Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты казахский государственный


АРҚА ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙ ОТАРШЫЛДЫҒЫНА ҚАРСЫ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІ /18-19ғғ/



бет18/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.34 Mb.
#125162
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

АРҚА ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙ ОТАРШЫЛДЫҒЫНА ҚАРСЫ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІ /18-19ғғ/
Қонарбаева Г.-магистрант (Алматы қ.,Қазмемқызпи)
Арқа халқы тарихындағы ұлт-азаттық көтерілістер бүгінде аз зерттелген жоқ. Әйтсе де оқу үрдісінде ірі көтеріліс басшылары хан Абылай, Кенесары хан, Сыздық сұлтан т.б. айбынды батырлар ерлігін баяндаумен шектеліп қаламыз. Шындығына келгенде Арқа даласының азаттық жолындағы күрес тарихы Абылай заманынан әлдеқайда ертерек басталып кеткен болатын. Ресей империясы Көшім билеген Сібір хандығын жаулап алған бойда Арқа қазақтарының жері мен елін тонап-талаумен айналысты. Бұл он жетінші ғасырдың соңы мен он сегізінші ғасырдың басына келіп тіреледі. Сарыарқаға іргелес отырған қандас бауырлары – Көшімдіктер туралы айтсақ онда орыс патшалығының дұшпандық көзқарасын тарихтың тереңінен ақтарып қарауымызға тура келеді.

Ал нақ осы мәселелер бүгінде жүйелі баяндалмай назардан тыс қалып қоюда. Сондықтан мақала мазмұнын толық ашып, алға қойған мақсатымызға жету үшін, Арқа тарихына тоқталмас бұрын қазақтың ханы Көшім иелігінің өз жерін қалай қорғап, тарихта алтын әріппен жазылған ерліктері жөнінде тоқталуды дұрыс деп есептейміз. Көшім - аты бүкіл Руське белгілі болған ірі билеуші. Оның иелігіне Сібір, Солтүстік Қазақстан және Ертіс пен Тобылдың тоғысынан Ескер қаласы орын алған жерлер кіреді. Көшім ұлан-ғайыр территорияны иелене отырып, көршілес халықтармен соғысып емес, керісінше мәдени, экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынас орнатып хандықты керемет көркейтіп, дамытқан адам. Ал, патшалық Ресей болса шабарман орыс-казак содырларын айдап салып бұл мемлекетке дұшпандықпен қараумен болды. Аты әйгілі баукеспе тонаушы Ермак 1582-жылы Көшім иелігіне тұтқиылдан шапқыншылық жасап, мемлекетті қиратуға кірісті.

Тарихшы Р.Г Скрынниковтың ерекше атап көрсеткеніндей қазақтар Ермакқа қарсы ірі-ірі жеті рет қанқұйлы қарсы қақтығыстар жүргізген екен /1/.

Ал Н.М Карамзиннің баяндауынша Сібірліктер мықты қаруланған казак әскеріне қарсы өжеттілік, табандылық, жаужүректілікпен он жеті жыл бойы өз иелігіне жолатпай ұстап тұрды /2/ дейді.

1585 жылы Ермак қаза табады. Бірақ Сібір хандығын талқандауға Ресейдің ішкі аймақтарынан әскерлер әкелініп, жаудың жағы күшейе түсті. Сөйтіп қазақтар иеленген ұлан-ғайыр батыс Сібір даласы біртіндеп орыстар иелігінде қала берді. Сөйтіп бұл аймақтарда Тара, Тюмень, Тобольск қалалары мен әскери тірек пункттері бой көтерді. Әрине қалалардың бой көтеруі орыстар үшін оңайға соққан жоқ. Көшім ұрпақтары толассыз қарсылық білдірумен болды. Соның бір дәлелі ретінде алсақ, ол мына деректе былайша баяндалады: «Көшімнің немересі Абылай Керей 1631 жылы Тараны талқандауға тырысып, «қаланы жойыңдар да кетіңдер! Бұл біздің ата-бабамыздан мұраға қалған жер!»» /3/.

Мұнан біз Көшімнің, оның ұрпақтарының 1582-жылы басталған күрестің жарты ғасыр уақыт бойы созылып, дұшпандарын даланың ішкі аймағына өткізбей арпалысып өткенін байқаймыз. Қазақтың дәстүрлі заң баптарында хан - елін, жерін жаудан қорғауға тиісті болған. Егер жауға сатылса онда оны халық ат құйрығына байлап азаптап өлтіруге тиіс болған. Көшім, оның ұрпақтары елдің ата салтын жоғары ұстанып еліне адал қызмет етті.

Сонымен орыс әскерлері он жетінші ғасырдың соңында оңтүстікте Қорған қаласына жақындай түссе, он сегізінші ғасырдың басында қазақ хандығы мен Ресей арасы 985 шақырымға жақындады. Осылайша Көшім хандығын қиратып орыс әскерлері орта жүз шекарасына орнықты. Көрші қонған өзгежерліктер қазақтарға асқан дұшпандықпен қарады. Қазақ ауылдарын тонап, азаматтарын соққыға алып, әйел баласын күң етті. Ауыл арасынан тіпті адам жоғалатын болды. Орыс-казактары әкімшілік тарапынан зор мүмкіншіліктерге ие болды. Соған мастанып қазақ ауылдарын тонауды олар күнделікті әдетіне айналдырды, сөйтіп олар күннен-күнге баи бастады. Бұл қорлыққа қазақтар шыдамай көтеріліске шықты.

Сондай көтерілістер тізбегін мынадай төменде көрсетілген еңбектегі деректерден кездестіреміз: «Қырғыз-қайсақтардың орыстарды тұтқындап, мал-жанын айдап әкеткені жөніндегі Сібір-губерниясының канцеляриесінде бекітілген тізім (1745-1746): 1701 жылы қырғыз-қайсақ Ұлықбай адамдары 6 орыс адамын ұрып кеткен. Ұлы мәртебелінің жарлығы бойынша Томск әскерінен Иван Суворов Тобольск, Томск, Кузнецк және Тарскідегі казактардан құралған отряд қырғыз даласына аттанды. Қырғыз Ереняк Чигеев бұл қақтығыста жеңіске жетіп 66 орыс адамын тұтқындады. Олар Ачинскіні өртеп, Ұлы мәртебелінің қазынасынан жарылғыш зат, қорғасын, зеңбіректерді тонап кетті. Казактарды естерінен танғанша соққыға жығып, деревнядан 50 жылқы, 6 ірі қара малын, 20 қой және біраз орыс адамын күштеп өздерімен бірге алып кетті. 1702 жылы қазақ батыры Ереничковтың адамдары, Кузнецкідегі 6 орыс адамын өлтірді. 1709 жылы Омь өзені сағасында 2 орысты өлтірді. 1715 жылы Карченково ұлысының адамдары Бирязековтің балаларын және Федя атты казакты өлтіріп кетті. 1716 жылы Қырғыз-қайсақ және Шу татарлары Томскінің жоғарғы жағына дейін басып кіріп, ондағы орыс шаруаларынан 17 жылқы, 300 ірі қара малын айдап әкетті.

Қырғыз-қайсақтарға шапқыншылық жорығына аттанған Томск казак отряды 73 адамынан айырылды. 1717 жылы қырғыз-қайсақ Ереняков сарбаздары Челым өзеніне жетіп, орыс деревнясын талқандап, 6 қорасын өртеп кетті. 700 жылқыны айдап әкетті. 1700 жылы қырғыз адамдары Томск уезіне келіп, Омь өзенінің жағасындағы ер адамдар мен әйелдерді (11 адам) өлтіріп, 50 жылқы мен 20 ірі қараны айдап әкетті.

1701 ж. әр түрлі әскери шендегі 122 орыс адамын соққыға жығып, біреуін тұтқындаған. Олардан 1500 сомға бағаланатын жылқы және 6000 сом ақша тартып алынған. Сондай-ақ әрқайсысы 3 сомға бағаланатын 500 өгіз, 317 құлын, 425 ірі қара, 20 қой «қолды» болды.

1741 жылы қырғыз-қайсақтар Тарск уезін, Зубешов деревнясын талқандап, 80 адамын тұтқындады, 10-ы өлтірілді.

1743 жылы 23 шілдеде капитан Новоселовтың 30 драгун, 75 казактан құралған лагерін талқандады. Осы жылдың 17 тамызында Еваяруковск форпосты шапқыншылыққа «ұшырады». Бұл жорықта, қырғыз-қайсақтар қару-жарақтар, жарылғыш заттар, 9 қорғасын, 1 пистолет, 10 шпаг, 15 оқ-дәрі және т.б. дүние мүліктерін өздерімен бірге ала кетті. Бұл жадығитта әрі қарай Орынбор жағынан да, қазақтар шаабуыл жорықтар жасағаны айтылады. Дәлірек айтсақ: 1744 жылы 7 шілдеде Треутинск форпостынан 3 адамды өлтірді. Поптың әйелі мен бір қызын тұтқынға әкетті. 14-күні 1 шаруаны оңдырмай соғып, 1 табын жылқыны айдап әкетті де өздері түнде қашып үлгерді. Тағы да басқа шабуылдар болып жаты» /4/ – делінген.

Енді бұл қозғалысты басу үшін патша әкімшілігі дөрекі заңдылықтар шығара бастады. И.Крафт өзінің заңдар жинағында қазақтардың қозғалысын басу үшін барлық әскери күш қолдану қажеттілігі айтылғанын баяндайды. Сондай-ақ, жасөспірім, сәбилеріне дейін қырып салу сияқты жазалау ісінің қолдануға рұхсат етілгені айтылған. Міне, осылайша қазақ ауылдарына қауіпті күн туып, өмір сүру жағдайы қиындап кетті.

Бұрын кеңес өкіметі тұсында «орыс-қазақ достығы», «өз еркімен бодан болу», «бейбіт түрде жаулап алу» сөз тіркестері жиі айтылды. Соның салдары болар әлі күнге дейін 16-18 ғасырлардағы толқулар тарихы назардан тыс қалып келеді. Ал шындығында Ресей империясының отаршылдық саясаты жоғарыда атап өткеніміздей елді қырудан басталды. Кез-келген мемлекет өз еркімен басқа елге бодан болмайды. Елі мен жерін тонап-талауға жол бермейді. Қазақтар да ғасырлар бойы дұшпандықпен қараған барлық жауларына тең емес күрестерде де ерлікпен қарсыласты.

Сонымен 18-ғасырдың екінші жартысында батыс пен шығыс шекараларынан тартылған әскери шепте патшалықтың бүкіл әскері толтырыла орналастырылды. Неше түрлі бекіністер салынды. Даланың ішкі аймағына ене түсу үшін патшалық түрлі әдіс-тәсілдерді қолданды. Сонымен қатар қазақтың ішкі алауыздығы, кейбір хан-сұлтандардың сатқындығы дұшпанның қармағына ілініп қалуымызға әкеп соқтырды. Бұл аталған кезең қазақ жұрты үшін аса қауіпті кезең еді. Бір мезгілде орыс, қытай, жоңғар қазақ жерін басып алуды армандады. Ал, қазақ батырлары жан-жағынан лап қойған барлық дұшпандарының бәріне бірдей тойтарыс беріп отырды. М.Жұмабаев сол аласапыран жылдарын былайша керемет сипаттайды:

«Алыстан орыс, қытай - өріс алмақ,

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ

Артында-ор, алдында-көк, жан-жағы жау,

Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?

Сол кезде елге қорған болған Абылай

Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап» /5/

Азаттық күрестің нағыз жаужүрек қолбасшысы міне, ел басына зор қауіпті күн туғанда жарқ етіп шықты. Ұлы ханның ерен ерліктерін бір ауқымға сиғызып айту мүмкін емес. Өйткені Абылай хан тек қолбасшы емес тамаша саясаткер, өз заманының ақылды, данагөй, білімді, дипломат, мемлекет қайраткері болды. Абылай хан тұсында азаттықтың белді күрескерлері Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай бтыр, Ақтамберді батыр, Еспенбет батыр, Матай Шөлкей батыр, Керей, Жәнібек батыр Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентин Малайсары батыр және басқалар да болды. Абылай хан тек қол бастап жүрумен шектелмей, айналасындағы батырларды жігерлендіріп, рухын көтерді. Мәселен бір қақтығыста жоңғарлардың қамалын алу сәті түскенде кімде – кім сол қамалды бұзып жаратын болса, соған хан атағын беруге уәде етіпті. Сонда топ ішінен Қабанбай батыр ұмтылып шығып ерліктің тілмен айтып жеткізгісіз көрінісімен танылған екен. Хан уәдесінде тұрып содан былай қарай Хан Қабанбай аталыпты /6/. Абылай ханның осындай шыншылдығы, Отаншыл рухы халық арасында даңқын асқақтата түсті. Сол себепті де орыс деректемелерінің өзінде Абылай ханға қасиетті сипаттамалар беріледі. Ол туралы В.В Бартольд дерегінен алынған мына деректен үзінді келтірудің өзі жетіп жатыр: «Хан Абылай 18-ғасырдағы хандардың ішіндегі ең құдіреттісі болды» /7/. Шынында:

« Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң қалмақ бар,

Күшіңді еппен алмақ бар,

Жапырағыңды бұтай бар,

Былай барсаң орыс бар,

Балаңды берсең қоныс бар» /8/ - делінген өлең шумақтарында қазақ даласына сұғын қадаған елдердің дипломатиялық талғам-тәсілі, басқыншылық тактикалары айқын аңғарылған заманда Абылай ел көздеген мақсатпен билік құра алды. Сонымен қатар хан қытай, қалмақ тілдерінде таза сөйлеп жауларын тіпті сөзден жеңіп тастап отырған /9/. Сондықтан да одан дұшпандары қатты сескенді.

Абылай ханның азаттық күрес жолындағы батырлығы мен білімпаздығының кереметтігінде шек жоқ. Осындай асыл тұлғаның ұрпақтары да есімдері алтын әріппен жазылатын адамдардан тұрды. Олар – Ғұбайдолла Уәлиханұлы, Саржан Қасымұлы, Сартай Шыңғысұлы және қазақтың айбынды ұлдары Хан Кенесары, Наурызбай батыр, Сыздық сұлтан және т.б.

Орыс патшалығының отарлық дерті уақыт өткен сайын күшейе түсті. 19-ғасырдың алғашқы ширегінде хандықтың орнына орысша басқару тәртібі зорлықпен енгізілді. Бұл өзгеріс қазақ билеушілерін ғана емес бұқара халықты толқытты. Өйткені орыс заңдылығы елдің өмір сүруіне тікелей қауіп төндірді. Ең бірінші жер мен мал - күн көрудің нағыз бұлағы болып тұрған тіршілік көзінен айыруды заңдастырды патшалық. Ал бұл халықты толғандырмауы мүмкін емес жағдай еді. Сондықтан халық бұқарасы ханзада, хан, би-сұлтандардың соңынан еріп жаппай азаттық күреске шықты.

Хандықты қалпына келтіруге алғашқы бас көтеруші Ғұбайдолла Уәлиханұлы болды. Алайда ата жолын қуып Қытаймен одақтасып еліне дұшпанды жолатпай ұстау әрекетінен түк шықпады. Орыс патшалығының күші бұл уақытта мықтап тұрып өскен еді. Соған қарамастан ханзада Ғұбайдолла патшалыққа сатылудан бойын мүлдем аулақ ұстады. Ғұбайдолла көрсеткен қарсылықтары үшін патша әкімшілігінен талай соққы көрді. Бұл жөнінде 1827 ж. Сібір комитетінің жазба журналында: «Ғұбайдоллаға Қазақ мемлекетінің қадірменді ханзадасы екеніне қарамастан шекара әкімшілігі қамшының астына алып, сабап зор қысым көрсетті. Ғұбайдолла тұтқыннан босатылған соң Көкшетау округінен Нұра өзені бойына көшіп кетіп ешқашан оралмасқа бел буды. Ол орыс әкімшілігімен мәңгілік келісімге келмеуге ант-су ішіп біздің өкіметіміздің басты жауы болып қатты өшікті» /10/, -деп ашық баяндады. Ғұбайдолла Нұра өзенінің бойында орыс үстемдігіне қарсы қол жинап Ресей өкіметінен бойын аулақ ұстануға бекінді. Оның саясатын інілері Саржан, Сартай, Кенесары т.б. өнеге тұтты.

Ғұбайдолланың патша алдына қойған талап-тілектерін іске асыруға бар күшін салған хан Кенесары болды. Ол өзіне дейінгі қазақ жерінде болып өткен ұлт-азаттық күрестерден сабақ алды, оның қате тұстарын ескеріп қайталамауға тырысты. Кенесары хан азаттық күрестің мүлдем жаңа туындысын дүниеге әкелді. Кене ханның ел мүддесі дегенде таситын күш-қайратына досы тұрмақ дұшпаны қайран қалды.

Оның бейнесін сомдағанда тіпті патша шенеуніктері асқан таңқалушылықпен суреттеді. «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деп аталынған революцияға дейінгі «Вестник Европы» журналында бүлікшіл дей тұрып оны асқақтата мадақтағанын байқаймыз: «Кенесары өз сарбаздарының лайықты әміршісі бола білді. Оның қарақшыларының лапылдаған биік рухына европалық әскери қолбасшылардың қай-қайсысы болса да іші күйе қараған болар еді. Кенесары мінекей, осындай еді! Иә осынау адал, бейнелеп айтқанда, аса үздік дарағай тұлға болды, егерде басқадай тәрбие алған жағдайда одан теңдесі табылмастай мемлекет қайраткері шығатынына күмән жоқ еді.» /11/.

Кенесары Қасымұлы бейбіт жолмен азаттық сұранып патшаға сансыз хаттар жолдады. Онда ол Арқа жерінде бой көтеріп келе жатқан орыс-казак бекіністерін, қалаларын жойып кетулерін сұрады. Соның бірінде ол: «..Бірақ та ол сөйтсек те тыныштық бермеді. Сол себепті мен, Кенесары Қасымұлы қолға қару алып, ұлы күресті бастауға аттандым. Қазақ халқын орыстардың езгісінен азат етемін!» /12/, - деген еді.

Кенесары жөнінде баяндағанда Наурызбай есімін атамай кету мүмкін емес. Наурызбай көтерілістегі Кенесары басшылығындағы қолбасшыларының бірі, ақылдасар ақылшысы, сүйеніші болған батыр адам. Сондай-ақ Сыздық сұлтанның да азаттық жолындағы күресінің алар орны шексіз.

Сонымен мақала соңын қорытындылай келе біз тек Арқа тарихында отаршылдыққа қарсы күрес жүргізген қасиетті хандар, сұлтан-билер, батырлардың ерліктеріне шолу жасадық. Қазақ тарихындағы Отанды адал қорғаған әрбір батырдың орны ерекше. Біздер тарихымыздың ірі тұлғаларын әрдайым биік қойып, олардың біздер үшін жан қилы арпалыстарда болып дүниеден өткенін есте ұстауымыз керек. Бізге мұра етіп қалдырған жеріміз бен елдігімізді мықтап тұрып сақтауымыз қажет екенін айтқым келеді.
ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Скрынников Р.Г. Сибирская экспедиция Ермака. 2-изд.- Новосибирск, 1986.

  2. Карамзин Н.М. История Государства Российсского. Т.9. Гл.6. С.228.

  3. Абдиров М.Ж. История казачества Казахстана. – Алматы: Казахстан, 1994. С. 92.

  4. Мырзатаева З.Б. Арқада орыс басқару жүйесін енгізудің басталуы. Тарих.ғыл.канд.атағын.алу.үшін.жаз.дисс. Алматы – 2002. 26 бет.

  5. Толыбаев Қ. Хан Абылай. // Шалқар, 1991, 5 шілде.

  6. Халидұлы Қ. Абылай хан. // Қазақ әдебиеті, 1992, көкек.

  7. Бортольд В.В. Түрік-монғол халықтарының тарихы. Шығармалар.М., 1968ж., 5 т. 224 б.

  8. Сейдімбеков А. Күйші Абылай хан. // Қазақ әдебиеті, 1991, 26 шілде.

  9. Левшин А.И. Описание киргиз-кайсацких, или киргиз-казачьих орд и

степей, ч.2.СПб ., 1832, 264 бет.

  1. Мырзатаева З.Б. т.ғ.к., аға оқытушы:”Ханзаданың қасіреті немесе ел бірлігін ыдыратқан дерт” // Әл-Фараби ат. ҚазҰУ. 2004ж. 19 мамыр.республ.конф. 57 б.

  2. Хан Кене азаттықтың көсемі (тарих тағылымы) Көкшетау–2002. 19 б.

  3. Бұл да сонда 21 б.

РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается освободительное движение в Сары Арке, имевшее место в ХVIII-XIX вв. Дается системный анализ героичесңким действиям казахских воинов, участвовавшим в разгроме военных укреплений сибирской линии в ХVIII веке. Всесторонне рассматривается ход военных действий под предводительством Кенесары хана, которому служил примером сам Абылай хан и его потомки.


ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Арқа жерінде, ХVIIІ - ХІХ ғғ. І - жартысында болып өткен азаттық үрестер тарихы баяндалды. ХVIIІғ. әскери шеп бойындағы бекіністерді талқандауға қатысқан қазақтар ерлігі бір жүйеге келтіріліп талданды. Абылай ханның ерен ерліктері, оның ұрпақтары Уали хан, және ағалары бастап берген көтерілістерінен үлкен сабақ алған Кене ханның бұрын-соңды болмаған азаттық жолындағы қантөгіс шайқастар барысы жан-жақты қарастырылды.

ОРАЛМАНДАРДЫҢ ТӨЛ ОРТАҒА БЕЙІМДЕЛУІ.
Сейсенбаева А. - магистрант (Алматы қ., ҚазҰУ)
Әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болған Қазақстан Республикасы өркениетті қоғам сипатына сай шет елде тұрып жатқан қазақтарға қамқорлық жасауды мемлекеттік саясаттың құрамды бөлігіне айналдырды. Елбасы Н.Ә Назарбаев 1992 жылдың 21-24 қыркүйегі аралығында Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында «...Өз жерімізде өзіміз қырғынға ұшырап, өз жерімізде өзіміз қуғынға түстік. Мыңдаған жандар қырылып, мыңдаған жандар атажұртын тастап кетуге мәжбүр болды, 1932 -1933 жылдарда қазақ даласында болған адам айтса нанғысыз ашаршылық, 6 миллиондай халықтың 2,2 миллионы айдың – күннің аманында опат болған, сталиндік репрессия жылдарында аяулы да абзал азаматтарымыздың жойылғаны – большевизмнің бетіне басылар қара таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытпайтын қасіретіміз» /1/, - деп көрсетті.

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап Елбасымыз шетелдерде жүрген қандастарымызды өз атамекеніне оралуға шақырды, сөйтіп алғашқы көштің легі, 1991 жылы-ақ басталып кетті. Бұл миграциялық толқын (репатрианттар) кейіннен «оралмандар» деген статусқа ие болды /2/. Қазіргі таңда сол шеттен қоныс аударғысы келетін ағайындардың басым көпшілігінің таңдайтын қонысы оңтүстік өңірлер. Міне, сол дәстүрлі мәдениеттің сарқыншағы мен жұрнағын сақтап келген қандастарымыздың отанына келіп орналасуы жергілікті халыққа бейімделуінің жай күйлері, қыр-сырлары, сіңісіп кетуі маңызды екенін мойындап, сонымен қатар оның тарихымызда ерекше ролін көрсету және оны дәлелдеу тарихи-теориялық болжамдық және тәжірибелік жағынан талдау өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Адаптация - бейімделу (латын. асіаріо-бейімделу) - жеке адамның әлеуметтік ортаға бейімделуі үшін белсенді іс-әрекеті, яғни, әлеуметтік ортаның шындығы мен бетпе-бет келуі қандастарымыздың алыс және жақын шетелдерде өмір сүріп, бүгінгі таңда төл ортаға, яғни атамекеніне келіп, қоғамдық-әлеуметтік өміріне бейімделуі, сіңісуі. Осыған байланысты қазіргі таңда қандастарымыздың төл ортаға бейімделіп, сіңісіп кетуіне әсер ететін бірнеше мәселелер бар. Олардың ең бастысы баспана мәселесі. Осыған байланысты 2000-2001 жылдары 5 мыңға жуық отбасына пәтер алынып, оларға басқа да жеңілдіктер жасалды. Ал, 2003 жылы Алматы қаласы бойынша, 342 оралман отбасына баспана, 120 отбасына жер бөлініп берілді . Мүның барлығы қандастарымыздың төл ортаға үйренісуіне, бейімделу процесіне зор ықпалын тигізеді./3/

Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы" Заңының 29-бабының 5-тармағына сәйкес, квотадан тыс көшіп келіп Жатқан қандастарымызға жергілікті басқару ұжымдары тарапынан мүмкіндігінше жағдай жасау. Осыған байланысты, Маңғыстау; облысында 2003 жылғы бюджеттен қарастырылған 11 миллион теңгені 2003 жылы квотадан тыс көшіп келген оралмандардың көлік және жол шығындарын өтеуге және оларға бір реттік көші-қон жәрдемақысын төлеу үшін жұмсауды көздеген./4/

"Халықтың көші-қоны туралы" Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты облыс қалалары мен аудандарының Әкімдеріне түсіндірме хаттар жолданып, квотадан тыс көшіп келіп жатқан оралмандардың жайғасып тұрмыс-тіршілікке тез араласып кетуіне бар мүмкіндігінше жәрдем көрсету сұралды /5/.

Осы Маңғыстау облысының Ақтау және Жаңаөзен қалаларының жанындағы саяжайларға қоныстанған 10000-ға жуық оралмаңдарға ресми түрде тіркеуге тұруларына жағдай жасалған. Оралмандардың өз бетімен тұрғын үй тұрғызып алу үшін оларды жер учаскелерімен камтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта 2002 жылы Ақтау қаласы әкімінің шешімдерімен қала маңындағы "Прогресс", "Химик", "Мичуринец", "Синтез" саяжайларынан 53 жер учаскесі жекеменшікке беріліп, 148 отбасына аренда күқығымен болашақта тұрғын үй салып алуға рұқсат етіліп, жер учаскелері берілген. Ақтау қаласы маңындағы Приозерный-3 және Маңғыстау кенті түрғын массивтерінен оралмандарға 10 жер учаскесі жекеменшікке, 21 учаскесі жалға беру қүқығымен берілген./6/

Түркіменстан мен Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыздың ең көп шоғырланған жері — Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үй массивтерінен 400 оралман отбасыларына жер учаскелері бөлінген. Ал, Бейнеу ауданында өз бетімен тұрғын үй салып алу бағытында 33 оралман отбасы жер учаскелерімен қамтамасыз етілген болса, Қарақия ауданында 23 оралман отбасына жер учаскелері берілді. Қарақия ауданы әкімінің шешімімен Құрық кентінен 2 оралман отбасына пәтер берілді./7/ Тәуелсіздіктің он бір жылы ішінде ғана Маңғыстауға 41 мыңнан астам қандасымыз қайтып оралған , яғни бұл Маңғыстау жағдайындағы кіші-гірім екі ауданның халқы деген сөз.

Қандастарымыздың төл ортаға бейімделуін жеделдететуге өз әсерін тигізетін тағы бір мәселе қандастарымызды жұмыспен қамтамасыз ету. Қазіргі кезде "оралман" ғана емес қазақстандықтардың да көбі жұмыссыз, сондықтан Оралмандарды жұмысқа орналастыру республика бойынша 46 процентке ғана жүзеге асып отыр. Соның ішінде әйелдер 37 процентті құрайды. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облысына тән. Көптеген Қоныс аударушылар өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмады. Себебі, оларды республикаға бөлу ісінде кәсібі бойынша жұмыс табылатын жерге емес, тұрғын үй немесе жер участогін бере алатын шаруашылықтарға бөлген. Көбінесе қандастарымыз өмір тірлігін жасап, еңбек етіп жүр./8/

Алыс және жақын шетелдерден келген қандастарымыздың төл ортаға бейімделуіне кедергі келтіретін бір мәселе - қазақтардың , әліпбиінде болып отыр. Қазіргі таңда дүниежүзі қазақтарының ауызекі сөйлесуінде ешқандай айырмашылық жоқ, бірақ әр елде тұратын қазақтар бір-бірінің жазуын түсінбейтін жағдай қалыптасып отыр. Мысалы, Өзбекстан мен Түркіменстан латын әріпіне көше бастаса, (Қазақстан, Монғолия, Ресейде тұратын қазақтар кириллицамен жазады, ал Еуропада тұратын қазақтар латын әліпбиінде сауат ашқан. Бұл айырмашылық атамекеніне оралған қандастарымыз үшін, әсіресе оқу-білім саласында үлкен қиындық туғызып отыр. Сондықтан оқу орнына түсуге келген талапкерлер үшін Қазақстанда осы мақсатта жағдайлар жасалып жатыр. Мысалы, Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтында дайындық бөлімдері ашылған және олар жатаханамен, тегін тамақпен қамтамасыз етілген.

Осы оқуға білім алуға ұмтылған қазақ балаларын кері қайтармай, қалай да елде қалдыру тетіктерін ойластыру керек. 2002 ж. қазан айында Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында "Шетелдегі қандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы" қабылданып, осы бағдарламаның негізінде Білім және ғылым министрлігінде қазақ диаспорасы өкілдерінің балаларын оқуға қабылдау туралы Ереженің жобасы белгіленді. Осыған сәйкес дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен "Шетелдегі қазақ диаспорасы балаларын ата мекенде оқыту мәселелері" атты дөңгелек үстел болып, онда осы уақытқа дейін тетігі табылмай келе жатқан мәселе - қазақ диаспорасының балаларын Қазақстанда оқытудың механизмдерін жасау жолдары талқыланды. ''Білім туралы" Заңда диаспора өкілдерінің Қазақстан азаматтарымен бірдей білім алуға құқығы бары айтылған. Сонымен қатар, жастардың тарихи Отанында білім алуына мүмкіндік жасау Қандастарымыздың төл отанға бейімделу процесін жеделдетері сөзсіз. Дегенмен де, жыл сайын алыс және жақын шетелдерден келген талапкер бауырларымыз үшін бөлінген арнайы квота арқылы қандастарымыздың барлығын мемлекет есебінен тегін оқыту мүмкін емес. Сондықтан, өркениетті елдерде (АҚШ, Жапония, Еуропа) тұрып жатқан кейбір бауырлар сол елдің ғылымын, техникасын игеріп атамекенге оралса нұр үстіне нұр болар еді.

Көші-қон мәселесінде оралмандардың төл ортаға бейімделу мәселесіне де жеткілікті дәрежеде көңіл қою керек. Соның бірі шеттен көшіп келген отандастарымызды кең байтақ қазақ жеріне тарыдай шашып жібермей әбден жерсініп үйреніскенше, жұмыс тауып өз беттерінше жан бағатындай дәрежеге жеткенше бір жерге шоғырландыру керек. Қазіргі кезде елге келіп жатқан оралмандарды көбінесе Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана маңына қоныстандыруда. Бұл экономикалық-әлеуметтік жағынан да, демографиялық-саяси тұрғыдан да дұрыс шешім. Қазірдің өзінде кейбір облыс, аудан өкімдері оралмандарды жаппай бір ауылға орналастырамыз деп отыр. Ондай мысалдар да бар. Қарағанды облысының Жәйрем кенішінде, Қостанай облысының Денисов, Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай, Зайсан, Үржар, Ұлан аудандарында осындай игі бастамалар қолға алына бастаған. Мұның өзі оларды этнографиялық жағынан зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасауға да септігін тигізер еді./9/

Алматы қаласы аумағынан баспанасыз оралмандарға жер учаскелерін беру ұйымдастырылып, оралмандардың "Байбесік" ауылы шаңырақ көтеруде. Кәсіпкер оралмандар орталығы құрылып, жобалар жасауға, тиесілі ақьл-кеңестер беруге жол ашылуда. Жалпы үкімет тарапынан демеу, жергілікті әкімшілік орындарынан қолдау көрсетіліп жатса оралмандар өз проблемасын өздері толықтай шеше алады. Ең бастысы олар қазіргі болып жатқан қоғамдық өзгерістерге, нарықтық қатынастарға психологиялық жағынан дайын. Қазірдің өзінде көптеген оралмандар шаруа қожалықтарын құрып алса, енді біразы кәсіпкерлікпен айналысуда. Дегенмен де, көшіп келушілердің көпшілігінің материалдық жағдайы төмен. Сондықтан да оларға еліміз шекарасынан аттағаннан кейін тегін баспана берілгенмен, бірақ мәрте отбасына ұсынылатын: отбасы иесіне 12 мыңдай, қалған мүшелерінің әрқайсысына 8 мындай тиесілі теңге жәрдемақы жетпейді. Оның үстіне бұлардың ішінде орыс тілін түсінбейтіндер де жеткілікті/10/. Ендеше, атажұртын аңсап оралушыларға жан-жақты ойластырылып, мемлекеттік тұрғыдан ұйымдастырылған көмек керек. Бұл орайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Республика Үкіметіне, барлық облыстар мен Астана, Алматы қаласы өкімдеріне мүмкіндігінше өз бетімен көшіп келгендерге де қарайласу, қамқорлық жасау қажет екендігін үнемі ескертіп келеді. Оралмандардың көбісі Қазақстанның оңтүстік және Жетісу аймақтарына шоғырланғандығын көрсетеді. Олар Алматы, Оңтүстік Қазақстан Жамбыл облысының ауылдық жерлеріне көбірек қоныстанған. Оңтүстік өңірлердің табиғи ортасы егін егіп, мал өсіруге қолайлылығына байланысты оралмандар оңтүстікке келуді қалайды. Сонымен бірге оңтүстіктің жергілікті халықтары басқа өңірлерге қарағанда өз әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жақсы сақтаған және халықтың бәрі өз ана тілінде сөйлейді сондықтанда болар шет елден келген қандастарымыз өздеріне ыңғайлы және халыққа сіңісіп кетуге араласып-құраласып тұруға ыңғайлы және бейімделуіне де тез оңтүстік өңірін таңдайтыны. Солай-ақ болсын шет елден келген бауырларымыз қай өңірде тұрсада, өз елінде емеспе?! Сондықтан да көшіп келіп қоныстанып жатқан ағайындарымыздың жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне үйреніп, сіңісіп, бейімделіп кетуіне, жүрегі қазақпын деп соғатын әр ағайын өз үлесін қосса екен деймін.

Сонымен осы қандастарымызды бауырмалдықпен қарсы алып, олардың өз елінде өгейсімей, ортамыздан орын тауып, елге сіңісті болып кетуіне жағдай жасау, әсіресе, іс басында жүрген азаматтардың, қала берді баршамыздың борышымыз.

Сонымен қатар, қандастарымыздың ұзақ жылдар бойы басқа этникалық ортада өмір сүрген қандастарымыз, тілін, әдет-ғұрпын сақтап қалды. Дегенмен де, олардың тұрмысында, әдет-ғұрпында, салт-дәстүрінде, кәсібінде, сана-сезімінде, тілінде сол ортаның өсерімен болған өзгешеліктер де бар, бұл зандылықта. Сондықтан осы ерекшеліктерге ғылыми мән бере отырып, аз санды этникалық топтардың тұрмыс-салтына, мәдениетіне көп санды жергілікті ортаның тигізетін ықпалын зерттеу қазіргі кезенде этнология ғылымының алдына қойған міндеттердің бірі.


ӘДЕБИЕТТЕР
1. Назарбаев Н.Ә. Құшағымыз бауырларға айқара ашық. // Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. Алматы, 1993. 8 б.

2. Ескекбаев Д. Қазақ диаспорасы: бүгіні және болашағы. Алматы, 2003. 10б.

3. Нысанбаев Ә., Арғынбаев Ә. Қазақ диаспорасының бүгіні мен ертеңі.

// Егеменді Қазақстан. 1992. 23 қыркүйек

4.Тәтімов М. Қазақ әлемі (Қазақтың саны қанша?) Алматы: 1993.

5. Сартаев С. Күш – қуатымыз – бірлікте. Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы.

Алматы: 1993. 43-56 бб.

6. Қалшабаева Б.К. Өзбекстан қазақтары. Алматы; 1994

7. Қалиева Ғ. Бізде оралманның күй жайы жақсы // Түркістан 30 тамыз

8. Назым Ниязи. Оралманныңда отаны Қазақстан// Қаз Заман 2002ж 5шілде

9. Қазақстан Халықаралық көші-қон ұжымына мүше болды. Қазақ елі, 2003.қаңтар. № 1-2 (249)

10. Исағұлов З. Туған жерге ат басын тірегендер.// Қазақ елі, 2003 мамыр. №12


РЕЗЮМЕ
В статье рассматриваются вопросы адаптации оралманов к родной земле и их социально-экономические проблемы, с которыми они часто сталкиваются при этом процессе. В том числе отношение рядовых казахстанцев к этническим казахам, вернувшимся на свою историческую родину и их культурно-ментальное различие от местных жителей.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада оралмандардың туған жерге қайтып оралғандағы туындаған әлеуметтік-экономикалық мәселері көрсетіліп, оларды шешуге ұсыныстар жасалған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет