5. Еңбек тәрбиесi – жеке тұлғаны өмiрге бейiмдеу, еңбекке ықыласын арттыру, қоғамдағы тiршiлiгiн қалыптастыру үшiн жүргiзiлетiн мақсатты, игi әрекет.
Еңбек тәрбиесi баланың бөбектiк кезiнен басталады. Халық «бес айда белгiлi отырады», «алты айда анық отырады» деп, бөбектiң әуелi өзiнше отыруына (түзу отыруына) көңiл бөлсе, ата-ана оған жағдай жасап, еңбектеп, «еңбек ете бастауын» қадағалайды. Ол үшiн, ата-ана бөбектiң денсаулығы мен жансаулығына үздiксiз қамқорлық көрсетедi.
Отбасында баланың еңбектiк өз үлестерi болады (үй жинау, ыдыс жуу, жанұя тазалығын сақтау, киiм үтектеу, тамақ дайындау, бiр-бiрiне қамқорлық жасау т.б.) «Ағасы бардың жағасы бар, iнiсi бардың тынысы бар» деген мақалдар содан шыққан.
Балабақшада еңбек тәрбиесi баланың жас ерекшелiктерiне байланысты өзiне-өзi қызмет ету, әртүрлi еңбек ойындарын ойнап, жаттығу барысында жан-жақты жүргiзiледi. «Үй жиһаздау», «Құрылыс», «Көше тәртiбi» т.б. ойындарда ұлттық дәстүрлер мен рәсiмдер пайдаланылады (мысалы, үй жиһаздауда «қыз бөлмесi», «ұлдың жарақтары», құрылыс ойынында «киiз үй», «қазiргi көп қабатты үй», көше тәртiбi ойынында «бағдаршам» тақпағын жатқа айтып, оның мазмұнын iс-қимылмен көрсету т.б.).
Мектептегi еңбек тәрбиесi тәрбиеленушiнiң өзiне-өзi қызмет етуiнен бастап, шеберханада, тәжiрибе алаңдарында, оқушылар бригадаларында, өндiрiстiк орындарда оқу мен еңбектi байланыстыру тәсiлiмен жүргiзiледi.
Баланы еңбекке баулитын еңбектiң түрлерi:
1. Күнкөрiс еңбек – жеке тұлғаның күнделiктi әрекетi;
2. Мiндеттi еңбек – ұжым мен қоғамның бiр мүшесi ретiнде жеке тұлғаның мiндеттi түрде орындайтын еңбегi;
3. Қажеттi еңбек - өмiр қажетiлiгiнен туындаған, тiршiлiктi тiрек қылатын әрекет;
4. Өнiмдi еңбек – ақылы, ынталандыратын, кәсiпке сәйкес, жеке тұлғаларға лайықты еңбек. Осының бәрi – еңбек тәрбиесiнiң тiрек-блоктары болып табылады.
Жеке тұлғаның еңбекке қатысын көрсететiн еңбек түрлерi:
1. Құлдық еңбек – ерiксiз, шектеусiз, тәуелдi еңбек;
2. Жалдамалы еңбек – күнкөрiс еңбегi;
3. Жеке еңбек - әрбiр жеке тұлғаның iс-әрекетi;
4. Ұжымдық еңбек – ұжым арқылы атқарылатын қызметтi еңбек. Еңбек арқылы еңбекке бейiмдеу, еңбектi бағалау, еңбек адамының iс-әрекетiн бағдарлау арқылы еңбек тәрбиесi жан-жақты жүргiзiледi. («Еңбегiм өнсiң десең, ретiн тап», «еңбексiз өнбек жоқ», «еңбектi бағалау - әдептiлiк», т.б.).
Еңбек тәрбиесi арқылы жеке тұлғаның еңбекке әзiрлiгi қалыптасып, ықыласы, қызығуы, талабы, талғамы, кәсiпке бейiмдiлiгi артады. Онда еңбектi бағалау, еңбек адамын құрметтеу сезiмдерi пайда болады. «Еңбек ет те, мiндет ет», «еңбек ер атандырады», «еңбек етпегеннiң ернi жiбiмейдi» деп мақалдаған халық «Ғажайып бақ», «Ұшқыш кiлем» сияқты ертегiлерi арқылы ондағы еңбек адамдарын ұрпағына үлгi-өнеге етiп көсетедi, жас ұрпақты еңбектi сүйiп, еңбек адамдарын құрметтеуге тәрбиелейдi.
Еңбек тәрбиесiнiң таптық, тарихи мәнi антогонистiк таптардың еңбектi қанаудың құралы еткендiгiн, қаналушы таптың еңбектi күнкөрiс үшiн ерiксiз еңбек етсе де, жас ұрпақты еңбекке баули бiлгендiгiн көрсетедi. Өркениеттi қоғамда еңбек тәрбиесi кәсiпкерлiкке, ғылыми прогреске, қоғамдық саяси ақуалға сәйкес жүргiзiледi. Демократиялық қоғамда еңбек тәрбиесi еңбек арқылы елге пайда келтiрiп, қоғамға қызмет етудi уағыздайды.
Оқуды еңбекпен байланыстырып, еңбек тәрбиесiн еркiн жүргiзу жөнiндегi Ж.Ж.Руссо мен И.Г.Песталлоццийдiң (ХVIII ғ.) қағидалары – демократиялық елдерде өркениеттi өмiрде өз жалғасын тауып келедi. «Оқу мен еңбек, бәрiн де жеңбек» деп халық айтқандай, қазақ мектептерiндегi 1932-1937 жылдары басталған еңбек сабақтары – 1950 жылдардан бастап қайта жаңғырып, бағдарлы түрде әрбiр сыныпқа лайықталып жүргiзiлiп, еңбек тәрбиесiнiң негiзi (арқауы) болып келедi. Еңбек тәулсiздiлiгi, политехникалық бiлiм iске асыратын санқырлы еңбек салалары – еңбек тәрбиесiнiң қозғаушы күшi болды. Халық «еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей» (Абай) деп қана қоймай, «еңбек етсең, халқыңа, ол жеткiзер даңқыңа» деп, халыққа қызмет ету – қастерлi де қадiрлi еңбек екендiгiн уағыздайды. Халық дарындары әдеби көркем шығармалары арқылы еңбек адамдарының үлгi-өнегелерiн жас ұрпаққа көркем баяндап, оларды еңбек сүйгiштiкке тәрбиелейдi. (Мысалы, О.Бұдықовтың «Ыбырай Жақаев» романы, «Жазылбек Қуанышбаев» повесi т.б.).
Мектептерде еңбекке баулу (I-IV сынып), кәсiптiк бағдар беру (V-VIII сынып), кәсiпке баулу (IХ-ХI сынып) жұмыстары еңбек сабақтары мен еңбек практикалары (iс-әрекеттерi) арқылы iске асырылады. «Кәсiп бар да, нәсiп бар» деп, халық, әсiресе, әулеттiк кәсiп пен ата кәсiпке ерекше мән бередi. «Атадан асыл туады, ата жолын қуады» деп халық айтқандай, қазiргi «техниканың тетiгiн қолға ұстаған жетiгiм» атты ұрпақтың еңбектi сүюi техникамен байланысты заманда еңбекке тәрбиелеу iсi өркениеттi өмiр сұраныстарына сәйкес жүргiзiледi.
Еңбек тәрбиесiнiң нәтижелi болуы еңбек гигиенасына және политехникалық бiлiмге де байланысты, ол игi әрекет жаңаша тетiктi әдiстемемен iске асырылады. «Еңбек десең, ғылым бiл, техниканың тiлiн бiл» деп, халық еңбек тәрбиесiн ғылыммен, бiлiммен байланыстырады. Ой еңбегi мен дене еңбегiнiң сабақтас екендiгiн ұрпағына ұлағатты сөздермен жеткiзген халық еңбек тәрбиесiнiң негiзi – бiлiмде деп көрсетедi. Сөйтiп, ел ұрпағына политехникалық бiлiм беру iсiн мақсат тұтады.
Мектептердегi еңбек тәрбиесi 1958 жылдан берi оқуды еңбекпен, еңбектi өмiрмен байланыстыруды жүйелеп қалыптастырған дәстүрлер негiзiнде ұйымдастырып келедi. Еңбек тәрбиесi мектептерде тек еңбек сабақтарында ғана емес, барлық сабақтарда (мысалы, қолданылмалы химия, қолданылмалы физика, тәжiрибелi биология т.б.) және сыныптан тыс өндiрiс орындарында, еңбек алаңдарында iске асырылады.
«Адамды адам еткен – еңбек» болғандықтан, еңбек тәрбиесi – адамның адамгершiлiк қасиеттерiн дамытып, ақыл-ойын қалыптастырады. Ұрпағын мал өсiруге, егiн баптауға баулыған қазақ халқы қолөнерiн, түрлi кәсiптiк (балықшы, бүркiтшi, ұсталық, зергерлiк т.б.) өнерге үйретiп, өркениеттi заманда өз өрiсiн тапқан мамандықтарға үйренудi уағыздап «мал өсiрсең, қой өсiр, өнiмi оның көлгөсiр», «ексең егiн, нан жейсiң тегiн», «ғалымның сөзi – ортақ, шебердiң қолы – ортақ», «өзен жағаласаң өлмейсiң» деген сияқты мақалдарды халық «жаңа өнердiң көбiн бiл, техниканың тегiн бiл» деген жаңа мақалмен жалғастырады, тәрбиенi жаңғыртады (инновациялайды).
Достарыңызбен бөлісу: |