Халықтық педагогика тәлiмдерiн жеке тұлғаның бойына
дарыту жолдары
Адам – ұлы тұлға. Адамгершiлiк – оның жоғары, саналы, адамдық қасиетi. Баланың адамдық қасиетi бес жасқа дейiн қалыптасады. Бөбек үш жасқа дейiн өмiрдiң, табиғаттың, айналасының не екенiн танып, «не жаман», «не жақсы» деген сұраққа жауап табады. Сөйтiп жеке тұлғаның тұлғалық негiзi бес жасқа дейiн қаланады.
Баланың адамдық болмысы қалыптасқан соң оның бойына адами мiнез-құлық пен адамгершiлiк қасиеттердi сiңiру үшiн, игi әрекеттер үйретiледi, ол әрекеттерге бала әдеттенiп, әдет өмiрлiк қолданысына айналып, баланың санасы әдет-ғұрыпты игере бастайды да, ол әдет-ғұрып әдепке (әдептiлiкке) дамып, қалыптасады. Сөйтiп игi iс-әрекеттiң мәдени iрге негiзi - әдеп болады. Әдеп ұлттық қолданыста мәдени дәстүрге айналады. Дәстүр ұлттық өмiр қолданысында салтқа (заңдылыққа) айналып, содан салт-дәстүр пайда болады. Салт-дәстүрдiң ұлттық санадағы көрiнiсi – салт-сана (яғни салттың ұлттық санаға сiңуi) деп аталады. Бұл үрдiстер игi iс-әрекеттiң мәдени сәулетi деп аталады. Жеке тұлғаның бойына адамгершiлiк қасиеттi дарыту жолдары – осылай дамиды. Мысалы, үлкендi сыйлау әдетiн үйренiп, дағдыланған бала әдеп (этника, этика) қалыптастырады да әдептi болады, одан әрi қарай сондай адамдардың әдептiлiгi дәстүрге, салт-дәстүрге айналады. Мiне, осы сабақтастықтан, салт-сана (ұлттық санаға сiнген әдеп) пайда болады.
Тәрбиеленушiнiң адамгершiлiк қасиеттерiн қалыптастыру iсi отбасынан басталады. Адамгершiлiк қасиеттердi (имандылық, қайырымдылық, мейiрiмдiлiк, iзеттiлiк, инабаттылық, т.б.) тәрбиеленушiнiң бойына дарыту үшiн, әуелi үйрету, содан кейiн дағдыландыру, талап ету, мәжбүр ету тәсiлдерi қолданылады.
Адамгершiлiк пен имандылық тәлiмдерi, негiзiнен, халық педагогикасынан айқын көрiнедi. Жастың үлкендi сыйлауы, оның өмiр заңдылықтарына («алланың ақ жолына») сенуi, адам баласына тек жақсылық ойлауы ең әуелi отбасындағы тәрбиеде қалыптасады. Ол баланың ата-анасын сыйлаудан басталады.
Отбасындағы тәрбиеде тәрбиеленушi адамгершiлiктi сәлем беруден бастап үйренедi. Сәлем - әдептiлiктiң белгiсi. Сәлемнiң сәлемдесу, сәлем беру, сәлем қылу сияқты түрлерi бар. Сәлемдесу – кезкелген адамдардың бiр-бiрiнiң амандығын бiлiп, қуанышқа бөленуi, бiрiне-бiрi аман-саулық тiлеп, тiлектестiгiн, ниеттестiгiн бiлдiруi, яғни iзеттiлiк пен әдептiлiк нышанын көрсетiп адамдыққа ақжарқынданып, жақсылыққа жадырауы. Бұл – адамгершiлiктiң басты белгiсi. Бұған, әсiресе, отбасының ықпалы зор болады. Бұл iс балабақшада, мектептерде жалғасады.
Жеке тұлғаның бойына адамгершiлiк, имандылық тәлiмдерiн дарытудың жолдары:
1. Адамгершiлiк қасиеттердi жеке тұлғаға үйретiп, оны орындауын талап ету.
2. Әдептiлiк негiздерiн тәрбиеленушiге үйретiп, оны орындау жолдарын көрсету.
3. Имандылық дәстүрiн (болашаққа, өмiр заңдылықтарына сену, адал, әдiлеттi, шыншыл болу, үлкен-кiшiмен сыйласу, кiсiлiк жасау т.б.) тәрбиеленушiге жан-жақты ұғындырып, оны өмiр қолданысынан талап ету.
4. Адамгершiлiк және имандылық дәстүрлерi туралы пiкiрлесу, пiкiрталас, ойжарыс, айтыс ұйымдастырып, ой мен iстi тұжырымдау.
5. Имандылықтың, ұлттық мәдени уағыздар мен қағидалардың адамгершiлiк негiзi екенiн дәлелдейтiн түрлi ойындар, қойылымдар ұйымдастыру.
6. Басылымдар арқылы адамгершiлiк, имандылық туралы материалдарды оқуды ұйымдастыру.
7. Визуалдық, аудиовизуалдық (картина, кинофильм, радио, театр) тәрбие тәсiлдерiн ұйымдастыру арқылы шәкiрттiң имандылық қабiлетiн қалыптастыру
Достарыңызбен бөлісу: |