Сабырлылық - әдеп
Әрқашанда шыдамдылықты, байсалдылықты, төзімділікті ақылмен, әдеппен сақтай білу үлгісін – сабырлылық дейміз. «Сабыр түбі – сары алтын, жеткізеді мұратқа» дейді халық. Сабырлылықтың салтанаты жеке тұлғаның басына қиындық туған кезде ерекше байқалады. Сабыр салтанаты ақыл мен төзімге байланысты. Күйгелектік күйдіреді, сабырлылық сақтайды.
«Асығыс түбі - өкініш, ойланып алмақ – сабыр сол» деп, Абай дана, әрбір әрекетте сабыр сақтап, ойланып алу – сабырлылықтың белгісі екендігін өнеге етіп айтады.
Сабырлылық - әдептіліктің салтанатты көрінісі. Сабыр сақтаған адам ойлау жүйесінің қиындығын түйіндеп, ақылдың парасаттылық пайымын тауып, адамгершіліктің үлгілі өнегесін көрсетеді.
«Сабыр сақтап, төзуге болар, бірақ уақыт өтіп кетеді» деген екен ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов. Әсіресе мақсатты істе тездік әрекет қажет болған жағдайда «шықпай отыру» - бейқамдық болады. Әрбір тұлға бейқамдық пен сабырлылықты ажырата білу керек.
Ақылмен қалыптасқан сабырлылық шыдамдылықты, төзімділікті туғызады. Қиындыққа шыдау, қиянатты қисынды әрекетпен жеңу, уақытша улатқан жағдайға шыдау – ақыл парасатымен қалыптасқан сабарлылық болып табылады.
Сабыр болу - әдептіліктің өнегелі үлгісін, көргендінің көркем бейнесін көрсетеді.
Жауапкершілік - әдеп
Әрбір адамның адамдық қасиеттері - өзіне, өз әрекетіне, перзенттік парызына, адами–заманауи тағдырына, адамгершілік міндеттеріне жауапкершілікпен қарау.
Ең әуелі жеке тұлға өзінің денсаулығына, жансаулығына, тұрмыс тіршілігіне аса зор жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарауға бейімделеді, қалыптасады.
Жеке тұлғаның алдында үздіксіз орындайтын іс-әрекеттері бар. Ол, алдымен, күнделікті іс-әрекеттерінің іс–тәртіп жүйесін қалыптастырады. Ерте тұру, алға қойған күнделікті міндеттерді орындау, уақтылы дем алу, өнермен, спортпен шұғылдану, оқу, үйрену, жаттығу бәрі де уақытысында, жауапкершілікпен орындауды талап етеді. Егер іс-әрекет жүйесі қалыптаспаса, ол адамның өмірі берекесіз, мазмұнсыз, нәтижесіз болады.
Ата–ана жауапкершілігі, отбасы мүшелерінің жаупкершіліктері өмір өрнегінде бірте-бірте қалыптасып, отбасынан басталатын Отанның тіршілік жүйесінің «қазаны қайнап», өз нәтижелерін береді.
Қоғам мүшелерінің, ұжым мүшелерінің жауапкершіліктері жеке тұлғаға көп міндет жүктейді. Жеке тұлға ең әуелі өз міндеттерін жаупкершілікпен орындау арқылы қоғамдық, ұжымдық жауапкершіліктің өтесіне шығады.
Жеке тұлға құқықтық жауапкершілігін жақсы түсініп, еңбек ету, жар таңдау, махаббатты қастерлеу, сән мен талғам, жарасым, ұнасым дегендерің мәнін бағалау, көркемдікті көре білу, көркемдікті жасай білу (өнерде, тіршілікте) жауапкершілікпен орындалмаса, бәрі бекер.
Достарыңызбен бөлісу: |