Бастаушы (тебіреніп).
Дақылдарға шын алғыс!
Егіншіге мың алғыс.
Өскелең мол дақылды
Өсірген сол ақылды!
Бұл қойылымды балалар бақшасының сахнасында даярлау кезінде, тәрбиешілер балдырғандар мен дақылдар туралы әңгіме өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Суретке икемі бар болдырғандар дақылдардың суреттерін (үлкейтіп) салды. Өнерлері сахнада өнер көрсетуге машықтанды. Балдырғандар «дақылдар», «дақылдардың пайдасы», «егінші» деген сөздер бойынша, жан-жақты түсінік алып, оларың эстетикалық сезімдері артты, сөз мәнін эмоциялық тебіреніспен ұғынды. Балдырғандардың ойын дамытып, дүние танымын қалыптастыруда поэзиялық шығарма, бұл жерде, ерекше роль атқарды. Балдырғандар білмекке құмарлана түсті. Әдеби музыкалық монтаждар мен қойылымдарды, сценкаларды орындауға қатысқан балдырған сол нөмерде ең көп дегенде 2-3 шумақ қана тақпақты айтуға тиіс. Өйткені, жаттау көбейіп, қиындаған сайын, балдырғанның өлеңге қызығуы азаяды. Қызықпаған нәрсе көңілге қонбайды. Егер қызықты болса, поэзиялық шығарманың көлеміне қарамай, көптеп жаттайтын балалар да болады.
Мектеп есігін ашқан балдырғандардың ішінен неғұрлым тақпақтар мен ән,дерді көп орындайтын оқушылар сабақты жақсы үлгереді. Өйткені поэзиялық шығармаларды жаттау арқылы олардың тілімен қатар, ойы да дамыған, сондықтан сабақ материалын жеткілікті ұғынады. Көбінесе, 6-7 жастан асқан балалардың тілін ширату үшін, халық оларға жаңылтпаштарды жаттатып, дұрыс сөйлеуге дағдыландырады. Сөздің фонемалық, лекцикалық, морфологиялық ерекшеліктерін толық білу үшін, оны дұрыстап айтып, дұрыс қолдану керек. Халық ертеден-ақ, ең әуелі баланың тілін ширатуға көп көңіл бөлген. Балдырғандар көбінесе «р», «с», «ш» дыбыстарын «мүкіс» айтып, сөз айқындығын бұза береді. Сондықтан да:
Әй Тайқарбай,
Қойыңды Ақшағылға
Жай Тайқарбай!
Тайқарбай-Майқарбайлар
Толып жатыр
Бұл Тайқарбай дегенің
Қай Тайқарбай?
Және
Арал, арал, арал бар;
Бара алар ма балалар.
Балалар да бара алар:
Бара алар да аралар –
деген жаңылтпаштар шыққан. Ата-аналар мен тәрбиешілер балдырғандардың тілін ширату үшін ауыз әдебиетіндегі жаңылтпаштармен қатар, қазіргі жаңылтпаштарды да кеңінен пайдаланады:
Есет, Көшек
Екті көшет,
«Көшет көгін
Жепті есек» -
Десек,
Көшек, Есет
Десті «өсек –
Өсті көшет!» (М.Әлімбаев).
Тақпақ жаттап,
Айтсақ жақсы-ақ.
Жатта тақпақ
Жатта тақ-тақ. (Т.Шаханов)
Міне, қазіргі жаңылтпаштардың ең негізгі бір ерекшелігі – олар әлі тіл ширатуға, әрі дүние тануға, әрі тәрбие беруге арналып жазылады. (Жаңылпаштар. Жинақ. 1963). Мұндай жаңылпаштарды балалар ақындардың жинақтарынан іріктей таңдап, тіл ширатуға пайдалануға мүмкіндік мол. Бір кездерде (1932-1952 жылдарда) бастауыш мектеп программасында «тіл ширату» тек жеке сабақ болып өтетін. «Тіл ширату» сабақтарында оқушылар тақпақтар мен жаңылтпаштарды жатқа айтатын, жеке сөздер мен сөйлемдерді дұрыс айту мен дұрыс жазудың жолдары түсіндірілетін. Кейіннен «тіл ширату» арнаулы сабақ ретінде өтпей, оқу, тіл (грамматика) т.б. сабақтардың бәрінде ең маңызды тәсіл ретінде (тақырып пен материалға байланысты) жүргізілетін болды. Қазір әрбір сабақ – тіл дамытудың негізгі құралы. Яғни, оқу, жазу, грамматика, арифметика, тарих, география т.б. сабақтар да оқушылардың тілін дамытып, ширату үшін пайдаланылады. Сабақтағы әрбір жаңа сөзге толық түсінік беріледі. Сол кезеңдерде балалар поэзиясы: тақпақтар мен жаңылтпаштар, санамақтар үлкен роль атқарады. Мысалы: оқушыға оқытушы есеп сабағында санамақ айтып, шешімін талап етеді:
Екі жерде екіден
Құлан оттап жүр екен.
Екі жерде жетіден
Бұлан оттап жүр екен.
Бұландар мен құланның
Санын айтшы, Ұланым. («Көбейту» Ә.Т.).
Бұл санамақ арқылы 2-сынып оқушысы әрі көбейту, қосу амалдарын пысықтайды: (2х2)+(2х7)=18, әрі «құлан», «бұлан», «оттау», «жайылу» деген сөздердің мәнін ұғып, тілін дамытады. Жалғыз-жалғыздан мал оттайды, топ болып, қосылғанда жайылады.
Семьяда ата-ананың және балалардың туған күнінің кеші, демалыс кеші, мерекелік кеш, өнерпаздық сауық, өнер жарысы ұйымдастырылады. Әсіресе, ата-ананың туған күні мен мерекелік кештерде тақпақ айту үшін, бала қуана құлшына дайындалады. Ал мектептегі мерекелік ертеңгіліктер мен алуан түрлі кештерде тақпақ айтып, өнер көрсету үшін үлкен мақтаныш, зор қуаныш. Балалар поэзиясының тіл ұстартуға, тіл дамытуға, тәрбиеге тигізетін құдіретті әсерін дәл осындай кезеңдерде байқаймыз. Әдеби монтажды, инсценировканы, сценканы мектеп сахнасында орындауға қатысқан оқушы, әсіресе, ана тілі, әдебиет сабақтарынан жақсы үлгереді.
Мектеп сахнасы арқылы оқушылар бейнелерді өлең сөзбен өрнектеп көрсете білуге, көркемдеп сөйлеуге, тілдің эстетикалық табиғатын өз дәрежесінде ұғынуға үйренеді.
Қорыта келгенде, семьяда, мектепке дейінгі мекемелерде, мектепте балалардың тілін, ойын дамыту үшін қолданылатын ең басты материал – балалар поэзиясы. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнауына кірер денең» деп, Абай атамыз айтқандай, тілі шыға бастаған сәбиден бастап, еңкейген қартқа дейін, көңіл ашатын, тіл ұзартатын қадірменді мұрамыз – поэзия. Ана тілінің қадір қасиетін ұғындырып, асыл кенін жүрегіміз бен сүйегімізге сіңірген рухани азығымыздың ең бір нәрлісі – бал тілді балалар поэзиясы.
Достарыңызбен бөлісу: |