Оқушыларға мемлекеттік мектеп ұйымы қажет
«Білімсіз адам – хайуанмен тең» дейді ұлы ғұлама, әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби. Өркениетті елдің елдік қасиетті иеленуі халықтың білімділігі мен біліктілігіне байланысты. Ал білім бұлағы – мектепте. Жаппай сауатты, мәдениетті еліміздің мектеп құрылысы «жаңаша» құрылымға ұшырап, қорлы мәдениетімізді, қожыратып алдық. Жаңаша құру ісіне жарық дүниесі, яғни ұстаздық ұлағатты ұлылық қасиеттері мол басиелер қажет. Олар өркениеттілікке өрлеген мемлекетіміздің мектебін мерейлендіріп, ұрпағымыздың бала шағын болашаққа дарынмен даярлауға басшылық жасай алады. Сондай сом алтынды жарқыратып көрсететін көрегендік қазіргі мектептерге қажет- ақ.
Қазіргі оқушылар- ынталы, ықыласты, көп білетін, көркемдікке құмар, дарын нашындары мол шәкірттер. Оларды өмірге қызықтырып, біліммен қандыра сусындатып, алға бастай білсе, армантаулардың шыңдарынан көрінеді. Аллаға шүкір, соңғы ұрпағымыз-өнерпаздық, білікке құмарлық қасиеттерімен бізді қуантып жүр. Мен бұл сөзді тек қазақ балаларынан алған әсерім бойынша ғана емес, осы толымды толқынның әмбесінен көргенімді қуанышпен айта аламын. Міне, осындай ұрпақтың мақтанышы әрі тәрбиеші, әрі дәстүрлік тірегі болатын оқушыларға мемлекеттік мектеп ұйымы қажет-ақ.
Мектепте оқушылардың мемлекеттік ұйымын (барлық ұлттарға лайықтап) құру ісі-өз еркімізде. Бір қызығы «пионер» деген сөзді «партия» деп ұғамыз. Олай емес ағайын. Пионер-алғашқы, жаңалық ашушы деген ұғымды білдіреді. Сондықтан, меніңше, пионер ұйымын қайта құрып, оның құрылысына өркениетті өз кірпішімізді қалай білуіміз керек. Егер «пионер» атауынан қашсақ басқаша да қоюға болады ғой. Пионердің галустігі туымыз түстес болып, көк байрақ туымыздың қасиетін қастерлеп, мойнымызға оның бір бөлшегін тағып алсақ-мақтаныш емес пе? Сөйтіп, мектепте балдырғандар тобы, пионерлер ұйымы, жастар ұйымы болып, олардың ережелері мен рәсімдері, рәміздері мен дәстүрлері міндет, мақсаттары болса, тәрбие негіздері сонда емес пе?
Қазақ мектептеріндегі «Атамекен» бағдарламасы алғаш өз нәтижелерін бере білді. Бірақ ол мемлекеттік оқушылар ұйымын ұйымдастыруға негіз бола алмады. Дегенмен, көп мектептерде балдырғандар тобы, мұрагерлер тобы, мираскерлер тобы, жастар тобы тындырымды іс-қимыл жасап жүр. 1992 жылдан бастап мектептерде әдептілік дәстүрі жүргізіліп, «Әдеп әліппесі», «Әдептілік негіздері», «Әдеп және жантану» оқулықтары шықты, оларға сәйкес бағдарламалар тізіліп жеткен жерде оқыту ісі жүзеге асырыла бастады. Әдептілік дәрістерін барлық ұлттардың оқушыларына лайықтауға мүмкіндіктер мол. Сөйтіп бұл үрдісті оқушылар ұйымының тәрбие теориясы мен әдістемелері ретінде пайдалануға болар еді.
«Елдің тағдыры мектебінің құрылымына байланысқан» - дейді педагог-ақын Мағжан Жұмабаев. Мектеп құрылысын жаңартуға арналған тұжырымдарға оқушылардың мемлекеттік ұйымын қалай құру жөнінде еш нәрсе айтылмаған, оқу мен тәрбиенің біртұтастығы туралы аз айтылған.
Мектепте оқушылардың мемлекеттік ұйымымен қатар, біркелкі талап ережелері, оқушылық киім белгілері, жаңаша дәстүрлердің түзіліс үлгілері қажет. Біркелкі талап қою, мәжбүр ету, күштеу, қысымшылық емес. Ал, «еркіндік» дегеннің өзін жүгенсіздікке алып барып, ойына келгенді істеу еліміздің гүлденуіне нұқсан келтіреді.
Жан азығы мен тән азығының тепе-теңдігі жойылып тұрған алмағайып заманда мектеп құрылысын түзей алмасақ, ұрпағымыздан ұят. «Тауға шыққандар табандағыға қарамай», басты міндетті бағдарлап, бағалай білмей, келеңсіз кесірлікке ұшырай бермейік , ағайын.
Менің бір профессор досым, «жоғары отырғандар Сіздің жазғандарыңызды оқымайды» деп намысыма тиді. Меніңше мемлекет пен мектепті басқарушылар жариялаған жақсы пікірлермен санасатын саналы азаматтар бар деп сенемін.
(«Алматы ақшамы» 2 ақпан, 1998 жыл)
Достарыңызбен бөлісу: |