ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Қазақ мерзімді баспасөзінің
тарихы туралы қысқаша анықтама
1.«Абай» журналы
«Абай» атты ғылыми, әдеби, шаруашылық журнал 1918 жылдың 4-ақпанынан бастап Семей қаласында шыға бастады. Негізінен бұл басылымды шығарушылар «Екеу» деген лақап атпен қол қоюшылар болатын. Оның бірі журналдың ресми редакоры Ж. Аймауытов болса, екіншісі әдебиет майданына енді араласқан М. Әуезов еді. Журналда Шәкәрім, С. Торайғыров, С. Дөнентаев, Ғ. Қарашев, С. Садуақасов, Х. Досмұхамедовтардың өлеңдері мен публицистикалық мақалалараы жиі жарияланады.
Ж. Аймауытов, М. Әуезовпен қатар «Абай» журналына С. Торайғыровтың да қосқан үлесі зор. Өйткені Сұлтанмахмұттың қазан төңкерісі және азамат соғысы жылдарында жазған «Социализм» атты мақаласын публицистік еңбектерінің бірі де, бірегейі де деп атауға болады. Бұл мақаланың алғашқы бөлімі журналдың 1918 жылғы наурыз айындағы санында басылып, жалғасы қолды болып кеткендіктен жарияланбай қалған.
«Абай» журналына жиі араласып, көп көмегін тигізген оның беттеріне «Абайға», «Қазақ әйеледрі туралы», «Жазушыларға», «Бозторғай» сияқты бірқатар мақалалары мен өлеңдерін жариялаған белсенді авторлардың бірі
С. Дөнентаев болатын.
Бұлардан басқа «Абай» журналының 3-санында «Қоныс құтты болсын», «Алашқа», «Философия жайынан», «Тұңғыш құрбан» мақалалары жарияланған.
Ал журналдың келесі алтыншы саны 1918 жылдың шілде айының 19 жұлдызында жарық көрген. Онда «Омбы қаласында өткен жалпы жастар съезі туралы» хабар, М. Әуезовтың «Жастар ұйымына ашық хаты», сондай-ақ авторы көрсетілмеген «Қайткенде адам боламыз» деген проблемалық мақала басылған.
«Абайдың» 1918 жылдың қазан айында шыққан соңғы 11-санындағы бірінші бетінде басылған жарнамадан басқа «Ұлтты сүю» деген мақала мен «Қайран жүрек», «Абай сөзі» атты өлеңі берілген. Одан әрі С. Аспандияровтың «Обадан сақтану һәм емделу шаралары» деген ғылыми еңбегі жарияланған.
Сөйтіп, «Абай» журналы 1918 жылдың аяқ шеніне қарай біржола жабылды. Оған себеп, Семейде большевиктердің билік басына келіп, «Алашорда» үкіметінің құлауы еді.
2. «Әйел теңдігі» журналы
«Әйел теңдігі» журналы 1926 жылдың шілде айынан бастап, бұрынғы «Теңдік» газетінің орнына шыға бастады. Журналда партия тіршілігі бөлімі, дені саудың жаны сау, біздің жұмысымыз, әдебиет бөлімі, кітап сыны, жастар бөлімі, әйелдерге кеңес, өнер-білім үйрену заң бөлімі сұрау-жауаптар тілшілер бөлімі болды. Алғашқы редакторы С. Есова кейін оны Н. Сәниева, Н. Арықовалар ауыстырады.
Журнал тиражы жылма-жыл өсіп отырды. Бірінші саны 500 данамен шыққан «Әйел теңдігі» 1926-1928 жылдары 3000, 1935жылы 10000-ға жетті. Журнал шығып тұрған 1926-1935 жылдар аралығында ХІХ ғасырдағы Сара Тастанбекова секілді ескі салттың қалың малдың құрбаны болған қазақ қыздарының басына теңдік бостандық әперу мәселесін батыл қолға алып, тозығы жеткен дәстүрлерді аяусыз әшкерлеп, «Әйел теңдігі» деген атына сай үлкен қызмет көрсетті.
Журнал беттерінде Б. Майлиннің, І. Жансүгіровтың, Б. Кенжебаевтың, А. Оразбаеваның, С. Есованың қазақтың тұңғыш ақын қызы Ш. Иманбаеваның белгілі қоғам қайраткері Н. Арықованың тағы басқа да көрнекті азаматтардың мақалалары басылған.
Қазақ әдебиеттің ірге тасын қалаушылар С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов қатысқан журналдағы әдебиет бөлімі ең қызықты, тартымды бөлім болды. Осы аталған төрт алыптың бірсыпыра әңгімелері, поэмалары, өлеңдері алғаш рет «Әйел теңдігінде» жарияланады. Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі мен «Раушан коммунист» повесі алғаш рет осы журналда басылды.
3. «Айқап» журналы
«Айқап» журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911 жылдың қаңтарында жарық көрді. Оның шығарушысы, редакторы демократ ақын, жазушы М. Сералин болды. Алғашқыда айына бір реттен, ал 1912 жылдан айына екі реттен, 12-24 бет көлемінде шықты. Баспасөз зерттеушісі профессор Қ. Бекхожиннің дәлелдеуінше «Айқаптың» тиражы 1000 дана болған. Жалпы, журналдың бес жыл ішінде 89 саны жарық көрген.
«Айқап» әр материалдың мазмұны мен тақырыбына жете көңіл бөліп отырды. Бірінші бетіне елдің өмірінде болған жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші, үшінші беттерінде «Ашық хат» деген айдармен оқырмандар хаттарын жариялаған. Проблемалық мақалалар (жер туралы, съезд, сайлау т.б тақырыптар) бойынша 4-6 беттеріне орналасқан. «Фельетон», «Хабарлар» бойынша айдармен материалдар журналдың орта тұсынан орын алған. Ал шетел жаңалықтарын көңіл айтулар мен басқармадан ескертулерді жаңа кітап туралы рецензияларды журналдың соңғы беттерінен оқуға болатын.
«Айқап» өз кезі үшін үздік журнал болды. Оның әр санын жұрт асыға күтті. Журналдың хатшысы болып 1911-12 жылдары Ә. Галимов, 1913-14 жылдары С. Торайғыров істеді. Қызметкер, тілші, автор болып, Ж. Сейдалин, С. Көбеев, С. Сейфуллин, Б. Майлин, С. Дөнентаев, Б. Қаратаев, М. Жолдыбаев, Б. Бекжанов және т.б қатысты.
4. «Ақжол» газеті
1923 жылы «Ақ жол» газеті туралы Б. Майлин: «Осы декабрь жұлдызының 7 күні Ташкентте шығатын Түркістан үкіметінің тілі «Ақ жол» жарыққа шығуына үш жыл толды. Сол күннің құрметіне «Ақ жол» Қазақстанда көп тараған газет екенін айта келіп: «Ол Түркістан үкіметінің қолдаған шараларын қазақ халқына жеткізіп тұрды», - деп атап көрсетті.
Шындығында 1920 жылдың 18 сәуірінен шілденің 27-сіне дейін Ташкент қаласында қазақ тілінде «Жаңа өріс» газеті шығып тұрған болатын. Ал «Ақ жол» болса, сол басылымның заңды жалғасы еді. Алдымен, «Жаңа өріс» газеті туралы бір-екі ауыз мәлімет бере кетелік. «Ол қырғыз – қазақша жетісіне екі рет шығатын сыпайы тілдегі саяси әрі шаруашылық газет» деп аталады. Басылым материалдары халықты негізінен еңбекке, игі тіршілікке шақырды. Оның бар-жоғы 14 нөмірі жарық көрді. Ал сол жылдың 7-желтоқсанынан бастап оның орнына «Ақ жол» газеті шыға бастады. Орташа таралу тиражы 1800. Алғашқы редакторы С. Қожанов. Басылымның ішкі хабарлар, сыртқы хабарлар сауатсыздықты жоғалту жайынан, әйел теңдігі, ресми бөлім, бұйрық-жарлықтар жастар арасында, жарнама, партия тіршілігі, партия талаптары, шаруашылық жайынан деген бөлімдері болды.
1924 жылдың соңында Түркістан Совет республикасы таратылып, қайта құрылды. Осыған байланысты бұрын оның қарамағында болып келген Жетісу мен Сырдария облыстары Қазақ АССР-іне қосылды. Осыдан кейін «Ақ жол» газеті 1925-1927 жылдары Қазақстанның Сырдария облыстық партия, Кеңес мекемелерінің органы болып Шымкентте шығып тұрды.
5. «Алаш» газеті
«Алаш» 1916 жылы 26-қарашадан бастап 1917 жылдың ортасына шейін Ташкент қаласында апта сайын шығып тұрған. Редакторы К. Тоғысов, шығарушысы М. Тоғысова. «Туркестанский курьер» баспаханасында басылып тұрған. Газеттің шығуы жайында «Алаш» газетінің алғашқы санында «Россия қарамағындағы елдердің бірі болу үшін қазақ халқының шешетін мәселелері: оқу-ағарту ісін жөнге қою, Мемлкеттік Думаға қатысу сот ісін жөндеу, әйел мәселесін көтеру, елдің тұрмыс-халін түзету» деген. Міне, газеттің негізінен осы мәселелерді көтергенін ондағы басылған мақалалардан байқауға болады. К. Тоғысов «Жоғалсын Романовтар!» деген мақаласында 300 жыл Ресейді билеген Романовтар туралы айта келіп әр халық өз алдына егеменді ел, демократиялық республика болуы керек деген идеяны ұсынады.
Сондай-ақ газет бетінде белгілі ақын-жазушылардың алғашқы өлеңдері мен әңгімелері басылған. Онда Б. Майлиннің, Ж. Аймауытов пен М. Әуезовтің студент кездерінде жазған мақалалары кездеседі.
1917 жылғы 22-санынан бастап, «Алаш» газетінің редакторы Т. Жанбаев болғаны туралы «Алаш» газетіндегі Жанбаевтың «Оқушыларға өтініш» деген мақаласында К. Тоғысовтың халық мәжілісіне, Петербордағы шаруалар съезіне уәкіл болып сайланғаны, газет шығару жұмысы Т. Жанбаевқа тапсырылғаны хабарланған. Зерттеуші Ү. Сұбханбердинаның дерегіне қарағанда Петербордағы Салтыков –Щедрин атындағы кітапханада газеттің 22-санына дейін сақталған.
6. «Ара» журналы
Саяси-сатиралық «Ара» («Шмель») журналы 1956 жылдың наурыз айынан бастап, екі тілде (қазақша-орысша) 20.050 дана тиражбен 0,70 бет баспа-табақ көлемінде айлық басылым ретінде шыға бастады. Бас редакторлығына жазушы Ғ. Мүсірепов, редактордың орынбасарлығына Д. Снегин тағайындалды.
«Ара» журналының сол кездегі басты міндеттерінің бірі - ұрлық, зорлық, өтірік-өсек, алдау-арбау, төрешілдік, мансапқорлық, алып-сатарлық, қалың мал сияқты ескіліктің қалдықтарымен күресу және сатиралық өткір тілмен түйреп, әшекерлеу болып табылады.
«Ара» журналының алғашқы сандарында назар аударарлықтай материалдар баршылық, әсіресе, басылым беттерінде жарияланған каррикатура, шарж, сатиралық суреттер оқырман көңілінен шыққандай. Мәселен, суретші Федорцевтің «Қоқиланған қаздар», Леонтьевтің «Осы жұрт мені текке жамандап жүр», Бейсеновтың «Құртты –ау мына кебенек» тәрізді сықақ әзіл-қалжыңға құрылған каррикатуралары ойдан шығарылған емес, өмірден алып берілген дүниелер.
Сондай-ақ «Ара» журналының кейінгі сандарында қоғам өмірінде кездесіп отырған талай кемшіліктердің бетін ашатын Ө. Қанахиннің «Саршұнақтармен шайқасу», А. Егізбаевтың «Берекесіз бес күн», Павлованың «Сынсыз кеңес, сылдыр су», М. Балюктің «Кімге жүгінеміз?», Леховскаяның «Жердің асты мен үстінде» фельетондары мен А. Тоқмағамбетовтың «Көктемгі көріністер» және Ш. Смаханұлының «Қыл-көпір» сатиралық өлеңі жарияланды.
Журнал шыға бастаған 40 жыл ішінде оның тікелей әсерінен С. Адамбеков, О. Әубәкіров, Ш. Смаханұлы, Ж. Алтайбаев (1961-1971 жылдары редактор болған) Ғ. Қабышев, Ү. Уайдин, С. Кенжеахметов, К. Әмірбеков, Ө. Жаппарханов сияқты көптеген сатира сарбаздары өсіп, тәрбиеленіп шықты.
7.«Арай» журналы
1986 жылдың «Желтоқсан» оқиғасынан кейін қазақ жастарының арасынан «халық жауларын» іздеу, табу, табылмаған жауларды қолдан жасау науқанын қанқұйлықпен жүргізуді Колбин қолға алып, азғантай ғана халқымызды «оңтүстіктер» мен «солтүстіктерге» бөліп, үй ішінен үй тігіп жатқан тұста 1987 жылдың сәуір айында дүниеге келген басылымдардың бірі - «Арай» («Заря») журналы.
Бұл саяси-қоғамдық және әдеби журналды ұйымдастарып, қанат қақтырған, 1994 жылдың маусым айына дейін бас редакторы болған жазушы Ә. Көпішев болатын.
«Арай» бүгінгі күннің ауыртпалығына қарамастан өз оқырмандарын жоғалтпаған жанашыры көп басылым. Ә, дегеннен-ақ республикада шығарылатын журналдардың арасынан алғашқы бестікке ілінген «Арай» болса, әлі де сол беделін жоғалтпай келеді.
Журнал жастар тәрбиесі, олардың қазіргі тыныс-тіршіліктері туралы көп жазады. Сондай-ақ тәуелсіздікті жариялағаннан бері Қазақстанның жерін көпсініп, онда тұратын ұлттардың татулығын көре алмай, реті келсе де, келмесе де, «шағып» , «шымшып» жатқандар аз емес.
Осыған мысал ретінде «Арай» соңғы уақытта өз қандастарымыздың да басқаларға қосылып, өз халқын менсінбей кемсітіп, ауылдағы қазақтарды одан бетер жек көріп, үшінші сортқа жатқызып жүрген «ғалымсымақтарды» сынға алып отыр.
Журналдың «Ақ шымылдық», «Кездесуге шақырып едік», «Тылсым дүние», яғни тіршіліктің қырық құпиясы, «Күлегеш», «Әйгілі адамдар», «Ел мен жер» т.б айдарлары бар.
8. «Ауыл» газеті
Қостанай губерниялық партия комитеті мен губаткомының органы «Ауыл» газеті 1923 жылдың 1-қыркүйегінен шыға бастады. Қостанайда әріп болмағандықтан «Ауылдың» алғашқы нөмірлері Челябі қаласында басылды. Кейін газеттің редакторы М. Сералин Қазан қаласынан әріп және басқа да жабдықтар алып келген соң газет Қостанайдың өзінде шығып тұрған.
Б. Майлин осы газетте әуелі әдеби қызметкер, соңынан бөлім меңгерушісі, 1924 жылы уақытша редакторы болып журналистік қызмет атақарады. Оның бұл газетте көптеген сын мақалалары, фельетондары және өлеңдері басылды. Бейімбет газеттің бірінші нөмірінде «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» өлеңін жариялады.
Сондай-ақ газеттің белсенді тілшілерінің бірі С. Қарпықов: «Өткен 1921-1922 жылдары сұрапыл ашаршылықтан оқу жұмысы төмендеп қалып еді. Ол кезде үкіметтің бар мақсаты кедейлерге жәрдем беру болғандықтан, оқу жұмысына жете көңіл бөлінбеді. 1922 жылдың аяқ жағы тоқшылыққа айналды. Халықтың салған аз ғана астығы шығып, үкіметтің қолын жәрдемнен босатты. Губерниялық оқу бөлімі 1923-1924 оқу жылына әзірлік ретінде оқытушылар даярлайтын курстар ашты. Жаңадан 50-80 балалық оннан аса мектеп ашылды, - деп жазса, ал журналист Ж. Еленов 1923 жылы 27-шілдеде Қостанай губерниясы әйелдерінің жиналысы өткізілгенін, оған қазақ әйелдерінен аз қатысқанын сөз етеді. Бұдан ол қазақ әйелдерінің әлгі күнге теңдікке қолы жетпегені, басшы қызметтегі азаматтардың әйел бостандығына немқұрайлы қарайтыны байқалады деп қорытынды шығарады.
1925 жылы Б. Майлин Қызылордадағы республикалық баспасөзге ауысты. Ж. Еленов та сонда кетті. Сондықтан газетке хабар жазып, қаламы төселген тілші М. Жақсылықов «Ауыл» газетіне әдеби қызметке алынды. 1928 жылы 8-қыркүйекте «Ауыл» округтік газет болар қарсаңында белгіл аудармашы Х. Өзденбаев осы газеттің хатшысы болды.
9. «Ауыл тілі» газеті
Партияның ауылды онан әрі советтендіру саясатын жүзеге асыруда 1926-1929 жылдары шығып тұрған жалпы қазақстандық арнаулы шаруа газеті «Ауыл тілі» үлкен роль атқарды. Ол Қазақстан өлкелік партия комитеті, Орталық атқару комитеті, кәсіпшілер одағы және Сырдария губкомы мен атқару комитетінің атынан Қызылорда қаласында шығарылды. Бұл газет көлемі 4 бет, тиражы 6800 дана болып, Қазақстанның барлық ауылдарына таралып тұрды.
«Ауыл тілі» газеті көтерген мәселелері: оқу,денсаулық, әйел теңдігін қорғау, советтердің , қосшылардың жұмысын жақсарту, кооператив, кедей –жалшылардың қозғалысын өрлету болып табылады.
Бұл газетке С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Б. Майлин, Ж. Сыздықов, Қ. Әбдіқадыров, А. Сегізбаев сияқты көрнекті жазушылар мен журналистер белсене қатысты. Олар халыққа түсінікті тілде қара сөзбен де, өлеңмен де, әңгіме, очерк, сықақ, фельетон жазып, ескіні сөгіп, жақсыны дәріптелді. Партия мен үкіметтің игі шараларын насихаттап, жүзеге асыруға үндеді.
«Ауыл тілі» газеті ауылды советтендіру күресінде өзіне жүктелген міндетін абыроймен орындап, 1929 жылы 12-ақпанда 5 (129) нөмірінен кейін өзінің шығуын тоқтатты.
10. Аллаберген Қ.М.
Аллаберген Қырықбай Мазанұлы. 1952 жылдың 16-шілдесінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Жосалы (қазіргі Ж.Аймауытов атындағы) кеңшарында туған. 1970 жылы С.Торайғыров атындағы орта мектепті бітірген. 1970-1972 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын атқарған. 1973-1975 жылдары Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1976-1978 жылдары Павлодар облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде редактор болған. 1978-1983 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. 1983 -1987 жылдары республикалық телерадио хабарларын тарату комитетінің Ғылыми – көпшілік бағдарламалары редакциясында редактор болып жұмыс істеген. 1987 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінде оқытушылық қызметте болған, қазір кафедра меңгерушісі. Тарих ғылымының докторы. Ол «Отралау саясатының ойрандары», «Алты алаштың ардақтылары», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Көне басылымдар, құнды деректер, аяулы есімдер», «Әлем журналистикасының тарихы», «Әлем баспасөзі тарихынан лекциялар курсы» сияқты оқулық, монографиялармен қатар 200-ге жуық ғылыми мақалаларының авторы.
-
Бекхожин Қ.Н.
Бекхожин Қайыржан Нұрғожаұлы. 1910 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Тұңғыш қазақ баспасөзі тарихын зерттеушілердің бірі. Осы тақырыпта 1949 жылы кандидаттық, 1965 жылы докторлық диссертация қорғаған. Тарих ғылымынң докторы, профессор. Ол журналистік қызметін 1929 жылы Павлодар округтік «Кеңес туы», «Колхоз» газеттеріне хат-хабар жазудан бастады. 1935 -1939 жылдары Семей облысы «Екпінді» газетінде істеді. 1942 жылы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. 1942-1945 жылдарда Қостанай облысы «Большевиктік жол» газетінің редакторы. 1945-1947 жылдары өзі оқыған университетінің журналистика факультетінің аға оқытушысы, деканы болды. 1948 жылдан журналистика кафедрасының меңгерушісі. Ол «Дала уалаятының газеті» мен «Айқап» журналын зерттеуде көп еңбек сіңірген ғалым. Бекхожин 60-тан аса ғылыми мақалалармен, «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» және «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» атты монографиялық кітаптардың авторы. Ғалымның өмір жолы туралы оның туған інісі, ақиық ақын Қалижан Бекхожин: «Сірә, мен алты жасымда хат таныған шығармын. Менің әкем сол алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды. Ал менен үш жас үлкен Қайыржанды араб әліппесін үйреніп, хат білгеннен кейін, орыс мектебінде оқытты. Әкеміздің бұл сенімін Қайыржан ақтады. Оқып, білім алғанның арқасында кейін тарих ғылымының докторы, ҚазМУ-дың профессоры болды...», - деп жазды.
-
«Бірлік туы» газеті
Негізін Шоқайұлы Мұстафа қалаған «Бірлік туы» газеті Ташкент қаласында 1917 жылдың 24 маусымынан 1918 жылдың сәуір айының ортасына дейін жарық көріп тұрған. Мұны да Кеңес үкіметі жапқан. Газеттің мәдениеті, танымдық, тез ақпар жеткізушілік деңгейі – жалпы сапасы өте жоғары болған. Салыстыра қарағанда, 1920-1925 жылдары шыққан басылымдардан көш ілгері газетке Шоқайұлы М, Болғанбайұлы Қ, Қожанұлы С, Дулатұлы М, Құлжанұлы Н, Сарыбайұлы Ш, Күлетұлы Қ, Басығарұлы Ж, Шәрменұлы Е, Майлыұлы Б сынды арыстар ат салысқан.
Бұл басылым туралы «Ана тілі» газеті: «Бірлік туы» мен оны шығарысқан азаматтардың газеті жабылғаннан кейін, большевизм тұсындағы тағдыры аса қайғылы. Мұстафа лажсыздан шетелге кетті. Қалғандырының бәріне кезінде «Бірлік туына» қатыстың деп айып тағылды. Не керек, баршасы да кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны боп кете берді» – деп жазған.
-
«Балға» журналы
Сатиралық «Балға» журналы 1932 жылы жарық көрді. Ол өзінің мақсатын, сипатын неге балға екенін былай түсіндірді: «Мен балғамын, пролетариаттың күшті қаруымын, еңбек құралымын. Мен қирата білем, жайната білем, бұза да білем, соға да білем, бүлдіремін де, күлдіремін де... Өмірдің де, өлімінің де иесі – балға. Балғадан ойын шықпайды, іс шығады. Балғадан ескі дүниенің өлімі болады. Балға жаңа дүниенің өмірін соғады. Мен ұратын жау бар: ол-байлар, байдың тобы. Мыж-мыж қылам, құртам. Бай-құлақтың сақ иті-ұлы орысшыл, ұлтшыл, бәлем ісім сендермен түссін. Бай-кулактың агенті-опортун атаулы, төрешілдер, кесірілер күл талқаныңды шығарам. Молда, пролетариат гүрзісі мен болам. Көбірек гүрсілдетер кісімнің бірі сен боларсын».
Осыған орай «Балғаның» бетінде Қ. Қуанышбаевтың «Өшірет» М. Гатуллиннің, Қ. Тайшықовтың «Өкінемін», «Айна алдында» деген сықақ өлең, фельетондарын жарияланды.
14. «Бостандық туы» газеті
1920 жылдың соңында республиканың облыстары губерния болып қайта құрылды. Міне, осы кездегі газеттер партияның губерниялық Атқару Комиттетрінің органы болып жарияланды. Мысалы, 1920-жылдың ақпан айынан бастап Омбы қаласында «Кедей сөзі» деген газет шығып тұрған. Ал 1921 жылдың 19-наурызынан осы «Кедей сөзінің» орнына енді «Бостандық туы» деп аталатын басылым жарық көре бастады. Ол әуелі Омбыда Сиб- ревком жанындағы Қазақ АССР – інің өкілділігі атынан кейін РКП (б). Ақмола губкомы мен губревкомының органы ретінде Қызылжарда шықты. Бұл басылымның 1921-1922 жылдардағы алғашқы редакторларының бірі – Сабыр Айтқожин болды. 1922 жылы уақытша редакторы болып Ж. Жәнібеков қызметін атқарған кезде С. Мұқанов губкомның жіберуі бойынша «Бостандық туының» жауапты хатшысы болды.
1924-1925 жылдары «Бостандық туында» жас талап, ақын жазушылар Ж. Сыздықов, С. Омаров, Ж. Сайн, А. Тоқмағамбетов, Ш. Құсайынов, Ғ. Малдыбаев сияқты ақын-жазушылар, 20-30 жылдары «Бостандық туы» кейін оның жалғасы болған «Кеңес ауылы», «Ленин туы» газетінде қызмет етіп алғашқы шығармаларын бастырып, қаламдарын осында ұштай бастаған.
-
«Дала уалаятының» газеті
«Түркістан уалаяты газетінен» кейінгі өзіндік тарихи орны бар қазақ тіліндегі екінші басылым – «Дала уалаятының» газеті жаңадан құрылған Омбы генерал –губернаторының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылдың 1-қаңтарынан бастап 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін 14 жыл қатарынан жарық көріп тұрған. Оның орысшасы «Киргизская степная газета» деп аталған. Газеттің редакторы ретінде әр кезде И. Козлов және К. Михаилов, Г. Абаза деген кісілер қол қойып отырған. Ал басылымының қазақшасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор канцелярясының аға тілішісі Е. Абылайханов пен Д. Сұлтанғазиндер болатын. Газетте Р. Дүйсенбаев, Б. Чалымбеков және тағы басқа бірнеше адам аудармашы әрі әдеби қызметкер міндетін атқарған. Сондай-ақ мұнда арнайы тілшілер ретінде О. Әлжанов, Ж. Аппасов, Ш. Айманов, Д. Иманқұлов, А. Қылышбаев, А. Нөгербеков, М.Ж. Көпеев, Қ. Жаңатаев, А. Шонаев, Б. Әбдіков жиі мақала жазып тұрған. Редакция қызметкерлерінің және газет авторларының арасында М. Сералин, А. Құрманбаев, Қ. Жапанов секілді халық арасынан шыққан, оқыған, прогресшіл бағыттағы адамдар да болған.
Газет патшаның реакцияшыл, отаршылдық саясатын насихаттайтын материиалдарды жариялаумен қатар өзінің ресми емес бөлімінде егіншілікті өркендету, отырықшылыққа көшу, ғылыми жаңалықтар мәдениетке ұмтылу (дәрігерлік көмек, мектеп ашу, қазақ тілін, әдебиетін дамыту проблемалары) ел басқару, сауда ісін жолға қою, мал тұқымын асылдандыру және т.б.көптеген мәселелерді қамтып тұрды. Сондай-ақ мұнда шетел және Ресейдің ішкі жаңалықтары, көршілес мемлекеттер жөнінде де хабарлар берілді. Газеттің нақты тиражы туралы анық мәлімет жоқ. Дегенмен бір ақпарда оған міндетті жазушылар саны 1332 деп көрсетілген.
-
«Дұрыстық жолы» газеті
Бұл басылымды 1919 жылы 20 ақпаннан 10 шілдеге дейін Ұлттар істері халық комиссариятының қазақ бөлімінің Бөкей бөлімшесі Орда қаласында шығарып тұрған. Айына екі рет шығып, барлығы 11 нөмрі жарық көрген. Газеттің тек Батыс Қазақстанда ғана емес, Жетісу және Семей облыстарында да жаздырып алушылары болған. Шығарушысы – «Жазушылар құрамасы» деп газет редакциялық коллегияның атынан шығып отырған.
Газеттің бағыты, алдына қойған мақсаты 1919 жылы 20 ақпанда шыққан бірінші нөмірінде басылған «Баспасөз» деген бас мақаладан айқын көрінеді. Бас мақала алдымен баспасөздің маңызына тоқталады: «Баспасөз халықты белгілі бір саяси бағытқа салып, ғылым-білімге шақырады, әдеби тілдің дамуына себеп болады, халықтың тұрмысы мен шаруасының жақсаруына көмектеседі» делінген.
Сөйтіп, бұл басылым қазақ ішінде өнер-білімнің таралуына көмектесіп, шаруашылықтың өркендеуі жөнінде кеңес беріп отырды. Ол «Қызыл фронт» деген айдар ашып Қызыл Армияның жеңісті қимылын жазып, интервенттермен ақ гвардияшылардың сойқандық қылықтарын әшкерледі. Азамат соғысының барысы жайында мағлұмат берді.
Бөкей облысы 1919 жылдың орта шеніне дейін тікелей РСФСР-ға қарап келді, ал сол жылы шілдеде қазақ елдерін басқаратын Кирревком құрылғаннан кейін Қазақстанның құрамына Бөкей губерниясы болып енді. Осыған байланысты «Дұрыстық жолы» 1919 жылы 10 шілдеде өзінің он бірінші нөмірінен кейін шығуын тоқтатты. Бұдан кейін оның орнына «Қызыл дала» газеті біраз уақыт шығып тұрды.
17. «Егеменді Қазақстан» газеті
Уақыт өткен сайын «социалистік» деген сөздің өзінің бұрынғы мәнін жоғалта бастағаны мәлім. Сондықтан бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газеті жоғары жаққа оның атын өзгерту мәселесі қойылуына байланысты 1991 жылдың маусым айынан бастап «Егеменді Қазақстан» деген атпен шыға бастағаны белгілі.
Осыған орай басылым келбеті еліміз егемендік алған жылдардын бері өзгеріп сала берді. Газет біртіндеп бұрынғы жалтақтықтан арылып, ұлт тағдырына байланысты материалдарды жиі жариялай бастады. Осы уақыттарда бұл газеттің бетінде қазақ тарихының кесек тұлғалары мен қол бастаған батырларымыз жөніндегі материалдар сериясы жарияланып, әрбір оқырманның ұлттық перзенттеріне деген мақтаныш сезімін тудырды.
18. «Егемен Қазақстан» газеті
1993 жылдың 1-қаңтарынан бастап «Егеменді Қазақстан» енді «Егемен Қазақстанға» айналды. Міне, осы кездерден бастап «Егемен Қазақстан» бұрынғыны қайта қауыштыру үшін біраз тер төкті. «Ақтаңдақтардың» бетін ашуға, Ахмет, Мағжан,Міржақып сияқты арыстарымыздың қайта оралуына, Атырау, Ақтау, Ақмола аттарының қалпына келтіруіне, тағы басқаларына осы газет өз әлінше араша түсіп, үлес қосып отырды.
Иә, уақыт озды, заман өзгерді. Бірақ газеттің бүгінде көтеретін мәселесі аз емес. Оны осы басылымның әр санын ашып қарасаңыз көзіңіз жетеді. Тайталас әлі де тоқтаған жоқ, тәуелсіздігімізді тұрақтандыру, көкпарға түскен тіліміздің, жеріміздің, азаматтығымыздың тамырын нығайту сияқты басты міндеттерді көтеруде де «Егемен Қазақстанның» орны бөлек. Оның арғы жағында қазіргі қиыншылықтар – нарық жағдайы, экономика мәселесі, сыртқы саясат сияқты күрделі мәселелер тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |