НӘЗИПА ҚҰЛЖАНОВАНЫҢ ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫ МЕН
АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ.
Чакенова Б. –магистрант (Алматы қаласы. Қазмемқызпи)
XX ғасырдың басындағы қазақ мәдениетінің тарихында ерекше із қалдырған тұлға – Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова. Ол 1887 жылы 27 шілдеде Қостанай облысының Жангелдин ауданында (бұрынғы Торғай облысы Жангелдин ауданы) дүниеге келген. Ол алғаш Торғай қаласындағы гимназияны бітірген.
Нәзипа Құлжанованың айтарлықтай ерекшеліктерінің бірі ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің түлегі болып қана қоймай, сонымен қатар өз бойына тұлғаға ұқсайтын шәкірттік мінезбен тәлімгерлік өнегені жете ұғынып, бар күш қуатын біліміне үздіксіз жұмсап, соңғы буынға орасан зор еңбек сіңірді/1/.
Ыбырай Алтынсарин мектебінің буыны қатпаған шәкірттен, бүкіл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз, ғалым, ағартушы дәрежесіне дейін көтерілген. 1903 – 1904 жылдары екі жылдай Торғай қаласындағы әйелдер училищесінде ұстаздық қызмет атқарған.
1905 жылы ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар Семей қаласына келіп ұстаздық жолдарын бастаған. Құлжановтар Семейге келген кезде бұл қала Қазақстандағы ірі мәдени ағарту орталық дәрежесінде болған еді.
XIX ғасыр II – жартысында Семей қаласында түрлі мәдени, ағарту, ғылыми мекемелердің ашылуы кездей соқ емес еді. Атап айтсақ, 1902 жылы Орыс географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесі ашылып, оның «Жазбалары» жүйелі түрде жарық көрді. 1903 жылы ірі оқу орны Семей оқытушылар семинариясының ашылуы да Қазақстаның басқа өлкелерінде кездеспейтін құбылыс болатын /2/.
Семей семинариясы іргелі оқу орныны болған, онда қазақ халқының ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуэзов пен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың оқуы, сонымен қатар энциклопедист – ғалым Әлкей Марғұланның білім алуы зор мақтанышпен айтылатын. Семей оқытушылар семинариясы Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар ұзақ та жемісті жұмыс атқарған жері. М.О.Ауэзов атындағы педагогикалық колледж ұжымынада Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтардың ағартушылық жолындағы еңбегі мақтанышпен айтылып жүр.
1905-1920 жылдары Нәзипа апайдың Семей оқытушылар семинариясында ұстаздық қызметте болған кезі ізденіс жылдармен қатар, ұстаздық жұмыстарының жүйеленіп, қоғамдағы келеңсіз істерді оның ашық айтуға ойысқан шағы еді.
XIX ғасырдың II- жартысында қазақ – орыс мектептерінің саны көбейе түскен. Семей облысындағы қазақ-орыс мектептерінің, ерлерге, қыздарға арналған гимназиялардың, қалалық училище мен мұғалімдер семинариясының жұмыс жасауы ерекше құбылыстар қатарында.
Нәзипа, Нұрғали Құлжановтар, негізінен алғанда орыс аудиториясында қазақ тілінен сабақ берген. Бұл арада үкмет тарапынан орысша оқитын шәкірттерге қазақ тілін оқыту ресми түрде жолға қойылуы Қазақстан бойынша алғаш Семей оқытушылар семинариясының қабырғасында кездескен. Тарихи деректерге қарасақ, Семей губернаторына қазақ тілін оқытуды жолға қоюға байланысты жер – жерлерден хаттар келіп түсіп тұрған /3/. Құлжановтар арнайы дипломдары болмаса да орыс тілінде дәрістер оқып, өз ісіне мығым шәкірттер тәрбиелеген алғашқы ұлағатты ұстаздар болатын.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Қазақстан жеріндегі оқу-ағарту жүйесінде қомақты істер алдында тұрды. Қазақ мектептерінің жүйесін дамыту, мектепке дейінгі мекемелерді ашып, оның жұмысын жолға қою сияқты мәселелерді атқару қажет болатын.
Ана мен балаға байланысты Кеңес өкметінің тиісті шаралары да ауқымды болатын. Ұстаз, журналист Н.С. Құлжанова 1923 жылы «Мектептен бұрынғы тәрбие» /4/ кітабын шығаруы сол кез үшін жаңалық, күтпеген оқиға болатын. Бұл кітаптың кіріспесінде оқулық Н.Альмединген – Тумим кітабының ізімен /5/ деген ескерту бар еді, алайда ол аударма емес еді. Бұл мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі кітаптар мен мақалалар негізінде жазылған автордың өзінің шығармасы болған. Н.Құлжанова бұл еңбекті Қазақстан оқу комиссариятының тәрбие бөлімінің тапсыруымен жазған.
Қарап отырсақ, Құлжанова XX ғасыр басындағы орыстың көрнекті педагог ғалымы Н. Альмединген – Тумимнің мектепке дейінгі тәрбиеге қатысты көптеген еңбектерінің маңызды тұстарын ескере отырып, қазақ қоғамының ағартушылық ойларын, тәрбиенің ең қажетті саласын жаңалық ретінде оқырманға ұсынған. Қазақ ағартушылық идеяларын және педагогика тарихында мектепке дейінгі тәрбиенің іргетасын қалауға күш салғаны айрықша дәлел.
Атам қазақтың ертеден келе жатқан бала тәрбиесі мен ана мәселесіне қатысты ойларын есте сақтап, сол заманға лайық, тәжиірбелік игі істерді санада ұстап, «Баланы жастан, келінді бастан тәрбиеле» дейтін нақылды жазу барысында ұран етіп ұстаған.
Оқулықта Н.Құлжанова қазақ тұрмысына әлемдегі дамыған елдердегі бала бақшалардың артықшылықтарын енгізсе, ұрпақ тәрбиелеуде зор үлесін тигізер еді деп санаған. Онда автор Италия мен Швейцарияның Цюрих қаласындағы бала бақшалары жөнінде жазған. Сонымен қатар Шотландияның Эдинбург қаласындағы балалар бақшасының өмірін өз алдына бөлектеп суреттеп жазды /6/.
Н.Құлжанова әр елдің бала бақшаларындағы ерекшеліктерді көре білген. Ең бастысы бірігіп ойын ойнау, еңбекке дағдыландыру, тазалыққа баулу, қабылдау ерекшеліктері, дәрігерлік бақылауда болуын қадағалау т.б. дамыту мәселелеріне көңіл бөлді.
Н.Құлжанованың аса көңіл аударған мәселесі мектеп жасына толмаған баланы тәрбиелеу мәселесі. Ол мектеп жасына толмаған бала тәрбиесінде нақты мысалдар арқылы жас ерекшеліктеріне назар аударған. Құлжанова нақты деректерге сүйене отырып бала өлімінің артуын байқап, оны түсінген Бір жасқа толмаған жүз сәбидің Филяндияда 13-і, Скандинавияда 13-18 сәби, Ресейдің кейбір уездерінде 44-45 -ке дейін шетінеуі орын алған. Ресей құрамында болған XIX ғасырдың аяғымен XX ғасырдың басында Қазақстанда да балалар өлімінің статистикасы сондай болатын. Мектептен бұрынғы тәрбиені түзеп, мыңдаған балалар бекер мағынасыз қырылып жатқанына сескенбей, тыныш қарап отыра алмайтын үкметтер керек болған /7/.
Н.Құлжанова мектеп жасына дейінгі Ресейдегі балаларды тәрбиелейтін мекемелердің түр-түріне тоқтала келіп, олардың қазақ тұрмысына лайықтап енгізуді мақсат тұтады. Ресейдегі ата-анасынан айырылып қалған балаларға арналған «Жетімдер үйі» (приют), үш жасқа дейінгі балалар үшін ясли, жеті жасқа дейінгілерге «балалар бақшасын» қазақ жерінде ашу үшін ұлттық рух пен мінездің, қоршаған ортаның ерекшеліктерін есте сақтауды алғы шарт деп санады.
Нәзипа Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» кітабы нәрестенің өсіп, жетілуі, мектеп табалдырығын аттауға дайындау төңірегінде жаңа ойларды ұсынған алғашқы жаңалыққа толы еңбек.
Қорытып айтқанда, Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» оқулығы педагогика тарихының ірі – мектепке дейінгі тәрбие саласы бойынша сол жылдардағы қазақ әйелдері үшін арнайы теориялық және әдістемелік нұсқау ретінде маңызды қызметтер атқарды . Еңбек 1923 жарық көргеніне қарамастан, теориялық, тәжірбиелік маңызын, өзінің құндылығын жоймаған, бүгінгі күні де көкейтестілігін жоғалтпаған дүние болып қала бермек.
Н.С.Құлжанованың ұстаздық, қайраткерлік ағартушылық еңбегінің тағы бір көрінісі – «Ана мен бала тәрбиесі» атты еңбегі /5/. Бұл еңбек Қазақстан өлкелік әйелдер бөлімінің шешімімен және тапсырысымен 1927 жылы Қызылорда қаласында 5000 данамен басылып шыққан. Еңбекте- педагогтарға, тәрбиешілерге, ересектер мен балалар дәрігерлеріне арналған анықтамалық, әдістемелік нұсқауға ұқсас күнделікті қажетті нәрсені тауып алуға мүмкіндік беретін кітап. Әйелдің ежелден еншісіне тиген кең дәулет бала көтеру, бала өсіру міндеттін орындауда қазақ әйелдері көптеген қиыншылықтарға кездескен. Мәселен, баланы уақытында тамақтандыру, ұйықтату, т.б.
Ұлттық, әрі бүкілхалықтық маңызды іс ол ана мен бала мәселесі – денсаулық сақтау, оқу-ағарту, әлеуметтік қорғау ведомстваларын қамтитын, бірнеше салалар бірлесіп шешуге арналған ауқымды құбылыс.
Әйел – ел анасы: ел бастайтын ерлер, данышпандар әйелден туып, әйел тәрбиесімен өскен. Бірақ біздің әйелдеріміз елді өсіретін, көркейтетін ана бола алмай келеді /5/. Автор оқулықтың кіріспесінде: «Бала қалай бітеді, қалай туады, әйел босанған кезде қалай күтінуі керек, жаңа туған баланы қалай тәрбиелеу дұрыс, баланы тамақтандыру тәртібі қалай болуы керек?» екендігін сөз етеді.
Нәзипа Құлжанова есімі XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары кеңінен таныла бастады. Әсіресе, оның «Әйел теңдігі» журналында жарияланған «Бала емізудің дұрыс тәртібі» (1927, №4, 22-29б.) , «Бала ауруы» (1927, №8-9, 37-43 б.), «Баланың жұқпалы аурулары» (1927, №10-11, 70-79.) пайдалы кеңестерді баланың дені сау, тәні таза болуға бағытталған сол кездегі уақыт талабына сай еңбектер еді.
«Мектептен бұрынғы тәрбие», «Ана мен бала тәрбиесі» оқулықтары мен денсаулыққа байланысты топтама мақалалары Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың ұстаздық жолы мен ағартушылық қызметінің зор мағынаға ие айтулы құбылыс екендігі дәлел.
Осындай игілікті істің бел ортасында Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова сияқты тұлғаның болуымен қатар тікелей ұстаздық қызметімен бірге теориялық, әдістеме тұрғысынан пайдалы істердің бастауында тұруы оның ұстаздық, ағартушылық қайраткерлік келбетінің бүгінгі ұрпақтың көз алдында асқақтата беретіндігі сөзсіз.
Ұстаз, ағартушы қоғам қайраткері Нәзипа Құлжанованың сонымен қатар көп салалы, жан-жақты творчестволық еңбегінің бір қыры журналистік жолға арналған. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің XX ғасыр басында қазақ баспасөзінің қанаты қатайып, қоғамдағы маңызды болуы ерекше құбылыстар қатарында. Құлжанованың қалам тартып жарияланған дүниелерінің басым көпшілігі әйел тағдыры, олардың жағдайы мен қоғамдағы орны сияқты өзекті мәселелерге арналған. Бұл топтағы алғашқы мақала «Октярь төңкерісі және қазақ әйелі», «Қазақ әйелдеріне», «Жұма күнгі қазақ әйелдеріне кеңес», «Жалпы әйел мейрамы», т.б мақалалар.
Мақала Қазан төңкерісінің бес жылдығына арналған патшалық заман мен төңкерістен кейінгі жердегі қазақ әйелінің жағдайын сөз етеді. Сол жылдардағы Қазақстан халқының жарымынан көбін сауатсыз әйелдер құраса, ел дамуындағы шешуші фактор - сол қазақ әйелдері болып табылатын. Әйелдеріміз өнегелі, тәрбиелі болса баланы да, азаматты да тәрбиелейтін солар екені белгілі.
Революциядан кейін Нәзипа апай баспада атқару қызметкері болып жұмыс істеген. Бірді - екілі мақала, әңгіме жазды. Оның қазақ әйелінің хал-жәйі, теңдік бостандағы туралы жазылған «Есіл қызы – ай!», «Маржан» деген әңгімелері «Қызыл Қазақстан» журналының 1921-1922 жылдарындағы санында жарияланған. Еңбектерінің көбі революция жылдарындағы қазақ әйелінің бостандық мен теңдігі еді.
Міне, Нәзипа Құлжанованың сөз еткен мақалалары мен көркем шығармалары артына елеулі мұра қалдырған қаламы ұшқыр журналист, әрі жазушы екендігін айқын дәлелдеп берді.
Әдебиеттер
1.Хакімжанова. М. Нәзипа Құлжанова Қазақ әдебиеті, 1967, 11 тамыз
2.Қасымбаев Ж. «История города Семипалатинска» (1718-1917 г.г.) Алматы «Өлке», 1998 – 276 ст
3.Исабай Қ. Байжан –Ата С. «Қажыға барған қазақтар» Алматы: Ана тілі, 1996 –
192 бет.
4) Құлжанова Н.Мектептен бұрынғы тәрбие. Орынбор:1923 - 37 бет.
5)Құлжанова Н. «Ана мен бала тәрбиесі» Қызылорда:1927 – 117 бет.
6)Қойгелдиев М., Омарбеков Т., «Тарих тағылымы не дейді?» Алматы: Ана тілі,
1993 – 208 бет
РЕЗЮМЕ
В данной статье рассматривается яркая личность Назипы Кулжановой и ее огромный вклад в культурное развитие Казахстана в начале XX века.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада XX ғасырдың басындағы Қазақстан мәдениетінінің дамуына ерекше үлес қосқан Нәзипа Құлжанованың ағартушылығы туралы қарастырылған.
Достарыңызбен бөлісу: |