Қазақ философиясы тарихы. Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін. – Т. Қазақ философиясының



Pdf көрінісі
бет38/57
Дата28.03.2024
өлшемі2.98 Mb.
#496759
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   57
annotation23044

Құнанбаев. Шығ. екі томдық толық жинағы. ІІ-том. Алматы, 1995, 161-162 бб.). 
Орыстың қоғамдық-философиялық ой-санасы Абай Құнанбаевтың 
эстетикалық, кейбір этикалық талғамдарына едәуір әсерін тигтзді. Абай үшін 
дүниетанымның өрістеуі барысында мирасқорлық жеке, өзіндік бағыты - өз 
бастауларын антикалық /ежелгі/ дәуірден алатын батыс еуропалық мәдениеті 
болды. Қазақ ойшылы Сократтың, Платонның, Аристотельдің философиясын 
білген, ол жөнінде шығармалары куәгер. Ол Спенсердің "Тәжірибелерін", 
Льюистің "Позитивтік философиясын", Дрепердің "Еуропаның ақыл-ойының 
дамуын", Милль, Бокльдің және басқа көптеген авторлардың еңбектерін оқыды 
деп жазады Ә. Бөкейханов және Д. Кеннан. Оның қазақ тіліне аударған 
өлеңдері арасында Байрон, Гете, Шиллер, Мицкевичтің өлеңдері кездеседі.


260 
Абай Гетенің "Жолаушының түнгі әнін" лермонтовтық "таулы шыңдар" 
арқылы "Қараңғы түнде тау қалғып" деген керемет аударма жасады. "Гете және 
Абай" атты өте қызықты эссе-еңбек жазған Г.К. Бельгер Абай поэзиясының 
терең философиялығын ерекше атайды және Абай осы өзгешелігімен Гетеге 
керемет жақын деп есептейді. "Гете және Шығыс",
"Абай және Батыс" - осы 
жолдардың түйіскен жерінде зерттеушілерді жаңалықтар күтіп тұр деп әділ 
бағасын береді Г. Бельгер (Бельгер Г.К. кітабы бойынша: Гете және Абай. Эссе. 
Алматы, Жалын 24 б., 45 б.).
Батыс, батыс өркениеті - өзінің философиясымен, қоғамдық ойдың 
тарихымен, ғылымымен өз дүниетанымында Батыс пен Шығыстың синтезін 
/ұласуын/ жүзеге асырған қазақ ойшылының рухани өсуі барысында маңызды 
рөл атқарды. 
Біз, Абай Құнанбаевтың рухани өрістеуі барысындағы сабақтастық 
қалайша жүзеге асқанын, оның дүниетанымы мен шығармашылығы қандай 
қайнар көздерден нәр алғанын, мұндай топтастыруларда кездеспей қоймайтын 
кейбір схематизмдерге /еліктеушілікке бой ұру/ есеп бере отырып, көрсетуге 
тырыстық. Ойшылдың бұл әртүрлі мәдениетті игерудегі күрделілік, 
жинақтылық, өзара өрімдестік және өзара байланыстылық жайлары ешбір күдік 
келтірмейді. 
Абай философия бойынша іргелі еңбек жазбаған, алайда оның қаламынан 
терең философиялық поэзиясынан басқа философиялық тол-ғаныстардан, 
төлтума философиялық идеялардан тұратын "Ғақлия" немесе "Қара сөздер" 
атты еңбек туды. 1918 жылы жарық көрген "Абай" журналында Ж. 
Аймауытұлы "Журнал туралы" деген мақаласында Абайдың философиялық 
дарынына алғашқылардың бірі болып баға бере келіп, былай деп дәл атап 
көрсетті: "Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан 
шыққан философ /данышпан/" (Аймауытұлы Ж. Журнал туралы. «Абай». 1918. 
№ 1.).
Абай жөнінде, бұл – "адам" дейтін орталық нүктеге қарап, тепе-теңдік 
ұстайтын тұтас әлем, Абай ғарышы деу жөн. Адамшылық мәні, оның этикалық 
һәм эстетикалық келбеті, өмірінің мәні мен мағынасы, зерде мен сезім дүниесі 
ойшылды тебіренте толғантқан. "Абайға келгенде, ... адам мен адамгершілік, 
ұждан, мораль, философиясына тікелей қатысы бар» толып жатқан бөлек-бөлек 
бір көлемді, әр сапалы, терең ойлы пікірлері бар екені даусыз. Біздің 
білуімізше, Абайдағы философиялық көзқарастың көбі адамгершілік, 
мәселесіне тіреледі", - деп жазады М.О. Әуезов (Әуезов М. Абай Құнанбаев: 
Мақалалар мен зерттеулер. Алматы, 1967, 171 б., 353 б.). 
Бұл пікірді мақұлдамау қиын, өйткені адам мәселесі және оның қоршаған 
дүниеге қатынасы, өмірінің мәні философияның жалпы өзегін құрайтыны, оның 
басты эерттеу нысанасы болып табылатыны ежелден белгілі жәйт. Абай үшін 
негізгі мәселе – адам мәселесі, ол және де кең ұғымда алынған. Дәлірек айтсақ, 
философиялық мәселенің бір-бірімен тығыз байланысты, сабақтас этикалық, 
эстетикалық, әлеуметтік, гносеологиялық және басқа қырлары болғандықтан 
адам мәселесіне Абай жүйелілік тұрғысынан келеді. 


261 
Сонымен, біз адамды Абайша түсінудің тұжырымдарына белгілі бір 
анықтама беруге ұмтыла отырып, бұны жасау қиынның қиыны екендігіне 
көзіміз жетті, шынын айтқанда, "осы ұғымды анықтаудың", - өзі жалпы қажет 
емес пе деп ойладық, өйткені: бұл оны тарылтып, төмендетіп жіберетіндей. 
Тіпті кез-келген анықтаманың өзі - қажеттілікке орай қолға алынған заттың тек 
бір ғана немесе бірнеше қырларын көрсете алады. Ал барлық затта - 
қырларының саны шексіз. Бұл, бірақ анықтаманың қажеті жоқ деген емес. 
Алайда ол барлық анықтаманың шартты әрі заттың мәнін түгелдей бере 
алмайтындығын білдіреді” (Лосев А. Ф. Отан. Лит. газета. 1999. 24/01, 6 б.). Біз 
А.Ф. Лосевтің осы бір нақты әрі өте нәзіктікпен түсіндірген түйінімен келісе 
отырып, бүл қазақ ойшылының философиялық тұрғысын анықтауда біз 
кездестірген қиындықтарды толық бейнелеп береді деп ойлаймыз. Абайдың 
адамды түсінуі оның философиялық көзқарастарынан ажыратып алғысыз дей 
тұрсақ та, ойшыл адам мәселесінің философиялық қырына өзінің негізгі 
назарын аударды деп айта аламыз, оның бүкіл шығармашылығының өн бойы 
"толық адам" - өз мәніндегі, иманды, үндестікке толы адам туралы терең ой-
толғамдарға толыал оның басты мақсаты - Адам болу үшін неге жақыннеден 
қашық жүру керек екендігін үйрету, жақсылық пен жамандықтың ақиқаттық 
болмысын ашып беру еді. Абай өз рулас ағайындарына, қазаққа арнап, былай 
деген: "Екі сөздің басын қосарлық не ақылы, не ғылымы жоқ бола тұра, 
өзімдікін жөн қыламын деп, құр "өй, тәңір-ай!" деп таласа бергеннің несі сөз? 
Оның несі адам? " /33, 179 б./. 
Абайдың өз шығармаларындағы негізгі ұстанған философиялық қағидасы 
– бұл "Адам бол!" деген үндеуі - ол ойшыл-ақынның шығармашылығының 
өзегіне айналды. Абай үңдеуінің философиялық мәні – адамның өмірдегі 
міндеті мен рөлін жоғары бағалау. Адам – ақын көзқарасында ақыл-ойдың, 
адамшылықтың, еңбексүйгіштіктің және білімділіктің, достық пен махаббаттың 
түгелдей көрініс табуы, жинақталуы. Ай мен күн - аспан әлемінің әшекейі, 
орман мен жемістер - таудың әшекейі, ал жердің сәні - адам. Абай үлкен 
мақтанышпен: "Адам деген даңқым бар!", - деп жар салады. 
Абай Құнанбаев қазақтардың кенжелеп қалуы мен өмірдің барлық 
кемшіліктерін байлардың мал шаруашылығындағы шарасыздығымен, 
жалқаулығымен де байланыстырды. “Бұл кемшіліктер адамдардың көп мал 
табамын деп қана қам жеуінде,- деп жазды ол, - әрі сол арқылы өзіне қоршаған 
ортасынан құрмет талап етуінде. Егер олар егін шаруашылығымен, саудамен 
айналысса, ғылымға және өнерге ұмтылса, онда бұндай жағдай болмас еді”.
Абай адамның рақымды болуы оның құдай тағаланың көрінен қо-
рыққандығына байланысты емес, оның өз қылықтары үшін ар алдында, ақыл-
ойы, өзін қоршаған адамдар алдында жауапкершілігін сезінуімен деп есептейді.
Абайдың философиялық тұжырымдамаларында "еңбек" ұғымының 
айрықша орны бар, өйткені қазақтың ойшыл-ақынының еңбектің адам 
өміріндегі мәні туралы айтылмайтын шығармасы жоқ деп әсірелеусіз айта 
аламыз. Еңбек әрекетін Абай адамның рухани, ақыл-ойының калыптасуының 
негізі деп есептеді: "Ақыл, ғылым – бұлар – кәсиби". Ол сонымен қатар, еңбек 
адам жанын түлетеді, ал еңбектен алыс жүретін жалқауларда жаман әдеттерге 


262 
бейімділіктер көп кездесетінін келтіреді. "Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің 
дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан 
шығады", - деп жазады ол "Ғақлиясында". 
Еңбек, халық атына еңбек ету - адамның мінез-құлқы мен іс-әре-кеттерінің 
өлшемі, ең жоғарғы игілікті іс деп сенеді ойшыл. Халыққа қызмет ету идеясы, 
өз мүддесінен халық мүддесінің басымдылығы Абай шығармашылығының 
арқауы болып өтті. 
Адамның қалыптасу процесінде тәрбиенің, қоршаған ортаның рөліне үлкен 
мән бере отырып, Абай өзін-өзі тәрбиелеумен айналысудың қажеттілігі туралы 
ойды баса айтады. Адам өз-өзіне басқаша көзбен қарауға, өзіндік талдау, 
өзіндік баға беру, өзіндік бақылау қажеттілігі туралы есте сақтауға тиіс. "Егерде 
есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса 
жұмысында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп 
алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге 
жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не 
қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?" – деген тоқтамға келеді қазақ 
ойшылы (Абай (ИбраҺим) Құнанбаев. Шығ. екі томдық толық жинағы. ІІ-том. 
Алматы, 1995, 151 б.).
Жоғарыда тоқталып өткендей, Абайда адамды қандай да бір әреккеттер 
жасауға итермелейтін қажеттіліктерді қанағаттандырудан туатын жағдайлар 
деп атап кеттік. Бірақ қажеттіліктерді қанағаттандырудың да шегі бар, оның өз 
мөлшері бар деп есептейді ойшыл: "әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, 
өлшеуінен асса - жарамайды. Өлшеуін білмек - бір үлкен керек іс... Ішпек, 
жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап 
іздемек, айлалы болмақ, алданбастық - бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар" 
(сонда, 222 б.). Бірақ мөлшерді қалай білеміз? Ұлтты сезіну, арлылық адамды 
парасаттылық пен асып-таспаудың жолында ұстап тұрады дегенге тоқталады 
Абай. Бұл жерде біз белгілі орыс философы Вл. Соловьев пен Абайдың ұлт 
туралы ой-пікірлерінің соншалық күтпеген үңдестігіне таңданушылықпен назар 
аударғымыз келеді. Вл. Соловьев ұлт сезімі, ұлт дегеннің өзі жалпы 
адамдықтың, моралъдық маңызды бірінші элементі деп есептеген, ұлтты мінез-
құлықтың айрықша реттеушісі дей келіп, Декарт сөзін былайша келтіреді: "Мен 
ұяламын, демек, мен өмір сүрудемін". "Ұятты жоғалту", яғни “адамдықты жою” 
деген байламға келеді орыс философы (Гулыга А. Владимир Сергеевич 
Соловьев. Мақала. Литературная газета. 1989. 18/01). Ал Абай “Ғақлияның” 
отыз алтыншы сөзінде осы ұғымды толық талдай келіп: “Ұят деген адамның өз 
бойындағы адамшылығы”, - дейді. “Ғақлияның” он төртінші сөзінде қазақ 
ойшылы былайша ой қорытады: “ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып 
ала алмаған кісі үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын бір 
тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?”. Екі ойшылдың 
идеяларындағы мұндай айқын үндестіктің, философиялық идеялардың мұндай 
жаңғырығын түсіндіру қиын. Абайдың Вл. Соловьев еңбектерімен таныс болды 
деген ұйғарымға келуге болады, өйткені олар Ресейде көптеген журналдарда 
жарияланған, кеңінен танымал болды, ал Абай бай кітап қорымен әйгілі Семей 
кітапханасының тұрақты оқырманы болғаны жұртшылыққа белгілі. 


263 
Ж. Аймауытұлы "Абай" журналында жарияланған жоғарыда аталған 
мақаласында, қазақ ағартушысының философиялық қағидаларына байланысты 
былай деп жазады: “Шеберлікті меңгер”, оқы, еңбек ет, тәрбиелі бол, адам бол, 
шамаңды парықтай біл деп Абай табаңдылықпен қайталайды. Ол халқыньң 
қамын ойлады, адамдық атына қызмет етуге, адамды туысындай сүюге 
шақырды”. Ж. Аймауытұлы сондай-ақ Абайға “дананың көрегендігі, ізгілікке 
құштарлық, әділдік, шыншылдық” тән деп тұжырымдап, ол өмір бойы 
“жаңылыс басқандарды дұрыс жолға бағыттауға ұмтылды” . 
Біздің көзқарасымызда жазушы Абайдың философияның негізгі өсиеттерін 
талғампаздықпен өте дәл айқындады, оның өн бойында адамға деген 
гуманистік идеялар тұнып жатқан болатын. 
Абай ғұмыр бойына адамдық идеяларын ұсынды, ол адамды шыққан 
тегіне, қоғамдағы дәрежесіне, ақсүйектігі мен байлығына қарап бағаламауға; 
адамның адамдарға жасаған жақсылығына, оны рухани дүииесіне қарап 
бағалауға үңдеді, рухани қасиеттер - адам өміріндегі басты нәрсе деп есептеді. 
Нұрлы ақыл мен ойлы жүрек адамды бастап жүруге тиіс, сонда ғана оның 
еңбегі мағыналы, ауқаттылығы орынды. Ол адамның ішкі әлемі әрқашан даму 
үстінде болатынын байқап, өзінің негізгі философиялық принципі "Адам бол!" 
дегенді имандылықтың жетілуі тұрғысынан түсінді. 
Басқа да ағартушылар секілді Абай да қоғамның жақсаруына 
имандылықты жетілдіру жолымен қол жеткізуге болады деп, ал оның жоғарғы 
міндетін халық игілігіне жарауға ұмтылу деп білді. 
Ойшыл-ақынның философиялық идеясы эстетикасымен тығыз өріліп 
жатыр. Абайда имандылықты жетілдіру - бұл этика мен эстетиканың бірлігі, ол 
белгілі бір эстетикалық құндылыққа ие. Ол үйлесімді тұтастықты іздеуді өнер, 
сөз, поэзия арқылы жүргізеді, тірліктің күйкілігін эстетикалық тәрбие жолымен 
жеңуге, шындық өмірмен байланыстағы сөз құдіретімен адамдарға әсерін 
тигізуге әрекет етеді. Өз поэзиясының өмірлік негізі жайлы былай деп жазады: 
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды ертегіні термек үшін". Абай 
поэзияның мазмұнына, өлеңдердегі ойға үлкен мән берді: "Өлеңге әркімнің-ақ 
бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз 
жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?". 
Абайдың жанға жақын идеяларының бірі адамды табиғатқа жақындату: 
адам мен табиғат, табиғат пен махаббат, табиғат пен өмір, табиғат және өнер 
оның поэзиясының сүйікті тақырыптары болды. Абай шығармашылығында 
нақтылы пейзаждық, лирика көлемі аса көп емес, барлығы бірнеше өлеңдер: 
"Жаз", "Күз", "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай", "Қыс", "Желсіз түнде 
жарық ай", "Жазғытұры" және басқалар. Дегенмен бұл шығармалардың Абай 
шығармашылығында алар орны салыстырмалы түрде ерекше, өйткені бұл 
өлеңдерде қазақ даласындағы жылдың төрт мезгілі толығымен суреттеліп қана 
қоймайды, табиғаттың көркемдігі айшықталып, ақынның дүниеге көзқарасы, 
оның идеялық-көркемдік кредосы, оның көшпелі өмір жағдайындағы 
әлеуметтік проблемаларды түсінуі, адамды түсінуі тұтастай көз алдымызға 
келеді. "Оның жылдың төрт мезгіліне /көктем, жаз, күз және қыс/ арналған 


264 
ғажап өлеңдері Еуропаның көрнекті ақындарының өлеңдерімен қатар тұрар 
еді", – деп жазады Ә. Бөкейханов.
Абай үшін табиғат өэгеріссіз материалды, нақты, тамаша әрі адаммен, 
әлеуметтік ортасымен тығыз байланысты. Ол нақтылы шындықты ақын көзімен 
қабылдайды, яғни оны әсемдіктің тұлғасы ретінде ұғынады, Абай өзінің 
"Адамның кейбір кездері" өлеңінде: "Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, Ащы 
тіл. Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл", - дейді.
Абайдың эстетикалык көзқарастарына, оның қазақтың қоғамдық ой-
санасындағы сұлулықты, әсемдікті жаңаша түсінуіне, қоғам өміріндегі өнердің 
орнын білуге жалпы орыстың қоғамдық-философиялық ойы, орыс эстетикасы 
үлкен ыңпалын тигізді. 
Біз жоғарыда, Абайдың ақындық өнерге, поэтикалық шығармашы-лыққа, 
өнердің қоғам өміріндегі орнына көзқарастарында төңкеріс жасауға әсер еткен 
Семейдегі жер аударылушылармен қарым-қатынасы деп атап өттік, бұл 
түсініктер /сол кездегі қазақтардың қоғамдық үстемдік еткен/ бойынша, өлең, 
ән, музыка шығару - жарамсақ ақындардың өзіне нан табатын үлесі деп 
бағаланатын. Абай мұнан кейін - өзін сол кездегі дала аристократиясы жек 
көретін ақын деп атаудан қорынбады, ал поэтикалық өнерге құрметпен қарады. 
Ол шайырлық және философиялық шығармашылық жолына түсе отырып, 
өнерді бай-шонжарлардан сый-сияпат алу құралына айналдырып, сонысымен 
өнердің биік атағын төмендеткен, алтын сөзді мысқа айналдырған қазақ 
ақындарын әшкерелеген көптеген өлең жолдарын жарыққа шығарды. 
Абай жасөспірім шағынан бастап өз дәуірінің бел ортасында болды, 
дәуірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оның әлеуметтек-саяси қөзқарасында, 
көркем шығармашылығында және іс-әрекетінде айқын әрі дәл көрінді. Абай 
өзінің көрнекті рухани сапарын ерте сезінді және де биік міндетіне қатысты 
қателеспеді деп ойлаймыз. 
Абайдың ертерек жазылған шығармаларында бой көрсеткен әлеуметтік 
және азаматтық арқаулар, кейін оның шығармашылығында алдыңғы орынға 
шықты. Ол қоғамдық құрылыс, сайлау жүйесі /патшалық реформаға сәйкес 
енгізілген/, билер соты құрылымының мәселелеріне баса назар аударды. Қазақ 
ойшылы өз заманының рулық-патриархалдық қоғамының ұнамсыз жақтарын 
қоғамды жіктелген топтарға бөліп тастауынан, халықтың күшін бөлшектеуінен 
көрді. Абай шығармашылығының арқауына айналған ой – ру, тайпа арасындағы 
жанжал, дау-дамай, алауыздықты жою қажеттілігі, ұлттық сананың дамуына 
ықпал ететін ұлттық бірлікті нығайту еді. 
Өзін ешқашан иектен арғыны көрмейтін рулық мүдделермен шектемеген 
Абай, шын мәнінде халық ақыны ретіңде сезінді. Әрқашан болашағын ойлаған 
ақын қазақ халқын бірлікте, бірегейлікте болғанын көрді, ол қазақтардың 
бірлігін өз бойына рухани өмір мен тіл саласында сіңіре білді. Ол: "Қалың елім, 
қазағым, қайран жұртым", - деп жан айқайын білдіреді... Өз халқын шексіз 
сүйген, оның тағдырына қандастық білдіреді... Өз халқын шексіз сүйген, оның 
тағдырына қандастық ортақтастығын сезінген Абай ол туралы тура, аяусыз сөз 
найзасымен түйрей, сөз айтады. Философиялық тұрғыдан бұл түсінікті әрі 
ұғынықты. Лермонтов "жүмбақ" деп атаған махаббат осы болатын: “Мен 


265 
Отанымды сүйемін, бірақ мендегі махаббат жұмбақ”... Жұмбақтық өз халқын: 
игілікті, биік, жоғары мақсаттар мен мұраттарға ұмтылған биіктен көргісі 
келген, үлкен тілектен туындап жатады деген ой түйеміз. Абайдан басқа ешбір 
адам, дәл осылайша, қазақтар бойындағы ұнамсыз қылықтарды, қазақ 
қоғамындағы теріс құбылыстарды аяусыз, уытты сөзбен әшкерелеген емес. 
Қазақ ойшылы патша үкіметінің реформасына сәйкес енгізілген сайлау 
жүйесіне баса назар аударады. Сайлау жүйесін сынауда Абайдың көзқарасы 
Ш.Уәлихановтың “Сот реформалары туралы жазбасындағы” пікірлерімен 
үндесіп жатады:...“біздегі, даладағы сайлаулар қазіргі уақытта рулық тұрмыс 
заңы әсерімен рулық алауыздықтармен шектелуде және бай қырғыздардың 
/қазақтардың -авт./ даңғойлығын қанағаттандыруға қызмет
етіп, әрі лай суда 
балық аулауды жетік меңгерген орыс чиновниктерінің баюына жағдай 
жасауда”. Абай да осы бір сайлау жүйесін
кесірлі деп санайды, өйткені ол рулар 
арасындағы жанжалды күшейтеді, жаңа жағдайда мансап үшін күресті 
күшейтіп, даукестік пен парақорлықты туғызды. 
Сот құрылымы туралы мәселеде қазақ ойшылы мерзімсіз сайланатын 
билерді /қазылар/ дұрыс деп табады. Ол билер саны жұп болмау керек деп 
есептейді, себебі “Би екеу болса, дау төртеу болады”. Қазақтар үшін қоғамдық 
ұйымның ең тәуір түрін іздеуде Абай таза рулық басқару тәжірибесін 
қолайлайды, ол былай деп жазады: “Ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер 
болады екен. Көш - қонды болса, дау - жанжалды болса, билік соларда болады 
екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол 
ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, 
бірден бірге жүгірмек болмайды екен” (Абай (ИбраҺим) Құнанбаев. Шығ. екі 
томдық толық жинағы. ІІ-том. Алматы, 1995, 213 б.). Халық өз басшыларының 
соңынан ерді, өз табынушыларының кемшіліктерін көрмеді, олардың 
көрегендігін мадақтады, оларды құдайдай көрді, халықтың өзі де жақсы бола 
түсті деп есептейді Абай. Бұлайша болғанда: “бәрі де өз бауыры, бәрі өз малы 
болған соң, шынымен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?” 
- деп риторикалық сұрау қояды қазақ ойшылы. 
Абай рулық басқаруды көтермелей көрсетеді, дегенмен кейбір тұстарда 
оның айтқандары дұрысқа келеді. Өнегелілік тұрғысынан келгеңде, ру басы 
рулық қоғамда халыққа әлдеқайда жақын болды, оның мүшелерінің қамын 
ойлап, боландық қоғаммен салыстырғанда, олардың ар-ожданына құрметпен 
қарады. 
Рулық басқаруды көтермелей көрсетсе де, Абай оның кемшіліктерін көре 
білді. Бұрынғы “ел басы” мен топ басының кемшілігі олардың “білімінің 
болмауы” деген тоқтамға келеді. Ол күшті, ақылды, оқыған әрі бай билеушінің 
ру арасындағы алауыздықты жоюга қабілеті жетеді, халықты әлеуметтік өрлеу 
жолымен алып журеді деген терең сенімде болды. Рулық бытыраңқылықтан 
орталықтандырылған мемлекетке өту кезеңінде күшті де ақылды жеке адамға 
сену көптеген ойшылдарға тән болғаны бізге белгілі, бұл салада Абай 
көзқарастары жаңалық емес, бірақ олар қазақ даласында жаңаша естілді. 
“Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, 
пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? - Ол - көп, ендеше, көпте 


266 
ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал”, - дейді Абай 1896 жылы “Ғақлияның” отыз 
жетінші сөзінде. 
Күшті тұлғаның әрекет етуіне жағдайлардың жоқ екеңдігін ескере отырып, 
бірақ та өз идеяларынан бас тартпай, қазақтың ойшыл-ақыны халыққа қолайлы 
және қазақтың болмысына оңтайлы әлеуметтік жаңару жолын іздейді және 
әлеуметтік өсу /өрлеу/ адамның қоршаған дүниені тануына және бұл танымның 
адамдардың іс-әрекеттерінде жүзеге асуына тікелей байланысты деп біледі.
Абай адам үшін ұлы бақыт халықтың қайғы-қасіреті мен ауыртпалығын 
жеңілдету деп біледі, оның жоғары міндетін адамдарға зор пайда әкелу деп 
бағалайды. “Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; 
адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі 
боласың”, - деп жазды қазақ ойшылы. Абай өзінің бүкіл шығармашылық күш-
қуатын адамдық игіліктерге, ақиқат адамдық болмысты іздеуге, Адамға лайық 
өмірге ұмтылуға сарп етсе, сондай-ақ оның ізбасарлары - Шәкәрім 
Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, 
Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытұлы өздерін ұлы қазақ ойшылының 
шәкірттеріміз деп есептеген, оның ісін жалғастырушылар болды. 
Олардың шығармашылық мұраларына талдау жасау - бұл ойшыл-дардың 
көптеген мәселелерді мүлде тереңнен қозғағанын, ал олардың ұсынған ой-
толғамдарының бағасын бүгінгі күні
ғана нақтылай бағамдауға болатынын 
көрсетеді. Мәніне жете үңіле қарасақ, олардың өз заманынан оза туғандығын 
сеземіз, себебі қазіргі кезеңде олардың бұдан жетпіс-сексен жыл бұрын айтып 
кеткен проблемаларын шешу үстіндеміз. Абайдың ізбасарлары қазақ 
фольклорына, Шығысқа, Ресей мен Батыстың рухани мәдениетіне бет бұруды 
тоқтатқан жоқ, өз көзқарастарында Шығыс пен Батысты ұластыра отырып, олар 
Абайдың поэтикалық дәстүрлерінің, оның философиялық, этикалық, 
эстетикалық қағидаларының толыққанды жалғастырушылары, мирасқорлары 
болды. Абай секілді олар да өз шығармаларында адами тіршіліктің бірлі-жарым 
фактісін өмір туралы тұтастай философиялық жинақтау сатысына дейін 
жеткізді, ал адам проблемасы олар үшін өзекті мәселеге айналды, осыны шешу 
арқылы басқа да мәселелерге жауап табуға ұмтылды. 
Абайдың шәкірттері, оның идеяларының өзіне тартар әсерімен рухтанып, 
ұлы қазақ философ-ақынының шығармашылығының желісін құ-раған 
әсемдікке, сұлулыққа ұмтылды, әсіресе оның мәңгілікке, өмірдің мәнін іздеуге 
құрылған, адам қасиетінің биіктеуіне бағытталған оның ой-толғамдарының 
құрылымын айрықша бағалады. «Талабым, таяғым, жігерім, азығым, 
маңдайыма ұстаған ақын Абай - қазығым...», деп шын ниетімен жазады 
Жүсіпбек Аймауытұлы 19І8 жылы “Абай” журналында. 
Абай 
шығармашылығының, 
адамшылық 
жаңғырық-үні, 
оның 
тартымдылығы мен жоғары құндылығы - оның адамды жаңарту жолдарын 
іздеуде, оның рухани дүниесін байытуға ұмтылысында, оның күш-жігері мен 
қабілетіне сене отырып, жетілдіруге жағдай жасауға талпынуында жатыр. Абай, 
адам дүниенің жиынтығы, жаратылыстың шыңы, қоғамның негізі мен тамыры 
деген ұйғарым жасады. Оның әділдік мұратын, имандылық талаптарын 


267 
қалыптастыруға үндеп, әрбір адамға арнаған "Адам бол!" деген қағидасының 
мәні күні
бүгінге дейін көкейкестілігін жоғалтпаған. 
Абай идеяларының дәл осы өзектілігі мен қажеттілігі қазіргі уақытта сегіз 
мыңнан аса атауларды құрайтын Абай туралы орасан зор әдебиетті өмірге 
әкелді. Бұл ұлы ақын-философқа деген қызығушылықтың кеңдігі мен 
тереңдігін ғана білдіріп қоймай, Абайдың өз заманының айнасы болғандықтан 
және бұл айнаға зер салмай қазақ халқының тарихын да, дәстүрін де, идеялық 
ұмтылысын да, өткені мен болашағын да танудың, ұғынудың мүмкін 
еместігімен сипатталатын белгілі бір заңдылықты түсінуден хабар беретін 
тәрізді.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының абайтану 
бөлімінің мәліметтерінше, соңғы жылдары, әсіресе ұлы ойшылдың 150-жылдық 
мерейтойы қарсаңында Абайдың шығармашылық мұрасына қатысты 30-дан аса 
монографиялар жарияланған. Олардың арасынан Абайдың философиялық 
көзқарастарын зерттеу саласында жазылған Ғарифолла Есімнің «Хакім Абай»
және «Абай туралы философиялық трактат» деп аталатын еңбектерін ерекше 
атап өтуге болады. Бұл шығармаларда автор ойшылдың дүниетанымының 
кеңейтілген картинасын ашып беріп, терең талдау жүргізеді. Сондай-ақ М. 
Орынбековтің «Абайдың философиялық көзқарастары» атты монографиясын 
да айта кету керек.
Біздің пікірімізше, таяуда ғылым ретінде 100 жыл толған абайтану 
саласындағы зерттеулер болашақта одан ары белсенді түрде жалғаса береді, 
өйткені Абай – сарқылмас рухани қазына және қазақ философиялық ойының ең 
биік шыңы, ал абайтанушылардың әрбір жаңа буыны ұлы ойшыл-философтың 
шығармасынан қазіргі заман мен адамның рухани әлемін терең түсінуге 
септігін тигізетін нәрсені табады.
Қорыта келе, ағартушылықтың пайда болуы қазақ қоғамының дамуы 
барысында қалыптасқан, ұзаққа созылған дағдарыстан шығу жолын 
қарастырудың аса қажеттілігі нәтижесінде туған заңды құбылыс екенін ескеру 
қажет. Қазақ ағартушыларының философиялық ой-толғауларына шолу жасау 
барысында көп ауыртпалық пен қиындықты басынан кешірген, бірақ бұл 
қиындықтарға мойымаған қазақ халқының даналығына тағы бір рет көзіміз 
жетеді. Ізгі өнегелерін сақтаған халық мәңгі жасайды, ал өнегелілігін жоғалтқан 
халық құриды деген анық, әрі дана пікірді мойындаймыз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет