1-жүргізуші: Ендігі кезекте әл-Фарабидің өлеңдеріне кезек берейік.
Қашықтасың туған жер- қалың елім
Не бір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен.
Қанатым талды менің,
Шаңғыт жолға сарылып қарауменен.
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түнереді.
Кайтейін мен көкжиек кеңдігімді.
Келер күнге үмітпен жол ашамын.
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Соны медет етеді болашағым.
Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,
Екіншіде - шарап бар жайы мәлім.
Даналықты сиямен толықтырсам,
Шарабымен шерімнен айығамын.
Тамылжып бал тыныштық айналамнан
Тылсым түнге құшағын жайған далам.
Мен жатырмын ұйқысыз жапа жалғыз
Жанымды ой жарығы аймалаған.
Аққан жұлдыз құласа кейде егер,
Сенің нұрлы бейнең болып кеудеме енер.
Әлдеқайда ғайыптан ынтазарғып,
Өміріме бір ғажап сәуле берер.
Үнің жетер жаңғырып жырақтан ең,
Сезініп мен деміңді гүл атқанмен,
Оның өзі бір-ақ сәт... содан кейін,
Мұңды әуенді жалғаймын бірақ та мен...
1-жүргізуші: Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың ғылымға, білімге, адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттерге, мінез бен ақыл-парасаттылыққа байланысты айтылған нақыл сөздері өте көп. Бұл нақыл сөздердің жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы орасан зор. Ендігі кезекте осы нақыл сөздерге кезек берейік.
Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.
Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет ондай болмасқа керек.
Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу.
Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу.
Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.
Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.
Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.
Өзгенің пікірін иемденіп кету – надандық һәм ниеті қара адамға лайық іс.
Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш.
Адамның тәндік жаратылысының дамуының негізгі көрсеткіш – денінің саулығы.
Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымына қолы жетпейді.
Достарыңызбен бөлісу: |