Әдіс-тәсілдер. Әдебиет үйірмесі, дискуссия
Ресурстар: үлестірме материалдар
Модератордың кіріспе сөзі: (5-7 минут)
«Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет»
Шығыс халықтары батыс жұртындай емес, дәстүрді берік ұстанатындықтарымен ерекшеленеді. Сондықтан болар «Өнерін сыйлаған жұрт өрге, дәстүрін сыйлаған жұрт төрге шығады» деп, дәстүрге ерекше мән береді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «заманына қарай адамы» дейтін қазақ күні кешеге дейін ата баба дәстүрінің өміршең тұстарын заманына қарай ыңғайлап, берік ұстанғанын жақсы білеміз.
- Содан қазақ жаман болды ма?
- Жоқ.
Дәстүрді берік ұстанған баяғы қазақ қоғамы өз уақытында мінсіз қоғам орната алды. Ауылды абыз ақсақал билейді. Оған ешкім қарсы келмейтін, өз кезегінде ақсақалдар да жеке мүддесін емес, елдің ғана жайын ойлайтын. Ешбір қыз отырып қалмайды, үйленбей қалатын жігіттер де болмады. Жетім, жесір деген ұғым атымен болған жоқ. Үйсіз күйсіз, жұмыссыз жүру дегенді ешкім білген емес, әр бала ата-анасының қасында болғандықтан буллинг, зорлық-зомбылық дегенді ешкім естімейтін. Ол кезде ата баба дәстүрі бірінші орында тұратын. Одан ешкім аттамайды. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі тіршілігіңе не керек, бәрі ұрпақ санасына бірінші сіңірілетін. Оны үйрету үшін даңғарадай ғимарат салудың аса қажеттілігі болған жоқ. Бәрі балаға ата мен әженің, әке мен шешенің, аға мен жеңгенің ақылы, тәрбиесі арқылы беріліп жататын.
Жасыратын несі бар, дәстүр десе көз алдымызға «құда түсу, ұрын келу, жар жар, сыңсу, шілдехана, бесікке салу, тәй тәй басқанда тұсау кесу, оң солын танығанда сүндетке отырғызу» келеді. Бізде осылардан басқа ештеңе жоқтай көрінеді. Бұлар өз алдына бөлек әңгіме. Ал тәрбие мәселесіндегі баяғыдан қалыптасқан дәстүрлер, нормалар, ырым тиымдар тәрбиешілердің назарынан тыс қалып жүр. Оқта текте көнекөз қариялар, кейуаналардан естіп қалатынымыз болмаса, педагогтер қолдана қоймайды. Әлемдік өркениетте өз орны, өз ұстанымы бар мемлекетке айналамыз десек, елге, жерге жаны ашитын ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, осы нормаларға оралуымыз керек. Ата-ана, тәрбиеші, мұғалім тәрбие мәдениетін қалыптастыруда баяғыдан жібі үзілмей келе жатқан дәстүрлер, нормалар, ырым тиымдарды жақсы білуі және орнымен қолдана алуы керек.
Қазақ ырым етеді, бұл жақсы ниеттен туған ғұрып. Балаларына елге белгілі, танымал адамдардың атын қояды немесе сондай адамдарға атын қойғызып, тұсауын кестіріп жатады. Солардай болсын деген ниет. Қазіргі таңда психологтар тренингтер өткізіп, «жақсы нәрсе ойлап, жақсылыққа ұмтылу керек, не ойласақ, сол жүзеге асады» деп жатады. Соның бәрі айналып келгенде осы ырым емес пе?! Қазақ: «Жақсы сөз - жарым ырыс» дейді. Жақсы сөз айту бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Әрине, ырымның бәрі орындалады деу қате, ол халықтың сенімі, аппақ ниеті, келешектен жақсылық күтуі. Орындалса құба құп, болмай жатса «Құдайдың ісі» деп, түсіністікпен қараған. Сондықтан ырымға қырын қарамағанымыз абзал.
Қазақта үйіне кірген жыланның басына ақ құйып шығаратын дәстүрге айналып кеткен ырым бар. Яғни үйден дос емес дұшпаныңның өзін құр ауыз шығарма деген сөз. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның өзін ұстауға ОГПУ-дың адамдары келгенде, «қызым, үйге қонақтар келді, мәдениетті адамдар дәстүр аттамайды, шай қойып жібер» деген керемет сөзі бар. Демек, үйге келген адамға дастархан жаю мәдениеттіліктің белгісі. Мәдениеттімін деген адам міндетті түрде дәстүр ұстануы керек. Осыны алдымыздағы баланы былай қойып, өзіміз терең түсінбей жатамыз. Мәдениетті адамның белгілері қандай дегенде «дәстүр ұстану» деп айта қоюымыз екіталай.
Қазақ халқы – қандай да бір қуанышын жеке отбасы емес, көрші-қолаңын, туған-туысын, ел-жұртын жинап атап өтеді. Қуанышты хабар жеткізген адамға «Сүйінші» береді.
Қазақ – қонағын құдайындай сыйлаған дархан халық. Қолындағы барын қонағының алдына жаяды. Біз ең бастыларын айтуға тырыстық, айтылмағаны қаншама?! Әлемдік өркениетте өз болмысымызды сақтаймыз десек, мұндай дәстүрлерді ұмытуға болмайды. (авторы: А. Мұхтаров)
Достарыңызбен бөлісу: |