Б.з.б. ІV-ІІ ғасырлардағы ескерткіштер Жаңадарияда өткен кезеңдегі Сырдарияның төменгі ағысындағы (Ұйғарақ, Оңтүстік Түгіскен қорымдары) сақ тайпаларының мәдениеті негізінде қалыптасты және оған Орта Азия оңтүстігіндегі егіншілік жазираларының да күшті мәдени ықпалы тиді, бұл құрылыс техникасынан, архитектуралық ерекшеліктен, қыш құмыралар тұрпатынан да байқалады.
Оңтүстік ықпал б.з.б. ІV-ІІ ғасырларда Сырдария төменгі ағысындағы сақ тайпаларының мәдениетіне жаңа келбет әкелгенімен, ерте сақ ескерткіштерінен сақталған мирасқорлық тек керамикадан ғана емес, сонымен бірге жерлеу ғұрпынан да байқалады.
Шірік-рабат мәдениеті ескерткіштерінің топографиясы тайпалардың ирригациялық жүйелер аймағындағы жазираларды қоныстанғандығын байқатады. Магистраль канал секілді ірі суландыру жүйелері өте сирек кездеседі. Сірә, ескі арналарда жасалған су қоймаларына жауын-шашынды жинап, пайдалану үлкен маңызға ие болған. Жазиралардың жалпы ауданы әркелкі. Мәселен, ең үлкені – Бәбіш-Молда 10 мың гектар, ал Баланды 150-200 гектар шамасында.
Шірік-Рабат қаласы Жаңадария жағалауындағы төбешікте орналасқан. Жоспары сопақша келген, ол бүкіл төбешіктің үстін қамтиды (850х600 м). Ежелгі қамал (б.з.б. ІҮ-ІІ ғасырлар) ауданы 4 га-дан астам, ол екі қабатты дуалмен қоршалған. Осы уақытқа орталық бөліктегі тікбұрышты бекініс те жатады. Ескерткіштің оңтүстік жағын ортағасырлық уақыттағы дуал қиып өтеді, оған ежелгі дөңгелек кесене қосылған. Сол кездері кейінгі уақытқа жататын тікбұрышты цитадель де салынған. Қала ормен қоршалған (ені 40 м шамасында, дуал түбінен есептегендегі тереңдігі 4 м). Ежелгі қамал қабырғасында (қалыңдығы 4,5 м) оқ ататын галерея (ені 1,8 м) орналасқан. Қабырға тікбұрышты кейіптегі одан 6 м шығып тұратын мұнаралармен күшейтілген. Мұнарада да, қабырға сияқты кірер-шығар жерінде бір биіктікте оқ атуға арналған орын болды. Қаладағы тұрғын жайлар ескерткіштің оңтүстік бөлігіндегі, ішкі қорғаныс қабырғасының жанынан түсірілген шағын қазбадан анықталған. Мәдени қабаттың жалпы қалыңдығы 2 м-ден асады, жоғарғы қабаты ХІІ-ХІІІ ғасырларға, төменгі қабаты б.з.б. VІ-ІІ ғасырларға жатады.
Қала аумағындағы ескерткіштердің ең ежелгі тобы топырақтан тұрғызылған алты обадан тұрады, олардың төртеуі орталық тікбұрышты бекініс шебінде орналасқан. Бір оба қазылған. Қаладан сонымен қатар екі жерлеу сағаналары аршылған.
Алғашқыда Шірік-Рабат бекіністі қала-қамал болған сияқты, оның аумағына бастапқыда обаға, кейіннен кесенелерге тайпа көсемдері жерленді.
Шірік-Рабат қаласы мен оның төңірегіндегі ескерткіштерді соңғы жылдары Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) зерттеп жатыр. Мұнда бірнеше ескерткіштер аршылып, тұрмыстық-шаруашылық заттар, қару-жарақтар, қыш ыдыстар алынған. Алтыннан жасалған заттар ерекше көз тартады. Табылған қыш ыдыстардың бірінен грек тіліндегі жазу анықталған. Онда Тир құдайға арналған сөздер жазылған. Соңғы жылдардағы зерттеулер Шірік-Рабат өңірінің тұрғындары алыс-жақын елдермен тығыз мәдени-экономикалық байланыстар орнатқандығын нақты дәлелдейді.
Жаңадарияның келесі бетінен Шірік-3 бекіністі қонысы ашылған. Оның жоспары – бұрыштары дөңгеленген тікбұрыш (108х122 м). Кейбір жерлерінде биіктігі 1,5 м-ге жететін оқ ататын ойықтары бар бекініс қабырғалары (ені 3 м-ден астам) сақталған.
Бәбіш-Молда жазирасында Бәбіш-Молда-1 қаласы мен Бәбіш-Молда-2 кесенесі орналасқан. Қала бекіністі, сызбасы бұрыс, дуалмен қоршалған. Солтүстік бөлігінен мөлшері 100х100 м шаршы түріндегі «цитадель» көзге түседі.
«Цитадельдің» ортасында «Үлкен үй» деп аталған шаршы түріндегі ғимараттың (44х44 м) қалдықтары сақталған. Ол оқ ататын орындары бар пахса қабырғамен қоршалған. Ғимарат дәліз секілді бөлмелер арқылы екіге бөлінген. Ғимараттың солтүстік-шығысы мен оған залдың оңтүстік жағынан кіретін бөлігі аршылған. Стратиграфиялық жағынан «Үлкен үйдің» үш кезеңі анықталған.
Қаладан «донжон» аталған нысан толығымен аршылған. Бұл «цитадельдің» оңтүстік-батыс бұрышына жақын орналасқан бекінісі мықты қамал (30х30 м). Оның қабырғалары 4-5 метрлік биіктігін сақтап қалған, массив ішінен бірінші қабатта қаланған күмбезді бөлмелер аршылған. «Донжонды» қазу барысында үш құрылыс кезеңі анықталған. Күмбезделген бөлмелер тұрғын жай болғандықтан, олардан мол археологиялық материалдар алынған, олардың негізінде шірік-рабат мәдениетінің ерте кезеңі жіктелінеді.
Қала тіршілік еткен кейінгі кезеңмен ескерткіштің оңтүстік жағындағы құрылыстар тікелей байланысты. Ол жартылай дөңгелек келген әрі қабырғадан шығып тұрған мұнаралы дуалмен қоршалған. Ескерткіштің мұндағы бөлігінен, яғни оңтүстік-батысынан жеке тұрған, шикі кірпіштен көтерілген ғимарат қалдықтары, сондай-ақ жартылай жертөлелер немесе мүсіндер мен түйіршіктерді өндірген орындар анықталған. Бекініс қабырғаларын бойлай орналасқан каркас-бағаналы жайлардың қабырғалары да байқалған.
Баланды орталық кешені үш ескерткіштен тұрады: Баланды-1 шағын қамалы, оған жалғасып жатқан қоныс пен Баланды-2-3 атты екі қабір құрылыстары.
Бәбіш-Молда-1 ескерткішіндегі «үлкен үй» жоспары кірер есіктен басталып, екі көлемді мұнаралармен жиектелінетін өсті анфиладты ғимаратымен ерекшелінеді. Үйдің шығыс бөлігінен аршылған жоспары мұнда ерекше жағдайларға және қабылдауларға арналған салтанат залы болғандығын аңғартады. Бұл кешеннің жоспарлану принципі ахеменидтік архитектураға тән.
Сол себепті де Бәбіш-Молда-1 «үлкен үйінің» құрылысын кейінгі ахеменидтік сатрап резиденциясы қатарында қарастырған жөн, мұндай құрылыстарды салу Ахеменидтер державасының күйреуі алдындағы солтүстік шеттегі сатраптықтарда жүзеге асқан болатын. Тек Сырдарияның төменгі ағысындағы аумақ Ахеменидтер державасы құрамына енгеннен кейін ғана, мұндағы б.з.б. ІV ғасырда шикі кірпіштен соғылған монументтік құрылыстарды, керамика кешендерде осы бағытта байланыстыруға болады, олар Орта Азия оңтүстік аудандарынан (Соғды, Парфия, бәлкім Бактрия), Ахеменидтер державасының шығыстағы егіншілікпен айналысатын шеткі облыстарынан табылған заттарға ұқсас болып келеді. Осылайша, археологиялық материалдар Ахеменидтер державасының қиыр солтүстік-шығыстағы иелігіне енген кейінгі сатраптық орнын Сырдария арнасындағы жартылай отырықшы көшпенділер жерінен алдын-ала анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңадариядағы монументтік ғимараттар құрылысы мен бекініс қабырғаларын тұрғызу Орта Азия оңтүстік аудандарынан әкелінген шеберлер мен қолөнершілер көмегі арқылы жүзеге асқан сияқты. Бұл керамикалық материалдар бойынша да анық байқалады.
Сырдарияның төменгі ағысындағы шірік-рабат мәдениетінің монументтік құрылыстары мен бекіністі қоныстарына алдыңғы кездегі сақ тайпаларының тұрақты және уақытша қоныстары негізін құрушы болды, оларда шикі кірпіш құрылыстарының іздері жоқ. Шірік-рабат мәдениетінің күрделі әрі алуан түрлі жерлеу ескерткіштерінен де жергілікті дәстүр мен сыртқы әсер байқалып қалады. Олардың барлығы екі топқа бөлінеді: топырақ қабірлер мен жер үсті кесенелері. Дегенмен екі топқа жататын белгілі ескерткіштер арасынан зертелгендері әлі де аз болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |