«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің сценарийі
Мақсаты: Шежірені, әулет тарихын білудің, оны ұрпаққа мирас етудің мәнін талқылау.
Міндеттері:
1) Шежіренің сырын, мағынасын ашу
2) Қан тазалығы ұлт болашағы екеніне назар аудару
3) Әулет тарихын білудің мәнін түсіндіру
Көрнекілігі: Нақыл сөздер «Атадан бата алмай, үй болмас, Ордадан үлгі алмай, би болмас», «Аталы сөз — баталы сөз», «Тегін білген текті адам», «Жеті атасын білген ер, жеті елдің қамын жер». «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі».
Іс-шараның түрі: Алқалы жиын (дөңгелек үстел)
Барысы: Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты мен міндеттерін таныстыру.
Модератор: Құрметті аталар, бүгінгі алқалы жиынға қош келдіңіздер!
Бүгінгі таңда ата мен немере арасында позитивті қарым-қатынас орнату өзекті мәселенің бірі болып отыр. Аталардың біразы жас, біразы жасамыс. Қалалақ жердегі аталардың көпшілігі зейнеткерлікке шығып үлгермегендіктен жұмысбасты. Бірақ мұның бір де бірі сіздерге аталық міндетіңізге әртүсті қарауға себеп болмауы керек. Аталарымыздың бағзы заманнан жолы үзілмей келе жатқан өз міндеттері бар. Сол міндеттеріміздің үдесінен шыға алып жүрміз бе?
Бүгінгі дөңгелек үстелде соның бірі «шежіре» мәселесіне тоқталатын боламыз. Өсіп келе жатқан балаға шежіре, әулеттің тарихы туралы кім айтады? Ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынасты кім реттейді? Жеті атаны кім үйретеді? Осы сұрақтарды талқылайтын боламыз. Олай болса, алғашқы сөзді осы мектептің ___ сынып оқушысы _______________________ атасы, ________________________ сөз берейік.
1-спикер:
«Шежіре» араб тілінен аударғанда – бұтақ, тармақ деген мағынаны білдіреді. Шежіре – бір ұлттың шығу тегін тармақтап ұрпаққа, руға таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Сондықтан қазақ ұрпағына шежіре білуді міндет деп қарайды. Өз заманы мен бұрынырақта болған ірі тарихи оқиғаларды, хандар мен батырлар, шешендер мен жыраулар, байырғы қазақтың тұрмысы мен салты туралы әңгімелей алатын ақсақалдарды «шежіреші» деп атайды. Өз ұрпағына жеті атасын үйрету баяғыдан келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Мұның туыстық жағынан маңызы зор екенін халқымыз ерте түсінген және оны берік ұстанып келген.
Ата-ана бір кіндіктен шыққан перзенттерін ел, ру намысын қорғайтын ержүрек, қайырымды, ұйымшыл, бауырмал етіп тәрбиелейді. Ал бір атадан тараған туыстар әулеттің татулығын бірінші орынға қояды. Өйткені олар бірін-бірі жақсы таниды. Ағалы-інілі, апалы-сіңілі дегендей, сыйластықта бірге өседі. Мұндай туыстардың арасында орынсыз жанжал, ұрлық-қарлық, барымта, зорлық-зомбылық сияқты жат істер болмайды. Өйткені тәртіп бойынша туыстар қиянат қылмайды, керісінше, сырттай бір-біріне қамқор, жанашыр боп жүреді. Қазақтың «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп қатты айтатыны тағы бар. Жеті ата ұғымында ағайын арасындағы бірлік, татулық, сыйластық мәселесі терең қарастырылған.
Ұрпағымыз парасатты, бойында азаматтық намысы бар, елін, жерін, отбасынын сүйетін, тарихын білетін азамат болып өссін десек, оның тәрбиесіне қоғам болып назар аударуымыз керек. Туыстардың бір-біріне жат болмауын ойлау, кімнің кім екенін, өзінің кім екенін, жеті атасын түгендеп, жалықпай түсіндіру – үлкендердің мойнындағы міндет. Жеті атасын жаттату, ата-тегін, дәстүрлі өлең-жырларды айтқызу арқылы ата-әжелер бір жағынан әулеттің тарихын білдірсе, екінші жағынан баланың танымдық қабілетін дамытып, өз ойын анық жеткізе білу дағдысын қалыптастырады. «Жеті ата» «ата-баба» деген ұғымды білдіреді. Жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі ата-бабаларымыздан бастап таратылады. Яғни: 1. Өзің. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6.Түп ата. 7. Тек ата. Бұл атаулар кей жерлерде басқаша айтылуы мүмкін. Қалай десек те, жеті ата жолының осылай таратылатыны - бұрыннан келе жатқан ақиқат шындық.
«Жеті атасын білген ер
Жеті жұрттың қамын жер.
Жеті атасын білмеген
Құлағы мен жағын жер», – деген сөз көп мағынаны білдіреді.
Жеті атаны білу - жеті адамның атын білу ғана емес, солардан тараған ағайын-туысыңды білу. Үлкендеріне сәлем беріп, кішілеріне қамқорлық жасау. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз өз балаларына жеті атасының аты-жөнін, атамекенін, өз руынан шыққан елге сыйлы, белгілі адамдардың атын айтып, өмірін үлгі, өнеге етіп отырған. Ал бұған немқұрайлы, салғырт қарағандарды «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп іске алғысыз етеді. Жеті атасын білу арқылы әркім өзінің ата-бабаларының кезінде кім болғанын, қалай өмір сүргенін біліп, мақтаныш етіп отырады. Әл-Фараби: «Тарихты білмей – өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» дейді. Олай болса, мәңгілік, тәуелсіз ел боламыз десек дәстүрімізді, тіліміз бен тарихымызды құрметтеп, қастерлей білуіміз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |