдан басталған Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының жүзеге асырыла бастауын жатқызуға болады. Бұл екі іс-шарамен қоғамның интеллектуалдық мұқтаждығы мен рухани сұраныстары толығымен қанағаттанбасы анық. Бірақ қоғамдағы мәдени диалогтық қатынастарға дайындық пен пәрменді қадамдар осындай іс-әрекеттерден басталары да сөзсіз. Өйткені, қоғам қазіргі жаһандану заманында дүниетанымдық оқшауланумен өмір сүре алмайды, ол өзара ықпалдасу ауқымында өзін оңды паш ете алады. Ал жаһандық және аймақтық үрдістерді селқос, немқұрайлы түрде қабылдау көпшілікті дүниетанымдық нигилизмге, енжарлық пен селқос бейтараптыққа алып келері анық. Сондықтан жоғарыдағыдай белсенді әрекеттердің өмірде өзіндік қисыны мен маңызы бар екеніне ешқандай күмән тумайтыны анық.

Адамзат тарихындағы діндерге ғылыми жіктемелер жасауға да болады. Міне, осындай қадамды француздың ғалымы Мишель Малерб өзінің “Адамзат діндері” деген еңбегінде адамзат тарихындағы діндердің негізін салушылардың өзіндік тәртібін ұсынады. М.Малерб бірнеше топтарға бөле отырып, бұл мағлұматтардың әлі де нақтылануы және дәлдене түсуі қажет екендігін ескертеді [144].

Шыныменде діндердің қасиеті мен жіктемелерін анықтау өте күрделі мәселе болып қала бермек. Себебі, кейбір халықтар өздерінің тарихында бірнеше діндерді басынан өткерген, ал кейбір халықтар бірнеше дінді қатарластыра құрмет тұтады (Мәселен, жапондар өздерінің ұлттық діні синтоизм мен әлемдік дін – буддизмді қатарластыра мойындайды, көптеген корейлер өздерінің дәстүрлі діндерінен бас тартып, христиан дінінің әртүрлі ағымдарына еніп кеткен).

Өкінішке орай, бір ғана діннің өкілдері бола тұрып Ирак пен Пәкістан сияқты елдерде екі күннің бірінде мұсылман ағайындар лаңкестік пен содырлық әрекеттерге барып жатқаны белгілі емес пе? Оларды дін мен саяси көзқарастардың араласып кетуі немесе, басқаша айтқанда, адамдардың рухани жетілмеушілігінің нәтижесі деуге болады. Лаңкестік жолды таңдаушылар тек шынайы діни сенімнің келбетіне кір келтіруші өздерін «бақыттымын» деп есептейтін бақытсыз жандар екені анық. Мәселені күшпен емес, адами рухтың беріктігімен, төзімнің шексіздігімен, ниеттің ақтығымен шешуге тырысатын азаматтар нағыз терең адамаралық диалогты жақтаушылар демекшіміз және қоғамдағы жалпы ұлтаралық келісім осы ұстанымдарға арқа сүйейтіні анық.

Қазіргі замандағы халықаралық жағдайлардың ең негізгі саяси қатынасы екі діннің арасындағы өзара түсіністікке көп байланысты болып отыр. Сондықтан адамаралық қатынастарда халықаралық деңгейде толеранттық, немесе төзімділік мәселесі күн тәртібіне қойылып, көптеген жиындарда оның әртүрлі қырлары талқылаудан өтуде. Дегенмен төзімділіктің тек гуманистік жасампаз сипаты ғана болашақ үшін тиімді екенін айта кеткен жөн. Ұлтаралық қатынастар мәдениетін кемелдендіруде дінаралық қатынастардың сапасы мен сипаты үлкен рөл атқаратынын күннен күнге саясаткерлер мен гуманитарлық саланы зерделеуші мамандар барынша түсіне бастаған сияқты. Сондықтан діни ағымдарға деген қатынас қазіргі кезеңде саяси мәдениеттің биігінен орын ала бастағаны байқалады.

Саяси мәдениеттің кемелденуі қоғамдағы жан-жақты қатынастардың үйлесімденуімен астасып жатады. Осы жерде қоғамдағы әлеуметтік қажеттіліктер мен адамның рухани мүдделерін қоса ескеру қажет екендігін ескерген жөн. Осы орайда, қазақстандық мәдениеттанушы маман А.Т.Құлсариева төмендегідей тұжырымдарын орынды пайымдайды: «Әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар адамның рухани сұранысын қанағаттандыру кезек күттірмес маңызды шаралардың бірі екені белгілі, өйткені ол адами капиталды күшейтудің бірден бір жолы. Тәуелсіздікті нығайтудың басты шарттарының бірі – адамдардың бойында еліміздің тәуелсіздігін баянды ететін ұлттық келісім рухын және отансүйгіш ұлттық идеологияны нығайту. Елдің рухын және идеологиясын көтеру, ұлтжандылық қасиетін қалыптастыру тәуелсіз мемлекетіміз үшін айрықша мәселе болып отыр. Өйткені, материалдық байлығымен танылып қана қоймай, ұлттық ерекшелігі сақталған, рухани құндылықтарын дәріптеген, идеологиясы мықты, тарихи зердесі таза мемлекет қана ертеңгі күні халықаралық қауымдастықтың ортасында өзінің мәдени-адами қорымен зор беделге ие болады. Сол жолда ұлттың рухани діңгектерін нық қадайтын ұлттық идея, алға қойған биік мақсат болуы тиіс» [145].

Бұл жерде маманның қозғап отырған мәселелері қазақстандық қоғам үшін стратегиялық тұрғыда маңызды, сонымен қатар әрбір жеке адамның құқығын қорғау тұрғысынан алғанда өркениеттік позиция болып табылады. Шыныменде, өркениетті елдердің барлығы да адами капиталдың деңгейінің биік болғанын қалайды, сол бағытта қызметтер атқарады. Осы бағыттағы әрбір қадам қоғамдағы ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететініне күмән келтіруге болмайды. Этностардың бойындағы әлеуеті шығармашылық мақсатқа қарай бетбұрғанда оның қоғамдағы рөлі маңыздана түседі, сонымен қатар көптеген таптаурындарға түзетпелер енуі мүмкін. Осы мағынада қоғамымыздағы әрбір азаматтың өмірінің құндылығын өзектендіре отырып, оның бойында қордаланған даналық бастауларын айқындай түсу қажеттілігі туындайды. Бұл шын мәніндегі ұлттық философияның нақты көздерін дамытуға итермелейді. Осы орайда Т.Х.Ғабитовтың ұлттық ойлау стилінің қайнар көзін ұлттық философиядан іздеу қажеттігіне шақыруын өнімді әрекет деп бағалауға болады [146].

Социалистік дәуірде, кеңестік кезеңде маркстік-лениндік философия дәріптелді, басқа философиялық бағыттар төменгі деңгейдегі әлемді рухани игерудің формалары ретінде қарастырылып келді. Сондықтан ұлттық философияның қалыптасуы мен дамуы елімізде кенжелеп қалды. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері осы олқылықтың орнын толтыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылғаны белгілі. Мәселе, ұлттық болмыстың бір маңызды қыры философиялық даналықта жатқандығын мойындауда болатын. Ал, енді қазақ мәдениетінің рухани байлығы мен болашағы осы игерілмей келген дүниені паш ете түсумен, насихаттаумен байланысты екені зерделенуде. Сондықтан қоғамдағы ұлтаралық қатынастарды жетілдіруге халық даналығының озық үлгілерін тиімді қолдану қисыны туындайды, міне сонда ғана елімізде нағыз гуманистік сипаттағы рухани, әлеуметтік тетіктерді тапқанымызға күмән келтіруге болмайды. Тек құқықтық тұрғыда күштеу арқылы барлық мәселелерді реттеп отыру қоғам үшін жеткіліксіз. Міне, осыған орай қоғамдағы ізгіліктендіру, үйлесімдендіру үрдістеріне алып келетін барлық жолдарды ұлтаралық қатынастар мәдениетін кемелдендіру саласына қолдану талабы алға шығады. Осы тиімді қадамдарды жүзеге асырған сайын еліміз өркениеттене түсетініне шүбә келтіруге болмайды [57, 69-70 б.].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет