16-бап. Жол қызметiн лицензиялау
1. Жол қызметiн лицензиялау Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жеке және заңды тұлғалардың жол қызметiн лицензиясыз не лицензия шарттарын бұза отырып жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
17-бап. Жол қызметiн қаржыландыру
1. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын қаржыландыру жол жүрiсi қауiпсiздiгi, қоршаған ортаны қорғау және автокөлiк тасымалдарын қамтамасыз ету талаптары негiзге алына отырып, оларды жөндеу мен күтiп ұстауды қамтамасыз ететiн бекiтiлген нормалар бойынша жүзеге асырылады және бюджет заңдарымен белгiленедi.
1-1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын не концессия шарттарын орындауға байланысты шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. алып тасталды
3. Шаруашылық автомобиль жолдарын дамыту, жөндеу және күтiп ұстау осы жолдар қарауына жататын ұйымдар мен жеке адамдардың қаражаттары есебiнен қамтамасыз етiледi.
4. алып тасталды
Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20. № 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.07. № 168; 31.10.2015 № 380-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
18-бап. Жол органының және оның қызметкерлерiнiң құқықтары
Ескерту. 18-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Жол органы жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен және төтенше жағдайлар жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп: қысылтаяң жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климат жағдайлары, дүлей зілзалалар, өрт, автомобиль жолдарының көтергіштік қабiлетiнiң жойылуы), сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргiзiлген кезде тиiстi жол белгiлерiн қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл жөнiнде жергiлiктi атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды хабардар ете отырып, көлiк құралдарының жол жүрiсiн шектеуге немесе тоқтатуға, автомобиль жолдарын пайдалану қағидаларының сақталуын бақылауға құқығы бар.
2. Жол органының қызметкерлерi жол элементтерiн бүлдiретiн немесе ластайтын не жүрiп өтуге арнайы рұқсаты жоқ iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты көлiк құралдарын автомобиль жолының көлiк құралдары жүретiн бөлiгiнiң шегiнен шығаруды талап етуге құқылы.
Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.28 № 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.04.2014 № 195-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |