Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты казахский государственный



бет8/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.34 Mb.
#125162
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

ТҮЙІНДЕМЕ


Мақалада ХХ ғ.екінші жартысында Оңтүстік Қазақстан қалаларында әлеуметтік мәдени инфрақұрылымның дамуы айтылған.

РЕЗЮМЕ


В статье рассматривается развитие социально-культурной инфраструктуры в городах Южного Казахстана во второй половине ХХ в.


ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫ
Өнербаева Ш.Ө., Тленова Т.Т. (Алматы қ., Қазмемқызпи)
Шымкент - Қазақстан Республикасындағы ірі қалалардың бірі, Оңтүстік Қазақстан облысының облыс орталығы. 2007 жылғы 1 маусымға дейінгі қала халқының саны 539,600 адамды құрайды. Өнеркәсіп, мәдени, сауда орталығы ретінде Алматы мен Астанадан кейінгі үшінші орындағы қала.

Қаланың тарихына шолу жасайтын болсақ ең бірінші қаланың қай кезде пайда болғанын, оның аты неге осылай аталады деген сұраққа жауап беруден бастау керек сияқты. Қазірге дейін бұл сұрақтар төңірегінде зерттеуші ғалымдар бір жақты шешімге келе қойған жоқ.

Қала Ұлы Жібек жолы бойындағы ең көне қалалардың бірі. Орналасқан жері ерте кезден-ақ адам өміріне жайлы еді. Қала тұрғындарының өмір салтына қарай материалдық мәдениеті де жоғары болған. Суару жүйесі, жүзім егу, егістікпен, бау-бақша егумен айналысып, үйлердің айналасына неше түрлі гүл өсірген. Қала шеттерінде онша-мұнша мал ұстап, жайылымдарды да иеленген. Керуен жолдар қала арқылы Оңтүстік Қазақстан жерін басып өтіп, Орта Азияға, Таяу Шығысқа, Түркістан мен Қытайға сапар шеккен. Қаланың толығымен негізі қаланған кезеңін зерттеушілер XI-XII ғасырларға жатқызады. Археологиялық ескерткіштерге қарай отырып, археолог ғалымдар бұл қала орнында адамдар б.з.д. VI-V ғасырларда қоныстанған дейді. Шымкент туралы бізге жеткен жазба деректердің бірі 1425 жылы жазылған парсы тарихшысы Шараф ад-дин Алидің Әмір Темір жорықтары туралы жазған «Зафар Наме» (Жеңістер туралы кітап) атты еңбегі. Бұл еңбекте Шымкент қаласы туралы айтып өткен. Сондай-ақ, Шымкент қаласының даму барысы VII-ғасырдың бас кезіндегі Қытайдың дін уағыздаушысы Сюань-Цзянның жол жазбасындағы «Ақ өзендегі қала» деп аталған Испиджап-Сайрам қаласының тарихымен тығыз байланыста болған. Бұл қаланың төрт бұрышында Солтүстікте - Белдарбоза, Оңтүстік қақпа- Базар дарбоза, Шығыс қақпа - Қарамұрт дарбоза аталса, ал Батыс қақпасы осы Шымкент арқылы көптеген жолдарды байланыстырып тұрған Шымкент дарбоза деп аталған. Монғол шапқыншылығына ұласқан оқиғалар Исфиджап қаласының гүлденіп, өркендеуін күрт үзіп, XIV-XV ғасырларда Шымкент қаласы қауырт өсіп, бас қала ролі бірте-бірте осы қалаға ауысады. Көрнекті Шығыстанушы В.В. Бартольд бұл туралы өз еңбектерінде атап өткен.

Қазіргі кезде, өкінішке орай қала аумағы мен оның төңірегіндегі археологиялық ескерткіштердің көпшілігі құрылыстар салған кезде жойылып кеткен.

Тек 2003-жылдан бастап бұл жерде археологиялық жұмыстар жүргізілуде. Қала орталығында ортағасырлық қамалдың орны сақталған. Археолог ғалымдардың пікірінше қаланың жасы кем дегенде екі мың жыл.

Қаланың аты туралы көптеген пікірлер бар. Шымкент жайында айтылып кеткен тарихи деректерге қарай отырып ғалымдар әр түрлі ой айтады. «Бау бақшалы қала», «Жасыл қала», «Дермене шөп қоршаған қала», мәні «Шым» -дермене , «кент» - иранша қала дегенді білдіреді дейді. Екінші бір болжам Шымкент сөзінің төркіні соғдыша «Чиминь-чемень» - яғни «гүлденген алқапты қала» дегеді білдіреді екен. 1800 жылы осында келген М.Поспелов пен Т.Бурнашев қаланың Ташкенттен кейінгі екінші орында екендігін айта келіп, 700 үй бар екендігін жазған.

XIX ғасырдың ортасында Шымкент айналдыра дуалмен қоршалған кәдуілгі ортағасырлық қала болды. Орта Азия, Қытай, Батыс Сібір мен Европаны жалғастырған керуен жолының түйіскен жерінде орналасқандықтан бұнда сауда өркендеп дамыды. Қалада екі керуен сарай мен 252 сауда дүкендері болды. Қалада әр түрлі қол өнер түрілері дамыды. Қала тұрғындарының өмірінде сауда мен, қолөнерден басқа егіншілікте үлкен орын алды. Қала маңындағы егістікке су өткізетін 6 арық болды. Бадам өзенінен су алатын Янсай (жаңа сай), Темір, Шоқай, Күнту, Боққайнат арықтарын бір арық ақсақал меңгерсе, Қосдиірмен, Сасық, Алтынтөбе, Мұңлық және Қақпа арықтарының егістік көлемі үлкен болғандықтан әрқайсысы жеке ақсақаладардың басқаруында болды. Суды Қошқарата өзенінен алатын қала ішілік суару жүйесін бөлек ақсақал басқарған. Егіншілік қала халқының үлкен бөлігінің негізгі кәсібі болды. Көптеген қолөнершілердің де көпшілігі жазда егіншілікпен айналысты. Қолөнер егіншіліктен әлде толық бөліне қоймағандықтан қаланың жартылай аграрлық сипаты XX ғасырдың бас кезінде де сақталып қалды. Қала қарамағындағы жер көлемі 1904 жылы 21,841 десятина болды, оның 8264 десятинасы егістік жерлер болса, 1060 десятинасы шабындық, 9430 десятинасы жайылымдық жерлер болды.

Қаладағы бүкіл билік бектің қолында шоғырланды, ол сонымен қатар аймақтың да басқарушысы болды. Қала екі әкімшілік бөлікке бөлінді. Оларды тікелей бекке бағынатын ақсақалдар басқарды. Бек қала раисын тағайындады, оның міндетіне қаладағы тәртіп пен шариғат заңдарын қадағалап отыру жатты.

Сот билігі шариғатқа негізделді. Қаланың екі бөлігі екі қазыға қарады. Оның біреуі қазы-калян болмаса бас қазы міндетін атқарды. Бас қазыға қала төңірегіндегі елді мекендердің қазылары бағынды.

Қала дінбасының қызметі шейх-ул-ислам аталды. Сонымен қатар қалада төрт муфти болды. Бұл қызмет иелерінің еш қайсысыда жалақы алған жоқ, әртүрлі алым-салықтар есебінен күнелтті. Салық жинауды серкер басқарды. Шымкент төңірегіндегі алты елді мекеннің арық ақсақалдары серкерге бағынды.

Салықтың негізгі түрі жер салығы - хараж болды. Ол өнімнің бестен бір бөлігін құрады. Әр жыл сайын Шымкент және оның төңірегіндегі алты елді мекен егіншілерінен 60 мың пұт астық салық ретінде жиналып отырды. Мал мен товарға салынатын салық зекет деп аталды. Сонымен қатар алым салықтың толып жатқан басқа да түрлері болды.

Шымкент қаласы 1864 жылы орыс әскерлері басып алғанға дейін де көптеген басқыншылардың тонауына ұшырап отырған. Бұл қаланы Шыңғысхан өз иелігіне өткізіп, осы жер арқылы Орта Азияға жылжыса, одан кейін Әмір Темір империясының иелігінде болған.

XV ғасырмен XVIII ғасырлар аралығында жоңғар басқыншыларының ойранының негізгі тірегі болды. XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың I-жартысында Шымкент қаласы үшін Қоқан мен Бұхара хандықтары арасында қырқыстар жүрді. 1810-1864 жылдары Қоқан хандығының қол астына өтіп, оның соғыс-қорғаныс лагерінің негізінде болды. Қаланы Қоқан ханының қойған адамы биледі.

1864 жылдың қыркүйегінде қаланы орыс әскерлері қарулы күшпен басып алып, бір жарым ғасырға созылған Қазақстанның Рессейге қосылу процессі дәл осы кезде аяқталады да бүкіл Орта Азияны қосып алуға жол ашылады.

Жаңадан қосылған жерлерден 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылып, Шымкент Сырдария облысы құрамындағы уездік қалаға айналады. Қаланың басқару жүйесі де өзгереді. 1868 жылы шаруашылық қоғамдық басқарма құрылды. Оның құрамы басқарма бастығы, қала ақсақалы, қазы және Жетікент қала төңірегіндегі елді мекендердің өкілдері кірген 8 адамнан тұрды. 1877жылы ол уезд бастығы басқаратын қала шаруашылығы басқармасымен ауыстырылады. Хараж бен танаптың орнына жер салығы, зекеттің орнына кәсіпшлік салығы енгізілді. Бұларға қосымша земстволық, таразы және т.б. салықтардың түрлері көп болды. Қалада өнеркәсіп өте баяу қарқынмен дамыды. XIX ғасырдың аяғында 70 майда дүкендер, 50 шайхана, 10 керуен сарай, 27 ұн сататын орындар болса, XX ғасырдың бас кезінде 15 май шайқайтын 4 мақта тазалайтын, 3 тері илейтін , 15 ұстахана, 12 наубайхана, 26 диірмен, 5 сабын өндіретін орындар болды.

Қаланың экономикасы мен дамуына қаладағы ең ірі кәсіпорын - Сантонин заводының (қазіргі Химфарм) ролі жоғары болды. Ол кезде ішек құртына қолданылатын бірден-бір дәрі сантонин (дермене) жер шарында тек Шымкент жерінде өсетін дермене өсімдігінен алынатын. Жергілікті халықтың үлкен еңбекпен жинаған дермене тұқымын алыпсатарлар болмашы ақыға алып Германия мен Англиядағы Сантонин заводтарына жіберетін. 1853 жылы 300 пұт, 1868 жылы 40 мың пұт, 1880 жылы 133 пұт дермене алып кетілді.

Тасымалдау қымбатқа түскендіктен орыс көпестері Н.И.Савинков пен Н.И.Иванов сантонинді жергілікті жерде өндіруді қолға алып, Шымкентте завод салды. Оның құрал-жабдықтары Германиядан алынды. 1883 жылы басталған кәсіпорын құрылысы 1885 жылы аяқталды. Бұл завод дүние жүзі бойынша сантонинге деген қажеттілікті толық қамтамасыз ететін ірі кәсіпорынға айналды. 1885 жылы 126 мың сомның өнімі өндірілген болса, 1912 жылы табыс 500 мың сомға жетті. Қазіргі кезде дермене шөбінің сабағын Шымкент қаласының гербінен көруге болады.

Қала экономикасының дамуымен бір мезгілде халық саны да өсе түсті. Егер 1870 жылы қалада 5.422 адам тұрған болса, ол 1909 жылы 15,756 адамға, ол 1913 жылы 22,516 адамға жетті.

Қалада 1911 жылы үш кластық қалалық училище, бір кластық қыздар училищесі, екі орыс-бұратына училищелері, бір кластық ер балалар училищесі жеке меншік қыздар прогимназиясы, бір ер балаларға арналған мектеп жұмыс істеді. Сонымен қатар, мұсылман балаларын оқытатын 35 мектеп пен жаңа әдістегі бір татар мектебі, бір медресе болды.

1914 жылы Қазақстанның Рессейге қосылуының 50 жылдығына байланысты Шымкент қаласына орыс генералы Чернеявтың аты берілді, ал 1921 жылы өз аты қайта қалпына келтірілді.

Қазіргі кезде Шымкент көркейген, гүлденген, өскен қала. 1930 жылы қорғасын заводы салынып, КСРО-дағы қорғасынның 70%-ын шығарып отырды. 1932 жылы КСРО-дағы көптеген өнеркәсіп орындары осы Шымкент қаласына көшріліп, әкелінді. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда бұл жерге 17 завод, фабрика жеткізілді. Қала соғысқа танкілерге керекті құрал жабдықтар шығарып отырды. Жеті Шымкенттік Кеңес одағының батыры атанды.

Шымкент қаласында 19 мәдени орталық жұмыс істейді, осы кезде «Ардагерлер аллеясы» қалпына келтірілген, сондай-ақ 8 парк, Ш.Қалдаяқов атындағы Филормония, Жұмат Шанин атындағы драмалық театр, көптеген кинотетрлар мен музейлер бар, балаларға арналған аквапарктер мен технопарктер бар. Қаланың Оңтүстігі мен Солтүстігін жалғастырып отыратын 6 километрлік темір жол салынуда. Қалада туристік қызмет атқаратын 20-ға жуық фирмалар бар. Оңтүстік Қазақстан жеріндегі әулиелі жерлер мен архитектуралық ғимараттар осы қала арқылы шығады.

Сонымен, екі мың жылдық тарихы бар Шымкент қаласы ерте кезден-ақ саяхатшылар мен ғалымдардың көңілін өзіне ерекше аудартқан қала болғандықтан әлі де болса тереңірек зерттеуді қажет етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Байпаков К.М. По следам древних городов Казахстана. (Отырарский оазис), Алма-Ата, 1992г.

2. Бартольд В.В. Отчет о командировке в Среднюю Азию. соч.т.IV. М., 1966.с.111.

3. Бартольд В.В. К истории орошения Туркестана. соч.т.111. М., 1965. с.222.

4. Ақышев Қ. Ертедегі ескерткіштер елесі. Алматы, 1976.


РЕЗЮМЕ
В статье изучается дореволюционная история одного из древнейших городов на Великом Шелковом пути города Шымкента .
ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Ұлы Жібек жолы бойындағы ертеден келе жатқан Шымент қаласының революцияға дейінгі тарихы баяндалады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет