Хирургиялық инфекцияның клиникалық көрінісі (жергілікті және жалпы). Диагностикасы.
Клиникалық көрінісі:
Хирургиялық іріңді қабыну ауруларының клиникалық көріністері жалпы және жергілікті белгілермен сипатталады. Беткейлі орналасқан іріңдіктерде қабынған жерде жергілікті белгілер:
қызару (rubor),
ісіну (tumor),
ауырсыну (dolor),
жергілікті температураның көтерілуі (calor),
дене мүшесінің функциясының бұзылуы (function laesa) орын алады.
Қабыну процесі терең орналасқан жағдайда бұл белгілер көзге көрінбейді, ішкі мүшелер қабынса, клиникалық көріністері ауруға шалдыққан әрбір мүшенің функциясының бұзылу белгілерімен білінеді (плеврит, перитонит). Клиникалық зерттеу кезінде, қабынудың кезеңдерін анықтауға болады: егер де пальпация кезінде ауыратын тығыз түзіліс анықталса, ол мүшелер, тіндердің қабынуының инфильтративті кезеңі екенін білдіреді. Іріңдеу кезеңінде инфильтрат жұмсарып, флюктуация (бүлкілдеу) симптомы анықталады. Қабынудың асқынған түрлерінде инфекция лимфа жолдарымен таралса, лимфангиит, лимфаденит, көктамыр арқылы таралғанда тромбофлебит дамиды.
Организмнің қабынуға реакциясының жалпы клиникалық белгілерінде науқастың жалпы жағдайы ауырлайды: Эндогенді интоксикация орын алады. Жеңіл дәрежесінде тері жамылғысының бозғылттығы, ауыр дәрежесінде терінің түсі жер түстес, акроцианоз,беттің гиперемиясы байқалады. Дене қызуы көтеріліп, қалтырап, мазасызданып, әлсіреп, басы ауырып, сандырақтауы мүмкін. Тынысы тарылып, жүрегі қағып, қан қысымы өзгереді, қанның анализдерінде кері өзгерістер орын алады: анемия, лейкоцитоз, лейкоцитарлық формула солға жылжиды, белоктар азайып, негізгі жүйелердің функциясы бұзылады. Үлкен, кіші дәрет дұрыс жүрмейді: (метеоризм, іш өту, олигоурия, анурия), зәр анализінде белок, цилиндрлер пайда болады. Бауыр, көкбауыр ұлғайып, науқастың сарғаюы мүмкін.Интоксикацияның маңызды көрсеткіші – ОЖЖ қызметінің бұзылысы, есеңгіреуден психикалық қозуға дейін.
Диагностикасы:
Іріңді – қабыну ауруларының диагнозын анықтау үшін зерттеудің арнайы әдістерін – пункцияны, рентгенологиялық, эндоскопиялық әдістерді, қанның, несептің, экссудаттың лабораториялық, клиникалық және биохимиялық зерттеуін пайдаланады.
Диагнозды нақтылау үшін қолданылады:
Науқасты клиникалық тексеруден өткізу (шағымы, анамнез, ағзалар мен жүйелердің жалпы жағдайы). Қабынудың жергілікті белгілеріне, экссудаттың сипатына үлкен мән беріледі. Көбінесе, клиникалық зерттеулерге сүйене отырып, аурудың диагнозын және қоздырған микробтың түрін анықтауға болады.
Микробиологиялық зерттеу – микроорганизмнің түрін және оның антибиотиктерге сезімталдығын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Кейде жағындыларды шұғыл цитологиялық зерттеуге жібереді, ол анаэробты микрофлораны анықтауға бағытталып жргізіледі. Тіндердегі қабыну үрдісінің дәрежесін гистологиялық әдіспен анықтайды.
Жалпы лабораториялық, биохимиялық және арнайы зерттеу әдістері қабыну реакциясының айқындылығын, іріңдң интоксикацияның деңгейін, әртүрлі ағзалар мен жүйелердің зақымдалу дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Дененің қорғаныштық қасиетін бағалау үшін науқастың иммундық жағдайын зерттейді.
Аспаптық тексеру әдістері – рентгенологиялық, ультрадыбыстық, эндоскопиялық, КТ және т.б.Олар тіндерде,қуыстарда және ағзаларда дамыған қабыну ошағының орналасу орнын анықтауға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |