Тұрлығұл Т.Т. – п.ғ.д., профессор (Алматы қ., Қазмемқызпи)
Үш жүз жылға жуық отарлық бұғау мен комунистік идеологияның құрсауында болған Қазақстан тарихы ғылымының 1990 жылдарға дейін бұрмаланбаған бірде-бір маңызды проблемасы жоқ. Солардың бірі – Қазақстан тарихының оқу орындарында оқытылу мәселесі.
Осыған байланысты біз Қазақстан тарихының оқу орындарында оқытылу тақырыбын зертеу барысында жеке шәкірттеріміздің дайындық мүмкіндігін ескере отырып (араб, латын әліпбиін білу т.б.), оларды осы пәннің оқу орындарында оқытылу тарихын зерттеуге бағыттадық. Айтқалы отырған шәкіртеріміз 2002 – 2006 жж. Ы.Алтынсарин атындағы қазақ білім академиясының аспиранттары: Қ.Ж.Адамбосынов, М.Т.Райымбекова, екеуі де біздің ғылыми жетекшілігімізбен педагогика ғылымдарының ғылыми дәрежесін алуға кандидаттық диссертацияларын дайындады. Алғашқысы, 1920 жылға дейін Қазақстан медреселерінде, ал екіншісі, Кеңестік Қазақстан мектептерінде (1960-ж. дейін) тарих пәнінің оқытылуын зерттеді. Мақаланың осы алғашқы тақырыпшасында біз орта ғасырлардан бері қарай медреселерде Қазақ, Қазақстан тарихына қатысты мәселелердің оқытылуы туралы деректері мен басқа да материалдарды Қ.Ж. Адамбосыновтың зерттеу еңбегі /1/ мен ғылыми-әдістемелік мақалаларына сүйене отырып келтірдік.
IX ғасырдан бастап Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанға ислам дінінің кеңінен тарай бастауына байланысты медреседегі оқу-тәрбие жұмысы жетіле түскен. Олардың оқу жоспарларына діни пәндермен қатар білім негіздерін оқытатын пәндер де енгізілген. Бірақ XIV ғасырға дейін тарих жеке пән болып оқытылмаған. Тарихи тақырыптарға арналған ислам тарихы, шығыс тарихы, түрік тарихы, әлем тарихы, пайғамбарлар тарихы сияқты оқулықтар Созақ, Сайрам, Сығанақ, Түркістан, Отырар, Тараз т.б. қалалардағы медреселер де әдебиет, философия, география, дін тарихы сияқты пәндердің құрамында оқытылған.
Қ.Адамбосыновтың жасаған тұжырымы бойынша, біз әңгіме етіп отырған медреселердің оқу жоспарына тарихтың пән болып енгізілуі Ұлықбектің есімімен байланысты. Өзі ашып, басшылық жасаған медресенің оқу жоспарына тарихты пән етіп енгізеді және осы пәннен «Шыңғысханның төрт мемлекеті» деген оқулық жазған. Оқулық Самарқандттағы медреселермен қатар Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалардағы медреселерде міндетті оқулық ретінде пайдаланылған. Өйткені мұнда Жошы ұлысы (Алтын Орда), Шағатай ұрпақтарының билігіндегі Орталық Азия тарихы баяндалады (1,76 – 77 б.).
Сонымен қатар медресе ұстаздары өздері тапқан тарихи кітаптарды да күнделікті сабақтарында үнемі пайдаланған. Мысалы, Семей қаласындағы «Ахмет Риза» медресесінде «Тарих Түркия», «Тарих Әл-Камл»(Әлемнің кемел тарихы) сияқты еңбектер болған. Әсіресе соңғысы тұрақты оқулық ретінде пайдаланылған ,өйткені оның діни жағынан гөрі ғылыми сипаты басым болған, ол XI-XVII ғғ. аралығындағы мұсылман әлемінің тарихын баяндаған. Оның мазмұнында Қарахан мемлекеті, Тұғырыл, Арсылан мен Тауғаш хандар, Хорезім мемлекеті, Атымтай Жомарт т.б. туралы тарихи мәліметтер келтірілген (бұл да, сонда).
Қ.Ж.Адамбосынов еңбегінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезіндегі медреселер үшін дайындалған тарих оқулықтары арасында қазақ авторларының еңбектеріне арнайы тоқтайды. Солардың бірі Кабир мен Фазыл Тойкиндердің «Түркі тарихы» оқулығы. Мұнда Қазақстан тарихы көне түркілер дәуірінен басталып XIX ғасырдың соңына дейінгі аралықты қамтиды. Алаш ардагерлерінің бірі Мәнен Тұрғымбаевтың «Пайғамбарлар заманы» оқулығында тарих пәнін оқытудың мақсат міндеттерін, соны орындаудың әдістемелік жолдарын ашып көрсетуге баса назар аударылған.
XX ғасырдың басындағы Мамания, Иякобия, Шамсия т.б. медреселерде «Татар тарихы» оқулықтары оқытылған. Ол оқулықтардың көбі Қазан қаласындағы баспалардан шыққандықтан осылай аталуы, авторлардың көбі татар ұлтынан болғаны түсінікті. Бірақ олардың бәрінің де мазмұнын да бүкіл түркі халықтарының тарихы, солардың арасында Қазақстан жеріндегі түркілердің, қазақ халқының да тарихы қамтылған. А.Е.Убайдулиннің татар тарихы оқулығында бұрынғы түркілер, ғұндар, Атилла, Алтын Орда мемлекеті, әсіресе Қыпшақтар тарихы сияқты Қазақстан тарихына тікелей қатысты тақырыптар баршылық.
Жоғарыда келтірілген деректерге сүйене отырып жас ғалым Қ.Ж.Адамбосыновтың: «Қазақстан тарихының оқытылу үрдісінің орта ғасырлардан басталуының қоғамдық саяси мәні тереңде жатыр. Біріншіден, Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының 2% ғана сауатты болған деген пікірді жоққа шығарды. Екіншіден, Қазақстанда білім беру мекемелері Ресейге қосылған соң пайда болды деген пікірдің негізсіз екенін дәлелдеп отыр. Үшіншіден, ұлттық тарихымызды оқыту орта ғасырлардан басталған. Төртіншіден, қазақ халқының тарихынан білім беретін оқулықтар Кеңес өкіметіне дейін-ақ жарық көрген» - деген тұжырымы қолдауға тұрарлық /1,76/.
Кейбір мәліметтер бойынша XIX ғасырдың соңына қарай Қазақстанда жүзге жуық медреселер болған, олардағы оқушылар саны бес мыңнан астам екен. Мұның өзі ол оқу орындарының оқу жоспарында Қазақ, Қазақстан тарихы деген пән болмағанымен оның мазмұнының басты-басты тақырыптарын оқыту шежіресі ғасырлар қойнауына кететінін көрсетеді.
2.Қазақ тарихын оқыту мәселесін алғаш кімдер және қашан көтерді(1958/59 о.ж. дейін)? Қолда бар деректерге қарағанда Қазақ тарихын оқытуға алғаш тұңғыш әрекет жасаған Ыбырай Алтынсарин. Оның 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясындағы» балаларға арналған әңгімелерінде тарихи материалдар да кездеседі. Мұнда Қазақ тарихында белгілі орны бар Жәнібек батыр (Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы) ,«Жиренше шешен», «Киіз үй мен ағаш үй», «Қыпшақ Сейітқұл» т.б. туралы әңгімелер бар /2/.
Ы.Алтынсарин Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «...Қазір «Қазақ хрестоматиясының» екінші бөлімін құрастырып жатыр едім. Осы бөлімнің «Тарих» тарауына қазақ тарихынан да мақалалар берілуі қажет, бірақ оған еш жерден материал таба алмай отырмын. Тіпті Левшин мен Вельяминов-Зерновтың кітаптарын да таба алмадым...» /3/ дей келіп, әрі қарай осындай материал табуға көмектесуді сұрайды.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында біздің елімізде мектептегі тарих пәнінің мақсат-мндетін алдымен айтқандардың бірі – Жүсіпбек Аймауытов. 1924 жылы Орынборда басылып шыққан «Тәрбие жетекшісі» деген еңбегінде бірқатар дидактикалық мәселелермен бірге, тарих пәнін оқытудың мән-мазмұнына да ерекше тоқталады. Бұл пәнді 4-кластан бастап оқытуды ұсынады. Қандай тарихты оқыту керек деген сұраққа дүние жүзі, КСРО тарихтарыннан бұрын алдымен балалардың күнделікті өміріне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты өз жұртының тарихын оқытудан бастаған дұрыс /4/ - дейді. Бірақ Кеңес мектептерінде ұлт республикаларының тарихын оқыту туралы ол кезде ешқандай шешім қабылданбаған болатын.
Бұл мәселені қозғауға БК(б)П Орталық Комитетінің «Бастауыш және орта мектептердің оқу программалары мен режимі туралы» 1932 жылғы 25 тамыздағы қаулысы түрткі болды. Онда: «Қоғамтану, әдебиет, тіл, география және тарих пәндерінің оқу программаларына КСРО халықтарының ұлттық мәдениетінен, көркем өнерінен, сондай-ақ тарихи дамуынан, КСРО-ның өлкетану материалдарынан (табиғат ерекшеліктері, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық дамуы т.б.) негізгі білім беретін материалдарды ендіру қажет» /5/ - деп көрсеткен болатын.
1934 жылы Қазақ АКСР Халық ағарту Комиссариатының алқасы профессор С.Ж. Асфендиаров құрастырған «Қазақ тарихы програмын» бекітті. Ол орта мектептің 6-7 кластарында оқытуға арналған, 24 сағаттық /6/. Көп ұзамай осы автордың оқулығы да жарыққа шықты /7/, бірақ ол жылдары да Қазақ тарихы мектептерде оқытылмай қалды.
1941-1945 жылдардағы соғысқа байланысты уақытша Алматыға орналасқан КСРО Ғылым академиясының тарихшы ғалымдарының және Е. Бекмахановтың қолдауымен академик А.М. Панкратова Қазақстан КП Орталық Комитетіне хат жазып, орта мектепке арналған Қазақ ССР тарихы оқулығын жазып, баспадан шығаруды сұрайды. Оған рұқсат та алады. Оны жазуға Мәскеу мен Алматының белгілі тарихшылары және көрнекті жазушылар М.Әуезов, С.Мұқанов қатысады. Қолжазба 1942 ж. қазанда дайын болады. Бірақ ол алғашқы талқыланғанда-ақ елеулі алауыздық туғызады, негізгі пікір талас ұлттық қозғалыстар төңірегінде болады. Кітаптың көлемі де өте үлкен еді. Сондықтан авторлар оны қысқартпай осы күйінде шығырайық, сосын онан кішірейтіп 10 баспа табақ етіп мектепке арналған оқулық дайындайық деп келіседі. Оның алғашқы нұсқасы академиялық том ретінде баспадан шығады /8, 9/. Бірақ түрлі себертерге байланысты ол жылдары мектепке арналған оқулық жарыққа шықпады.
3.Кеңестік Қазақстан мектептерінде Қазақ ССР тарихы курсының оқытылуы(1958/59 – 1988/89 оқу жылдары). 1958 ж. КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы «Мектептің өмірмен байланысын нығайту және халыққа білім беру жүйесін одан әрі дамыту туралы Заң» қабылдады. Сессия мәжілісіне дейін Заңның жобасы бүкілхалықтық талқылаудан өтіп, Кеңес мектебінің жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған көптеген ұсыныстар түсті. Сол ұсыныстардың арасында мектептерде одақтас республикалар тарихын оқытудың қажеттігі туралы да орынды тілектер айтылды. Осыны ескере келіп, КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі 1959 жылы 8 қазанда «Мектептерде тарихты оқытудағы кейбір өзгерістер туралы» қаулы/10/ қабылдады. Қаулыда мектепте одақтас республикалар тарихын оқыту қажеттігі және оның маңызы атап көрсетілді. Сонымен қатар онда одақтас республикалар тарихынан мектеп оқулықтарын, оқу кітаптарын, көрнекі және әдістемелік құралдар шығару оқу министрліктеріне тапсырылған болатын.
Бұл қаулы осыған дейін өз мектептерінде республикаға аты берілген халықтың тарихын оқыта алмай келгендерге енді оны оқытуға мүмкіндік берді. Сондай республиканың бірі Қазақ ССР-і еді. Осы қауллыға сай орта мектептерде Қазақ ССР тарихы 1958/59 оқу жылынан бері оқытыла бастады. Алғашқы оқу жылында 8-класқа, 1959/60 оқу жылында – 9, сосын 10-класқа енгізілді. Ал, 1960/61 оқу жылынан бері бұл курс материалдары 4-класта оқытыла бастады.
Қазақ ССР тарихынан мектеп курсының бағдарламалары жасалып, ол Қазақ ССР Оқу министрлігінің алқасында бекітіліп /11/, орта мектепке арналған Мәскеуде СССР Оқу министрлігі арқылы дайындалған тарих бағдарламаларымен бірге баспадан шықты /12/.
Орта мектептің 8-10 кластарына арналған Қазақ ССР тарихының бұл бағдарламасы ежелгі дәуірден бастап, 1960 жылға дейінгі аралықты қамтыды. Оның материалдарын оқытуға 8-класта – 13, 9 класта – 15, 10 класта – 20, барлығы – 48 сағат бөлінді. Бұл әрине жеткіліксіз еді.
1961-62 оқу жылына арналған тарих бағдарламаларында 4 класта оқылатын «Қазақ ССР тарихынан эпизодтық әңгімелер» курсының да бағдарламалары енгізілді. Оны оқытуға небәрі 8-10 сағат бөлінді.
Қоғамның ілгері қарай дауына, оның мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарына қоятын талаптарының арта түсуіне байланысты басқа оқу бағдарламалары сияқты Қазақ ССР тарихының да оқу бағдарламалары жетілдірілді, өңделді.
Қазақ ССР тарихының оқу жоспарына енуіне байланысты Оқу министрлігі мен Республикалық педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институты мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қолданды.
1958/59 оқу жылында 8-класта Қазақ ССР тарихын оқытуды дұрыс бастау үшін осы класқа арналған оқу құралын жазатын авторлар ұжымы алдын-ала іріктеліп, оларға дер кезінде тапсырма берілді. Осының нәтижесінде бұл оқу құралы қазақ,орыс тілдерінде дер кезінде баспадан шықты/13/. Оны жазуға тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Бекмаханов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Х.Әділгереев, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент А.Чижов, тарих ғылымдарының кандидаты С.К.Ибрагимов қатысты. Көлемі 2,1 баспа табақ, суретсіз, басқа да әдістемелік қосымшаларсыз шыққанына қарамастан, осы шағын оқу құралы Қазақстан тарихы оқулықтарының тұңғыш бастамасы болды.
I кесте. 1958/59 – 1988/89 о.ж. жалпы білім беретін орта мектептегі тарих
пәнінің құрылымы, жеке курстарға бөлінген сағат саны
№
|
Жеке курстар
|
Қай сыныптарда оқытылады?
|
Бөлінген сағат саны
|
Оқытылу сипаты
|
1
|
Дүние жүзі тарихы
|
5,6,8-10
|
310
|
Дербес курс
|
2
|
КСРО тарихы
|
4,7-10
|
320
|
Дербес курс
|
3
|
Қазақ КСР тарихы
|
4,7-10
|
4 сыныпта – 8,
7с. – 12,
8с. – 9,
9с. – 18,
10с. – 16
Барлығы – 63с.
|
Қосымша курс.
КСРО тарихы құрамында, соған бөлінген уақыт есебінен оқытылды
|
Қазақ ССР тарихының тұрақты оқулықтарын жасау қолға алынды. Осы мақсатта республика Оқу министрлігі Қазақ Мемлекеттік университетінің профессоры Е. Бекмахановқа Қазақ ССР тарихынан 8-9 жәнә 10-кластарға екі, ал Т.Тұрлығұловқа 4-класқа арналған оқулықтар жазуды тапсырады. Авторлар бұл тарсырмаларды уақытылы орындады және ол оқулықтар дер кезінде баспадан шықты/14,18/.
Мектеп үшін Қазақ ССР тарихынан оқулықтар дайындауды дұрыс ұйымдастыру үшін Республика Министрлер Кеңесі 1960 жылы 16-майда Қазақ ССР тарихынан 7-8 және 9-10 кластар үшін оқулықтар жазуға бәйге жариялау туралы қаулы қабылдады/15/.Бірақ та көрсетілген мерзімде және ол мерзім ұзартылсада оқулық қолжазбалары түспегендіктен, Оқу министрлігі профессор Е.Бекмахановқа Қазақ ССР тарихынан 7-8 кластарға арналған элементарлық курстың және 9-10 кластар үшін жүйелі курстың оқулықтарын жазуды тапсырады. Бұл екі оқулық та дер кезінде баспадан шықты/16/.
Республика мектептерінің 5-11 сыныптарында он жылға жуық пайдаланылып келген Қазақ ССР тарихының бағдарламасы 1992 жылы жарыққа шыққан еді/17/. Қазақстан республикасының тәуелсіздік алуына және дүниежүзілік қауымдастықта болып жатқан үлкен өэгерістерге байланысты бұл бағдарламалардың әдіснамалық негіздемелері де, құрылымы да, мазмұны да бұрынғылардан мүлде өзгеше болды.
Бұл жерде Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті,тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұқан Бекмахановтың /1915-1966/ Қазақстан тарихы мектеп курсының қаз-қаз тұруына және қалыптасуына қосқан үлесін атап өту біздің шәкірттік парызымыз.
Е.Бекмаханов жазған Қазақстан тарихының оқулықтары отыз жылдай республика мектептерінде пайдаланылды. Ол қайтыс болғаннан кейін 70-жылдардың аяқ кезінен бастап Қазақстан тарихының мектеп оқулықтарына оның қызы Н.Е.Бекмаханова /қазір Ресей Федерациясы Ғылым академиясы тарих институтында қызмет атқарады,тарих ғылымдарының докторы, профессор/ екінші автор болып тағайындалды және қажетіне қарай оқулықтарға тиісті өзгерістер жасап, оларды жетілдірді.
4-класта Қазақстан тарихының материалдары оқытыла бастады,оның да оқулықтары жарыққа шықты/18/. Бұл оқулыққа да қажетті өзгерістер мен толықтырулар егізіліп отырылды және 80-жылдардың аяғына дейін жыл сайын /28 рет/ қайта басылды.
1987/88 оқу жылынан бастап Қазақстан тарихының жаңа, жетілдірілген бағдарламаларға көшуіне байланысты Қазақ ССР Оқу министрлігі мен Кәсіптік-техникалық білім жөніндегі Мемлекеттік Комитет 1987 жылы Қазақстан тарихының оқулықтарына бәйге жариялады/19/. Оның алғашқы қорытындысы бойынша 5 және 8-9 кластарға арналған оқулықтарға бірінші бәйге берілді /20/, ол оқулықтар баспадан шықты. Ал басқа кластар үшін оқулық қолжазбалары кешігіп түсті, оларға да Министрліктің арнайы бұйрығымен бәйге берілді.
Қазақстан тарихы мектептің оқу жоспарына жеке пән болып енгізілсімен, оны жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету бағытында бірқатар шаралар іске асырылды.
II кесте. 1990/91 – 1999/2000 оқу жылдарындағы мектептегі тарих пәнінің
құрылымы, жеке курстарға бөлінген сағат саны
Сынптар
|
Дүние жүзі тарихы
|
Бөл.сағат
|
Қазақстан тарихы
|
Бөл.сағат
|
5
|
|
|
Қазақ елінің қысқаша тарихы
|
68
|
6
|
Ежелгі дүние жүзі тарихы (Б.з. V ғ. дейін)
|
51
|
Ежелгі Қазақстан тарихы
|
17
|
7
|
Орта ғасыр.дүние жүзі тарихы (Б.з. V – XV ғғ.)
|
34
|
Орта ғас. Қазақстан тарихы
|
34
|
8
|
Орта ғасыр. Дүние жүзі тарихы ( XV – XVII ғғ.)
|
34
|
Орта ғас. Қазақстан тарихы
|
34
|
9
|
Жаңа замандағы дүние жүзі тарихы (XVII ғ. – 1914 ж.)
|
68
|
Жаңа замандағы Қазақстан тарихы
|
34
|
10
|
Қазіргі заманғы дүние жүзі тарихы (1914 – 1945 жж.)
|
68
|
Қазіргі замандағы Қазақстан тарихы (1914 – 1945 жж.)
|
68
|
11
|
Қазіргі заманғы дүние жүзі тарихы (1946ж. қазірге дейін)
|
68
|
Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы (1946 жылдан қазірге дейін)
|
34
|
|
Барлығы
|
323
|
Барлығы
|
289
|
Бұл жауапты іске еліміздің белгілі тарихшы, әдіскер ғалымдары, сонымен қатар тәжірибелі, шығармашылықпен жұмыс істейтін мектеп мұғалімдері қатысты. Мысалы, академиктер М.Қозыбаевтың авторлығымен 10-класқа арналған Қазақстан тарихы 2004 ж. 5-рет, К.Нұрпейісов бастаған бір топ ғалымдардың 11-класқа арнаған оқулығы сол жылы сегізінші рет басылды. «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер», тарих пәнінің мұғалімі Д.Бабаев жазған, 8-класқа арналған Қазақстан тарихы оқулығының 5-басылымы 2001 жылы шықса, осы класқа арналған академиктер К.М.Байпақов, Б.М.Көмеков және К.А.Пищулина жазған балама оқулық 2003 жылы 4-рет басылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қасымбаевтың да 9-класс үшін жазған оқулығы 5 рет баспадан шықты. К.Байпақовтың 6-класқа, Т.Тұрлығұловтың 5-класқа арналған тарих оқулықтары да 3 рет басылды.
Сөйтіп, Қазақстан тарихы мектеп курсының қалыптасуында басты орын алатын оның мазмұнын, яғни бағдарламалары мен оқулықтарын жетілдіруде біраз жұмыстар атқарылды. Ал, оларды талапқа сай оқыту үшін басқа да бірқатар құралдар қажет еді. Өткен қырық жылдай уақытта /2000 ж. дейін/ Қазақстан тарихының мектепке арналған хрестоматиялары /1962,1965,1992 жж./, әдістемелік әдебиеттер, оқу, диафильмдер, басқа біраз құралдар жарық көрді.Осы курсты оқыту әдістемесінің проблемалары ғылыми тұрғыда зерттеліп, соның нәтижесінде педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне бір, ал кандидаты дәрежесіне 7 диссертация қорғалды. Осы іс-шаралар Отан тарихы пәнін оқытуды жақсарта түсуге игілікті әсер етті. Бұл маңызды істі жүзеге асыруға қазіргі Білім, ғылым министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясы мен «Рауан» /«Мектеп»/ баспасы ұйытқы болды.
4.Тәуелсіз ҚР алғашқы тарих бағдарламалары мен Қазақстан тарихы оқулықтары (1991 – 2000 жж.). 90 жылдардың басынан бастап шыға бастаған Қазақстан тарихы мектеп оқулықтарын жасауда, олардың қолжазбаларын талқылап, жетілдіруде, сараптамадан өткізуде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбектеріндегі, сөйлеген сөздеріндегі тарихтың білім, ғылым ретіндегі, сондай-ақ адамдарды Отан сүйгіштікке, жоғары адамгершілік рухта тәрбиелеудегі маңызы, өз тарихымызды барлық қазақстандықтардың оқып меңгеру қажеттігі туралы айтқандары тікелей басшылыққа алынды.Сонымен қатар Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндеі Ұлттық Кеңес бекіткен «ҚР гуманитарлық білім беру» /21/, «ҚР тарихи сана қалыптастыру» /22/, «ҚР этникалық-мәдени білім беру»/23/ тұжырымдамаларындағы әдіснамалық бағыттар үнемі ескерілді.
90 жылдары дайындалған Отан тарихы оқулықтарында тарихтағы бірқатар ақтаңдақтардың беті ашылды, көптеген ғылыми проблемаларға, тарихи фактілерге, құбылыстарға жаңа әдіснамалық, тарихи шындық тұрғыда баға берілді. Адамзат жасаған құндылықтарды, оған дала өркениетінің қосқан үлесін, Қазақстан халықтарының мәдени жетістіктерін, рухани тіршілікті, әлеуметтік топтар мен тарихи қайраткерлердің қызметін, саяси тарихтың түрлі қырларын, идеялық-саяси, ұлттық, діни қозғалыстардың тарихын ашып көрсетуге т.б. басты назар аударылды.
Сонымен қатар 90-жылдары алғашқы басылымдары жарық көрген бұл оқулықтардың кемшіліктері де болды. Олардың көбі жаңа буын оқулықтарын дайындау кезінде ескерілді.
5.Қазақстан тарихының негізгі мектепке арналған жаңа бағдарламалары мен оқулықтарының басқа да оқу құралдарының ерекшеліктері. Қазақстан Республикасы мектептерінде қазір кеңінен пайдаланып жатқан Отан тарихының жаңа буын оқулықтарына дайындық 90-жылдардың екінші жартысында-ақ басталды.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей нұсқауымен Қазақстан Республикасының Үкіметі 1996 жылы 26 қыркүйекте «Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептеріне арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындау және басып шығарудың мақсатты бағдарламасы» деп аталатын қаулы қабылдаған болатын. Осы құжатқа сәйкес негізгі мектептің 5-9 сыныптарында оқылатын оқулықтарға және олардың оқу-әдістемелік кешендерін (ОӘК) дайындауға 1998 жылдың 14, 18 қарашасында республикалық мұғалімдер газеттерінде бәйге жарияланды. Бұл бәйгенің нәтижесінде бас-аяғы біржарым жылда 5, 6, 7, 8, 9 сыныптарға 22 пәннен 120 оқулық, 360 қосымша әдістемелік құрал тәжірибеде байқап-сынап көру үшін шағын тиражбен баспалардан шығып, Ы.Алтынсарин атындағы Білім Академиясының Республикадағы 70-тен астам эксперимент мектебінде сынақтан өтті. Бір-ер жылда жалпы көлемі 5 мың баспа табақтай 120 оқулық пен ОӘК-нің 360 кітабы мен кітапшасын жарыққа шығару Кеңес мемлекеті түгіл дүниежүзілік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған.
Кімде-кім жаңа буын оқулықтары туралы әңгіме қозғағысы келсе алдымен жоғарыдағы фактілер мен мәліметтерді ой елегіне өткізу тиіс.
Жұммыстың ауқымдылығын елестету үшін сол жылдары біз қызмет еткен Тарих пен қоғамтануды оқыту зертханасының тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Бұл зертхана дүние жүзі, Қазақстан тарихына қоса қоғамтану және Құқық негіздері пәніне де қамқорлық жасады. Тарих пәндерінің оқулықтарын дайындаудың ұйымдастыру жұмысынан-ақ олардың еркешелігі байқалды. Алдымен оқулық авторларының құрамына қарасақ 5, 6, 7, 8, 9 сыныптарға арналған Қазақстан тарихы оқулықтары авторларының сапалық құрамы бәйге талаптарына сай іріктелген, яғни әрбір оқулық авторларының құрамынада бір-бірден тарихшы, әдіскер ғалым және мектеп мұғалімі бар. Мұны Отан тарихы жаңа буын оқулықтарының бірінші ерекшелігі деуге болады.
Оқу-әдістемелік кешен құралдарын жазған авторлар арасында да тәжірибелі мұғалімдер, білікті тарихшы да, педагог ғалымдар да бар.
Авторлар ұжымының толықтығы, олардың арасында қажетті мамандардың болуы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуына және оқу құралдарының уақытылы жазылып бітуіне мүмкіндік берді. Тек тарих пәні оқулықтарын жазуға мектеп мұғалімдерінен бастап ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейін 28 автор қатысты. Олардың үшеуі академик, 13-і Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің, 4-і Абай атындағы АлМУ-дің профессорлары мен доценттері, 5-і мектеп мұғалімдері, ал әдістемелік құрал авторларының басым көпшілігі мектеп мұғалімдері, олар – 26.
Сөйтіп 2000/2001 оқу жылынан бастап негізгі мектепте тарих пәндері жаңа бағдарламалар мен жаңа буын оқулықтары бойынша оқытыла бастады. 2005/2006 о.ж. 9-сынып осы бағдарламамен оқыды, осымен негізгі мектеп жаңа буын оқулықтарына көшіп болды.
Достарыңызбен бөлісу: |