ҚОРЫТЫНДЫ
Т.Жұртбай - қазақ әдебиеті мен публицистикасында өзіндік орны бар дара тұлға. Жазушылық пен журналистік тізгінді қатар алып келе жатқан тұлғаларды жан-жақты зерттеп, қаламынан туған дүниелерді жанрларға бөліп талдау, оның ішіндегі публицистік, очеркистік қырын арнайы саралау - үлкен парыз. Публицистің шығармашылық жолы қазақ журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Қырық жылдан астам уақыт қаламын қолынан түсірмеген майталман жазушы - ел өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы туралы кестелі ойларын ортаға салып, қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының қанат жаюына сүбелі үлес қосқан бірегейлердің бірі.
Тұрсын Құдакелдіұлының абайтану, мұхтартану ілімдерін ұлттық әдебиет пен тарихты тығыз органикалық байланыстағы үйлесімде жаңаша ғылыми танымдағы өреге шығаруы – соны ізденістегі еңбектерінің ғылыми-әдіснамалық сипатын ерекшелейді. Абайтануда маңызы ерен «Абай алдында» (1987), «Күйесің, жүрек... сүйесің» (2001), «Құнанбай» (2004) еңбектерінде ақын және ұлт тағдыры, ақын өскен орта, Құнанбай тұлғасы, тарихи шындық пен көркем шындық арақатынасы сынды жоталы мәселелер бұрын белгісіз болып келген мұрағат құжаттары бойынша дәйектеліп берілді, Мысалы, «Құнанбай» еңбегінің «Қаракектің жәбір сұлтаны», «Жазасы – шариғат жолы», «Ерден иман құтылмайды» деп аталатын үш бөлімде зерттеуші Құнанбайдың қазақ тарихындағы дәстүрлі билік заңына жаңа жөн-жоба қосқан қайраткер тұлға болғанын қоғам қайшылығының саяси-әлеуметтік ағысында дәлелдей көрсетеді. Қазақ тарихындағы кесек тұлғаның ұлттық руханияттағы асқақ тұғырын айқындайды.
Зерттеушінің ұлт тарихының алтын тамырына тереңнен бойлататын көркемдік қуаты ерен, тарихи деректері берен, еңбектері отаншылдық рухқа ие. Көне түркі батырлары туралы тарихи әпсаналары топтастырылған екі томдық «Дулыға» кітабының ғылыми және танымдық маңызы көкбөрінің текті ұрпағын елдік қасиеттің заңғарына шығаруында жатыр.
Қан жылаған қазақ баласының 1916 жылы басынан өткерген қилы заманын суреттеген М.Әуезовтің «Қилы заман» туындысының тарихи негіздері «Бейуақ» монографиясында терең екшелсе, Алаш қайраткерлері мен М.Әуезовтің тағдыр-талайы, шығармашылығы мен қоғамдық қызметі «Талқы», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді ұмытпа!..» сынды іргелі еңбектерінде қарастырылды. Алаштануды ұлттанумен сабақтастырған осынау айшықты кітаптар XX ғасырдың 20-30-жылдарындағы ел мен жер тарихының ақтандақтарын соны мұрағат құжаттары, тарихи деректер негізінде талдап-таразылауда ұлттық санаға төңкеріс әкелген отандық ғылымның басты жетістігін айқындап берген кезеңдік зерттеулер болды. Мұхтартанудың уақыт рухындағы серпілісі мен сілкінісін әлемдік деңгейдегі талаптармен үйлесіп отыруын діттеген әдебиетші жетекшілігімен «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» (1997), «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» (1997), «Әуезов әлемі» (1997), «Абай жолы» эпопеясының текстологиялық салыстырудан өткен нұсқасы» (1997), 50 томдық толық жинағының алғашқы 7 томы (1997-1998) дайындалды. Ұлы суреткердің «Ескермедім, қабылдамадым» (1998) ашық хаттар топтамасы әзірленді. Жанкешті ғылыми еңбек барысында «жазушының қилы-қилы тағдыры мен туындыларының жазылу тарихына қатысты бұрын әдеби ортаға белгісіз екі жүзге тарта тың деректерді ғылыми айналымға түсірді» (А.Ісмақова).
Алаштану – ғалым зерттеулерінің негізгі өзегі. Зерттеуші оған саналы ғұмырының жиырма екі жылын арнады. Үш томдық «Ұраным – Алаш!..» іргелі ғылыми еңбегі мен «Движение алаш – Алаш қозғалысы» атты үш томдық авторлық басылымда төрт жүздей тарихи деректер мен құжаттар жарияланды. «Біз тарихи санамызды тазартпай, ар-ұятымызды қалпына келтірмей, әр нәрсені орнына қоймай біздің мемлекеттің руханияты тазармайды» – дейді ғалым. Міне, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметіне қарсы 1927-1932 және 1937-1938 жылдар аралығында жүргізілген большевиктік-коммунистік саяси тергеу ісінің тарихи құжаттары, тергеу деректері қамтылған зерделі зерттеудің құндылығы – ұлт тәуелсіздігі, ел мен жер тұтастығы үшін тарихи қызмет атқарған әлемдік деңгейдегі өркениеттік құбылыс іспеттес Алаштың рухани және саяси көсемдерінің тағылымды ғұмыры, қоғамдық сан салалы қызметінің бүгінгі отаншылдық сана, мемлекетшілдік ұстаным биігіндегі ұрпақ қалыптастырудағы көкейкестілігі тұрғысынан зерттелуінде. Біртұтас Алаш идеясын тұжырымдаған ғалым Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеяны бес басты тұжырымға негізделгенін:
«Бірінші және ең маңыздысы – Жер, Жер және Жер. Жерсіз Отан жоқ. Екінші ұстаным жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барша игілік қазақ мемлекетіне қызмет ету керек. Үшінші ұстаным – толықтай экономикалық тәуелсіздік. Төртінші ұстаным – мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болу керек. Бесінші ұстанымың – ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Дәстүрге негізделген заңы бар елдің адаспайтынын Алаш ардақтылары жақсы білген» – деп түйеді.
Алаш қайраткерлерінің елдік рухындағы тұлғаның сан салалы ғылыми-шығармашылық болмыс-бітімін ұстаздық ұлағаты да әдіптейді. Еуразия ұлттық университетінде абайтану, мұхтартану ілімдерінен дәріс оқитын профессор Алаш идеясын қазіргі тәуелсіздіктің рухани және саяси ұстыны тұрғысынан байыптап, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге ерекше үлес қосуда. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры ретінде еліміздің руханият әлемінің көкжиегін кеңейтуде маңызы зор ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Бір ғана «Қазақ қолжазбалары (біздің дәуірімізге дейінгі X ғ. бастап XІХ ғ. дейін)» деген тақырыптағы 10 томдық ғылыми жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтар болсақ, Тұрсын Жұртбай басшылығындағы келелі істің кемелділігі танылады.
Шынайы тарихты өмірдің өзіндей көркем де келісті құбылта баяндайтын ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай басқаларға бағдар беріп, іздемпаз шығармашылығының нұрлы жарығымен тарих әлеміне шұғыласын шашты. Тарихтың қасірет пен қайғыға толы ауыр арбасына қазақтың көркем сөзін жеккен ғалым-жазушы тәуелсіздіктің самал желімен шабыттана тыныстап, өзінің «Дулыға», «Кетбұқа», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бұзылған бесік!.., «Күйесің, жүрек… сүйесің!», «Бейуақ» атты тарихтың тереңін қозғаған еңбектерін бірінен соң бірін тізбектете, ерен екпінмен, қазақтың қатпарлы тарихына деген алапат құштарлықпен жазып тастады.
Осылайша, тарихшысы бар, әдебиетшісі бар, бүкіл қазақ қуалап жүріп оқитын, бұрын жұртқа беймәлім көнеден бері қарайғы тұтас тарихты қайта қозғаған сиқырлы да тартымды дүниелер өмірге келді. Ғасырлар толқынына көміліп, назардан тыс қалған қазақ тарихы Тұрсынның арқасында иесіне қайтып оралды. Ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлерін ақтау қолға алына бастаған заманда да, Тұрсын Жұртбай ғалымдар шоғырында оқ бойы алда көрінді. Біз кәсіби тарихшылардан әлдеқайда бұрын, темір есігі зерттеуші қауымға ешқашанда ашылмаған Мемлекеттік (кейіннен Ұлттық атанған) Қауіпсіздік комитетінің тылсым құпия архивінің есігін алғаш ашқан екі жазушыны ғана білеміз. Олардың бірі – марқұм болып кеткен Дүкенбай Досжанов болса, екіншісі – осы – Тұрсын Жұртбай.
Архивтің бай, бұрын елге беймәлім, құнарлы деректерінен қуат алған шығармашылық таланттың қуатты тасқыны тағы да өз дегенін жасады. Бұрынғы ерекше құнды еңбектер қатарын «Жегі», «Тез», «Талқы» атты үш бөлімнен тұратын және атауының өзі алыстан аттандап, бүкіл қазақтың делебесін қоздыратын «Ұраным – Алаш!..» атты іргелі зерттеулермен толықты. Ұлт-азаттық қозғалысының қайсар тұлғаларын ақтау жолында бүгінгі күнге дейін жүйелі зерттеулер жүргізіп келе жатқан ғалымның бұл еңбектері – жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде, Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыс тарихы жайлы жылдардан жылдарға созылған ұзақ та тынымсыз тірлігінің нәтижесі.
Тұрсынның көп кітаптарды қамтыған еңбектерімен танысқанда, оның үш мың жылдық қазақ рухани тарихын елге түгендеп бергеніне көз жеткізесіз. Бүгінде қабырғасын қалауға Тұрсын Жұртбай да белсенді атсалысқан қазақ ғылымында Алаштану деген ғылыми бағыт бар. Алаштану дегеніміз – біреулер тар өрістілікпен қабылдап жүргендей, тек қана Алашорда тарихы емес. Бұл кезінде – Алаш, кейіннен қазақ атанған елдің ғасырлар қойнауында қалып, көп құпияны ішіне бүккен қатпарлы тарихы, рухани болмысы. Бұл өзі жазушыдан да, тарихшыдан да, осыған барған кез келген ғалымнан үлкен білімдарлықты, ізгілік пен рухани тазалықты қажет ететін, өте күрделі тарих. Тұрсынның бойында, ең алдымен міне, осындай тамаша қасиеттер бар. Оған қоса оның мұндай қарама-қайшылыққа толы, күрделі тақырыпты жазуға үлкен дайындықпен келгенін де айтқан жөн.
Осылайша, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 71 мүшеcіне қатысты 1927-1932 және 1937-1938 жылдары қаскөй ниетпен жүргізілген тергеу ісінің негізінде алғаш, Тұрсынның екі кітаптан тұратын «Жегі», «Тез» деген атаулармен зерттеу еңбектері жазылып, онан соң олардың жалғасы және қорытынды тұжырымы түріндегі «Талқы» атты үшінші кітап жарық көрді. «Жегі» атты бірінші кітапта «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, З.Уалиди, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Есполов, Ғ.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов секілді мүшелеріне, 41 адамға жала жапқан негізсіз айыптаулар, «Тез» атты екінші кітапта М.Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, А.Байтасов, М.Тұрғанбаев, Ә.Байділдин, И.Қашқынбаев, М.Мұрзин тәрізді 30 кісіге жабылған саяси жала қолдан ұйымдастырылған тергеу деректерін, тәркіленген хаттарды және құжаттарды өзара салыстыру негізінде жоққа шығарылды.
Көне түркі жұртының екі мың жылдық тарихын қамтыған, байырғы түркі батырларының ерліктерін паш еткен «Дулыға» атты екі томдық ғылыми еңбек – осының нақты көрінісі. Әлемдік қауымдастықтан оқшауланған кеңестік қатыгез жүйенің өзінің жасаған қылмыстарын, жазалау саясатын әшкерелейтін құжаттарды аса құпиялап ұстағаны белгілі.
«Құнанбай» (Тарихи және әдеби тұлға) атты еңбегінде өмірлік шындық пен «Абай жолы» эпопеясында бейнеленген көркем шындықты салыстыра отырып, қазақ тарихындағы жетекші тұлғаның бірі – Құнанбайдың ұлттық руханияттан алатын орнын саралай көрсетеді. «Жетінші қазына» атты тарихи дастандар жинағына жазған алғысөзінде ұлтымыздың тағдырлы жылдарындағы жинақталған қазақ руханиятының аса құнды, сирек ұшырасатын, көшпенділер әлемінің ең бір шетін де қат, сирек кездесетін, сандықтың түбіне ыждаһатпен жинап қойған жәдігерлерін жинақтап ұсынады. «Болашақтың байтерегі» атты жинағында Т.Жұртбайдың философиялық, лирикалық мәнерде жазылған адамның жан дүние тазалығын табиғат сұлулығымен астастыра суреттеуін көреміз.
Тұрсын Жұртбай ұлттық идеология, ұлттық тұлға жайында өзінің тұғырлы ойын: Тәуелсіздік дегеніміздің өзі адамның санасына ой еркіндігімен енген дүние. Ой еркіндігі жоқ адам жеке тұлға болып қалыптаса алмайды. Осы сәби сананы ұлттық жүйеге, қоғамға, саясатқа т.б. орайластыра пайдалануға болады. Негізі жоқ идеология ешқашан үгіт-насихатпен іске аспайды. Мықты ұлттық идеология бір тамырға бекуі тиіс, – деп түйіндейді.
Қазақ әдебиетіне «Дулыға» сияқты көлемді тарихи әфсаналар берген, көркем сөздің көрнекті өкілі, жазушы - ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің алғашқы туындыларын, кейбір ой-толғаныстарын публицистикалық стильмен жазып, 1977 жылы «Замандасым, сырласым» деген атпен «Қайнар» баспасынан очерктер жинағын шығарған. Осы кезеңде қазақ басылымдарында Тұрсын Жұртбайдың ондаған очерктері жарық көріп, өмірдің қайнаған ортасында жүрген очеркші еңбек адамдары, құрбы-замандастары жайлы жаза отырып, қызықты факті, ісі мен мінезі оқшау жандарды өз шығармаларына арқау етеді.
Автордың «Шұғылалы Шыңғыстың баурайында» очерктер циклының тақырып өресі кең, оқиғалары шындық өмірден алынған, образдары қонымды, өміршең шыққан. «Құрыштай шыныққан азаматта» жастайынан әке-шешесінен айрылып, ерте еңбекке араласқан, үзілген үмітінің жалғануы қалада да оңайға соқпаған Ыбырайымды кейіннен ағасы Түсіпхан ауылға алып кетеді. Ағайындар қол ұстасып, туған жеріне оралып, бірге еңбек жолын бастайды. Елге бірге қайтқан ағайындар татулығы мен еңбекқорлығы арқысында тіршіліктері түзелген бауырлардың тірлігі шын өмірдің мән-маңызын ашып бергендей әсер етеді.
Очеркшінің «Өмір деген тамаша ғой, бауырым» шығармасы он екі жасында жетім қалған Нұрғазы Райбаев өмірінің сырларына толы. «Нұрғазы Райбаев болып тас қалап, кірпіш құйғалы қашан... Бала жасынан басына су құйып, әдеттенген шаруа ғой. Соңғы он шақты жылда қаншама қыстақтың негізін қалап, ескісін жөндеп, шопандардың алғысына бөленді десеңші. Талай-талай мерекелік сыйлықтарға ие болды. Ол «Қызылту» совхозының 3-бөлімшесіндегі құрылысшылардың топ бастығы, өзіне тән абыройы, өзі тақылеттес күн көріс кәсібі бар». Бұл өз еңбегінен бақытын тапқан ұрпақтың өмірі. Құрылысшы Нұрғазы арқылы еңбек адамының бейнесін шебер жасап қана қоймайды, өз ісіне шын берілген қарапайым жандардың мінез-құлқы, іс-әрекетінен бұл очеркінде жазушы жантануға көп көңіл бөледі. «Ағаңның мінезі өзіңе аян ғой, қайным» деген жеңешесінің сөзін эпилог ретінде беруінің өзі жантанудың алғышарттары.
Т.Жұртбай өз очерктерінде адам мен табиғатты қабыстыра суреттеп, түрлі көңіл-күй мен табиғат тылсымдарын салыстыра, қатарластыра бейнелеген тұстарына тәнті боласың. Әсіресе, жарынан айрылған әке, анасынан айырылған баланың сол сәттегі күйі мен қатал табиғат суреттері реалистік, психологиялық үндестікпен өріледі.
Тұрсын Жұрбай очерктерінде ауыл адамының бейнесін жасау, ел, ауыл тұрмысындағы проблемаларды көрсетуде де өзіндік ерекше жол тапқан. Әсіресе өмірге үңіле, өзі ұнатқан құбылыстарды безендіріп, шындық болмысты көркемдік бояулармен құбылтып, ажарлап суреттейді. Ерлік пен намысты, күрес пен жеңісті сипаттайтын очерктерінің қай-қайсысында болмасын өз замандастарының өнегелі істерін, мінез-құлқын, тұрмысын, жанын жан-жақты бейнелеуді очеркші көздеп отырады. «Қашағанды құтқармай, асауменен алысқан» очеркіндегі өмір бойы жылқышы таяғын ұстап, қызығы мен қиындығы мол еңбектің иесі болған Абылқақтың қашағанға құрық салған атақты жылқышы болғанға дейін талай сыннан өткенін шыншылдықпен бейнелеген. «Алғаш құрық ұстаған кезі. Күн ашық болатын. Ұзақ күнге шыдамы жетпеді. Қасындағы серігі екеуі табынның екі жағында жүрді. Түн ортасы ауа ұйқы меңдеп, көзі іліне берді. Әйтеуір қалғып-мүлгіп жүрген. Бір кезде қатты шыққан дауыстан селк ете түсті. Көзін ашса, қардың үстінде жатыр. Бір аяғы үзеңгіде. Ал серігі оны оятып жүр. Сөйтсе, қалғып жүріп, ұйықтап кетіпті де, қарға құлап түсіпті. Жылқышының сан түрлі құқайын көрген аты тырп етпепті. Қазір де сол бір балаң кезі көз алдынан өтті. Өмір де ағын су сияқты екен ғой. Бір тыным жоқ.
Алға қарай заулай бересің». Очерктегі Абылқақ бейнесі оның еңбегі арқылы ашыла отырып, оның асаумен алысып, қашағанға құрық салған өз ісіне берілген азамат ретінде көрінуі, қазақ халқының психологиялық ой-санасына сіңген салт-дәстүрлерді жетік меңгеруі очеркші кейіпкерінің мерейін үстем етеді. «Туған жерге туың тік» очеркіндегі Аманқұл Бердімұратов, «Дән туралы жырдағы» Амангелді Ботанбеков, «Арман аясындағы» Тұрсынақын сияқты ауыл адамдарының еңбегі суреттеле отырып, қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтереді және осы кейіпкерлер арқылы қарапайым еңбек адамының арман-тілектері, жасампаз өмір адамдарының образы толыққанды жасалады.
Тұрсын Жұртбайдың очерктерінің тақырыптары болсын алуан. Онда ауыл адамдарының өмірі, шопан тірлігі, балықшының келбеті, соғыс ардагерінің ерліктері шынайы өрнектеліп қана қоймай жазушы қай тақырыпқа қалам тербесе де өзі сол ортаның ішінде жүріп, жанымен түсініп барып жазғанына куә боламыз. Автор адамның жан-дүниесін, рухани сезімдерін, көңіл күйін дөп басып, зерттеп барып жазуға дағдыланған.
Қорыта айтқанда, Тұрсын Жұртбай өз очерктерінде өмірдің қай саласын алса да көтерген тақырыбының салмағын жете түсініп, көркемдік бояуын құбылтып, шындықты танытуда адам образдарының даралығымен екшеп, өмірді тереңінен танытуды көздейтін очеркші десек артық болмас.
Достарыңызбен бөлісу: |