Жедел іріңді қабынулар: а) жалпы; б) жергілікті.
Созылмалы хирургиялық инфекция: а) жалпы; б) жергілікті.
Хирургиялық инфекцияның патогенезі, дененің жауапты реакциялары.
Инфекция адам денесіне зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы ауа – тамшылы, жанасу және имплантациялық жолмен енеді. Денеде микробтар енген жерден гематогенді және лимфогенді жолмен, тамырлар мен нерв бағаналарының, шандыр футлярларының, сіңір қынаптарының, қалыпты өзектердің бойымен, эпифасциальді және субфасциалбді тарайды. Инфекция бір ағзадан екінші ағзаға жанасқанда көшуі мүмкін. Микробтың денеге енген жерінде жергілікті қабыну үрдісі дамиды.
Іріңді қабыну даму үшін микроорганизмдер тері жабындысының, шырышты қабаттардың жарақаттарынан адамның ішкі ортасына енуі қажет. Жараға түскен микробтар жасуша аралық саңылауларға, лимфа тамырларына еніп, лимфа ағымымен терең орналасқан тіндерге тарайды (теріасты майы, бұлшықет, лимфа түйіндері т.б.). Қабынудың ары қарай ағымы бактериялардың вируленттілігіне, адам ағзасының иммунитетіне байланысты. Микробтар саны көп, вируленттілігі өте жоғары, науқастың иммунитеті төмен болса, қабыну жалғасады, керісінше жағдайларда қабыну басталып, тез арада тоқтайды. Инфекция түскен жердің қан айналымы жақсы болса, микробтардың өсіп-өнуіне, таралуына қолайсыз болады. Мысалы бас, бетте қан айналымы өте жақсы, сондықтан бұл мүшелерде, басқа жерлермен салыстырғанда, қабыну сирек орын алады. Тіндердің жергілікті иммунобиологиялық ерекшеліктері қабыну ағымына әсерін тигізеді: микробтар және олардың токсиндерімен жиі ластанатын дене мүшелерінің тіндері инфекцияға төзімді келеді, мысалы шат аралығында іріңді процестер сирек кездеседі және тіндердің регенерациясы тез жүреді. Жараға түскен микробтардың өсіп, дамуы 5 – 6 сағат өткеннен кейін басталады. Осы себептерге байланысты кездейсоқ жараларды 6-8 сағатқа дейін хирургиялық жолмен тазаласа, қабынудың алдын алуға мүмкіндік туады. Жаралардың өліеттенуі, қанталауы, жоғары вируленттік полиинфекциямен инфицирленуі қабынудың дамуына өте қолайлы. Микробтардың бір түрімен (моноинфекция) туындаған қабыну жеңіл түрде өтсе, (полиинфекция) болған жағдайда қиынға соғады. Қабынған жараға қосымша инфекция қайталап түссе, қабыну ағымы ауырлай түседі, сондықтан жараны емдегенде асептика, антисептика заңдылықтарын мұқият сақтаған жөн. Макроорганизмнің хирургиялық инфекцияға реакциясы жалпы және жергілікті түрге бөлінеді: жараға инфекция түскен кезден бастап перифериялық және орталық жүйке жүйесі тітіркеніп, рефлексті түрде жарада қан айналымы өзгереді. Бастапқыда артериалды гиперемия, ары қарай венозды стаз әсерінен жара ісінеді, ауырсынып, жергілікті температура көтеріліп, мүшенің функциясы бұзылады, жарада нейтрофилды лейкоциттерге бай қабыну экссудаты түзіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |