42-баптың 1-тармағында көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн қосымша эмиссияланған акциялар орналастырылмаса, мемлекеттiк органның өтiнiшi бойынша сот атқарушылық iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым шығарады, бұл ретте:
1) уәкiлеттi орган акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеу туралы жазбаның күшiн жояды;
2) салық және бюджетке, бюджеттен тыс мемлекеттiк қорларға төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешектер жөнiндегi, сондай-ақ мемлекеттiк бюджет алдындағы басқа да берешектер жөнiндегi айыпақыны (айыппұлды, өсiмдi) есептеу акциялардың қосымша эмиссиясы туралы сот шешiмi күшiне енген күннен бастап қайта басталады.
44-бап. Қосымша эмиссияланған акцияларды орналастыру аяқталғанға дейiн қоғамның берешегiн өтеуi
Өзi жөнiнде акциялардың қосымша эмиссиясы туралы шешiм қабылданған қоғам оларды орналастырғанға дейiн мерзiмi өткен берешектi толық көлемiнде, оны нақты өтеу күнiне қалыптасқан мөлшерде өтеуге хақылы, бұл ретте:
1) мемлекеттiк орган қосымша эмиссияланған акцияларды сату жөнiндегi аукционның күшiн жояды;
2) мемлекеттiк органның өтiнiшi бойынша сот атқарушылық iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым шығарады;
3) уәкiлеттi орган акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеу туралы жазбаның күшiн жояды.
45-бап. Қосымша эмиссияланған акцияларды сатып алған акционерлердiң құқықтары
Қосымша эмиссияланған акцияларды сатып алған акционерлер осы қоғамның басқа акционерлерiмен бiрдей құқықтарды пайдаланып, сондай мiндеттердi атқарады.
6-тарау. Қоғамды басқару
46-бап. Қоғамның органдары
1. Қоғамның органдары:
1) жоғары орган - акционерлердiң жалпы жиналысы;
2) басқару органы - директорлар кеңесi;
3) атқарушы орган - алқалы (басқарма) немесе жеке-дара;
4) бақылаушы орган - алқалы (тексеру комиссиясы) немесе жеке дара (тексерушi);
5) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өзге де органдар болып табылады.
2. Жабық қоғамның жарғысында қоғамды, директорлар кеңесiн құрмай басқару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн. Бұл жағдайда, директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне осы Заңмен жатқызылған мәселелер акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне берiледi.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 46-1-баппен толықтырылды
46-1-бап. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамды басқарудың ерекшеліктері
1. Республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілетті мемлекеттік орган өзге мемлекеттік органға Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Ұлттық Банктің шешімі бойынша ғана беруі мүмкін.
2. Коммуналдық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы жергілікті атқарушы органның шешімімен өзге мемлекеттік органға берілуі мүмкін.
3. Акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асырушы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша акционер ретінде мемлекет мүдделерін білдіреді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі акциялардың мемлекеттік пакеттерін иеленуді және пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мемлекет қатысатын акционерлердің жалпы жиналысында қабылдауға ұсынылатын шешімдердің жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметімен және (немесе) мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілетті мемлекеттік органмен алдын ала жазбаша келісіп алуды қамтамасыз етуге міндетті болатын мәселелердің тізбесін белгілейді.
4. Ұлттық компаниялардың қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарларын бекіту міндетті болып табылады.
Ұлттық компанияларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі қоғамның директорлар кеңесі қоғамның атқарушы органының ұсынуы бойынша қоғамның қаржы-шаруашылық қызметінің орта мерзімді және ағымдағы (жылдық) жоспарларын бекітеді.
Ұлттық компаниялардың индикативтік жоспарлары және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамдардың қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарлары мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде табыс етіледі.
5. Қазақстан Республикасының өзге заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ұлттық экономиканың негізін құрайтын стратегиялық маңызды салаларда құрылған акционерлік қоғам ұлттық компания болып табылады.
Ұлттық компаниялардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның атқарушы органы аталған акцияларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органға акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер мөлшерінің болжамды көрсеткіштерін жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейін табыс етуге міндетті.
ҚР 15.12.99 ж. N 497-1 Заңына сәйкес 47-бап өзгертілді және толықтырылды
47-бап. Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы
1. Қоғам жыл сайын акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге мiндеттi. Қоғам акционерлерiнiң жылдық жалпы жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейiн бес ай iшiнде өткiзiлуге тиiс. Аталған мерзiм есептi кезеңдегi қоғам қызметiнiң аудитiн аяқтау мүмкiндiгi болмаған жағдайда үш айға дейiн ұзартылған деп саналады.
Акционерлердiң жылдық жиналыстан басқа жалпы жиналыстары кезектен тыс болып табылады.
2. Дауыс беру құқығынсыз артықшылықты акцияларды иеленген акционерлердiң жалпы жиналысқа қатысуға және күн тәртiбiндегi мәселелердi талқылауға қатысуға құқығы бар.
Осы Заңда көзделген жағдайларда дауыс беру құқығынсыз артықшылықты акцияларды иеленген акционерлер акционерлердiң жалпы жиналысында дауыс беруге қатысуға хақылы.
3. Әрбiр акционердiң жалпы жиналыста дауыс беру кезiнде оған тиесiлi дауыс беретiн акциялар санына тең келетiн дауыс саны болады, бұған осы Заңда немесе қоғамның жарғысында дауыстарды айқындаудың өзге де тәртiбi көзделген жағдайлар кiрмейдi.
4. Акционерлердiң жалпы жиналысына, егер қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында немесе жарғысында өзгеше белгiленбесе, кез келген тұлға қатыса алады.
5. Жалпы жиналысты әзiрлеудi және өткiзудi қоғамның атқарушы органы не осы қоғамның тәуелсiз тiркеушiсi немесе осы Заңға сәйкес өзге тұлға жүзеге асырады.
6. Жалғыз акционері бар қоғамда акционерлердің жалпы жиналысы өткізілмейді; осы Заңмен және қоғамның жарғысымен акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді мұндай акционер өзі дербес қабылдайды және олар жазбаша түрде ресімделуге тиіс.
6-1. Егер қандай да болмасын тұлға қоғамның барлық дауыс беруші акцияларын иеленген жағдайда ол осы Заңмен және қоғамның жарғысымен акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді акционерлердің жалпы жиналысын өткізбестен, осы шешімдер барлық немесе жекелеген санаттардың артықшылықты акцияларымен куәландырылған құқықтарға нұқсан келтірмесе және ол құқықтарды шектемесе, өзі дербес қабылдауға құқылы және олар жазбаша түрде ресімделуге тиіс.
6-2. Егер осы баптың 6 және 6-1-тармақтарымен белгіленген жағдайда қоғамның жалғыз акционері немесе қоғамның барлық дауыс беруші акцияларын иеленген тұлға заңды тұлға болып табылса, онда осы Заңмен және қоғамның жарғысымен акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді заңдарға немесе оған (оларға) берілген өкілеттіктерге сәйкес осы заңды тұлғаның осындай шешімдерді қабылдауға құқықтары бар органы, лауазымды адамы (лауазымды адамдары) немесе қызметкері (қызметкерлері) қабылдайды.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 48-бап өзгертілді
48-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретi
1. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мынадай мәселелер жатады:
1) қоғамның жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
2) қоғамның үлгiсiн өзгерту;
3) қоғамды ерiктi түрде қайта құру және тарату (осы Заңмен белгiленгендердi қоспағанда);
4) қоғамның директорлар кеңесiн сайлау, оның сандық құрамын белгiлеу және оның мүшелерiнiң өкiлеттiктерiн мерзiмiнен бұрын тоқтату;
5) қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшерiн өзгерту;
6) қоғамның тексеру комиссиясының мүшелерiн (тексерушiнi) сайлау және олардың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату;
7) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, есеп комиссиясының құрамын бекiту;
8) қоғамның жылдық қаржылық есебiн, қоғамның тексеру комиссиясының қорытындыларын бекiту;
9) қоғамның акционерлердiң алда тұрған жалпы жиналысын шақыруды акционерлерге хабарлау нысанын айқындау және осындай ақпаратты баспасөз басылымында жариялау туралы шешiм қабылдау;
10) акцияларды бөлшектеу (сплит) және топтастыру;
11) акциялардың құнын оларды қоғам бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес сатып алу кезiнде айқындау әдiстемесiн бекiту;
12) қоғамның таза табысын бөлу тәртiбi;
13) жыл қорытындысы бойынша дивидендтер мөлшерiн бекiту;
14) қоғамға тиесiлi барлық активтердiң жиырма бес және одан көп процентiн құрайтын сомадағы активтердiң бiр бөлiгiн немесе бiрнеше бөлiгiн беру арқылы өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметiне қоғамның қатысуы туралы шешiм қабылдау;
15) iрi мәмiлелердi және өзге де мәмiлелердi осы Заңға сәйкес бекiту;
16) қоғамның облигацияларын және туынды бағалы қағаздарын шығару шарттары мен тәртiбi;
17) қоғамның өз капиталы мөлшерiнiң жиырма бес және одан да көп процентiн құрайтын сомаға қоғамның мiндеттемелерiн көбейту туралы шешiм қабылдау;
18) лауазымды тұлғаларға, оның iшiнде қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiне төленетiн сыйақының және (немесе) өтемақының мөлшерiн бекiту;
19) қоғамның аудиторын бекiту;
19-1) "алтын акцияны" енгiзу және күшiн жою;
20) егер қоғамның жарғысында акционерлерге қоғамның қызметi туралы ақпараттар беру тәртiбi белгiленбесе, осындай тәртiптi, соның iшiнде баспасөз басылымын айқындау.
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында санамалап көрсетiлген мәселелер жөнiндегi шешiмдердi қоғамның дауыс беретiн акцияларының бiлiктi көпшiлiгi, ал инвестициялық жекешелендіру қорларын қайта ұйымдастыру процесінде құрылған қоғамдарда - дауыс беруге қатысқан акциялардың кемінде үштен екісі мөлшеріндегі көпшілік даусымен қабылдайды. Жалпы жиналыстың айрықша құзыретiне жатқызылған қалған мәселелер жөнiндегi шешiмдер, егер осы Заңда және қоғамның жарғысында көбiрек сан көзделмесе, қоғамның дауыс беруге қатысқан дауыс беретiн акцияларының жалпы санының жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
Директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiндегi мәселенi шешу үшiн акционерлердiң көбiрек дауыс саны жарғымен белгiленбейдi.
3. Қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне, сондай-ақ қоғам қызметiнiң басқа да мәселелерi жатқызылуы мүмкiн.
Акционерлер жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелер, осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, қоғамның директорлар кеңесiнiң шешуiне берiлмейдi.
4. Акционерлердiң жалпы жиналысы қоғамның iшкi қызметiне жатқызылған мәселелер бойынша қоғамның директорлар кеңесiнiң кез келген шешiмiн жоюға хақылы.
5. Егер акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi артықшылықты акциялар иелерiнiң құқығына нұқсан келтiрген немесе оны шектеген ретте, мұндай шешiмдер жиынтығында тиiстi санаттардағы артықшылықты акциялардың жалпы санының кемiнде үштен екiсiне ие акционерлер жақтап дауыс берген жағдайда ғана акционерлердiң жалпы жиналысында қабылдануы мүмкiн.
49-бап. Акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысы
1. Акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысы қоғамның директорлар кеңесiнiң, атқарушы органның (директорлар кеңесi болмаған ретте), тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) бастамасы бойынша не жиынтығында қоғамның дауыс беретiн акцияларының кемiнде бес және одан да көп процентiн иеленген акционерлердiң бастамасы бойынша шақырылады.
Акционерлердiң бастамасы бойынша шақырылатын, акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысын әзiрлеу мен өткiзуге байланысты шығындар өздерiне жүктеледi және оларды осы жиналысты шақыру себептерi расталғаннан кейiн қоғам өтейдi.
2. Ерiктi түрдегi тарату процесiнде тұрған қоғам акционерлерiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын тарату комиссиясы (таратушы) да шақыра алады.
50-бап. Сот шешiмi бойынша жиналыс
1. Акционерлердiң жылдық, кезектен тыс немесе қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналыстарын шақырудан шақыру туралы талапты атқарушы орган алған сәттен бастап отыз күн iшiнде қоғамның директорлар кеңесi немесе атқарушы органы (директорлар кеңесi болмаған ретте) бас тартқан жағдайда, шақыру осы Заңның 49-бабында санамаланған тұлғалардың талап арыздары бойынша сот шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Сот жиналыстың белгiленген уақытын және өткiзу орнын, оның күн тәртiбiн белгiлеу, жиналыс туралы қоғамның акционерлерiне жiберiлетiн жазбаша құлақтандырудың мазмұнын белгiлеуi және жалпы жиналыстың мақсатына жету үшiн қажеттi өзге шарттарды айқындауы мүмкiн.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 51-бап өзгертілді
51-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу туралы ақпарат
1. Акционерлердiң жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердiң тiзiмi қоғам акцияларын ұстаушылар тiзiлiмi мәлiметтерiнiң негiзiнде жасалады. Аталған тiзiмдi жасау күнiн жиналысты өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бұрын белгiлеуге болмайды.
2. Акционерлерге халықтық қоғамның жалпы жиналысын өткiзу туралы хабарлау ол өткiзiлетiн және (немесе) баспасөз басылымында құлақтандыру жарияланған күнге дейiн кемiнде 45 күн бұрын, ашық қоғам үшiн - 30 күн бұрын, жабық қоғам үшiн - 15 күн бұрын жазбаша хабарлама жiберу арқылы жүзеге асырылады.
Қоғам әрбiр акционерге жалпы жиналыстың өткiзiлетiнi туралы жазбаша құлақтандыруды мынадай жағдайларда:
1) егер қоғам акционерлерiнiң саны жүз және одан азырақ болса;
2) егер акционер осындай құлақтандыруды талап етсе және осындай құлақтандыру жiберумен байланысты шығындарды төлеуге келiссе, жiберуге мiндеттi.
Жалпы жиналыста дауыс берудiң нәтижелерiне ықпал ету мақсатында жалпы жиналысты өткiзу туралы құлақтандыруды жекелеген акционерлерге талғап жiберуге қоғамның құқығы жоқ.
Қоғамның акционерлерге жалпы жиналыстың өткiзiлетiнi туралы өзге бұқаралық ақпарат құралдары (теледидар, радио) арқылы қосымша хабарлауға құқығы бар.
2-1. Қоғам "алтын акцияның" иесін акционерлердің жалпы жиналысын өткізу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы хабардар етуге міндетті.
Қоғамнан ақпарат алу бөлігінде "алтын акция" иесінің акционерлермен бірдей құқығы бар.
3. Акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу туралы хабарламада (хабарлау, құлақтандыру):
1) қоғамның толық атауы және орналасқан жерi;
2) жиналыс өткiзiлетiн күн, уақыты және орны;
3) акционерлердiң жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердiң тiзiмiн жасау күнi;
4) акционерлердiң жалпы жиналысының күн тәртiбiне енгiзiлген мәселелердiң тiзбесi;
5) акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге әзiрлiк кезiнде акционерлерге беруге жататын ақпаратпен (материалдармен) акционерлердi таныстыру тәртiбi;
5-1) инвестициялық жекешелендiру қорларын қайта ұйымдастыру процесiнде құрылған қоғамдар үшiн - инвестициялық жекешелендiру қорларының қоғам болып қайта ұйымдастырылғанға дейiнгі толық атауы мен лицензияларының нөмiрi;
6) бiрiншi жиналыста кворум болмаған жағдайда, қайтадан жиналыс өткiзу күнi көрсетiлуi тиiс. Акционерлердiң қайтадан өткiзiлетiн жиналысты алғашқы жалпы жиналыс белгiленген күнiнен кейiнгi күннен ерте өткiзiлмейдi.
4. Акционерлерге берiлетiн материалдарда дауыс беру кезiнде шешiм қабылдау үшiн қажеттi барлық ақпарат болуы тиiс. Акционердiң тiлегi бойынша қоғам оған аталған материалдармен қоғам белгiлеген орында танысуға мүмкiндiк беруi тиiс.
Акционерлердiң жылдық жалпы жиналысын өткiзуге әзiрлiк кезiнде акционерлерге берiлуге тиiстi материалдарда қоғамның бекiтуге жататын жылдық қаржылық есебi бойынша негiзгi мәлiметтер, сондай-ақ қоғамның қаржы-шаруашылық қызметiне жылдық тексерiстiң нәтижесi бойынша аудитордың есебi, сондай-ақ күн тәртiбiндегi мәселелер бойынша өзге де мәлiметтер болуы тиiс.
5. Акционерлердiң жылдық жалпы жиналысының күн тәртiбiн директорлар кеңесiнiң келiсiмi бойынша, талқылауға енгiзiлетiн мәселелердi нақты тұжырымдай отырып, атқарушы орган қалыптастырады. Акционерлердiң жылдық жалпы жиналысының күн тәртiбiн қоғамның директорлар кеңесi бекiтедi.
Қайтадан жиналыс өткiзiлген (өткiзiлмеген жиналыстың орнына) жағдайда, күн тәртiбi өзгертiлмейдi.
Акционерлердiң жалпы жиналысының күн тәртiбi, егер жиналысқа қоғамның дауыс берушi акцияларының жиынтығында тоқсан бес және одан да көп процентiне ие акционерлер (немесе осындай акционерлердiң өкiлдерi) қатысса, олардың көпшiлiгi күн тәртiбiндегi өзгерiстер үшiн дауыс берсе, өзгертiледi.
Жалпы жиналыстың хабарландыруда және (немесе) құлақтандыруда көрсетiлген күн тәртiбi жиналыс өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жиынтығында дауыс беретiн акциялардың бес және одан да көп процентiн иеленген акционерлердiң ұсынысы бойынша толықтырылуы мүмкiн.
6. Егер, акциялардың атаулы ұстаушысы қоғам акцияларын ұстаушыларының тiзiлiмiнде тiркелген тұлға болып табылған жағдайда, акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу туралы құлақтандыруды осы атаулы ұстаушысына жiберу бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға немесе тiзiлiм ұстаушы мен осы атаулы ұстаушы арасындағы шартта белгiленген тәртiп пен мерзiмде жүзеге асырылады.
52-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысының кворумы
1. Егер акционерлердiң жалпы жиналысына қатысу үшiн тiркеу аяқталған кезде жиынтығында қоғамның дауыс беретiн (акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу кезiнде дауыс беру құқығы бар) акцияларының елу және одан да көп процентiн иеленген акционерлер, оның iшiнде сырттай дауыс берушi акционерлер (немесе сондай акционерлердiң өкiлдерi) тiркелсе, акционерлердiң жалпы жиналысы шешiм қабылдауға хақылы.
2. Акционерлерге сырттай дауыс беру үшiн бюллетеньдер жiберiлген жағдайда аталған бюллетеньдермен берiлген және жиналысқа қатысушыларды тiркеу кезiнде қоғам алған дауыстар кворумды айқындау және дауыс беру қорытындыларын шығару кезiнде есепке алынады.
3. Акционерлердiң жалпы жиналысының кворумына қойылатын талаптар мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру процесiнде құрылған инвестициялық жекешелендiру қорларына және акционерлердiң қайтадан өткiзiлетiн жиналысына қолданылмайды.
ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 53-бап өзгертілді
53-бап. Қоғам акционерлерiнiң қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналысы
1. Қоғам акционерлерiнiң қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналысын шақыру осы Заңда көзделген акционерлердiң жалпы жиналысын шақыруға арналған тәртiпте жүзеге асырылады.
2. Акционерлердiң өтпей қалған жалпы жиналысының орнына шақырылған қайтадан өтетiн жалпы жиналысы, егер оған қатысу үшiн тiркеу аяқталған кезде жиынтығында қоғамның дауыс беретiн (акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу кезiнде дауыс беру құқығы бар) акцияларының қырық және одан да көп процентiн иеленген акционерлер, оның iшiнде сырттай дауыс берушi акционерлер (немесе сондай акционерлердiң өкiлдерi), осы баптың 2-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тiркелген болса, құқылы болады. Акционерлердiң саны он мыңнан асатын қоғамның жарғысымен акционерлердiң өтпеген жиналысының орнына қайтадан жиналыс өткiзуге арналған азырақ (қоғамның дауыс беретiн акцияларының кемiнде жиырма бес процентi) кворум көзделуi мүмкiн.
2-1. Инвестициялық жекешелендiру қорын (инвестициялық жекешелендiру қорларын) қайта ұйымдастыру жолымен құрылған қоғам акционерлерiнiң қайтадан өтетін жалпы жиналысының, егер оған қатысу үшiн тiркеу аяқталған кезде дауыс беретiн акциялардың бес жүзден астам иесi, оның iшiнде сырттай дауыс беретiн акционерлер (немесе осындай акционерлер өкілдерi) тiркелген болса, шешiм қабылдауға құқығы бар.
3. Қайтадан өтетiн жалпы жиналыстың шешiмi бiрiншi жиналысты шақыру рәсiмi сақталған жағдайда заңды болады.
54-бап. Есеп комиссиясы
1. Акционерлердiң саны жүзден асатын қоғамда сандық және жеке құрамы акционерлердiң жалпы жиналысында қоғамның директорлар кеңесiнiң ұсынуымен бекiтiлген есеп комиссиясы құрылады.
Есеп комиссиясының өкiлеттiк мерзiмi акционерлердiң жалпы жиналысында бекiтiледi.
Сырттай дауыс беру кезiнде есеп комиссиясының құрамын және өкiлеттiк мерзiмiн қоғамның директорлар кеңесi белгiлейдi.
2. Есеп комиссиясының құрамы үш адамнан кем болмауға тиiс. Есеп комиссиясының құрамына қоғамның (атқарушы органының) директорлар кеңесiнiң мүшелерi және тексеру комиссиясының мүшелерi (тексерушi) кiре алмайды.
3. Есеп комиссиясы:
1) акционерлердiң жалпы жиналысы кворумының бар, жоғын белгiлейдi;
2) акционерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) жалпы жиналыста дауыс беру құқықтарын жүзеге асыруларына байланысты туындаған мәселелердi түсiндiредi;
3) дауыс беруге енгiзiлген мәселелер бойынша дауыс беру тәртiбiн түсiндiредi;
4) дауыс берудiң белгiленген тәртiбiн және акционерлердiң дауыс беруге қатысу құқығын қамтамасыз етедi;
5) дауыстарды санайды және дауыс беру қорытындыларын шығарады, дауыс беру қорытындылары бойынша хаттама жасайды, дауыс беру бюллетеньдерiн архивке бередi.
4. Есеп комиссиясы дауыс беру жөнiндегi бюллетеньдердегi акционерлердiң дауыс беруi туралы ақпараттың құпиялығы үшiн жауаптылықта болады.
55-бап. Акционерлер жалпы жиналысын өткiзудiң тәртiбi
1. Акционерлер жалпы жиналысын өткiзудiң тәртiбi осы Заңға, жарғыға, қоғамның iшкi қызметiн реттейтiн қоғамның ережелерi мен өзге де құжаттарына сәйкес не тiкелей жалпы жиналыстың шешiмiмен айқындалады.
2. Жалпы жиналыс ашылғанға дейiн келген акционерлердi (олардың өкiлдерiн) тiркеу жүргiзiледi. Акционерлердiң өкiлдерi дауыс беруге өкiлеттiгiн растайтын және заң талаптарына сәйкес ресiмделген сенiмхат ұсынуға тиiс.
Тiркеуден өтпеген акционер (акционердiң өкiлi) кворумды айқындау кезiнде есепке алынбайды және дауыс беруге қатысуға хақылы емес.
3. Акционерлердiң жалпы жиналысы кворум болған кезде хабарланған уақытта ашылады.
Барлық акционерлер немесе олардың өкiлдерi тiркелген, құлақтандырылған және жиналысты ашу уақытын өзгертуге қарсылық бiлдiрмеген жағдайды қоспағанда, акционерлердiң жалпы жиналысы хабарланған уақытынан ерте ашылмайды.
4. Акционерлердiң жалпы жиналысы жалпы жиналыстың төрағасын (төралқасын), хатшысын, хаттама жасаудың дұрыстығын куәландыратын акционерлердiң өкiлдерiн, есеп комиссиясы мүшелерiн немесе жалпы жиналыста дауыстар санауды жүзеге асыруға уәкiлеттi адамды сайлауды өткiзедi. Акционерлер жиналысы дауыс беру нысанын: ашық немесе жабық (бюллетеньдер бойынша) таңдауды жүргiзедi. Егер жарғыда өзгеше көзделмесе, осы тармақта аталған тұлғаларды сайлау туралы мәселе бойынша дауыс беру кезiнде әрбiр акционер бiр дауысқа ие болады, ал шешiм қатысып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
Қоғамның атқарушы органының және оның тексеру комиссиясының мүшелерi (тексерушi) жиналысқа қатысып отырған акционерлер атқарушы органның құрамына кiретiн не қоғамның тексеру комиссиясының мүшесi (тексерушiсi) болып табылатын жағдайларды қоспағанда, акционерлердiң жалпы жиналысында төрағалық ете алмайды.
5. Акционерлердiң жалпы жиналысының хатшысы қоғам акционерлерi жалпы жиналысының хаттамасында көрсетiлген мәлiметтердiң толықтығы және дұрыстығы үшiн жауап бередi.
Достарыңызбен бөлісу: |