Модератор:
Қатысушыларды «Менің таңдауым» әдісімен (модератор өзіне ұнайтын әдісті қолдана береді) 4-5 адамнан топтарға бөлеміз. Топтағы адамдарға бата туралы ақпарат жазылған үлестірме материалдар таратылады. Әрбір қатысушы ақпаратпен жеке танысады.
Бата туралы
Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады. Батаның адамға әсері күшті. Бата жасалған жерде халық сілтідей тынып, жақсылықтан үміт етеді. Ынтымақ, береке болады деп батаның әрбір сөзіне шүбәсіз сенеді. Әйтпесе, «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» демес еді. «Баталы ер – арымас, батасыз ер – жарымес» деген де бар. Демек, бабаларымыз үшін батаның орны бөлек болған. Арнайы іздеп келіп, өсіп келе жатқан балаларымызға аузы дуалы адамдардан ырым етіп бата алатынымыз бар. Жанқұтты шешеннің «Жанарыңның оты бар екен ақындығың шығар, маңдайыңның жазықтығы ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол» - деп Абайға бата бергенін бәріміз білеміз. Шешеннің айтқаны дәл келген жоқ па?! Алыс жолға шыққанда ауылдың үлкені немесе әулеттің үлкенінен бата алатын ырым бар. Бұл да қара шаңыраққа деген құрмет, қара шаңырақтың киесі қолдасын деген ырым. Атақты Сырым батырдың арнайы іздеп барып Малайсары биден, Бөкен биден сонымен қатар Мөңке, Алдар, Есет билерден бата алғанын білеміз.
Қазақтың бата сөздері – бағзы заманнан келе жатқан, халық тарихымен тағдырлас, тәлім-тәрбие құралы болған тағылымы мол мұра. Осынау ұлы мұраны игеріп, оны халықтың игілігіне жарату, жас ұрпақтың санасына сіңіру – ата-ананың, әсіресе аталардың міндеті.
Батаның ең көп тараған түрлері өмірге сәби келгенде, баланы бесікке салғанда, алыс жолға шыққанда, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныс тойда, ұлыстың ұлы күнінде, үлкендерге құрмет көрсеткенде т.б. айтылады. Бауыржан атамыздың батасынан мысал келтіре кетейін.
Е, Жаратушы, Жасаған!
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Тозақтағы оттан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта.
Парақор соттан сақта.
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Қара жүрек батылдан сақта,
Дәйексіз тіл тақылдан сақта.
Адалдықты арбаған ақыннан сақта,
Ашу жеңген ақылдан сақта,
Қайырымсыз жақыннан сақта.
Адамды қадірлемес есерден сақта,
Нанды басқан кесірден сақта,
Қате ісіне қиналмас,
Көк долы қатыннан сақта.
Халықты зәбірлер бастықтан сақта,
Жақынға жала жабатын,
Қанқұйлы қастықтан сақта.
Сырты сұлу, іші кір,
Қадір білмес пасықтан сақта.
Өз пікірі татымсыз,
Кісі ақылымен күн көрер,
Татымы жоқ жастықтан сақта.
Несібе кесер кесірден сақта.
Некесіз бала табатын
Жолы лас жесірден сақта.
Әкімінде шапағат жоқ,
Әділдікте шарапат жоқ,
Молдасында шариғат жоқ,
Байларында салауат жоқ,
Кедейінде инабат жоқ,
Азаматында ар-ұят жоқ
Қариясында бата жоқ,
Сөздерінде пәтуа жоқ,
Құр айқау, шат-шәлекей, даңнан сақта.
Е, Жаратушы, Жасаған!
Өмір берсең, жайлы ғып бер,
Дәулеті мен байлығын бер!
Қарияны кемел, сыпайы ғып бер,
Ағаларды райлы ғып бер!
Апаларды мейірлі ғып бер!
Ұрпақтарды намысты ғып бер,
Тұлпарларды шабысты ғып бер!
Жомарт болсаң, Жасаған!
Айтқанымның барлығын,
Ағайынды ақаусыз,
Өнегелi өмiрмен тату-тәттi,
Табысты ғып бер!
Әумин.
Топқа бөлуге, материал таратуға 3 минут уақыт беріледі
Танысуға 5 минут уақыт беріледі.
Талқылауға 10 минут уақыт беріледі. Талқылау барысында батаның критерийлерін жасаңыз.
Бата түріне назар аудару
Жақсылықты Құдайдан сұрау
Бәле-жаладан аман болуды сұрау
Салиқалы, көркем мінезді болуды сұрау
Ақылды, парасатты болуды сұрау
Танымал адамдарға ұқсату
Ұлдарды айбатты жануарларға, заттарға ұқсатып, қайратты болуын сұрау
Қыздарды әдемі заттарға ұқсату
Т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |