Дегелектің сыйы
Баяғыда бір қария келе жатып, аяғы сынып, жүре алмай жатқан дегелекті көріпті. Оны үйіне алып келіп, сынған жерін таңып, асырапты. Әбден жазылып, ұшуға жараған соң бостандыққа жіберіпті.
Арада бірнеше күн өткенде әлгі дегелек қарияның шаңырағына келіп қонады. Бір ғажабы, ол төбеден ат басындай алтын тастайды да, ұшып кетеді.
Дегелектің қарияға жасаған сыйы туралы сөз ел ішіне тарайды. Оған көршілерінің бәрі таң қалып, ауыздарының суы құриды. Бір қомағай қарт балаларына «Біз де бір дегелектің аяғын сындырып, бағайық» деген ақыл айтып, арам ойға да барады.
Бірде ол отынға барса, ұясының үстінде отырған дегелекті көреді. Таспен ұрып аяғын сындырып, оны үйіне алып келеді. Байғұс құс бірнеше күн азап шегеді. Олар оның сынған жерін таңып, асырайды. Бір күні дегелектің аяғы тәуір бола бастағанын көрген көрші қарт оны ұшырып жібереді. Осыдан соң күнде шаңыраққа қарап, дегелекті күтіп отыратын болады.
Арада бірнеше күн өткеннен соң, дегелек оның шаңырағына қонып, төбеден бірнеше сарыбас жылан тастайды. Алтын күтіп отырған кісінің шаңырағынан соншама жылан түсті деген не сұмдық?! Көрші қарт алтын тұрмақ, басын қалай аман сақтаймын деп өз үйінен өзі безе қашыпты. Көрсеқызарлығы мен арамдығының кесірінен өз жазасын осылайша тартыпты.
1.Қария туралы ел ішінде тараған сөз?: дегелектің берген сыйы туралы
2. Көрші қарттың отбасында болған жағдайдың реті.: аяғын сындырады, бағады, сыйды күтеді, қашады
3. Дегелектің көрші қартқа берген жазасы.: жылан тастағаны
4.Қарамен жазылған сөз тіркесінің мағынасы.: таңданады
5. Дегелек қарияға алтын бергенде қомағай қартта қандай сезім болды?: қызғаныш
Хеймей аралы
Жыл сайын қызыл-жасыл тұмсығы бар қара ала құстар Хеймей атты Исланд аралына ұшып келеді. Олар-тупиктер. Тупиктерді тағы «теңіз сайқымазақтары» деп те атайды. Толық денелері мен қысқа қанаттарының кесірінен бұл құстарға ұшу мен қону өте қиын.
Халла деген қыз Хеймей аралында өмір сүреді. Ол күнде биік жартастың үстінде тұрып, биылғы алғашқы тупикті көру үшін теңіз жаққа қарайды. Көп кешікпей олар бүкіл аспанда көрінеді. Олар қыстаудан теңізге оралады да, аралдарға жұмыртқа салып, балапандарын басып шығарады. «Теңіз сайқымазақтары» жылдан жылға өз ұяларына қайтып ұшып келеді. Олардың жағаға шығатын жалғыз уақыты осы.
Жаз бойы балапан тупиктер өз ұяларын тастап, алғашқы ұшуларын орындайды. Құстардың жартысын ауылдағы шамдардың жарығы шатастырады. Құстар бұл жарықтарды су бетіндегі ай сәулесі деп ойлайды. Сондықтан әрбір түні жүздеген тупиктер ауылға келіп қонады. Олар жер бетінен көтеріле алмайды.
Халла достарымен балапандарды құтқарудан жарысады. Қолдарына фонарик алып, олар ауылдың қараңғы жерлерін қарайды. Тапқан тупиктерді ақырын картон қорапқа отырғызып, үйлеріне алып келеді. Келесі күні күндіз олар жағаға барып, балапандарды суға жібереді.
1.Мәтіннің жарнрын анықта.: әңгіме
2.Халла мен достарының әрекетінен байқалатын қасиет.: қамқорлық
3.Мәтіндегі құстардың аты.: тупик
4.Тупиктерге ұшып, қонуға қиындық тудыратын себеп.: денелері толық және қанаттары қысқа
Мейірім
Айнұр көпшіл. Үнемі өзі қатарлы қыздар мен ұл балалар арасында ойнап жүреді. Олар да Айнұрдың соңынан бір елі қалмайды.
Енді, мінеки, атасы мен әжесінің ауылымен қош айтысатын мезгіл де жетті. Папасы-әскери адам. Кезекті демалысы бітті. Жауынгерлік жаттығуларына қайта оралмақ.
Атасы мен әжесі:
-Балам, қайда жүрсең де аман бол. Еліңді, жеріңді сүй, қорға, -деді.
Айнұр қоштасар сәтте ерекше мінез көрсетті.
-Ата, әже, папа, мама, бәріміз бірге тұрайық, -деді.
-Кәнеки, ондай болса. Бірақ, папаңның жұмысы бар. Атаң мен әжең ауылда. Мүмкін емес қой, жаным, -деді әжесі бауырмал Айнұрды кеудесіне қысып.
-Онда мен атам мен әжемнің қасында қалам. Кетпеймін. Кім қарайды оларға? –деді төрт жасар Айнұр көзі жасаурап.
-Ендігі демалыста және келеміз,- деді мамасы.
-Жоқ. Мен осы жерде қаламын.
Айнұр папасы және мамасымен қоштасты. Қолын бұлғап қалды. Папасы мен мамасы Айнұрдың бүгінгі мінезіне қайран қалды. Әйтсе де қимай қоштасқандары жүздерінен байқалады.
Ал атасы мен әжесінің қуаныштарында шек жоқ. Айнұрдың атасы мен әжесіне кішкентай бүйрегінің бұрып тұрғанына әбден риза болады.
1. Айнұрдың ауылда қалу себебі: ата – әжесінің қасында болу
2. Айнұрдың қоштасар сәттегі өтініші: ата- әжесімен бірге тұру
3. Мәтіннің түрі: әңгімелеу
4. Мәтіндегі Айнұрдың бойындағы көрсетілген қасиеті: мейірімділік
5. « Елін, жерін қорғауды» айтқан кейіпкер: атасы мен әжесі
6. Мәтіннің басты кейіпкері: немересі
Достарыңызбен бөлісу: |