КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында қоғамдағы көзқарастармен қоса аға толқын мен кейінгі толқынның арасындағы алмасу жүріп жатқан еді. Академиялық ғылыммен айналысқан ғалымдардың ойлау жүйесі біржақты келеді әрі асықпай шабандау қимылдайды. Оған кеңестік ғылыми ой қорыту жүйесіне қойылған қатаң әрі қасаң талаптар да ықпал етпей койған жоқ. Бұрынғы жабық тақырыптарды игеру үшін де тың ғылыми күш қажет болды. Сондықтан да әдебиет институтына ғылыми зерттеуге қабілеті мен дайындығы бар, әдебиет теориясы мен тарихына сыни көзқарастары қалыптасқан қаламгерлерге, соның ішінде жастарға ерекше ынтамен қарап, ғылыми қызметке батыл тарту қажет болды. Алдымен Ақселеу мен Қойшығара келді, оған Шөмішбай мен Батырхан Дәрімбетов, Нұрдәулет Ақышев, Бекен Ыбырайымов қосылды. Солардың арасында елге танылып қалған, он жылдан астам уақыт «Жұлдыздың» сын бөлімінде істеп, журналтстика, әдебиеттану саласында тәжірибе жинақтаған Тұрсын Жұртбай да бар еді.
Тұрсын Жұртбай қазіргі қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарға белсене араласып ХХ ғасырдың басында қалыптасқан демократиялық идеяларды қолдаушы, ұлттық ояну мен жаңғыру идеяларына бой ұрған, ұлт мүддесін ойлап, өзінің еңбектері арқылы халқын ағартушылыққа шақырған ұлт зиялысы, қайраткер тұлға.
Т. Жұртбайдың публицистік шығармашылық жолы қазақ журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Қырық жылдан астам уақыт қаламын қолынан түсірмеген майталман жазушы - ел өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы туралы кестелі ойларын ортаға салып, қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының қанат жаюына сүбелі үлес қосқан бірегейлердің бірі.
Ғалым жазушының «Бесқарагер, «Дара тұлға», «Жер бесік»роман-новеллалары, «Бейуақ», «Бесігінді түзе»«, «Талқы», роман-эсселері, «Күйесін жүрек... сүйесін!», «Бесігінді аяла!..» кітаптары оқырман жүрегіне жол тауып, халқымыздың рухани әлеміне зор үлес болып қосылды.
Ғалым-жазушының «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын ғылыми туындысы қазақтың жалпыұлттық «Мәңгілік ел» идеясының арнасында еліміздің келелі де қасіретті тарихи кезеңіне арналған іргелі детолымды зерттеу еңбегі болып табылады.
Алаш идеясы – бүгінгі мәңгілік ел идеясының тамыры. Онда қазақ халқының кешегі, бүгінгі, ертеңгі даму бағдары қамтылған. Өйткені, алаш қайраткерлері қазақ ұлтының тартқан тауқыметін өздері басынан кеше отырып, азабы мен қинауына төзе отырып, қилы-қилы рухани, саяси-экономикалық, территориялық қысымдар мен жазалаудың тұсында елін аман сақтап қалудың амалы ретінде екшей таңдаған ұстаным болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |