МҰҒАЛІМНІҢ БЕДЕЛІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Бәрімізді де ұстаздар тәрбиелеп, білім беріп, өсірді. Ұстаздардың алдындағы борышымыз ата-аналарға өтейтін борышымыздан кем емес. Әрбір адам өзінің білімі мен мінезін ұстаздар арқылы қалыптастырады. Сондықтан біз әрқашанда оқытушы ұстаздарымызды құрметтеп, оларға инабатпен бас иеміз! Өнеге алған ұстаздарымыз көп қой, шіркін! Біз білім беріп, тәрбиелеп өсірген мұғалімдерімізді әрқашанда құрметтейміз. Сол үлкен инабат, зор құрмет оқытушы ұстаздың беделіне байланысты. Әрине! Қайткен жағдайда мұғалім беделді болады? Мұғалімнің беделі дегеніміз – оның оқушыға үлгі - өнеге көрсетіп әсер етуі. Ол – тәрбиедегі маңызды құбылыс. Феодалдық, капиталистік қоғамда оқытушының беделі оқушының өктемдігімен байланысты болды. Оқушылар қанаушы таптың өктемдігі мен теңсіздіктің шырмауында оқытушыны көбінесе жасанды іс-әрекеттермен сыйлады. Ұлы педагогтар Каменский, Руссо, Песталоцций, Ушинский, Пирогов мұғалімнің беделі оның жоғары адамгершілігіне байланысты деп түсіндіріп, өктемдік пен ұру, зорлап көндіру шараларына қарсы шықты.
Орыс халқының ұлы демократтары Белинский, Добролюбов, Чернышевский баланы үрейлендіріп, қорқытып, тәрбиелеуге, оның намысын қорлап, басынуға қарсы шықты. «Ұстаз болып туу керек» деді. Белинский. Ұлы көсем Владимир Ильич Ленин біздегі «халық мұғалімі буржуазиялық қоғамда ешқашанда болмаған және болмайтын дәрежеге көтерілуі» керек деді. Біздің қоғамда мұғалімнің жеке басының атқаратын ролі үлкен, ол үшін мұғалімнің беделді болуы шарт. Меніңше, мұғалімнің беделі оның жеке басының жетістіктеріне: саналылығы мен адамгершілігіне, білімділігі мен өнегелігіне байланысты. Ұстаздардың неғұрлым беделі арта түсуі үшін оның қандай ерекшеліктері болуға тиіс? Оқушы мұғалімді ең өнегелі, қасиетті адам деп жоғары бағалайды. Өзіміз де бала кезімізде мұғалім ерекше жаралған жан деп түсінетінбіз. Бала мұғалімнің қателесуі мүмкін емес деп ойлайды. Ол дұрыс. Шын ұстаз «ерекше жаралған» адам. Ең әуелі оның киген киімінде мін болмайды. Оқытушының тұрысы, жүрісі, сөйлеуі, ойлауы, оқуы, жазуы бәрі де үлгі. Қазақ халқында – «мін-мінезде» деген мақал бар. Мұғалімнің мінезінде ешқандай мін болмауы керек. Данышпан ғалым әл Фараби мұғалім беделді болу үшін оның мінезі дөрекі және тым биязы болмауға тиіс дейді. Сабырлылық, яғни педагогтік такт, кішіпейілділік, қамқоршы болу – ұстаздың жеке оқушыларға және оқушылар ұжымына қарым-қатынасындағы ең жоғары мінездік норма. Білімдарлық, яғни әмбебаптық оқытушының беделді болуына негізгі роль атқарады. Бірақ, білімді болу бар да, сол білімді үйрете білу бар. Қанша білімді болғанмен, білгенін шәкіртіне үйрете алмаған мұғалімнің беделіне нұқсан келеді. Біздің ауылда Ә. деген мұғалім болды. Өзі көп білетін. Бірақ, оқушылар оның сабағын тыңдамай, шу көтеретін. Өйткені ол кісі сабақ оқытудың әдісін терең меңгеріп, оқушылардың назарын аудара білмеуші еді. Оқыту әдісін жақсы білгенмен, оқытушының білімі саяз болса, оқушыларға «сыры белгілі» болып қалады. Оқытушылық оңай емес. Көп оқу, көп білумен қатар, тәрбие де керек. Оқыту методикасын жан-жақты меңгеру үшін, оқытушының іс-тәжрибесі жетілген болуы қажет-ақ. Іс тәжірибесін күн сайын жетілдіріп отырмаған оқытушы өзінің беделін арттыра алмайды. Оның үстіне, әдістеме – догма емес. Оқушыларға білімді терең меңгерту ісі оқытушының сабақ беру әдісіне, түрлі тәсілдер мен іс-әркеттерге байланысты.
Біздің республикамызда ондай тәжрибелі мұғалімдер мыңдап саналады. Оның үстіне мұғалімнің беделіне оның көпшілдігі, ізгілігі, кішіпейілділігі мен қатар өнерпаздығы да зор әсер етеді. Біз мектепте оқып жүргенде Бахитов деген ағай болды. Ол кісі әрі сабақты қызықты өткізетін, әрі музыкант, әнші-өнерпаз еді. Оқушылар да, оқытушылар да Бахитов ағайды өнеге тұтып, қадірлейтін. Әрі білімді, әрі өнерпаз, әрі спортсмен, әмбебап мұғалімдер көп қой, шіркін! Ондай мұғалімдер – бүкіл мектептің абыройы. «Жақсы мұғалім –мектептің жүрегі» деп педагог ақын Ыбырай Алтынсарин бекер айтпаған ғой. Кейде іскер, жігерлі бір мұғалімнің іс-әрекеті мен тәжрибесі бүкіл ұжымға, сонымен қатар аудан, облыс көлемінде ықпалын тигізіп жатады. Мысалы: Алматы облысынан Әлия Дүйсенова, Жамбыл облысынан Қапаш Тасболатов, тағы басқа жүздеген мұғалімдердің іс-тәжрибелері республика мұғалімдеріне өнеге болуда.
Мұғалімнің беделін арттыратын тағы бір нәрсе оның балаларды сүйе білуі. Егер баланы жақсы көрмесе, қит еткен сайын ұрсып, дүрсе қоя берсе, ондай мұғалімдерде қандай бедел болады. О, айналайын, ақжарқын ұстаздар бәріңізді құрметтеп бас иеміз. Бірақ сіздердің араларыңызда ұстаз атын жамылып, беделдеріңізге нұқсан келтіріп жүргендер де бар-ау! Аз да болса, аяққа оралғы болатындар жоқ емес... ұстаздардың қасиетті мамандығын сондайлардың дәрежесіне қарап бағалағандар қатты қателеседі. Қадірлі ұстаздарға қойылатын талаптар да көп. Оқытушы дегеніміз – халық мұғалімі. Бүкіл халықтың ұстазы. Оған бәріміз де шәкіртпіз. Шәкірт болу оңай, ұстаз болу қиын. Саналы азаматтардың әрқайсысы - өмір ұстазы. Біз, ата-аналар, оқу-тәрбие ісінде оқытушылардан кем роль атқармайтынымызды ұмытпауға тиіспіз. Әрине, ұстаздардан үйрену керек, өнеге алу қажет. Ал, тәлім-тәрбиеде бәріміз де ұстазбыз. Ең әуелі әрбір адам өзіне-өзі тәрбиеші. Өзін-өзі тәрбиелей алмаған адам ұстаздар өнегесін үйрене алмайды. Әрбір мұғалім өз ісінде жеке адамдардың өзін-өзі тәрбиелеу жолдарын айқындай береді. Тәрбие өзін-өзі тәрбиелеу, жеке тәрбие, ұжымдық тәрбие, қоғамдық тәрбие болып дамиды. Осы тәрбиенің барлығына белсене қатысқан мұғалімнің беделі арта береді. Қоғамдық жұмысқа ынта-жігерімен қатысып, қажырлы еңбек еткен мұғалімдерді оқушылар да, ата-аналар да, оқытушылар ұжымы да жоғары бағалайды.
Егер күнделікті үш-төрт сабағын ғана оқытып, басқа жұмыстарға араласпаса, ондай оқытушының беделі бола ма? Сабақты жақсы оқытқан оқытушының беделі тек сабақ үстінде жақсы. Егер ол қоғамдық жұмыстарға араласпаса, әдептілік жөнінен кемшілігі болса, ол кешірілмейді. Ондай мұғалімдерді жеке оқушылар да сыйламайды. Мұғалімнің беделге ие болуы өте қиын жол, ал болмашы бірер қателіктер ұстаздық беделді жойып алуға себепші болады. Қандай жағдайлар мұғалімнің беделіне нұқсан келтіреді? Сабақты өз дәрежесінде оқытпау, сабырсыдық, дөрекілік, ішкілік, қоғам жұмысына араласпау, самарқаулық – ұстаздық беделдің қас жауы осылар. Егер мұғалім бір себептердің қырсығынан беделін жойып алса, оны қайта қалыптастыруға бола ма? Егер мұғалімнің беділі жойылса, сол ұжымда оның беделін қайта қалыптастыру өте қиын. Ол шалажансар денені қайта жансыздандырумен бірдей қасірет. Оқытушыға оқушының сенімінен ажырау – бақытсыздық. Сондықтан да «оқытушының жолы ең нәзік жол» дейді. Түзу сызықты қисайтуға болмайтыны сияқты, мұғалімнің сәл өрескел қылығы көпшіліктің көзіне бірден шалынады. Кіші жастағы балалар, яғни бүлдіршіндер мен балдырғандар үлкенді үлкендігі үшін сыйлайды, өсе келе балалар тәрбиешінің өз бойындағы міндетін жіті көргіш болады. Олар тәрбиешінің бойында кемшілігі болса оны үлкен мін қатарына да үлкен кейіспен сезінеді. Кейде сабақ үстінде балалардың тәртібі күрт бұзылады, мұғалімнің беделі қалмайды. Оның себебі неде? Атақты орыс педагогы Ушинский «Балаларда кездесетін еркелік, қияңқылық, жалқаулық, оғаштық, тентектік сияқты көптеген ұнамсыз қылықтардың бәрі зәрігуден болады» дейді. Егер мұғалім сабағын көрнекті, қызықты етіп, түрлендіріп жүргізбесе, балалар зерігеді. Тәртіп содан бұзылады. Яғни мұғалім өз беделін берік ұстау үшін балалардың психологиясын жан-жақты терең біліп, соған лайықты әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға тиіс. Бір сыныпта қанша бала болса, сонша түрлі мінез-құлық, қабілет болады. Олардың бәріне дидактикалық тәсілдер қолдану керек.
Балалардың алдында сыйлы болу үшін, олардың ыңғайына көнуге бола ма? Мұғалім - жауапкершілік норманың орындалуын қатаң талап етуші ұстаз. Ол оқушылардың ыңғайына қарай іс-әрекет жасаса, беделге ие болмайды, қайта бірте-бірте беделін жойып алады. Орындалуға тиіс нормаларын қатаң талап етіп орындамаса, тәрбие нәтижелі болмайды. Ұлы педагог Антон Семенович Макаренко ұстаздарға ең әуелі өзіңе-өзің қатаң талап ет, одан кейін шәкірттеріңе қатаң талап қоя біл деп үйреткен болатын. Ұжымдық тәрбиенің нәтижелі болуы жеке адамдарға қатаң талап қоя білуге байланысты. Қоғамдық талапты, көпшіліктің міндетті жеке адамдар орындамаса, ол - қылмыс. Бізде біреуі барлығы үшін, барлығы біреуі үшін деген қағида берік сақталуға тиіс. Олай болмаса, тәрбие нәтижесіз. Тәрбиеде нәтиже болмаса, онда ұстаздың беделі жоқ. Барлық тәрбиенің негізі – осы азаматтық адамгершілікке саяды. Ал, азаматтық тәрбиенің мәнін терең сезініп, оның қағидалары мен нормаларын шәкірттеріне орындата алмаған ұстазда бедел болмайды. Ұстаз болудың сондай қиындықтары мол. Ұстаздың беделді болуы – бәріміздің абыройымыз! Сондықтан әрбір ұстаз өзінің ұлағатты міндеттерін аса жауаптылықпен қарауға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |