1.2 Т. Жұртбайдың Абай, Мұхтар Әуезовтің өмірі мен
шығармашылық тағдыры туралы зерттеулері
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ жазушылары елдiң тәуелсiздiгi мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкiндiк алды. Әл-Фараби - Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуында», Бауыржан Момышұлы -Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызында», Тұрар Рысқұлов -Ш.Мұртазаевтің «Қызыл жебесінде», Ақан Қорамсаұлы - С.Жүнісовтың «Ақан серісінде» шығармаларында ұлы тұлғалардың бейнелері сомдалды. Бұл шығармалардағы тарихи шындық сабақтастығы, жеке тұлғаның ғана емес, ел шежіресінің де суреттеуі тілі, мазмұны, көркемдік әдісі жағынан түрлі сипатымен ерекше[8,18]..
Еліміздің тәуелсіздігі бәрімізге құт болды. Көп жылдар бойы тарихпен «ауырып», оның емін таба алмаған қазақ, отарлау «жүгені» алынған соң, жаппай тарих айналысты. Тарихшы ғалымдармен қатар, жазушыларда ұлт тарихының ақтаңдақтарын ашуға белсенекірісті..
Міне, осы кезде ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай да шынайы тарихты өмірдің өзіндей көркем де келісті құбылта баяндап, тәуелсіздіктің самал желімен шабыттана тыныстап, өзінің «Дулыға», «Кетбұқа», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бұзылған бесік!.., «Күйесің, жүрек… сүйесің!», «Бейуақ» атты тарихтың тереңін қозғаған еңбектерін бірінен соң бірін тізбектете, алапат құштарлықпен жазды[9,10].
Т.Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты зерттеулер жүйесін құраған (түрме әфсанасы), екі кітаптан тұратын еңбегінің алғашқы томы ұзақ жылдар ізденісінің жемісі, зейінді зерделеулер жиынтығы, ойлар мен толғаныстар топтамасы, білім мен біліктің тағылымы екені айқын аңғарылады.
Бірінші кітаптың бастапқы бөліктерінен-ақ –Алаш идеясының азаттық пен бостандықты, тәуелсіздік пен тұтастықты ту еткен асыл мұрат-мүдделері терең танылады. Бұл кітап авторының мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мұрағатында «аса құпия құжаттармен» танысу негізінде «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісі материалдарын тиісінше пайдаланғаны, жан –жақты қарастыруға мол мүмкіндіктер алғаны, негізгі нәтижелер мен тың тұжырымдарға қол жеткізгені, келелі ойлар өрбітуге де кең өріс ашылғаны терең танылады. Іргелі ізденіс пен мол материалдар жиынтығы-тақырыпты еркін меңгеруге, уақыт пен кеңістік сырларын ашуға, өмір-уақыт шындығын танып-таразылауға жаңа өріс,соны сипаттар бергені айқын аңғарылады.
Автор Алаш мұраты мен мирасына қаламгерлік қызығушылықпен қатар, ұлт мұратына адалдық танытқан, елдік мүдде жолында жеке бастарын қауіп-қатерге тіккен аға буын-ұлағатты ұрпақтың женкешті һәм жауапкершілік жүгі мол өмір-тағдырларына, шығармашылық мұраларына жіті ден қояды. Әрбір дәйек пен дерек көздеріне, материалдар жиынтығына мұқият қарайды. Ең бастысы Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің өмірі мен қызметін, көзқарас мұраттарын арғы-бергі кезеңдерде ғұмыр кешкен ұлт мақтаныштарының тағдыр-талайымен сабақтастықта сөз етеді. Тарих пен таным таразысына мән беру, өткен кезеңдер шындығынан сыр тарту, танымал тұлғалардың талайлы сәттері де зерттеу мен зерделеу жүйелерінен оңды сипат алған. Автор ұлт мұраты жолындағы қазақ оқығандарының өмірі мен тәжірибесін, қилы кезеңдердегі ауыр хал, сәттерін де ел тарихымен байланыс, бірлікте қарайды. «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі төңірегіндегі алуан көзқарас, түрлі әрекет, қауесеттер шындығын да тергеу ісі нәтижелерімен сабақтастықта сөз етеді. Осының негізінде өткен күндер шындығын, тарих сабағын, ұлт тәуелсіздігі жолындағы әрекет, қимылдарды барынша әділ, талап деңгейінде қарастырады. Бұл тұста, сөз жоқ кеше-бүгін байланыстарына, тарих пен таным арналарына, кеңестік жүйенің әміршіл-әкімшіл әрекеттеріне, «жекелеген қайраткерлердің» қырағылық қимылдарына, ұрда-жық, сиықсыз сипаттарына назар аударылады. Саясат пен парасат иірімдеріне енеді. Парасат әлемінің басым бағыттары, ақиқаттың бар асылдан да биік, үстем екендігі кеңінен көрсетіледі.
Кітап авторы алғашқы тұста «Түрме әфсанасының тарихы» туралы келесі ойлар қозғап, ұлттық ақыл-ой алыптарының талайлы тағдырларына қатысты жазалау науқаны 1927 жылы басталып, үкім алпыс жылдан соң күшін жойғанына назар аударады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүргізген тергеу құжаттарының маңыз-мәні айқындалады. Саяси қудалау кезеңі, авторлық құқықтар мен тиым салынған шығармалар тағдыры сөз етіледі. Сол тұстағы: «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан-«Алашорда» қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астырын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» [10,101]. ден қойылып, зардапты-зиянды астары ашылады. Жиыны – 14 томдық тергеу ісінің қалтарысты-қатпарлы қырлары көрсетіліп, тергеу барысында орын алған өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың көлеңкелі беттері ашылады. Нәтижесінде, Жоғарғы сот: «СССР Халық Комиссарлар Советінің жанындағы ОГПУ-дің ІҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсіпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әділев Дінмұхамед, Бірімжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битілеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрім т.б. жөніндегі қаулысының күші жойылсын, олардың іс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын» деген шешім шығарылады. Бұдан кейін қалың көпшілікке таныс – «Алаш» қайраткерлерін ақтау туралы қорытынды жарияланады.
Ғалымның Қоғамдық саяси, ұлттық-тарихи, әдеби-мәдени бағыттардағы шығармашылық мұрасы, адамдық-азаматтық көзқарастары айқындалады. Ұлттымыздың Алаш қайраткер-қаламгерлеріне қатысты тергеу барысы, айыпкер актісі, сұрақ-жауап үлгілері тиісінше орын алады. Қысқасы, жазалау жылдарының шежіресі-адам мұраты мен еңбегі, тағдырлар талқысы төңірегінде кең өріс алады. Маңыздысы, әрине қайсібір қайраткер һәм қаламгерге қатысты тергеу барысы мен хаттама қорытындысынан ұлт мұраты мен оған қалтқысыз қызмет етудің өнегелі үлгілері, өмірге құштарлық пен руханият ісіне сүйіспеншілік сипаттары айқын көрініс береді. Осы себепті, «Алашорда» үкіметі мүшелері эмиграцияға кетуге емес, ұлтқа қызмет етуді басты мұрат, абыройлы іс деп таниды: «Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс» [11,15] деген қорытындыға келеді. Осы бағыт, көзқарасқа мықтап табан тірейді. Олардың өмір сапарлары қысқа болғанымен, еңбек-мұраларының ғұмыры ұзақ, рухани әсер-ықпалы зор болды. Асылы, Алаш мұраты мен мирасынан – ұлттық мемлекет құру, тәуелсіздік идеясы айқын көрініп, оның өзі арғы тарихымыздағы – елбасылар мен қолбасылардың, ақын- жыраулардың арман-аңсарын сабақтастықта өрістетудің, жүзеге асырудың жарқын үлгісіне айналды. Бұл жолы да кедергілер кездесті. Зорлық –зобалаң, қуғын-сүргін көп болды. Биліктің құрығы ұзын, айла-амалдары да шектен тыс еді. Тергеу амалдары да бар-жоқты тізіп, кінәлілердің санын да, қарасын да көбейтті. Жолсыз жаза жалған дақпыртқа кең өріс ашылды. Қазақ оқығандары, арлы азаматтар, әділеттілік жолындағылардың бәрі-баршасы сын садағына ілінді. Қара тізімге енді. Жазалау, қаралау, тергеу ісі тоқтаусыз жүргізілді.
Зерттелу арқасында, Алашшыл қайраткерлер ұлт тәуелсіздігі жолында өмірін қиып, тағдыр талқысына түскенімен, елдік мұрат –мүддеге қатысты айқын көзқарас, ерен еңбектері араға ұзақ уақыттар салып халқына қайта оралды. Өмірі мен қызметі, шығармашылық мұралары бұлттан шыққан күндей жарқырап, бар жылу-жарығымен, нұрлы-сәулелі сәттерімен жетті. Қайта оралған қымбат қазынамен қалын көпшілік мәңгілікке қауышты. Бірінші тұста-БАҚ жүйесінде жарияланды. Олардың жеке еңбектері басылып, көптомдықтары жарық көрді. Зерттеу жүйесіне енді. Қазақ ұлт тәуелсіздігінің басты байлықтарының бірі осы.
Өткен күндерден бүгінге жеткен өмір шындығының бір үлгісі осы еді. Мұның мазмұны – ұлт азаттығы мен тәуелсіздігіне келіп саяды. Қазақ зиялылары ұлттық мұрат-мүддені жоғары қойды. Елдік мәселелерге маңыз берді.Дербес ел, ұлттық мемлекет құру идеясы төңірегінде топтасты. Осы бағытта еңбек етті.
Бұл ретке келгенде: «1905-1920 жылдардағы қазақ қайраткерлерінің мемлекеттік саясаты мен ішкі күресі – ұлт-азаттық қозғалыстың, тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылған ұлттық күрестің алғашқы сатысы еді. Қоянды жәрмеңкесіндегі бүкілқазақтық мойынсұнбау (петиция) қозғалысы дербес қазақ мемлекетін құрумен тиянақталды» [12,55]. Мұның өзі –Алаш идеясының бес түрлі тұжырымынан да кеңінен көрініс тапты:
«Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз – Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді.
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек.
Үшінші ұстаным: толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттық тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық – демократиялық мемлекет құру еді» [13,55].
Осы– ұлттық мемлекет құрудың,оған қатысты басты алғышарттар еді.
Осы– тәуелсіз ұлттың дербес даму,өмір сүру факторын айқындаған еді.
Сайып келгенде, Алаш идеясы, оны мұрат тұтқан қайраткер- қаламгерлердің көзқарас, бағыттары- «Жегілер жүйесі», «Жегі» атты кітап бөлімдерінде кең орын алады. Алғашқы бөлімнің өзі – «Ел жегісі», «Ер жегісі», «Жер жегісі», «Жан жегісі», «Жүйке жегісі» атты маңызды бөліктерден тұрады. Ел тарихы мен тағдырына қатысты көзқарастар, тағдырлар талқысы, құжат-материалдар топтамасы да жария үлгіде қалың көпшілік назарына ұсынылады. Тиісті тұста, әсіресе автор Ресей мұсылмандарының алғашқы құрылтайына (1914 жыл, 15-25 маусым), ондағы отар ұлттардың азаттық жолындағы іс әрекеттеріне мән береді (15 бет). «Алаш» партиясы мен «Алашорда» Халықтық кеңесінің құрылу тарихы мен тағдырлы тұстарына назар аударылады (20-бет). Ұлт мұраты алдыға шығады. Дербес мемлекет құру идеясы ақиқатқа айналады. Еңбек,әрекет,қимыл осы бағытқа бұрылады[14,65].
Азат һәм ұлттық мемлекет құру жолындағы жанкешті әрекет пен ерен еңбектер атқарған – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, т.б. есімі мен игілікті істері көпке үлгі етіледі. «Алашорда» үкіметі мен қазақ автономиясы мәселесі, осы жолдардағы әр алуан бағыт, әрекеттердің сыр-сипаттары да тарих пен таным тұрғысынан таразыланады. Жазушының ұстанымға мән берсек, кезең-уақыт шындықтарынан, тәуелсіздікті тұғыр еткен тұлғалар табиғаты мен болмысынан – азаттыққа құштарлық, ел-жерге сүйіспеншілік, Ел алдындағы парыз-қарызға адалдық мұраттары жан-жақты сезіледі. Алаш жұртының азаттық жолды аңсап, бостандыққа ұмтылыстары ғасырдан-ғасырға созылғанын назарда ұстасақ, ХХ ғ.б. ұлтын сүйген қайраткер-қаламгерлердің тәуелсіздікті ту етуі, нақты әрекеттерге баруы – қазіргі кезеңнің шындығы ғана емес, тарих тағылымы да, әрі бүгінгі буынның құрмет көрсетіп, тағзым етер басты нысаны, басым бағыттарының бірі.
Бүгінгі кезеңнің шындықтары тұрғысынан қарасақ: «Тәуелсіздік-тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы: Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық» [15,66]. Бұл бағытта іргелі істер, ізгілікті қадамдар, алар асулар әлі алда. Осының бәрі-баршасы – арғы арналардан: ата –бабалар аманатынан, әрекет-қимылдарынан бастау алғаны аңғарылар еді. Оның жарқын көрінісі – ХХ ғ.б. Алашшыл азаматтардың елдік мұрат-мүддеге адалдығынан, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы жанкешті әрекеттерінен көрінер еді. Өкініштісі: өктем өкімет, тегеруінді билік-ұлт мақтаныштарының асыл армандарын, батыл қадамдарын теріске шығарды. Басып-жаншу, күштеп көндіру сынды аярлық, қатыгездік айла-амалдарымен тосқауыл қойды. Түрме есігін айқара ашты. Тергеу ісімен тұзақ құрды. Ату, асу, жазалау, жер аудару т.с.с. кедергісіз жүзеге асты. Өмір, уақыт осыған қызмет етті. Тарих доңғалағы кері айналды. Қысқасы, адам өмірі тәрк етілді. Ақиқат аяқасты болды.
Трилогияның басты бағыттары мен маңызды тұстарын еске алған кезде- Алаш идеясы мен оның баяндылығына қызмет еткен қайраткер-қаламгерлердін берік ұстанымын, батыл қадамдарын айрықша айтуға болады. Мысалы, «Ер жегісі» тарауында – Алашорда үкіметі мен кеңес өкіметінің арасындағы әр қилы көзқарас, түрлі қақтығыстар сыры ашылады. Кеңес өкіметі – «Алашорданың» автономиялық құрылымын мойындап, А.Байтұрсынов пен Ә.Жангелдинге қазақ өлкесін тең дәрежеде билейтін революциялық комитеттің өкілі етіп тағайындайды. Бұдан басқа, 1919-1921 жылдары Ресейдегі ұлттық федерация мен жер мәселесі, отарлау саясатының түпкі сыр-сипаттары, кеңес өкіметі мен ұлт қайраткерлерінің арасындағы көзқарас алшақтықтары сын тезіне түседі. Т.Рысқұлов пен З.Валидовтың өз халықтарына қилы кезең тұстарында қол созып, еркін елге айналдыру жолындағы ерен еңбектері нанымды баяндалады. Демек, ұлтқа қызмет ету – басты борыш қана емес, оны өмірін сарп етіп, берік көзқарас, табанды әрекетпен қолдап-қорғау міндеттің негізгілерінің қатарына жатады. Бұл бағытта – Алаш идеясына қызмет еткен, сол жолда кедергі-кемшіліктерге кезіккен, сөйте тұра елдік мұрат-мүддені бар асылдан да биік қойып, даңқ тұғырына көтерген қайраткер-қаламгерлер шоғыры тым көп еді. Өмірдің маңызды һәм ғибратты тұстары, ұлт тәуелсіздігі жолына арнаған есіл ерлердің даңқы мен тұғырлы орындары ел есінде мәңгілік сақталады. Ұлтымыздың тарихының қилы кезеңдерінде де, белесті тұстарында да ұлты үшін басын қауіп-қатерге тіккен, есімі мен еңбегі елеулі тұғырлы тұлғалардың қатарында – ХХ ғ. алғашқы жартысында өмір сүрген әр түрлі мамандық иелері-елдік мүддеге қызмет етті. Осы кітапта ел есіндегі аяулы адамдар мен олардың даңқты өмірі елеулі еңбектерімен өзара байланыста беріледі.
Алашшыл азамат- қайраткерлер елдік мұратты бар асылдан да биік қойды. Ұлттық мемлекет құру жолына арман-аңсарларын да, мұратты, кәделі істерін де арнады. «Ұраным – Алаш!..» [16,15]. деп бастарын қатерге тікті. Өмірін, өнегесін сарп етті. Қилы кезеңде, істі болған сәттерде, түрменің түпсіз терең, қапасты бөліктерінде болған тұстарда – ұлттық мұратты, елдік аманатты, азаматтық қарыз-парызды ұмытпады.
Алаш мұраты да осы еді.
Трилогияның «Жер жегісі», «Жан жегісі», «Жүйке жегісі» тарауларында «Алашорданың» қайраткер-қаламгерлерінің кеңес өкіметіне әр бағыттағы қарсылығы мен көзқарастары ұлттық сана, тарихи таным тұрғысынан зерделеді. А.Байтұрсынов пен З.Валидов төңірегіндегілердің ұлттық мемлекет құру, оның мақсаты мен құрылымы хақындағы нақты іс-әрекеттері, ортақ мұраттар мен қилы көзқарастарға кең орын беріледі. Түркістан мемлекетін құру идеясы, Семей губревкомы төңірегіндегі М.Әуезов пен С.Сәдуақасовтың әрекеттері, 1921 жылғы алапат аштық, «Ақ жол», «Қазақ» газеттеріндегі ол туралы хабар – ошарлар, осы тұстағы Ж.Аймауытұлы мен И.Байменов т.б. үстінен қозғалған сот мәселесі, Орынбордағы, Ташкенттегі контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысты тергеу қорытындылары т.т. кеңес өкіметінің билік тізгінін оңды-солды қозғап, империялық саясатын шектен тыс қолданғанын кеңінен көрсетеді.
Алашшыл қайраткерлердің ел алдындағы азаматтық борыш-қарыздары, ұлт тәуелсіздігі жолындағы жанкешті әрекеттері – билік тарапынан «контрреволюциялық-ұлтшыл астыртын ұйым» ретінде бағаланады. «Аштарға көмек комиссиясының» жұмысы да кеңес өкіметін құлатуға қатысты түсіндірілді. Сайып келгенде, Алашшыл қайраткер – қаламгерлердің ұлттық мұрат жолында, ел тәуелсіздігіне қатысты, кемел келешек турасындағы әрекет-қимылдары ХХ ғ. алғашқы ширегінде империялық билік тарапынан басып-жаншылып, қуғын-сүргінге ұшыраумен жалғасса, ал оның ақиқатқа айналуы – ХХ ғ. 80-жылдарының еншісіне тиді. Ұлт тәуелсіздігіне сол ғасырдың соңғы он жылында қол жеткізу мүмкін болды[18,66].
Кітаптың алғашқы бөлімінде – «Алаш ісі» төңірегіндегі құжаттар мен жауаптардан, көзқарастар мен қолтаңбалардан ұлттық мұрат жолындағы: Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, О.Жандосов, М.Тынышбаев т.б. азаттық пен тәуелсіздік, ел-жер жөніндегі берік ұстанымдары, батылдығы мен табандылығы терең танылады. Тергеу ісі барысындағы сұрақ-жауап үлгілері, қорытындылар мен көзқарастар, билік басындағылардың астыртын, жымысқы, зымиян һәм көпе-көрнеу «әрекет-қимылдары» ұлт зиялылары мен жанашырларының жолсыз жаза тартуларына, суық камераның кеміргіштері мен сұғанақ сұр түсті тергеушілерге тап болуына, сот залынан жауап беруге, «елі үшін» мерт болуға алып келеді. Қазақ халық мақтаныштары мен жазықсыз жандар – «ұлы құрбандықтың» құрығына, шеңберлі қамытына мықтап маталған еді. Оның соңы белгілі: жат жерге айдалу, қуғын-сүргінге ұшырау, зорлық-зобалаңдарға тап болу, ату, асу еді.
Бұдан өмір жолының бұралаң екенін, тарихта ақтаңдақ беттердің мол екенін айқын аңғаруға болады. Тарих доңғалағын оң бағытқа бұру, кеше-бүгін байланысына ден қою, ақиқат жолына адалдық таныту – Алаш мұраты. Басты бағыттарының өзекті қайнары болып табылады.
Алашшыл асыл ерлердің ел-жер азаттығы мен бүтіндігі, ұлттық мемлекетті қалыптастыру мен қорғау жолындағы жанкешті һәм жауапкершілік жүгі мол батыл қадам, тегеурінді әрекеттері –түрме әфсанасы, тергеу нәтижелері мен қорытындылары арқылы сабақтастықта беріліп, нанымды жеткізіледі.
Ал, кітаптың екінші бөлімінің алғашқы тарауы – «кәрі көсем» – Әлихан Бөкейхановтың ел-жер төңірегіндегі ұстанымдарын, қазақ даласына қатысты таным-білігін, ұлт дамуы мен өзекті мәселелері турасындағы көзқарастарын саралауға арналады. Ұлт тәуелсіздігі жолындағы жанкешті әрекеттері, «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» ел мүддесімен айналысуы, өмірге құштарлығы кеңінен көрінеді[19,99].
«Алаш ісіндегі» жер мен қоныстану мәселесі – Ә.Бөкейхан төңірегінде өріс алса, оның өзі А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Е.Омаров т.б. берік байланыс, ортақ мүдде арқылы дамып отырады. Елдік мүддеге қызмет ету-ортақ мақсаттарға бағыттайды. Осы жолға өмірін, еңбектерін арнайды.
Енді, «Бәйбіше – тоқал» трагедиясының құрбаны – Халел Ғаббасовтың өмірі-тағдыры: «Алаш» партиясының ұлттық бағдарламасын дайындау ісінен, байлардың малын тәркілеу науқанына, ауылды жерлерді кеңестендіруге кедергі жасағаны жайлы, аудандық – ауылдық одақтардың өкілдерінің құрылтай сайлауын басқарғаны т.т. қиын да қисынсыз айыптау-жалалардың ақиқаты айтылады. Адам әлемі, өмір шындығы, тағдыр мен талқы таразыға түседі. Уақыт бедері, мәні ашылады[20,10].
«Дала қашқыны» – Д.Әділевтің «алашордашыларға» қатысты тергеу ісімен байланыстырылады. Д.Әділевтің тергеу ісі – түрме табиғатын да, адам әлемінің иірімдерін де көрсетеді. Түрмедегі сұрақ-жауап көрсетінділерінен- Д.Әділевтің әр кезеңдегі қызметтері, З.Валидов естеліктері, Ж.Аймауытұлы хаттары, Қ.Тыныстановтың ресми хаты т.т. кең орын беріледі. Бұдан байқалатыны – Алашшыл тұлғалар ұлтқа қалтқысыз қызмет еткен. Жарқын болашақ жолына, азат ұрпаққа – тәуелсіздік тағылымын, бостандықтың бағасын батыл айқындаған. Соған өмірін, еңбегін арнаған.
«Байтұрсынов- баяғы Байтұрсынов» атты тарауларда «Алашорда» көсемдерінің өмірі мен қызметі, іс-әрекеттері мен мінез қырлары, басты ұстанымдары көрсетіледі екінші бөлімдегі – «Сөзі де-ақ, өзі де-ақ», тарауда көрсетіледі. Анкеталық –өмірбаяндық мәліметтері, білім-ғылым ісіндегі еңбектері, БАҚ жүйесі мен тергеу материалдары жеке арна құрайды. Бұдан басқа-саяси һәм контрреволюциялық қылмыстар, террорлық әрекеттер, астыртын ұйымдар мен тергеушілердің амал-тәсілдері дәлел – деректерімен нақты көрініс табады. Біріншісі, А.Байтұрсынов, М.Дулатов т.б. қоғамдық қызметтері, мәдени-рухани бағыттардағы ұстанымдары, елдік мәселелер төңірегіндегі оңды көзқарастары – «Алаш ісімен» байланыстырылады. Тергеу ісі мен үкім тізімі де беріледі.Мұнда ату жазасына кесілгендер, он жыл концлагерьде отыру жазасы, жер аудару үкімдері де орын алады. Жолсыз жаза мен заңсыздықтардың қыр-сырлары ашылады. Нәтижесінде, ХХ ғ.б.орын алған алапат аштық, қуғын-сүргін сырлары тарих тағылымы,өмір-уақыт шындықтары арқылы байыпты баяндалады. Тарих, тағдыр тағылым мәні айқындалады[ 21,10].
Жазушы «Алаш ісімен» танысып, әрбір құжат, материалдарға қатысты ойлар мен шегіністерге барып, түрме әфсанасының әр қилы көріністеріне көз жеткізіп, сұрақ-жауап, хат жазбаларға назар аударып, нәтижесінде өмір сырына, уақыт желіне, адамдар тағдыр-талайына, биліктің құбылмалы, табансыз әрекеттеріне ден қояды. Уақыт бедері басты өлшем етіліп, тағдырлар талқысы, шындық сырлары алға тартылады. 30- жылдар ойраны, қуғын-сүргін сырлары-адам өмірі, тарих талқысы, тағдырлар тауқыметі арқылы дәлелді, жүйелі жеткізіледі. Тарих тағылымы, империялық билік, өмірдің бұралаң жолдары, қуғын-сүргін зардаптары нақтылы дерек көздері аясында байыпты баяндалады.
Нәтижесінде, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен- 1927-1932 және 1937-1938 жылдардағы тергеу ісінің қорытындыларын арғы-бергі тарихтың тағылымдарымен, ұлттық мұрат жолындағы танымал тұлғалардың тағдыр-талайымен, «уақыттың» ұрда-жық саясатымен сабақтастықта саралап, тиісті тұстарда өзіндік ойлар мен толғаныстарын да сыналап енгізіп, тың тұжырымдармен байыпты баяндайды.
Ақиқатында, Алаш мұраты мен идеясын қолдап-құрметтеумен қатар, осы бағыттағы көзқарас-мұраттарын, қазіргі кезеңнің шындықтарымен байланыс-бірлікте сөз етеді. Арғы арналардан сыр тартады. Бүгінгі күннің биігінен ой қозғайды. Ортақ мұраттар төңірегінде толғамдар мен толғаныстарға беріледі. Соның бәрі – баршасында елдік мұраттар, руханият ісі, тарих пен таным, уақыт пен кеңістік, көркемдік ойлау жүйелері кеңінен қозғалады. Демек, Алаш мұраты − тәуелсіздік тұғырына табан тіресе, ұлт пен ұрпақтың міндеті – азаттық пен бостандық бағасын біліп, оны қорғап-құрметтеу һәм қызмет ету болып табылады. Ұлтқа қызмет ету – абыройлы іс, мерейлі міндет.
«Ұраным – Алаш!..» алашшыл қайраткер – қаламгерлердің өмірі мен кезеңін, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасын аялау мен бағалау, зерттеу мен зерделеу ғана емес. Сонымен бірге, кітап авторының адами һәм азаматтық бағытын айқындаған, өмірі мен уақытын арнаған, зерттеу мен зерделеу ісіндегі құнарлы, арналы салалардың бірі. Бұған, сөз жоқ «Бейуақ», «Дулыға» (2 кітап), «Кетбұқа», «Құнанбай», «Талқы», «Сүре сөз» т.с.с. қосар болсақ, Абай, Әуезов туралы зерттеулер жүйесімен жалғастырсақ, ақын жоғарыда тілге тиек еткен – Алаштың мұрат-мирасымен байытсақ, бұның өзі – ғалым-қаламгер Т.Жұртбайдың ұлт руханиятын тарих-тағылым тұрғысынан толықтырғанын, жаңа биік, бел-белестерге көтергенін айқын аңғарар едік. Тұжырып айтсақ, алғашқы тұста профессор Х.Бекхожиннен дәріс тыңдап, Алаш арыстары мұрасымен жіті танысуы, академик Р.Нұрғалидің бағыттауымен нақты туындыларын оқуы, Х.Оралтайдан азаттық-бостандық маңызын терең түсінуі.
Т.Жұртбайдың азамат ретінде қалыптасуымен қатар, ұлтқа қызмет ету жолын, тарихтан тағылым алуды, алашшыл азаматтардың асыл мұраты мен еңбектеріндегі ел-жер, руханият төңірегіндегі ізденіс, көзқарастарын өмірлік ұстаным етуі – кеше мен бүгін байланысын, қазіргі кезеңнің шындығын айқын көрсетеді.Қазақтың ұлт мұраты мен руханиятына шынайы қызмет етуін еселеп арттырады.
Әркімнің өз Абайы бар. Әдебиетке ден қойып, қалам ұштаған әр қаламгер, әр ғалым, әр оқырман ойшыл-ғұламаның шығармаларынан өз Абайын іздеп тапты. Данышпан бабамыздың дария әлеміне бас қойған Әуезов бастатқан ұлылар легіне Тұрсын Жұртбайда қосылды. Ол данышпан бабамыздың рухани әлеміне үңіле отырып, өзі таныған Абайдың «құлақ күйіне» оқырманды түсірді, сәл де болса үйреншікті қалыпта ойлап тақыстанып қалған түсінігімізді жібітті.
Ұлттық психологиямыздың Абай танытқан терең қырларын саралай отырып, жіліктеп жеткізіп берді. Ғалым қарастырған Абай рухани құндылықтарындағы «Мәңгілік Ұғым, Мықты Билік, Ұлттық Мақтаныш, Ұлттық Сана, Таза Пиғыл, Әділ Заң, Толық Адам, Жан Бостандығы, Рухани Тәуелсіздік, Тәуелсіз Ой, Қайырымды Байлық, Ел Тәрбиесі» ұғымдарын Абайдың ой-пікірін жіктеп жазып көрсетті.
Ең алдымен Тұрсын Жұртбай таныған Абайдың қайраткерлік рухы мен ойшыл әлемінің арасынан біздер қазіргі тәуелсіздікпен сабақтастығын таныр едік. Ұзақ жылдар бойы болыс болып ел тізгінін ұстаған дана Абайдың жалпы Билік пен Тәуелсіздік туралы, Бостандық пен Бодандық туралы ойларының тігісін ажыратады. Бұл ғалымның «Күйесің, жүрек сүйесің...» атты кітабында терең талданады[ 22,10].
«Абайды толық түсіну үшін оның өскен ортасын және сол тұстағы бодандық пен толықтай басыбайлы отаршылдыққа бет алған қазақ елінің басынан кешкен заманы мен тұйыққа тірелген тағдырын жан-жақты әрі тереңдеп саралау қажет» [23,20] , - деген ғалым Абайдың өзі өмір сүрген заманның әр қимылы мен қалтарысын қағыс жібермей, оның сол ортаның қазанында қайнағанын өлеңдерімен, қара сөздерімен тұжырымдайды.
«Рухани тәуелсіздікті» шығармаларында, мақалаларында, сұхбаттарында үнемі айтатын жазушы-ғалым Т.Жұртбайдың Абай туралы айтқанда бұған тоқталмай кетуі мүмкін емес еді. Рухани Бостандыққа жету – рухани басыбайлылықтан құтылу. Бұл Абайдан кейінгі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов т.б. сынды алаш азаматтарының да ұраны болды.
Ғалым Абайдың «Алланың өзі рас, сөзі де рас» өлеңінен үзінді берген. Абай үстірт қараған кісіге діншіл ақын сияқты болып көрінеді. Бірақ үңіле қараса, Абай исламның кейбір түрлері ұғымдарын сыншыл ақыл сынына салып, оны өзіндік таным тұрғысынан адамгершілік дініне айналдырады.
Абайдың Жан Бостандығы, Рухани Тәуелсіздік сынды құндылықтарын саралай келген ғалымның отаршыл саясаттың тағы да бір астыртын ісі шоқындыру саясаты, яғни, миссионерлік туралы айтпай өтуі мүмкін емес еді. Т.Жұртбай миссионерлікті «жасырын соғыс» деп те атады. Абайдың ең басты қорқыныштарының біріне айналған осы саясаттың шырмауына қазақтың түсіп қалуы еді.
Оқырман «Ойында жоқ олардың, шариғатқа шаласы...» [24,1]. деп аталатын бөлімді оқып отырып Абай жан дүниесінің күйзелісін жан-тәніңізбен сезінеді. Неге? Себебі тұшымды ой мен тұжырымды дәлелмен келтірілген мысалдар сізді тапжылтпайды.
Қазақта «тәрбие басы – тал бесік» деген жақсы сөз бар. Жазушы Т.Жұртбай Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі тәрбие, бала тәрбиесі деген мәселеге «Ата-анаға көз қуаныш...» деген бір бөлімді арнаған.
Ұлы Абай өзінің қарасөздерінде, өлеңдерінде тәлім-тәрбиеде туралы үнемі айтады. Ал тәрбиенің басты қайнар-көзі отбасы екендігі белгілі. Бала тәрбиесіндегі кем-кетікті көрсету арқылы данышпан Абай оның болашақ қоғамға қалай әсері болатынын да айтып береді. Себебі сол қоғамның негізгі тірегі адам, ал адамның негізі отбасында орын алмақ. Ғалым мысалға Абайдың жетінші сөзінде бала туралы, ақыл үйрену мен насихат тыңдау мәселелерді келтіреді. «Жас бала – анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары… Біреуі білсем…көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» [25,22]. Осы Абай айтқан екі мінезден өзіне екіншісі ұнап тұрғанын, жүрегіне жақын қонымдысы да сол. Ұлы Абайдың шығармаларындағы адам тәрбиесі, хәкім іздеген толық адам негізгі іргетасы да оның ұяда көргеніне бастау алмақ.
Қазақ халқының Абайдай ұлы тұлғасының дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көркемдік ойын санаңа сіңдіріп, сарайыңды ашатын шығарма – «Күйесің, жүрек... Сүйесің». Сондықтан оны терең түсініп, насихаттау – әдебиеттану ғылымындағы мәңгілік мәселе. Жазушы-ғалым Т.Жұртбай: «Абай арқылы өзіңізді танысаңыз – мұртқа жеткеніңіз» [25,28] дейді.
Данышпан Абай – өмірге ой тербетіп, ақыл күйттеп келген ақын. Оның қай туындысын алсаң да, белгілі бір дәрежеде даналықтың дәрісі болып келеді, өлеңдерінің әрбір шумағынан, әрбір тармағынан түйінді тұжырым, қалтқысыз қағида туындап отырады.
Жазушы-ғалым Т.Жұртбайдың «Күйесің,жүрек... Сүйесің» деп аталатын кітабын оқып отырып осы шығарманың әрбір тарауына тоқталып дана Абайды әр қырынан танып қана қоймай, әр бөлімі жеке-жеке зерттеуді қажет етеді.
«Күйесің, жүрек... сүйесің...» шығармасында Тұрсын Жұртбайдың Абайы өзінің жүрегінен әбден өткен, рухы айрылмастай қауышып, тұтасып кететін рухани сыр-шежіре екен. Егіздің сыңарындай әсте айрылғысы жоқ. Демек, бұл шығарманың жанрын дәл анықтағаныма күмән жоқ: жазушының жан сыры. Абай арқылы айтылатын исі қазақтың шер-мұңы, құса-қайғысы, арман-мұраты. Теңіздей буырқанған орыс әдебиетінің алтын ғасырында әулие Лев Толстой «Исповедь» деп атаған, өтірігі, алдауы һәм сырлауы жоқ ар рухынан жаралған. Автор «Мұрат – Абайды түсіну» дейді [26,28]. Дегенмен Абаймен қоса күйініп, шер тарқатып отырған тап өзі. Жазушы Абай арқылы қазіргі қазақтың ұлттық қалыбын айғақтайды.
Абайдай халық ұлын саралау үшін Тұрсын Жұртбай ғалымның кәсіби мүддесінен ғөрі жанның рухани мұқтажы қысып, булыға, тебірене, кейи һәм ашына ой толғауы, көкейінде миғұла ел ұқпаса да бәрібір мыңнан біреу сөзімді қабылдар-ау деген күдік пен үміт текетірес түскені анық. Қазіргі қазақ зиялы қауымының зейін сөзін Тұрсын Жұртбай ұлтына жеткізуді шын мақсат тұтқан екен.
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір жақсыны көрсеңіз», - деп ұлы ақын өзі ұрпағына өсиет қылды[28,8]. Тұрсын Жұртбай осы өсиетке тым адал болғандықтан өзі Абайға ауық-ауық айналып кеткендей. Абай тұлғасы мен қазақ қоғамын ол біртұтас алып, оқырманына ой елегінен өткізіп, екшеп, танытып береді.
«Әйтеуір өзін тереңнен,
Іздеген жанның бірімін», [29,18] - деп жасында жыр жазған Тұрсын Жұртбай Абайды әуелі өзін танымаққа таңдап, онысы ұзамай ұлы мұратына, алаштың идеясына бастағаны анық.
«Иман - Абай үшін жан бостандығының кепілі» деп айқындауыш қосып айтады автор. «Дінді өзгерту, Абай үшін рухани құлдыққа, басыбайлыққа түсу. Ол шырмауға бір түскен адам қайтып шыға алмайды» [30,18] .
Т. Жұртбай Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос» [31,1] десе, ортақ ұлттық идеология осы болуға тиіс деген ойын терең бекітеді. Жазушы Абай шығармаларының мәтінін, қазақ қоғамының ащы, көлеңкелі шындығын орыс пен батыс қоғамының ойшылдарының зердесі мен ақыл сүзгісі арқылы қарайды.
Абай өлеңдерінің жалпақ жұртқа үйреншікті көрінетіндей мазмұны орыс империясының мүддесінен туындайтын іс-қағаз, ережелер, заңдар арқылы түсіндіріледі. Абайдың өз ұлтынан түңіліп, жаны қинала налитын құсалы тұстарының қиямет шындығы ашылады.
Абайдың әр өлеңі бір әлем. Бірақ ол қиялдағы патшалық емес, қазақ деген ұлттың дүниетанымы. Т. Жұртбай Абай шығармаларының әлеуметтік астарын ұғындыруды парыз санайды. Себебі адамтануға мұның тигізер үлесі мол: ««Абайдың «мал баға алмай кеттің» деп мегзегені: мал да өзіңдікі емес, жаттыкі. Бүкіл игілігің империяға қызмет етеді. Яғни, өз малыңды өзімдікі дей алмайсың - дегені» [30,1] .
«Қауіп - бүкіл ұлттың күлембайланып кетуінде», [32,25] - жазушы қазақ түгел күлембайланып кетсе ұлттың сау тамтығы қалмас деп аңырайды. Автор Абай сынаған Күлембай типажын жіті зерттейді.
Абайды оқымас бұрын оған тәпсір, комментарий десе арзандайтындай сезілер, демесе даналыққа тағзым тәрізді есті кітапты оқып шығу исі қазақты темірқазықтай адастырмас еді. Абай сондай құбылыс. Хакімге елін бастайтын әуелгі киелі қара жолды Мұхаң салды, оны кейінгі ізбасарлары жалғауы орынды. «Алтын шыққан жерді белден қаз». Жазушының айтпағы өмірдің өз нышанындай қарапайым ой: елің азбас үшін құлдық пейілден арыл, өзіңді түзе, рухани тәуелсіздігіңді қастерле! Абайдың өсиетіне адалдық. Абайдың азабы арқылы көкірегіндегі сөзін айтып қалу. Ұлттың буынына түскен жегі құртты Абай білді, өлеңіне салды, «Демек, елдік пен ерлік рухы сөнген. Рухани басыбайлыққа бой алдырған». ««Бұл өлімге, халық, ұлт ретінде жойылуға бет алды» дегені ғой Абайдың» [33,25].
Т. Жұртбайдың роман-эссесінің лейтмотивы осы ой. Артынша ол өзі осы ойынан өлердей шошынып, райынан қайтып, астафыралла дегенге ұқсастырып: «Абай елден емес, пысықтардан жерініп отыр» дейді.
«Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел, - деуі де сондықтан» [33,25].
Тегінде Абай сайлаудағы би-болыстың мінезін қасында жүрген соң айнадан көргендей суреттеді. Сөйтіп, тұтас бір қоғамның, құлдықтың бет-бейнесін түзді. Абайға ол қиын соқпаған, көрген-баққанын айқын санамен, даналық болмысымен таңбалады. Асылында, бәрібір данышпанның ой шалымына біздерге ілесу қиын. Ұстазсыз. Абайтанушылар шетінен шамшырақ ұстаздарымыз болмағы заңды құбылыс.
Т. Жұртбай Абайдың қара сөздерін талдау арқылы терең бір иірім, тұңғиықтарға сүңгуге мүдделі, соның үшін тайынбайды. Өйткені Абайдағы қара сөздер мемлекет, философия, дін, саясат, психологияны біртұтас қамтиды. Абайдың ойын бағу, данышпанға ілесем деп онымен ой жарыстыру қара жаяуға алдырмайтын күрделі іс. Т. Жұртбайдың осы үшін өзін аямағанын ұқпау мүмкін болмай қалады. Шындықты үнемі суыртпақтан аша беру оңай емес. Абайды сүю. Ол бір көз жасына тағы бір көз жасын қосады, дала данышпанымен қосыла егіле жылайды.
«Тәуелді заңнан тәуелсіз ождан қымбат.
Ең ұлы, ең қасиетті Заң - Ар-ұят»
Ол қанағатқа, қайырымдылыққа, «суық ақылға», «қол қайратқа негізделуі керек - дейді Абай тағылымы» [34,25].
Абайды ұялмағандар өзінше илейді, кейі бір сұрқылтай. Оларды автор «қазақ оқымыстысымақтары» деп атайды.
Жазушы: «Абай дінді ғылым деп түсінген» деп жазады. Қасиетті Құран-кәрімді Абайдың қалай қабылдағанын «Ол өзі сенген діннің тарихы мен таным тамырын түбегейлей зерттеп, исламияттың ұлы ойшылдарының қатарына көтерілді», «Ол уағызшы емес, таным тұрғысынан талдаушы» [35,25], деп таниды.
Аллатағаланы сүйген құлы Абайдай сүю бізге үлгі. Ұлы ақынның өлеңдері шынайы құлшылықты танытары айқын.
Ислам Абайға қазақты шоқыншыдан арашалап, ұлттық негізін сақтап қалуға дер кезінде қорған болды: «Абайдың діни танымы - ұлттық тәуелсіздік үшін күрескен қайраткердің бір амалы еді» [36,25]. Жазушы Абай және қазақты шоқындыру һәм жазалау саясатын түбегейлі саралайды.
Абайдың жан әлемін ғұламалар: Гете, Монтень, Ницше ілімдері арқылы таныту инемен құдық қазғаннан бетер білімді болуды қалайды. Ғылым, дін, иман, этнос, т.б. адами ахуалдармен берілуі және шарт. Ұлтының ішкі әлемін сыртқа шығару арқылы олар туған халқының тектілігін қызғыштай қорғауын танымы зорайған ұлттардың рухани эррозияға ұшырамауымен ұғындырады. Бұл менмін деген талай оқымыстының жүрегі дауалай бермес іс.
Ұлы Абай - қазақтың бары, нәрі, әулиесі. Оның рухын жасқау, жасыту, бұрмалаумен ұлтымызды түп-тұқиянымен қайта өңдеуді армандайтын жаулар айнала ордалы жыланша өріп жүр. Абайдың қазағына қалдырған өнеге сөздері олардың алдына «Шошқаның алдына маржан төкпе» деген қағидамен жүруді талап етері даусыз. Сондықтан «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» [37,2] деп ұлтының жарқын болашағына үміт еткен Абайды бөтен болмаса да өз қазағы өгейсімей тани бермегін, сүйген үстіне сүйе бермегін ұрпаққа жалғау мұратымен Тұрсын Жұртбай алтын көпірдей қызмет қылған.
Тұрсын Жұртбайдың Абайтанудың саласында текстологиядағы пайымдаулары аса мәнді. Ұлы ақынның суреткерлігі ерте оянуын ол өлеңімен талдауы оқырман үшін маңызы бар. Әйгілі төрт шумағы: «Кім екен деп келіп ем түйе қуған...» туралы: «Роман болмаса да романға лайықты көркем ой мен суреткерлік, көрегендік бірден байқалады. Бір ауыз өлеңмен айдалада түйесін қайыра алмай далақтап шауып жүрген, белін күлдәрімен буған әйелдің астындағы жауыр айғыр жүрмегендіктен ызаға булыққанын, ол айғырды сараң төркінінің бергенін тасқа таңба басқандай анық әрі қысқа сөзбен толық жеткізіп тұр емес пе? Бұдан артық суреткерлік шеберлік бола ма?- дейді автор[38,25]
Бұл кітаптың идеялық мазмұны осы түйіндермен ғана сарқылмайды. Жазушы Абайдың «күйіп тұрып сүйген жүрегін» оқырманына мейлінше сырластырады.
Ғалым-жазушы, Тұрсын Жұртбай Әуезовтануға өз үлесін қосты. Ұлы Абай мен ұлы Мұхтарды қатар зерттеу ғалым үшін темірқазыққа айналды.
Т. Жұртбай «Талқыда» –Мұхтар Әуезовтің қырық жылға созылған өмірі мен шығармашылық тағдыры, кеңестік жүйенің оны рухани тәуелділікке жүгіндіруді көздеген идеологиялық қысымы, «аса құпия» құжаттар және басқа да тың деректер, зиялылардың өзара жазысқан хаттары негізінде бұлтақсыз зерделенген. Зерттеуде кеңестік тоталитарлық жүйе «халық жауы» деп туған халқына қарсы қойған алаш азаматтарына қатысты тергеу істері, олардың қуғын-сүргінге толы азапты ғұмыры туралы сирек мәліметтер, деректер мол. Оны оқығанда автордың өзіндік аналитикалық ойлау жүйесіне, тың да тосын қорытындыларына куә боламыз. Көркем де жатық тілмен баяндалған азапты тарихи шындық құжаттарды әдеби-публицистикалық арнаға салғанда оқырманын қайғы қайығында толғандырып, батпандай ауыр сезімнің аясында аунатып, қаралы ойдың тұңғиығына еріксіз жетелеп әкетеді. Еңбекті оқи отырып, сөз бен іс қабыспайтын қайшылықты заманда халықтың саяси және рухани бостандығы туралы өзіндік идеяны дүниеге паш еткен қуғындалған қазақ зиялылардың өмірлік ұстанымдарына сүйсіне таң қаламыз. Кезінде «тәуелсіздік табалдырығына келдік» деп ойлаған арыстардың сол табалдырық «түрме» деп аталатын қапас үйге апаратынын соңынан аңғарғанына еріксіз өкінеміз. Бірақ, үш кітапты сарқа оқығанда, олардың көп құпияны құшағына сыйғызған қалың мұқабаларын сипап отырып, азаттық үшін күрестің мәңгілік жеңісі туралы шұғылалы ойларға бой алдырамыз.
Заманның қасқырға айналғанын айқын аңғарған Алаш зиялылары оны түлкі қумақ болып, елді автономияландыру идеясын ұсынғандағы мақсат, әрине, түптің түбінде тәуелсіз ел болу еді. Осы жүйелі ой Тұрсын Жұртбайдың аталмыш еңбектерінің өн бойында жалғаса өріліп отырады.
Ұлы даланы ұйқысынан оятып, ұлт зиялыларын мемлекет құруды көздеген ұлы істерге жұмылдырған, қазақтың жазба әдебиетінде қоғамдық-саяси, шығармашылық ізденістерге негіз қалаған Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы!» мен Ахмет Байтұрсыновтың «Масасындағы» идеялық бағыт біртіндеп қазақтың мызғымас тұтастығына апаратын «біртұтас алаш идеясына» ұласты. Біз әңгімелеп отырған іргелі зерттеулер осы идеяның бес түрлі ұстанымын, ұлттық-демократиялық мемлекет құру қағидаттapын саралап көрсетіп, шұқшия зерттеп, тың қорытындыларға жол салған.
Жазушы Сапарғали Бегалиннің үлкен ұлы Хамит Бегалин марқұм өз қолымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына (директоры филология ғылымдарының докторы Т.Жұртбай) тапсырған қолжазбаларының негізінде дайындалған жазушының 7 томдық шығармалар жинағы оқырмандар назарына ұсынылды. Басылымды дайындау барысында қаламгердің кенже ұлы Қасым Бегалин де көп көмегін беріп, «Қарқаралы», «Тау сыры», «Өрісті өмір» атты дастандарының көшірмелерін ұсынды. Басылымға ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Рымғали Нұрғали жетекшілік еткен болатын.
Сапарғали Бегалиннің шығармалары әр жылдары басылып, кітап болып шыққанымен, ақынның өз мұрағатында қолжазба күйінде қалған, кезінде баспа бетін көрмеген туындылары да баршылық. Бұл күні Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында ақынның күллі қолжазбасы сақтаулы. Кітапхананың ғылыми орталығы басшылығымен қаламгердің 7 томдық шығармалар жинағы әзірленді. Қолжазбаларды жүйелеп сұрыптай келе және бұрынғы жарияланған кітаптарды басшылыққа ала отырып, жеті томық жаңа жинақтың құрылымы төмендегідей болып түзілді: 1-том: Өлеңдер мен поэмалары; 2-том - әңгімелері мен повестері; 3-том: 4-том: Бала Шоқан. Повестер; 5-том: Жамбыл. Өмірбаяндық хикаят: естеліктер мен естігендер; 6-том: Замана белестері; 7-том: Поэмалар.
Томдықтарды құрастыру барысында ақынның шығармашылық мұрасы түгелімен қайта қаралып, топтастырылды. Кезінде әр түрлі себептермен жарық көрмеген «Қарқаралы», «Тасарал», «Тау сыры», «Өрісті өмір» «Жамбыл: өмірбаяндық хикаят» атты шығармалары аталмыш жеті томдыққа енгізілді. Бұл шығармалар негізінен 1936-1944 жылдары аралығында жазылған. Тақырыбы кеңестік талапқа сай болса да жариланбай қалған «Жамбыл» атты деректі хикаятын тарих ғылымының кандидаты Ақыжан Игенбаев пен филология гылымының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай 1996 жылы Орталық мемлекеттік мұрағаттан тауып, әуелі «Жұлдыз» журналында жариялады.
Сапарғали Бегалиннің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында сақталған қолжазбалар қорынан алынған шығармаларының 7 томы – Т.Жұртбадың қажырлы да жауапкершілікке толы істерінің көрінісі. Алпыстың асқарына шыққан Тұрсын Жұртбай «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының басшысы ретінде атқарған салмақты бір еңбегі – аға буын қаламгер С.Бегалин мұрасын толықтай оқырман назарына ұснуы дер деік. Жалпы, аталған ғылыми орталықтағы сирек қолжазбалар бөлімінде жинақталған материалдар – халқымыздың бай рухани мұрасының бір саласы. Олардың оқырман игілігіне айналуында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының және оның басшысы Тұрсын Жұртбайдың атқарған және атқаратын еңбектері қыруар деп білеміз.
Бүгінгі күні Тұрсын Жұртбайдың бүкіл күш-қуаты, рухани болмысы жолына жегілген аталмыш бағыттағы жүйелі зерттеулер өзінің мәуелі жемісін берді. Олар «тоғыз жолдың торабын» іздеген ғалымды «біртұтас алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея» деген өзіндік топшылауға алып келді. Бастауында Алаш қозғалысына қозғау болған кайраткерлер тұрған осы идеяны – бүгінгі Ұлы дала елінің тәуелсіздігінің рухани-саяси тұғыры, елдіктің басты ұстанымы деп қабылдау, міне, ғалым жеткен айшықты сөре – осы! Осының бәрін бір ауыз сөзбен қорытындыласақ, «Жегі», «Тез», «Талқы» деген үш кітаптан тұратын іргелі зерттеу – әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатын, кешегі алаштың, бүгінгі қазақтың біртұтастығына шақыратын тұжырымды еңбек.
Тұрсын Жұртбай еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы күрес тарихын саяси және рухани тұрғыдан мол деректермен байыта толықтырған, тарихи сана мен ойлауды жаңа еңселі биікке көтерген зерттеулерді дүниеге келтірді.
Достарыңызбен бөлісу: |